Халқымызда «Биік тауға шықсаң – көзің ашылады, жақсы адаммен сөйлессең – көңілің а...
Көнерген көк дәптер
Сурет ашық дереккөзден алынды
Жаз кезі. Кеш түсіп, салқын самал есіп тұрды. Ауылдың табиғаты тамаша ғой шіркін! Ағаштың бәрі жайқалып өсіп, жемістердің пісіп, көкөністердің көгеріп жатқанын көрудің өзі қуаныш екен. Қаладан ауылға келген бетім осы. Бүгін төртінші күн. Үй іші сағынып қалыпты. Әр кез оқудан осылай ат арылтып келгенімде әкем мен анамның қуанышында шек болмайды. Барын аузыма тосып айналып-толғанып отырады. Әуелден-ақ, үйден қонақ арылған емес. Келгелі, ағайын-туыс бәрі жиналып хал сұрасып, оқу жайын бір қозғап дәм ауыз тиіп кетеді. Келгендердің арасында тіршілік қамын айтып әкеме мұңын шағып кететіндері де бар...
Екі-үш күннен бері үйдегі тынымсыз қарбалас басылған. Үй-іші қалаға кеткен. Келгелі жаным оңаша қалуды қалап еді. Бүгін соның орайы келгендей. Бос отыруға да төзімім жетпей үйді жинап жүріп, төргі бөлменің есігі ашық қалғанын байқадым. Біздің үйде «әкемнің кәбинеті» деген жеке бөлме бар. Бітпей қалған көп жұмыстарын осы бөлмеде отырып соңына жеткізетін. Бұл бөлменің қандай сиқыры барын қайдам, кейде түн ауғанға дейін қамалып шықпай қалатын кездері болады. Біз бұл бөлмеге көп бас сұға бермейтінбіз. Бір қызығы әкем өзі жоқта бұл бөлменің есігін ашық қалдырмай үнемі кілттеп жүретін.
Аядай бөлмеге аяқ бастым. Өзімді барымталауға келген ұрыдай сезініп, жан-жағыма қарап қоям. Бөлмеге кірген бетте салқын леп бетімді шарпып өтті. Ескі дүниенің, сарғайған кітаптардың иісі аңқиды. Ескіліктің дәмін сезгендей бойымда қобалжу да бар. Төрт қабырғаны айнала д кітап сөресі қойылыпты. Оң жақ бөлігінде, ертегі, әдеби, тарихи кітаптар орналасқан. Бәрі таныс. Тіпті ең алғаш әріп жазған дәптерлер, мақтау қағаздарға дейін бар. Ал төр жағында әкем мен анамның бала күнгі, студент кездеріндегі және отау құрып бүтін бір отбасы болған сәтіне дейінгі фотосуреттер бүкіл қабырғадан орын алған. Қабырғаның төменгі жағында «ұрпағым үшін» деген жазуға көзім түсті. Жүрегім өрекпіп, еріксіз көзіме жас келді. Әкем өмірінің әрбір сәтін бос қалдырмаған екен. Оймақтай бөлмеге ойын да, орнын да ойып тұрып бекітіпті.
Енді бөлменің сол жағына қарай жүргенімде ешқашан көрмеген дүниелер көзіме оттай басылды. Әкемнің әскерге барған суреті (әкем тек әскерде ғана болған жоқ), төс белгілер әрбір сөреге ретімен жайғастырылыпты. Әбден сарғайған қалың кітаптар, ескірген журналдар, жыртылуға әзір тұрған газеттерді ақтара жүріп әкемнің жазу үстелінде тұрған бір көк дәптерді байқадым. Қолыма алдым. Беті ашық жатыр. Әкемнің күнделігі сияқты. Ескіріпті. Оқығым келді. Мүмкін емес... білемін. Жеке жазба ғой. Бірақ ақырын ғана орнына қоя салайын десем, не жазылған екен деген желік ой мені оқуға итермелеп тұрғандай. Оқығанымды тіпті мына бөлмеге кіргенімді әкем сезе қоймас. Тәуекел... отыра қалып оқуға кірістім.
