Мо Янь. Мен және қойлар (Эссе)

Фотосурет ашық дереккөзден

ПРОЗА
31

Қой атаулының түрі көп, кескін-келбеті де, бітімі де бір-біріне ұқсамайды. Соның ішінде менің көңіліме қонатыны – биязы жүнді қой. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын менің сондай екі қозым болды. Екеуі де мен үшін жай мал емес, жаныма жақын аяулы достарым секілді еді. Қазір солардың арқа жүні бұйраланған бейнесі көз алдымда әлі сайрап тұр. Ал сол кездегі өзімнің қандай бала болғанымды анықтап айту қиын. О заманда ауылдағы баланың суретке түсуі деген өте сирек. Өзіңіз ойлаңызшы, алты-жеті жастағы баланың айнаға қарап, өз түрін бағып отыруы тіпті болмайтын нәрсе емес пе?

Байқұс шешемнің айтуынша, бала күнімде сүйкімсіздеу неме болыппын. Бет-ауызым үнемі кір-қожалақ, сатпақ болып жүреді екен. Ернімнің үстіндегі қос сайдан аққан маңқам екі жіп болып салбырап тұрады десетін. Ауыл адамдары соны көріп: «Мына бала екі айдаһар мұрт шығарып жүр ғой», – деп күлетін көрінеді. Оның үстіне бала күнімде тым қомағай болыппын. Аштан өлген жын кенет тіріліп келгендей, алдыма не түссе де жанталасып жалмай береді екенмін.

Былтыр көктем мерекесінде қарашаңыраққа барып, әке-шешемді көріп қайттым. Сол кезде кәрі шешем баяғы ескі әңгімені тағы да қоқсытты.

– Негізі, өзің бойына шыр бітпеген жаман неме едің, дәл ержететін шағыңда аштыққа ұрынып, жетілмей қалдың. Қисық-қыңыр болып өскенің содан, – деді.

Осыны айтып отырып, көзіне жас алды. Мен шешемнің мұңайғанын көргім келмей, сөзді басқа жаққа бұрып, әлгі екі қойым жайында әңгіме қозғадым.

Есімде, қай жылы екенін білмеймін, әйтеуір бір көктемнің таңында біздің үйге үсті-басы алба-жұлба бір шал келді. Мен есік жақта бұйығып, бұғып тұрып, соған көз алмай қарадым. Әлгі шал атаммен бөтен жақтың мақамымен ұзақ сөйлесті. Сосын қойнынан екі күлше шығарып, маған ұстатты. Күлше тәтті екен, тістегенде қытырлап тұрды. Соның дәмі күні бүгінге дейін аузымнан кетпейді.

Атам маған әлгі шалды «екінші ата» деп сөйле деді. Кейін білдім: ол атамның анттасқан анда бауыры екен. Екеуі Хуайхай шайқасы кезінде әскерге азық-түлік жеткізіп жүріп танысып, бір-біріне сыйлас, сырлас бауыр болып кетіпті.

Екінші ата маған:

– Әй, кішкентай үшінші, қозы баққың келе ме? – деді.

Мен ойланбастан:

– Иә, баққым келеді! – дедім.

– Ендеше, келесі жәрмеңкеде саған қозы әкеліп беремін, – деді.

Сонымен, екінші атам жөніне кетіп қалды. Мен содан кейін күнде жәрмеңкені күттім. Атамның да мазасын алып, кендір қабығынан қамшы өріп бер деп өтініп, зықын шығардым. Ақыры көптен күткен жәрмеңке күні де келді. Екінші атам сөзінде тұрып, шөптен тоқылған себетке салып, екі кішкентай қозы алып келіпті. Екеуі де қардай аппақ, жүндері бұйра-бұйра. Көздері көгілдір шыны моншақтай жылтырайды. Кішкентай мұрындарының ұшы қызғылт. Алғаш әкелгенде тыным таппай маңыраумен болды да, маған бір жетім қалған екі баладай көрінді. Сол маңыраған үнді естіген сайын жүрегім қоса маңырайтын. Кеңсірігім ашып, көзіме жас келетін. Екінші атамның айтуынша, қос қозы екі ай бұрын ғана туған екен. Туа сала енесі өліп қалған көрінеді.

