Күрделенген сөйлемдер

Рефераттар
1371

«Күрделенген сөйлемдер» деген атау бұрын тілімізде болғанымен де, осы ұғымды қамтитын сөйлемдер әр түрлі синтаксистік категориялардың қарамағынан орын алып еді. Олар өздерінің атқарып отырған функциясына орай, сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасына қарай сол жердегі мәніне байланысты аталып қалыптасты. Кейбір күрделенген сөйлемдердің ішінен өз алдына жеке бір «сөйлемдер» бөлініп шығып жатады. Мұндай сөйлемдер оқшаулана атылғанымен, олардың бойында субьект-предикаттық қатынас болмайды. Сондықтан да олар әдеттегідей дербес сөйлемдер мағынасында түсінілмейді. Бұлар тек субьектінің түрліше көзқарастары мен сезімдерін не болмаса саралау бғытында айтылады. Осыған орай мұндай мәндегілер сөйлемнің негізін құрамай, тек онда көмекшілік қызметте жұмсалады. Сөйлем құрылысынан көмекшілік мәніндегі сөз топтарын алып тастасақ, жалпы ой мазмұны, сөйлем іргесі бұзылмайды. Мысалы: ...Әйгерімнің де «күнім» деп айтқан сөзінде, анық өз аспанындағы күнін сезгендей, илану бар еді (М.Әуезов). Мұндағы курсивпен терілген оғашаланған айқындауышты мүшелерді айтпасақ та, сөйлем өз құрылысын, өз іргесін сақтай алады: Әйгерімнің де «күнім» деп айтқан сөзінде... илану бар ед. Сөйлемдегі негізгі ой да –осы. 
Күрделенген сөйлемдер тіл білімінде ертеден танылды. Алайда, бұл сөйлемдер біздің түсінігімізден басқаша, басқа синтаксистік категориялардың аясында қарастырылды. Қазіргі ілімге сәйкестендіре айтсақ, осы жайында алғашқы мәліметтер, түрліше көзқарастар Н.И.Греч, А.Х.Востоков, Ф.И.Буслаевтардың еңбектрінде сөз бола бастады. Бұл аталған ғалымдар өз еңбектерінде синтаксистік категорияны бағыныңқы сөйлемнің қатарынан қарап, соның қысқарған бір түрі деп көрсетеді.
   Соңғы кездерде проф. А.Г.Руднев күрделенген сөйлемдерді өз алдына жеке синтаксистік категория ретінде танып, арнайы зерттейді. Автор оңашаланған мүшелер, бірыңғай мүшелер, қаратпа және қыстырма сөздер мен сөйлемдердің басын қосып бір жерге жинақтайды да, оларды күрделенген сөйлем синтксисінің негізгі обьектісі етіп алады.
Жай сөйлемнің құрылысы кейде күрделеніп келетініне,  мұндайда оңашаланған, біраңғай сөйлем мүшелерінің өзіндік әсері болғандығын акад. В.В.Виноградов те ескерген. 
Күрделенген сөйлемдердің табиғатына соңғы кездерде тюркологияда да арнайы көңіл бөліне бастады. Проф. Ғ.А.Абдурахманов А.Г.Руднев сияқты, күрделенген сөйлемдердің құрамында тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерден басқа оңашаланған мүшелер  немесе қаратпа, қыстырма сөздердің бірі қатынасып отыратындығын айтады. Автор оңашаланған сөйлем мүшелерінің қатарына синтаксистік оралымдарды да жатқызады. 
Проф. М.Б.Балақаев қазақ тілінің жай сөйлем синтаксисін зерттеу барысында оның құрамында синтаксистердің комплекстердің (шумақ) де кездесетінін айтады. Автордың синтаксистік шумақ деп отырғаны – мына тәрізді конструкциялар: Таудан төмен қарай түскен шаңғышылар колхоз клубының алдына тоқтады. 
Күрделенген сөйлемдер деп отырған синтаксистік категорияның қайсыбір түрлерін (есімшелі қабыспалы оралымдар) өз кезінде С.Жиенбаев үйірлі мүшелі сөйлемдер деп атаған болатын. 
Біраз жылдардан бері сабақтас құрмалас сөйлем мәселелерін зерттеу үстінде қазақ тіл білімінде күрделенген сөйлемдерді жекеше топтастырып, оны арнайы қарастырудың қажеттігіне біздің әбден көзіміз жетті. Өйткені көп жағдайда сабақтас сөйлем мен күрделеген сөйлемдердің ара қатынасы жақындасып, бір-бірімен астарласып жатады. Тілдк құбылыстардың мұндай ерекшеліктері жете ескерілмегендіктен де, соңғы кездерге дейін сабақтас сөйлем проблемасы даулы мәселелерден арыла алмай келеді. Мұның басты себебінің бірі осы күрделенген сөйлемдердің табиғаты мен грамматикалық сипатын өз алдына талдап, топшылап алмағандықтан болып отыр. Әсіресе есімше, көсемше т.б. синтаксистік оралымдармен келген конструкцияларды кейде сабақтас құрмалас сөйлемдерден ажырата білуде қиындық туады. Синтаксистік оралымды сөйлемдер мен сабақтас құрмалас сөйлемдер екеуі – тепе-тең бірдей емес, екеуі екі басқа синтаксистік категория. 
Шындығында, күрдленген сөйлемдерді өз алдына жекеше топтау аса қажет-ақ. Өйткені бұлар - әдеттегі жай сөйлемдер емес, құрмаласпен екі аралықтағы өзіндік ерекше синтаксистік категория. Күрделенген сөйлемдердің мұндай ерекшелігі олардың өздеріне тән болып келетін құрылыстық өзгешелігімен байланысты келеді. Мәселен, мына тәріздес сөйлемдерді бір грамматикалық категорияның аясында қарастыруға болмайды.   
