Синонимдік қатар жайлы
242
Кіріспе
Сөздің дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда, синоним омонимге қарама-қарсы тұрған лексика-семантикалық тілдік құбылыстар. Омонимдер ұғымы басқа, дыбысталуы бірдей бірнеше сөздер тобын білдірсе, синонимдер, керісінше, ұғымы бір, әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобын қамтиды. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар тек бір ғана сөз тобына қатысты болады.
Синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады.
1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет. 2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.
3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуға тиіс. Бұл үш белгі – сөздерді синоним деп танудағы басты шарт. Сонымен қатар бір сөз табынан болған синонимдер бірыңғай граматикалық тұлғада келуі мен контексте бірін-бірі алмастырған жағдайда, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгілерін көрсетеді.
Синонимдер түбірлері әр түрлі болғанымен, беретін мағыналары жағынан жуықтас, жақындас болып келеді. Көп жағдайда оларды өзара алмастыруға да болар еді, алайда әрдайым бұлай бола бермейді. Қалай болғанда да, мағыналық жақындық көзге түсіп тұрады. Мысалы: Әркім арманын, қиялын іске асыруға тырысады деген сөйлемде арман және қиял деген сөздердің мағыналық жуықтастығы дау туғызбаса керек. Сондай – ақ биік – жоғары, алыс – қашық, күмән – шүбә деген сөздер тілімізде молынан кездеседі.
Синонимдер дегеніміз - әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер. Яғни сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар синоним деп танылады. Өз ара мәндес сөздерден синонимдік қатар құра алады.
Тілдегі синонимдер үш түрге бөлінеді: а) мағыналық синонимдер, ә) стильдік синонимдер, б) мағыналық – стильдік синонимдер.
Әрқайсысының өзіне тән мағыналық реңкі бар, стильдік жағынан шектелмейтін, тілдегі барлық салада талғаусыз жалпылама қолданыла беретін снонимдер мағыналық синонимдер деп аталады.
Мысалы: абырой – бедел – кәдір, азайту – алу – кеміту – шегеру, батыл – өжет – өткір т. б.
Стильдік синонимдер деп мағына жағынан ұқсас (тең) бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленетін мәндес сөздердің түрлерін айтамыз. Мысалы: ат –есім – ныспы, бәсеке – бақас, жазғыру – күстәналау, жылау – мөңіреу т. б.
Тілдегі синонимдер бір-бірінен не мағыналық жағынан, не стильдік мәні жағынан өзгешеленіп, бірөңкей болып келе бермейді. Олар кейде әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленеді. Синонимдердің осындай түрлері мағыналық-стильдік синонимдер деп аталады. Мысалы: іздену – тімтіну, мақтаншақ – бөспе, тақия – төбетей – кепеш, т. б.
1-тарау. Синонимдік қатар.
Синонимдік қатардың мағыналық негізгі сөздерді өзара жақындатып салыстыру үшін ғана емес, сонымен қатар оларды бір-біріне қарсы қойып ерекшелеуге де негіз болады. Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз сол сөздерді мағына жағынан ұйыстыруға ұйытқы болатын тірек сөз деп таңдалынып алынады. Синонимдік қатардың құрамына екі, кейде оданда көп сөздер енеді. Мысалы, «Мені бұрынғы ерім тоқалдыққа алғанда бала үшін алған еді.» (С. Сейфуллин) Бұл мысалдағы тоқал деген сөз екінші әйел деген сөзбен синоним.
Синонимдік қатарды құрастырушы сөздер бір-бірімен мағыналық жақтан жақын, өз ара мәндес болуымен бірге барлығының бір сөз табына қатысты сөздерден синонимдік қатар жасалмайды. Белгілі бір синонимдік қатардың жасалуы үшін, оның қатарына енетін сөздердің барлығы да не бірөңкей зат есім сөздерден, не бірөңкей сын есім сөздерден немесе бірөңкей етістік сөздерден болуы керек.
Мысалы: Зат есімдерден болған синонимдер: өң – түс – түр – келбет – пішін – ажар – мүсін – көрік – әлпет – кескін –рең – дидар – шырай;
Түсің суық, тәнің шойын, жалаңаш.
Өлшеген нан, қара суды қылып ас.
немесе
Өң жоқ, түс жоқ, кепкен, солған, арыған
Тәндеріңді жастан темір қарыған
(«Жұмыскерлерге»)
Сын есімдерден болған синонимдер: салмақты – сабырлы – байыпты – байсалды – ұстамды; сұлу – әдемі – көркем – көрікті – ажарлы – кескінді – келбетті; күшті – мықты – әлді – қарулы – қайратты – қажырлы және т. б. Мысалы: Кербезсің маңызданған, сұлу терек
немесе
Қулық, сұмдық, қиянаттың
Тамырларын қиятын.
