Қазақстан - Өзбекстан мәдени байланыстары

Қазақ
60

ТЕРЕҢ ТАМЫРЛАР

Өзбекстан. Бұл ел күн қызуы мен шуақты, жазық алқаптары мен құнарлы шұраттары көп, диқаншылық һәм бағбандық кәсіппен айналысатын, сауда-саттық өріс алған байтақ өлке, жасыл мекен. Ұлттық бағыттары мен құрамы да айқын. Қышлақтары тығыз орналасқан. Адамдары еңбекқор. Аздан көп жасайды. Табысты халық. Қуаты мен күшін өздеріне, елдің мұрат-мүддесіне арнайды. Мем¬лекет рәміздеріне адал. Ұлттық тарих пен тілге, дәстүр өнегелеріне берік. Мәдени-рухани құндылықтарға көздің қарашығындай қарайды. Оларды қорғап, дамытуға бейіл. Қолда барды бей-берекет етпейді. Керісінше көбейтіп, қор жасауға, өзіндік өнімді, ішкі мүмкіндікті молайтуға әр кез дайын тұрады. 

Өзбекстанда Бұхара, Ташкент, Самарқанд, Хиуа секілді көне қалалар, ел астанасында Ұлттық ғылым академиясы, мемлекеттік драма театры, ұлттық кітапхана мен әдебиет мұражайы тәрізді мәдени-рухани орындар көптеп кездеседі. Олар көбіне ұлттық өрнек нақыштарымен көңілді баурап, назар аудартады және тарихилық сипаты арқылы кешегі-бүгінгі байланысты айқын аңғартады.

Халықаралық ислам ұйымы — ІSESCO Ташкентті “Ислам мәдениетінің астанасы” деп мәртебе беруі бұл қаланың ислам ілімін дамытудағы үлес, ор¬нын көрсетсе керек. Шаһарда қазіргі кезде 115 мешіттің жұмыс істеп тұруы (Кеңес өкіметі тұсында 14 мешіт болған – Р.Т.) ізгілік пен имандылыққа, мейірім мен қайырымдылыққа, жасампаздыққа ашылған кең жол, жаңа өріс десе де болады.

“Шаттық палас” қонақ үйінен “Төле би” кесенесі көп алыс емес екен. Оның “таяу тұсында Ә.Науаи атындағы кинотеатр мен “Пахтакор” стадионы мен мұндалайды. Баба кесенесіне бардық. Көрдік. XV ғасырдағы архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында екен. Іші-сырты таза. Өрнек, нақыштар көп. Айналасы жап-жасыл. Су да жетерлік. Негізінен, кесене жақсы сақталған. Күтім бар. Келім-кетім адамдар қа¬расы да көңілді көтеріп, жүрекке жылылық ұялатады. Осы маңда ХVІ ғасырдағы “Шайх Хаванд Таһур” және бірнеше кесене орналасқан. Бәрі де мемлекет қорғауында екені ап-айқын жазылып тұр. Алайда, жақын тұста бірнеше қабатты үйлер, сауда орындары көп. Кесене жолдан жырақ тұр. Арнайы бармасаң, бірден байқала бермейді. Жеке мемлекет, өзге ел екені есіңе түседі. Барға қанағат деп, өзіңе өзің тоқтау айтасың. Ал Әйтеке бидің бейіті Науаи облысына қарасты Нұрата қаласындағы ежелгі қазақтар зиратында, Сейітқұл әулиемен қатар жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Кесене орнату ісі қолға алынуда екен. Бірақ, бұл сапарда ол жерге біздің жолымыз түспеді. 

