Түлкібас ауданы

Рефераттар
28

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ
1. Түлкібас ауданына флорасына қысқаша физикалық-географиялық сипаттама
2. Түлкібас ауданы флорасының зерттеу тарихы
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

КІРІСПЕ

Қаратау мен Батыс Тянь-Шанның қиылысында, тоғысында орналасқан Түлкібас (Түркібас) ауданы Қазақстандағы, тіпті бүкіл Орта Азиядағы флорасы бай өлкелердің бірі. Ауданның жер ауқымында 2000 - ға жуық өсімдік түрлері өседі. Түлкібас ауданындағы мұндай бай алуан-түрліліктің болуын оның табиғи жағдайларының байлығымен түсіндіруге болады. Өйткені осы ауданның жер ауқымында биік таулық, альпілік шалғындар мен мұздықтарға дейінгі (Ақсу-Жабағылыдағы биік тау, Иірсу) дүние жүзіндегі барлық табиғи аймақтардың үзінділерін кездестіруге болады (субтропикалық) саваналардан бастап Пістелі мен Дәубабадағы тау пістелі бадалшіліктер.
Түлкібас ауданының жасыл жамылғысы мен флорасын өткен уақыттарға, дәуірлерге тән флоралардың өкілдері құрайды.
Ежелден келе жатқан әр түрлі эволюциялық, табиғи-тарихи қатпарлардың осы өкілдері - Түлкібас жерінің флорасы мен өсімдіктер дүниесінің негізін қалаушылар. Одан бергі уақыттағы табиғи даму, түр құрылу өсімдік түрлерінің таралуы осы негізде жүрген. Тек осы өңірге ғана тән даму үрдісінің белгісі болып табылатын эндемик түрлер. Батыс Тәңіртау (Аспан тау) мен Қаратаудың тоғысындағы Түлкібас (Түркібасы) жері біздің еліміздегі өте маңызды эндемизм орталығы болып табылады. Жердің бетінде тек ғана Қазақстанда өсетін 850 эндемик түрлердің 41%-ы Оңтүстік Қазақстанда кездеседі. Тек Оңтүстік Қазақстан облысында кездесетін эндемиктердің 45%-ға жуығы осы Түлкібас өңірінде. Түлкібастың табиғи байлығы ежелгі уақыттан бері осы өңірді мекендеген ел-жұртың тұтыну қоры, тіршілік көзі болып келеді. Оның себебі - өсімдіктер дүниесі шаруашылыққа пайдалы өсімдіктердің 100-ге жуық түрін осы өңірдегі ел-жұрт кеңінен тұтынады, ал кейбір түрлердің тіпті елеулі өндірістік қорлары да бар. Кеңінен тұтынылатын түрлер мыналар:
Сары долана - жемісі өте дәмді витаминге бай, жергілікті халық көп мөлшерде тосап қайнатып алады, соңғы жылдары үлкен қалаларға көптеп шығарылып сатылып жүр;
Жабайы алма - Сиверс алмасы - жемісі дәмді, витамин мен пектинге бай, қоры тым азайып кеткен; 
Жабайы жүзім;
Тay пісте;
Жаңғақ;
Рауғаш - қымыздық.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында долананың, итмұрынның, шайгүлдің, жұпаргүлдің, солмасгүлдің немесе шөпшайдың, мыңжапырақтың, қызыл мияның, қылшаның, теміртікеннің, киікотының, тасшүйгіннің және т.б. бірқатар дәрілік және басқалай пайдалы өсімдіктердің жеткілікті қоры бар. Ал кейбір өсімдіктер үшін Түлкібас жері Бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз өндірістік база болып табылады. Мысалы, сары долана, қызыл долана, алша, тау пісте. 
1. Түлкібас ауданына қысқаша физикалық географиялық сипаттама