(«Кім жауапкер, жолдас?»)
Етістіктерден болған синонимдер: сауығу – жазылу – айығу;
жолығу – кездесу – ұшырасу; жорамалдау – долбарлау – тұспалдау – болжау – межелеу; амандасу – сәлемдесу; әзілдесу – қалжыңдасу; Мысалы:
«Өкпелеп әлде қалды ма?
Көңіліне ренжу алды ма?» («Жазғы түнде»)
Үстеулерден болған синонимдер: таяуда – жуырда – жақында;
әрең – әзер зорға; тез – жылдам – шапшаң – лезде – сәтте және т. б. Мысалы:
Жүк артысар аяқтарын тез басып
(«Жайлауға көшу»)
Сәкен Сейфуллин шығармаларында әсіресе зат есімдер мен сын есімдерден және етістіктерден болған синонимдер жиі кездеседі. Бұлай болатындығы әрбір тілдің лексикасындағы сөздердің басым көпшілігі зат есімдер мен сын есімдер және етістік сөздер.
Қазақ тілі синонимикасының жеке мәселелерін арнатйы зерттеу жұмысы 50-ші жылдардың бас шеңінде қолға алынып, соның нәтижес інде жеке зерттеулер жарық көрді. Бұл еңбектер бір ғана сөз табына тән синонимдердің материалы неізінде жазылған да, сол кезебңде жиналған 1300 жеке сөз (500 жуық синонимдік қатар) аясында шектелген еді. Ал қазір қазақ тіліндегі өзге сөз таптары да синонимге соншама бай екендігі мәлім болып отыр. Қазіргі жиналған мтареиладарға қарағанда, бір ғана зат есім синонимдерінің өзі сол кездегі материалдардан әлденеше есе артық екендігі байқалады. Әр сөз табына тән сөздердің өзіндік ерекшелері мен мағыналық сипаты болатыны белгілі. Бір сөз табына қатысты сөздердің сипаты барлық сөз табына тән заңдылықтар мен ерекшеліктерді түгел қамтып, көрсетіп бере алмайды. Өйткені зат есімнің бойында бар қасмиет басқа сөздер табынан табылуы да, табылмауы да ықтимал. Әр сөз табы грамматикалық жағынан, лексика – семантикалық жағынан, сөйлемдегі атқаратын қызметі жағынан бір-бірінен өзгешелініп, бөлініп тұратындығы аян. Бүтін бөлшектен құралса, бөлшенксіз бүтін де болмайды.
1.1 Синонимдердің пайда болу жолдары.
Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:
1. Синонимдер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған. Мысалы: көз – жанар, көз – әйнек, көз – жасу, көз – бұлақ – бастау – қайнар, арту – асу – озу, арту – көбею, моаю т. б.
2. Синонимдер сөз тудыру тәсілдері арқылы пайда болған:
а) аффикстер арқылы: ауыздық – сулық, жемтік – өлімтік, басшы – жетекші, жемқор – парақор, өнім – түсім т. б. ә) біріктіру арқылы: ақсақал – отағасы, еңбекақы – жалақы, қанішер – қанқұйлы – қаныпезер т. б. б) қосарлау арқылы: ат-тұрман – ер-тоқым – ер-тұрман, жоқ-жітік – кедей-кепшік – жарлы-жақыбай т. б. в) тіркесу арқылы: иіс су – иіс май, іш мезер, жылым құрт, көк ет – бауыр ет;
г) омонимдер арқылы: тартпа – суырма, тартпа – төс айыл – алдыңғы айыл, табандау – ұлтандау т.б.
3. Синонимдер кірме сөздер арқылы пайда болған: а) араб сөздері арқылы: азамат (ғәзәмәт) – жігіт, тағдыр (тәғдир) – жазмыш, отан (уәтан) – ел, туған жер, т. б. ә) парсы сөздері арқылы: батыр (бәһадор) – ер, дихан (деһан) – егінші, шәкірт (шагерд) – оқушы, т. б. б) монғол сөздері арқылы: аймақ (аймаг) – өңір – атрап – төңірек – маңай жасақ (жасаг) – әскер – қол т. б.
в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка) – шыны – шөлмек, шен (чин) – атақ – дәреже – лауазым т. б.
4. Синонимдер диалектизмдердің есебінен жасалған. Диалектілік синонимдер әдеби тілдегі сөздермен мағыналас, мәндес келуіне қарай екі топқа бөлінеді: а) сыртқы тұлғасы (дыбысталуы) бөтен (әдеби тілде кездеспейді), бірақ әйтеуір бір сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер. Мысалы: аданас – аталас, ағайындас; атайман – өте, тым, аса; атымды – құнарлы, шығымды; башалау – салалау, жіктеу, жекелеу; дәйіс – ұятсыз, арсыз т. б.