«... 1984 жылдың сәуір айы. Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптап көрмеппін. Тіпті, балалық шақ болып па еді, есіме түсіре алмаймын. Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар. Тәттісінен ащысы көп, қуанышынан өкініші мол, қайғысынан қамығары басымырақ. Ерте есеюді өзім аңсап өстім. Еркелегнімнен есейгенім, күлгенімнен мұңайғаным мені тек алға қарай жетелей берді. Сөйте жүріп ерте есейіп, балалығымнан алыстағанмын. Бүгін он сегіздемін. Мен ұлы жиырмасыншы ғасырдың жасымын. Бүгін мен өз жайымды әңгіме еткім келеді. Өйткені бір жағымнан кек қысып отыр да, екінші – үлкен бір қайғым да бар. Менің бұл жазғандарым болашақта зерделі зиялылардың қолына тисе, иненің жасуындай болса да, үлкен істердің бір тетігіне жараса, менің одан басқа арманым да болмас еді. Ол зерттеушілер біздің осы арпалыста жүріп қайғыра да, жылай да, күле де, кектене де білгенімізді түйсіне білсе болғаны.
Кек неге қысады? Оны да айтайын. Жастық шақ маған бір-ақ рет берілмеп пе еді? Сол сәтімді әлдеқандай түнерген алып күш жұлып кетпекші. Ол жастықтан бір айрылсам, ол қайтып оралар ма? Оралмайтынын мен жақсы білемін. Біз, жастар, өмір сүруге асығатын едік. Жастық ғұмырымыздың іші-тысы бірдей мағыналы болсын деуші едік қой. Міне, сол қымбат жастық шағымда Ауғанның жерінде қолыма қару алып жүрмін. Мен осыған кектенем.
Әскерге екі жылдық борышымды өтеуге барам деген қиялмен аттанып ем. Алты айлық әскери дайындықтан соң, кеңес үкіметінің арнайы дайындаған әскери ротасының құрамына кіріп Ауғанстанға аттанып кете бардық. Кім үшін, не үшін соғысқанымыздың әлі де байыбыныа бара алар емеспін.
1984 жыл. Жаз айы. Көк дәптрім өзіме серік болғалы, қолым қалт етсе жазуға кірісем. Мендегі ой – санадағы сенделген ойды сілкіп алу. Мектеп бітіргелі бар ойым оқуда, қызмет жайында және несін жасырайын, өнер жайында болатын. Алдымен ақын болғым келетін . Пушкин, Лермонтавты, Гете мен Гейнені оқығанда біржола өлеңге сүңгіп кетуші ем. Бүгінде бір сәттік өлең жолдары ойыма келе қалғаны.
Ардақты туыстарым, ата-ана,
Ешқашан болған емес ісің қата.
Жауға кеп түсерімді сезгендей-ақ
Кетерде ақ тілекпен бердің бата.
Міне, мен келіп түстім Ауғанына,
Қайтеміз тағдыр басқа салғаны да.
Ажалдан ауылымыз алыс болса,
Дұшпанның түсе бермес салмағы да.
Емеспіз шыбын жанды аянатын,
Алдағы қиындықтан тайынатын
Қайда деп әлгі жауы жүре бердік
Үстіне түрлі түсті боянатын...
1985 жыл. Өткен он айдың ішінде біз бірнеше әскери бөлімде болдық. Өлімді де көрдім. Адам бір-ақ рет туады, бір-ақ рет өледі. Өлім әртүрлі болады: біреуі қайғыдан өледі, біреу аурудан өледі. Соғыста жүріп өлу деген ұлы өлім деп айтар едім. Мен бүгін жаралымын. Тәнім де жаным да жаралы. Досымнан айрылдым. Жақын жолдасыңның қиналып барып жан тапсыруын көруден ауыр не бар. Жауды мен аямаймын, оның өліміне ішім қынжылмайды да, мен адамды емес, адам бейнелі айуанды қырып жүргенімді жақсы білемін. Ал енді қасыңда қазақ жастары қыршын кетіп жатқанда, жүрегің қан жылайды екен. Білемін, досымның өлімінде де өмір бар!
Ауған жерінде қыр-қырды асып жүріп келеміз. Жер асты минаға көмкерілген. Әрбір аттаған қадамымыз қыр астында. Кез келген сәтте минаға түсіп қалуымыз ғажап емес. Мен алдында Асқар соңымнан еріп келеді. Бір қадам аттағаным сол еді, арттағы бір ұйғыр жігітінің алыстан мина-минааа! – деп айқай салғанын құлағым шалды. Артыма бұрылған сәтімде:
- Не деп жатыр-ей? – деген Асқардың дауысы алыстан естілді.
- Асқар, байқа мина...! – деп үлгермедім.
