Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. ҰЛБИКЕ (Әңгіме)

Фотосурет автордан

ПРОЗА
25

Іздесең, мен сұраған Байбаламын,

Сендейдің қолы жетпес Ай боламын.

Қанатым күн нұрындай шуақ шашқан,

Аққумын, айдын көлді айналамын.

Көкте ұшқыр, жерде жүйрік, суда жүзгіш,

Атсаң оқ, шапсаң қылыш сай боламын.

 

Байбаланың Ақтайлақұлына айтқаны*

 

Ескі ақын бізден әлі артық.  

Шәкерім

 

Байқап тұрсам біздің халық ешқашан

Ақын қызды тілемеген секілді.

 

Ақұштап Бақтыгереева. «Біздің халық ұл тілеген»

 

Үзілген Көшенейдің керуеніндей,

Сан дарын өнер үшін болған құрбан.

 

Ұлықбек Есдәулет

 

Көктемде аспан ғана жылайды екен,

Бұлбұлдар әніне сөз сұрайды екен...

 

Айзада Рахымжанова

 

Сырдария – ұлық су.  Қазақ тайпалары бұрыннан үркіншілікте шығыстан жылжыған қисапсыз жаудан бас сауғаласа оңтүстікке мал-жанымен ауа көшетін. Қанды қырғыннан тірі қалғаны ордалы құландай жосып ұшқан құс қанаты талар Бетпақдаланы паналап аман қалатын. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп зар жылаған жоқтау-шер жадтан өшпеген жылқы жылы ұзын аққан Сыр бойында шеткерек ауылда туған еркек баланы Көтібар деп атады. Қазақ қатыны ұл туса нығыз әйгілеп, елге сүйіншілеп масаттанады. 1825 жылы Сырдың оң жағалауы, төменгі ағысында қонған ауылда шыр еткен қыз баланы Ұлбике деп атады. Түй құрдас қос нәресте өскенде бірі би, бірі айтыста бөріктіні бет қаратпас адуын ақын қыз боларын әке-шешесі қайдан білсін.

 «Әлди, бөпем, әлди-ай,  / Әкең кетті бел асып.  / Беліне белбеу жарасып. /  Әлди, әлди, бөпешім, / Әлди, әлди көкешім. / Сенің шешең қыдырмаш, / Қайдан іздеп табайын? /– Менің қызым қайда екен? /– Бүлдіргенді сайда екен. / – Сайда неғып жүр екен? / – Өлең айтып жүр екен», – деп түңдігі ашық киіз үйде Жаңыл бесік жырын әндетіп, алыс жолдан күйеуінің оралуын күтіп отырды. Жанкелді қызы туған соң құсбегілікке қызығып, екі жолдасына еріп, Қаратау жоталарының жартас қуысынан лашын балапанын алуға кеткен. Құс тектіде көзі ең асыл, ең өткір лашын аспанда ұшып бара жатқан жабайы қаздарға шүйіліп түсіп, қырғын сала көз ілеспес ұшқырлықпен шетінен теуіп құлатқанын көргенде есі кетіп, өлеңге қосты. Сұңқар тұқым лашын құстың ұшқырлығы ғаламат. Қарғадан ірілеу жыртқыш құстың ұшу сипатын кісі көзі шалып үлгермейді, нағыз көкжендет.

Жарық дүниеде ең керемет отау құс тегіде жұмыртқа, адамзатта бесік. Құзға салған ұяда бурыл-шұбар жұмыртқа тігінен жарылды. Жыра сияқты болмашы сызат түскен соң мұз жарылғандай шытынады. Секпіл-секпіл шұбар қабықтың жырық шетінде ақ түктер пайда бола бастады. Ұяда үш жұмыртқадан үздік-создық жарылған балапандардың теңбіл түктері 28 күнде сүйкімді қауырсындарға айналады.

Баланың бесігі ел көшкенде түйе қомында, ат жалында тербетіліп кете беретін. Көне су Каспийден темірқазық Алтай тауына, Мырзашөлден Орал тауына, Ертістен Торғай ойпатына ұласқан ұлы кеңістікті басып өтсе арасы бірер айшылық аймақты иемденген барлық қазақ рулардың бесік үлгісі тап бір қолдан шыққан тәрізді айнымай қалған еді.

Жаңыл кіндігі түсіп, бесікке салғанда тербетіп, ақмаңдай бөпеден айналып, үйіріліп отырады. Қарын ұйқыда маужыраған бала әлдиді құлағы естімейді, дыбысын еміс-еміс естиді-ау. Бесік жыры жарық сәуледей құйылып тылсым күймен тербеле бермек. Киелі әуезде сан мың тұяқтар тоқтаусыз жүгіргенде кең даланы теңіздей толқытып жіберетін киіктер көшіндей ырғақ бар. «Ай, жұлдыздар жамырап, / Көрімдігін беріпті. / Нұрын төгіп көсіліп, / Шашбауына шолпы қып, жаһұт тағып беріпті. / Жұлдыздардан құйылып, / Таңғы шықтай мөлтілдеп, / Алқасының тасы қып, / Лағыл көктен төгіпті! / Дүрия бешпент тігейін, / Құлағыңа күмістен алқа салып берейін! / Мойыныңа шоқтай қып, / Алтын зерлі сөлкебай, / Оны тағып көрейін! / Білегіңе жарасар зергер соққан сом күміс. / Қырғауыл қанат дүние,/  Көркіңе сенің қызығар. / Бақсы таққан ақ моншақ, / Оны қайдан алайын? / Бесігіңе жата ғой, / Тәтті ұйқыға бата ғой. / Әлди-әлди, ақ бөпем, / Ақ бесікке жат бөпем, / Тал шыбықтай бұралып өскеніңді көрейін!».

Ұлбике туғалы өлеңмен өсіп келеді. Жаңыл не істесе де, Жанкелді сүйіп қосылған келіншегін тыймайды. Балаға екеуі де бейілді.  Ұлбике он екі жасқа толғанда әке қанымен, ана сүтімен дарыған ақындық өнері ауыл-аймақтан асып, алыс-жақын елге тарай бастады. Ескі ауылда кешкілік ел жиналып жатар орынға дейін жыршыдан жыр-дастан тыңдайды. Сал-серілер түскен жазғы ауылдың сәні асып құлпырып шыға келеді. Күй тартылса ортекені* ойнақтатып, қыз-бозбаланы өлең-жырға, өнерге құмартып қояды. Атағы шыққан ақынды алыстан іздеп кеп, киіз үйдің сыртында аттан түспей тұрып, сөз қағыстырмаққа шақыратын ескі дәстүр бар. Қыз бен жігіт кейде руын, есімін жасырып айтысуға құмар. Мұның бәрін жұрт айта жүретін әзіл-қалжыңға бұрып істейді.

Ұлбикенің әкесі Жанкелді дәулетті кісі, анасы Жаңыл қызын кішкентайынан ойын-сауыққа, тойға ертіп барады. Ата-ата Ұлбикені бетінен қақпай тым еркелетіп өсірді. Үйге келген сыйлы қонаққа бас тартылса, әкесі қойдың оң құлағын өз қызына береді. Жанкелді қызын бесіктен атастырған* жоқ.  Ауыл аймақ дәстүрлі құда түсер, тана тағар, сырға тағар, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, баланы қырқынан шығару, тұсаукесер, сүндет тойға өсе келе Ұлбикені шақырып, саусағына күміс сақина, құлағына күміс алқа* тағады. Жаз шықса ғана қазақ сауық-сайран құрады. Жайлау көш жастық дәурен салтанатқа толады. Көк өскіндер қаулап, орман-тоғай, сай-сала, өзен-көл, бұлақтардан жұпар иіс тараса өмір сүруге құмарлық саба-саба қымыздың буымен буынға түсер еді. Мың ділдәға айырбастамас айдидарлы жастық дәуренде ең әуелі өлең шіркін ай мен күндей жайнап алға озады.

Ескі қазақ тойшыл. Той десе қу бас домалайды. Сыр бойында ақын аз емес. Ұлбикенің ақындық атағы аспандап шыққалы шалғайдан іздеп келіп айтысатын. Ұлбике бәсіре тайын іздеп жүріп, бейтаныс жігітпен айтысып кеткенін ел аңыз қылады.

«Әудемжармен әуелі үнімді аштым, / Он екімде өлеңмен тілімді аштым. / Он үшімде өзімдей бозбаламен, / Жұмбақ айтып, өлеңмен жағаластым. / Моншағымның әр тасы бір өлең-ді, / Бесігімде үйренгем бар өлеңді. / Балапандай кезімде қайран шешем, / Тал бойыма дарытқан қара өлеңді.  / Әке сөзін жасымнан жаттап алғам, / Тал бойыма жинақтап қаттап алғам. / Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп, / Өлеңімді әніммен баптап алғам». Қызғалдақтай үлбіреп тұрған жас қыздың сөз саптасы тал бойынан асып кететіні естігенді қайран қалдыратын. Ол ел алдында сөз таба алмай іркілсе бұрынғы айтқанын көкекше қайталауға әуес ақындарды әлден менсінбейтін сияқты.

Ташкент барып елге қайтып келе жатқан алты ақын Жанкелдінің ауылына жолшыбай түскенде сыртта қазан-ошаққа ие боп, киіз үйге кіріп-шығып жүрген Ұлбикенің бір жеңгесі дыбыс шығарып қойып, қарадай ұятты болды. Жас әйел қысылғаннан ата жөнелген. Алты қанат киіз үйде текеметте жантайып бұйығы жатқан меймандар кенет құдайы бергендей мұны күлкіге айналдырып, әзіл өлеңмен бірі бастап, бірі қостап, ащы тілін безеп желіккен. Мазақ еткен қағыпта шумақтарды көрші-қолаң естіп қойды. Онымен қоймай, алтауы кергіп, қазан көтерген үйдің қонақасына қарамай атқа мініп жөнелді. Өз ауылдары алыс емес.  

Ұлбике көлге шомылып оралса болған жайттан шағын ауыл дүрлігіп, уытты сөз өрттей қаулап жатыр екен. Ол мына оқиғаны ести сала немере жеңгесін ақтап алуға жанын салып, атқа қарғып мініп, алтаудың соңынан шауып кетті. Дөң асқан алты ақынды қуа жеткен уыздай Ұлбике Күдері қожа және оның соңынан ере жүретін туған інісі Таспа қожа, Серәлі қожа, Мәделі қожа, қыпшақ Бұдабай, қарақалпақ ішінде жалғыз үй тама* Жанкел ақынды көрді. Бәрімен айтысқан. Алтауын қазір сөзбен жеңіп, аузын тыймаса, бұлар түймедей нәрсені түйедей қылып, қылжақ өлеңін дүйім елге таратуы күмәнсіз. Ауылын масқара қылудың алдын алмаса болмайды.

Ұлбике ұсақ-түйек болмашы нәрсеге қасиетті өлеңді қор қылмаймын, қара сөзбен айтамын деп сөз бастады. «Мына сендер жаңсақ бір дыбысқа бола зорайып, көктен түскен періште сезініп, асып-тасып, бірің атып, бірің қуып, бықсық әжуадан соң қарадай әулиеге айналып кеттіңдер ме?! Көрсет кәне, сайтани күлкіден шыққан мүйізің қайсы? Күңге күлген мырзасып, желік буған желбуаз, тәкәппар паңсып, үлкен бір іс тындырғандай кісімсісеңдер де тікенді қаңбақтай домалап барасың» – дегенде әлгілер айтарға сөз таппай, тілсіз булығып қалған. Ұлбике Күдері қожаға қаршығадай түйіле қарады: «Қожекемдер-ау, алтын басыңмен біреудің ұялыс тауып, ренішті күйіне мұнша мәз болу, сайқымазақ нәпсіге еру неден туды?».

«Қазан көтерген үйде үлкен асқа қарамастан жел сөзді құт санап, жын буғандай құтырып, жөнеп барасыңдар. Ендеше бар мұратың мазақ өлеңіңді жалпақ елге жайып, бір көсіліп, көсемсіп қалу шығар. Бірақ мұнда қандай ер мінез бар, қандай тектілік бар?!» – деп тепсінді Ұлбике. «Бәрің анадан тудың. Текті айғыр жатырына шаппайды. Азуын айға білеген арыстан болған түрлерің құрысын! Жерден жеті қоян тапқандай құлшыныс қайдан туды? Келемеж күлкіге мастық сайтанның ісі. Ащы сөз у татиды. Кімге күлгендей адамдар? Осы күлгенің өз дене құбылысың емей не?! Бұты жоқ бітеу болсаңдар бір жөн. Жау шапқанда бір асығыс, бір қапылыста, халық қырғын соғыстан қырылып, азып-тозып, жылап еңіреп, дүлей ажалдан қашып-пысқанда туған нәрестелер есімін Боқкөт, Көтібоқ қойған дана қазақтың баласы едік. Кәне, айтшы, боқ баспаған қайсың бар? Кекеу, сөгіс сөзді малданып, көн шалбары көтіне қатқан Ұлтанқұлға лайық сөзді айтып, кердең-кесір қылық танытып, өзгені өзінен қораш санау қандай дегдарлыққа жарасқан? Жібектен шұлғау орадым деп шалқисың. Бекзаттығың сол ма? Құлдық мінезді кім менсінсін. Сал-сері, бай-бағлан, қожа-молда болсаң мұның не? Кімге сонша кектендің, алты мырза? Аспанда ұшқан алты қаздай керім болсаң сөйтер ме ең? Асқақтамай бері қайт, атыңның басын кері тарт! Қу сөзбен әйел затын жасытпа! Жаман қасындағыны қарақтайды! Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Қыл аяғы қарға екеш қарға өзіне ұқсасты шоқып өлтірмейді, мақұлық дейін десең, түйсік заңы тыйым салған тектілік, мұнысы адамзаттан артық».  

Ұлбике жауар бұлттай түйіліп кеп соққанда айтар уәж табылмаған. Әйткенмен отыз тістен шыққан сөз естіген елге тарап кеткенімен алты ақын артынан ол туралы тіс жармаған. Олар Ұлбикені жаңа көргендей болды, япыр-ау, Қоқан жасағына қарсы жалғыз шапқандай қызба, білгір, намысқой, тегеурінді екеніне қарадай сұқтанған.

  Ұлбике әкесі Жанкелдімен есімі бірдей руы тама Жанкелмен 14 жастан бастап айтысты. Қыз бала оң жақта отырғанда ұзатылғанға дейін өткен небір айтыстың даңқ-дақпырты Сырдария, Қаратау бойына тегіс жайылды. Ошақтыда керемет ақын қыз бар екен дегізген.

Ұлы жүз Ошақтының бір руы Тасжүрек Арал теңізінің күншығысы, Сырдарияның оң жағалауы төменгі ағысын жайлап отыратын. Жанкелдінің күйшілігі, Жаңылдың әншілігі ерке қызына аумай-төкпей беріліп, өлең десе ішкен асын жерге қоятын ата-ананың ақындық өнері қосарлана дарығаны ел-жұртқа аңыз болып тарай бастаған еді.

Ел жайлауға көшкенде Жанкел жалғыз атына жүк артып, аздаған қой-ешкісін айдап, жұпыны үйін жаяу-жалпы көшіріп бара жатқан. Әкесіне бұт артар ат қайда, ол да жаяу ілбіп барады. Көкте алтын күн балқып оның жүрегін шаттыққа толтырып жібергенде қара қасқа кедейлігі жел ұшырған қаңбақтай безіп жоғалған. Көкөзек суы лықси ағады, бетінде алтын жалақ сәулелер жалт-жұлт ойнайды. Арғы жағада шолпысы сылдырап Ұлбике түйеге жүк қомдап жатқанын көрді. Жанкел көшінен бері бұрылып, «Ұлбикемен айтысып кетейін» деп өлеңді қоя берді. Көшкен ел екеуінің қасына иіріліп тұра қалды. Өлеңді аңыратып Жанкел бастаған:  «Сайқамыс, сай-сай қамыс сайда болар, / Көп жылқы көгалалы байда болар. / Жүк артқан, ауыл көшіп қыз бен қатын, / Кешуі Көкөзектің қайда болар?».

Судың арғы жағынан Жанкел Көкөзек деп нені тұспалдап тұрғанын бір құдай білсін. Ұлбике тосылсын ба. Ауқатты бай қызы екені рас. Жалғыз атты Жанкелдің кедейлігін бетіне басып, түйе-жылқыңды айдап өтейін деп пе ең келеке етті: «Жанкел кедей келеді қардай борап, / Жаяу келер әкесі алдын орап. / Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей, / Кешуін Көкөзектің менен сұрап?!».

