Жасанды интеллектке сеніп тауға шыққан альпинистер далада қалған

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

PESTEL
107

Калифорнияда бір топ альпинист Google-дың Gemini чат-ботына тым қатты сеніп, тауға шығу кезінде қиын жағдайға тап болды. Олар Mount Shasta тауына шығуға бар болғаны сегіз сағат кетеді деп ойлаған. Себебі маршрутты зерттеп, қанша тамақ пен су алу керегін де чат-боттан сұраған. Алайда жасанды интеллект берген кеңес шындыққа мүлде сай келмей шықты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Engadget басылымына сілтеме жасап.

Gemini альпинистерге тауға шығуға сегіз сағат дайындалуды және майлы тағамдардың орнына құрамында қарапайым көмірсулары бар азық-түлік алуды ұсынған. Чат-боттың айтуынша, майлы тағамдарды қорытуға тым көп уақыт кетеді. Сондықтан альпинистер қысқа уақытқа ғана жететіндей тамақ пен су алып, жолға шыққан. Олар түнеуге арналған баспана немесе жылы киім де дайындамаған. Кейін жағдай қиындап, оларға АҚШ Орман қызметінің альпинизм бойынша құтқарушылары мен Сискию округінің шериф басқармасының іздеу-құтқару тобы көмекке келген.

Басқарма мәліметінше, альпинистер 29 тамызда базалық лагерь құрған. Ал 30 тамызда түнгі сағат 3:00-де шыңға қарай жолға шыққан. Алайда шыңға жетуге сегіз сағат емес, 16 сағат кеткен. Олар шыңға кешкі сағат 7:00-де жеткен. Бұл кезде кері қайтуға ұсынылған уақыт – түскі сағат 12:00-ден әлдеқашан өтіп кеткен еді.

Төмен қарай түскен кезде қараңғы түсіп, дайындықтары жеткіліксіз болғандықтан, альпинистер негізгі бағыттан адасып кеткен. Олар жолды табу үшін AllTrails қосымшасын пайдаланған. Алайда қосымша орнатылған телефонның қуаты жолдың ортасында отырып қалған.

Альпинистер бағытты анықтау үшін 911 нөміріне қоңырау шалған. Құтқарушылар оларға тек 31 тамыз күні таңғы 9:30 шамасында жеткен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақпен құтқару мүмкін болмаған. Сондықтан альпинистер таудан жаяу түсуге мәжбүр болды. Бұл жолы төменге түсуге тағы тоғыз сағат кеткен.

Альпинистердің айтуынша, олар өздерінің сыни ойлау қабілетіне емес, жасанды интеллектке тым қатты сеніп қалған. 

Осы оқиғадан кейін Сискию округінің шериф басқармасы альпинистерге сапар алдында Mount Shasta қорықшылар станциясына хабарласып, маршрут туралы ең нақты ақпаратты алдын ала алуға кеңес берді. Сонымен қатар тауға шығу сияқты өмірге қауіп төндіруі мүмкін сапарларды жоспарлағанда жасанды интеллектке ешқашан толықтай сенбеу керегін ескертті.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде 10 жастағы баланы электр қосалқы станциясында тоқ соғып...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Блогер Жан Ахмадиев Мадинаның өліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған пікірлерге байланысты жазба...