– Қазір көктем ғой, жер көгеріп, балғын шөп те шығып келеді. Жақсы бақсаңдар, түк етпейді, мал болып кетеді, – деді.

Ол уақыт – алпысыншы жылдардың басы. Тұрмыс ауыр. Ақша құнсыз, базарда не болса да қымбат. Қой-қозы одан бетер қымбат. Атам мен екінші атам өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүріп, қиындықты бірге көрген, бір-бірімен есептеспейтін адамдар болса да, атам оған ілтипат танытып, аздаған ақша ұсынды.

Оған екінші атам қатты кейіп, шоқша сақалы шошаңдап:

– Апырау-ай, ағасы, сіз өзі қалай адамсыз, әлде мені мүлде менсінбей тұрсыз ба? Қызық екенсіз-ау! Бұл екі қозыны мына кішкентай үшінші ойнасын, алданыш қылсын деп әдейі алып әкелдім, – деді.

Атам көне досының көңілін аулап:

– Інішек, бұл қозының құны емес. Ағаңның жол қаражаты үшін берген азын-аулақ көмегі ғой, – деді.

Екінші атаның әйелі жақында ғана аштықтан қайтыс болыпты. Өзі жалғыз, сүйенері жоқ. Қолында қалған бар-жоғын сатып, қиырдағы солтүстік-шығыс жаққа кетіп, қызының қолына паналамақшы екен. Ол азын-аулақ ақшаны тамырлары білеуленіп, адырайып кеткен кәрі қолымен қалтылдай ұстап, әрең алды. Көзіне бір үйір жас іркіліп келіп, жанары жасаурап:

– Аға, демек, біздің бауырлық жақындығымыздың жеткен жері осы болды ғой… – деді күрсініп.

Қозының бірі еркек, бірі ұрғашы еді. Орта мектепте оқитын үлкен әпкем екеуіне ат қойды. Еркегін Серёжа, ұрғашысын Валя деді. Ол кезде Қытай мен Кеңес Одағының арасы жақсы еді. Мектепте орыс тілі оқытылатын. Ал әпкем өз сыныбында орыс тілі сабағында белсенді болып жүретін. Біздің ауыл үш ауданның шекарасы түйіскен жерде орналасқан. Ауылдан шығысқа қарай бір шақырым жүрсең, кең алқапты шалғынды далаға шығасың. Көктемде ол жерді шет-шегіне көз жетпес көк майса басады. Оның арасында алуан түрлі гүл өседі, көз алмай қарасаң, жерге біреу алып кілем төсеп қойғандай. Мен қозыларыммен бірге сол жерден өз жұмағымды таптым. Екеуі жас шөпке тойып алып, бірін-бірі қуып ойнайтын. Мен де олардан қалыспай, көк шөптің үстінде аунап-қунап жататынмын. Кейде біздің айқай-шуымыздан шөп арасындағы бозторғайлар пыр етіп ұшып, аспанға атылған жебедей зулайтын.

Серёжа мен Валя күн өткен сайын қоң жинап, жұмырлана түсті. Ал мен болсам, баяғы сол тапал, сол шыр бітпеген арық күйімнен танбадым. Үйдегілер ауыздарынан жырып, ішер асын алдыма тосса да, бойыма ине шаншар ет бітпеді. Екі қозымның аузы дамыл таппай жыбырлап, көк майсаны орып-орып жеп жатқанын көргенде, ішімнен қызғанып та қоятынмын. Кейде тіпті соларға еліктеп, өзім де шөп жұлып жеп көретінмін. Бірақ адам мал бола ма екен. Сырт көзге сондай жас, сондай жұмсақ көрінетін көк шөптің дәмі кермек, жұту да оңай емес екен.

Бір күні Серёжаның басынан екі қызғылт томпақтың бөртіп келе жатқанын байқап қалдым. Таңғалғаным сонша, үйге жүгіріп барып, атамнан сұрадым.

– Мүйізі шығып келеді, – деді атам.

Мен бұған іштей онша қуанбадым. Өйткені мүйіз шықса, Серёжа бұрынғыдай сүйкімді көрінбей қалады деп ойладым. Басына мүйіз тебіндеген соң, ол маған баяғы момын қозыдан гөрі кеудесіне нан піскен бір пәле секілді көрінді.