Жанкелдің күткені осы, түре айтыс естіген елді елең еткізбесе несі сән. Ол «Бұлғаймын қамшым сабын қарағанға, / Көрінер айғыр сұлу жарағанда. / Байталдай шапқа түрткен шамдандың ғой, / Өткелін Көкөзектің сұрағанға» дегенде екеуара шаппа-шап сөз жарысы ағын судай лықси жөнелген.

Ұлбике шабарман сөзге желдей жүйрік: «Бұлғаймын ұршық сабын қарағанға, / Көрінер шашым сұлу тарағанда. / Қолыңда жетелеген қотыр тай жоқ, / Кешуді таң боп тұрмын сұрағанға. / Жігітім, біздің байтал тарпаң еді, / Тарпаңнан кедей қорқақ жалтаң еді. / Жүрмесін тепкі тиіп маңдайыңа, / Жанкел-ау, жүресің бе байқап енді».

Жанкел сөз таласса қамшы салдырмайтын. «Адамның бәрі бірдей парапар ма? / Мақтаныпсың ақын деп санағанға. / Ал-дағы желқайықты суға салғын, /Жұрт өтсе, Жанкел өтпей қала ала ма?!» – деп жалтармай жауаптасты. Жанкелдің басты қаруы еркек болып артық жаратылғаны. Еркек кіндіктінің жерде жатқан нашары өз басын зор тұтып, әйел затын қор санайтын өктем пиғылдан өлсе аспайды. Күткені осы еді. «Әңгіме табылады құрағанға, / Өзіңдей жақсылармен ұнағанда. / Пышаққа қын табылса, сап табылар, / Әкем көшке мінгендей ат табылар. / Шыжбалақтай бермеші, құрғыр Ұлжан, / Сендей байтал айғырға көп шабылар».

Ұлбике анайы, бейпіл сөз айтыста ошағанша жабысып қалмайтынын біледі: «А, Жанкел, күйгеніңнен «байтал» – дедің, / Жақсы болсаң, «байтал» деп айтар ма едің? / Әкең көшке мінгендей ат табылса, / Жайлауға жаяу барып қайтар ма едің?».

Ел-жұртқа айтыс қызық, кім не дейді, кім сөзден тосылып, қайсысы жеңеді деп тыңдап қалуға құмар. Жанкел бөріктінің намысын қолдан бергісі жоқ.  Ол «Ал, Ұлжан,  кедейлігім жасырдым ба? / Мен саған кедеймін деп бас ұрдым ба? / Кісіге қарап тұрған соқтығасың, / Үстіңе бұқа болып асылдым ба?», – деп жабайы түйсікпен төгіп-төгіп салды. Ұлбике Жанкелден жасы жеті жастай кіші болса да ығысатын осал ақын емес: «Кедейлігің неге айтпайсың, жасырмасаң, / Алдыма неге келдің, бас ұрмасаң? / Қыз түгіл сен шіркінге қатын қайда, / Сиырға бұқа болып асылмасаң?!».

Ұлбике Жанкелді өз теңеуімен тұншықтыра салғанда сөз аңдыған жұрт езу тартып күлісті. Жанкел қоғамның адамды бай-кедей деп бөліп, алалап қараудан аспасын мойындап, «Жігіттер, мал адамның бағы екен, / Ұрса – таяқ, отырса тағы екен. / Аузыңмен құс тістесең дәнеме жоқ, / Барға бал, жоққа қапа дүние екен» –  деді де, бұрылып жүріп кетті.

Қыз басын кемсітіп тұқыртқан сайын Ұлбике бой бермей, өршелене түседі, өжеттік бір мысқыл кемімейді. «Өлең десе көңілім судай тасыр, / Мен емес қару таппай сөзден қашар. / Қан жауғырдың тексізін мұнан байқа, / Өкпелеген қойшыдай тұра қашар».

Қонысы көршілес ақындар көрген жерде бір-бірімен айтыса беруге дағды алған. Судың арғы жағы, бергі жағы деп өлең бастау, қос тармақ су Көкөзек, Қараөзекті, Тереңөзекті қосарлау Жанкел үшін сөзінің әлқиссасы болатын. Ұлбикеден өзеннің өткелін сұраған болып тиіскен. Ұлбике екеуі айтысса, байлық пен жоқшылықтың тартысына айналып кетеді, уыты біресе аздау, біресе ақ сайтандай құбылып, құтыртпа қағытпаға басады. Еріккен жұртқа күлкі, әзіл-оспақ керек, құймақұлақтанып бір жырғап қалады. Бұрынғылар домбыра ұстап өлең айтатұғыннан сөз дәметіп: «Қайым білесің бе?» деуші еді, ел содан әлі жаңылған емес.

Ауыл-аймақ жақын, көшпелі ел бірін-бірі жақсы біледі, жыл маусымына сәйкес көшіп-қону үзілмейді. Келер көктемде қыстаудан жайлауға көшу басталды. Ұлбике жеңгесіне: «Көшті анау көрінген Жанкелге жанастыра жүр. Екі бұзаулы сиырына арба салып, жаяу айдап келе жатыр. «Биыл жұттан нең өлді, нең қалды?» – дейін. Дәу де болса арба салған сиыр да өзінікі емес!» деп Жанкелдің өткендегі артық-ауыс сөзі үшін тиісуге оқталған.

Ұлбике Жанкел тақау келгенде: «Қорқыт пен су аяғы теңіз қалды, / Байлардың арығы өлді, семіз қалды. / Биыл қыс талай жанды ұлытты ғой, / Жангелжан, неңіз өлді, неңіз қалды?», – деп бір ауыз өлең айтты. Жанкел жүзі сынық, қысқы жұттан тоналып, жүдеп шыққаны айқын білінді. Ақын жүрек аярлықты місе тұтпайды. Ол шынын айтып, мұңын шақты: «Өлді де Байтөбетім, Басар қалды, / Байлар көшіп құтылды, нашар қалды. / Бар еді төрт сиырым, түгел өлді, / Жалғыз-ақ қызыл ала қашар қалды».

  Түре айтыс дәстүрде Ұлбике бірдеңе айтуы керек-тін. Жанкел жұттан өлген итін кісі тәрізді қастерлеп, меншіктеп, шерлі күрсініспен айтқанда Ұлбике оның бауырмалдығына іші жылып үнсіз қалды. Ұлбике Жанкелді табалаудан аулақ, мүшкіл халіне күліп, артық кетуден көңілі жеріп құлазып сала берді. Кейде ақындық желік пе, әлде дүмше молда жиі айтатын жынның шалығы ма, ақындар егессе басынан сөз асырмауға тырысып бірін-бірі оңдырмайтын. Малға өте кедей Жанкел көлге ау салып, балық аулап күн көретін еді.

Ұлбике жиын топта сөзден алдырмайды да шалдырмайды. Әуеде лашын көрсе құс патшасы қыран бүркіт, қаршыға мен ителгі бұғып, тығылып қалатын көрінеді. Лашын құстай қара көзі дөңгеленген Ұлбике өлең десе азат шалқиды. Тоғыз қабат торғауыт сауыт киіп алғандай сөз жебесі Ұлбикеге өтпейді. Топсалы білезік тағады, күміспен қақталған, жалпақ.Басында тақияға қадалған нарт қызыл жарқырайды. Ұлбикеге қадалған сансыз көздер әуелі соған түседі. Қып-қызыл шоқтай жүректі жандырып жіберетін құдіреті бар. Қыз Ұлбике-ау, сен қызыл шоқтан аумайсың, жүрегіме от салып, өртеп барасың деп талай ақын ел алдында қошамет қылған. Тілі шешен, жүзі көркем Ұлбике есесін ешкімге жібермеуге икем. Ерлер Ұлбикені қалай жасқарын білмей қапы қалады. Талай мәрте Ұлбикеге сұқтанған тіл-көзден құлағына таққан алқасы* үзілген, ақық сақинаға зергер салған түймебас түсіп қалған. Тіл мен көз, сұқты жерұшық қайтарады. Кет, пәлекет, кет, ұшық, ұшық! Жаңыл есінен танып қалған қызын екі-үш мәрте жерге аунатып, батар күнмен ұшықтап алған.

Ақындар ел алдында жұмбақ айтысады. Айтыстың бір шарты білім жарыстыру – шешендік өнер, табиғат сырларын жасыру, дін ілімі. Ұлбике Күдеріге «Тілім – Құран, көкірегім – кітап сөзі, / Мен сенен үйренбеймін шариғатты» деп салған.  Екеуінің дін сауаты бір-бірінен кем түспеген, әйтпесе қожа баласы қалайша шариғатты кем білсін.  Ұлбике: «Әуелде жаратқанда жан жаратқан, / Дарияның түбінде мың жыл жатқан. / Дарияның түбінен шығарған соң, / Нұрдан алып, тауып бер, не жаратқан?» десе, Күдері қожа іркілмеді: «Дарияның түбінен шығарған соң Нұрдан алып Ай менен Күн жаратқан». Бейіш, он сегіз ғалам құпиясы, Адам ата-Хауа ана, әзәзіл жылан, тыйым саланған жемістің дәмін татқан соң жұмақтан қуылуы туралы кітап сөзін жұмбақ қылады. Шашын қырық бұрым етіп өрген Ұлбике Жанкелге, Күдеріге өлеңде дес бермейтін.

Күдері Ұлбикеден бес жас үлкен. Бірде ол «Өзімнің атым Күдері. / Ер Көшектің баласы. / Атам менің Қылыш би» деп жыр бастағанымен тілі байланып қалғандай іркіле берді. Мына қарғадай қыздың қарадай мысы басып отыр. Күдері Ұлбикені атастырылып қойған жерінен өз інісі Таспа айнытып, келіссе алып қашпақ болып айтыста өлеңмен сөз салғанын білетін. «Қыз бала жез бұйдалы тайлақтағы, / Біреудің жетегіне кетеді еріп» деп туған інісі Таспа қыз намысына тиіп, бәсіре малға ен салғандай атастырылған жерің сені бағып отыр деп қағытуға тырысты. Інісінің Ұлбикеге қимастығын енді өз басынан кешіріп аңырап отыр.

Ее, бұ малқор қазақта қыздың теңі мал екен ғой! Небір бекзат туған көрікті қызды бір жаманға саудалап бере салуға қазақ арланбайды. Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық дей салады. Ұлбикеге құда түсіп кеткенін білген жап-жас жігіт Таспа қожа қабағы түйіліп, көріпкел сияқты теңселе сөйлеген. «Сен қайтесің, Ұлбике, сол немені. / Көз көрмеген пендені көңіл сүймес. / Қожа жігіт тон киер көк әдіпті,  / Орамамен хат жазар жеті әліпті. / Осы түнде мінгесіп бір кетейік, / Тағдыр жолы әйтеуір, бір кәдікті», – деп қыз келіссе алып қашуға әзір екенін лақ еткізіп ақтара салған. Қыз «Жастай өскен жерімде бағыланмын, / Онда кетсем, елімді сағынамын. / Қабыланның қолына түсіп қалдым. / Жазғанына Тәңірдің не қыламын...» – дей салды.

Ұлбике қазақтың атастырып қоятын ескі салтына қарсы келмейтінін, ардақтап өсірген әке-шешесін жерге қаратпайтынын, ата жолын сыйлау жөн болған соң дәстүрді бұзуға дәті жоғын айтып өткен. Әттең...  

Таспа қожа ақырына дейін ынтызарлық сезімін әйгілеп бақты. Әлде әдемі қыз көрсе бозбалалық қылуға әуес көрсеқызар мінезбен тілімен азғыру ма, кім білсін. Нойыс күйеу кездессе сорлайсың ғой, тең-теңімен, тезек қабымен, мінез-құлқы саған жарасып кетсе жақсы, өлеңнің не екенін түк түсінбейтін көңілі қарау бір дүлейге қор болсаң, құдай берген өнерің өлсе обал ғой, мен сияқты жыр қонған текті тұқым дегдар ерге сен лайықсың, жөн сөзге көн деген. Ер Көшек ел сыйлы ақын әрі батыр кісі, оның екі ұлына бірдей өлең қонғаны бекер емес-ті. Таспаның аузына құдай салды: «Өлең айтса ақындар сөз таңдайды, / Сұлуларды таразы көз таңдайды. / Үрпек жүнді аққудың өзі екенсің, / Кім біледі ол жақта Күн мен Айды».

«Кімге керек өріктің дәнегі жоқ, / Жаман шөптің малға да керегі жоқ. / Өлең айтып не керек құны жоққа, / Сәлделіге бөріктің керегі жоқ». Ұлбике жабырқау тағдырын сезгендей кенет мұңайды. Айтуын айтудай-ақ айтса да Ұлбике көзі көрмеген күйеуден бас тартпады. Жез бұйдалы тайлақтай қылайын дегенің не, Тәңірінің бұйрығынан асып кетуден қарғысқа ұшырайды деп шорт кесті. Сіргелі Қарақойлы руының бір байы Ұлбикені баласы Бойтанға атастырып, қалың малын жартылай беріп қойған.  

Қаратаудың етегін көшіп-қонып жайлайтын Үйсін тайпасынан Ысты, Ошақты, Шапырашты рулары. Ошақты руы Байлы, Тасжүрек, Аталық, Қоңыр деген кесек төрт аталықтан тұрады. Жаугершілікте көп қырылған Ошақтының саны аз. Төрт тармақ Ошақты өзара қыз алысатын.

Күдері ақын тереңнен толғады. Есте жоқ ертеде көкте үш ай көрінген, сонда жер бетін топан су басқан, қарағай басын шортан шалған. Содан беріде дүние бір орнында үйелеп қалмаған, оғыз-қыпшақ заманда жеті жұрт көшіп кеткен жұрт, жеті жұрт келіп жеткен жұртта отырмыз, бізді жиып ел қылған бекзат бабалар ғой. Пайғамбар әулеті жойқын дария қос теңізге айналып, жармақ-жармақ бөлінбей тұрған уақыттан бері осы топырақта жасап келе жатыр. Йассауи тариқаты мұсылманшылық иманды бекіте түсті деп жырға қосты.

Әркім өз тегін мақтайды. Мәделі қожа Шымкент, Манкент, Сүткент, Құмкент, Отырар, Сайрам, Түркістан – Сыр бойын жағалай моншақтай тізілген көне шаһарлар дін аша келген, сауда жасаған араб, соғды, парсыдан шыққан ұста-зергерлер қоса салысқан, күн астында қайнаған тіршілік ауыс-түйістен тұрады десе Ұлбике абдырап қалмайды. Ұлбике бұрынғы ноғай-қазақ заманда осал болмадық, он екі баулы өзбек-қазақ едік. Едігедей билер өткен азулы, ол заманда қожа-молда жоқ, дін мұсылман кейін келдің. Адамның жасқаншақ қой келімсегі, мешіт салған қожеке, бата беріп, кітап ашып, сауабы мол уағыз жырларыңды сарнап айта бер, ала сәлде қожа көрсең Қыдыр тұт дейтін қара қазақ баласы сыйластықтан аспаған,  іштарлық қылмақтан ада, әу бастан иманды ел болатын деп батыл жауап берген.

Көшпелі қазақ баласы жабайы жұрт дегің бар ма, жаз жайлау, қыс қыстау оның еншісі, бабаларым әлмисақтан отырықшылық пен көшпелі өмірді алма-кезек ауыстырып үйренген. Қара орман атажұртта отырған еліме айдаладан біреу кеп шаһар түзіп берді деуің қисынсыз деген. Қырғын шайқастар есеңгіреткен, өле жаздап ес жиған азат халықпыз, ер өлсе, қыз-келіншек қасқая жауға шапқан. Арғы бабам Ошақты атанса несі бар, тұтқиыл жау шапқанда анасы жаңа туған нәрестені жерошаққа жасырып, періштесі қағып аман қалған.

Қайым айтыста ел алдына шыққан қос ақын бірінің сөзін бірі қайталап айтатын дәстүр тыңдаушыға ескен желдей, аққан судай әсер етіп, жұмбақ ырғаққа ұйыта жөнелетін-ді. Домбыра қағысы, әндете сөйлеу сөз ажарын аша түседі. Күдері: «Сексеуіл құмға бітер басы алмалы, / Зинақор бір құдайды еске алмады. / Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында, / Тұсыма қыздар келді қос алқалы».  Ұлбике: «Сексеуіл құмға бітер басы алмалы, /  Зинақор бір құдайды еске алмады. / Тұсына қыздар келсе қос алқалы / Ұстайды қожа қалай ақ шалмалы?».

