Фразеология жайлы
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының маңыздылығы.
Талқыланып отырған тақырып «фразеологизмдердің антонимдік қолданысы». Бұл мәселе лексикология саласында әлі күнге дейін толық қаралмаған, жан-жақты терең талдауды қажет ететін тақырып. Біздің тілімізде фразеологизмдік антонимдердің маңызы өте зор. Жалпы бұларды тек лингвистикамен байланыстыру жеткіліксіз, фразеологизмдердің табиғатын түсіну үшін тарих, әдебиет, этнолингвистика,риторика т.б. ғылым шеңберінде қарау керек.
Фразеологизмдерге терең үңілу арқылы біз тарихымызды, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық болмысымызды терең танимыз.
Тіл байлығымыздың бірінші көрсеткіші болып табылатын фразеологизмдер қазіргі кезде де толық зерттеуді қажет етіп отыр, әсіресе фразеологиялық антонимдерді зерттеу керек. Оларды кезеңдерге, тақырыптық топтарға бөлу көптеген жұмбақтарға шешім болары анық. Тіліміз қаншалықты орамды бай болса, соншалыққты зерттеуді, тануды талап етеді.
Жұмыстың мақсаты: Тіл білімінің, фразеология саласына нақты тоқтала отырып, фразеологизмдердің зерттелу тарихын, оның қарастыратын мәселелерін, тұрақты сөз тіркестерінің сөздік қордағы ролін, мазмұны мен мәнін ашып көрсету.
Фразеологиялық антонимдердің болашақта зерттелуге тиісті жаңаша бағыттарына шолу жасау. Тұрақты сөз тіркестерінің антонимдік қолданысының табиғатын аша отырып, оларға диохрондық және синхрондық тұрғыдан қарау.
Фразеологиялық антонимдердің көркем шығармалардағы қолданысын, сонымен қатар халықтық ұғым, таным түсінігімен, ұлттық санамен (этнолингвистикамен) тығыз байланыстылығын қарастыру:
І. Фразеология
Фразеология – құрамы мен құрылымы тұрақты; сөйлеу кезінде констукцияланбау; даяр қалпын сақтай отырып қолданылатын; мағына тұтастығы мен тіркес тиянақтылығы тән бейнені тұрақты тіркестердің қазіргі күйін және тарихи қалпын зерттейтін тіл білімінің саласы. Осының негізінде фразеология қазіргі немесе диохронды деп бөлінеді. Фразеологияның зерттеу нысаны – фразеологиялық оралымдар. Олар фразеологизмдер, фразеологиялық бірліктер немесе фраземалық бірліктер деп аталады. Дегенмен термин ретінде оны фраземика деп атаған дұрыс.
«Фразеология» термині жеке лингвистикалық пән ретінде 20 ғасырдың 40 жылдарында дүниеге келді. Алғаш сала ретінде зерттеген В.Виноградов. Одан кейінгі зерттеген орыс ғалымдары В.Л.Архангельский, В.К. Жуков, В.И.Зимин т.б.
Кез-келген халықтың халықтығы мен ұлттық болмысын танытатын оның өнері болса, сол өнердің алды – қызыл тіл, - деп халық даналығында айтылғандай, тілдің байлығын, терең тұңғиық сырларын ашқан сол тілде сөйлейтін халықтың даналығы екені сөзсіз.
Тілдің бейнелігін, байлығын арттыра түсетін сөздік қордың ауқымды бөлігін құрап тұратын тілдік бірліктер – фразеологизмдер. Олар халықтың тұрмыс-салтының, әдет-ғұрпының, мінез-құлқының, өмір сүру ортасының, экономикалық және саяси көзқарастары мен өзгерістерінің айнасы.
Қазақ тіл білімінде ең алғаш XX ғасырдың 40 жылдарында профессор С. Аманжолов идиомалық тіркестер менфразеологизмді зерттеуді қолға алу керектігін атап өтіп, олардың ғылыми бағыттарын көрсеткен.
Тұрақты тіркестерді екіге бөлуге болады.
1) Образды пернелі құрама (идиомдық тіркес)
2)Бернесіз құрама (фразеологизмді тіркес)
Осылар сияқты қазақ тіліндегі кейбір сөйлемдерді басқа тілге тура аударғанда олар тура мағынадан басқа мағына беріп кетсе, сөздердің грамматикалық формаға дұрыс жауап бермегені деуге болады. Бұл – идиомды айыруда негізгі критерий.
С.Аманжолов кейінгі жылдары жазған еңбектерінде де фразеология мәселесіне тоқталды. 1980 жылы жазған еңбектерінде тұрақты тіркестерге диалектологиялық деректерден көптеген фактілер келтіріп, оларды қазақ әдеби тілімен салыстыра зерттейді. «Қазақ тілі идиомалар мен фразеологиялық тіркестерге өте бай. Біздің ойымызша, идиомалық және фразеологиялық оралымдар қазақ халқының ойлау жүйесін зерттеуді және тілдегі мазмұны мен форманы қарастырудың тамаша нысанасы бола алады» деп көрсетті. (Аманжолов 1994 ж.)
Түркітанудағы фразеологизм туралы зерттеулер осыдан кейін кең ауқымда зерттеле бастады. Тілдің байлығыын көрсететін бір тілді және екі тілді сөздіктер шықты. Алғашқы фундаментальды құралды І.Кеңесбаев 1977 жылы басып шықты. Біздің негізгі тақырыбымыз фразеологизмдердің антонимдік қолданысы. Ал Кеңесбаев фразеологизмнің мағыналық түрлеріне тоқталмаған.
Фразеологизм ғылымында қазір әр түрлі бағыттар бар. Қазіргі көзқарас бойынша фразеологизмдерді өзіндік белгілеріне қарай ажыратып, оның түрлерін мағыналық белгілерін, құрылысын, сөз табына қатысын, синоним, антоним, полисемия т.б.түрде келуін, фразеологияның көп варианттылығын ашып зерттейді.
Біздің негізгі тақырыбымыз «фразеологизмнің антонимдік қолданысы». Тұрақты сөз тіркестерінің антонимдік қолданысын зерттеу үшін біз алдымен фразеологизм деген не екеніне тоқталамыз.Фразе ологизм деген – тұрақты сөз тіркесі, негізгі қасиет – оны бөліп жаруға келмейтін идиомалығы мен тұрақтылығында. Келесі мақсат – фразеологизмнің нысанасын анықтап оның сөз тіркестерінен ерекшелігін белгілеу.
Фразеологияны толық түсіну үшін фраземаның табиғатын анықтау, оның көлемін, құрамын, шекарасын анықтау; фразеологизмнің сеантикалық мәселері; фраземаның семантикалық жүйесінің құрылымы, олардың топтастырылуы, тарихи дамуы мен пайда болу көздері т. б. мәселелер жатады. Фразеологизмнің бірлігі болып табылатын фраземалар дегеніміз – құрамындағы лексикалық компоненттер мағыналары мен оның тұтас мағынасының еш байланысы жоқ, ауыспалы, бейнелі мағынадағы сөздердің тұрақты тіркесі. Мысалы: «ит арқасы қиянда» фраземасы «өте алыс», «мұрыннан шаршылу»,»қатты шаршау», «аузынан ақ ит кіріп,көк итшығу», «долданып ұрсу» т. б. фраземаның тұтас, ортақ мағынасы оның құрамындағы сөздердің компоненттік мағынасымен еш байланысы жоқ.