Сөйтіп, күрделенген сөйлемдер өз бойында жартылай предикатты айқындауыштық конструкцияларға ие болуларымен жай сөйлемнен ажыратыла алады. Осындай ерекшелктеріне қарамастан күрделенген сөйлемнің бойынан әрі жай, әрі құрмалас сөйлемдерге тән болып келетін кейбір заңдылықтарды да кездестіреміз. Күрделенген сөйлемдер де, жай сөйлемдердегідей, бір субьек-предикаттық қатынастың негізіне құрылса, алоның тәуелді бөлшегінің байланысу жолдары сабақтас құрмаластың модельдерімен де астарласып жатады. Мұндай ұқсастық тек сырттай жай ұқсастық қана. Тап осындай жерде күрделенген сөйлемдер мен сабақтас құрмаластың бір-бірінен ажырасар шегі олардың тәуелді конструкциялардың бойында предикаттық қатынастың болу, болмауымен айқындалады.    
Қазақ тілінің күрделенген сөйлемдері, басқа тілдердегі тәріздес, коммуникативтік қызметі мен құрылыстары жағынан біркелкі болып келе бермейді. Біреулері ішінара сөйлем мүшелері жағынан біркелкі болып қайталанса, енді біреулерінде баяндалған оқиғаларға байланысты айтушы адамның түрліше көзқарастары білінеді. Енді бірде сөйлемнің негізгі желісі түрлі жақтардан сипатталып, қосымша мәндермен үстемеленіп отырады. Қайсысында болса да сөйлем құрылысы күрделеніп, мазмұны жағынан да күрделі ой туғызады. Бұлар бір-бірінен синтаксистік тәсілдері және іштей құрылыстары жағынан ажыратылады. Мына сөйлемдердің құрылысына назар аударсақ: 
1. Бұл жағынан қарағанда, бұл колхозда егінді жырту, жию, соғуда болсын, канал не арық қазуда болсын, қоғамдық істерде болсын, мінез-құлқымен көпшілікке жағуда болсын Айбаршадан алға ұстарлары жоқ. 2. Еміс-еміс естуімізше, қыздың бір дұшпаны қызға мен жіберетін өлеңдердің біреуін қолына түсіріп алады да, мінезі ақатал ағасының қолына тигізеді... (С.Мұқанов). 3. Жас баланың жұдырығындай сүйкімді сол бір жұдырықты жұтып қояр ма еді деп, мен оған да қызыға қарадым (Ә.Нұршайықов). 4. Магазиннің тұсынан өте бергенде, терезеден жайнап тұрған нәрсені көрді (Б.Майлин). 
Біз мұның барлығын да күрделенген сөйлемдер деп қараймыз. Сонда бұлардың қайсыбіреулері әдеттегідй жайылма сөйлем не болмаса бағыныңқы сөйлем ретінде танылмайтын болады. Саралай айтатын болсақ, бірінші күрделенген сөйлемнің құрылысында әрі қыстырма сөз тіркестері, әрі бірыңғай сөйлем мүшелері бар да, екіншісінде екі қыстырма, әрі қыстырынды сөйлемдер қатыстырылған. Ал үшінші және төртінші сөйлемдер құрылысынан көсемше, есімшелі оралымдар орын алған. Міне, күрделенген сөйлемдер өзара осындай ішікі құрылыстарының әр алуан болып келуімен сараланып отырады. Осыған орай қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдерді жалпы екі үлкен топқа жіктейміз: 
I. Айқындауыштық қосалқы сөйлемдер. 
II. Синтаксистік оралымды сөйлемдер. 
Алғашқысына оңашаланған айқындауышты, қыстырма, қыстырынды және бірыңғай мүшелі сөйлемдер жатады да, екіншісіне көсемше, есімше, шартты рай тұлғалы және қимыл есіміді оралымды сөйлемдер кіреді. Сөйтіп, біз синтаксистік оралымы бар сөйлемдерді оңашаланған мүшелі сөйлемдерден ажыратып қараймыз. 
Тіліміздегі кейбір сөзйдер бір-бірінен айқындап, анықтап отыратыны сияқты кей уақыттарда бүтіндей сөйлем құрылыстары да мазмұны жағынан өзін дәлелдей, нақтылай түсуді қажет етіп отырады. Сөйлем дегеніміздің өзі айтушының түрлі көзқарасын білдірсе, мұндай қасиет көп жағдайларда бас мүшелер мен тұрлаусыз мүшелердің өз бойына сыя бермейді. Осынадй жағдайда сол сөйлемде оңашаланған мүшелі сөздер немесе сөйлемдер қабатастырыла айтылып, негізгі хабарланған ойдың мазмұнын әр түрлі жақтардан толықтырып отырады. Осыдан барып сөйлемнің құрылысы да күрделенеді, ой білдіру мазмұны да күрделене түседі. Бұл ретте сөйлемді күрделендіріп тұратындар – оңашаланған мүшелер мен түрліше оқшау сөйлемдер. Сонымен қатар бірыңғай мүшелі сөздер де күрделенген сөйлемдердің басты элементтерінің бірі болып табылады. Осы аталған конструкциялық топтар сөйлем ішінде бірге, қосақтала айтылып, ой желісінің мазмұнын одан сайын толығырақ ашып отырады. Сондықтан да осындай құрылыстағы сөйлемді кейде тіпті қосалқы күрделенген сөйлемдер деп те атауға болады. «Қосалқы» деп отырғанымыз – сөйлем мазмұнындағы кейбір жайттарды дәлелдей де анықтай түсуде де, қосарлана, қабаттаса айтылған көмекші мәніндегі екінші дәрежедегі конструкциялық топтар. Бұлардың кейбіреуі сөйлем мәнінде жұмсалса, енді қайсыберулері оған жете алмайды. Қайсысы болса да негізгі сөйлемге қосалқы ретінде жұмсалады. Осылайша жұмсалған конструкциялардың сөйлем ішіндегі негізгі қызметі оқиға барысын айқындау, дәлдей түсу болып табылады. Оңашаланған айқындауыш, қыстырма, қыстырынды және бірыңғай мүшелі сөйлемдерді айқындауыштық қосалқы сөйлемдер деп атаймыз.Осындай сөйлемдердің кейбіреулері кейде сабақтас құрмаласқа да ұқсап жатады. 