Көктем өтіп, күз келді. Серёжаның шекесінен екі жаққа иіріле шыққан мүйізі жуандап, аз күнде-ақ айбарлы қошқарға айналды. Баяғы сүйкімді қозының жұрнағы да қалмаған. Енді жүрсе, басын кекірейте көтеріп, паңдана басады. Сыртынан қарасаң, қойдан гөрі коммунаның бір кеірейген шенеунігіне көбірек ұқсайды: түрі сұсты, салмақты, өзінен өзгені менсінбейтіндей. Мен кейде оның басын төмен басып, «кішірейіп жүр» дегендей етемін. Бірақ оған көне қояр ол жоқ. Басын бір сілкісе, мені домалатып жібереді.

Валя да өсіп қалыпты. Толысқан, жуас, ибалы бір қыз секілді. Оған да мүйіз шықты, бірақ титімдей ғана екен. Менің екі қозым көп ұзамай мұқым ауылға мәлім болды. Шалғында жайып жүргенімде, ауылдың балалары топ-тобымен келіп, Серёжаның мүйізіне алыстан қызыға қарайтын. Кейде өзара бәстесіп: «Кім барып Серёжаның мүйізін ұстап келсе, соған бәріміз бір-бір себет жабайы шөп жинап береміз», – десетін.

Бірде Дажуан деген бір бала батырсынып, аяғын аңдап басып, жайлап жақындай берді. Қолын мүйізге тигізіп үлгермей жатып, Серёжа бір сүзгенде, бала шалқасынан жалп ете түсті. Ал мен, әрине, Серёжадан қорықпаймын. Тек басын күшпен төмен қарай тұқырта баспасам болды, өзі маған келгенде жуас-ақ. Тіпті үстіне ат қылып мініп алсам да, біраз жерге дейін алып жүретін.

Кейбіреулер атама келіп:

– Мына қойларыңызды сатыңыз. Әрқайсысы үш жүз юань тұрады, – дейтін.

Мен мұны естіген сайын, зәрем ұшатын. Тіпті әлгілерді іштей жек көріп кететінмін. Қозыларымды алып қоя ма деп, кейде үйге қайтқым келмей, қараңғы түскенше шалғында солармен бірге қонып қалғым келетін.

Атам бізді іздеп тауып алып:

– Қорықпа, балам. Біз оларды сатпаймыз. Сен бұларды бейнетпен өсірдің. Енді қалай сатамыз? – дейтін.

Шалғында жайылып жүретін тағы бір отар бар еді. Ол мемлекеттік фермаға қарайтын. Соның ішінде бір бас қошқар болды. Оны Шинжияң жақтан әкеліпті десетін. Алты-жеті жасар шамасында, Серёжадан сәл ірілеу. Бүкіл денесін қаптаған ұзын жүн кірден сарғыш тартып кеткен. Басындағы екі көкшіл мүйізі темір қамшыдай иіліп тұр. Адамға көбіне қырын қарап жүреді, түрі сұмдық суық. Мен ондай қошқарлардан әдетте, аулақ жүретінмін. Бірақ бір күні менің екі қойым өз бетімен барып, әлгі отарға жақындай бастады. Сол қойларды бағып жүрген шопан жиырма жеті-жиырма сегіздер шамасындағы адам сияқты көрінетін. Үстінде көк түсті, ескілеу, кір басқан студент киімі бар. Көзінде қалың әйнекті көзілдірік, өзі арық, жүдеу. Өңі аппақ болғанмен, сортаң жердей сұрқай тартып тұрады.

Әлгі жігіт маған ыстық ықылас көрсете:

– Әй, балақай, мына екі қойыңды жап-жақсы бағып жүр екенсің! – деді.

Мен соны естіп, кәдімгідей марқайып қалдым.

Ол сөзін жалғап:

– Бірақ тұқымы онша емес екен. Мына саулық қойың біздің Шинжияңдық асыл тұқымды қошқарымен қосылса шағылысса, одан туған қозы да тәуір шығар еді, – деп әлгі сиқы қашқан сүйкімсіз кәрі қошқарды нұсқады.