Күдері жастай би болған, қыз-келіншек теріс қарамас ажарлы жігіт. Өлеңші, өзі молда, хатқа жүйрік ел мақтайтын жігітті қыз жақтайды. «Тұсыма қыздар келді қос алқалы» деп Күдері күпініп, ажарлы келбетін, өнерін қарадай бұлдап күшейіп отырды. Қызды ауылдың тұсына жігітшілік құра барса, тұсына барып тілдесу екі жастың үлкендерге білдірмей жарасуына бастайтын құпия қылыққа саналады.  Күдері өзіне көз сүзетін қыз-келіншектің қарасы аз еместігін айтып мақтанғаны еркек кіндіктіні сүйкімді етпейді. Ұлбике дін тарата келген қожалардың талмай айтатын уағыз сөзі мен теріс ісі қабыспайды,  қос алқалы қыздар деп нәпсіңді тыя алмай иманнан безіп отырсың деп бетіне басты.  Күдері жалт беріп, қос алқалы қыздар ақ некені бұзса өлгенде жаһаннамға кетері рас деп өзгере қалды.  Күдері: «Сексеуіл құмға бітер басы алмалы, / Зинақор бір құдайды еске алмады. / Біреудің ақ некесін арам қылған / Зәндемге қыздар кетер қос алқалы!». Ұлбике: «Сексеуіл құмға бітер басы алмалы, / Зинақор бір құдайды еске алмады. / Қазақтың ақсақ тайын алдап алған, / Зәндемге қожа кетер ақ шалмалы!». Күдері: «Сексеуіл құмға бітер басы алмалы, / Зинақор бір құдайды еске алмады. / О дүние бұ дүниеден жақсы дейді, / Баралық бәріміз де жан қалмалы».

Қожеке, аруағыңнан айналайын, әулиенің ұрпағысың ғой дей сала Ұлбике қоймай еселеген: «О дүние бұ дүниеден жақсы болса, / Жиналып қожа-молда кетер еді.  / Түбің қожа болғанмен дәретің жоқ, / Дәретсіз жан иманға қосылмайды». Ел ду күлді.

Ұлбике аузында Алла, қолында таспиығы бар дүниеқоңыз қожа-молда жаназамен мал жиып, елді алдаумен міз бақпай күн көреді, әулие-әмбиелер туралы аңыз айтады, бірақ о дүниені бұ дүниеден артық көрмейтін ерсі қылықтар жасайды деп тіліп айтты. Фәни бақидан жақсы болса елге айтпай қожеке өзің кетер едің ғой деп тұқыртқанда Күдері Ұлбикеге айтар сөз таппай тосылған.   

Күдері: «Екі құзғын ұшқан жер – Еділ, Жайық, / Алашта ақын бар ма, бізге лайық?! / Кішкентайдан бірге өскен, ай, Ұлбике, / Сенен өлең тілеймін қолым жайып». Ұлбике: «Екі құзғын ұшқан жер – Еділ, Жайық, / Алашта ақын бар ма, бізге лайық?! / Қожа да өлең тілейді қолын жайып, / Алдағанын қожаның не қылайық?!». Күдері: «Кішкентайдан бірге өскен ай, Ұлбике, / Әрі отырма, бері отыр, жақындайық». Ұлбике: «Қожа залым болар ма қара тұрып, / Қара залым болар ма пара тұрып, / Арамзасын қожаның жаңа білдім, / Біз байғұсты алдайды: «Бері отыр!» деп». Күдері: «Орамал төрт бұрышына түйдім анар, / Қылмысы жақпаған құл тозақ барар. / Қожаменен бас қосып, ойнап күлсең / Тұла бойың шымырлап, мейірің қанар!». /Ұлбике: «Төменнен жеті көшіп, өрге келдік, / Жеті әулие сырласқан жерге келдік. / Келмегірдің еліне қайдан келдік, / Қожасы діннен шыққан елге келдік». Күдері: «Әжептәуір бала едің денем сүйген, / Қылмысы жақпаған құл тозақ күйген. /  Пірлі, мұртты кісі едік, ай, Ұлбике / Көрмес, білмес кісідей тілің тиген!». Ұлбике: «Қожеке-ау, баз өлеңім осындай-ды, / Күһі Қап қызыл-жасыл тасындай-ды! / Түбің қожа болғанмен, тағатың аз, / Сабырсыз жан иманға қосылмайды». Күдері: «Менімен жай болмассың, ел боларсың, / Бес-алты жел сөзбен тең боларсың. / Өршеленіп қоймайсың, ай, Ұлбике, / Мал мен бастың бірінен кем боларсың». Ұлбике: «Сенімен жау емеспін, елдескенмін, / Бес-алты жел сөзбен белдескенмін! / «Мал мен бастың бірінен кем болад!»- деп, / Қожам, қай күн құдаймен тілдескенсің?».

Күдері: «Атан түйе жарасар нар дегенге / Айран-асыр қаламын жар дегенге. / Айтысқалы келіп ем тойларыңа: / «Ошақтыда ақын қыз бар дегенге». Ұлбике: «Өзің көңіл бермесең, мен не дермін, / Әмір келсе Алладан, демде өтермін. / Асықпай тұр, саспай тұр, тақсыр қожам, / Бар көңіліңді өлеңмен сап етермін!». Күдері: «Ұлбике, сіз дегеннен, біз дегеннен, / Не болар өлең, шіркін, кішірейгеннен / Қайтсең, менің көңілімді сап етесің, / Мен де сендей сойқанды іздегенмін!». Ұлбике: «Көргенде ақ жүзімды көркем дейді, / Шешем сүйіп өзімді еркем дейді. / Бабаңыздан сұрап па ең, тақсыр қожам, / «Қыздың жолы қожадан үлкен!» дейді». Күдері: «Ұлбике-ау, тілің шешен, жүзің көркем, / Не дегенің білмедім, жаным, еркем. / Хазірет Ғалы, ақсүйек – менің бабам, / Қыздан ғөрі бір табан жолым үлкен».

Қазақтың әдет заңында қыздың жолы жіңішке аталса да, қыз баланы құрметтеу дала әдебіне жатады. Тереңөзекте ертеректе дін аша келген пайғамбар әулеті қожа тұқымы аз емес. Ұлбике әншейінде түбім араб, тегім асыл деп шалқақтайтын қожа тұқымымен айтысса шымшуыр сөзден тосылмайды, шариғат үйретемін деп ашкөз сарт қырдың аңқау қазағын тонап, байып алдың. Құран сөзін саудалап есірген сарт сақалын сатады, атам қазақ молданың айтқаны бір бөлек, істегенін істеме деп бекер айтсын ба, қожа болсаң қайтейін, кісі итпен де туысады деп аттың басын қоя береді. Күдері қожа тосыла берген. Қожекең ондайда еншісі бөлінбеген қазақтың бір баласымын деп құтылады.

Қаратау баурайы қожалардың есте жоқ ескі мезгілден қоныс тепкен мекені. Сүмбіле жұлдыз туғанда ел Сырдың бойына ойысады. Сырдың төменгі бойы құмды, шөбі ащы, сексеуіл, түйе малы ғана жейтін жыңғыл көп өседі, жаз маусымда ел малын жайлауға Ырғыз, Торғай ойпатына айдап әкетеді.

Жанкел мен Күдері топты ел алдында Ұлбикенің намысына тиетін бірер сөз шығындайды. Ұлбике: «Көп тисең ашуына біздің қазақ, төреңді – құл, қожаңды – сарт дейтұғын. / Мысықша көзін жұмып, елді алдаған, / Қожаны оңдырмайды ат дейтұғын» деп тыйды. Өлімді жерде молда семірер. Ас пен жаназада құран оқыса қожа-ишан ат пен тон алады. Қожаның азаны, қараның қазаны дейді ел. Кісісі өлсе малдының малы шашылады, жарлының арты ашылады деп салған.  Күдері қожа күмілжіп, Ұлбике, ата-бабаң қожаны пір тұтып, жолын ашып еді сен неліктен бұлай айтасың? – деді. Ұлбике: «Аулақ тарт қожа болсаң кеселіңді,  / Осы жол қайтарамын меселіңді. / Ат мініп, біздің елден тон киген соң, / Сатқансың қашқарлыққа есегіңді. / Жеп едің ел қыдырып сынық малта, / Айтамын әлі талай өсегіңді. / Қожеке, пайғамбардың атын сатып, / Алмай ма құдай сенің есебіңді?».

Айтыс заңы солай, ақын қарсыласынан қылдай мін тапса жетеді, кім кемшілік, мінін дәл тауып айтса сол жеңеді. Әзілге келтіріп ілінісе кетпек. Қақпақай қалжыңға өкпелеуге болмайды, бірақ ащы тисе де мақтамен бауыздайтын, бірде бие, бірде түйе сияқты ойнақы қазақы әжуаны көтеретін таудай сабыр керек, ешкім ызадан жарыла жаздап, төбелесіп кетпейді. Өмір кей сәт ойын сияқты, күлкі жарықтық сахара жұртында бірсарынды жұпыны өмірді көркейтеді. Сіңбе, түбің келімсек деп тиісе берсе ақынға оңай соқпайды, ол жасқау үшін жорта айтылар мін, анау ел алдында төменшіктеп жасып қалады. Сүйек көшпелілер үшін айрықша мәнге ие, ата даңқымен мақтану, тұқым-тегімен өзін артық санап, озып шығу айтыстың жазылмаған заңы сияқты. Бірақ қазақта елге ел қосылу, бір рудың адамы екінші руға сіңіп кету аз кездеспейді. Бұл тексіздік саналмайды, бірақ айтыс үшін маңызды. Бабасы ел қамқоры болған ер болса да бұл айтылмай қалмайды. Қарсыластың шыққан тегі, түп-тұқиянына тіл тигізу, оның түбі шикі болса кірмеде кісілік болмайды деп бөтендігін әшкерелеу ақындық дәстүрден арылмайтын ежелгі салт болғандықтан оған еш тыйым жоқ, төрт елі ауызға екі елі қақпақ жоқ. Жыланбауыр қамшыдай осып жіберуге таптырмайды. Көшіп-қонып азаттыққа құлай берілген кең байтақ қазақ жерінде бір рудан бір руға ауысып, атасы бөлек басқа руға біржола сіңіп кету аз кездеспейді.

Қарғаның қарасын кім білер, кісінің аласын кім табар. Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде. Ақын қызға кезіксе еркек екенін атой салып айқайға басып, айта жөнелетін ақындарға сырмінез болып алған Ұлбике жасу қайда, өздерін күлкі етіп іліп шалуға әккіленіп алды.

Айтыста жасқа қарамайды, еркекке тән осалдық, егер ол қыз баланы тұқыртқысы келсе әдептен аттап, аттың басын жіберіп тоқтай алмай қалады. Ілік сөз – төмен етекті байғұс, сенің затың әйел ғой. Оспадар қалжыңды тыймаса, жұрттың езуін жидырмай тұрпайы әзілмен созбақтай, қисалаңдай түседі. Бес жас бел құрдас, дүние өткінші, қызығынан құр қалмайық деп наз айту ойын-күлкі тудыру үшін керек. Айтыста аламан сөзге шек қойылмайды, есе қайтару, дүдәмал сойқанды әзілге одан әрмен өткір әзілмен жауап беру, қалайда қарсыласын сөзбен жеңу шарт. Жұрттың қызығушылығы қоздыра түседі.

 «Байтал шауып бәйге алмас» деуге икем тілдер күрмеліп қалатын Ұлбике мұндайда еркекшора деген ұғымға сай келетін сияқты ма?!  Ұлбике айтысса түбінен дарияның дүррі терген сүңгуірдей небір жыр маржандарын оп-оңай тауып ала қояды. Іздемейді, сүйексіз қызыл тіл ұшына  көркем сөз тіркестер өзі кеп қонады.

Күдері қожа орта жүз жеті арысқа танымал болып оралған. Арқадан қайтқалы ол Ұлбикені жиі іздейтін болған. Қыз ұзату, шілдехана болса ел екеуінің айтысына қарқ болып, өткенде тым шығандап кетіп еді, енді не дер екен деп тосады.

Ұлбике: «Мақтайсың Ұлбикені жүзін көріп, / Сарғайдым жүрген жолың ұзын болып. / Тақсыр-ай, Ұлбикені ұмыттың ғой, / Арқаның ақ  мамықтай қызын көріп». / Күдері: «Не қылып сені көрсем іздемейін, / Онда да қыз жоқ екен өзіңдейін. / Табылар беті тегіс сарт-сауаннан, / Балқытар сөзі қайда өзіңдейін?!».  Ұлбике: «Сылқымдық Сарыарқада үш жыл құрдың, / Қожеке, қолың жетті қанша қызға? / «Қалып айтпас халық айтқанды» – деген сөз бар, / Басыңды неге өсекке іліндірдің?». / Күдері: «Сылқымдық Сарыарқада құрып жүрдім, / Сыртыма шығара алмай, тынып жүрдім. / Қалмасам ұйқысырап құр жүрдім, / Қаттысын сабырымның біліндірдім».  Ұлбике: «Әулиеси бермеші, тақсырым-ай, / Тұлпар басы тоқтамас тасқа ұрынбай. / Әдетің алаңдаған қайда қалды, / Қой жеген Әлімтаудың қасқырындай?». / Күдері: «Ұлбике, сен сенбейсің, тақсырыңа-ай, / Жалған сөзді отырсың жапсырып-ай! / Ауылың ұстап апты бұ Жанкелді, / Әңгімең сенің де жүр асқынып-ай! ».  Ұлбике: «Қожеке-ау, жеңе алмайсың ондай жолдан, / Төрелік жалған сөйлеп, берме қолдан. / Жаны шықсын Жанкелдің, мақтаныпты, / Жерім жоқ: «Келсін!» деген, бәрі жалған». Күдері: «Ұлбике, ұрдырарсың, сақтанып жүр, / Жанкелің қаршығадай баптанып жүр. / «Көкөзекте қойнына бір бардым!» – деп, / Көбіне бозбаланың мақтанып жүр».   Ұлбике: «Қожеке, сенің атың Күдері еді-ай, / Көңілің өсек сөзге көп ереді-ай! / Ұлбикені алмайды кім аузына, / «Жақсыға сөз, жаманға шөп ереді-ай!»». Күдері: «Белгісі жүйрік аттың желбезекте, /  Айтысар, Арқа кеттім, бір кезекте. / «Төсіңе көйлегіңді көтердім!» – деп, / Жанкел жүр: «Бардым мен, – деп Көкөзекте!»». Ұлбике: «Қыз халқына мақтанып жігіт өтер, / Жайсыз жігіт әр жерде сейіл етер. / Жігіт халқы ит мінез болады екен, / Ит екен ішпес астан үміт етер». Күдері: «Ұлбике, жалтаңдайсың жалған жарға, / Не дейсің ақиретте алған жарға? / Жете алмай жүрген қолы бізді айтпасаң, / Жанкелде қолы жеткен арман бар ма?!». Ұлбике: «Қожеке-ау, жолым тура алған жарға, / Жерім жоқ жалтаңдаған жалған жарға. / Өтірік көп сөз айтып, көтеріп лас, / Қожа халқы есектей қалжыңдар ма?». Күдері: «Ұлбике, жалтаңдайсың жалған жарға, / Не дейсің ақыретте алған жарға? / Ауылың ұстап апты бұ Жанкелді, / Тағы мұнан танғандай жанжал бар ма?». Ұлбике: «Ауылдан жүруші еді қымыз ішіп, / Тәйірі алды Көкөзекте қолға түсіп. / Қайтып қымыз ішпестей болып өзі, / Кедейің ыдысына кеткен тышып». Күдері: «Қыз шақырмай, бозбала барады ма, / Ұстаған соң көңіліне қарады ма? / Жазым жерде Жанкелді ұстап апты, / Ауылың қайтты, Жанкелді сабады ма?». Ұлбике: «Атпен қуды, жаяуға жеткізген жоқ, / Ат мінген соң, Көкөзектен өткізген жоқ. / Қапаш-құпаш қылмаса бозбалалар, / Қариялар маңдайына шерткізген жоқ». Күдері: «Жанкелге қызыл тілден кеткен дарып, / Қазақтай жүрмесе де малға жарып, / Болды ма бұрынғыдай өлеңдерің, / Тағы да айналсоқтап қайта барып?». Ұлбике: «Жанкелді екіншіде қара басты-ай, / Шаңыма кейін қалды-ау араласпай! / Ақынсынып ыржаңдап келсе-дағы, / Әр жерден бір жығылды өре баспай». Күдері: «Қара інгенің қарайды ботасына, / Қожаңның таң қаларсың жотасына. / Абайлап бас, Ұлбике, аяғыңды, / Қожаңның жығыларсың сотасына*». Ұлбике: «Кей жігіт сөйлер сөзге шешен келер, / Ұялмай штан бауын шеше келер. / Біздерге ол сотаның керегі жоқ, / Апарып, керек болса, шешеңе бер!». Күдері: «Жігіттің шын Меккесі ата-ана-дүр, / Жел сөзден жеңілмеген мәртебе дүр. / Ұлбике, аяп бізден қазына қылсаң, / Сен де онда алып бар да, атаңа бер!».