Қазақ тілінде жалпы айқындауыштардың өзі үш түрге бөлінеді: қосалқыайқындауыш, қосарлы айқындауыш және оңашаланған айқындауыш. Оңашаланған айқындауыш өзатына сай айқындалатын сөзбен тығыз байланысты келді. Айқындалатын сөзді не сөздер тіркесін негізгі сөз, негізгі сөз тіркестері деп қарап, айқындаушы бөлшекті тәуелді, бағынышты топ деп қарауымыз керек. 
Сөйтіп оңашаланған айқындауышты сөйлемдер дегеніміз белгілі бір сөйлем мүшесін түрлі жақтардан айқындап дәлдей түсу жағдайында қалыптасып отырады. Осыған орай да мұндай сөйлемдер не болмаса осыған ұқсаса конструкциялар өздері айқындайтын сөзден кейін жұмсалады. Оңашаланған сөйлемдер мен бағыныңқы сөйлемдердің кейде жақындасып келетіндігі кейбір түркі тілдерінің әдебиеттерінде де сөз болады. Мәселен осы жайды башқұрт тілінің маманы К.З.Ахметов нақтылы сөйлемдерді талдай көрсетеді.
 1. Без, йәйләүгә килеп еткәс, аттарзы тұғарып, һалқын алдырырға була, ағас күләгәһенә бәйләп күйзык (М.Ғ.). 
2. Тау араһы һалкынсарак хәлгә кергәс,йылкылар әкренләп тау араһына ашарға тарала башланылар (М.Ғ.)
Автор осы сөйлемдердің алғашқысын оңашаланған пысықтауыш, екіншісіндегіні – бағыныңқылы сөйлем деп таниды. 
Оңашаланған айқындауыштың кейбр түрлері тілімізде бұрыннан да болды. Әйтсе де оның кеңінен етек алып, белгілі бір жүйеде жиі қолдана бастауы, М.Б.Балақаев  айтқандай, соңғы жылдардың жемесімен, орыс тілінің игілікті әсерімен тығыз байланысты. 
Кейбір оңашаланған айқындауыштар сабақтас құрмаластың құрылысын еске түсіреді әсіресе оның мына тәріздес түрлерін айтамыз: «Полкан, ит те болса, өзінен кіші әлсіздерді ренжітуді ұятсынып, қанденге тимей тұр... (Ы.Алтынсарин). Міне, осы сөйлемдегі ит те болса сөзі аз алдына оңашаланып, өзінен бұрынғы қимыл иесі Полканның не екенідігін білдіруде айқындауыш мәнінде жұмсалған. Бұлайша жұмсалуда ол сөйлемдік ұрылысқада ие болған, алайда бұл жердегі сөйлем – жеке өз алдына сөйлем емес, бастауышты айқындау барысына байланысты айтылған тәуелді конструкция. Сөйтіп, осындай құрылыстағы сөйлемдердің ішінен сөйлем шығып жатады, алайда олар бағыныңқы болып танылмай, айқындауыштық мәнінде көрінеді. 
А.Жапаров оңашаланған мүшелерді өз атқаратын қызметіне сай сөйлемнің «түсіндірме мүшелері» деп атайды. Оңашаланған айқындауыштың негізгі қызметі өзінен бұрынғы сөйлем мүшесінің мән-жайн толықтырып, соны айқындау болып табылады. Осыған орай айқындауыш мүшелер оңашадан айтылады да, өз алдына интонациялық жікке ие болады. Ал айқындалатын сөздер сөйлемнің барлық мүшесі де болып келе береді. Осындай құрылыста келетін оңашаланған айқындауышты сөйлемдерді өзара саралағанда, олардың қолданысы төмендігіше болады. 
1. Бастауышты айқындай қолданылған оңашаланған мүшелер. Мұның өзінде оңашаланған мүшелер бір сапада қолданыла бермейді. Бірде оңашаланған мүшелер айқындайтын бастауыш сөзмен үйлесе айтылып, сол қимыл иесінің сапалық қасиетін әр түрлі дәрежеде білдіріп тұрса, енді бірде оның амалдық, қимылдық жағдайын көрсетіп тұрады. Кей уақытта оңашаланған айқындауыштар өз бастауышының салыстырмасы ретінде де жұмсалады. Бұл жайлар мына тәріздес сөйлемдертабиғатынан анық байқалады. 
Бастауыштың сапалық қасиетін айқындау: Жас ет, үйіткен қойдың еті болғанада да, мынатабаққа тағы да өзгеше дәм бітіріп нәр берді. Бірақ осындай шат шадыман думанның тап ортасында боларлық кісі қалыңдық болса, Ділдә болса, ол әлі көрінбейді (М.Әуезов). Үстінде жасыл плащ, басында қызыл орамал – үйден кеткендегі киімі - әлде не айтпақ еді? (Д.Досжанов).  Міне, осы оңашаланған мүшелер өзінен бұрынғы бастауыш сөздерінің мазмұнын түрлі жақтарда айқындап, оның бойындағы қасиеттерді саралай көрсетіп тұр. 
Ал мына төмендегі сөйлемдерде оңашаланған айқындауышты мүшелер бастауыш сөзінің амалдық, қимылдық қасиетін білідіре жұмсаған. Мұндайда оңашаланған мүшелер баяндауыш сөзінің тиянақсыз формасымен аяқталады да, бағыныңқы сөйле құрылысын еске түсіреді. Алайда бұл жердегі оңашаланған конструкция бастауыш сөзіне тікелей байланысты айтылып, соның қимылдық әрекетін не болмаса амалдық қасиетін білдіріп тұрады. Осыған орай ол айқындауыш мәнде жұмсалып, сөйлем мазмұнын ашуға селбесіп отырады. Оңашаланған мұндай айқындауыштардың түрлерін бағыныңқы сөйлемдерден ажыратып отыруымыз керек. Бастауыштың амалы, қимылдық әрекетін білдіретін мұндай оңашаланған айқындауышты сөйлемдер мына тәріздес болып келеді. 
Азын аулағы болса, осы қыстау маңын қысы-жазы жесе де, Бөктер шөбінің тұмсығын сындыра алмайды. Барлық жастар, саят қызығына қызумен берілсе де, Абайдың ендігі ақындық бұйрығын ынталай тосты. Біздей сусағанға қай ғалым олса да, соңына түссе, алтынасыл қазынадай (М.Әуезов). 