Мен қойларымды дереу айдап әкетпек болдым, бірақ үлгере алмадым. Кәрі қошқар Валяны көре сала жортақтап жетіп келді де, арт жағынан иіскелей бастады. Иіскеген сайын танауын жиырып, тістерін ақситып, басын көкке созып, бір арсыз кейіпке түсіп, қаны әбден бұзылған бұзақыдай ерсі қылық көрсетті.

Валя қорқып, құйрығын қыса қашты. Бірақ кәрі қошқар соңынан қалар емес. Мен ашуланып, қамшымен тартып-тартып жібердім. Ол маған қайырылып та қарамады. Сол кезде оған қарай Серёжа тап берді. Кәрі қошқар болса, сүзісудің қас шебері екен. Орнынан тапжылмай тұрып, Серёжаға қиғаш көзбен бір қарады. Мына кейпіне көз тастасаң нағыз кәрі бұзақының өзі дерсің.

Жекпе-жектің бірінші кезегінде кәрі қошқар ескі әдетіне басты. Жалтара қап, өзіне бар күшімен ұмтылған Серёжаны сұлатып салды. Бірақ Серёжа мұндайға жасып қалатын жан емес екен, жалп етіп атып тұрды да, қайта ұмтылды. Көздері қып-қызыл болып қанталап кеткен, танауы делдиіп, пыс-пыс етеді. Қарасаң, қошқар емес, ырылдаған қасқыр дерсің. Бірақ, кәрі қошқар оны ойыншық құрлы көріп тұрған жоқ. Темірдей мүйізін шайқап-шайқап жіберіп, қарсы ұмтылды. Бір мезетте тарс еткен қатты үн шықты, төрт мүйіз сақ етіп бір-біріне соғылды. Тіпті айналаға отты ұшқындар шашырап кеткендей.

Содан кейін нағыз айқас қызды дерсің. Тарс-тұрс, сарт-сұрт, төңіректе одан өзге үн жоқ. Үлкен алаңқайдың шөбін тұяқтарымен таптап, түгін қоймады. Екі қошқардың төрт мүйізі кірігіп алып, көпке дейін айрылмай тұрды. Ақырында екеуі де шаршағандай болды. Ауыздарынан ақ көбік бұрқырап, жүндері малмандай су болды. Сонда да бір-біріне дес берер емес. Серёжа үш адым ілгері аттаса, кәрі қошқар үш адым кейін шегінеді, кәрі қошқар үш адым алға шықса, Серёжа үш адым кейін ығысады.

Мен шошығанымнан өкіріп жылап жібердім. Кәрі қошқарды жерден алып, жерге салып әбден боқтадым, ол тіпті, былқ етер емес. Шопанды балағаттап едім, ол да селт еткен жоқ. Менің зарымды естіп тұрса да, естімеген кісідей, басын салбыратып, қолындағы тақтайшаға бірдеңе шұқылап отыр. Неткен тас керең, қатыгез адам! Ашуға булығып, жүгіріп барып, қамшының сабымен кәрі қошқардың сауырынан бір тартып қалдым.

Шопан жүгіріп келіп, мені ұстап алды да:

– Інішек, өтінемін, қоя тұршы, мына қошқарлардың жанын тігіп сүзіскен суретін салып бітіріп алайын… – деді.

Сонда барып көз салсам, оның қолындағы тақтайшаға қыстырылған ақ қағазға Серёжа мен анау жексұрын қошқардың қиянкескі шайқасы айнытпай түсіріліпті. Тек кәрі қошқардың артқы аяғы ғана әлі бітпеген екен.

Сол сәтте мен тірі мақұлықтың өзін де қағазға түсіруге болатынын алғаш рет көрдім. Осындай жуас, жадау көрінетін шопанның бойында мұндай ғажап өнер барын кім ойлаған. Сол күннен бастап мен оған еріксіз іштей ілтипатпен қарайтын болдым. Шопан екеуміз бірте-бірте кәдімгідей достасып кеттік. Күнде сол шалғында ұшырасатынбыз. Ол маған әлемдегі талай қызық әңгімелерді айтып береді, мен де қарап қалмай оған ауыл-үйдің талай өсегі мен құпиясын жайып салатынмын.