Фраземалар еркін сөз тіркесі емес. Сондықтан да фразеология лингвистикалық пән ретінде фразема жасам компоненттерінің (лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, семантикалық) арақатынасы механизмнің негізінде шектеулі тіркестердің жасалуын,ол сыңарлардың (компоненттердің) мағына тұтастығын жасаудағы ролін зерттейді. Фраземаның табиғаты мен қасиеттері оларды сөздермен, еркін сөз тіркестерімен, сөйлеммен салыстырғанда байқалады.
Мұндай салыстырудың өзіндік себептері бар:
Фраземаның фразема жасандық компоненттері – сөздер; фразема сөйлеуде сөз орнына қолданылады; құрылымы жағынан сөз тіркестері мен сөйлемге сәйкес келеді. Мысалы: Онсыз да қан жүрегі қақ жарылып жүр ғой. Абай Тоғжанды жұбата алмай ет жүрегі елжіреп қайтқан. (М.Ә)
Барлық фразема құрамындағы фраземажасам компоненттер сөздер, алфразема сөйлемде тұтас қалпында жеке сөздер функциясын атқарып тұр. Құрылымы жағынан қарастырсақ, келтірілген сөйлемдегі фразема қан жүрегі қақ жарылып, ет жүрегі елжіреп, яғни сөз тіркесінің моделімен жасалып тұр.
Келесі мәселе фразема мағынасын сөзбен ауыстыруға болу немесе болмау қасиетіне негізделген. Фразема сөзбен бірдей дәрежеде мағына мен грамматикалық категорияға ие бола алады. Бұл – бірінші көзқарас.
Мысалы: қан жұту – қайғыру, қара қылды қақ жару, әділдік. Фразема мен сөздердің мағыналары тепе-тең болған жағдайда олардың грамматикалық категориялары да ортақ болады, яғни лексикалық бірліктерге тән заттық, сындық, мезгілдік, қимылдық категориялары негізінде түрлене алады.
Бірақ әрқашан фраземаның мағынасын сөзбен алмастыруға бола ма, болған жағдайда да толық сол мағынаны беруге сөздің құдіреті жете ме деген сұрақтар туады.Алайда сөз фразема мағынасын толық дәрежеде бере алмайтынын мойындау керек. Сөзбен алмасқан фраземаның мағынасын элементтерінің біршама бөлігі сыртта қалып отырады. Мысалы: ит пен мысықтай болу «өш,араз, қас» деген сөзбен алмастыра аламыз, бірақ тұрақты тіркес беріп тұрған информацияның біршамасы тасада қалып қояды, бұл тіркестің мағынасы «жанжалдасу» ғана емес «бірін-бірі жек көретіндігі соншама, олар әрқашан бір-біріне өш үстінде» деген мағынада қолданылады.
Сонымен қатар лексика-грамматикалық тұрғыдан да сөзбен фразема арасында толық үйлесімділік бола бермейді. Мысалы: соңғы сыңары зат есім болып келетін фраземаның барлығына да зат есімнің грамматикалық категориясы тән емес. Мысалы: ат үсті « үстіртін», көз ұшында «алыста» ақ қар, көк мұз «суықта, қыста» т. б. Фраземаның негізгі сыңарлары зат есімнен бола тұрып олардың тұтас мағынасы үстеудің қызметінде қолданылып тұр. Сондықтан сөз бен фраземаны салыстырсақ, фраземаның салмағы ауырлау, яғни екі номинативтік бірлік арасында айырмашылық бар, дегенмен бұл айырмашылық олардың арасында қатты ұқсас белгілерді жоққа шығара алмайды. Себебі, біріншіден, фразема құрамындағы сөздер мағынасы мен олардың тұтас мағынасын салыстыруға болмайды, тұрақты тіркестің жеке компоненттері өздерінің лексикалық мағынасынан айырылған, семантикалық жағынан қайта құрылған, жаңадан жасалынған. Мысалы: екі көзі төрт болу «зарыға күту», үріп ауызға салғандай «әдемі», екіншіден фразема мағынасының көлемін сөзбен теңестіру мүмкін емес; үшіншіден сөздің лексикалық мағынасы мен фраземаның фразеологиялық мағыналары арасында сәйкестік бар болғанымен де, олар әр түрлі құрылымдарға ие. Сөз құрылымы ең кішкентай тілдік элемент – морфемадан тұрса, фразема компоненттердің шығу төркіні – сөздер. Сондықтан сөз – тұтас, бүтін тұлға, ал фразема – жеке дара тұлға. Басқаша қарасақ сөз бір екпінді, ал фраземалар екі немесе одан да көп екпінді боп келеді.
Фразема мен сөз тіркесінің арасындағы ұқсастық – фраземаның түп- төркіні –сөз тіркесінде жатыр. Екі тұлға да толық мағыналы сөздердің тіркесуінен жасалған. Ал айырмашылықтары: фразеологизмдер даяр қалпында қолданылуы, ал сөз тіркестері сөйлеуде жасалады. Фразеологизмдердің мағыналарының бүтіндігі мен тұтастығы, сөз тіркестер мағынасының ыдыраңқылығы, яғни құрамындағы компоненттері жеке мағынада қолданылатындығы. Мысалы: қол алысу «келісу, шарт жасау» болса, еркін мағынасында әр сөз өзінің жеке тура мағынасын сақтауға фраземаның омонимдес еркін тіркестен айырмашылығы: даяр қалпында қолданылуы және тұрақтылығы. Фраземаның тұтастығы дегеніміз белгілі бір ситуацияны бөліп- жармай тізбектеп, бейнелеп көрсете алуы. Мысалы: тумаған сиырдың уызынан дәм ету «бос қиялдау» фраземасын «шағын сюжетті мәтін» деп тануға болады. Ол мәтіннің мазмұны ...Шал мен кемпір болыпты. Бір сиырға зар болыпты. Екеуі армандапты... Шіркін, сиырым болса, ол бұзауласа...Фраземаның пайда болуының негізінде ситуация жатыр. Ол екшелеп, қысқарып, белгілі бір бейнеге бағытталып «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» болып табылатын фразема жасауға ұйытқы болады.
Фраземаның номенативтік тұтастығы оны құрастырушы сыңарлардың мағынасымен әлдеқайда басым, «шексіз бақытты, әлемге симайтын қуаныш» басы көкке бірақ елі жетпеді немесе «қатты уайымға, қайғыға салыну» жүрегін жара тілу.
Фраземалардың жасалу тұлғалары мен құрылымы жағынан еркін сөз тіркестері мен сөйлемдерден еш айырмашылығы жоқ болса, фраземалардағы тұтастық бөліп-жаруға келмейтін бүтіндік, олардың мағынасының беріктігінен келіп шығады. Құрылысы тұрғысынан сөз тіркестерімен барабар фразеологизмдердің номинативтік тұтастығы фраземалық таңбаның екі жақтылығымен байланысты, яғни таңбалаушы мен таңбаланушы арасында сәйкестік жоқ болады. Еркін сөз тіркестері мағынасымен оларды құрастырушы сыңарларының арасында тура байланыс көрініп тұрады.