ә) сыртқы тұлғасы таныс (әдеби тілде кездесетін), бірақ білдіретін ұғымы басқа сөздер. Мысалы: астана – табалдырық; жар – қабырға; жедел – ерегіс, жанжал; көң – қыстау; сым – шалбар; талап – жұмыс, іс; таға – нағашы; тонау – сонау, анау; ұрпақ – кебек т. б.
5. Синонимдер фразалық тіркестердің есебінен көбейген. Мысалы: ат ұстар – ұл, еркек, бала; ауыз бастырық – пара; қара халық – бұқара, еңбекші; қара мал – сиыр; о дүние – махшар; от басы – семья; туған жер – отан; ұзын құлақ – сыбыс, өсек; шикі өкпе – бала, нәресте және т. б.
6. Синонимдер табу мен эвфемизмдердің есесінен молайған. Мысалы: әулие – шешек, ит құс – қасқыр; жасыл – жай; қолды болу – ұрлану, жоғалу т. б.
Синонимдердің сөйлемдегі атқаратын қызметі де қосымша айырым белгілерге кіреді. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіріп, бір ғана сөз табынан болғандықтан, белгілі сөйлем ішінде, бірінің орнына екіншісі ауыстырылып қолдануға келген жағдайда, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Яғни белгілі сөйлемде синонимнің бір сыңары қандай қызметте жұмсалып келсе, оның орнына келген төлеу сөз де сол қызметті айнытпай атқаруға тиісті. Мысалы «Қоңырау сылдырлағанда ғана бір көркем орыс әйелі кіріп-шығып жүр.» (С. Сейфуллин) дегендегі көркем сөзін осындағы кез келген сөзбен алмастырып, бәріне балама етіп қолдануға болады. Бұлар да сөйлемнің бір ғана анықтауыш мүшесі болып қызмет атқарады.
Синонимдер өз ара мәндес сөздер болғандықтан, кейде бір-бірін ауыстыра алады. Мысалы: сымбатты қызды сұлу деп те, ажарлы деп те, әдемі деп те айтуға болады. «Айшаның майысыңқыраған сымбатты ұзынша бойы ашаң, құба жүзі қоп-қою құндыздай екі қасының арасы қосылған қабағы, тереңдеп мұңайған керкөзі оның кешеден бері қиын, қалың ойда, ауыр қайғыда екендігін білдіретін еді.» («Айша»). Бірақ синонимдер әр уақытта бірінің орнына бірі жұмсала бермейді. Синонимдік қатардың құрамындағы кейбір сөздер тек белгілі бір сөздермен ғана тіркесіп айтылады. Мысалы, «Ортадағы Асаутайдың баласы, есімі Құрман» («Қыр балалары»). Мұндағы есім сөзінің синонимі ат. Есім, ат деген синоним сөздердің есім дегені тек адамға байланысты айтылады. Ал мекеме, қала, өзен, тау т. б. атауларға байланысты ат сөзі айтылады да (Мысалы: өзеннің аты, көлдің аты, Бұл ағаштың аты – ақ қайың), есім сөзі олармен тіркеспейді. Сондай-ақ, көрікті, келбетті, ажарлы, өңді, көркем, әдемі, сұлу деген сөздер өз ара синонимдес сөздер болғанымен, қолдануға келгенде, бірінің орнына бірі жүре бермейді, олар сөздерге таңдап барып тіркеседі. Мысалы: көрікті адам, келбетті адам, ажарлы кісі, өңді кісі, сұлу қыз деп айта береміз, ал бұл синонимдердің әрқайсысын қала, үй, ат деген сөздермен тіркестіріп айтуға, мысалы, «келбетті қала, ажарлы қала, өңді үй, келбетті үй немесе өңді ат» деуге болмайды, өйткені осы сөздердің бұлай тіркесуі дағдыдан, тәжірибеден тыс және жат болып танылады. Әлбетте бұл синонимдердің ішінен көркем, әдемі, сұлу деген сыңарлары ғана қала, үй, ат деген сөздермен тіркесіп, көркем қала, сұлу қала, әдемі үй, сұлу ат түрінде айтылады.
2-тарау. С. Сейфуллин шығармаларындағы сөз таптарынан болған синонимдер.
Синонимдер сәл ғана мағыналық нәзік айырмашылықтарды қамтып, оралымды түрде жеткізе білуде мәні айрықша. Мұнымен бірге, синонимдердің стильдік мәні де күшті. Сөйлем де я жазу да бір сөзді қайта-қайта қайталай бермей мысалы, алдыңғы сөйлемде қолданған сөзді қайталап қолдану кейде стильдік жағынан кемшілік тудырады, қолайсыз, ретсіз болып көрінеді. Мұндай жағдайда сол сөздің синонимін тауып қолдану орынды, келісімді болады. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Жұмыскерлерге» өлеңінен алынған мына шумаққа назар аударайық:
Өң жоқ, түс жоқ, кепкен, солған, арыған,
Тәндеріңді жастан темір қарыған
Жанды жанмен асыраған қаһарман
Қарның тойған күн болмаған – жарыған.