Осы тәріздес сөйлемдердегі оңашаланған айқындауыштарды бастауыш сөзімен қиыстыра айтсақ, олар айқын белгілі болып тұрады: Барлық жастар, саят қызығына қызумен берілген жастар, Абайдың ендігі ақындық бұйрығын ынталай тосты. 
Енді бірде оңашаланған айқындауыштар өз бастаушымен салыстырыла айтылады. Бұл ретте айқындайтын сөздер айқындалатын сөзді екінші жағынан алып көрсетеді: Жаралыларды кешегі киім тіккен әйелдер – бүгінгі сестралар – батырдың қажырлы әйелі Рәш, Теңге, Бәтима, Күмісбас, Ива және біраз қыз дамыл таппай күтуде еді (М.Жұмағұлов). 
Оңашаланған айқындауыш кейде өз субьектсіндегі іс-әрекетің қашан орындалудағы мезгілдік мөлшерін де білдіріп тұрады: Жастарды күттірген той, Абайлар келген соң, үшінші күнде болды (М.Әуезов). 
Айқындауыштар кейде толық сөйлем ретінде де оңашаланып келеді. Мұндайда олар қыстырынды сөйлем құрылысымен астарласып келіп, онымен жақындасып жатады. Сондықтан бұларды да өзара ажыратып отырғанымыз жөн. Егер қыстырынды сөйлемдер жалпы оқиға барысына қосақтала айтылса, айқындауыштар негізгі бір сөйлем мүшесіне байланысты жетектеле жұмсалады. Ал мұның өзі сөйлем мүшесін айқвндау функциясына әкеп соғады. Оңашаланған айқындауыш сөйлемдердің құрылысы төмендегіше болып келеді. 
2. Баяндауышты айқындай қолданылған оңашаланған мүшелер. Кейде оңашаланған сөйлем мүшелері баяндауышқа қатынасты айтылады да, сондағы сөздің мән-жайын айқындап тұрады. Мұндайда да олар  көбінесе жеке өз алдына сөйлем ретінде жұмсалады: Қыстауымыз – Шу өзенінің төменгі жағындағы Қамқалы (Қазір Мойынқұм совхозы орналасқан жер). 
3. Толықтауышты айқындай қолданылған оңашаланған мүшелер. Оңашаланған айқындауыш сөздер негізгі сөйлемдегі толықтауыштың мән-жайын ашуда онымен іргелес болып та, алшақ  келіп те өз функциясын атқара береді. Іргелес келген айқындауыштар айқындалатын обьектісімен көбінесе тұлғалас болып, бірыңғай ізде келеді: Бұл қалада қызмет атқаратын республика басшыларының әрқайсысын да көргім келеді, солардың ішінде әсіресе Сәкен Сейфуллинді көргімкеледі... («Қызыл сұңқар»). 
Толықтауыш сөздерді алшақтау немесе алшақ келіп айқындайтын оңашаланған сөйлемдеріміз мынадай: Жоламанның ойы: ең алдымен қоржынды Қара Бура, ақкөз Жәбірәйіл, Маңқа Әлексалдыға қарсы үш жүз сарбазымен айқаспақ (оның жүзі ортадағы сай бойында), содан кейін екі жақ әбден қалжырады-ау деген кезінде артында тығулы ұщқыр атты екі жүз жігітін жауып жібермек! (І.Есенберлин). 
4. Анықтауышты ақындай қолданылатын оңашаланған мүшелер. Сөйлемнің осындай түрін әдеби тілімізден аз кездестіреміз. Демек, анықтауыштың айқындалып отыруы тіліміздің стильдік заңдылығына өте сирек құбылыс болса керек.Дегенмен де ол оқта-ткте болса да кездесіп қалады. Мысалы: Кәлен сараң шалдың «жоғары шық, дәм тат» деп айтпасын біліп, есік жақтан кеткісі кеп самуыр құйып отырған жас келіншектің жанына, тері тулаққа тізе бүкті (Ә.Нұршайықов). 
5. Пысықтауышты айқындай қолданылатын оңашаланған мүшелер. Мұндай оңашаланған мүшелер тілімізде көптеп кездеседі. Пысықтауышты айқындауыштардың оңашалануы әсіресе айқындалатын сөздердің мезгіл, мекен пысықтауыш түрлерінде жиі ұшырап отырады. Мезгілдік айқындауыштар өзінен бұрынғы пысықтауыштардың мезгіл мәндегі үстеу сөздерінің бірімен берілуіне байланысты оңашаланып келеді. Мұндай үстеу сөздерді әдеби тілімізде әр алуан. Мезгілдік жайға байланысты оңашаланған мүшелер өзінің айқындайтын сөзімен үйлесіп тұлғалас болып та, әр түрлі құрылыста да жұмсала береді. Қайсысында болса де негізгі пысықтауыш сөздің мезгілдік ұғымы екінші жағынан дәлденіп ашылып отырады. Өйткені оңашаланған айқындауыштар айқындайтын сөзінің мәндік ыңғайына қарай бейімделеді. Мезгілдік ұғымға байланысты айқындайтын сөздердің қосарлана жұмсалуы айқындалатын пысықтауыштардың мәнімен астарласып жатады. Ал айқындалатын пысықтауыш сөздер жалпы мезгілдік мәнде жұмсалғанымен, бұлардың өзі мезгіл мөлшері жағынан іштей сараланып отырады. Мәселен, бір мезгілдік оңашаланған мүшелер пысықтауыштардың қазіргі енмесе жуық маңдағы мезгіл мәндерімен үйлесе жұмсалса, енді біреулері – күндік, айлық немесе жылдық ұғымдардың мезгіл мөлшерін айқындай қолданылады.
Оңашаланған айқындауыш мүшелер мезгілдік жағынан жуық араны білдіретін пысықтауыш сөздердің мән-жайын ашу бағытында болады. Мұндайда пысықтауыштар қазір осы кезде, сол сәтте, кейде, т.б. мезгіл мәнді үстеу сөздерімен беріледі. Мысалы: Қазір, Құнанбай алдында, жастан бергі дағдысы бойынша үндемей отырғанымен, бұл – ерен бүлік, сотқар адам (М.Әуезов). 