Фраземаның даяр қалпында жұмсалуы дегеніміз – олардың сөйлеуде жиі қайталанып қолданылуы. Бірақ даяр қалпында жұмсалу тек фраземаларға тән емес, тілімізде құранды терминдер (ит бүлдірген), кейбір атаулар (аяқ киім), мақал-мәтелдер (айдағаны жеті ешкі, ысқырығы жер жарады), қанатты сөздер мен афоризмдер (Ғылым таппай мақтанба) т.б .сөйлеу кезінде жасалынбай тілде даяр қалпында пайдаланылады. Ал ырымшылдық мақал- мәтелдердің құрамындағы сөздер лексикалық мағынасын толық сақтап, сөйлем мүшесіне талдауға келеді. Сонымен қатар фраземалар синтаксистік,морфологиялық нормаларға сүйеніп жасалады. Мысалы:ақылға жеңдіру, көңілге қонымды, басқа шығару. Барыс септігін меңгеретін етістікті сөз тіркесі; басты қатыру, көздіжұму, желкені қасу табыс септігін меңгеретін етістікті сөздер.
Фраземалар келесі қасиеті – тұрақтылық.
Фраземада екі түрлі тұрақтылық болады.
1)Салыстырмалы тұрақтылық.
Жалпы фраземаға варианттылық тән (басы) төбесі (көкке) аспанға (жету). Олар қолданылу барысында морфологиялық өзгерістерге ұшырайды..
2)Тіркес тұрақтылығы. Тіркес құрамы еш өзгеріске ұшырай алмайды.
Фразеология деген термин екі түрлі мағынада қолданылады. Тілдегі мағына тиянақты тіркестерді тексеретін тіл білімінің саласы дегенді, бір тілдегі фразеологизм байлығының тұтас жиынтығы дегенді білдіреді. Дегенмен бұл саланың шешілмеген дауы әлі де көп.
Фразеологизмдер дербес лингвистикалық сала екенін танытатын 3 түрлі белгі бар: 1)даяр қалпында жұмсалу белгісі. 2) мағына тұтастығы 3) тіркес тиянақтылығы
Біздің негізгі қарастыратын мәселеміз – фразеологиялық антонимдер. Тұрақты сөз тіркестері мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы болып та жұмсалады. Ондай қолданыстарды фразеологиялық тіркестер тәрізді фразеологиялық антонимдер даяр қалпында жұмсалады. Бұл белгі еркін тіркестермен салыстырғанда айқын байқалады. Еркін сөз тіркестеріне қарағанда фразеологиялық сөз тіркестерінде құбылту болмайды, яғни айтушы ойын еркін түрде емес, тілде бұрыннан қалыптасып даяр тұрған тіркестерді пайдалану арқылы жеткізеді. Мысалы: Жамбасының астынан жеп жату (қиналмай, еңбектенбей өмір сүру). Ащы тер төгу.(қатты қиналып әрекет ету.Ащы терің жерге төгілсе төгілер, менің дәулетім төгілмес.) Бұлар сөйлем ішінде қолданылғанда даяр күйінде жұмсалады, ешкімнің ырқына көнбей даяр тұрған құылыс материалы ретінде қызмет етеді. Еркін антонимдік сөздермен фразеологиялық антонимдердің жасалу жолы да екі бөлек. Мысалы: Еркін антонимдік сөздер (жоғары-төмен, ыстық-суық) қолданыла берсе, фразеологиялық антонимдерді қолдану үшін бір-біріне қарама-қарсы мағынаны білдіретін тіркесті табу керек. Мысалы: Салы суға кету(еңсесі түсу, түңілу). Осыған қарама-қарсы «қайрат шақыру» (серпілу, күш пайда болу). Еркін антоним сөздерде жеке сөздердің беретін лексикалық мағынасына қарай қолдануға болатын болса, фразеологиялық антонимдерде жалпы тіркестің бірігіп барып беретін бір ғана лексикалық мағынасын анықтап барып, екінші, фразеологиялық тіркесті қарама-қарсы мағынада қолданады. Мысалы: күдігі қоюлану (одан әрі күмәндана түсті). Күдіктің бұлты айығу (шүбәсіз болу) Тек көптен бері көңіл көгіне үйіріліп келген күдіктің бұлты айығып, үміт шұғыласы орын тепті.(С.М) . Сонымен қатар сөз тіркесінде сөздер тура мағынада қолданылып, шындық болмыспен тікелей байланысты болса, фраземаның байлаулы мағынадағы сөздері әрдайым контекстелінеді, бағынышты болып тұрады.
Фразеологиялық антонимдерде тұрақты тіркестердің басқа түрлері сияқты бірнеше сөздердің тіркесінен құралғанымен дербес мағыналық бөлшектерге бөлінбейді, сөйлегенде тұтас күйінде қаз – қалпын бұзбай қолданылады. Мысалы: Жарға құлату (арандату). Енді бүлдіріп жарға жығайын деп пе едің? ( М. Ә.).
Қабырғасына қолы батпау (зиян келтірмеу, тиіспеу).
- Байқашы өзіңді өзің, кімнің қолы батар екен қабырғаңа (Ғ. М.). Бұлар құрылым құрылысы жағынан қаншалықтыкүрделілігіне қарамастан, сөйлем ішінде әрқайсысы жеке сөздермен бірдей тіркесіп тұр.
Фразеологизмдердің арасынада бір- біріне ауысып жататын байланыстар болады, яғни фразеологизмдердің кейбіреулері қос сөзбен біріккен сөзге айналып кетіп жатады. Мысал: өліп - өшу (жақсы көру), әңкі – тәңкісіншығару ( жек көру, ұру).
Фразеологизмге тән екінші белгі – ол мағына тұтастығы. Фразеологизмдердің қолданысы да мағына тұтастығына тікелей тәуелді. Фразеологизмдердің бәріне де белгілі бір меншіктік мағына болады. Ол мағына тұрақты тіркестерді құрастырушы сыңарларының мағынасына сәйкес келмейді. Оларға тәуелсіз өздігінен өмір сүреді. Мысалы: жерден жеті қоян тапқандай ( қуану). Құрамындағы төрт сөздің бірде- біреуімен байланыспай, бірақ сол төрт сөз қаз – қатар жұптасып қолдануы арқыла пайда болады. Фразеологизмдер бір бүтін бірлік ретінде қолданылып қана қоймай мағыналық жағынан да бір тұтас бірлікретінде көрінеді. Ал фразеологизмдердің антонимдік қолданысында алғашқы тіркеске қарсы мәндегі тіркесінің мағынасы да бір тұтастық заңына бағынуы керек. Мысалы: 1. ине жіптен жаңа өткен ( су жаңа киім). Досекңнің өзі де жаңа шыққан люкс костюмін столдың еш жеріне тигізбеймін дегендей сіресіп отыр. (Ә.С.). 2. қырық құрақ ( тозығы жеткен ескі киім) осы кезде алыстан шырқаған әнді ести түсіп Есбикенің қызы Сақыш жыртық жабуы үстінде қырық құрақ болған ескі көйлегінің етегін жамай отырып, үн салмай қысылып жылады. (М. Ә.). бұл жерде екі тұрақты тіркес бір- біріне қарама қарсы мағынада, яғни антонимдік қолданыста айтылып тұр.
