БАЛҚАШ КӨЛІНІҢ ФИЗИКА-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Рефераттар
953
К І Р І С П Е
«Қазақстан-2030» стратегиясының мақсаттарының бірі Қазақстан Республикасының су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау болып  табылады. Қазақстанның 66% территориясы шөлейт және шөлді аймақтарда орналасқан және су ресурстарына өте тапшы. Жеке адам басына суды пайдалану бойынша Қазақстан Евразия құрлығында соңғы орындардың бірінен орын алады. 
Іле-Балқаш алабы Қазақстан үшін су ресурстарының, балық шаруашылығының маңызды көзінің бірі болып саналады, әрі көптеген фауна мен флоранаың өсіп-өнетін тіршілік ортасы, түрлі ландшафтың тараған жері және аймақтың климатын реттеуде аса маңызды рөл атқарады.
Балқаш көлі жер шарындағы ірі табиғи су қоймаларының қатарына жатады.  Ол Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл аумақтарын қамти орналасқан. Мұнда кеме қатынасы, балық аулау шаруашылығы жақсы дамыған. Сондай-ақ көл суы егістік суаруға және өнеркәсіпте (Балқаш көлінің жағасында Республикадағы ірі «Балқашмыс» металлургиялық комбинаты орналасқан) кеңінен қолданылады. Іле өзенінің Балқашқа құяр атырауында күріш өсіру, ондатр шаруашылығы дамыған, әрі мұнда қамыс құрағының мол қоры бар. Жалпы алғанда Балқаш көлінің Қазақстан Республикасының халық шарушылығындағы маңызы өте жоғары болып саналады.
Су деңгейінің және су теңдестігінің көпжылдар, жыл және маусым ішінде тербелу амплитудасы көлдің морфометриялық және гидрологиялық сипаттамаларын елеулі өзгертіп отыр. Балқаш көлінің орташа тереңдігі 6 м болып келетін таяз су қоймасы болғандықтан су деңгейінің тербелісі мұнда тұратын халықтың шаруашылығына, қоршаған ортаның экологиясына әсері жылдам байқалады.
Соңғы жылдары Балқаш көлі проблемасы өзекті мәселеге айналып отыр. Ол негізінен өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, энергетикада және шаруашылықтың т.б. салаларында қайтарымсыз пайдалануға алынатын және тазаланбаған ақаба сулардың көлемінің өсуінен, көл деңгейінің күрт төмендеуінен туындап отыр. Қапшағай СЭС-і тұрғызылғаннан кейін әр жылда қайталанып отыратын тасқындардың атырауда жайылуы жойылды, көлге құятын су көлемі азайды, көлдегі су деңгейі төмен түсіп, көл жағаларының бірқатар ауданы құрғап қалды, құрғаған көл табанындарынан тұздардың, құмның және шаң-тозаңның  көшуі орын алып отыр. Іле өзені атырауындағы бұрынғы 15 көл жүйесінен 4-5-і ғана қалды. Қалған көлдердің тұздылығы артып, әсіресе пестицид пен ауыр металлдардың су асты шөгінділерінде, фито-зоопланктон және балықтар ағзаларында байқалып  отыр. Балықтың өнеркәсіптік түрлерінің қоры төмендеп кетті, көлдің жалпы минералдылығы өсумен қатар оның ақаба сулармен, тұрмыстық қалдықтармен, мұнай өнімдерімен және ауыр улы металлдармен ластануы өсіп отыр. Химиялық және бактериялық ластану негізінен Іле өзені суымен, сондай-ақ ҚХР жағынан келіп түсуде. 
Көл суының өнеркәсіп орындарынан шыққан қалдықтармен ластануы одан әрі өсу түсуде. Көлдің ең ластанған ауданы – Біртіс қойнауында мыстың шектік концентрациясы (ПДК – предельно допустимая концентрация) нормадан 10 есе, мырыш 4 еседен асады. Мыс қорыту зауытының және басқа өнеркәсіп орындары ақаба суларымен мұнда тәулігіне 75 тонна зиянды химиялық қалдықтар құйылады [3]. 
Іле-Балқаш экожүйесінің бұзылуы қарастырылып отырған аймақта қоршаған орта жағдайының  нашарлауына әкеліп соқтырып отыр. Соңғы кезде Балқаш көлінің күйіне және жалпы Балқаш алабы жағдайына Іле алабының КХР аумағында суды пайдалану көлемінің өсуі және климаттың антропогендік өзгеруі әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, Балқаш көліне Арал тағдырындай жағдай қайталанбасын десек, жылдам түрде тиісті шаралар қабылдануы тиіс.
Жүктеп алу
669 рет жүктелген
307.50 кб файл салмағы