География және орография. Талас Алатауы Тянь-Шаньның солтүстік доғасының жоталары жүйесіне жатады (Костенко, 1971ж). Ол Қырғыз Алатауынан оңтүстікке шамамен Чоң-Қайыңды және Қарабалта өзендерінің бастаулары деңгейінде, бірден теңіз деңгейінен биіктігі 4000 м асатын биік жота түрінде бөлініп шығады. Оңтүстік бағыттың осы қысқа аралығында ол Сусамыр мен Талас (олардың бастауларында) өзендерінің арсындағы су айырықтың рөлін атқарады. Одан соң жота оңтүстік-батысқа бұрылып, осы бағытта Тараз қаласына дейін жетеді; бұдан соң ол өз бағытын батысқа, тіпті аздап солтүстік-батысқа өзгертеді.
Талас Алатауының жалпы ұзақтығы - 300 км жуық. Оның ұзынырақ келген шығыс бөлігі Қырғыз Республикасында, ал ұзындығы 100 км жуық батыс шеті - Қазақстанда орналасқан. Бұл аумақ Оңтүстік Қазақстан және ішінара Жамбыл облысының биік таулы аймағын құрайды.
Талас Алатауы Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында айтарлықтай мұздықтары бар биік тау торабын түзеді, одан әр түрлі бағытта ағатын көптеген өзендер мен жылғалар өз бастауын алады. Олардың бастылары: оңтүстік - батысқа ағатын Майдантал және Ойқайың, Күркіреу су, Көксай мен Ақсай - солтүстікке, Жабағылы мен Ақсу - батысқа қарай ағады. Жотаның осындағы қырғыз жағында Талас Алатауының ең биік нүктесі - Манас шыңы (4488 м) орналасқан. Осы тораптан батысқа қарай жота Талас Алатауының Батыс сілемдері деген атпен белгілі екі қырат түрінде Қазақстан аумағына кіреді. Солтүстік - батыс бағыттың қыраты – Жабағылы, ал Оңтүстік - батыстікі - Өгем - Қаржантау таулары. Өгем жотасының батыс шеті мен Қаржантаудың оңтүстік баурайын геологтар Талас Алатауының батыс сілемдері емес, Батыс Тянь-Шяньның өзі ретінде қарастырады.
Жабағылы таулары бір-біріне параллель орналасқан төрт жотадан тұрады: Жабағылы және Арыс өзендерінің арасындағы су айрықтың рөлін атқарып тұрған солтүстіктегі Жабағылытау онша биік емес (2900 м), ал Жабағылы өзенінің оңтүстігінде орналасқан Бұғылытөр, Жусалы және Алатау жоталары (4000 м) биік келген. Алғашқы екеуі (ұзындығы 10-12 км шамасында) осы аттас өзендер Үлкен Ақсу өзенін бөліп тұр. Екі жотада (әсіресе Жусалы) өте жартасты.
Алатау жотасы - Жабағылы және Жусалы өзендері арасындағы су айырығы - батысқа 80-90 км-ге созылып жатыр. Ол 30 км бойы биік (3200-4000 м) қалпын сақтайды, алайды Талдыбұлақ өзенінің шатқалына жеткенде бірден 1500 м-ге дейін төмендеп, Бораншы асуына дейін жайпақ келген аласа тасты қарат (1400 м-ге дейін) күйінде болады. Бораншы асуынан батысқа қарай Алатау 1760 м-ге дейін күрт көтеріледі. Жотаның осы бөлігі енді Алатау емес, Дәубаба деп аталады. Бұл таулардың ең биік шыңы (Дуан) Түлкібас темір жол станциясына төніп тұрады.
Дәубабадан батысқа қарай Алатау одан әрі төмендей береді, кейде бір-біріне ұқсас күмбез тәрізді шыңдары бар таулар түзеді. Бұл Қарақұс, Келте-машат, Састөбе және басқа таулар. Қызылқұм шөліне сұғынып жатқан Қарақтау төбешігін осы жүйесінің соңғысы деп айтуға болады.