Фразеологизмдер әрқашан туында мағынада жұмсалып, сөзбен баламалық қатынаста емес, жанамалық байланыста тұрады. Зерттеушілер қазіргі сөз бен еркін тіркес мағыналарынан – лексикалық мағынада, ал жанамалық қатынаста болатын тұрақты тіркестің мағынасын- фразеологиялық мағына деп бөледі. Мысалы: фразеологизмдердің антонимдік қолданысында бастың үлкені – қауға бас, кішісі шақша бас ретінде айтылады. Мұнда бастың үлкен- кішісін білдірумен қатар күшті эмоциялық мән жасалған. Сөйтіп біреулердің ашуына тиетін жағдай жасалған. Сонымен қатар біреудің аузын дорба ауыз деп, екіншісін оймақ ауыз десек, жағымды – жағымсыз көзқарас пайда болады. Демек фразеологизмдердің антонимдік қозғалысында екі нәрсе қатар жүреді: алғашқысы эмоцияны білдірсе, кеінгісі жағымды – жағымсыздық көзқарасты салыстыра беру.
Мысалы: бота көз, жылан көз.
Кейде тұрақтты тіркестердің құрамындағы бір сөздің бір түрлі, формасынан әлденеше формалардың жасалуы. Мысалы: 1. Көзіне ұйқы тығылды (ұйқысы келу), қалғып келе жатқанда, көде түбінде қонақтаған бозторғайлар дәл осылай аяқ астынан пыр ете қалатын. (Ә.Н). 2. көзі шайдай ашылды ( ұйқысы ашылу).
- Жол бойы қалғап келе жатқан бала аты үркіп еді, көзі шайдай ашылып, ұйқысы қашып кетті. (А.Т.). 1.Көзі соқыр ( сауатсыз).
Көзі соқыр көңілді, мұз,
От жанса да жаумайды.
Маған біткен құйын құз
Лулап жанып қаулайды.
2. Көкірегі көзді ( зерделі, сезімтал).
Әлімхан оқымаса да, көкірегінің көзі бар кісілердің бірі еді.
1. Көкірегі ашық ( оқыған)
Көкірегі ашық, көпке ғашық,
Анық менің құмарым. (І. Ж.)
2. Көкірегі қара ( қараңғы, надан).
Асқар, асқар, асқар тау
Асқар таудың түбінде болар саны
«Шариғатты»білмеген – көкірегіңнің қарасы. (Ш. С.)
Біздің тілімізде фразеологизмдердің антонимдік қолданысының екі түрі белгілі.
І. Бірншісі тұрақты сөз тіркестерідің өз ішіндегі компоненттері басқадай сөздерімен алмастырылу арқылы жасалады. Мысалы:
1. Аты шықты ( аты әйгіленді, көпке мәшһүр , белгілі).
«Атың шықпаса, жер өрте»- дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? ( Абай).
2. Аты жоғалды ( ескерусіз қалу, ұмыт болу).
Өлсем – ақ ертең атым жоғалады,
Жалғаннан өттім енді ұрпақсыз боп ( М. С).
1. Ат ізін салмады. (қатынаспау).
Қыз Жібек тозытқанмын заманыңды,
Білмей жүрсің айрылып қалғаныңды.
Ат ізін сегіз жылдай бір салмаған
Мырза деп айта берме жаманыңды ( Қ. М.).
2. Ат ізін құрғатпау ( жиі – жиі келіп тұру).
Мықтыбай балалары бірінен соң бірі кеп, ат ізін суытар емес ( С. М.)
1. Әл бермеді (күшке салып бой бермеді).
Қатал ажал із салса да көңілге
Бой бермейміз бас имей өмірге ( С.М).
2. Әл – дәрменінен айрылу (буыны босап, күш қуаты кетті).
Қаусаған отыз тісім қайта шықты
Болғанда қызыл иек әлім кетіп. ( Жамбыл).
1. Бас иді ( ризалық ілтипат білдіру).
Өрісі қатты тарылды,
Ел қорғайтын ерлердің
Аяғына барып бас иіп,
Алдияр деп жалынды. ( Жамбыл).
2. Бас имеді (берілмеді, тізе бүкпеді).
Жабыға толқын салма жолы бар деп,
Жаманға басыңды име малы бар деп. ( Ж. М.)
1. Бедел артты ( жер жарды, қадір асты).
Естіген құлаққа қыз бедері жер жарды: ( Қ. Е.).
2. Беделін кетірді ( қадірін кетірді).
Менсіз айтқандай мұғалімнің беделін түсірдім демеймін, қайта беделін көтерудің амалын қарастырдым,- деді Жақыпбек. ( М. И.)
1. Бетінен оты шықты (қызалды, қысылды).
Жиын есіне түскеде, бетінен оты шықса да, мұғалімнің сөзіне көнбесіне Бектайдың шарасы болмады. (М.И.).
2. Беті бүлк етпеді (беті шімірікпеді, ұялмау).
Еркіннің беті шімірікпестен, шомақансып отырған аярлыға. Сағиланы жирендіріп жібереді. (М. И.).
1. Жолы байланды (кедергіге ұшырады).
2. Жолы оңғарылды ( тілегі қабыл болу).
Осы ұзақ сапарымда менің атқосшыдан жолым болды.
1. Ер жүрек ( батыл, қайсар).
Еспембеттегі ер жүрек, қолымен келеді,
Топ «У-шу» десе, Ақбөрте
Артына шаңды боратып. ( Д. Б.).
2. Қоян жүрек ( қорқақ, ынжық).
Өзөь көлеңкесінен қорқатын қоян жүрек қорқақтар қалшылдамақ түгіл, қаңбақ болып кетсе де мейлі. ( Ә.Ә).
1. Көзі бұлаудай болды ( көз еті еүп болып ісіп кетті).
Көп жылап көзі бұлаудай болған баланы жұбатыпсың.
2. Көзінен тамшы шықпады (жыламады).
Жалауға бір тамшы шықпай көзінен. ( Б. К.).
1. Үмітсіздікке салынды немесе үміт сөнді ( күдер үзе түңілді).
Мінезді бедеу атында,
Киізді қамқа тонында,
Бермесек деп бұл қызды,
Үздік деп жаннан үмітті. (Қ.Б.).
2. Үміт қылды (күдерін үзді, дәме қылды).
Жаңа ғана өмірмен қош айтысып, өлімге басын байлаған Ержан., енді сол қара түнектің ішінен үміт етті. (Ә.Ә).
1. Қисыны келді (қиюы табылды, ыңғайы, реті түсті).
Балағаздар кірісті шеткі отауға,
Құсанда ой жоқ оларды бағалауға.
Қисыны кеп кездесе сөз жүзінде
Бәрі дайын мазақтап табалауға. (И.Б.).
2. Қисыны кетті (берекесі қашты, жөні жоқ деген мағына).
Қылығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып.
Ендігі атқа мінгендер,
Күнде ертеңге тоймайды. ( Абай).
ІІ. Екінші түрі құрылысы, құрамы жағынан басқа сөздермен араласып келуі.
1. Айтқан сөзі құлағынан ағып кетеді (түсінбей, есте сақтамау).