Мына жел сөзге арқау болған оқиға неден туған? Ел желдей естіп, гуледі. Ертесі ұзақ жолдан оралған Күдері аттан түсе: «Жанкел қайда?» деп сұраса, қойшы бала: «Жанкел Ұлбикемен түн ішінде айтысты» деп мәлімдесе керек.

Екі ауылдың арасы жақын. Жанкел жер айдайын, егін салайын деп ала өгізін айдап келе жатса Ұлбике тезек терген кісі болып, қап арқалап алдынан шыққан. Ел көзінен алшақ жерде Ұлбикені көргенде Жанкел көзі жанып, жалын атқан сөз айтып қалуға құлшынып: «Ұлжан-ау, Ұлжан, тыңда. Сен Ұлбике болсаң, мен Жанкел емеспін бе? Кедей демесең құдай берген ақындығым сенен кем бе? Айтысқан жерде кедейлігімді бетіме салық қыла бересің. Қыңырайып қисайып жат болып кетісе береміз бе?  Бұл жігітшілік хал кісінің басында қашанғы тұрады? Өлетін жан, өтетін дүние ғой баяғы, одан да бір құмар басты болайық та!» – дейді. Ұлбике «Қап, Жанкел, қоймадың ғой, бүгін кешке келгін, күтіп алайын!» деп өтірік уәде берген. Ол бозбалаларға: «Бүгін түнде Жанкел менің қойныма келеді. Ұстап алып, қуып, сабап жіберіңдер!» деп ел айта жүретін бір қызық болсын деп айла ойлайды. Ай орақтанғанда Жанкел асыға жеткенде аңдуыл жастар оның жағасына жармасады. Дабыр-дұбыр дауыстан ауылдың үлкендері оянып кетіп, Жанкел екенін көріп, арашаға түсіп, «Ұлбикені оятыңдар, түн баласында екеуі біраз айтыссын. Не дер екен? Одан басқа қызығы бар ма?» деп алқақотан жинала қалысқан еді.

Ұлбике: «Сен кімге, Жанкел кедей, жағып жүрсің, / Өрістен қой-малыңды бағып жүрсің. / Ордаңдап оқпақ құстай сүйкімсіз боп, / Қаңғырып қараңғыда неғып жүрсің?». Жанкел: « Ұлбике, қуанамын көргеніме, / Мен сенің өлеңіңе шөлдедім бе? / Қолыңа қаршығадай қондырсаңшы, / Ордаңдап оқпақ құстай жүргенімде». Ұлбике: «Жанкел-ау, ниетіңді арам қылма, / Қадірсіз қайың тең бе тораңғылға? / Ит талаған қасқырдай арсыз кедей, / Қаңғырып жүре берме қараңғыда». Жанкел: «Қазаққа аты шыққан мәшһүріңмін, / Мен болдым саған ғашық жас күнімнен. / Көгенде сен бір жатқан бағлан қозы. / Аңдыған қараңғыда қасқырыңмын. / Көзімнің бір көрмедің телміргенін». Ұлбике: «Бар ма екен, Жанкел сендей, жазған адам, / Ақылы тек жатсайшы азған адам. / Қуалап кедей сорың келтірген ғой, / Қамшы жеп қараңғыда бозбаладан». Жанкел: «Жортамын көк бөрідей түн өткізбей, / Жақындат, көңілің болса тілеткізбей./ Құшақтап қу тіземді жата алмаймын, / Барасың құмарыма бір жеткізбей». Ұлбике: « Қаңқылдап қара қарға жыл шықпаған, / Қу кедей, қай ісің бар қырсықпаған. / Жігіттік қай адамның басында жоқ, / Ұятсыз шыли өзің өлерменсің». Жанкел: «Ұлбике, сізге керек бізде бар-ды, / Бізге керек жұмыстар сізде бар-ды, / Салт екен Адам-ата бабамыздан, / Қыз десе жігіт халқы іздеп алды».  Ұлбике: « Жанкел-ау іздегенің байтал ма еді? / Құмарың байтал мінсе тарқар ма еді? /  Жуасырақ байталға жармаспасаң, / Біздің байтал тебеген, тарпаң еді». Жанкел: «Ұлбике, іздегенім тарпаң еді, / Құмарым сонан өлсем тарқар еді. / Тарпаңның шоқтығына қолы жетсе, / Кеудесін Жанкел бейбақ артар еді».  Ұлбике: «Сен де бір арсыз кедей ұялсаңшы, / Нәпсіңді алаңдамай тыя алсаңшы. / Қолың жетпес бұйымға аузыңды ашпай, / Тілесең ат алсаңшы, түйе алсаңшы». Жанкел: «Айтқанын бұрыңғының білмеймісің, / Ұялған әр нәрседен құр қалады.  / Ұлбике, ат алайын, түйе алайын, / Несіне кедейліктің ұялайын. / Үстіне ақ төсіңнің бір шығарсаң, / Төрт түлік мал алғандай қуанайын». Ұлбике: «Көлбеңдеп кедей деген есірер ме, / Басынан өткен істі кешірер ме? / Пайдаң болса, өзіңнің басыңа қыл, / Кедейдің әуесім жоқ кесіріне!». Жанкел: «Ұлбике, менің сізге әуесім көп, / Жанкелдің салбыраған мәуесі көп. / Бұлбұлдай гүлсіз жерге қона алмайтын, / Жанкелдің Ұлбикеден дәмесі көп».

Ұлбике мен Жанкел әуейі болыпты деген өсек өрттей қаулап, өршіп кетпесін деп үлкендер айтысты кілт тоқтатқан. Нақаққа жала жабу қаскөйлікті құтыртады демей ме. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады. Жанға батар шаншу сөз қаңқу сөзге айналып кетсе жаман. Ойыннан от шығар. Ақындар бір-біріне ұрынбай әрі бірін-бірі іздемей жүре алмайды. «Берейік Ұлбикені басымен деп, / Билей ме, Ошақтыны қарақалпақ» деп Ұлбике Жанкелдің кедейлігін жиі бетіне басты. Айтыста мұнсыз болмайды. Жанкел аңсарым сен деп шын сырын жайып салудан тартынбайды. Ұлбикеге көз салған сұғанақ көз көп.

Жазғы кеште дала лебі сан алуан шөптер иісімен бұрқырап, дөң асқан қара жолдар толқынданып, алтын шапақ күн бусанып ұясына батарда қашаған желік буып, сол тербелістен жас жүрек лүпіл қағып, сүйініш іздеп судай тасиды. Ертесінде түнгі айтыстың қызуы тарқамаған Ұлбике ауылына Күдері қожа Жанкелге ере келді. Егін егіп, мал баққан жұрт шаруадан мойны босап, кешкісін ас ішер уақытта үш ақынды қатар көргенде өнерін естуге желпінген. Құйма құлақтар сөз сайысын естімеген өзге елге жеткізуге ынтызар.  

Төкпе ақындықта таңдайына өлең біткен арқалы әйел заты ер азаматтан еш қалыспайтын. Айтыс – азаттық пен теңдікті қастерлейтін көшпелі қоғамның айнасы. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ, оның бір өзінде неше өнердің белгісі бар. Қиянат қысса ақын шер толғап, өзінен-өзі булығып, арқасы қозып, өршелене бетке айтады. Шындық ішіне сыймай жарылып кетпес үшін, тілі мірдің оғындай, шіркін, айтқыш екен десетін әйел ақындар аз емес. Құдай адамды алаламайды, ер, әйел деп бөлмейді, тек әрқайсысына берген өмір тиянағы болмаса. Өйтсе әйелге дарын бермес еді. Еркек болып  не бітірдің? Асып кеткен, елді жарылқаған ісің қайсы? Әйел тым қор болса, одан туған жасық ұл артық болып аспайды десе еркек ақын мүдіріп, бөгеліп қалады.  

Айтыста Ұлбикеге ұл болып жаралсаң ғой жігіттің сырттаны болар едің деп есіркеп-мүсіркеуден қайқаң етіп теріс бұрылып кететіні несі? Өзі әйелден жаман болып, жер қауып қалады. Ұлбикенің үстем дербестігін, ішкі азаттығын ешбірі жеңе алмай аһ ұрады. Еркек әйелден рухы аса алмаса, асып түсуге шамасы да, өресі де жетпесе іштей қыстығудың ақыры әйелді кемсітуге, ел алдында қорлауға ұрындырмақ. Мысы басып тұратын әйелді басқаша жеңе алмас. Өзін қораш сезінуден өткен еркек дәрежесі артып, беделі күрт өсуінің ең жабайы әдісі әйел затын менсінбеген түр танытып, тілмен қорлау сүйегіне сіңген әдет болатын. Әйелді ердің басып ұстауы заңды қоғамда ешкім мұның не демейді. Адам ата, Хауа анадан бері әйел мен еркек тең емес. Өзін еркек қылып көрсету қоғам үшін намысын бермеуге баланады. Еркек ақын асқан сөз, тасқан көңілге ие, әу дегенде әрдайым азуын айға білейді.

Кей есерсоқ ақынсүрей жеңіле бастаса еркекке рұқсат дүние әйелге болмас, қыз басыңмен именуді білмейсің, мұның масқара, сенің алтын басыңды қайтейін, бақыр басым сенен артық деп тепсінеді. Ұлбике есек мінген ат сұрамайды, балық жеген ет сұрамайды, сен болмай-ақ қойдым дейді. Әйел қисық қабырғадан жаралған деп тұқыртсаң мұнда бір шикілік бар. Ежелден ерлер өктем, соның кесірі. Құдай адамды әуелде топырақтан жаратты. Жұп етіп жаратты. Ердің арқасынан бір сүйегін жұлып алса не болады?  Шынардай көркем дене сымбаты кеміп, белі бүгіліп, бүкірейіп қалар еді. Саз балшық үгіліп, отыз екі омыртқа опырылып кетпес пе?! Ең шебер құдай мүгедек мүсін жасап қайтсін! Түзу емес, қисық қабырға деп кекеп-мүсіркеп қоясың. Мұның астарында басқа бірдеңені мегзеу, емексіту, ұқсастыра атау болса керек. Көнеден тылсым дүние, киелі ұғымдарды өз атымен атамау дәстүрі бар. Расында әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы, еркек көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы. Құдай әйел мен еркекті тең жаратты. Қабырға қалай адам болады? Егер ол омыртқа мен төс сүйегін ұштастырып тұратын сүйек болса. Менімен айтысып қабырғаң қайысып, сөгіле жаздаған соң суға кеткен тал қармайды деп дәтке қуат, үркек жанға пана көріп айтып отырсың-ау, қисық қабырғаны тірек, сүйеніш қылған қорғанған түріңе болайын деп күлді Ұлбике.

Тепсін мейлі, күйін, тамағыңды жырт мейлі, Ұлбике лашын құстай шүйілсе әлсіз ақын домбырасын сабалап, лағып кетеді. Аспа тұзаққа ілінген аю сияқты дәрменсіз болған соң бұралқы иттей қабуға даяр.

Бәрі бір тамшыдан, жұмыртқадан жаралған. Бозбалалық, жігіттік салт құру бөріктіге ғана жарасар дейтін қоғамда қызға қырық үйден, одан қалса қара күңнен тыйым деседі. Әлсіз еркектер үшін қашанда рухы азат әйел заты кінәлі. Әлсіздігін сөйтіп жұбатады. Ақылы кемдеу надан еркек болса тіптен сорақы. Қыздың қылығы түзде, қырық сайтаны бар, әйел азғын, дұспан, сайқал-сұрқия, дию-пері, жауыз деп төпелей бермек. Құдай еркекті артық жаратқан деп астамси бермек. Ол рас, артық жаратқан, егер ол сүйсініп-сүйерлікке татыса. Еркектің сұлтаны қандай ғажап! Текті еркек жамандықтан жеріп, қорқаулыққа баспайды, теріс іс істеуден арланады. Ұлбике құдай ауызына не салады, еш іркілмейтіні ел-жұртты сүйіндірсе көзден жас ыршытып жіберетін. Ақындар Ұлбикені жазатайым жеңе қалса қатыны ұл тапқандай қуанар еді.

Айтыс десе Ұлбике желдеп кеткен жылқыдай бой бермей кетеді.  Күдері «Қарқаралы, Қазылық, / Жататұғын жазылып» деп бастады да, мүдіріп қалды. Сосын «Су екеш су да ағар жүйесімен, / Жарасар көштің көркі түйесімен» дей бере тағы іркілген. Оның тілін байлаған Ұлбикенің сұлу көркі. Заманыңнан озып тудың, Ұлбике дегісі кеп еді, оны ел көзінше дауыстап айта алмады. Құдая, мен нетейін, сен менің ішіме сөнбейтұғын от салдың дегісі бар, бірақ соны ашып айта алмаған. Сүйекке бу енді, балқыды, елжіреді. Бұрынғы айтыста желдей гулейтін, самал желдей есетін қалыбынан жаңылып бір басылды. Бірақ ойы жүгі ауған түйедей бой бермей қисая берді. Япырау, нағыз теңің Ұлбике еді ғой, мұны неғып кеш ұқтың деп өзегін өкініш басты. Жақсымен қосылған бақ емей не, тонның ішкі бауындай жарасып жарың өзіңе ұқсап тұрса одан артық қандай береке табар!

Күдері мен Жанкел Ұлбикені бір-бірінен қызғанатын сияқты, көзі қырағы ел мұны байқап қойды. Ендігіде Жанкел Ұлбикеге сен Күдерімен ойнас емеспісің, көңіл қошың тым жарасқанын соқыр көз ғана көрмейді деп тиісті: «Жайына жігітшілік қоймас екен, / Ұлбике, сөзіңе жұрт тоймас екен. / Тарап жүр ел аузында бір әңгіме, / Ұлбике Күдерімен сырлас екен».

Ұлбике селт етсе бұйырмасын, іліп әкеткен. «Салады қойшы қойын алқа-қаққа, / Мінеді құдай сүйген алтын таққа. / Бір итті итаяқтан тойыпты деп, / Келіп пе ең итаяқтан жаламаққа?».

Жанкел тіпті құтырып кетті, удай ащы әжуа, көпіне-көрнеу мазақтан именіп қоя қоюдың орнына, «Ұлбике, дайындай бер итаяқты» деп орынсыз қылжақты бұйым көріп, керги түсті. Өлең ұстайды, өнер біткен деген еркек біткеннің айтыста жеңіле бастаса ұяттан безген шор әзілінің сиқы осы. Мұны түйсіну Ұлбикеге азап болатын. Оның сөз тапқыш алғырлығына, зерек табиғатына, дес бермес шыншылдығына, туа бітті өнеріне шын сұқтанған көздер аздай, қарау сөз, жамандық үлбіреген мақтадай әзиз жанын жаралап бағады. Егер жасыған, қамыққан сәтін білдіріп алса бітті, қара құзғындай сол жерден шоқып-шоқып тастайды.

Күдері Жанкелден қалыспайды. Жаратылысы еркек болған соң бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай кінә тағып, айыптап сөйлейді. Бөріктінің намысы бір. «Ұлбике жүрген жолдан адаса ма? / Біздерге жала сөздер жанаса ма? / Қоймайсың Жанкелді әкеп жапсыруды, / Жан беріп түсесің бе, арашаға?» десе Ұлбике оның жаласына тосқауыл қойған. Мұны естіген ауыл қариялары «Күдерінің сөзі жала болса да, шынға айналып кетуі мүмкін, тоқтатыңдар айтысты!» – деп тыйған. Жанкел Ұлбикені Күдеріге таңады, Күдері Ұлбикені Жанкелге таңады. Есі кеткен еркек сұлуды арбап, азғыруға құлшынып, көңілім бойлай-бойлай құмарланды деп бір созады. Еркек осалдық танытса оң мен солын танымаған жас баладай ақымақ.

Айтыста аңдаусыз ауыздан шыққан осал сөз аңдығанға ерекше дем береді. Сөзден сүріну деген сол. Тап бергенге шап береді, сонда соққыны бойға дарытпай, жалтарып кету үлкен өнерді қажет етеді. Сөзбен қақпайлап әкеп, арандатып, қарсыласын қақпанға түсіруге екі жақ бірдей мүдделі.