Дала көз алдымда аласапыран күйге енді. Жан-жақтан адамдардың аспанға ұшып құлап жатқандарын көріп есеңгіреп, сол тұрған жерімде мелшидім де қалдым. Жан-жағымның бәрі мина жарылысы. Мен тұрған жер де жарылып төменге сүңгіп кетердей күй кештім. Жолдастарым жұлықсып жатыр. Шыдай алмай барам, алға ұмтылғым келеді. Құлағым бітеліп, басым мең-зең, қансырап барам, көтеріле алар емеспін. Жаныңа бататыны өзіңнің дәрменсіздігің екен.
Бір кезде есімді жинап, тіземнің ауырсынғанын сездім. Қан сорғалауда. Жанымда бір жауынгер шыңғырып жатыр. Өліммен арпалысып жатқандай. Қатты күйіпті. Дауысынан таныдым, Асқар екен. Әлде ашу, әлде ыза кернеп, мен оған: «Соғыста жылай ме екен! Жылама!» – деп әмір етемін. Тыпыршып сөзге келіп: «Өлгелі жатырмын! Өліп барам!» – деді әлсіреген дауыспен. «Өлмейсің! Неге өлесің?! Сен аман қалуың керек!» дегеніме ол жауап бере алмай сол күйі үзіліп кетті. Ол соғысқа келе жатқанда да не үшін, кім үшін соғысатынын білген жоқ. Өлімге бас тігіп келе жатқанын да білген жоқ.
Мен бірінші рет жыладым. Тіпті бала кезде де қай сәтте жылағаным есімде жоқ. Ащы дауыспен жанұшыра айқайладым. Бірақ амал не ол қайта оралмайды. Мен осы сәттен бастап тірі өлікке айналдым. Бірақ амал не ол қайта оралмайды. Сол минаға мен түсуім керек еді. Ол тірі қалу керек еді. Оның арманы көп еді. Осы ойлар менің өзегімді өртеді.
Бұдан кейін де қаншама өлімді көз алдымнан өткердім. Уақыт өте ажал басқа, өлім басқа екенін түсіндім. Ажал келмесе бұл фәниден кетуің қиын екен. Екі жетіде аяғымның жарақаты да жазылды. Досымның өлімінен кейін өзімді отқа да, шоққа да тастаудан тайсалмадым. Көпке дейін өзімді кешіре алмай жүрдім.
1986 жылдың күзі. Мен өмірімде бірінші рет ай жарығында хат жазып отырмын. Қағазға қаз-қатар түскен жолдар жақсы көрінсе де, қайта оқып шығу қиын-ақ. Бүгін айлы түн ерекше жақсы. Мұндай қоңыр күзде сирек кездсетін түн. Мен айлы, әсерлі түндерді көп көріп ем, ал ертеңгі айқас алдындағы мына түн тіпті таңқалдырды. Біз ертең таң ата шабуылға шығамыз. Дұшпандардың әлегі әлі бітер емес. Кейде олар елінің тәуелсіздігі үшін жанын беруге де дайын аптал азаматтар сияқты болып көрінеді. Азаттық үшін күрескен әрине, ерлік... Бірақ олардың бұл ерліктері жүзеге аса қоймас. Қаруластарымның өлімі маған қатты батты. Әлденеге қапалана беремін, кеудемді өксік буып алған. Әй, қойшы! Бүгін менің ойым оларда емес, басқада. Өміріме қара бұлттай төніп келе жатса да, олар енді мына ақ қағазымның бетін былғағанын қаламаймын. Мен олармен өзім, күш-жігеріммен, қаруыммен күресемін. Мына дәптерге жазарда да ойыммен арпалысам.
Ұйқың келмейді. Атысқа дейін уақытым болғандықтан міне, хат жазып отырмын. Кейде жазған жазудың оқтай атылатын кездері де болады. Жолдастарым қазір демалып жатыр, көбінің маған ұқсап ұйықтамай, үлкен ой үстінде жатқанын білемін. Шабуылға шығар алдында үнемі осылай ой, жаңа бір дүниенің құшағында жататын әдетің. Менің ең жақын жолдастарым Саят пен Федя ақырын ғана сөйлесіп жатыр:
- Не ойланып жатырсың? – деп Саятты жапа-тармағай сөзге тарта бастады.