Ташкентте өткен ғасырда, 90 жыл¬дардың басында болғаным бар-ды. Бір¬сыпыра мәдени-ғылыми орындарында болып, ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылық мұраларымен танысқан едім. Ол материалдар, дерек көздері әдеби-ғылыми, шығармашылық жұмыстарда кең көлемде пайдаланылды. БАҚ саласында, білім-ғылым жүйесінде, әртүрлі басқосу, жиындарда жан-жақты көрініс тапты. Бұл жолы да көптеген сондай рухани орындарға жол түсті. Әсіресе, тәуелсіздік тұсында көрші елдегі арғы-бергі тарих, мәдени-рухани құндылықтардың қандай дәрежеде жиналып, бастырылғаны, өткен мен бүгіннің байланысы қалай жолға қойылғаны, оларға қатысты көзқарас, зерттеу-зерделеу ісі қандай бағыт арналар бойынша жүйе құрағанына көп көңіл бөлінді. Содан келіп қазақ-өзбек халықтарының тыныс-тіршіліктеріне, тарих пен таным тоғысына жіті ден қойылды.

Әлішер Науаи атындағы ұлттық кітапхана бірнеше қабаттан, көптеген бө¬лім, анықтамалық-ақпараттық залдар мен кітап қорларынан тұрады. Бұл ме¬кеме директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ирина Закирқызы Маминова елгезек те еңбекқор, көпшіл адам ретінде есімде қалды. Сөзі мен ісін¬де алшақтық жоқ. Кітапхана ісін мақ¬таныш көреді. Өмірі мен еңбегін осы бағытқа батыл бұрған екен. Қысқа сұхбатта бірнеше сұрақтарымызға нақты білгірлікпен жауап қайтарды. Қажетімізді табуға, жүзеге асуына оң бағыт берді. 

Кітапхананың оқу залдарынан қазіргі кезеңнің мерзімді басылымдарымен жан-жақты таныссақ, сирек қолжазбалар бөлімінен көне жәдігерліктерге тез арада қол жеткіздік. Мұнда “Ақ жол”, “Бірлік туы”, “Жас қайрат”, “Кедей айнасы”, “Жаңа өріс”, “Жас алаш”, “Кедей еркі”, “Қа-зақ тілі”, “Еңбекшіл қазақ”, “Шол¬пан”, “Сана” сияқты қазақ баспасөзінің ізашарлары мен Т.Рысқұлов, Н.Төре¬құлов, М.Тынышбаев, С.Аспандияров, Ж.Ай¬мауытұлы, М.Әуезов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов, Ғ.Мұратбаев, Т.Жүргенов, Х.Болғанбаев, И.Тоқтыбаев секілді арыстарымыздың өмірі мен қызметі және шығармашылық мұ¬ралары туралы мол материал, мағ¬лұ¬маттар көптеп кездеседі. Халық әдебие¬тінің үлгілері, оқу құралдары мен қосымша еңбектер сирек те болса орын алға¬нын аңғаруға болады. Олардың кейбірі төмендегідей: Алпамыс батыр //Киргиз-ская поэма. А.Диваев жинаған//. - Таш¬кент, 1902; Алтынсарин Ы. Киргизская хрестоматия.- Оренбург, 1879; Бай¬тұрсынов А. Оқу құралы.- Орынбор, 1923; Лютшь Я. Киргизская хрес¬томатия.- Ташкент,1883; Гордеков Н.И. Киргизы кара киргизы Сырдарьинской области.- Ташкент,1889; Фалев П.А. Введение в изучение тюркских литератур и наречий.- Ташкент, 1922; Зарифов Х.Т. Основные мотивы эпоса “Алпамыш”.- Ташкент, 1959. 