Қыпшақ Бұдабай, қожа нәсілінен Майлықожа, Мәделі  үшеуі Ұлбикеден көп кіші, Құлыншақ, бәрі де айтыста Ұлбикеден жеңілген. Ұлбикені тоқырамайды өзі дейтіндер бар. Ұлбикенің туа бітті ақындық қуаты, сөйлесе шындықтан аспайтын адалдығы, аруағы басып кете береді.

Шашбауыңа ділда* алқа таққан бай қызы болсын, басына жібек орамалды бос байлай салған кербез келіншектер болсын ер азаматтарды Ұлбикенің мысы басып тұратынына талай куә болған. Ақынсымақ біреулер Ұлбикенің маңынан жүре алмайды. Байлығына мастанған жаманды қаралап, жалпақ ел мұңын жоқтау кісілік. Жеңсе кісі құрлы көрмеу ақындыққа жат.

Қажы, молда, ишандар бақсы мен ақынды жақтырмай шалық шалған жын санайды. Өйткені ақын тіршілікте құбылыс атаулыға ат беруге жаралған. Қара түнекке сәуле түссе сол заттың кескін, болмыс-бітімі анықталады, жан-жануар, тірі мақұлық, жер-су атау алса көркемдігі толады, дерегі расталған айқын дүние нұрланып сала бермей ме! Тұнжыр тастан жақұт ояр зергер жасымайды, көзі асыл қиядағыны шалады. Су жылайды, мылқау тастан айқай шықса далада гүлдер тоңады, қобыз шалса бақсы құс тілін естиді. Ақын жад етсе құдайды, пірлерді, әулиелерді құлшылық ету өмірді көркейте түседі.

     Ұлбике ұзатылмас бұрын Мұсабай ауылында жастар бастаңғы жасап, алыс-жақын ауылдардан өнерпаздар бас қосты. Күдері қожа көсіліп кете алмай, көңілі бұзылып, біртүрлі сүлесоқ отырды. Күдері «Ұлбике-ау, таусылмайтын сен бір сұрақ, / Сарқылмас сағасы арна мен бір бұлақ» – деп көзіне көзі түскенде жай соққандай болды.

24 жасында үш баланың әкесі атанып үлгерген Күдері қожа көз алдында өскен Ұлбике еліне еркелеп жүре берердей бейқам келгенін ұқты. Өзімен тайталасып айтыса кететін мынау көркем қызды жарық дүниеде ешкімге қимай жүрегі сыздап әрең отыр. Күдері «Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған / Алдыңа түсіп ешкім артылмаған» – дегенде үні құмыға шықты. Ұлбике ұшпа бұлттай бейсана соқыр сезімге мас Күдері қожаға жаңа көргендей қадала қарап қалды.

 

Комментарий

Іздесең, мен сұраған Байбаламын*. – Байбаланың Сабырбай Ақтайлақұлына айтқаны. Байбала – Орта жүз Сыбан руының Байғөбек тармағынан шыққан ақын қыз. Сабырбай ақын одан жеңілген.

Ортеке* – домбыра тартқанда күй ырғағымен қозғалып, орғып-орғып билейтін ағаш қуыршақ, ойыншық таутеке кейпінде жасалады.

Атастыру* – ертеде құдандалық салты бойынша бесікте жатқан ұл мен қыздың ата-анасы өзара уағдаласып, өскенде екеуін қосуға ен тағып қояды. Балалар өскенше қалыңдықтың қалың малы алдын-ала төлене береді.

Тама* – Кіші жүз қазақтарының Жетіру бірлестігіне кіретін ру.

Алқа* – ескіше құлаққа тағатын сырға.   

Сота* – «Сота» деген диуананың таяғы: іші қуыс болады, өзі ұзын болады. Күміс теңге, қара пұл, садақаларды ішіне тастай береді. (Мәшһүр-Жүсіп).

Шашбауыңа ділда* алқа таққан. Ділда – алтын сөзінің көнерген атауы.

 

2016, қаңтар, жазу туралы идея.

5.02.2024. / 19.10.2025. /

20.01.2026. / 24.01. / 26.01. / 27.01. / 30.01. / 31.01. / 1.02. / 2.02. /  3.03. /4.02. / 5.02. / 6.02. /  8.02. / 10.02. / 12.02. / 13.02. / 14.02. /  15.02. / 17.02. / 18.02. / 19.02. / 20.02. / 22.02. / 28.02. / 1.03. / 2.03. / 7.03. / 4.04. /

28.04. /  31.05./ 1.06. / 2.06. / 1.07./ 3.07. / 4.07. /6.07./ 8.07.

/ 9.07. / 12.07./ 15.07. / 16.07. / 17.07. / 18.07. /  19. 07. 2026.  

8.07. 2026 күні  40 беттік текстті екіге бөлу туралы идея туды.

 

ӨНЕР ҚҰНЫ 

Әңгіме 

 

Қолымда сақинам бар бармақ-бармақ,

Сәукеле басқа түссе ауыр салмақ.

 

Сыңсу өлең *  

 

Көк қанат бейіс құсындай,

Қу ағашта қонақтап.

 

Абай

 

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім.

 

Сара Тастанбекқызы

 

Жолы ауыр ақынның мұратының,

Мен кетермін, алармын, сірә, тыным,

Қаларсыңдар мойындап,

Тіршіліктің

Зұлымдық пен пәктіктен түратынын...

 

Күләш Ахметова. «Ұлбикенің соңғы тілегі»

 

Ошақты Есмырза би әулетін алып, Сыр бойынан Қаратаудың солтүстік-батысына көшті. Талас өлкесі су басын Қаратаудан алады, аяғы қалың құммен шектеседі. Тасжүрек руынан Мұсабай ауылы Әулиеатаға көшіп келгелі Қарақойлы руының бір байы қалың малын беріп, Ұлбикеге құда түсті. Құдалықты Ұлбикенің ажар-көркі тартқан. Қалыңмалын* төлеп бітпей, неке қиылмайды. Неке қию тойына дейін күйеу жігіт қалыңдықтың* әке-шешесінің көзіне түспеуі тиіс. Әке-шешесіне көрінбеген Бойтанның бойы бар болса да, ойы жоқ дүмше екенін Ұлбике қайдан білсін.

Ұлбике маңдайының соры бес елі екенін келін болып түскен алғашқы күннен ұққан. Ата-енесі қытымыр, жас келіннің әр ізін бағып, бақылап отыруға бейім. Тұс-тұстан аңдуыл көздер көбейді. Келін болып ұзатылып келгелі оқта-текте жиын-тойда Ұлбикемен айтысқа түскен кей ақындар уәделесіп алғандай «Ұлбике, мал беріп, айттырып алған жаман күйеуің қызғаншақ, қарадүрсін, теңің емес, мінезі шатақ, малының арқасында кісі болып жүрген біреу» деп  тиісе бастады. Жаны қиналып, қыстығып жүргенде Ұлбикені қапысын тауып қасақана осал тұстан қатты соғатын. Бойтаннан айналып шықпайды. Ат биеден, алып анадан туады. Мына жаман байыңнан бала тума, ойнас қыл да ұл тап, балаңның атасы мен болайын дегендер де болды.

Содыр, әпербақан, еркетотай боп өскен Бойтан айтыс десе алая қарайды. «Құриды өлең десе ынтызарым, / Тарқайды өлең айтсам бір құмарым» деп Сыр елінде бір күні ән-жырсыз өтпеген Ұлбике қанаты сынық лашындай сұлқ қалды. Ұлбикенің өнерін жақтырмаған қайын жұрты келін қазан-ошаққа құлықсыз, аңдығаны той-томалақ, шілдехана дегісі бар. Бұрынғылар ерінің көзіне шөп салса әйелдің шашын қиып, бетіне қара күйе жағып, қара есекке теріс мінгізіп, төркініне жіберуді жөн көрген. Ұлбикенің бар жазығы өлеңсіз өмірі тұл.

Ұлы жүз Сіргелі ірі тайпа, оның Тасболат ішінде Әйекеміз деген тармағынан шыққан Ізтілеу ақын бір тойда Ұлбикемен айтысты.

Ізтілеу: «Өлеңді қоя бердім ал дегенге, / Несіне тоқталайын жар дегенге. / Арнайы той дегенге келдім іздеп, / Осында бір-екі ақын бар дегенге» деп бастаған.  Ұлбике: «Өлеңді қоя бердім ал дегенге, / Несіне тоқталайын жар дегенге. / Қосылып өз теңіммен айтысушы ем, / Көңілім толмай отыр шал дегенге» – деп ашық кетті.

 Сақал-мұртын ақ шалған қарт ақын Ұлбикеге сені көргенде қанымда алпыс екі тамырым иіп кетті деп әуелей ұшқан қаз-үйректі қуа жетіп теуіп құлатқан ителгідей жұтынды. Ізтілеуге басыңнан талай дәурен көшкен екен дей келе Ұлбике: «Қарт Қожақ Ақжүніске не деп айтқан, / Қандағы алпыс екі тамырларың? / Әй-қарт Қожақ, қарт Қожақ, / Атыңның басын тарт, Қожақ! / Қанша батыр болсаң да, / Сенің басың бұл күнде / Жерде жатқан қу тезек!» деп кәрілік келсе уыздай жастан дәме ету әбестік, шындықтан қашқан кісі мазақ күлкіге қаларын айтқанда ел қоштады.

Жетпіске аяқ басқанда «Қайнайды шал дегенге зығырданым» деп жастық дәурен көзден бұл-бұл ұшқанын мойындауға жоқ Ізтілеу топ жарған шешендігіне мастанып, дүйім жұрт көзінше немере қызымен жасты Ұлбикеге асықтығын білдіруден, мені үйіңе бір қондырып көргін деуден еш ұялған жоқ. Саңырау бас десе құлақ дейді.  Ойнап айтқаны емес, шыны:  «Сөзіңе шал деп айтқан нанғаным жоқ, / Әйелге сенен артық барғаным жоқ. / Бурыл шаш, сақалым ақ болғанменен / Аққуды қаздан кейін шалғаным жоқ».

Ұлбике Ізтілеуді естіген құлақта жазық жоқ, Тасболат-Әйекемізге сіңген келімсек, Күлқараның қойын баққан құлысың деп тоқтатты. «Ізеке, алпыс бестен асамысың, / Тоқталмай осы жаста тасамысың? / Келгенде алпыс беске көзің жұмып, / Жастарды жолыңдағы басамысың?».

Ізтілеу есе қайтарып, қайын жұртың сені тарыға екі пұттық сатып алған десе, Ұлбике мал алып, ерге тимек Хақ бұйрығы деп жалтарды.

Жас келіншек қалың бұқара «тағы айт!» деп қыстайды, өлең табақ-табақ ет емес, тай қазаннан сүзіп алатын, осыменен тәмәм деп тоқтады. Ұлбике бәдік айтыстан қажып, анайы арсыз өлеңнен іштей күйзеліп кететін. Жабайы ойын ірікпесе еркек кіндік көзіне қара албастыдай жат, томарбас құл, қасиетсіз сорлы, мақұлықтан аумайтын надан, желік буған жын болып көрінеді. Олардың әлеулайы сол баяғы бәдік сөз. Құладынға қуды шалдырған ләйліген кейіппен тепсініп отырған есірік әдеп пен жас айырмашылығын қайтсын. Ұлбикеге мұндай арзан айтыс оңайға соқпайды. Топ алдында үлкен кісінің жас келіншекке сөзбен тиісуі естір құлаққа ауыр.

Жыр-қиссасын ұзағынан төгілтіп айтар жыршылар тыңдар құлақты ұйытып, сарын айтса ел қуанады. Өйткені әріпті таяқ деп білмейтін сауатсызға жыр-дастандар ауызша білім беретін.

Алайда айтыстың мақамы бір бөлек. Қайым айтыс қызуы елді жатқызбайды, мұндайда алыпқашпа өсектің тиегі ағытылып кетеді. Келіншегі ел көзінше айтысса тоңтеріс қарайтын Бойтан арыстандай ақырды. Күйеу  Ұлбикеге қатаң тыйым салды. Ендігәрі масқаралап, халық қолқалап ортаға шығып, өлең айтсаң өлтіремін, көзіңді жоғалтамын деп өлердей кіжінді. Алтын басы торға түсіп, қалың малға сатылып кете барғанына іші удай ашып, қапалы жаны тұтқын болған сұмдық қорлықтан әбден жасыды. Бақсыз сорлы тірі өліктен несі артық. Жыланша ысқырған қайын ене, қазымыр қайыната, екібастан Бойтанға іші жылып көрмеген. Қорлық, зорлық асқынған сайын шырмауық оймен шатасты. Ұлбикенің жүрегіне нала толған, ашынғаннан тілі шыға бастады. Әуелде қайын жұрты, от жаққан жерінің жайсыздығын елге білдірмеуге тырысқан еді. «Айран болса күбі іші бос болмайды, Бір-біріне жақсы адам өш болмайды. / Құдайым өзі әкеп қосса-дағы, / Бөлтірік пен ақ қозы дос болмайды».

Түтеткен түтінінен жерінуден тұншыққан Ұлбике жегідей ішқұса ойдан азып, жан қуаты семіп барады. Жоқ, бүйткен қорлыққа көне алмас. Әйелді қырық шырақты деу бекер, қызғалдақтай құлпырса тез солады екен.  Өткен өміріне қараса, сүйіспеншілік бақытты бастан кешпеген сияқты. Рас, көз сүзген қызығушылар көп еді, бірақ өз теңін таба алмағаны несі? Құдайдың бұл жұмбағын шеше алар емес. Күйеу деген Бойтан ғой, мұндай әумесерге қайдан тұтылды екен. Ұрдажық, ожар, тоқмейіл көп жаманның бірі. Қорықпаса өзгені кісі құрлы көрмейтін өктемсіген есер. Жыр қуатын тоң мінез топас, оспадар, ожар Бойтан өлсе түсінбес. Оның ойынша еркек үстем болу керек. Еркек артық жаратылған. Еркек тауыстың қоразы емес, көрікті қайтсын, қасымен ұстасқанда асықтай иіріп салатын күшті әрі дәулетті болса жетеді.

  Ұлбике шамырқанса шынын жайып салуға даяр: «Жарымды өзім іздеп кетер едім, / Жіңішке әйел жолы таба алмадым. / Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар, / Таулы, тасты, шөл дала, құз-жары бар, /Қайда барсам жолымды кескестейтін, / Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар. /Ташкеннен алып келген сырнайып-ты, / Жөнін білген тартады желқайықты. / Ақ шәйі мен көк шәйінің қиығындай, / Өзіме таба алмадым лайықты...».

Бойтанға тұтылғалы Ұлбикенің әр адымы санаулы, оқшау сәті жоқ. Күзгі үскірік жазда жүріп өткен гүлбақшадай беймәлім құсадан қарадай солып барады. Кей күндері тіпті асқа қарағысы жоқ, ештеңеге тәбеті тартпайды. Таң атса, күн батады. Бос сенделме делқұлы күйден жаны құлазиды, асау бұлақтай ойнақтап еркін өмір кешкен қыз кезін ойласа ұшарға қанаты болмай өскен орта, ата-ана, ағайын-туыс, бауырға, шаршы топ алдында желпініп жыр төккен уақытқа шерлі сағыныш меңдейді. Бойын буып тұратын өлең шіркін ала қашып, беті ауған жаққа бездіріп, біржола қаңғыртып жіберердей. Әйел затын еркектен оздырғысы келмей қораш санап, от басы, ошақ қасынан шығармайтын, құдай берген құдіретті жырға рұқсат бермей, тұсаулы аттай арқандап қойған қапас ортасы неткен енжар еді. Ішкен-жегенге мәз. Жан мұқтажын шектеп қойса, жан қорегі таусылса ондай күйкі өмірде не мән болсын. Мүгедек, кемтар адам тәрізді. Көзінде бұрынғыдай от жоқ. Бір қанаты тасқа ұрылған лашын құстай жер бауырлап қалғасын беймезгіл ажалға асық бір кепке ұрынғандай. Өлім туралы ойлар иектесе ашық түңдіктен жұлдызы жамыраған түнгі аспанға қарап көз ілмей жатады да қояды. Бойтаннан құтылар күн туса...тезірек екеуін құдай екі айырса ғой!  

Ұлбике ауыл сыртына қарағыштап, қара жолдан төркін жағына баратын жолаушыдан ата-анасына үміт артып, жасырын хатпен сәлем жолдаған. Кісі арқылы әке-шешесіне шағым айта бастады.