Алатау жотасы Жусалы мен Бұғылы төрге қарағанда онша жартасты емес. Оның солтүстік және батыс баурайларын (2700-2800 м) қиыршықты топырақ қабаты жапқан. Оларда (белдеуге сәйкес) далалық, шалғындық шөптер мен ағаш-бұталар өскен. Алатаудың оңтүстік және шығыс баурайларын таста, ақшыл мәрмәр түстес ізбес алып жатыр, кейбір тұстары жартасты келген.
Дәубаба тауының солтүстік баурайы тік, оңтүстігі көлбеу келген, жері қиыршықты, кейде тасты, жартастарда кездеседі. Мұнда барлық жерде саванна типіндегі өсімдіктер дүниесі кең тараған, арша, долана, сондай-ақ шалғындық-далалық өсімдіктер кездеседі.
Талас Алатауының батыс сілемінің оңтүстік-батыс тарамы өзінің Өгем бөлігінде Ақсу мен Майдантал өзендерінің арасында су айрығын жасайды. Қоржынтөр қонысының маңайында жотадан солтүстікке жартаста үш шыңды тау - Балдыбірек тау (3095 м) бөлініп шығады. Сәл батысқа қарай Шіңкілдек және Сайрамсу өзендері бастаулары арасында Талас Алатауының Қазақстан бөлігіндегі ең биік шыңы – Сайрам шыңы (4229 м) орналасқан, оны жергілікті тұрғындар «Ақтүйе өлген» деп те атайды. Өгем жотасынан (3000 м) батысқа Қаржантау созылып жатыр. Ол Өгем, Сайрамсу және Келес өзендерінің арасындағы су айрығы рөлін атқарады.
Сипатталып отырған аудандағы Өгем жотасының солтүстік баурайы өте тік және жартасты, терең шатқалдармен тілімденген, биік жоталардың басында мореналардың үстін ала шағын мұздықтар орналасқан.
Түлкібас ауданының биік жоталары тұтас алғанда кедір-бұдырлы релефімен, үлкен жартастардың көптігімен ерекшеленеді. Өзендердің кейбірі (Ақсу, Көксай, Машат, Дәубаба) таудан шыға берісте терең каньондардың түбімен ағады. Ақсу өзенінің ірі каньоны төрттік дәуір шөгінділерінен қалыптасқан, 12 км бойы оның тереңдігі 300-700 м құрайды.
Су ресурстарының молдығана байланысты таудың Балдыбрек-Сайрамсу жағындағы оңтүстік бөлігі тығыз қоныстанған және мұнда бидай, арпа, мақсары, зығыр, қызылша сияқты дақылдар, сондай-ақ бақша өнімдері өсіріледі. Сонымен бірге, ол шөбі шүйгін шабындықтар мен жайылымдарға, бау-бақшаға бай.
Әкімшілік жағынан Талас Алатауының Батыс сілемдері Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандарына және Жамбыл облысының Жуалы ауданына кіреді.
Геология. Талас Алатауы, оның Батыс сілемдерін қосқанда, Оңтүстік Қазақстанға қарасты Түлкібас ауданындағы солтүстік Тянь-Шаньның аяқталуы болып табылады (Шульц 1948ж; Носенко, Шлыгин, 1971ж). Жотаның батыс бөлігі негізінен төменгі карбон және ішінара жоғарғы девон ізбестерінен тұрады. Кембрий, ордовик және селур дәуірлерінің шөгінді жыныстары, сондай-ақ вулкан жыныстары аз кездеседі. Бұл ежелгі шөгінділерді 1300 м (кей жерлерде 1700 м) дейін плеоцен - төрттік дәуірдің конгломераттары мен ізбестері, сондай-ақ қазіргі аллювиальды және өзге үгілмелі жыныстар жауып жатыр. Ақсу-Жабағылы қорығының батыс шекарасы бойында, оның ішінде Иірсу және Ақсу өзендерінің арасындағы су айырық үстіртінде, осы жыныстар біртіндеп батысқа карай кеңейе түсетін лестардың қалың қабатына ауысады. (Мухин, 1926; Наливкин, 1928; Сергунькова, 1933; Диасов, 1971; Галицкий, 1971).