Аталмыш кітапхананың қолжазбалар бөлімінде қазақ баспасөзіне едәуір орын беріліп, ақпараттық-анықтамалық, кар¬то¬те¬калық көрсеткіштер де жүйелі түзіліс құраған. Электрондық нұсқалары да қатар көрсетіліп тұр. Басылым аты, жылы мен беті де жазылған. Олардың кейбірі төмен¬дегідей көрініс тапқан: “Шолпан” // “Чулпон”// - саясат шаруашылық білім әдебиет туралы қырғыз-қазақ журналы. - Ташкент, Туркестанское Госиздат, 1922-1923 (элек¬трондық нұсқасы бар); “Кедей айнасы” (журнал казахского студенчества С.А.К.У.). - Ташкент, Ср.Аз, Коммунистический университет им. В.И.Ленина.- 1926, 28-29 №3-1926;№4-5-1928-29; “Жас қайрат” (айына бір рет шығатын саяси, ғылым-білім, әдеби қазақ-қырғыз ешларының журналы). - Ташкент, Ср- Аз. Госиздат, 1924.- 94 бет (№5-1924); “Ауыл коммунисі” //Ауыльный коммунист”// Қазақстан өл¬келік партия комитетінің партия көпшілік журналы.- Алма-Ата, Партгиздат, 1932; “Жизнь национальностей”. (Еженедельный орган). Наркомнаца).-М,1922, №10-18; “Ақ жол” - Ташкент, 1920 жылдың 7 желтоқсанынан шыға бастады 1921,1923, 1924 ж.ж. Қаңтар — ақпан, қараша –желтоқсан; “Еңбек туы” - Орынбор, 1920, №1, қыркүйек; “Еңбекші қазақ” - Орынбор, 1923, ақпан- мамыр; “Жаңа өріс” - Ташкент, 1920, №16-тамыз; “Жас алаш” - Ташкент, 1921, №4-мамыр; “Кедей еркі” // “Воля бедноты”// - Алма-Ата, 1921, №10; “Тілші” - Алма-Ата, 1924, маусым-шілде; “Өртең” - Орынбор, 1922, №1-2; 4-6; “Қазақ тілі” - Семипалатинск 1921, №136- тамыз. 

Біздіңше, аталмыш басылымдармен танысып-зерделеуден өзге елге жеткізудің, элек¬трондық нұсқасын жасау мен сақтаудың тиімді жолдарын қарастырған жөн. Бұлар “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында атқарылатын іс-жұмыстар тізбесіне енсе, қанеки.

Өзбекстан Республикасы Ғылым акаде¬миясының Әлішер Науаи атындағы Тіл-әдебиет және Әбу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институттарында болғаны¬мызда әдеби-ғылыми басылымдармен бірге сирек кітаптар мен қолжазбаларға да назар аудардық. Алдымен Тіл-әдебиет институ¬тын айтайық. Директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Тура Мирзаев деген кісі екен. Институттың 60 қызметкері бар. Олар бірнеше бөлімдерде еңбек етеді. Мұнда әдебиет саласы: фольклор, әдебиет тарихы, XX ғасырдағы әде¬биет, қазіргі әдеби үдерістер, әдебиет тео¬риясы мен сын деп жіктелсе, тіл саласы: өзбек тілінің тарихы, диалектология, терминология, қазіргі өзбек тілі болып жүйе¬ленген. Әдебиет пен тілдің бұл салалары өзара бірнеше бөлік пен кезеңдерден тұрады. Айталық, өзбек әдебиеті: халық әде¬биеті мен тарихы, ұлттық ояну дәуіріндегі әдебиет, кеңес кезіндегі әдебиет, қазіргі әдебиет болып зерттеледі екен. 

Институт басшысы әдебиет пен тілдің байланысы, оны зерттеу мен арнайы ең¬бек¬тер жазудың қажеттілігі күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті. Бұл бағытта, әсіресе ұлт мақтаныштары: Ә.Науаи -20 том, Айбек -20 том, Ғ.Ғұлам -12 том, Х.Алимжан -10 том, Х.Ниязи -5том, Фитрат -4 том, Шолпан -2 том болып жоспарланып, жаңа уақыт талаптары тұрғысынан жіті зерделеніп, басылып шығыпты. Өзбек тілінің тарихы мен теориясы, диалектология мәселелеріне қатысты да зерттеу еңбектері жарық көріп келеді екен. Анықтамалықтар мен сөздіктер де негізгі салалар бойынша басылатын болып шықты. Осы орайда, таяуда ғана “Фан” баспасынан жарық көрген “Узбекско-русский” атты іргелі де көлемді еңбекті айрықша атап айтқымыз келеді. Авторы – Максуд Абдрахимов. Бұл сөздікке 20. 000 сөз енген. Онда өзбек-орыс тілінің мүмкіндіктері, кешегі қазіргі қолданыстары, өмір мен тұрмыста және кәсіпте жиі қолданылатын сөздер грамматикалық, стилисти¬калық сондай-ақ фразеологиялық тіркестер мен сипаттар кең орын алған.