Ол қошқарлардың сүзісіп тұрған суретін маған сыйлады. Тіпті астына өз атын да кестелеп жазып қойыпты. Мен оны баға жетпес дүние көріп, екі қолдап қыса ұстап, үйге ала жүгірдім. Үйдегілердің бәрі аңырып қалды. Піскен тәтті картопты езіп алып, желімнің орнына жақтым да, әлгі суретті қабырғаға жапсырып тастадым.

Жексенбі күні әпкем азық-түлік арқалап үйге келгенде, қабырғадағы қошқарлар шайқасының суретін көріп, оны салған адамның облысқа аты шыққан белгілі суретші екенін айтты. Бірақ сорына қарай, оны «оңшыл» деп айыптап, жазаға ұшыратып, осында жер аударған екен.

Сол күні түстен кейін мен әпкемді әлгі қойшымен таныстырдым.

Кейін тағы да кәрі қошқар мен Серёжа талай айқасты. Бірақ екеуі ешқашан бір-бірін жеңе алмай, жеңіс ешқайсысына бұйырмаған күйі кетті. Ақыры бір күні неге екені белгісіз, өзара татуласып тынды. Кеудесі бардың бәрі бірдей қиқулап жауға шаба бермейді екен.

Келесі жылы Валя егіз қозы тапты. Жүндері жібектей майда әрі ұзын, құйрықтары жер сызып жүреді. Расында, жаратылысы өзгеше, бөлекше төлдер еді.

Бірақ дәл сол тұста қойдың құны түсіп кетті. Төртеуін қосып сатсаң да, жүз юаньға жетер-жетпес. Мен атамның іштей қынжылып жүргенін сезетінмін. Бірақ ол онысын сыртына шығармайтын.

Содан бері көзді ашып-жұмғанша жиырма жыл зулап өте шығыпты. Атам тоқсанға келді. Мен де біраз жыл әскерде қызмет еттім. Өткен жылы үйге барып, атаммен әңгімелесіп отырғанда, ол:

– Ана қой терісін құрт жеп, әбден тозды ғой. Екінші атаң да бұл дүниеде жоқ шығар, – деді.

Атамның айтып отырғаны – Серёжаның терісі еді. Сол жылы кәрі қошқармен айқасқаннан кейін оның мінезі бұзылды. Болмашыға бола адам сүзетінді шығарды. Адам болмаса, қабырға сүзеді. Ақыры қораның қабырғасын сүзгілеп жүріп, үлкен бір тесік салып тынды.

Бір күні атам оған суаруға барған екен. Сонда Серёжа кісі танымастай болып, атамды да аямай, сүзіп қалып, маңдайын жарып жіберіпті.

Сонда атам:

– Мұны енді ұстауға болмайды, – депті.

Бір күні мен үйде жоқта, атам оны төртінші ағама сойғызып тастаған екен.

Мен үйге келгенімде, баяғы айбарлы Серёжа борша-борша ет болып, қазанда бүлкілдеп қайнап жатыр екен. Біздің әулеттегі он шақты бала қазанның қасында дәметіп, етті күтіп отыр.

Менің көзіме еріксіз жас келді. Сол сәтте көңіліме бір өксік тығылып, қазанның буына араласып, баяғы өзіммен бірге өскен аяулы бір тіршіліктің де үзілгенін сезгендей болдым. Шешем маған бір тостаған ішек-қарын сорпасын ұсынды. Көңілім құлазып тұрса да, шұрқырап тұрған қарын оған қарасын ба, аш қасқыр сияқты бас салдым.

Валя мен оның екі қозысын да атам жәрмеңкеге айдап барып сатып жіберді.

Кейін әпкем әлгі шопанның етегінен ұстап кетті. Ал қошқарлардың айқасқан суретін әпкем алып кетті ме, әлде шешем отқа жағып жіберді ме, оны енді анық айта алмаймын.

 

1981 жыл, мамыр. Баудин қаласы.

Қазақ тіліне аударған Бауыржан Қарағызұлы

 

author

Бауыржан Қарағызұлы

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Оңтүстік Кореяда өрт кезінде жоғалып кеткен қазақстандықтың сүйегі табылды, деп хабарлады MadeniPort...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астаналық Барыс хоккей клубының шабуылшысы Әлихан Әсетов маусымдағы үшінші төбелесіне қатысқаны үшін...