- Рая екеуміз қандай жақсы тұратын едік... – дейді. Федя үндемейді. Ол да өзінің сүйген жарын есіне түсіріп отырғанын жақсы білемін.
Достарым үндемей, іштерінен тына қалды. Әрқайсысы бір-бір ойдың құшағында жатыр. Майдандағы үлкен отбасы – тілегі бір достары, отбасынсыз өткен өміріне есеп беріп, демалып жатыр.
Тыныштық. Жел үнсіз, жапырақ тілсіз, құстар әнсіз, дүние түгел қалғығандай. Атылған оқ, жарылған бомба гүрсілі де естілмейді. Толғану, ойлану. Өмір үшін, жас жігіт үшін, әрине, бұл да аз. Мен бір ару жайында толғанушы едім. Мен бір сұлу қызды, қазақтың сұлу қызын жүрегіме жақын тартушы едім. Сол кезде бақыт дегенді бағалай білсемші?! Шамамыз келгенше мен одан ол менен хат жазуды үзбей келеміз.
«Жаным»
«Жаным!» деген сөз біздің заманда ерсі болғанымен, одан артық сөз таба алмай жаздым. Қазір сөз салмақтауға да уақыт жоқ. Бұрын хат жазуға уақыт жоқ дейтін едік, ойлап тұрсам, оның бәрі бекер екен. Мен бұл хатты соңғы рет жазып отырған да болармын. Менің жас өмірім жаңа ғана басталғанына қарамастан мына майданда жанып тұрып, жалт етіп сөніп қаларым да мүмкін ғой. Бірақ қалайда аман қайтуға, сенің жаныңда өмір бойы болуға барымды саламын. Мені кеше қызыл жұлдыз орденіне ұсынды. Әйтеуір, әскери уақытым біткенше, мына құрып кеткір Ауған жерін тәрік еткенімше төсімдегі белгіммен қайтарым анық. Менің амандығымды ауылға да жеткізерсің. Өзімнен хабар болмай хат жазба. Амандықта жүздескенше. Өзіңді күт. Әзірге қош!
1986 жылдың ақпан айы. «Адам деген – айбарлы үн» - деген екен Горький. «Адамға өмір берген күшке мың рақмет!».Тіршілік мен үшін өте қымбат. Көрер жарығым бар екен. Бүгін бір өлімнен қалдым. Жаудың оғы менің белбеуімдегі қатты темір қапсырмаға кеп қадалды. Тесіп өтті. Бірақ, оқ ары қарай шыға алмады. Бүйрегімді жанап өтті. Қан сорғалады. Бірақ ол оқ мені өлтіре алмады. Аман қалдым. Мен тірімін! Бұдан кейінгі сұрапыл оқ менің жанымды қайыстыра қоймас.
... Келесі күні Федя қаза тапты. Арқасына тиген оқтың екпіні кеудесін жарып, жүрегін сыртқа шығарып жіберіпті. Қасындағы жолдастары көпіршіп, көбігі шығып жатқан жүректі жалма-жан көтеріп алып, Федяның кеудесіне қайта салып, бинтпен тас қып орап тастапты..»
Бұны маған Саят бір толқып, бір мұңайып отырып жеткізді. Бұдан асқан азапты өлім бола қоймас..
1986 жыл 24 сәуір айы. Уақыт таңғы 8.20-ны көрсетіп, ТУ 154 85250 Кабул Ашхабад ұшағына отырып Ауған жерін тәрк етіп елге кетіп барамыз. Бітті! Екі жылдық әскери өмірім екі ғасырлық майданға татыды. Бітті! Енді бомбаның ащы дауысы, атылған мылтықтың гүрсілі естілмейді. Есесіне қаншама жас өрендер, қаншама жас жігіттері қыршын кетті. Ең өкініштісі сүйегі өзге елде қалды. Соған өкінемін. Ішім ашиды. Жүрегім қан жылайды. Соғыс деген қаралы ұғым! Ұрпағым бейбіт өмірде сүргей!
Біз бүгін бақыттымыз! Туып өскен жеріміздің топырағын басып, өз еліміздің ауасын жұтамыз. Бұдан асқан бақыт бар ма? Жаратқанға мың да бір шүкір! Бұдан кейін өмірімнің әрбір сәтін мағыналы өткізуге өз-өзіме уәде беремін.
****
«... Бұдан кейін өмірімнің әрбір сәтін мағыналы өткізуге өз-өзіме уәде беремін...» - алқымыма өксік тығылып, соңғы сөздерді үнсіз қайтайлай бердім. Көзімнің әрбір тамшысы көк дәптердің сиясына көкпеңбек етіп өң бергендей.