Фольклоршы-ғалым Т.Мирзаев өзара әңгіме, сұхбатта еркін, жан-жақты адам көрінді. Әдебиет саласына сүйіспеншілігі жоғары екендігі айқын аңғарылады. Өзбек фольклорының негізін қалаушы, көрнекті ғалым Хади Зарифовты ұстаз тұтып, мақтан етеді. “ Эпос и сказитель” атты еңбегін ұстазына арнағанын айтады. Академик В.М.Жирмунскийдің кезінде өзінің “Узбек¬ские варианты дастана “Алпамыш” атты авторефератына ұнамды пікір білдіріп, оң көзқарас айтқанын мақтанышпен еске алады. Қазақтың фольклоршы ғалымдары М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұ-малиев, Е.Ысмайылов, Р.Бердібаев, С. Қасқабасов, О.Нұрмағанбетова, Е.Тұр¬сынов, Ш.Ыбыраев, Б.Әбілқасымов, Б.Әзі¬баеваның еңбектерін жоғары бағалады. Көпшілігін көріп-кездескені, байланысы барын, еңбек-зерттеулерімен тиісінше та¬ныс¬тығын, ретті тұстарда пайдаланатынын да бүкпесіз білдірді. Әріптес-қаламдас досы академик С.Қасқа¬басовқа “Эпос и ска¬зитель” еңбегіне қолтаңба жазып, біз ар¬қылы беріп жіберді.

Біздіңше, Т.Мирзаевтің “Эпос и сказитель” атты еңбегі көп жылдық ізденіс, зерттеудің нәтижесі екені айқын аңғарылады. Үш тараудан (“Искусство узбекских народных сказителей и особенности их эпического репертуара”, “Узбекские ва¬рианты дастана” “Алпамыш”, “Статьи”) тұратын аталмыш дүниеде ізденіс пен ең¬бек және көзқарастан өзге монографиялық бағыт айқын. Бұдан эпос пен оны айтушы¬лардың табиғаты мен тарихы халық әде¬биетінің үлгілері мен дәстүр сабақтастығы, дастан жанрының қалыптасуы мен дамуы, “Алпамыс” жырының нұсқалары, қысқасы өзбек халқының фольклоры, оның жина¬луы мен жариялануы, бүгінгі бағыт-бағ-дарлары уақыт талаптары тұрғысынан қа¬рас¬тырылады. Алыс-жақын елдер әдебие¬тіне, ондағы ортақ тақырыптар төңірегін¬дегі көзқарасқа, мәдени-рухани байланыс¬тарға да кең орын беріледі.

Енді Әбу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институты туралы айтайық. Директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Сурайе Каримова деген ина¬батты жан екен. Бұл ғылым ордасының да өзіндік бағыт-бағдарлары, берік ұстанымдары бар. Атап айтқанда, алыс-жақын елдермен байланыс, қолжазбалармен жұмыс, оны зерттеу мен зерделеу, жәдігер-лердің табиғатын, мәтіндік сыр-сипаттарын айқындап, түпнұсқалық мәнін, уақытын белгілеу, маңызы жоғары қолжазбалардың мазмұнын, жанрлық жүйесін, тіл-стиль сипаттарын саралау, қолжазбалардың көшір¬мелерін сақтау, микрофильмге түсіру. Қысқасы, қолжазба қорын жинау, жүйелеу, сақтау сынды мемлекеттік һәм елдік мұраттардан тұрса, Шығыстану институтында бұл мақсат-міндеттер абыроймен атқарылып келе жатқанын айрықша айтар едік.

