Ақша қозғалысының құжатталуы
764
Мазмұны:
Кіріспе
1 Бөлім Ақша қаражаттары есебінің теориялық негіздері
1.1 Ақша - ағымдағы активтердің маңызды түрі
1.2 Ақша қозғалысының құжатталуы
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Тәуелсіздік алғаннан бергі экономикамыздағы қатынастардың қалыптасуы мен дамуы алуан түрлі меншік формасындағы шаруашылық қызметпен айналысушы субъектілектердің санын көбейтті. Шаруашылық қызмет атқарушы барлық субъектілер бухгалтерлік есеп жүргізіп есепті кезең қорытындысы бойынша қаржылық есептілікті құрастыруға және тиісті ұйымдарға ұсынуға міндетті.
Қоғамның экономикалық-әлеументтік өзгерістеріне сай бухгалтерлік есеп те жаңа заман талаптарына сәйкестендіріледі. 1996 жылдан бері отандық есеп жүйесін Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына жақындастыру мақсатында ұлттық Қазақстандық бухгалтерлік есеп стандарттары қабылданып, субъектілердің қаржылық-шаруашылық қызметіне негіз болды. Осы стандарттар мен қоса бухгалтерлік есеп жүргізу шоттарына да өзгерістер енгізілді. 2002 жылы Типтік шоттар жоспары бекітіліп, қолданысқа енгізілді. “Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жөніндегі” заңға енгізілген 2004 жылғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес еліміздегі бухгалтерлік есеп және есептілік Халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен көшетін болды: бірінші кезең – 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап ірі ұйымдар көшеді; екінші кезең – 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған ұйымдар көшуі қажет.
Алға қойлған осы мақсаттардың іске асырылуы үшін Халықаралық стандарттар бойынша есеп жүргізіп, есептілік тапсырушы субъектілер үшін жұмысшы шоттар жоспары қабылданды.
Міне осындай маңызды іс-шаралардың жүзеге асырылуына сәйкес ұйымдарда бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және қаржылық есептілікті сәйкес ұйымдарға ұсынудың маңызы артуда.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік есеп жүйесіндегі барлық өз иелігіндегі және сырттан тартылған қорлары баланстың актив және пассив деп аталатын өзара тепе-тең бөлімдерінде топтастырылып көрсетіледі.
Актив деп кәсіпорынның ақшаға бағаланатын игіліктері мен құқықтарын, мүліктерін айтады. Олар кәсіпорынның өткен мерзімдегі қызметтерінің нәтижелері болып есептеледі. Кәсіпорындар өз меншігіндегі активтерін сол кәсіпорынды басқару, өнім өндіру, жеке адамдар мен заңды тұлғаларға қызмет көрсету, яғни өздерінің алдағы уақытта табыс табуы үшін пайдаланады.
Кәсіпорындар активтерді өздері өндіру арқылы, сатып алу арқылы, басқалардан уақытша жалға алу арқылы иеленеді. Активтер өздерінің пайдалану мерзіміне қарай екі топқа бөлінеді:
- қысқа мерзімді – ағымдағы активтер (бір жыл аралығында пайдаланылатын активтер);
- ұзақ мерзімді активтер (бір жылдан артық мерзімде пайдаланылатын).
Ағымдағы активтер өтімділігіне қарай жоғары өтімділікті және баяу (төмен) өтімділікті болып екіге бөлінеді. Кәсіпорындардың өз өндірісінде, яғни шаруашылық қызметі барысында пайдаланылатын активтері өтімділігі баяу активтер құрамына жатады, ал өтімділігі жоғары активтер өздерінің тез арада қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Ағымдағы активтер халықаралық есептілік стандарттарына көшумен байланысты қысқа мерзімді деп аталатын болды.
Ағымдағы активтердің (қысқа мерзімді) есебін ұйымдастыру аса мұқияттылықты, ұқыптылықты талап етеді, себебі олар ұйымның активтерінің басты бөлігі, шаруашылық қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірден-бір қорлар, міндеттемелерді қамтамасыз етудің басты көзі болып табылады.