Мына жалғанда мәнсіз ғұмырды кешіп жүргендер қаншама?! Мен бала боп күліп, жас болып қамсыз-мұңсыз ғұмырымның әрбір сәті бақытқа толы өткенін білемін. Ал әкем ше?! Әкем өзі үшін өзінің қым-қуыт ғұмырында өмірін мағыналы да мәнді өткізе алды ме екен?! Өз уәдесінде берік тұра алды ме екен?! Өзі бақытты бола алды ме екен? Соғыс көрген адамның қалған ғұмыры қандай болу керек еді?! Әрбір таңы қалай атып, түні қалай батуы керек еді? Жастығында музыка дауысымен әуендетіп емес, автомат дауысымен оянған сол кездегі албырт жігіттің, ересек өмірі қалай болды екен?! Досының өмірін ұмыта алды ме екен?! Ойлаған жанға ең ауыр азапты өлім ғой! Өлегендер емес, өлімге куәгерлер көбірек қиналмайды ма?! Сол секілді біз балалары, әкемнің өмірінің куәгерлеріміз. Әкемнің жанкешті соғысты көргенін білсек те, жүрек түкпіріндегі ойларын, сезімдерін сезіне алдық пе екен?!
Көнерген көк дәптердегі осыншама көрікті ойлар, мені біраз толғандырды. Жүрегі дархан, көңілі таза, өзі жұмбақ әкем өмірінде осындай жанкешті сұрапыл соғысты бастан кешіпті. Бала кезімде әкемнің қаншама төс белгілеріне қарап таңданушы едім және жете байыбына бара алмайтынмын. Соғысқа қатысқанын білемін. Бірақ ол туралы ешқашан сөз болған емес. Өйткені әкем ешқашан қиналғанын жан баласына білдірмейтін сабырлы, төзімді жан.
Адам бір жоғары көтеріледі, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтереледі. Бұл жолды қалай жүріп өту, қай сатымен көтерілу ол өзінің қолында. Осы жолдармен асыға ұмтылып, алға баса береді. Оның күш-жігері тасып тұр, шат-шадыман. Ол осы жолының шеті барын, түбінде бір жерге барып бітерін де біледі. Бірақ одан қорықпайды. Оған қымбат – сол жүріп өткен ұзақ жол. Мәңгілік өмір – бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда.
Менің әкемнің өмір атты үлкен жолында бір жолайырық кездесті. Ол жолайырықты – сынақ деп атады да, алға қарай жылжып, жеңіп, жаншып-басып өтіп кете берді. Кете берді, жүре берді, алға жылжыи берді. Және алдынан жарқырап күн де, түн де сәулесін шашып тұрды. Кезіндегі пулеметтің ащы жаңғырығы сәбидің іңгәлаған тәтті дауысына алмасты, кезіндегі хаттың иесі, жүрегінің иесіне, жанашыр досына, сүйікті жан-жарына айнала алды. Әрбір өткерген сұрапыл минуттарын, мағыналы ғұмырымен толықтырып келеді деп сенемін.
Өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды. Бұл – жаратылыс заңы. Адамның өмір сүруі де, өмірден өтуі де кездейсоқ емес. Сынақпен сыналу да, сыналмауы да кездейсоқ емес. Ешқашан құлыпсыз тұрмаған бұл есіктің де, кілттенбей қалуы кездейсоқтық емес.Бір күні емес бір күні әйтеуір, бұл есіктің ашылары анық еді.. Мүмкін сол күн бүгін туып тұрған болар...
Адам дана боп тумайды, дара боп қалыптасады. Мықтылық та, қажыр-қайрат та еркіндікпен келетін құбылыс. Арманың басқа болғанымен, таңдауың өзгеруі әбден мүмкін. Біздегі таңдаулар, сынақтар, мақсаттар, күштер бізді ұлы адам етеді. Ұлы болып мәңгі қалануың да өз қолыңда. Мен дәл сондай бір ұлы да кемел адамды білемін. Және де ол адамды білгеніме бүкіл өмірімен, бар жүрегіммен бақыттымын!
Ұрпағыңмен міңгілік жаса мен білетін - ұлы адам!
ХҰСАНОВА АҚБОТА КӨРІКБАЙҚЫЗЫ