Оңашаланған айқындауыштың енді бір қолданыстары ай, жыл мезгіліне байланысты пысықтауыш сөздердің мазмұнын ашу ыңғайында жұмсалады. Мұнда да олар өзі жетектеле айтылатын негізгі тірек сөзге байланысты оқиғаның қашан, қай мезгілде орындалатынын саралай көрсетеді. Биылғы күз, ауыл қыстауына қонған шақта, құлғара мен Нарғыз бір мәселеде қатты керкілдесе қалды (С:Мұқанов).
Оңашаланған айқындауыштардың енді бір тобы өзі қатысты пысықтауыш сөздердің мекендік орнын көрсетуге қарай бейімделеді. Мұның өзі сол қатыс пысықтауыштардың мекендік мәнде жұмсалуымен тығыз байланысты. Айқындауыш сөздердің оңашалана қолданылудағы мағынасы өзі айқындайтын мүшенің мәнімен үйлесіп жатады. Демек, айқындалатын сөздің мәні айқындаушы сөздерге негізгі өзек болады. Менің туған өлкем Солтүстік Қазақстанда, оның ішінде Алуа көлінің маңында, дәл «ақ түндей» аталатын бір ғажап сәуле барын бұл арада айтпай кетуге болмайды.
Оңашаланған айқындауыштар айқындалатын сөздің түсініктемесі ретінде жұмсалып отырады. Бұл ретте баяндалған белгілі бір обьект айқындаушы сөз болады да, сол обьектінің одан әрі екінші жағынан толықтырыла түсуі – айқындауышты сөздердің тобын құрады. Мұндай айқындауыштар белгілі бір сөйлем мүшесінің түсініктемесі ретінде қолданылатындықтан да, олар оқшаулана, оңашалана айтылады. Айқындауыш сөздердің бұлайша оңашалануын жалпы сөйлем мазмұныннан тысқары қарауға болмайды. Бұлар да баяндалған оқиға желісінің мазмұнын аша түсуде, сөйлем мазмұнын күрделендіруде өзіндік роль атқарады. Әсіресе айқындалатын сөздің мән-жайын түрлі жақтардан айқындау, осы арқылы оның мазмұнына қосымша түсінік бере кету жалпы сөйлемдегі ой қазығын одан сайын жетілдіріп, нәрлендіріп тұрады. Айқындауыштар басқа сөздермен әр уақытта да грамматикалық байланыста әрдайым да болады. Белгілі бір сөйлем мүшесінің түрлі жақтардан нақтылануы, дәлелдене түсуі көбінесе мағыналық байланыстың негізінде жүзеге асады. 
Оңашаланған сөздердің саралануы әдеби тіліміздің жетілуі, баю жолдарымен тығыз байланысты. Тілдің икемділігі, көркемділік оралымдары неғұрлым мол болған сайын, оңашаланған мүшелердің қолдану барысына кеңінен жол ашылады. Оңашаланған мүшелерді өз орнымен дұрыс қолдана білу – стильдік заңдылықтарымызды да байыта түседі. Өйткені стильдік құбылыстың бір ұшы осы айқындауыштарға келіп тіреледі. 
Тіліміздегі айқындауыштар құрылысына қарай жеке сөздер, сөз тіркестері кейде тіпті жеке сөйлемдер де болып келеді. Мұндайда әсіресе соңғы түріне баса назар аударып отырғанымыз жөн. 
Қазақ тіліндегі тәйуелді конструкциялардың біріне қыстырма сөздерді де жатқызамыз, өйткені қыстырмалы сөйлемдерде тәуелді бөлшек негізгі сөйлемнің ыңғайына қарай айтылып, айтушы адамның түрліше көзқарасын, ықылыс-тілегін білдіріп тұрады. Осындай мәндік қызметіне орай қыстырма ретінде жұмсалған сөйлемдер негізгі түпкі ойға айқындауыштық қосалқы болады. Сөйлемдегі негізгі ойға айтушының өз пікірі «қосақталуы» сол сөйлемнің мазмұнын күрделендіріп, құрылысын аумақты қыла түседі. Осыдан барып, сөйлемнің ішінен тағы да бір сөйлем бөлініп жатқандай болады. Алайда соңғы «сөйлем» негізгі сөйлмнің модальдық қатысын білдіруші ғана. Тіліміздегі «оқшау сөздер» деп аталатын категорияда олардың басқа сөздермен байланысы болмайды деп күні бүгінге дейін айтып келсек, бұл тұжырымның бір дақты екендігі қазіргі уақытта тіл білімінде дәлелденіп отыр. 
Қыстырма сөйлемдер де, басқа тәуелді сөйлемдер тәріздес, құрылысы жағынан көбінесе құрмалас сөйлемнің синтаксистік компоненттеімен жақындасып келеді. Қыстырма сөйлемдерді құрылысы жағынан сабақтас құрмаласқа ұқсас болып келетіндері әсіресе шартты рай тұлғалы түрлерінің бойынан анығырақ сезіледі. Мұндайда шартты рай тұлғалы сөз қыстырма сөйлемді аяқтап, негізгі сөйлеммен жалғастырып тұрады. – Мейлің, әзір қысқа өлеңдеріңнен айтсаң, қысқа өлеңдеріңнен айт, соңыра қиссаларыңның бірін айтарсың деді, - Бименде (С.Сейфуллин). 
Бұл сөйлемнің құрылысында екі қыстырма қатарынан қолданып тұр:  - (мейлің) қыстырма сөз де, екіншісі қыстырма сөйлем. Осы екуінің бірігуі арқылы сөйлем бейтараптылық мәнге ие болған. Мұндай мән осы сөйлемде әрбір қыстырманы жеке айтсақ та жойылмайды. 