Жаманға айтқан сөзің еш қонбайды.
Ағады құлағынан сөздің бәрі. (Б.Ш.).
2. Ернінің емеурінінен білу (түсініп қою).
Ернінің емеурініне қарағанда жанындай жақын құрбыға ғана айтылатын асыл сыр бар сияқты ішінді (С. О.)
1. Қозы көшіндей жер (халықтық өлшем, жақын, қашық емес).
Үйден қозы көшіндей жер ұзап шыға берді де: «Осы мен ештеңе ұмытқан жоқпын ба?»,- деп ойлап, аттың басын тартып тұра қалды. (Ә.Н.).
2. Көз көрмес, құлақ естімес (аяқ жетпес алыс).
Олар бірінікін жасырып, бірінікін көз көрмес, құлақ естімес жерге асырып тұрады екен. (Ә.Ә.).
1. Құланның қасынуына мылтықтың басылуы (істің орайы келуі).
- Құланның қасынуына мылтықтың басылуы дәл келіп тұр, бала. Біз келгенде де, әкесінең үйде болмайы жақсы ырым, - деп күліп қойды. (А.Т.)
2. Қырсық шалу (істің орайы келмеуі).
Сәлмен кетті, сорлыны қырсық шалды. (М.Ә.).
Ә. Болғанбаев өз зерттеуінде фразеологиялық антоимдердің осындай екі түрлі жасалу жолын көрсете отырып, мынандай тұжырым айтқан: «Фразеологизмдер мән – мағынасы жағынан бір-біріне синоним болып жұмсалатыны сияқты қарама – қарсы мәнде де қолданыла береді. Тұрақты тіркестердің арасындағы осындай кереғар құбылыстарды – фразеологиялық антонимдер деп айтуға болады»,- деп көрсеткен.
ІІ. а)Фразеологиның антонимдік қатынасқа түсу талаптары.
Фразалық антонимдер лексикалық антонимдер сияқты сапалық ұғымдарды білдіргенімен олардан антонимдердің критерийлерінің бәрі бірдей табыла бермейді. Мысалы, олардың лексикалық антонимдер сияқты қарама – қарсылықты мәні жағынан тепе – тең болып келуі, немесе тілде үнемі бір – біріне қарсы мағынады жұмсалып қалыптасуы шарт емес. Мұның бәрі фразалық антонимдердің тек белгілі орайда, нақтылы контексте ғана бір- біріне қарама- қарсы мағынады жұмсалып, антонимдік қатынасқа түсетінін аңғартады. Біздің байқауымызша, антонимдік қатынасқа түсу үшін:
1. Фразалық тіркестердің бір немесе екі компоненті тіркестен тыс жеке алғана өзар қарсы мағыналас сөздер болу керек.
Мысалы, Өндір – жас - өлмелі кәрі, іріткі салу – ұйытқы болу, бейнет көру – рақатқа бату, жақсы атты көріну – жаманатты болу, күн бата – күн шыға т.б.
Мұндағы жас – кәрі, іріткі – ұйытқы, бейнет – рақат, жақсы ат – жаман ат, бату – шығу деген тіркестен тыс жеке алғанда өзара қарсы мағыналас сөздер ретінде антонимдік жұп құрайды. Фразалық тіркестердің құрамына кіргенде де, ондай сөздердің көпшілігі сол антонимдік мағынаны сақтап қалады. Егер ондай сөздер тіркеске желі болса, онда фразалық тіркестер тұтас алғанда бір – біріне қарсы мағыналас болып шығады. Тілімізде осындай желі сөздердің мағына қарама – қарсылығына негізделген фразалық антонимдер көптеп кездеседі. Осы үлгіде құрылған мақал – мәтелдер де жиі ұшырасады.
Мысалы, Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды. Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады. Жақсыдан шарапат, жаманна кесапат. Ащы еңбектен – тәтті нан. Аздың атасы бір, көптің батасы бір. Қорлық өмірден, ерлік өлім артық. Айрылған азады, қосылған озады т.б.
ІІ. Антонимдік жұп құрайтын фразалық тіркестерде мағынаға өзек боларлық бір сөз қайталанып келіп отырады. Мысалы, бағы тайды- бақ қонды орнын сипады – орнынан басты, есіне түсірді – есінен шығарды, тілі байланды- тілге келді, қоян жүрек- жүрек жұтқан, ант ішті – антын бұзды т.б.
Бұл типтес фразалық тіркестерде ойға тірек ұйытқы боларлық бір сөз болады да, ол антонимдік жұп құрайтын тіркестерде қайталанып келеді. Тіркесте айтлатын ой негізінде сол тірек сөз атауы болған зат яки құбылыс жайында болады. Фразалық антоним құрайтын тіркестер осы зат яки құбылыстың (кейде сапаның) екі түрлі күйін білдіреді.
ІІІ. Антонимдік мағына фразалық тіркестердің компоненттерін түгел қамту керек. Мысалы, өңменінен итеру – бауырына тарту, ындыны кепкен – белі тоқ, үміт үзу – дәме ету, қырына алды – мейірі түсті, ит өлген жер – иек астында.
Бұл – фразалық антонимдердің ішінде ең үлкен ұшырасатын түрі. Мұнда тіркестен тыс жеке алғанда өзара қарсы мағыналас болатын сөздер де, сондай- ақ қайталанып келіп, тіркестерге ұйытқы, тірек боларлық сөздер де жоқ. Бұлардағы мағына қарама – қарсылығы тіркес компоненттерінің тұтасып кіріккін бірлігенді, яғни фразаның өн бойында болады. Бұлардағы антонимдік мағына тіркесті тұтас алғанда ғана аңғарылады. Фразалық антонимдердің бұл түрінің кейбір зерттеушілер назарынан тыс қалуы да содан. Ал шындығында тіліміздегі фразалақ антонимдердің басым көпшілігі нақ осы әдіс бойыншы жасалып қалыптасқан.
Фразалық антонимдердің семантикалық ерекшеліктері туралы сөз өткенде тағы бір ескеретін жай мынадай:
1. Жеке сөздер сияқты кейбір фразалық тіркестер де көп мағыналы болып келеді. Фразалық тіркестер антонимдік жұп құрағанда олардың көп мағыналарының бірі ғана антонимдік мәнде көрінеді. Мысалы, жанын жалдау деген тіркес мынадай мағыналарды білдіреді: а) өтірік айту, алдау; ә) ептеп , септеп күн көру,тіршілік ету. Бұл тіркес ағынан жарылу деген тіркеске қарсы мағыналас болғанда, осы екі мағынаның алғашқысында (алдау) қолданылады. Сол сияқты, күйіп жанды деген тіркес қызуы көтеріліп, қатты ауырды және асып- састы, әбігерленді деген мағынаны білдіреді. Бұл тіркес соңғы мағынадпа ( әбігерленді) қолданылып, селт етпеді деген тіркеске антонимдес болады.
2. Тілімізде мағыналары жағынан бір- біріне жақын синонимдік фразалық тіркестер де кездеседі. Лексикалық антонимдер сияқты бұлар да өзара жұптасып антонимдес болады: 1) су жүрек – жүрек жұтқан, қоян жүрек – жүрегінің түгі бар; 2) шашбауын көтеру – іргесін аулақ салу; жыртысын жырту – құйрығын сыртқа салу; сойылын соғу – сырт беру; 3) көкірегін көтерді – үнжырғасы түсті; кеудесіне нан пісті – салы суға кетті, мойнына су құйылды т.б.