«Жол тартып шыға кетсең осы жерден, / Ауылыма қайрыла кет өзің көрген. / Тарылып көк өзегім келе жатыр, / Үзілер жібек жіп те осал жерден.  / Ғұмырым, ойлай берсем болды қауіп, / Отырмын, жүре алмаймын есім ауып. / Не деген қайын атам қас кісі еді, /Аузынан айқайласа тас түседі. / Ел-жұрттан осындағы жөн сұрасам, / Бір түнде сәтін тауып қаш деседі. /  Айта бар, бұдан барсаң, көкешіме, / Өзімен ала келсін тәуіп тауып. / Сөзімді әкеме айтқан ел тыңдасын, / Ел-жұрттан жылу сұрап мал жинасын. / Қалыңын маған берген айдап келіп, / Басымды тірі жүрген қайтып алсын».

Шілде айының соңына таман Ұлбике бейуақта тұншығып оянатын болды. Ұйқысыздық меңдеп, көзі бақырайып шаңыраққа қарап жатады да қояды. Ашық шаңырақтан түнгі көркемдіктен жүз құлпырған жұлдыздар жалт-жұлт етеді. Құс Жолы жарқырайды. Тұнжыраған тіршіліктен ада неткен даналық! Саф таза биік тылсым, дертсіз дүние бар ғой шіркін-ай деп ойлайды. Жаны бебеу қағып, жер-көкке сыймай, қиналып жатқанын айқын сезеді. Тіл-көз тиді ме, қарғыс сөз соқты ма, некелі өміріне түк риза емес.  Жүрегі төмен тартып, құлазудан құса буса, көз жасынан жастық дымданып, теріс аунап жатады.

Бойтан жылқы күзетіне жиі кетеді. Ұлбике оны іздемейді. Бойтан мелшиген біреу. Мұның қайғы-дертін дым сезбейді. Томырық мінезіне басады. Күн жайнап тұрса да жабығу қара түндей басары дедек қаққызып, жанын қоярға жер таппастай тұншыға беретін несі. Ілезде нәр татқысы келмей, үскірік ұрған шешектей солып, ас батпай қалады.  

Жібек абысыны әуелде Ұлбике айтар сөзден тыйылып, іштей булығып жүргенін байқамай, кейбір тақуа кісілер құсап елден ерек үстеме ораза ұстап жүрген шығар деп ойлап қалған. Бес білезік жүзіктерін бес саусаққа қатар кие беретін Ұлбике әшекей тағынудан қалды. Жүзік көзі түсіп, күміс алқа сынған. Жібек оның соңғы күнде жүдеу тартқан кескінін, көзіне қарасудай иірім қайғы ұялағанын көре сала, апасынан көргенін істеп, ұшықтап жіберуге бел буды. Ұлбике қасына келген Жібекті ана бауырына тығылған балаша құшақтай алды. «Жібек, қарадай тұншыға беремін, құмалақ салатын емші керек...Мені жаман ой иектей береді» – деді құмығып.  «Алда құдай-ай, саған дуа жасалған шығар», – деді Жібек еш күмәні қалмай. – Судың аяқ жағында жарты лашықта балшы, емші апа тұрады, таңертең соған алып барайын. Жұрт оны палшы кемпір дейді».

 Емші бір уыс шүйкедей қара кемпір екен. Бетіне тері қаптап қойғандай, көз ұясы шүңірек, көзінің асты-үстіне қоюлап сүрме тартқан, қазан түбінен саусақпен іліп алып баттап күйе жаққандай, кәрілікке қара реңк құпия сес береді екен. Басына босаң тарта салған жаулығы желкесіне сыпырылып түскенде маңдайда көкбурыл шашы дудырап, желке тұстан түйген тас қылып өрілген бұрымын арқасына бос лақтыра салды. Ең кереметі, селдіреген шашының ұзындығы бойынан асады. Алайда қылдан есілгендей жіңішке, жұп-жұқа бірдеңе.

«Өлеңдеткен еркек кіндік саған ынтығып ентелейді, бірақ сұлу жүзіңе қызықпайды», – деді кемпір құмалақты шашып жіберіп...– Олар сенімен бақталас, оздырғысы жоқ. Көбінесе мұның шын сырын бірі біліп, бірі анық білмейді, түйсік арқылы әрекет қылады. Өйткені бақ ауысады, ырыс жұғысады. Күңге аяқ салардай...әсіресе бәдік айтысқанның көздегені басқа.  Мен емес, құмалақ солай айтып тұр».

Палшы кемпір жыңғылды жағып өртеп күлін алды. Ұсақ жапырақты бұтасын ағаш,  жапырағын түйе жейді. Жыңғылды жерде жын жүреді. Оның көлеңкесінде ұйықтауға болмайды. Жыңғыл гүлдеген кезде одан адамды елітіп, манаурататын иіс бөлінеді. Жыңғылмен мал айдамайды, онда мал бітпейді. Қырдағы ел жыңғыл бұтасынан сабау жасайды.

Палшы кемпір егеуқұйрықтың құйыршығы тәрізді шидей шашын асау жылқыға бұғалық тастайтын сияқты оң қолымен иіре бастады. Шұбатылған өрме шашын таз сияқты басынан асырып иіргенде шылбырдан аумай қалды. Кемпір «Суф! Суф!» деп кеседегі судан ұрттап, Ұлбикенің бетіне бүркіп, өрген бұрымын оқ жыландай ирелеңдетіп, қамшы сияқты соғады. Ере келген Жібек жарты лашықтың сыртында отырған, оның құлағына күбір-күбір дұға сөз анық естілмеді.

Кемпір Ұлбикені іргеде ағып жатқан бұлаққа ертіп әкелді. Бұлақтан су алып шыны кесеге, торсықтағы суды ағаш ыдысқа құйды. Кесені Ұлбикеге ұсынды. Бұлақ суы таза, күн ыстық болса да сап-салқын, дәмі балдай екен. Ұлбике кесе толы суды шөліркеп ішкен. Кемпір оған торсықтан құйған суды ішкізді. «Іш!». Торсықтағы су жылымшы, дәмі біртүрлі. Ұлбике бір жұтып, ағаш ыдысты жерге қоя салды. Кемпір бұлақтан кесемен су алып, оның үстіне құйды. Бұлақ табиғи су көзі. Ағаш ыдыс орта болғасын кесемен бұлақ суын толтыра құйды. Бос кесені Ұлбикеге берді. «Қара, не көрдің?» – деді ол жұмбақ айтысқан адамша. «Сусыз» – деді Ұлбике тіксіне бастап.  «Бұл кесе, ағып жатқан бұлақ сенікі болатын», – деп жұмбақтай түсті құмалақшы кемпір. Мынау ағаш ыдыс бөгденікі. Саған құдай берген өнер бұлақ суындай сарқылмайды, егер сен арбау сөзге елігіп, желігіп ойнас қылып, үздіккен ерді қойныңа алсаң, бойыңдағы бұлақ нәрі біртіндеп оған ауа бастайды. Сенікі кемиді, онікі арта түседі».  

Ұлбике бұйығы күйде үнсіз тыңдап отыр. Кейбір ақын ынтық сөздермен баурап, біресе «Құладынға қу ілдірген не құдірет?! Қырық жеті ме?!» десіп мұның күйеуін менсінбей, біресе жастық дәурен баста тұрмайды, оралыңның барында ойна да күл деп сайрай беретіні мұны артынан қатын еттім деп мақтанып өсек-аяң тудырып, мысын басу үшін анталайтын шығар деп өзінше ойлайтын еді. Кемпір мұның ойын оқып қойғандай мырс етті. Қыз-қырқын, қатын-қалашқа олар кенде емес, бақталастың көкейін тескен өлең, шын өнер басқа қонған бақпен тең, кейбіреу сенен соны аударып алуға жанығады деді.

Бұлақ суынан соң кемпір отқа қорғасын балқытып, Ұлбикенің басына шыт орамал жауып, сол қолымен төбесіне су құйылған кішкене жез леген ұстап, оң қолымен бұрқ еткізіп қорғасын құйды. Балқыған күміс сұйықтық тез қатып көзге, тілге, күрек тіске, аңға, сойдақ азу тіске ұқсас пішінге айналды. Қорғасын жарқырап қатып қалғанда бір түйірі аумаған нар, бір түйірі кәдімгі ірі қара малдың ортан жілігі болып түсті, бір түйірі шоқпар, бір түйірі ай орақтанған түрден аусашы. Кемпір жүзі құбылып үнсіз қалды.

Ұлбике емші кемпірге ала келген аққұйрық шай, өрік-мейіз, құрт-бауырсақ, бірер кез мата берді. Жібек Ұлбикеге апам айтушы еді, бақсы ойнаса білместі біледі, құлағына жын сыбырлайды, құмалақ сөйлейді, жындар сыбырлайды деді. Ұлбике қайтар жолда абысынына бір-ақ ауыз сөз айтқан: «Бұл жалғанда мені кім түсінсін?!».

Оның көз алдынан опырық кәрі кескін кетпей қойды. Балгер тірі емес, өлік, көз қуысы ойық, көз ұяны айнала алдамшы тері қаптап қойғандай көрінді. Кәдімгі қу сүйек бастан аусашы. Бірақ тілі сөйлейді. Жүзінде өлік таңба тығулы тұрғанымен тілі тірі, мірдің оғындай. Тілің біздей деп өзінен оңбай жеңілгенде ақындар айтып қалатын еді.

Аптап ыстықта жылқыны түнде жаяды. Бойтан иен далада жылқы күзетіне аттанған кеште көрші ауылда шілдехана болып жатқан. Қайынаға-жеңге, абысын-ажын Ұлбикесіз тойдың сәні келіспейтінін әбден біледі. «Біз сені сабатпаймыз» десіп, судың арғы жағына қонған ауылға ала жөнелген. Той ала таңға ұласқан.

Аты шоқырақтап түзге шаба жөнелген бір әумесер түн ауа үйір-үйір мол жылқы жусаған тұста қара тастың қуысында ұйқылы-ояу мүлгіген Бойтанды шағыстырды. «Ұлбике көрші ауылда сауық-сайран, жын ойнақты қыздырып көрім болып жатыр. Сұлу қатын сорға бітеді деген» – деп бықсытты. Бойтан оны қамшымен бір тартып, атына қарғып мініп шаба жөнелген. Арқасына соққы батса да қораш байғұс отқа май құйғанын ұғып, бір қиқаң етіп жөнімен кетті.

Ұлбике тойдан қайтып келсе, суыт жеткен Бойтан қарадай түтігіп сыртта түнеріп отыр екен. Ұлбике итаяқты ошақтағы күлмен ысқылап, сумен шайып тазартып қоятын. Жыңғылдан сыпыртқы жасайды, ошақ маңында артық-ауыс қоқыс жатпайды. Итаяққа күбіден су құйып, ішке кіргісі келмей бөгеле берді. Ішін сұмдық құлазу меңдеп барады. Анадайда ит мүжіген жамбас сүйек жатыр. Ортан жілік басы шоқпардай шомбал көрінді. Бойтан кенет ұшып түрегелген. «Сені ме! Некелі байыңды итаяқ құрлы көрмейтін албасты!» деп кіжініп кеп, жылқының жамбас сүйегін ала сала келіншегінің басынан періп жіберді. Қарақұстан дәу сүйек оңдырмай тигенде Ұлбике сылқ ете түсті. Бойтан Ұлбикенің маңдайымен жер сүзе құлағанын көре сала белдеуде тұрған шұбар атына мініп айдалаға қаша жөнелді. Бір айналып келсе Ұлбике жерде сұлап жатпас деген бұлдыр ойды қарманған. Талып қалса есін жияр. Жамбас сүйек ортан жілікпен жалғасқан сан сүйегінің кесек бөлігі, ірі әрі қатты сүйек.

Үзіліп бара жатқан қас-қағымда бес айдай бұрын Ұлбике өң мен түс арасында сезінгені есіне оралды.Көкек айдың алтыншы күні көкте жарқыраған алтын күн қараңғы тартып сөне бастаған екен. Сұмдық үрей кернеген жүрегіне дауа болып, сөз жасындай жарып шыққан жұмбақты бастан кешірді. Күн тұтылғанда жер жаралғалы ең алғашқы ойлы, мән-мағыналы сұлу өлең солай туғаны жадына елестеп өткенде сол бір көнекөз ақын дәл өзі екеніне кереметтей таңданды.

Табиғат қысқы сүреңсіздіктен көктемеде тіріліп, ауа жұпар шашқанда кенет долданып, от сөнгенде күлде қалған жұмыртқадай қарайып аппақ күн сөнгені, көкте сөнбес жарықты қара басқаны несі?! Бірақ сол кереғар көрініс бұлқыныс өлең тудырған шын құдірет екен-ау! Есеңгіреген, күйінген жанын діріл билеген соң ерекше тебіреністен лықсыған толқынды-толқынды сөздер керемет ырғақ күйге, жүрек үніне айнала бастаған. Күн тұтылуымен қатар қарашығы қоса сөніп барады. Көзде от бар, көзде су бар, көзде жел бар, көз топыраққа айналады. Ақтық мезет аққан жұлдыздай өмір үш дарияға айналып кетті. Көкке шаншылған тауда мұзарттан бастау алған ұлы өзен үш тарам болып  жер бетінде,  жеті қат жер астында және жеті қат көкте ағады екен-ау.   

Ұлбике қараша қаздар жылы жаққа қайтуынан қырық күн бұрын, жаз торғыны әлі кетпеген тамыз айы орталағанда үзілді. Қапияда ата-анасын қан жылатып нақақтан өліп кетті. Қызын ата-анасы ұлға балап, ардақтап өсірді. Екінші мүшелге жетер-жетпес 24 жасар Ұлбике өлгенде қалың ел күңіреніп, азан-қазан шулап кетті. Оның қаза болғанын естірту оңай болмады. Қайғы-зар желді күні жөңкілген қара қаңбақтай зулап кеткен. Тас түскен жерге ауыр. Қара тас Ошақтымен қатар Сіргеліге түсті. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деуге сыймайтын қас жақсыны қапелімде жоғалту екі жаққа қатты соққы болып тиді.

Айырған алтын секілді сөзі керім, өлең десе танадай көзі жарқырап, жайнап жырлайтын жас сұлу жазатайым қараңғы көрге түскені көкейге сияр емес. Адыра қалғыр ажалдан құтқармас дүлей қара күш құртпай тынбайды екен-ау.

Жеңге-апалар шашын жайып жіберіп, ет жақыны дауыс салып, жоқтау айтып жылағанымен төркін жағының шері тарқамады. «Қара балтаң жілік болды, / Бал жаласқан құда қайдан бүлік болды. / Ажарлымды қара жерге тығып көмді. / Ашу сайтан иектеген, / Дүлей Болтан жаман күйеу. / Алғаныңды өлтіргенің қос тарапқа күйік болды. / Өлең үшін өлтірдің бе? / Жаманатқа келтірдің бе? / Күншілдікпен көрге салдың, / Атың өшсін, қарғыс алдың. / Ұлбике біздің көркем-ді, / Тірілерден іздесем де, / Таба алар ма екем еркемді?! / Қас жақсыны жоғалтудың ауыр-ай!».

 Атақты бес ақынды қатарынан жеңіп, ер-тоқымын арқалатып, жаяу қайтарған Ұлбике сүймей тиген күйеуінің қолынан мерт болды.

Сүйекке түскен бес қатын биік сөре үстіне мәйітті шалқасынан жатқызып, ақ матаны шалмалап, бір жағын марқұмның мойнына іліп, екінші жағымен жалаңаш тәнді жасырып, көлегейлеп перде тұтып, салқын сумен жуған кезде сол қолымен суды қолының сыртына қарай құйды. Ашық-шашық жуу қорғансыз аруаққа жасалған күнә саналады. Сүйекке біреуі су құйып тұрады, біреуі аударысады, бірі сабындайды, бір әйел басын, бір әйел аяғын жуады. Дәрет алдырады. Сабыннан соң таза сумен шайып, құрғақ орамалмен сүртетін бесінші келіншек. Кебінге қалампыр себеді. Кебіннің бас-аяғын, ортасынан бөз матаны жыртып алып буады. Үйдің оң жағында мәйіт арулаған орынды қарамен жауып тастады. Сол жерге жеті күн шырақ жағу ғұрпы бар. Мәйітті жуындырған соң су құйған қазанды өртеп, төңкеріп тастады. Қазанды жұлдыз шыққанша асқа пайдаланбайды.