Тіліміздегі қыстырма сөйлемдер әр түрлі модальдық қатынаста жұмсалады. Бұған негіз болатын себетің бірі сөйлем ішінде қыстырма сөздер не болмаса модаль сөздердің біреуі қатынасып отыратындығымен дәлелденіледі. Осыған орай қыстырма сөйлемдер көптеген мағыналық белгіні білдіре алады. Оларды бір жерге жинақтап, дәл саралап беру де мүмкін емес. Қыстырма сөйлемдерді білдіретін модальдық қатынастарына қарай төмендегіше жіктеуге болады. 
1. Қыстырма сөйлемдер алдыңғы сөйлемде айтылған оймен бір ізділік байланысты білдіреді. «Бір ізділік» дегеніміз – алдыңғы сөйлемде айтылған ой екінші сөйлемдегі қыстырмада қайталанады. Демек, осындай түрдегі қыстырма сөйлеміміз алдыңғы сөйлемдегі ой желісінің жалғасы ретінде жұмсалады. Осығар орай бұрынғы сөйлемдер белгілі бір сөйлем мүшесі екіншісінде қыстырма сөз не қыстырма сөйлем болып қолданылады. Мұндай қыстырма сөйлемдер көбінесе шартты рай тұлғалы болып келеді. 
- Ән салайын ба, Гүлия? – дейді. Гүлия бауды ызып отырған бойымен : 
- Қазір ән салып әуре болып не қыласың... Салғыш болсаң, кешке, еркектер жиналып отырған сал. Қазір әнді тыңдайтын кісі жоқ қой... деді (С.Сейфуллин).  
2. Енді бір қыстырма сөйлемдер айтушы адамның не басқа біреудің өзіндік ой-пікірін, бір нәрсе жайындағы көзқарасын аңғартып тұрады. Мұндай мәде жұмсалатын қыстырма сөйлемдердің жасалу жолдары түрліше болады. 
a)    Қыстырма сөйлемдер шартты рай тұлғалы сөзбен тиянақсыз түде яқталады. Мұндайда олардың құрамындағы бір сөз көбінесе екі рет қайталанып отырады. Оның алғашқысы – қыстырма болса, кейінгісі – сөйлемнің баяндауышы болады. – Ей, батыр-ау, алсам, мен қызды еркімен алдым (С.Сейфуллин).
b)    Қыстырма сөйлемдердің құрылысы айтуынша, айтқанда, айтайын сөздерімен аяқталады да, айтушының бір нәрсеге көзі жетіңкіреп тұрғандығын, өз сеніммен байқатады. Бір-бірімізге сескенгеннен кейін Қамзаның маған айтуынша, Троицкий қаласынан Баймағанбет большевиктерге тілектес болып қайтқан. 
c)    Қыстырма сөйлемдегі негізгі тірек сөз байқауынша сөзі болады да, субьектінің өз ойының жорамалы білініп тұрады. Шоқанның да бала жастан байқауынша, Бутковский орыс армиясының жан-жүрегімен берілген сөзі. 
3. Енді бір қыстырма сөйлемдер негізгі сөйлемде баяндалған оқиғажелісінің болу себебін, амал-тәсілін білдіру ыңғайында жұмсалады. Осындай мәнді қыстырма сөйлемдердің құрылысы төмендегіше болады. 
a)    Қыстырма сөйлемдердегі ұйымдастыру байланысты сөзі негізгі ұйытқы болады. Мұндайда ол қимыл есімді сөздерді меңгере жұмсалады. 
b)    Қыстырма сөйлемдерді құрауда қарағанда қыстырма сөзі де елеулі қызмет атқарады. 
 Сонымен қыстырма сөйлем негізгі сөйлеммен мағыналық бірлікт айтылып, кейінгінің мазмұн желісін әр түрлі модальдық реңкте толықтырылып отырады. Мұның өзі қыстырманың негізгі сөйлемнен «оқшауланбай», қайта оның мазмұнын аша түсуге байланысты айтылатындығын дәлелдейді. 
Қыстырынды сөйлемдер деп отырғанымыз – қыстырма сөйлемдердің ерекше бір түрі. Осындай сөйлемдер соңғы кездерге дейін өз алдына жеке жіктелмей, қыстырмалардың аясында қарастырылған болатын. Тек 1967  жылы жарық көрген академиялық «Қазақ тілі грамматикасының» синтаксис бөлімінде сөз еткелі отырған конструкция «ескертпе сөйлемдер» деп аталып, өз мағынасына лайық жеке сөз болған еді. Сөйлемнің осы түрі шынында да өз алдына жеке қарастыруды қажет етеді. Өйткені ьұл сөйлемдердің әдеттегі қыстырмалардан елеулі айырмашылығы бар. Ол айырмашылық мынада: қыстырма сөйлемдер негізгі баяндалған оқиға желісіне байланысты айтушы адамның түрліне көзқарасын, өзіндік пікір, тұжырымын білідіріп тұрса, ал қыстырынды сөйлемдер сол тұтас сөйлемге не болмаса сондағы кейбір жеке сөздерге қосымша түсінік, ескерту жасай кету ыңғайында жұмсалады. Қыстырынды сөйлем – негізгі сөйлемдегі ойдың жанама түсініктемесі. Мысалы: Оның айтылған мәліметтеріне қарағанда, біздер біраз күнде көмекші жәрдем алатын сияқтымыз. Мұндағы сөйлемдер негізгі сөйлемдермен синтаксистік қарым-қатынаста жұмсалмағанмен де, мағыналық байланыстың өзара бірлік қарамағына түскен.
Айқындауышты сөйлемдер анықтауыштың бір түрі болса,қыстырынды сөйлмдердің қыстырмамен ара-қтынасы да осы тәріздес. Бұл жай осы екі сөйлемнің аталу барысындағы жақындықтың болу қажеттілігін аңғартқандай. Сөйтіп, қыстырма сөйлемдер де тіліміздің грамматикалық құрылысынан орын алып, күрделенген сөйлемнің бір түрі ретінде танылады. Осындай сөйлемдер бұрын өз алдына жеке арнайы зерттелмегендіктен де, олардың грамматикалық жаратылысы мен құрылымдық сипаттары саралана ашылмаған-ды
Қазақ тіліндегі қыстырынды сөйлемдер құрылысы жағынан алуан түрлі болып келеді. Ең алдымен олар сөйлем ішінде қолданылу ыңғайына қарай екі түрлі топқа ажыратылады. Бір қыстырынды сөйлемдер сөйлем ішінде бөлектене айтылады да, өз алдына жақшаға алынады. Сондықтан да осындай құрылыста келген қыстырынды сөйлемдерді бірден-ақ ажыратуға болады. Бұлар қолданылу орны жағынан көбінесе сөйлмнің ортасында, сонымен қатар соңында да келіп отырады: Алғашқы қар түседі (аңқиған үйде бала-шаға жаурай бастаған), қойшы басшыларға ентігіп тағы келеді, «осылай...» деп егіледі, түңіледі (Д.Досжанов). 
