Арал трагедиясы

Рефераттар
996

Мазмұны:
I.    Кіріспе.

II.    Негізгі бөлім 

1.    Арал ойысы.
1.2     Арал теңіз фаунасы.
1.3     Арал теңізінің экологиялық ахуалы.
1.4     Арал апатына себеп болған факторлар

III.    Қорытынды.

IV.    Пайдаланылған әдебиеттер.

Арал теңізінің тарихы

Арал теңізі, Кайнозой дәуірінің орта шетінде, яғни бұдан 21 млн. 1200 жыл бұрын Каспий теңізіне қосылып жатқан. Бұған теңіздің терістік бетіндегі қазіргі Сарышығанақ, Ақеспе тұсынан 80 метр тереңдіктен Олигоцен уақытында өмір сүрген қызыл балықтың, ірі ұлудың, киттің омыртқа сүйектерінің тасқа айнала бастаған күйінде табылуы дәлел болмақ. Бұл теңіздің кезінде мұхитпен қосылып жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ Арал маңынан акуланың тісі мен сүйегі табылды. ХІХ ғасырдың орта кезіндегі Арал-Каспий ойпатының пайда болуы жөніндегі болжамдардан Арал бассейнінің геологиялық ерте кезеңде Жерорта теңізімен тұтасып жатқан су айдыны екенін, оның кейінгі Альпілік дәуірлерде жер қыртысының көтерілуіне байланысты ұсақ су айдындарына бөлінгенін білеміз. Сондай-ақ, Арал теңізінің көлемі жайлы, Арал теңізі жайлы ұғымдар сонау ерте дүние әдебиеттерінде де кездеседі.
Ендеше қазіргі кезде әлем елдері назарын өзіне аударып отырған осы су айдынын зерттеу сол ерте заманан бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді деуге болады. Міне, сондықтан да көне зерттеулер мен қазіргі жаңа мәліметтерді салыстыру арқылы Арал теңізі бассейнімен оның жағалауының даму эволюциясын, сондай-ақ ғасырлар бойы өзгеру сипатын анықтау қиын емес. Мысалы, ежелгі заманның өзінде Арал теңізі көп елдерге мәлім болған. Өйткені, сол IХ-X ғасырлардағы араб ғалымдары – Ибн Хордадбех, Ибн Руста, Әл-Масуди, Әл-Истахри келтірген мәліметтер аса құнды саналады. Демек, бұл еңбектерден сол кездегі Аралдың көлемі мен жағаларының пішіні туралы мағлұмат алуға болады.
Ибн-Хордадабех «Китаби-ал-масалик Вал-мамлик» саяхаттар мен мемлекеттер кітабы атты еңбегінде Амударияны -Жейхун, Арал теңізін - Күрдер көлі деп атайды. Ал Ибн-Рустеннің Амудария мен Арал теңізі туралы жазғандары неғұрлым нақты, оның мәліметтері бойынша, Арал теңізінің көлемі 80 фарсах (бір фарсах-6 шақырым). Теңіздің басты жағалауындағы Жоталары Сиякух (қара таулар) деп аталады. Ал оң жақ жағалауы батпақты, онда қалың орман өскен. Демек аталмыш Сиякух – үстіртің тік жарлы құздары болуы мүмкін. Өйткені оның батыс жағалауы қазір де биік келеді, кейбір нүктелердің биіктігі 190 метрге жетеді.
Сол сияқты Араб географы Әл-Истахри Арал теңізін «Хорезм көлі» деп атаған және Сырдария жөнінде мәліметтер келтірген. Истахри былай дейді: «Бұл көлдің айналасы 100 фарсах. Суы тұзды, көлге Жейхун, Илаш Сырдария және басқа өзендер құяды». Сондай-ақ Х ғасырда өмір сүрген белгісіз автордың парсы тілінде жазған «Худуд-ал Алам шығыстан батысқа дейінгі әлем облыстары» атты қолжазбасында да Арал теңізінің сипаттамасы берілген. Мұнда теңіздің көлемі 300 фарсахқа тең келетіні және жағалауларының құмды екені жазылған. Жоғарыдағы Арал теңізі жөнінде мәлімет қалдырушылар негізінен теңізді арнайы зерттеген адамдар емес, жолшыбай көргенін жазған саяхатшылар, жалпы дүниежүзілік әдебиетке қатысты шағын дерек жинаған шолушылар. Сондықтан бұл кезде Арал теңізі жайлы нақты ғылыми зерттеулер болған жоқ деуге болады. Дегенмен осы өлкенің сол кезеңдегі көрсетілген табиғат жағдайлары мен қазіргі табиғатының өзгерісін салыстыра қарағанда өңірдің сипатынының бұрынғы кезде нақты қандай болғандығына көз жеткізуге болады.
Негізгі Арал теңізі жайлы нақты деректі мәліметтердің жиналуы, яғни арнайы зерттеулердің басталуы ХVІІ-ХІХ ғасырлардың еншісіне тиеді. Өйткені бүгінгі Арал деген атау сол ХVІІ ғасырдан бергі жерге берілген. Яғни 1740-1741 жылдары Сырдария мен Арал маңын зерттеуге алғашқылардың бірі болып, Иван Мурауин қатысып, тұңғыш рет Арал теңізінің шығыс жағалауларын өте дәлдікпен арнайы түсірілімге түсіріп, карта жасаған. Жалпы Арал теңізі жайлы соңғы толық зерттеулер 1946–1950 жылдар аралығында болған. Ондағы мәліметтер бойынша теңіз көлемі 66 мың шаршы шақырымды құрап, ең ұзын бөлігі 424 шақырым, ал ендігі бөлігі 292 шақырым, орташа тереңдігі 16,1 метр, ең терең жері 68 метр деп сипатталып жазылған. Содан қалған бүгінгі теңізде шамамен 15-20 мың шаршы шақырымға жуық қана су айдындары бар көрінеді. Теңіздің осындай тартылуына орай өңірде алғаш рет 2001 жылы Арал теңізінің табаны қала орны болған деген болжам жасалды, ал бұл күндері осы болжам шындыққа айнала бастағандай.
Өйткені бұрын Арал теңізі өз деңгейін сақтап тұрған жылдары сол жағасынан көне заманға тән ою-өрнектер, адам сүйектері ұшырасқан кездері болғаны жөнінде кезінде теңізде жүзген кейбір қарт кеме капитандарының талай өз аузынан естіген кездеріміз де болды. Бірақ та, ол кезде теңіз астында қала барын кім білсін. Ал енді теңіз тартылып, жағасы әр деңгейде ашыла бастағанда, қазір де бұл жағдай жиі көріне бастады. Өйткені қазіргі археолог ғалымдардың деректері бойынша құрғаған теңіз табанынан табылған әлгі мешіттің ою-өрнектерді сол 12-15 ғасырлардың еншісіне жатқызады. Сондай-ақ бұған дәлел ретінде Арал тарихынан белгілі сол 1592 жылдарға дейін қазіргі табылған қала орны яғни, «Барсакелмес» аралының батыс беті құрлықпен бірігіп жатқан көрінеді. Кейін теңіз суының көтерілуіне байланысты құрлықтан бөлініп қалған. 