Кездесу барысында институт директо¬рынан өзі жетекшілік жасайтын саланың бағыт-бағдарын, арғы-бергі кезеңін, бүгінгі тыныс-тірлігін сұрадық. “Институт тари¬хының бастау арналары тым тереңнен, көне кезеңдерді зерттеп-зерделеу істерінен көрініс береді, – деді білікті басшы. – Институт 1943 жылы Ә.Науаи атындағы мемлекеттік кітапхананың Шығыс бөлімі негізінде құрылды. Ал, 1950 жылдан кейін Шығыс қолжазбаларын зерттеу ұлттық-тарихи, һәм мәдени ғылыми бағыттары айқындалып, Шығыстану институты аталды”. 

Институттың ғылыми бағыты мен бас¬ты қызметі қолжазбалар қоры болып табылады. Бұл реттен келгенде, мұндағы қазына қорының ТМД шеңберінде ғана емес, әлемде де мән-маңызы жоғары деуге әбден болады. Оған сөз жоқ, ІX ғасырдағы Құранның тізім жылнамаларын жатқызар едік. Мұнда өзбек, араб, әзірбайжан, қазақ, қырғыз, татар, тәжік, түркімен, түрік, ұйғыр, тағы басқа Шығыс халықтарының тіліндегі еңбек, мұралар бар. 

Қазіргі кезеңде қолжазбалар қоры 25.621 томды құрайды. Литогра-фияланған қор мен басыл¬ған кітаптар – 29.300 том. Бұларда  Орта Азия тарихы, сонымен бірге, Арабия, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Қытай, Пәкстан, Түркия сияқты алыс-жақын елдердің арғы-бергі кезеңдері, өмір-тұрмыс тіршіліктері туралы алуан дерек көздері, мол мағлұматтар көптеп кездеседі. Оларды сондай-ақ Бұхар, Қоқан хандықтарына қатысты деректер де толықтыра түседі. 

Қолжазбалар қорындағы басты көрсеткіш – катологтық жүйе. Қазіргі кезде бұл жерде 10-нан ас¬там тақы¬рыптық каталогтар жүйесі дайын¬далып, кең көлемде қолда¬нысқа еніп¬ті. Мысалы, “Өзбекстан Республикасы Шығыс қолжазбаларының жинағы”, “Тарих”, “Жаратылыстану”, “Медицина”, “Суфистік туындылар”, “Шығыстық миниатюралар” және басқалары. Каталогтік жүйенің маңызды тұсы – тақырыпқа қатысты дерек-материалдардың баршасы қамтылады. Бағыт мақсаттары айқындалып, негізгі және қосымша әдебиеттері көрсетіледі. Жалпы сипаттама, сараптамалық мәліметтер де беріледі. Сондай-ақ әр жылдардағы баспа өнімдері, жекелеген тұлғалардың өмір-тағдыры, тағылымына қатысты дерек көздері, ел-жерге байланысты жазба-сызба материалдар да тақырып мазмұнымен, мәтіндік мәнімен, түпнұсқалық һәм күтімдік сипаттарымен назар аудартады.

Аталмыш институттың қолжаз¬балар қоры 2000 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне еніпті. Қысқасы, Шығыстану институты бізге көне қолжазбалар мен кітаптарға, әсіресе, түп¬нұсқалық туындыларға аса бай болып көрінді. Оларды жинау мен жариялау, сақтау мен салыстыру, зерттеу мен зерделеу істерінен де жауапкершілік пен жүйелілік, ең¬бек¬қорлық пен табандылық көрініп тұр.