ІІ. ә) Мағыналық қатарлардың семантикалық топтарына негізделген фразеологиялық антонимдер.
Айтылар ойдың әсерлілігі мазмұн тереңдігі сол көрініс, құбылыстың суреттілгіне , яғни образдылығына тығыз байланысты. Адамдардағы түолі эмоцияны, сезімдік қатынастарды айтушының зат, құбылыс туралы жеке көзқарасы, бағалауы сияқты жекелік, өзіндік пікірлерін тілдегі кез келген экспрессивті сөздер атқарады. Қазақ тілінің лексикалық қорында экспрессивті құралдардың қызметі айрықша. Мұндай экспрессивтік әсер көбінесе эмоцоналдық бағалаудан тұрады. Фразеологизмдер табиғатты бағалау, сипаттау десек, онда экспрессияның орны әсіресе мағыналас фразеологизмдерді жасауда тым жоғары. Кейде эмоцияның сан қырлы спектрлерін лексикалық антонимдер тап баса алмағанда айтушы, әрине, бейнелі сөздердің тіркесіне ұмтылады. Әдетте экспрессивті сөздердің семантикасын ғылыми жұмыста ашып көрсету қиын. Шын мәнінде адамдардың көңіл – күйін, эмоциясын, сезімдік қатыстарын жеке сөзбен өлшеп, пішу мүмкін емес. Әрбір жеке адамның өзіндік қабылдауынан туатын сезімдік «дүние суреті» әсерінің көрінісі лексикаға қарағада, фразеологизмдердегі эмоция мен экспрессия да анағұрлым көбірек қамтылады. Бұл ұғымдық қатыста ғана шоғырланатын тіркестер қатарында антонимдік фразеологизмдердің мағыналық, стилдік ренктерінен толық байқалады. Антонимдік фразеологизмдердің әрқайсысын эмоционалды – экспрессивті белгілерімен көрсетудің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ғылыми жұмыс барлық антонимдік қатарлардың семантикалық топтары түгелге жуық адам оның іс ірекеті, физиологиялық қалпымен жағдайы, түрлі сезімдерге қатысты психикалық процестерінен туатын ұнамды, ұнамсыз эмоция түрлеріне негізделеді. Осы негіздегі мағыналық топтарға байланысты фразеологиялық антонимдер төмендегідей:
1. Адамдардың жағымды және жағымсыз қимыл - әрекеттерін аңғартатын фразеологиялық антонимдер:
Аз ұйықтар – көп тыңдар
Іріткі салу – ұйытқа болу
Ілгері басты- кері кетті
Алауыз- ауызбірлік
Ақысын жеді – ақысын жібермеді
Азапқа салды – рақат көрсетті
Алакөз болды – ауыз жаласты
Ант ақтады – ант аттады
Ант ішті – ант бұзды
Арасынан қыл өтпестей – қырғи қабақ
Бет бақтырмады – ырқына көнді
2. Адамның түр- әлпет, мінезіне қатысты фразеологиялық антонимдер:
Ақ жүрек – қара жүрек
Ақпа құлақ – құйма құлақ
Ақыл тоқтатқан – ақыл толмаған
Ана сүті аузынан кетпеген – ата сақалы аузына біткен
Бармағы майысқан – көк инені көлденең түйрей білмейді
Бес биенің сабасындай – шыр бірпеген
Ер жүрек – қоян жүрек
Кең пейіл - тар пейіл
Оймақ ауыз – салпы ауыз
Салт басты, сабау қамшылы – үйлы баранды
Тоқ мойын – ақ жарқын
Уызы арылмаған – шыр бірпеген
Аузы аузына жұқпады – аузынан сөзі қойнынан бөзі түсті
3. Адамдардың сезім әрекетіне қатысты фразеологиялық антонимдер:
Ағынан жарылды – бүкпе сақтады
Абыройы асты – абыройын төкті
Аза бойы қаза тұрды – айылын жимады
Үнжырғасы түсті – көңілі көтерілді
Азап тартты – рақатқа батты
Айы оңынан туды – аяғы аспаннан келді
ІІІ. Этнолингвистикадағы фразеологиялық антонимдердің мәні
Тарихи даму барысында кейбір фраземалардың ішкі формасы қандай да бір себептермен жойылуы, жоғалуы да мүмкін. Мағыналық пен бейнеліктің жаңаруы қайта жасалу үрдісін қарсы қоюға болады. Ол фраземалардың ішкі формасы мен экспресивтілігін жаңартуға сепепші болады. Фразеологизмдердің бойында сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеліп ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде жеткен қоғамдық тәжірибенің, халықтық рухтық, және материялдық мәдениеттің көріністер сақталып бейнеленген. Сондықтан тілдің тұрақты тіркестеріне ( мақал мәтел, фразеологизм т.б.) алғаш көңіл бөліп, олардың табиғатындағы халықтың қоғамдық өмірдің салт- санасын, әдет – ғұрпын көре білендер тек тілші ғалымдар мен фольклористер ғана емсе, сонымен қатар этногрофтар да болды.
Фразеологияның халықтың табиғатын түсінудегі, оның ұлттық мәдениетпен байланысын көре білудегі негізгі фактор – оның фраземалар мағынасындағы этнолингвистикалық және этномәдени көзін ашу қандай жағдайда немесе қандай себептердің тұсында фраземалар пайда болады деген сұраққа жауап беруден туындайтын мәселе олардың шығу тектерін айқындау, яғни тура мағынасында қолданылатын еркін сөз тіркестерінің пайда болу, шығу тегіне талдау жасау, фразеологизмердің ішкі формасын айқындау болып табылады. Фраземаның материалдық негізін жасайтын, құрамы жағынан толық грамматикалық тұрғыдан дәстүрлі шығу тегі еркін сөз тіркестері болып келетін тіл бірліктері сөз болып отыр. Еркін тіркестер мағыналық жағынан «жаңаруы», еркін тіркестің ауыспалы, бейнелі мағынада қолданылуы, нақтылықтан жалпылыққа өтуі фразеологизмдерді тудырады. Сөз тіркестерінің бойындағы ұлтқа тән ерекшелік, көрегендік пен білімнің жиынтығы мұндай тіркестерге халықтық сипат береді.
Халықтың тұрмыс тіршілігін, мәдени мұрасы және рухани байлығы, экономикасы мен қоғамдық саяси көрініс тапқан фразеологизмдерде қандай да бір нақты құбылыстық жағдайдың бейнесі ашық көрініп тұрады. Сондықтан фразеологизмдер идиомалануға икем тұрады. Ал фразеологизмдік антонимдер жағымсыз бен жағымдылықты, бар мен жоқты тағы басқаларды қатар салыстырып қарау арқылы белгілі бір ұғымның мәнін салыстыра ашып көрсетіп тұрады. Мысалы, қой аузынан шөп алмау ( момын адам). Ол өзі қой аузынан шөп алмайтын момын екен, еш уақытта да бір адамға қатты сөз айтпапы (С.М.). Осыған қарсы мәнге «Шаш ал десе бас алады» (қатал, ұр да жық кісі). Ондайлар щшаш ал десе бас алған, айқайға зорлыққа сүйенгендер (Қ.Е.). Сондай – ақ бір тіркестің құрамындағы антонимдік қолданыс – аты бар, заты жоқ, күле кіріп күңірене шығу (арам ниетін білдірмей, екі жүзділік ету).