Жерлеп қайтқан соң мәйітті ораған кілемді, киімдерін далаға қойды, таңертең таң ата жиып алады, жұлдыз жарығы тазалайды. Басын жуған әйелге бас киімін, денесін жуғанға шапанын, сүйегін аударған келіншекке ішігін, аяғын жуғанға мәсісін таратып берген. Басын сабындап жуып, шашын тарамай кеудесіне салып, кимешек кигізген. Ұлбике тірісінде өрген шашының ұшына тағатын күміс шашбау, теңге, моншақтары сандық түбінде қалды. Келін болып түскелі Ұлбикенің шашы көп түсетін. Уыс-уыс шашын шешесі кестелеп тігіп берген пүліш қалтаға салып қоятын. Соны молаға бірге көмді. Ұлбикенің бейітіне ұршық қойған жоқ.

Жаңыл «Өзіме тартқан қарағым деуші ем сүйсініп. Менің емес, елдің қызы екенсің-ау! Сен туғанда әкең құздан лашын іздеп кеткені бір белгі екен ғой! Қараңғыдан қорқушы ең, көрде қалай жатырсың?» –  деп ботасы өлген аруанадай боздап дауыс салып, еңіреп жылады.

Жібек елең-алаңда түзге шыққанда Бойтанның шаңырағына байғыз қонақтап отырғаны бекер болмады деп жылады. Абысыны шаңырақты отпен аластатқан соң Ұлбикені шибұрым балгерге ертіп апарғаны бекерге шықты.

Ел қорғаған Саңырақ батыр* ұрпақтары қарындас қазасына қатты налып, кек қайтармаққа түйілді. Ұлбике көптің бірі емес. Үкілеп ұзатқан қыз бала сұраусыз кетер деме, оның өз жұрты бар. Екі ру арасындағы жанжал ушығып кетпеуіне мүдделі ел ағалары, аузы дуалы билер болған іске басу айтып, тоқтау салды. Билер екі тайпа ел дауын шешкенде ала жіп аттатпаған. Үйсін елі, түп атасы Майқы би, Жалайырдан кейінгі жолы үлкені Ошақты.

Өнерден мақрұм екен деп кісіні жазғыра беруге кім рұқсат берген. Елдің бәрі сал-серілік құрып кетпейді. Ойнас құрудан аман бола тұра некелі күйеу алғанын неге өлтірді? Түйіні шешілмес іс болмайды. Дала заңы әз Тәукеден қалған Жеті Жарғыға сүйеніп, құн дауын шешуге ұйғарған.

Ұлбике өлді дегенді ұшарын жел білетін қаңбақтай кезбе, ел ақтаған диуанадан ести сала Тереңөзектегі қожа ауылы бата қылуға аттанды.

Аса жайлауы, Көктал баурайы, Талас өзенінің төменгі сағасында қоныстанған елде Ұлбикенің асы берілген соң кісі өліміне құн даулаған рулық дау басталды. Ұлбике марқұм тірісінде айтыстан озушы еді, өлгенде ол үшін екі жақ тартысты.  Сіргелі руы елге мәшһүр жанды елеусіз қайдан қылады. Із көміп кете алмайды.

Ұлы жүз он бір ірі тайпадан құралады. Сіргелі Ойсылдан тарайды. Ойсылдан туған отыз ұл батыр, зорлықшыл болған. Қарақойлы жағынан билік айтқан Баққара аянып қалмаған, шешен екенін шын танытты.

Билер дауы басталғанда Бойтанды керегеге таңып тастады. Айыпты болғанды сот үкімі шыққанша сөйтіп жазалайды. Киіз үйдің керегесіне аяқ-қолын байлап, таңып тастайды. Ағайыны көнбеске амал жоқ.

Андыздаған ел киіз үйге сыймаған соң көгалға жайғасты. Әуелгі айыптаушы һәм қорғаушы сөзді Қарақойлы руы алды. Басыбайлы отанасы сүйген жарын қызғану қылмыс емес, өз меншігін сақтау. Қатын түзде болса ол шаңырақта қайдан береке болсын, келіннің аты ел аузына ерте іліккені әбден пәле болды. Бұған қызын ұлдан бетер әулие көріп, балапан кезден еркін өсірген төркін жұрты кінәлі.  Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Шешесіне қарап қызын ал деген. Шешесі сауықшыл, әнші, жыршы болған соң не шара. Ақ жаулығын қастер тұтуды неге үйретпеген?!  

Үлкен әулетке келін болып түссе де Ұлбике марқұм әлеуләйін қоймады, сөйтіп Бойтан ер босағасын қырсық шалды, берекесі бұзылды. Иісі Қарақойлының шамына тиер іс қылды. Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық дегенді бұрынғы өткен бабалар білмей айтты демегін. Албасты қабаққа қарап басады. Күдері қожа сияқты шайырлар айтыс сайын текекөзденіп: «Ұлбике-ау, тілің шешен, жүзің көркем» деп аталық қудай сұңқылдап, қарадай қыздырып отырса Бойтан қайдан тыныш болсын. Оны қараниет қаскөй, тоңмойын санап Ошақты қыстығып отырған жайың бар. Жаратылыста алғанын қызғанбайтын еркек болмайды, тек доңыз болмаса, мұны басқа білмесе де қожа нәсілі Күдері әбден білер-ақ. Жамандық хабар жерде жатпайды. Жиделібайсын жері Сырдария, Әулиеата, Түркістан, Қаратау, Жетісуға беймезгіл қаза таралып кеткенде кісі өлтірген деген жаман атағы бар Қарақойлыға қара күйе жағылып жатыр емес пе? Ошақты судан таза, сүттен ақ болып, құн төлетіп алуға кезеніп, безеріп отырсыңдар. Жүзіқара Бойтан болды. Ендеше, Ұлбикенің өліміне сендей аруды Бойтан сияқты жаман күйеуге қимаймын деп әр айтыста айта берген елірме ақындар кінәлі. Атасақалы аузына шыққан кәрісі де, иегіне түк бітпеген жасы да күйеуің лайық емес оттай берді. Ұлбикенің бар міні Бойтан болған екен. Ата жолымен адал алған жарын сонша кемітіп, жініктіргенде не тапты олар? Айтақпен ақыры өлтіртіп тынды. Ұлбике «Қосылмайды Бойтан мырза жамандауға, / Бұл жүрген тең көрмеймін адамдарға. / Әке-шешем ырза болып өзі берген, / Жазса тағдыр әуелден, шарам бар ма?» тоқтау сұраса да шымшып қоймағанын ел саңырау емес, талай естіді. Кінәрат күйеуден тағылды. Өлең айтса Ұлбике өзгеріп кетеді, көк бөрідей тәкаппар, азуын айға білеп асқақтап шығады. Мұндайда еркек сөз ұғарлық ел емес.

Бойтанға Ұлбикені сабатып жүрген солар, қасақана жаманатқа тағып, өсекке таңды. Аңдыған жау алмай қоймас, ақыры пәле іздеген сөз өлтірді,  Ұлбикені қара қуыс, қараңғы көрге түсірді. Тасжүрек, мұны қалай жасырасың енді? Бұлғақтап, күйеуін менсінбеу зор кесел. Қыздың беті алдамшы, оның ажарына алданған аңғал ер не опа тапты?! Ажарын қия алмай жүргеннің соңы неге соқтырды? Бойтан өлеңін қоймаған өр қатынға талақ айтуы керек еді, бай күйеуге тиер қыз табылар еді ғой. Бүкіл руды дуа тимеген тұқым ғой демегін. Батасыз ел емеспіз. Қызда қырық періште бар деседі. Қызда қырық сайтан да бар.

 Ошақты жағынан сөйлеген би Сіргеліге басу айтты. Сүйек сонікі.  Әйел ер адамға берілген Алланың аманаты, сосын ата-ананың аманаты. Әйелін жатсынып қорлау, ұрып-соғып қамшы жұмсау, аққан селдей тасыған өлеңін шектеу ақыры қазаға ұрындырды, жақсыны өлімге қию көксоққан лағнеттің ісі. Сұлуды алған кісі оның теңі болмай шықса қасірет. Құладын қу іліпті. Құстың қоры құладын аққуға қалай жар болсын?

Әйел еркекке күң емес, мұндай адасқақ қауымда оң түсінік жоқ.  Сабасының таусылмайтын қоры бар байдың есімі кейінгіге қалмайды. Ұлбике өлді деп ойлама, қазақ барда оның аты өшпейді. Күйеу жақ «Бір әбестік болыпты, білместігін кешірейік» деуге бет жоқ, қара бет. Томырық күйеу өз дегенін істеді. Тозық дәстүр жалған намысты кеулеткен. Ұлбике сүйекке дақ салды деп кіжінген Бойтан итке тастаған жамбас сүйекті итаяқтан жұлып алып, Ұлбикені басқа ұрды.  Кісі өлтіру ерсі қылық емес, қанды қылмыс.

Бұған уәж айтқан би әйел еркектің қисық қабырғасынан жаралды деп томсарды. Ысты Бөлтірік биден қалған сөз, диуананы ұрсаң мазарға қарай қашар. Ұлбике жез бұйдалы тайлақтай өлең-жырға елігіп ере бергені, үйден түзді артық көргені осы қайғыға ұрындырған жоқ па. Қай атаңда қатын ерден безіп, өнер деп сандалғаннан опа тапты?! Шығасыға иесі басшы. Кінә екі жақтан. Намысын қорғап теріс іс қылуға мәжбүр ерді бұл үшін айыптау сыңаржақ үкім.

Тереңөзектен қасына бірқатар кісі ертіп жеткен Күдері қожа құн даулаушы жақтан кезеніп сөйлеген.  Оның көз алдынан Ұлбикенің ажары кетер ме. Ұлбике ару сөз сайысында ерлерді көп еңсерді, соның кегін надан күйеуі Бойтан алып бергендей күй кешкен Күдері қожаның жүрегі үзілердей төмен тартты. Шын асылын жоғалтқан жүрек қан жылады. Аталы сөзден тартынбасы анық. Тым құрыса Ұлбикенің сүйегін қорлатпайды, аруағын асырады. Көзі қаралы елге тоқталмай, көкжиекке қадалып қалған.

Ұлбикеге ас беріп жатқан ауылда жұрт жиылып қалған. Көк жүзіне қарала бұлттар үйіріліп, жаңбыр үздіксіз құйды. Ұлбикені табиғат жоқтап жылады. Ас аяқталған соң құн дауы басталды. Беймезгіл өксікті қазаға әбден ашынған төркін жағы Күдері қожаны көргенде қорған болар жанды жазбай білген. Ұлбикенің төркіні таңдауды Күдері айтсын деп шешті. Таяққа бөркін кигізген бала Едіге сияқты Күдері қожа әуелі күбір-күбір өзімен-өзі сөйлесті. Төрелік берілген Күдері қожаның көзі боталап тұрған.

Төркіні құн сұрады. Билер соты төркініне таңдау берді. Пайғамбар шариғатына көнесің бе, бидің билігіне жүгінесің бе? Тасжүрек руының кісілері: «Пайғамбар шариғатына салдық! Күдері қожа айтсын!» – десті.   

Күдері Ұлбикенің әулие екенін білді. Арқадан қайтқан сапарында керуен жолдан қиыс кетіп, су таба алмай Бетпақтың шөлінде адасты. Шөлге шыдау мүмкін емес. Күн ұясына әзер батқанда керуен құмға қонған. Түнде Ұлбике Күдерінің түсіне кіріп, аян берді. Темірқазыққа қарап, оңға жүріңдер деп жол нұсқады. Көкте жұлдыздар сөнбей тұрғанда бұлақ көзіне жетіп су жұтқан керуен тіріліп сала берген. Бір жолы Күдері өлеңмен қатты қағытып жібергенде Ұлбике оған: «Бетпақтың шөлінде көзіңе көріндім. Су ішкеніңді ұмытпа» деген. Күдері Мәделі қожаға сыр қылып айтқан сол бір сөзін есіне алды.

Шариғатқа жүгінген Күдері қожа: «Өлер Ұлбике өлді. Аяр да ас жоқ, тояр да ас жоқ. Ұлбике Алла берген өнеріне бағынды. Мұның сырын білу үшін көрді ашып, мәйіттің кеуде тұсын сойып, өкпесін алып көру керек. Өкпесінде жазу жоқ болса, тойға бару, өлең айту әйел жынысына теріс. Күйеуге сот, бұған құн бұйырмайды. Егер өкпесінде жазу болса, онда ғұзыр айтпаса, ішін жарып кетеді. Марқұмның жазмышына жомарт құдай мейірі тасып өлең дарытқан болса, сөз киесін ардақтау күпір саналмайды. Ол кінәлі емес, бұйрықтан аспайды. Онда жазықты ру үш кісінің құнын берсін: сүйек құны, өнер құны, қара құн».

Мешіт салдырып, кітап ашқан діндардан естігенін қайталап, қара молда қиямет қайымда басқа пәле тілден, тілінен жазған ақындар жаза тартады деп уәж айта бастап еді. Күдері қожа ол бекер, сөз құдіреті әманда бір Алладан берілмек, өйткені барша өнер адамға Жаратушының асқан сыйы деген.

Менің әкем Құранды жатқа біледі. Ақырзаманда пұтқа табынушылар жаза тартады. Бұл өнер қонған арқалы ақындарды айыптап айтылмаған аят. Ескі, ескі ертелікте қолдан мүсін ойып, қара тастан пұт жасап, құбыжық, жансыз қуыршаққа табынуды айтқан деп дереу тыйып тастады. Нөсерлеген сөз тасқыны селдей қопарып, жасындай тіліп өтеді. Ақын жаны тұңғиық, жұмбағын оның кім білер. Ел көкірегіне сол дауыстар арқылы алтын күмбез сәуледен ұшқын түскендей еліктірмей ме. Қаратаудың құз-жартасына сіңіп кетердей адырлардан асып, аққан сумен тасып, жиде, жыңғыл, жусан, жуа, арша, сексеуіл, терек, тал-шілік, қамыс, қурай сол сарынға елегзиді. Жырсыз дүние қараң қалып, жұтай бастайды. Талас суы құм кеулеген таңдайын жібітсін деп шөлге асығып ағады. Ақын да сондай, киелі сөз жұт болдырмайды. Даңқыңды естіп жеттім деп алыстан ат арылтып келіп айтысатын ақындық дәстүр жалпақ елге жағымды. Бұрынғы ноғай, қазақ заманында жырлап сөйлеушілердің басы Орманбет хан тұсында басталып еді. Содан бері бұқара халық жыршы-жыраулардың аузына қарайды. Әйткенмен атам қазақ әйел баласы тұрмақ, ұл баласы ақын болса шалық шалды деп жылайтын.

Бір топ кісі топырағы кеуіп үлгермеген Ұлбикенің көрін ашуға мәжбүр болды. Күдері қожа арабша сұңқылдап дұға оқыды. Айнала отырған ерлер үнсіз мүлгіп кеткендей көзімен жер шұқылап отыр. Екі жақтан да өкпені ашқанда андыздап, анталап кетпес үшін сабыр сақтаған түрлері. Әрі бұрын болмаған мұндай іс жүрек шайлықтырып барады. Бозбаланы төмпешік болып жатқан жас молаға жолатқан жоқ. Өлімнің беті әрі. Кілең қартаңдау кісілерді барғызған, ең жасы жиырма тоғыз жасар Күдері қожа. Ол Ұлбикенің жоқтаушысы болғандықтан ерген. Ұлбикенің кебінін кеуде тұстан ашып, өткір сапымен жүрек тұсын тіліп, өкпесін суырып алғанда жұрт аһ ұрып, ішін тартты.

Жанкелді еңіреп егіле жылады. Енді бір кісілер ұзақ қарауға шыдамай теріс қарап кетті, өкпеде ирек-ирек жазу бар. Мал сойғанда өкпесі тап-таза болатынын ел біледі. Ұлбикенің денесін ақиреттік бөзбен орап тастаған болатын. Мәйіт әлі бүлінбеген, мата сол қалпы. Тасжүрек руының екі шалы еңкілдеп жылап жібергенде мола басында отырған тоғыз кісі қосылып жылады. Өлген соң бейкүнә аруақтың мазасын алу неткен ауыр. Өкпені кеуде қуысына қайта салып, топырақты жапты.

Төмпешік молаға барған кісілер ауылға оралғанда киіз үйге енбес бұрын шапанын сілкіп киді.  Ауылда қалған жұрт ботадай боздап, қойдай маңырап, сиырша өкірісіп жыласты. Ел-күн аманда Ұлбике мынадай болды.