Шет жерде жүргенде жақын-жуық пен таныс-тамыр іздемеске лажың жоқ. Олардың бағыт-бағдар беріп, жөн-жобаны айтып көрсет¬кенінің өзі неге тұрады?! Елшілік пен мәдени орталықты алдымен іздейтінің де содан болса керек-ті. БАҚ жүйесінің жан-жүрекке жа¬қын¬дығы да осы тұстан бой көрсе-тері хақ. Осы мақсатпен “Нұрлы жол” газеті редакциясында болып (басылым  1991 жылдың 10 қаңта¬ры¬нан шыға бастаған – Р.Т.), көр¬ші халықтың қоғамдық-әлеуметтік, экономикалқ бағыттағы өріс-өре¬лерінен, ел-жер жайынан, қандас¬та¬рымыздың өмір-тұрмыс тіршіліктері мен мәдени-рухани тыныстарынан хабардар болғанды жөн санадық. 

Газет ұжымымен жылы жүзді жағдайда кездестік. Бас редактордың орынбасары Рысбай Анарбеков бірсыпыра редакция қызметкерлерімен таныстырды. Олардың арасында әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі Амангелді Сейдах¬метов, жауапты хатшы Жұмагүл Әлім-бекова, қарт журналист Сүлеймен Бұ¬қарбаев болды. Кездесу сұхбат пен сырласу сипатында өріс алды. Қазақ пен өзбек халықтарының ежел¬ден көрші, байланыс-бірлігі мол, қарым-қатынасы кең өріс алғандығы әр қырынан әңгімеге арқау болды. “Нұрлы жол” газетінің осы елдегі Мәжіліс пен Сенаттың және Министрлер Кабинетінің басылымы екенін, басты ұстанымдары “Бақыт – достықта, ырыс – ынтымақта!” деген аталы да баталы сөзді мақсат-мұрат ететіндерін айтты қандастарымыз. Биылғы жылдың алғашқы жар¬ты¬сында елдегі әлеу¬меттік-экономикалық өр¬кендеу әр саладан байқалғаны, әсіресе макроэкономикалық тұрақтылыққа, реформаларды тереңдетуге, базар инфрақұрылымын жедел дамытуға, халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге бет бұрылғаны халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыруға, қолөнерді қолдап, көп көңіл бөлінгені сөз болды. Әңгіме арасында республика тәуелсіздігінің – 17, Ташкент қаласының – 2200, Ә.Науаидың – 567 және Ба¬бырдың – 525, сондай-ақ Ұлықбек атын¬дағы Өзбекстан ұлттық университетінің 90 жылдығына дайындық жұмыстарының басталғанын, ал 2008 жыл — Жастар жылы деп белгіленгенін естідік.

Бұдан кейін қазақ-өзбек әдебиеттерінің байланысы, әсіресе Абай мен Науаи туындыларындағы ағартушылық-гуманистік идеялардың үндес, сарындас болуы, С.Сей¬фуллин мен Х.Ниязидің достығы және шығармашылық байланыстары, С.Мұқанов пен Ғ.Ғұламның жарасты қарым-қаты¬настары да әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ өзбек ақын-жазушылары – А.Қадыри, А.Қаһар, Міртемір, А.Мұхтар, Зүлфия, Шолпан, Фитрат, қарақалпақ қаламгерлері – Бердақ, С.Нұрымбетова, әдебиет жан-аш¬ырлары – Н.Фазылов, Қ.Сейданов есімдері ауызға алынып, елдің мәдени-рухани һәм шығарма¬шылық бағыттардағы байланыстары, үлестері кеңінен сөз етілді. Ақын Сырбай Мәуленовше айтсақ: “Өзбек, қазақ, қарақалпақ қаны бір. Жүрегі бір, тілегі бір, жаны бір. Өлеңі бір, сазы менен әні бір”, – екендігі кеңінен көрініс тапты. Бұл бағыт-арналар тәуелсіздік, демократия тағылымдары негізінде жан-жақта тереңдетіліп, өмір-уақыт шындықтарына сай кең өріс алып келеді деген тоқтамға келдік. Соңғы жылдары мұнда М.Әуезов: “Өзіміздің сары бала”, – деп атаған қазақ-өзбекке ортақ аудармашы қаламгер Насыр Фазыловтың жанашырлығымен “Тіршілік әуені” атты қазақ жазушыларының прозалық туындылары жарық көргені де әңгімеден тыс қалған жоқ. Ол жинаққа М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, С.Мұратбеков, М.Мағауин, О.Бөкей, Б.Нұржекеев, Д.Исабеков кірген екен. 