Ал енді қыстырынды сөйлемдердің негізгі сөйлеммен ара-қатынасы, жоғарыдағыдай, алшақ, дараланған түрде келмей, ұласқан, жалғаса тұтаса айтылған ыңғайда болады. Осыған орай олар негізгі сөйлемнен үтір арқылы ажыратылады. Алайда мұндағы оқшаулану алғашқыдай алшақ түрде болмай, жымдасқан, өзара қабыса айтылу ыңғайында келеді: Қазір ол «революция» былай тұрсын, «социолизм» дегеннен қасқырдан үріккен жылқыдай қашады.  
Қыстырынды сөйлемдер жалпы екі үлкен топқа жіктеледі. 
I. Алдын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдер. Бұл түрге қыстырынды сөйлемдердің негізгі оймен үласа, тығыз қабыса айтылған түрі жатады. Қыстырынды конструкция негізгі сөйлемнен бұрын айтылады. Демек, ескертпелі мән хабарланатын ойдан бұрын алдын-ала жұмсалып, негізгі сөйлемнің мазмұнын аша кету ыңғайында келеді. Мұндайда қыстырынды сөйлемдердегі ескертпелік мәннің өзі әр түрлі реңкте жұмсалады, осыған орай олардың құрылысы да алуан түрлі болып келеді. Осы жайларды өзара саралай келгенде, алдын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдердің мәндік ерекшеліктері төмендегідей болады. 
1. Бір қыстырынды сөйлемдер негізгі айтылатын ойдағы мазмұнды қанағаттандырып, жеткілікті етіп тұрады. Ондайдағы ескертпелік «өзгені айтпағанның өзінде» тәріздес мәнде келеді де, осыған лайық қыстырынды сөйлемнің аяқталуы былай қойғанда жолымен беріледі. Мысалы: Оларды былай қойғанда, Европа континентінің батысына талақтай жабысқан жерінің тілген таспадай ғана көлемі бар Португалия ше?... (С.Мұқанов). 
2. Енді бір қыстырынды конструкциялар негізгі сөйлемдегі оқиға желісіне жаңа бір ой бастауға мүмкіндік туғызады. Осы ретке орай олар бұрынғы абарланған ойдың аяқталуына енді ескерту жасай отырып, бара тұрсын, бара берсін құрылысында жұмсалады. Олар солай бара берсін, біз оқырман көпшілікке Сатыбалды шоқындының кім екенін баяндай тұрайық. (С.Мұқанов).
3. Қыстырынды сөйлемдердегі ескертпелік мән негізгі сөйлемдегі оқға желісіне қашы мәндес түрде айтылады. Мұндай сөйлемдер кейбір сыртқы құрылыстары жағынан сабақтас құрмаластың заңдылықтарымен де астарласып жатады. Сондықтан оларды өзара ажыратып отыруымыз қажет. Негізгі сөйлемдегі оқиға желісіне қарама-қайшы ескерту жасау ретінде айтылған қыстырынды конструкциялардың құрылысы әр түрлі болып келеді. 
a)    Қыстырынды сөйлем қарамастан көмекші сөзбен аяқталады. Ол  барыс септігіндегі есім не болмаса қимыл есімді сөздерді меңгере жұмсалады. Ол мінезінің салмақтығына қарамай, ағып тұрған ертегіші (С.Мұқанов). 
b)    Қыстырынды сөйлемдердегі негізгі тірек сөз көмекші етістік мәніндегі болмаса сөзімен аяқталып, ол есімше, сондай-ақ есім сөздермен тіркесе қолданылады. Мұндай негізгі сөйлемде хабарланған оқиға, әрекеттің мазмұн желесі теріске шығарылып тұрады. 
c)    Шылау мәніндегі түгіл сөзі мақсатты келер шақ формасындағы сөзбен не болмаса есіммен тіркесе жұмсалады. 
d)    Сөйлем құрамындағы былай тұрсын сөздері қолдаылғанда да синтаксистік бөлшектердің аралығында қарама-қайшылық мән туады.
II. Соңын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдер. Сөйлемнің бұл түріне, қыстырынды конструкциялардың негізгі сөйлемнен алшақ келген жолы жатады. Сөйлемнің атынан байқалғандай, мұнда ең алдымен негізгі сөйлемнің өзі хабарланады да, содан кейін сондағы бір түйінге байланысты ескерту жасау ретінде қосымша түсінік беріле кетеді. Мұндай қосымша мәлімет өз алдына жеке сөйлем болып келеді де, негізгі сөйлемнің соңын ала орналасады, оқшаулық қасиетіне сай жақшаға алынып дараланады. Қыстырынды сөйлемнің осы түрі сонымен қатар сөйлем ортасында да қолданылады. 
1. Бір қыстырынды сөйлемдер жаңада хабарлаған негізгі оқиға барысына қосымша ретінде жол-жөнекей ескерту жасай кетеді. Мұндай ескерту сөйлем мазмұнының кейбір детальдарын айқыедау, бір жайға байланысты анықтама бере кету қасиетіне негізделеді. Ұлық алдына барған сайын өз әрқашан ойындағы сөзін айта алмай (ал тілмаш арқылы сөйлескенде де бір түрлі айызы қанбай, шала құмар боп), булығып жататын (Ә.Нұрпейісов). 