Күле кіріп бұл жерге әдетпенен
Күңірене шықпасын әдетпенен.
Аға көрдім өмірде, іні көрдім,
Қайсысынан көңілім дәметпеген. (С.Қ.)
Бір күн бие, бір күн түйе тағы басқа мысалдар бір – біріне қарама – қарсы екі құбылысты қатар қолданып олардың ара қатынасын ашып беріп тұр. Келтірілген фразеологиялық антонимдердің бірінші компанентінің көбі фраза жасауға ұйытқы сөз болып табылады, бірақ бұл негізгі шарт емес, тілдегі барлық фразеологиялық антонимдерде ортақ компанент келе бермейді, тек халықтың тілдік сапасында, тілінде ұзақ жасасып келген байырғы сөздік қордағы лексемалар ғана ұйытқылық қызмет атқарады.
Этнолингвистика деген терминнің өзі этнос және линггвистика сөздерінің қосылуынан шыққан. Этнос ұғымы шеңберіне халықтың болмысы, әдет – ғұрпы, мәдениеті, сезім- сенімі, яғни тұтас халықты қамтитын мәселелер кіреді. Ал этнолингвистика солл айтылғандардың тілдегі көрінісі. Тіл- сан ғасырлар бойы сұрыпталып, дамып, жетіліп, күрделеніп жетілетін процес.
Әр сөздің өзінде салмақ жатыр, дегенмен алдыңғы бөлімдерде сөз мағынасының өзгеретініне, жаңаратынына тоқталдық. Қазіргі біздің тіліміздегі қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін өте тереңнен тарихи тұрғадан қарастыруымыз керек. Ә. Болғанбаев атап көрсеткендей фразеологизмдерде екі қабатты мағына болады. Бірінші қабаттың ауыс мағынасы болса екінші қабат та тура мағынаға ие (яғни еркін сөз тіркесінен құралып мағынасыздану процесіне ұшыраған). Этнолингвистиканың қарастыратын мәселесі де сол екінші қабаттағы мағынаға байланысты. Мысалы: қазақта ала жібін аттамау- қиянат жасамау, сұғанақтық істемеу, арамдыққа бармау мәнінде айтады. Енді осы жерде «ала жіп» тіркесіне мән берсек, қазақ халқының ұғымында ала жіп өте киелі, жас баланың тұсауын да ала жіппен кесіп, оған сәтті қадам тілеп, ниет білдірген. Енді сол ала жіптен аттамау өте мәнді де терең түсінік танымнан туған, халықтың әдет- ғұрпы мен таным- сенімен байланысып жатқан тіркес. Бұл тіркестің қазіргі мағынасы нақты құндылығын жоймаған. Бұл тіркестің антонимін алсақ жақсылық пен жамандық ұғымының ара қатынасы анық көрінген. «Киянат жасады» (әділетсіздік істеді). Бұл тіркесте де этностің таным түсінігімен астасқан ұғым бар. Ала жібін аттамау, қиянат қылмау екеуі де мораль, этнографиялық ұғымға ие.
Антонимдік қолданыс ретінде қазақ ұғымындағы «қара», «ақ» сөздерін алсақ, бұлардан жасалған сөз тіркестері де аз емес. Ақ таң атты- қара күн туды, қара жүрек (рақымы жоқ адам),ақ етек (арамдығы жоқ адам), ақ арулап қою (өлікті қадірлеп қою)- қара жерге кебінсіз кіру. Келтірілген тіркестердің бәрі халықтың наным –сенімімен әдет- ғұрпымен байланыстыра айтылған. Демек фразеологиялы тіркестердің табиғатын түсіну үшін оларды бір біріне қарама- қарсы мәнде қолдана отырып, олардың алғашқы мағынасына мән беру керек. Қай кезеңде қандай мағынасында қолданылған, қандай оқиғалармен байланысты, яғни тіркестің қалай жасалғаны емес, қандай жағдайда жасалғаны ескерілуі тиіс.
Тілдік қорымызда көне тұрмысымызбен, ұлттық ұғымымызбен байланысты жануарлар атауының қатысуы арқылы жасалған фразеологиялық антонимдер де аз емес.
І. Ат басын тіреп жүру (қоонақ болу, келіп тұру немесе бір жерге жету). Абай ауылынан кеткен бетінен қонаға бүгін жетіп, Мұхаметжан жаңа келіп, ат тұмсығын тіреген жері осы. (М. Ә.)
ІІ. Ат ізін салмау ( қатынаспау). Шынымен –ау, жоғалған бұзау құрлы көрмеді – ау. Көзімнің тірісінде біреуі ат ізін салмағаны ма деп, деп апам көзіне жас алды. (Ө.Т.) Немесе ат ізін құрғатпау ( жиі келіп тұру). Зейнепке сыбаға әкелушілер ордадан ат ізін құрғатпады. (С.Б.).
І. Қозыдай томпайу (тойып тамақтану)
ІІ. Аш қасқырдай ұлу ( аштықтан, аш өзегі түсу).
І. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды ( ынтымақсыздық).
ІІ. Төсекте басы, төскейде малы қосылу (туыстық жақындық).
І. Төрт түлігі сай ( бай). Ерназар өзі бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты.
ІІ. Тігерге тұяғы жоқ ( малы жоқ). Биыл төртінші жыл жау жүр, жылқыдан тігерге тұяқ қалдырмай алып кетті.
Адамнаң дене мүшелеріне байланысты жасалып, мағыналарының жаңаруы нәтижесінде тілімізге бекіген фразеологизмдер:
І. Жамбасының астынан жеп жатты (қиналмай еңбектенбей өмір сүреген адам).
ІІ. Ащы тер төгу ( Қиналып әрекет ету).
І. Тілі майда ( Майда сөзді, тілі жұмсақ)
ІІ. Ащы тіл ( сөзі өте ауыр, жер жебіріне жету)
І. Тілі қысқа (сөзге олақ адам)
ІІ. Тілі мен жағына сүйену ( көп сөйлеу)
Табиғат құбылысын білдіретін фраемалар:
Ат құлағы көрінбейтін ақ боран – аспан айналып жерге түскен ыстын
Тарихи кезеңдермен, тұлғаларымен байланысты фраземалар:
І. Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама (жаугершілікке ұшырап, өзге жаққа ауған ел туралы айтылған. Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама ауып келіпті.
ІІ. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған кезең ( тыныш бейбіт заман). Асан Қайғы желмаяға мініп, жерұйықты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мекенді іздеді.
Қазақ халқы ежелде хандық билікте болғандықтан хан сөзіне байланысты фразеологиялық антонимдерде ұшырасады.
І. Ханнен қаперсіз болды (алаңсыз, ойсыз бейқам жүру).
ІІ. Хан түленді (қайғырды, майымдады).