Әңгіме-сұхбат өзегі орта арнаулы, кәсіптік-техникалық білім орындары мен жоғары мектеп туралы өріс алған тұста бас редактордың орынбасары Р.Анарбе¬ков Ташкент және басқа облыстардағы қазақ мектебі, ондағы оқушыларының құрамы хақында жаңа дерек берді. Ол мынадай: Ташкент облысы бойынша 3.179 қазақ мұғалімдері бар. Мұндағы 157 қазақ және 210 аралас мектепте 33 677 қазақ оқушылары оқиды. Қарақалпақ-станда 360 мың қандасымыз тұрады. Олар 62 қазақ мектебіне ие. Әндіжан облысы бойынша 600 қазақ бар. Мектеп жоқ. Бұхара облысында 21.800 қазақ тұрады. 9 қазақ мектебі, 1 аралас мектебі бар. Жизақ облысында 54.500 қазақ мекендейді. Олар 27 қазақ мектебі мен 12 аралас мектепте балаларын оқытады. Науаи облысы бойынша 65.300 қазақ бар. Бұлардың ұл-қызы үшін 82 қазақ, 8 аралас мектеп ашылған. Наманған облысы бойынша 800 қазақ бар. Мектеп жоқ. Самарқанд облысында 5.200 қазақ тұрады. Мектеп ашылмаған. Сырдария облысы бойынша 26.000 қазақ бар. Олар үшін 4 қазақ, 16 аралас мектеп жұмыс істей¬ді. Сурхандария облысында 2.500 қазақ мекендейді. Мектеп жоқ. Ферғана облысы бойынша 1000 қазақ бар. Мек¬теп жоқ. Хорезми облысында 14.900 қазақтың балалары үшін 6 қазақ, 2 аралас мектеп ашылған. Қашқандария облысында 1.800 қазақ тұрады. Мектеп жоқ. Республика бойынша: 950.000 қазақ бар. 251 қазақ, 283 аралас мектеп жұмыс істейді.

Ташкентке барғанда көрсек, кездессек деген адамымыздың бірі Махамбет Жүсіпов еді. Ол өткен жылғы қарашада Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырған “Алаш және М.Әуезов” атты халықаралық конференцияда “Ташкентте қызмет еткен Алаш зиялылары” деген тақырыпта баяндама жасаған-ды. Қызметі – Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетіндегі орыс тілі кафедрасының меңгерушісі. Осы елдегі “Қазақстан” журналының бас редакторы. Ғылыми дәрежесі – филология ғылым-дарының докторы, профессор.

Махамбет бауырымыздың мекен-жайын “Нұрлы жол” газеті редакция¬сында нақтылап алдық. Алдымен телефонмен тілдесіп, сосын кездестік. Денелі, толық, ширақ жүрісті жан. Басы¬ның жартысын ұзын бұйра шашы алып тұр. Оның өзі тым өсіңкі. Өзіне жарасып тұрғандай көрінді. Асылы, ұстаз-ғалым М.Жүсіпов жан-жақты адам. Білім мен ғылым жүйесін, оқу үрдісін жақсы біледі. Ол оқытушының ашық, еркін, ізденісте болғанын қалайды. “Әлеуметтік статусым – ғалым!” – дегенді әлденеше рет айтты. Ізденуші шәкірттерінің көп екенін де жеткізді. Олардың арасында 5 докторлық, 25 кандидаттық диссертация қорғаған талант иелерін мақтанышпен атады. 

