Асан Қайғы жайындағы аңыздар

Рефераттар
977
Жоспар: 
І. Бөлім
Кіріспе 
Асан Қайғының есімі қазақ сақарасының қай түкпірінде болмасын мәшһүр
ІІ. Бөлім 
Асан Қайғы жайындағы аңыздардың ең таңдаушысы – оның “Жер ұйықты іздеуі” 
ІІІ. Қорытынды бөлім
Асан Қайғы айтқан нақыл сөз
 
Асан Қайғы
Асан Қайғының есімі қазақ сақарасының қай түкпірінде болмасын мәшһүр. Шежіре қарттардың Асан атын естімегені, оның бірер ауыз нақылын білмейтіні кемде-кем. Асан Қайғының тағы бір ныспысы — Асан Ата, халық оны әулие тұтады, ерекше жаратылған жан деп есептейді. Асан жайындағы әңгімелер халық арасына кеңінен тараған. Тіпті оған арналған үлкен эпикалық поэмалар да бар.
Алайда Асан бейнесін аңыз мұнары басқан. Оның өмірі жайында бізге жеткен деректер тым аз.
Ел әңгімелері Асанның әкесінің аты — Саятшы Сәбит екен дейді. Қазақ тарихшысы Құрманғали Халитұлының «Тауарих хамса» атты кітабының айтуынша,  Асан Қайғы — Шыңғыс ханның замандасы ұлан Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Бұл — қазақтың кәдімгі «Түгел сөздің түбі бар, түп атасы Майқы би» деген мақалындағы Майқы, Шыңғыс ханның тарихтан белгілі әскербасыларының бірі.
«Тауарих хамсаның» авторынын «Асан Қайғыны кім деп білесіз?» деген сауалына Құдабай ақын мынадай жауап қайырыпты:
«Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін. 
Бұл сөзге анық  қанық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, бұлай  деймін.
 
Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,
Алтай,  Ертіс, Оралды қылған дүбір.
Орманбет  хан ордадан  шыққан  күнде
Асан  Ата  қайғырып айтыпты  жыр.
 
Қазақ  «Орманбет хан өлгенде, он сан  ноғай  бүлгенде» деп   күй   тартады.    Халық   аңыздарында    қазақ-ноғайдың айрылуы Орманбет ханның есімімен байланыстырылады. Тіпті Орманбет хан өлерінде айтқан екен деген бірер шумақ жыр да бар:
«Таудан аққан бұлақтың
Аяғы тартар теңізге,
  Санды  айдаған бай  болса —
Қуанбай қоймас егізге,
Жақсыдан туған жаманды
Жамандай берме,  жарандар,
О да бір тартпай  қалмас негізге».
 