2. Қыстырынды сөйлемдердің енді бір түрі негізгі сөйлемде хабарланған оқиға, әрекеттің мазмұнын қосымша ертінде түсініктеме бере кетеді. Мұндай түсініктеме сөйлемнің мазмұнына не болмаса ондағы жеке сөздерге байланысты келеді. Губернияға Хакім телеграмм беріп, Айжанды орнынан босатуға санкция алған ба қалай (мұны маған ашып айтпады), әйтеуір қазір Ақбасов тергеуші емес (Х.Есенжанов), 
3. Енді бір қыстырынды контрукциялар негізгі сөйлемде баяндалған оқиға желісіне қосымша мәлімен үстемелеп тұрады. 
Сөйтіп, қазақ тіліндегі қыстырынды сөйлемдер өздерінің құрылысы мен мәндік ерекшеліктеріне қарай жалпы екі үлкен топқа ажыратылады: алдын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдер және соңын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдер. Қайсысы болса да негізгі сөйлемде баяндалатын оқиға желісіне қосымша түсінік не болмаса айқындық кіргізу мақсатында ескерту жасап отырады. Мұндай ескертпе негізгі сөйлеммен елгілі бір грамматикалық байланыста болмаса да, мағыналық жағынан өзара тығыз үйлесе жұмсалады. Демек, қыстырынды сөйленің негізгі ой желісімен ара қатынасы әр түрлі мағыналық реңкте өрбіп отырады. Мұның өзі синтаксистік конструкцияның да белгілі бір байланыс түріне негізделетінін айқындай түссе керек. 
Сөйлем хабарланған бірыңғай қимылдардың бір грамматикалық бастауыштың төңірегіне жинақталуы сабақтас құрмалас болып ұғынылмай, күрделенген сөйлемнің бірыңғай мүшелі түрін аңғартады. Осы тектес сөйлемдердің табиғатын тани білуде әрбір компоненттегі бастауыш-баяндауыштық негіз шешуші критерийге алынбай, көбінесе баяндауыш сөздеренің қолданысы есепке алынады. Талдап отырған сөйлеміміздегі хабарланған оқиға желісі бір ғана субьектінің төңірегіне жинақталып, оның алуан түрлі қимылдық сипаты өзара саралай көрсетлгендіктен бірыңғай мүшелі күрделенген сөйлемдердің қатарынан  танитын боламыз. 
Сөйлемнің қай мүшелері болса да бірыңғай түрде жұмсала береді. Алайда осылардың ішінен құрмалас сөйлем категориясымен кейде жақындасып, астарласып кетуінде әсіресе бірыңғай баяндауышты түрі икем келіп тұрады.Бірыңғай мүшелі сөйлемдегі бірыңғай баяндауыштар тиянақсыз формада жұмсалғанда, олар сабақтас құрмаластың құрылысымен жақындасып келеді. Тиянақсыз тұлғадағы бірыңғай баяндауышты сөәлемдер синтаксистік оралымдар арқылы жасалады. Бірыңғай мүшелі синтаксистік оралымдармен берілгенде, олардың баяндауыштары көсемше, есімше, шартты рай тұлғалары арқылы жасалып отырады. 
Көсемше оралым бір субьектіге тән негізгі және көмекші әрекеттерді бір сөйлем бойында беруде қолданылатын құрылым. Көмекші әрекетті білдіретін көсемше әр түрлі мәндегі сөздерді өзіне бағындыра отырып, сөйлем ішіндегі бір синтагмаға ие болатын оралымды қалыптастырады. 
Оралым құрамындағы көсемше екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, есімд, етістікті сөздерді өзіне бағындырып, ұйымдастырушы тірек сөз орнында тұрса, екіншіден, тиянақсыз фолрмасы арқылы оралымды негізгі бөлімге бағындырып, байланыстырушы болып тұрады. Сөйлемде оралым құрамындағы сөздер көсемше – ұйытқы сөздіңсемантикасы басым көрінетін лексика – грамматикалық тұтастық сияқты қызмет атқарып, негізгі бөліммен пысықтауыштық қатынаста тұрады. Оралымның әр түрлі пысықтауыштық қатынаста жұмсалуы көсемше формасында берілген етістік семантикасымен байланысты. 
Көсемше оралым – айтылған ойды образды түрде кеңейтіп, дәл беру үшін, қосалқы әрекеттерден негізгі процесті бөліп, айқындай түсу үшін қолданылатын құрылым. 
Қазақ тілінде көсемше оралымды сөйлемді жасауда оның басқа фомаларына қарағанда –п тұлғалы түрі айрықша қызмет атқарады да өте жиі кездеседі. Көсемше оралымды сөйлемдер әр түрлі мағынада жұмсалады. –п формантты көсемше көбінесе амал ретінде жұмсалып, амандық пысықтауыш қызметінде болады. Ертеңгі күні он шақты кісі жолдас ертіп, Абай Қарамолаға аттанбақ. 
Амал мәнді көсемшелі оралым деп көмекші етістіктің қатысуымен жасалады. Қай жерімнен мін табады деп, Жанбота дала жұмысын тасқаяқтай қағыстырып келеді (Мұстафин). 
Оралымдар негізгі сөйлемдердің аралығындағы мағыналық байланыстарға қарағанда, алдыңғы бөлшек тұтасымен тұрып соңғы бөлекте хабарланған ой желісінің қалайша, қайтіп орындалуының амалдық сипатын білдіре жұмсалады. 
-а, -е тұлғалы көсемше оралымдар. Оралымды жинақтаушы осындай тұлғалы көсемшелі сөздер де сөйлем ішіндегі басқа сөздермен қарым-қатынасына қарай әр түрлі мағыналық белгілерде жұмсала береді.  Бұл ретте олар көбінесе өзі тұлғалас көсемше сөздермен тіркесе жұмсалады. 
-й тұлғалы көсемше болымсыз –ма жұрнағы арқылы жұмсалып, оралымды сөйлемдерді де жазуға қатысады. 
-ғалы тұлғалы көсемше оралым. Осындай тұлғалы көсемше оралымды қайыра отырып, сөйлемдегі ойдың мезгілін білдіре жұмсалады. 

Жүктеп алу
592 рет жүктелген
104.50 кб файл салмағы