Арал ойысы

Арал ойысы – Арал теңізі ойпатын және оның солтүстігін, шығысы мен оңтүстік-шығысын алып жатқан мезозой-кайнозой шөгінділерінен құралған тектоникалық құрылым; геоморфология тұрғыдан алғанда солтүстік Қызылқұмға жалғасып жатқан ойпат. Тұран плитасының құрамына енеді. Ауданы 350 мың км2 шамасында. Арал ойысының солтүстік-шығысы, Тұран шығысы, оңтүстігі жайпақ жазық, ал Үстіртке жалғасатын батыс жағы тік жарлы болып келеді.
Арал ойысы солтігінде Торғай ойысының оңтүстік шетімен, шығысында Аққырқақұм қыратымен, оңтүстігінде төменгі Әмудария мегаантиклиналімен шектеседі. Ойыстың оңтүстік-шығысындағы Бозкөл қырқасы оны шығыс Арал және Тәжіқазған қазаншұңқырларына бөледі.
Арал ойысы табанының жоғары бөлігі палеозой мен триас шөгінділерінен түзілген. Оның үстін мезозой мен кайнозойдың қалыңдығы 1800 – 2000 м шөгінді жыныстары (саз, құмтас, әктас, мергель) жауып жатыр. Арал ойысының юра мен бор шөгінділерінде мұнай мен газ, палеоген жыныстарында қоңыр көмір, темір кендері кездеседі, сондай-ақ жер асты суының мол қоры бар. 
 