Ертедегі жаугершілік заманда туып, бүгінгі күн мағынасы жаңарған араздық пен татулықтың ара қатынасын білдіретін фраземалар.
І. Қаймағы бұзылмау (ешбір шашау шықпау, бірлікте өмір сүру).
Қаймағы бұзылмаған қалың елді,
Аздырмақ берекесін алып енді.
Қайдағы қаңғыбасты қамқор санап,
Ендігі осы ғана қалып еді.
ІІ. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады (жау басып алу)
Жау жағадан алғанда,
Жол көрінбес көзіме,
Арған, Найман жиылса
Таңырқаған сөзіме
Қайран сөзім қор болды
Тобықтының езіне.
Фразеологизмдердің әдет – ғұрпы көзделіп дәлелдей түсінетін материалдар көп. Мысалы құмалақ салу. Халық тіәжірибесінде құмалақ салып болашақты болжайтын ғұрып бар. Құмалақ салудың өзіндік атаулары бар. Мысалы, құмалақтың түсуіне қарап, ашпасәліп, жетіәліп, оң көз, көз түсу тіркестері қолданылады. Ал фраземалардың антонимдік қолданыс ретінде маңдай ашық (бақыты жанған)- маңдай жабық немесе жолы жабық; бүйірі тоқ (қоржыны тоқ), басы көтеріңкі (жолға шығады), құйысқаны берік (жағдайы жақсы)- екі өкпесі кысыңқы (жағдай нашар), жүрегі күпті (күдігі басым) немесе жүрегі қаралы тіркестер қолданылады.
Этнолингвистика ғылымының негізін салған ғалым Ә. Қайдар этнолингвистикалық арнаға тоқтала келіп «Тіл тамыршысы бола білу деген сөз - ... Көпшілік қауымның білетіні лексикалық бірліктердің бойына ғана тән толық ауқымы емес, жарым жартысы ғана, яғни көбінесе күнделікті өмірде өзара қарым- қатынас жасауға қажет «үстіңгі қабаттағы» лексикалық мағыналары ғана. Ал олардың екінші деңгейі «ауыс, туынды, келтірінді, идеомалық, фразеологиялық» тағы басқа деп аталатын мағыналар тобына келсек олар көбінесе тілдік ортада қалыптасқан дәстүрлі «мағыналық символ» ретінде сөйлеу контексіне қарай қолданылғанымен түп төркіні баршаға айқын емес. Лексикалық немесе фразеологиялық бірліктердің ішкі формасы, яғни екінші деңгейлі шығармаларын – этнолингвистикалық шығармалар»,- деп атаған.
Ә. Болғанбаев «Көптеген фразеологизмдердің жасалуына адам ойындағы қорытылған құбылыстардың нақтылы бейнесі негіз болған»,- дейді.
Қазақ тілі ұлт болмысының өзіндік ерекшеліктерін танытатын бейнелі тіркестерге өте бай. Ұлттың менталдық өрісінің ауқымы мен көркемдік ойлау қабаттарын және қазақ тілінің есепсіз тіл қуатының молдығын білу үшін ұлт тіліндегі фразеологизмдерге жүгінген жөн. Халықпен бірге жасап келе жатқан эмоциялық мазмұны жоғары образды тіркестердің өміршеңдігін оның қолданысынан байқауға болады. Қазіргі жазба әдеби тілдің қатталған беттерінде қалып бара жатқан фразеологизмдерді бүгінгі ұрпақ тілінен жиі ұшырату қиын. Қазіргі қазақ ұлтының ( жастарының) ойы терең болғанымен тілі жұтаң. Ал жастар тілі мүлде қасаң тартып қысқа қайрылатын сөздер мен сөз тіркестерге ауысуда. Өмір ағыны, дәуір екпінің әсерінен асығыс, қысқа да нұсқа сөйлейтін ұрпақ тілінде мәнерлілік азайып келеді. «Сөзі мірдің оғындай, тілінің майын тамызып», «өткір тілді» шешен сөйлейтіндер бұрынғының қазығы болып елестететіндей. Алайда жас буын келер ғасырда қалай дегенмен де ана тілінің мәйегін іздейтіні хақ. Демек әр халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктері оның ғасырлар бойы жасалған тілінен көрінеді. Кейде сол ұлттың тілінде ұлттық әлдебір қасиеттерін өзгелерден оқшау етіп бағалайтын, анықтайтын тіркестер қалыптасады. Қолданылу осы арқылы ұрпақтан ұрпаққа сақталады. Рухани құндылық – қашан да сол ұлттың төл құжаты. Олай болса, осы ғылыми жұмыс көп құндылықтардың бірі ретінде бір мұқтажын өтейді деген ниетпен ұсынылып отыр.
Қорытынды
Тіл білімінің фразеология саласының зерттеліп келе жатқанына біраз уақыт болса да, оның өзіндік зерттелмеген қырлары мен ашылмаған мәселелері жетерлік. Фразеологизмдердің өздерін тек қазіргі тілдік тұрыдан емес, тарихи тұрғыдан этномәдени және этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Әсіресе фразеологизмдік антонимдердің көне мен жаңа мағыналарын салыстыра отырып, қарастыру тіл біліміне үлкен жаңалықтар әкелер еді. Тіл бір - екі күнде пайда болған жоқ, талай ғасырлар қатпарына үңілсек, халық басындаи болып жатқан тарихи жағдайлар, түрлі көзқарастар, қилы оқиғалар тұнып жатқанын көреміз. Олар халық тіліне әсерін тигізбей қоймайды. Бүгінгі күнімізге афоризм, фразеологизм, аңыз тағы басқалар ретінде жеткен. Сондықтан да, не нәрсені қарастырсақ та, біз олардың астарына үңілуіміз керек. Кейінгі кезде өрістеп келе жатқан этнолингвистиканың негізгі мақсаты осыны көздейді. Ескі мен жаңаның ұштасуы ретінде бұл бағыттың ролі ерекше. Болашақта осы мәселені толық зерттейтін практикалық мақсаттарда пайдалануы тиіс. Фазеологизмдердің антонимдік қолданысы көркем әдебиеттерде жиі ұшыраспаса да, біз олардың беретін мән мазмұнын ашу үшін салыстыра қарастыруымыз керек. Фразеологизмнің өз тілімізде өте күрделі, қыры сыры, жұмбағы көп, нақты түсінуді қажет етеді. Практикалық ұсыныс ретінде айтар болсақ, оқушыларға фразеологизм тақырыбын өткен кезде олардың антонимдік қолданыста келетіні туралы мағлұмат бере кетуі керек. Бұл оқушылардың талғамына, салыстырып барып, нәтиже шығарып үйренуіне фраземалардың ішкі астарына, сөздің тура және ауыс мағынасына үңіңліп, өзіндік тоқтамға келуіне төселдіреді.
Бұл ғылыми жұмысты жаза отырып тақырып аясын ашуға тырыстым. Бұл еңбек оқушылар мен студенттердің фразеологизмнің табиғатын түсінуіне көмекші құрал болады.
Тіліміздің тереңдей астарлы мазмұнын ашып, оқушылар ойына қозғау саларлық дәйектемелерді түйе отырып, дәл осы тақырыптың болашақта арнайы зерттелу қажеттігіне көз жеткізу.