Әңгіме арнасы Алаш мұрасына бұрылғанда кезінде осы Ташкентте тұрған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлының ұстаздық-ғалымдық қырларын айрықша атады. Алаш оқымыстыларының тіл біліміндегі орнын, әліппе жасаудағы, жазу ісі мен сауаттылық жайындағы жанкешті еңбектерін кеңінен сөз етті. Әсіресе, А.Байтұрсыновтың – ағартушы, ақын, қаламгер, ұстаз, ғалым, қысқасы әмбебеп тұлғалардың қатарында тұрғанын мақтанышпен, сүйіспеншілікпен жеткізді. Оны өзі “Фонемография А. Байтұрсынова и фонология сингармо-низма” атты еңбегінде жан-жақты қарастырғанын жүйелі жеткізді. “Азамат-тық құндылықтардың басында Отан, ел-жер тұрса, бұл тұсты білім, ғылым толықтырып тұр. Ұлт мұраты кемел келешекпен өлшенсе, оның қос қанаты – білім мен ғылым. Осыны негізгі назарда ұстасақ ұтамыз!” – дегенді анық айтты.

Бұл – Алаш ақиқаты, бүгінгі күннің шындығы.
Ташкентте ақын, қайраткер, ғұлама Әлішер Науаи есімі мен еңбегіне қатыс¬ты әдеби-мәдени һәм рухани орындар өте көп. Соның кино театры мен Әдебиет мұражайынан кейінгі жасыл желегі, көлеңке саясы мол тұсқа келіп аз-кем тыныс алдық. Сол сәтте ортадағы алаң¬қай тұстағы тас тұғыр – еңселі ескерт¬кіш назарды аудара берді. Бардық. Көр¬дік. Бұл Әмір Темірдің монументі екен. Тарихи тұлға ат үстінде тұр. Бес қаруы бойында. Жалынды, жүректі, қаһарман бейнесінде көрінеді. Қол бастаған, елдік пен ерлікке үндеген баһадүрдің бедерлі бейнесі өр де асқақ. Ескерткіштің көр-некті тұсында: “Сила – в справедливости!” – деген жазу бар. Үш тілде: өзбек, орыс, ағылшынша. Әмірдің: “Күш – шындықта!” – деген айбарлы да айбынды үні кешегі ғана емес, бүгінге де арналғандай қалып танытады. Қалың көпті ақиқат ауылына бастап бара жатқандай әсерге бөлейді. Шындық жүзі тура қарағанда айқын көрінетінін сәт сайын еске салып тұрғандай да белгі береді. Құрмет көрсетіп, тағзым етушілердің қарасы тым көп. Алыс-жақыннан келген туристер де жетерлік. Мектеп жасындағы жас өскіндер де, жас отау құрғандар да осында. Тәу етушілер баршылық. Осыны көргенде ежелгі грек философы Платонның: “.....шындық қымбат!” – деген қағидалы қисыны көңілде қайта жаңғырды. 

Ұлт мұратына адалдық, руханият ісіне қамқорлық пен құрмет талап деңгейінде екендігі сәт сайын сезіліп тұ¬рады.
Басты мұрат та осы ғой.

Автор туралы анықтама. Рақымжан Тұрысбек 1958 жылы туған. 1980 жылы КазГУ-ді бітірген соң, республикалық Баспа, полиграфия және кітап саудасы комитетінде редактор, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында кафедра меңгерушісі, Қаз МҰУ-да филология факультеті деканының орынбасары болып еңбек етті. Қазір Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеттің профессоры. “Достық мектебі”, “Ар айнасы”, “Парыз бен парасат” және тағы басқа кітаптардың авторы.

Жүктеп алу
12 рет жүктелген
68.00 кб файл салмағы