Мүйізтұмсық
Арал қазба фаунасы – Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы (Ақеспе елді мекені маңынан) олигоцен дәуірінің аяқ кезіндегі құрлық шөгінділерінен табылған жануарлар қалдығы. Қазба жұмыстарын 1930 ж. КСРО Ғылым Академиясының Палеонтология институты және Қазақстан Ғылым Академиясының Зоология институты (1952, 1966, 1981, 1990 – 1991 ж.) жүргізді. Қазбадан: мүйізтұмсықтар (Paraceratherіum, Aceratherіum, Protaceratherіum, Aprotodon, Gіgantamynodon), бұғытәрізділер (Lophіomeryx, Mіomeryx, Prodrematherіum, Amphіtragulus), кемірушілер (Propaleocator, Aralomys, Argіromys, Agіspelagus, Protalactaga, Eumysodon), бауырымен жорғалаушылар (Chelonіa, Testudo), құстар (Anas) қалдықтары табылды. Олар шамамен 25 – 26 млн. жыл бұрын ылғалды ормандар мен көлді, батпақты аймақтарда тіршілік еткен. Арал қазба фаунасының жер қабатының геологиялық салыстырмалы жасын анықтауда маңызы зор.

Арал теңізінің экологиялық ахуалы
Арал теңізі – Қазақстанның інжу-маржаны, шөл белде-міндегі бірден-бір көгілдір су айдыны еді. Оның апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1066 км², тереңдігі – 30-60 метр, тұздылығы – 10-12% болған. Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген тіршілік кешті. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген.
1960 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдай Өзбекстан мен Тәжікстанда 1,5, Түрікменстанда 2,4, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. Ал Әмудария мен Сырдария бойындағы Халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай, 1970-1980 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқындап дамыды (Шардара).
Оның үстіне ауыл шаруашылығының басқа да салалары барынша дамыды. Өзен бойлары игеріліп, суды ысырапсыз пайдалану жүзеге асты. Мәселен, Арал 1960-1965 жылдар арасында 44 мың м³, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 пайызға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану 10-15 есеге өскен. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты.
Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2 млн. тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады.

Арал апатына себеп болған факторлар:
• жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
• ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
• суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
• жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау;
• табиғат ресурстарын пайдалануға жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады.
 
Серіктік суреттер: сол жақта - 1989; оң жақта - 2003 жж.
Осы аталған фактілер Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істелген қателігі ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суын тарылтуда. Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқталып, соңғы 1-2 жылда ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздың мөлшері жылына 13-20 млн. т деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауыл шаруашылығына зардабын тигізуде. Топырақтың тұздануы Өзбекстанда – 60%, Қазақстанда – 60-70%-ға артып отыр. Мұның өзі жалпы шаруашылықа зиянын тигізуде. Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі шөл белдемінің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі әрі қайтымсыз антропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда.
Қазіргі арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сарысу, өкпе-тыныс өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр.
Жалпы, адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Сондай-ақ, ертеңін ойлаған әрбір ел алдымен халқының саулығын, ұрпағының салауатты өмр сүруін қадағалайтынын әркез естен шығармағанда абзал. Сонымен бірге өңірде іш сүзегімен ауыратындар саны 7 есеге өскен. Сол сияқты қоршаған ортаның лакстануынан аймақта жүрек-тамыр және онкологиялық (обыр) аурулары әлдеқайда жиі кездеседі. Демек, бұларды ғаламшар тұрғындарын өлім-жітімге душар ететін, осы заманғы бірінші орындағы аурулар десе де болады. Жалпы, планетадағы көлдердің арасында көлемі жағынан төртінші орынды иеленетін Арал теңізі бұл күндері жер бетінен біржолата жоғалу үстінде. Өйткені, бұрынғыдан 66 мың шаршы шақырымға жуық қана су айдыны қалып отырған сияқты. Ғалымдар теңіз 2015 жылдары жер бетіне толық жойылады деп отыр. Ал, Арал өңіріндегі экологиялық апат адам өміріне жыл өткен сайын өте қауіп төндіруде. Өйткені, республика территориясында алғаш теңіз жағалауы 100 шақырымнан артық қашықтап, кіші арал оқшаулана бастаған шақта, сол құрғаған теңіз ұлтанынан тұзды шаң көлемді аймаққа тарала бастаған сәтте Ю.У.Новиковтың деректеріне қарағанда Арал табанынан кезінде жылына 72 млн. Тонна тұз дүние жүзіне шаң болып тарап, ал Арал өңірінде әрбір гектар жерге 700 кг тұз аспаннан жауатынын дәлелдеген.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Образовательный сайт Казахстана, Арал теңізі және экологиясы, 
2. Қазақ энциклопедиясы I том
3. Gazeta kz, Арал теңізінің мәселелері жөніндегі арнайы кеңес,

Жүктеп алу
647 рет жүктелген
491.73 кб файл салмағы