Ақиық ақындығы Жиделібайсыннан асып Арқаға жеткен Күдері қожа «Іс тағдырға сызылды, жас қазаның уытынан жағдай ушыға түсті. Екі рудың арасы мұздай өшпенділікке айналмасын. Өмір мен өлім егіз. Қастандықтың өтеуі бар, қылмысты кісі киелі өнерді өшірді. Аққа құдай жақ. Төркіні құн сұрады. Әкесі ақын, шешесі ақын, арғы тегінен ақындық қуат үзілмеген Ұлбикенің аузына қақпақ қойдыңдар, бірақ өлеңді тоқпақтап өлтіре алмайсың. Өнер құнын төлейсіңдер. Құнға қылған кесім мынау. Сүйек құны елу жылқы, алты жақсы. Қара құн 100 жылқы, он екі жақсы, өнер құны тоғыз жақсы. Ертеректе арғын Көтеш ақынға алынған» – деді.

Кісі өліміне төленетін үстеме құн 2000 қой немесе 200 жылқы, болмаса 100 түйе мөлшерінде болады. «Даудың түбін қыз бекітеді» деп Ысты Бөлтірік шешен айтқандай болмады. Қайын жұрты Ұлбике үшін үш адамның құнын төледі. Қаралы қазамен қайын жұртқа қара таңба басылып, ел тағы бір күйзелді. Айыпты жақ ру болып құн төледі. Қарақойлы мұнан жұтап қалмас, бірақ алты алашқа жайылған жаман атақты жуса кете ме?

Күдері қожа ардақты құрбысын, Ұлбикені жоғалтқанын анық түсінді. Асыл айнымас, алтынды тот баспас. Қыз бала кезінен кейпі көз алдында. Екеуі бірдей жұлқынып отырған бір айтыста Ұлбике: «Қожаеке, шоқша қара сақалыңыз / «Ләббай» деген ежелден мақалыңыз. / Екеу, үшеу сіздерге көп болмайды, / Сүйіп алған бар ма еді тоқалыңыз?» дегенде: «Ұлбике, шашың алтын, бұрымыңыз, / Тал бойына жарасқан тұлымыңыз. / Қожа кісі қарадан қыз алмайды, / Өз теңіңді дәл тауып ұрыныңыз» деп тойтарып тастағанда, ол: «Қожаеке, өлең айтып, кітап аштың, / Тоқталуы бола ма кәрі-жастың? / Бұрын неге ұрынып отырушы ең, / Шап бергенде, тап бермей, қалай қаштың?» – деп тықсыра түскен.

Бірақ өзі «Арқауылдың құба жон жортар бөрі, / Бір жарымның жоғынан көңілім кері. / Мені қайтсең жеңесің, ай, Ұлбике, / Әкем аты – Еркөшек, мен – Күдері» деп ауық-ауық ынтықтығын жасыра алмай қалатыны қайда. Ұлбике: «Шайтан қашар бойыңнан, «Алла!» десең / Зәндем зымырап кетерсің арам жесең! / Мені қайтсең жеңесің, ай, қожаеке, / Әкем аты – Жанкелді, Жаңыл шешем». Ұлбике тосылмайды, нағыз «сен тұр, мен атайын» деп өршеленіп кетеді.   

Соңғы мәрте тұрмыстағы Ұлбикенің мүшкіл халін сезіп, Талас бойына жеткен. Ел қонақасын дайындап, Күдеріні қудай құлап күткен. Ұлбике екеуін айтыстырып, жыр тыңдауға қолқалап баққан.  

Күдері еліне кері оралғанда өткен күндер елесі күздігүні қайтқан тырналар легіндей кеудесін керней берді. Сарыарқада үш жыл жүріп оралған соң тұрмысқа шыққан Ұлбикемен айтыста сағынып, құмарланғандай күй кешкен. Тереңөзек пен Қараөзекте көрші ауыл қонған дәурен қандай еді. «Қожалардың ішінде сен бір дүрсің / Қожам, тоқсан түрлендің мені көрсең» деп Ұлбике мұның асықтығын білсе де неге оңаша жолықпады екен.

Күдері: «Ұлбике, «Бақтияр*» ма тегі затың? / Жайылған алты алашқа «Ұлбике» атың. / Аузыңнан шыққан сөзің шекер мен бал, / Танакөз, қайдан жүрсің, перизатым?». Ұлбике:  «Сайраса бауға қонған бұлбұлым-ай, / Барады қапалықпен бұл күнім-ай! / Ағарып атқан таңдай қайдан келдің,  / Қыраны қаршығаның, тұйғыным-ай!» дегенде бұрынғы ерке қыз өзгеріп, қиналып кеткенін ұққан еді. Күдері: «Ұлбике, қыздан шыққан лашынысың, / Бұл жерде сенен сөзді кім асырсын?! / Көтере айт көп ішінде өлеңіңді, / Кірбіңі көкіректің бір ашылсын!». Ұлбике: «Барады іштегі ыстық сыртқа теуіп, / Бассайшы лебізімді суды сеуіп. / Тұлпары арғымақтың, қайдан келдің, / Отыр ем қапа болып, жаным күйіп». Күдері: «Белгісі құшақ жайған – сағынғанның, / Өсекке, сөзі жалған, таңылғанның. / Сүйкенер көңілі сүйген сүйгеніне, / Осындай келер сөзі асыл жанның».  

Ұлбике үнсіз отырып қалды. Таластың мөлдір суындай бір тамшы жас үзілген. Күдері: «Қайтады қалашылар құман алып, / Ташкенге қатынайды жылда барып. / Ұлбике, еш ойымнан кеткен жоқсың, / Сенімен жарым көңілім мұнда қалып» – деп жұбатып, жан сырын айтқан еді.

Күдері қожа Ұлбикенің құнын үш есе қылып алып бергелі ел ішінде әңгіме гуледі. Ел «Сыр бойында туған Ұлбикені мұнда топырақ тартты» десіп аңыз қылды. Жібек ақ шиге ірімшік жайып отырып, көзіне жас толып, кеше ғана көз алдында жүрген қайран Ұлбикені қимай, оның «Алтын балдақ» әнін салды. Даланы лала қызғалдақ көмген жұпар көктемдей Ұлбике жүзі жанып, гүлдей құлпыратын еді.

Өлгеніне жыл толмай Ұлбике есімі аңызға айнала бастаған. «Ұлбикем болған бір төбе» деп ел еміренген. Ұлбике он екіге толғанша тілі шықпапты, әке-шешесі қызы мылқау болар деп қайғыланып жүргенде ол өлеңмен сөйлеп кетіпті десті біреулер. Күдері қожамен бір күн, бір түн айтысқан Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар екен. Бала жастан құймақұлақ зейінді болған Ұлбике он екі жасынан жұмбақ айтысқа түскенін ел біледі, тегі соны астарлайды.  

Күдерінің әкесі Еркөшек: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең Бұхараға барып, үш жыл оқып кел, әйтпесе онымен айтысуға жарамайсың» деген екен.  Біреу солай десе, біреу оны түзетіп айтатын. «Күдері қожа әкесіне Ұлбикені тоқтататын бір сөз тауып бер» депті. Сонда әкесі: «29 қаріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйғызып айт. Екі һаріпті қалдырып кет. Соның қалғанын Ұлбике білсе, одан әрі айтыспай-ақ қой. Оның өкпесіне өлең жазылған» депті. Күдері ойланып-толғанып, Ұлбикеге арабша «шын» мен «жиым» әрпін қалдырып кетіп бір шумақ өлең айтса керек. «Қожеке, өлең айттың, кітап аштың, / Жау қуды ма, асығып, неге састың? / «Шын» мен «жиымды» қалдырып қара басып, / Құранды аяғыңа қалай бастың?» десе керек. Ұлбике бесікте жатқанда өлеңмен сөйлеп кетіпті-мыс. Әсіре өсіріп айтуға әуес біреу қисынға келмейтін сөз айтса мейлі, аңқау елге шын көрінетін.

Жасы кіші Мәделі қожа Ұлбикені пір тұтқаны есінде. «Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі, / Қысылса да аузына сөз түседі. / Өлең айтып отырған Ұлбикенің /  Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі». Мәделі қожа «Ат арытып, айтысқа келгендердің, / Арқасына ырситып қамшы бастың» деп оның өнерін шын мойындаған. Ұлбике «Әуелден-ақ адамзат тіл көмейлі, / Шайпау сөз қыз жөнінде не демейді. / Іздеп келген сол ақын кетіп қалған, / Қой да үріккен жағына беттемейді» деп осалдыққа ұрынбасын жасырмады. Ізтілеу Ұлбикені өзіңді ермен тең ұстайсың, жүз тайдырмайсың деп жазғырған екен. Ұлбике сен қайынатам емессің, жас келін болып жүз тайдырып, гүлдей майысып бетімді бұрып әкеткенде саған мүйіз шыға ма деп күлкі қылады.

Ұлбикені «Жоғалған жылқымды іздеп жүрмін» деп сылтау айтып келіп, айтысқан ақындар болды. Егер сөзден тосылса, ақындар қара өлеңнен ала қоюшы еді. «Татуым, қимасым, сөзімді шын ұғар сырласым» деп ойлады Күдері қожа жабығып. Өзгенің қармағына ілінбедің, жаналғыш жендетке бұйырғаның не? Қандай алабөтен жазмыш!

Жазықта қозы баққан бір бала Ұлбикенің өкпесі жыбырлаған өлең дегенде қатты таң қалды. Бұрын-соңды мұндайды естімеген. Үкі қанатында ирек-ирек жазу болады екен, сондықтан қасиетті құс саналады деседі. Ол жартастан аң-құс пішіндерін, шимай-шимай жазулар көріп, сол суреттерді құмға сызатын. Әлгі бала жыршыны іңірде көшкен шайтандай жат көретін, шәкіртті шыбықпен осып салатын сары молдаға сене бермеуші еді. Молдалар көк шыбығын сайлап қойып, жеті жасар балаларға арабша һаріп үйрететін.

Таразы туса таң суыр. Жаз ауып бара жатқанын, салқын күз лебі білінуін жердегі жұрт көктегі жұлдыздарға қарап болжайды. Күз нышаны таң алдында білінеді. Қаратауда ел жайлаудан етекке түскен.

Қалыңмалы қырық жеті байтал, тоғыз түйе болған Ұлбике келін болып түскенде күйеу жұртына отауымен келген болатын. Жаңа түскен келіншектің ақ отауы ата-ененің оң жағына тігілген еді. Буылып-түйілген тең-тең жасауы отау ішіне ілінген соң көз жауын алатын. Бойтан Ұлбике мініп келген ат ер-тұрманымен және сәукелесін бір түйеге артып төркініне кері қайтарды. Сәукеледе 40 жылқының құны бар. Сәукелесін шымылдыққа орап, түйенің қомына артқан шиге бекітіп артты. Ұлбикесіз ауыл сүрең тартып тұр.  

Арқада Арғын Сүйіндік* ішінде Күліктің* Сексен атасынан Райдың баласы Көтеш ақын төкпе айтыстан алдына қара салмаған қас жүйрік болатын. Елсізде ұрыларға кезігіп, астындағы атын аударып алғанда ол «Жолыңды айт, ей, төрт жігіт, ел болғайсың, / Төртеуің көк байталға тең болғайсың. / Кінәсі жоқ Көтешті тонап алып, / Айдабол* мен Күлікке жем болғайсың» – деп  бір ауыз өлең айтыпты. Айтқаны айдай келген. Жетпістен асқан ақын із-тозсыз жоғалып кеткен соң ел-жұрты түзден сүйегін табады. Кісі қолынан мерт болғанын білген соң іздеушілер бір ауылда балалардың осы өлеңді айтып жүргенін естиді ғой. Бұлтартпас айып салынып, айыпкер рудан ер құнына жүз жылқы, өнер құнына жүз жылқы, екі жүз жылқы алған деседі. Мұны Күдері қожа Арқада үш жыл жүргенде естіп келген. Содан беріде мұндай құн қазақта алынбаған, енді Ұлбике үшін өнер құны төленгенін әділдік санайды.

Ұлы жүз Дулат-Сиқым руының белді азаматы, бір басына көлтауысар үш мың жылқы біткен ел ағасы Қасымбек болыс Талас өзенінің бойында көзі тірісінде өзіне арнап ас берді. Мұндайды иісі қазақта сирек болсын жуан ата баласы жасайтыны бар. Ыса баласы Қасымбектің аста төк топырақ тойына Кенесары ханның кенже баласы Ахмет төре құдасы Мәделі Жүсіпқожаұлын ертіп жетіп, аламан бәйгеге бір-бір жүйрік қосқан. Үш жүзге аты шыққан жиында Мәделі қожа дауысын алты қанат ақ үйдің сыртынан тыңдаған елдің қарасы оның ішінде отырған құрметті меймандардан асып түскен.

Мәделі қожаның ұлғайып қалған шағы, ол әулие-әмбиелер туралы уағыз жырын айтып болғасын, дарияның гауһар жатар арнасында деп баяғыда Ұлбикемен айтысқанын, Ұлбикеге жетер айтыс ақыны болған жоқ, ол бүй деді, мен сүй дедім деп елегзіп еске алды.

Күдері «Ұлбике деген, шіркін, аты қандай, / Бір өзі мың сұлуға татығандай. / Қызығы бұл тірліктің кімге керек, / Жарқ етіп ғашықтықтың оты жанбай!» десе, Ұлбике: «Ешқашан өкініштен пенде өлмейді, / Ешбір жан сүйген жанға тең келмейді. / Тұтқасы қолдан шығып, сынып қалған, / Ақ сандық енді қайта жөнделмейді» – деп мұңаяды.  Екеуі біресе шын сөзін, жан толқытар сырын айтысарын біз аңдап қаламыз.

Күдері қожа бір жиында Ұлбикеге қатты шүйлігіп, өлеңмен соқтыққан. Себебі сол жиында Ұлбикенің айттырған жігіті Бойтан бар екен. «Ұлбике, қара қияр, қара қияр, / Сыдырсаң, қара қамыс қолың қияр. / Сенен сұрар, Ұлбике, бір сөзім бар, / Мынау тентек некеңді қашан қияр?» – деп сұрапты.  Ұлбике: «Қожеке-ау, өзің айтқан қара қияр, / Сыдырсаң, қара қамыс қолың қияр. / Ақсақ пенен тоқсақтың бірін берсе, / Сен секілді қожаның өзі-ақ қияр» – дейді.

Мәделі ақын Ұлбике мен Күдері қожаның қайым айтысынан ұзақ толғау келтірген. Мәделі қожаның Ұлбике қыздың аруағына деген асқан құрметі, тебіренген сағыныш сыры қаймана жұрт жүрегіне ұялап қалды. Бал аралар гүлден гүлге ұшып қонғаны сияқты тірі өлең қауыз жарып, Қаратаудан бастау алған мың бұлақтай лықсып, Жиделібайсын жерінде ауыздан ауызға тарай бастады.  

Биік таудан төмен аққан Талас суы жапан далаға нәр беріп, жазыққа жұтылып, Мойынқұмға сіңіп сарқылады. Басы тау, соңы құм.

 

 

Комментарий

Сыңсу өлең* – салт-дәстүр жыры. Ұзатылып бара жатқан қыз ел-жұртына мұңын айтқан.

Қалыңдық* – күйеуге айттырылған, бірақ оң жақта, өз үйінде, әке-шешесінің қасында отырған, тұрмысқа ұзатылатын бойжеткен қыз.

Қалыңмал* – күйеу қалыңдық үшін қыздың әкесіне беретін малы, қалыңмалдың құны 47 жылқы, кейде 37 қара мал.

Саңырақ* – Ошақтының жаугершілікте ел қорғаған батыры.

Бахтияр* – Ұлы жүздің ұраны.

Сүйіндік, Күлік, Айдабол* – Орта жүз Арғын тайпасының рулары.

 

2016, қаңтар, жазу туралы идея.

5.02.2024. / 19.10.2025. /

20.01.2026. / 24.01. / 26.01. / 27.01. / 30.01. / 31.01. / 1.02. / 2.02. /  3.03. /4.02. / 5.02. / 6.02. /  8.02. / 10.02. / 12.02. / 13.02. / 14.02. /  15.02. / 17.02. / 18.02. / 19.02. / 20.02. / 22.02. / 28.02. / 1.03. / 2.03. / 7.03. / 4.04. /  28.04. /  31.05./ 1.06. / 2.06. / 1.07./ 3.07. / 4.07. /6.07./ 8.07.  / 9.07. / 12.07./ 15.07. / 16.07. / 17.07. / 18.07. /  19. 07. 2026.  

8.07. 2026 күні  40 беттік текстті екіге бөлу туралы идея туды.

 

 

 

author

Айгүл Кемелбаева

ЖАЗУШЫ

АЙМАҚТАР

Алматыда метроның кіреберісі суға толып, адамдарға аттап өту де, айналып өту де қиындық туғызуда, де...

АЙМАҚТАР

Қазақстанда алдағы үш күнде кей аймақтарда күн күрт суытады деп күтіледі. Елдің солтүстігінде, орт...