Тағдырды адам өзі жасайды... Адам болып өмірге келіп, тәлейіңмен таласа жүріп, талғаммен ғұмыр кешіп...
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік мұрасы
Фото: ашық дереккөзден
Жуырда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақ поэзиясында мәңгілік мұра мен өшпес із қалдырған Мұқағалидің өлеңдерін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Ақынның туған күні қарсаңында madeniportal.kz назарларыңызға Мұқағали Мақатаевтың танымал шығармаларын ұсынады.
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
Ғашықпын
Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?!
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?!
Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толық
Бар үміт, бар сенімді шашып болып
Өтермін сірә да мен бұл өмірден
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.
Сенің көзің
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сезің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сепбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен? Аңсадым-ау, аңсадым…
Әйелдер-ай
Әйелдер-ай!
Әйелдер!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
…Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді…
Фаризаға
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?…
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға…
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),
He туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз…