Есімше, көсемше, тұйық етістік

Рефераттар
943
Оқулықтар мен кейбір зерттеулерде етістікке байланысты жаңсақ баяндалып жүрген грамматикалық тұлға – есімше, көсемше және тұйық етістіктердің жеке-жеке грамматикалық категория деп берілуі. Бұлар етістіктің грамматикалық категориясы бола алмайды, етістіктің ерекше тұлғалық түрі болып табылады, басқа грамматикалық категориялар (рай, шақ) жасауға тұлға бола алады, өйткені есімше мен көсемше тек етістіктұлғаларымен түрленіп қоймайды, басқа сөз таптарынша түрленіп, қызмет атқарады, ал тұйық етістік болса, етістікше тіпті түрленбейді. Есімше, біріншіден, жіктеліп келіп, шақтық мағынаны білдіріп, етістіктің бір тұлғасы, грамматикалық категорияның (шақ) бір көрсеткіші болса, екіншіден, есімдерше түрленіп (көптеліп, тәуелденіп, септеліп), қатыстық-анықтауыштық, субстантивтік мәнді білдіріп, екі жақты қызмет атқарады.
Жіктік категориясы
Морфологиялық көрсеткіш ретіндегі жіктік жалғау 3 жақтың әр жағында бөлек-бөлек болып түрленіп, сол арқылы бір жағынан, тұтас біртектес грамматикалық мағынаны білдіріп, екінші жағынан, әр жақты (жекеше-көпше де) әртүрлі грамматикалық формалар арқылы бір-біріне қайшы грамматикалық мағына білдіріп, морфологиялық түрлену жүйесінің, яғни парадигмалық жүйенің жиынтығын құрау арқылы грамматикалық категория болып табылады.
Жақ ұғымы, қимыл, іс-әрекеттің қай жақ арқылы іске асатынын немесе белгілі қасиеттің қай жаққа қатысты екенін я қасиеттің иесі қай жақ болып тұрғанын білдіру болып табылады. Жақ ұғымының морфологиялық сипатын ескермеуге болмайды, өйткені жіктік жалғау – үш жақта (және жекеше-көпше болып), әрқайсысына (сол жаққа) тән арнайы грамматикалық тұлғалары бар парадигмалық түрлену жүйесі болып табылады.
Жеке сөздің, зат атауының 3-жақты білдіруі бар да, 3-жақ жалғауда тұруы бар, ол екеуі – екі бөлек нәрсе. Мысалы, кез келген зат есім грамматикалық мағынасы жағынан 3-жақты білдіреді, сондықтан бұл сөздердің орнына ол деген 3-жақ жіктік есімдігін қолдануға болады, ал баяндауыш қызметінде   мынау – тау, ол – адам, т.б. қолданыста бұлар жіктік жалғауының 3-жақ тұлғасында жұмсалған.
Жіктік жалғауы есім сөз таптарынан гөрі етістікке тән десек те, ерекшеліктері мынадай: 1. етістік түбір тұлғада тікелей жіктелмейді, ал есім сөздер (зат есім, сын есім, сан есім, есімдіктің кейбір түрлері) тікелей түбір тұлғада жіктеледі: және 1, 2-жақта тек адамға байланысты есімдер ғана жіктеледі. 2. етістіктің жіктелген тұлғаларының өзі бірдей, біркелкі жүйемен жіктелмейді. Атап айтқанда, қазақ тілінде етістік 5 түрлі жіктеледі, 4 түрлі жіктік жалғауы жалғанады.
Жүктеп алу
620 рет жүктелген
48.00 кб файл салмағы