Пермь мен Триастың басы геологиялық дамудың орогендік кезеңі аяқталған кезеңдер ретінде сипатталады, дегенмен тектоникалық қозғалыстар әлі де елеулі аумақты алып жатты. Бірақ пермьде платформалық көтерілулер майысуға қарағанда басым болды (Бакиров, 1971). Пермь шөгінділері Талас Алатауының Қазақстандық жағында тек Дәубаба және Қаржантау тауларында белгілі. Климат пермь дәуірінде континентальды болған, аридтену өсе түскен (Бакиров, 1971).
Қарастырылып отырған ауданда триас шөгінділері айқын байқалмайды. Олар Келте - Машат өзені бойында белгілі. Климат бұрынғыдан да континентальды, құрғақ (Бувалкин және т.б., 1971).
Гидрология. Түлкібас ауданында су жеткілікті, бірақ ол біркелкі таралмаған. Таулардың ұшар басы олардың оңтүстік баурайлары сусыз деуге болады. Сондай-ақ Жабағылытау жотасы, Иірсу үстірті және Бала-Балдыбрек, Ақсу өзендері мен Дәубаба тауларының арасындағы жерде судан кенде. Есесіне таудың солтүстік баурайлары мен солтүстік және батыс бағыттардағы ірілі-ұсақты аңғарлар 1300 - 3000 м аралығында сумен жақсы қамтамасыз етілген.
Ауданның басты өзендері - Көксай, Ақсай, Тобчаксу, Жабағылы, Машат, Ақсу, Сайрамсу (Бала-Балдыбрек, Балдыбрек, Сарыайғыр, Қасқасу салаларымен) және Бадам.
Климаты. Зертеліп отырған ауданның климаты таулы Орта Азияныкіне ұқсас. Қарастырылып отырған ауданда ол құрғақ әрі ыстық жазбен сипатталады, температура орта биіктіктегі тау белдеуінде 30, ал етектегі жазықтарда 39-40° жетеді. Қысы қарлы, ұзақ болмаса да суық, аяз кезде - 30-35° барады. Орта биіктіктегі тау белдеуінің солтүстік баурайларында, мысалы арша ормандарының белдеуінде, қар жамылғысының биіктігі 1,4-1,6 м. алайда ықтасын емес жерлерде оны жел тез ұшырып әкетеді. Таудың альпілік белдеуінде жазғы суық түсулер үйреншікті құбылыс. Орта биіктіктерде суық түсудің соңғысын шілденің басында, ал ерте суық түсуді тамыздың екінші жартысынан байқауға болады. Орта биіктіктерде жауын шашынның орта мөлшері 700, ал биік тау белдеуінде 1000 мм дейін жетеді. Жыл мезгілдері бойынша ол төмендегідей таралған: қыс - 28, көктем - 38, жаз - 9, күз - 25% жуық.
Топырақ. Шымкент уезінің топырақ жамылғысының алғашқы сипаттамасын С.С. Неуструев (1910) берген болатын. Ол топырақ картасында қорықтың қазіргі аумағы үшін қара топырақты, сондай-ақ каштан және қара мен сұр топыраққа жақын топырақтарды көрсеткен болатын. С.С. Неуструев бұл ауданның қара топырақ түстес және каштан топырақтарының ерекшелігіне тоқталып, Европалық оның ішінде орыс топырақтары үшін белгіленген жалпы анықтамалар Шымкент уезінің топырағы үшін онша келмейтінін көрсетті. Ол тіпті оларға айырықша атаулар беруді орынды деп санады.
Л.Н. Гиркина (1965) Талас Алатауында топырақ түзілуі карбонаттық негізде жүруде деп атап өтеді. Аталған ауданның орта биіктіктегі тау белдеуінің топырағын ол қоңыр топыраққа жатқызып, онда қиыршық тастың көптігін айтады. Бұл жағдай осы топырақтың жақсы аэрациясы мен су өткізгіштігін анықтап береді. Сондықтан бұл қасиет топырақтың тезірек құрғауына, сөйтіп осы учаскелерде өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімді түрлерін өсуге себепкер болады.

