Ыстамбұлдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны артты

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

PESTEL
186

Түркияның Ыстамбұл қаласы мен көршілес Коджаэли провинциясында болған алапат су тасқынынан қаза тапқандар саны сегізге жетті. 19 қазанда құтқарушылар тағы екі адамның мәйітін тапқан. Қазіргі уақытта із-түссіз жоғалған бір адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Ыстамбұл губернаторы Давут Гүлдің мәліметінше, табиғи апат салдарынан алты адам қала аумағында қаза тапқан. Ал Коджаэли провинциясында су ағызып әкеткен екі адамның мәйіті Ыстамбұлдың Пендик ауданынан табылған.

Құтқарушылар 19 қазанда Ыстамбұлдағы Айвансарай айлағы маңынан жоғалған азамат Хашим Джиритлиоғлудың мәйітін анықтаған. Сондай-ақ Коджаэлидің Гебзе ауданында үш адам мінген жол талғамайтын көлікті су ағызып әкеткені белгілі болды. Жүргізуші ағаш бұтағынан ұстап аман қалғанымен, көліктегі екі адамның мәйіті кейінірек табылған.

14 қазанда басталған нөсер Ыстамбұлдағы соңғы 80 жылдан астам уақыттағы ең күшті жауын-шашынның бірі болды. Қатты жаңбырдан көшелер, жерасты өткелдері, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарды су басқан. Кейбір аудандарда су ағынының қатты болғаны сонша, көліктерді ағызып әкеткен. 

Ыстамбұлдың төтенше жағдайларды үйлестіру орталығының мәліметінше, Бейкоз ауданында бір шаршы метрге 277,1 келі жауын-шашын түскен. Бұл 1942 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады. Ал қазан айындағы орташа жауын-шашын мөлшерімен салыстырғанда, аталған көрсеткіш төрт еседен астам жоғары болған.

Табиғи апат кезінде 14 жастағы жасөспірім де көз жұмған. Ол су жиналған жерге аяқ басқан кезде электр тогына түскен. Сонымен қатар нөсер салдарынан қаладағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылып, тұрғындарға аса қажет болмаса, үйлерінен шықпау ескертілген.

Соңғы мәліметтер бойынша, жергілікті билікке су тасқынынан келген шығынға қатысты 20 мыңға жуық хабарлама түскен. Зардап шеккен аумақтарда су сору, көшелерді тазарту, бүлінген нысандарды тексеру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Ыстамбұлдың Аязаға ауданында су арнасының бойында орналасқан бірқатар ғимаратты бұзу және арнаны қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Жергілікті билік бұл аумақтағы құрылыстардың кейбірі рұқсатсыз салынғанын мәлімдеді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдау жасайды, деп хабарлайды Mad...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкентте жанжал кезінде ер адамды пышақтап өлтірген әйелге сот үкімі шықты., деп хабарлайды MadeniP...