Бұл Орманбетті қазақ шежіресі және кейбір зерттеушілер кәдімгі тарихтан белгілі Ұлұғ-Мұхамед хан деп түсінеді.
Алтын Орда әміршілерінің бірі Үлұғ-Мұхамед XV ғасырдың 20-жылдарында Сарайдан қуылып, Витовтты паналаған да, кейінірек Қазанда хандық құрған. Біздің назар аударатынымыз — Асан өмірінің біраз уағы осы Ұлұғ-Мұхамед ханның төңірегінде өтуі. Асан Қайғының алдымен Сарайда, кейінірек Қазанда ханның оң тізесін басқан ықпалды бектердің бірі болғандығы байқалады.
Бұдан соңғы жерде Асанды қазақ хандығында, Жәнібек ханның маңынан көреміз.
Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде, Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда Асан Ұлытаудың басында қайтыпты. Ал Шоқан Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр деп жазады. Ақынның қанша жасағаны да мәлімсіз. Халық аңызында ол—көпті көрген көне. Бір аңызда Асан 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді. Халық әңгімелерінде дана, ақылгөй адамның қашан да тұғырдан таюға айналған ақсақалды қария етіліп көрсетілетіні мәлім, сондықтан мұндай деректерді нақты деп қабылдай беруге де болмайды. Алайда Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз: Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын Ұлұғ-Мұхамедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол егде тартып қалған адам. Соған қарағанда, Асан Қайғының өмір сүрген дәуірі — XV ғасырдың іші.
Тарихи Асан туралы біздің білетініміз осымен шектеледі. Алайда тағы бір Асан бар. Ол — халық қиялы тудырған аңыздар мен әңгімелердің геройы Асан.
Өз заманының ой-санасына әсер еткен, биікте, асқарда тұрған жандар жайындағы жартылай шын, жартылай ла-қапқа құрылыған әңгімелер өз кейіпкерінің тірі кезінде-ақ бой көрсете бастайды.
Асан Қайғы жайындағы толып жатқан аңыздардың нәр алған көзі – тарихи Асанның тірлігі мен кешкен өімірі. Алайда біз білетін, желмая мініп жер кезген данышпан қарттың шын Асанмен ортақ несі бар, тарихи Асан мен аңыз қаһарманы Асанның арасындағы қатыс қаншалық, бұлардың соңығысына қарап алғашқысының кейпін елестете аламыз ба дене мәселелерді шешу өте қиын. Әйткенмен Мұхтар Әуезов айтқандай, «аңыз әңгіменің тарихтық адамды біржола өзіне ұқсамаған кейіпке түісіріп әекететіні болмайды... әрбір аңыз әңгіменің негізігде тарихта болған адамның шын кескіннің түбегейлі ерекшеліктері жүреді». Сондықтан халық аңызы жасаған Асан Қайғының бейнесіне бажайлап қарасақ, белгілі дәрежеде тарихи Асанның кейпін дер көруіміз хақ.
Қазақ даласына Асан Қайғы немесе Асан Ата жайындағы аңыз әңгімелер кеңінен тараған дедік. Бұл реттегі белгілі легенданың бірі – «Ежен хан мен Асан».
Ертеде қазақ Ежен хан дегенге қарапты дейді аңыз. Тізесін бұрынғыдан да батыра түспекке сылтау іздеген Ежен халыққа: «Қорадағы билерім құлын тастайды, айғырын кісінетпесін», - дене жосықсыз талап қояды. Жұрт қысылғанда хан қаһарының бар тауқыметін көтеріп алмақ боп белсеніп шыққан – жас бала Асан болады. Бала қасына ерткен қырық мергеніне жолай кездескен ауылдың иттерін атқыза беріпті. Алыстан келген елшілерді қабылдағанда Еженнің ең алдымен білгісі келгені осы содырлықтың себебі. Асан берген жауап мынау болады: «Жас кезімде қозы бағып жүргенде қозыма қасқыр шапты. Бар даусыммен айғайлап ойдың итін шақырдым,  - келмеді, қырдың итін шақырдым, - келмеді, қаланың итін шақырдым, - келмеді, даланың итін шақырдым,  - келмеді. Сонда бұдан былай ит біткенді қыра берермін ден ант ішіп едім». 
Ежен: «А, тентек шіркін, қазақтың мидай сары даласында жүріп айғайлаған даусыңды біздің қаланың иті қайдан естісін» депті. Бұған орай Асан бала: «Дат тақсыр, даладағы айғырдың даусын қаладағы бие естігенде, кісінің даусын ит естімеуші ме еді», - дейді. Сөзден тосылған хан тоқталыпты. Қалағаныңдағы ал дейді балаға. Бала халқының бостандығын сұраған екен, Ежен хан: «Бар, бердім қазақ деген жұртты, өзіңді хан сайладым», - депті.
Жаны таза, бала мінез көшпендінің санасы да балаңдықтан арылмаған: ұтымды айтылған  бір ауыз сөздің құдіретіне сенеді (Абылай мен Қалдан жайындағы әңгімені де есіңізге алыңыз), қарадан шыққан жас бала даналығының арқасында хандыққа жетеді.
  Асан жайндағы аңыздардың енді бір алуаны  − оның қалайша Қайғы атануына байланысты. 
«Сенің талайыңа су перісінің әмірі су сұлтанының қызы несіп болайын деп тұр екен, − дейді бал аштырған жас Асанға балгер. Төрт үлкен өзен бар: күн батыста Еділ, Жайық екі су, оңтүстікте ұзын аққан Сырдария, шығыста өр Ертіс. Бәріне де қармақ сал, бірінен болмаса бірінен ілінер». Перінің қызының Асанның қармағына Ертістің басынан ілініпті. «Адамзаттан өзге бөлек түрі жоқ, сұлулықта міні жоқ, жалғыз-ақ айыбы – сөйлесерге тілі жоқ». Біраз тұрмыс құрған соң, түісініспеушілік нәтижесінде шарттарын орындай алмаған  Асанды тастап, қыз көкке ұшып кетеді. Ғашықтық азабынан Асан мұнды болып, сол себепті Қайғы атанған екен.
Асан қайғы − күнделікті өмірдің күйбеңі тығызған әдепкі, пенделік қайғы емес, адам атаулығының қайғысынан мүлде өзгеше хал. Айтылмыш аңыздың бір нұсқасында Асанның өзінің асылы періден делінеді. Асан Қайғы шын әулие болса оның сүйегінде адамзаттық емес, құпия бірдеңе болуға тиіс.
Тарихи Асан желмаяға мініп жер шалып, дәл аңыздағыдай жүре қоймаған болар. Бірақ қиялдағы мекен – «Жер үйек», ондағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тіршілік кебі жайындағы  аңыздың барлық нұсқасының Асан атымен байланыстыруына селқос қарауға болмайды. Шоқан  Асан Қайғыны көшпенділердің философы деп, әрине, әншейін атай салмаған. 
 
Қорытынды
Асан өмір сүрген XV  ғасыр – Шығыс Европаның тарихында ұлы өзгерістер болып жатқан дәуір еді. Күні кеше Алтын Орданың тепкісінде жатқан орыс елі қайта көтерілді, Москва күшейе бастады, бірлі-жарым қақтығыста өз қарауының салмағын көрсетіп те қалды. Алтын Орда шылпыра боп ыдырап, оның орнын өзара қырқыстан басқаны білмейтін дербес хандықтар басты. Ал орыс мемлекетінің қуаты күн  сайын артып келе жатты. 
Асан Қайғының өз дәуірінде болып жатқан өзгерістердің мәнін ұғып, байыбына жете түсінгендігі көрінеді. Бұл, әрине, Асанның үлкен ақыл иесі, ойшыл болғандығының тағы бір айғағы.
Жүктеп алу
639 рет жүктелген
45.00 кб файл салмағы