2. Түлкібас ауданы флорасының зерттеу тарихы

Талас Алатауының батыс сілемдері ғалымдардың назарын өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап өзіне аудара бастады. Бұл ауданға алғаш рет белгілі саяхатшы натуралистер Н.А. Северцов (1867), биолог И.П.Зарубин (1879) және кейінірек 1898-1902 жылдары Орта Азияның өсімдіктер дүниесінің ірі зертеушісі Б.А. Федченко келді. Дегенмен ол қазір қорық алып жатқан жерде болған жоқ. Оның экспедициясының жолы қорықтың шекарасына таяу жатқан Майдантал өзенінің аңғары арқылы өткен.
Талас Алатауының батыс сілімдерінің өсімдіктер дүниесін зертеуді XX ғасырдың бірінші он жылдығында белгілі топырақтанушы С.С. Неуструев басқарған экспедицияларға қатысқан ботаниктер О.Э. Кнорринг пен З.А.Минквиц (1905-1908) бастады. Бұл ботаниктер Жабағылы, Топчақсу, Ақсай, Арабек өзендерінің аңғарларын және Майдантал асуының аумағын зерттеді.
Бұдан кейін ғылыми зерттеулер ұзаққа тоқтап қалды. Олар тек Кеңес өкіметі орнаған соң, 1921 жылы қайта жалғасады. Осы уақыттан 1925 жылға дейін Талас Алатауының Батыс сілемдері мен Қаратауда Орта Азия мемлекеттік университетінің және Түркістан көне ескерткіштерді қорғау комитетінің кешенді экспедициялары жұмыс істеді. Соңғының профессор А.Л. Бродский басқарған экспедициясының бір міндеті тау қорығын ұйымдастыру үшін орын таңдау болды. Бұл экспедицияларға елдің ірі ботаниктері М.Г.Попов, Е.П.Коровин, П.А.Баранов, М.В.Культиасов, М.М.Советкина, Р.И.Аболин, зоологтар А.П.Бродский, Д.Н.Кашкаров, топырақ зерттеушілер Н.А.Димо, К.М.Клавдиенко және т.б. қатысты. Олардың жүру бағыттары аласа машат тауынан бастап, Жабағылы, Ақсай, Арабек өзендерінің бастауларына дейінгі Талас Алатауының бүкіл батыс бөлігін, сондай-ақ Ақсу өзенінің каньонынан оңтүстікке және оңтүстік батысқа қарай орналасқан Балдабрек, Сайрамсу, Бадам өзендерінің аңғарларын қамтыды.
Қорықты ұйымдастыру кезінде таңдау ғалымдардың назарын өзінің өсімдіктер дүниесінің байлығымен және шалғындары мен далаларының жеткілікті жақсы сақталуымен аударған Жабағылы және Ақсу өзендерінің аңғарына түсті.

ҚОРЫТЫНДЫ

Түлкібас ауданы флорасын толық анықталған 86 тұқымдас, 395 туысқа жататын 956 өсімдік түрлері айқындалды. Ауданнан гербарий жиналып, өсімдіктерге таксономиялық талдау жасалынды. Онда ірі тұқымдастар, атап айтқанда Роасеае, Fabaceae, Brassicaceae, Asteraceae, Polygonaceae тағы басқа, ал ірі туыстардан Poliganum, Astrgal Poa, Stipha, Carex бар екендігі анықталды. Өсімдіктердің систематикалық топтары: папортник тәрізділер, қырықбуын тәрізділер, жалаңаш тұқымдылар және жабық тұқымдыларға бөлінді. Тіршілік формасына ағаш, бұта, жартылай бұта және шөптесін өсімдіктер біріктірілді.
Ғылыми жаңашылдығы - Алғаш рет Түлкібас ауданы флорасына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы жұмыс ғылыми құндылыққа ие. Зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтер мектептерде және жоғарғы оқу орындарында қолдануға болады.
 
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.    Н.К. Аралбаев, Г.М.Кудабаева. «Государственный кадастр растений Южно-Казахстанской области». Книга первая. Конспект видов высших сосудистых растений - Алматы, 2002 г. - 314 с.
2.    Байынқол Қалиұлы «Өсімдік атаулары. Орысша-қазакша сөздік» Алматы, «Ана тілі» 1993 ж.
3.    Адылов Т.А. Род Artemisia L/7 Опр.раст. Ср.Азии. Т. 10. Ташкент: С. 536-588.
4.    Алехин В.В. География растений. М.: Сов.книга. 1938. 104 с.
5.    Алисов Б.П. Климат СССР. М., Изд-во МГУ, 1956.-127 с.
6.    Байтенов М.С. Высокогорная флора Северного Тянь-Шаня. - Алма-Ата: Наука, 1985.207с.
7.    Байтулин И.О. Растительные ресурсы Казахстана и перспективы их рационального использования // Проблемы рационального использования лекарственно-технических растений Казахстана. Алма-Ата: Наука. 1986. С.5-12.

Жүктеп алу
11 рет жүктелген
26.24 кб файл салмағы
Ұқсас рефераттар
Рефераттар
Арал теңізінің жағалаулары
Рефераттар
Арал теңізі
Рефераттар
Англияның дипломатиясы
Рефераттар
Америка халқы
Рефераттар
Америка Құрама Штаттары