Осы өлеңдегі өң деген сөз бен түс деген сөздер бір – біріне синонимдер болып келеді. Сәкен Сейфуллин бір сөйлемде бір сөзді қайта-қайта қайталамай, оның синонимдік мағыналарын тауып қолданған. Осының нәтижесінде сөйлем де көркем құралған.
Тілде синонимдердің мол болуы сол тілдің сөздік құрамының бай, әр тарапты екендігін көрсетеді. Сөздік құрам неғұрлым бай, әр тарапты болса, тілде соғұрлым бай, орамды болады. Сөйтіп, синонимдердің молдығы тілдің байлығы, дамыған тіл екендігін аңғартатын көрсеткіштің бірі.
Біздің жаңа дәуірімізде қазақтың ескіден келе жатқан үй тұрмысындағы әдеттердің түбірлей өзгеруімен байланысты бұрыннан келе жатқан сол ұғымда қолданылып жүрген көне сөздерді жаңартып пайдалану қажеттілігі келіп туды. Мәселен, қазақ ауылында бұрын қыз өз бетімен емес, тек ата-ананың ұйғаруымен, құда түсіп, айттыруымен ғана күйеуге бататын. Сондықтан сол уақытта қыз ұзату, қыз ұзатылу деп өзгелік не ырықсыз етіс түрінде ғана айтылып келді. Ендігі жерде қыз ұзатылмайды, қыз күйеуге бармайды, керісінше, әдеби тілде қыз тұрмысқа шығады немесе күйеуге шығады деп қана айтатын болдық. Жігіт те бұрын ата-анасының ұйғаруымен, солардың құда түсіп, алып бергенін ғана алатын. Ол да бұзып-жарып, баса көктеп өз бетімен үйлене алмайтын. Кей жағдайда жас жігіттерді әмеңгерлік жолмен өлген ағасының әйеліне еріксіз ноқталап қосып, өмір-бақи сол кәрі әйелмен өтетін. Сондықтан сол кезде көбіне жігіттерге қатын алып беру, қатын әкелу деп қана айтылатын. Ал қазір жігітте өз бетімен сүйгенін, қалағанын алатын болғандықтан, әдеби тілде әйел алу – үйлену деген жаңа синонимдермен ғана білдіретін болдық.
Үй тұрмысында жаңа қарым-қатынастың пайда болуымен байланысты ерлердің әйелге деген көзқарасы да өзгерді, жаңарды. Байлар бұрын бір емес, әлденеше әйел алды. Соған байланысты бәйбіше қатын, тоқал қатын, үлкен қатын, кіші қатын, үлкен тоқал, кіші тоқал деген әлденеше сөздер туды. Мысалы: «Қантбаланы бәйбіше үстіне тоқалдыққа алған.» («Айша»). Әйелдер бірімен-бірі бақ күндес болды. «күндестің күлі де күндес» деген мақал сол ұғымды білдіреді. Соның салдарынан бір дәуірдегі хан, сұлтандардың әйелдеріне, қыздарына ерекше құрметпен айтылатын қатын деген қадірлі сөз бұрынғы жағымды мәнін (хан жарлығынан қатын жарлығы күшті) мүлдем жоғалтып, қазір жағымсыз мәнге ауысты. Қазір қатын сөзінің орнына әйелім, жолдасым деп айту түпкілікті қалыптасты. Ал әйел де өз ерін бұрынғыдай байым демей, оның орнына күйеуім, жолдасым, ерім деп сыпайылап, мәдениетті түрде, айтады. Мысалы, «Жас қатын қасындағы байын оятып өзі жылдам төсегінен ұшып тұра келді.» («Айша») Бұл сөйлемдегі байы, қатыны деген сөздер қазір күйеуі, жолдасы, әйелі деген синонимдермен ауысқан. Демек, жаңа қарым-қатынас қазақ халқының ескі үй тұрмысындағы кейбір салт-санасын жақсартып, жаңартып қана қойған жоқ, сонымен қатар мазмұнын да сөзін де түбірлей өзгертті.
Синонимдер тікелей стильмен байланысты болып келеді. Тіл-тілде салаланған, қалыптасқан, орналасқан бірнеше стильдік тармақ болады. Тілдің даму барысында оның лексикасындағы көптеген сөздер сараланып белгілі бір стильге телініп, әр топқа бөліне бастайды. Мұны белгілі бір синонимдік қатардың ішіндегі сөздердің қолданылуынан да аңғаруға болады. Мысалы, «Аспанды түнерген қара бұлт қаптағап, қара түнді өте-мөте меңіреу қылып тұр.» немесе «Көкке бой қанша созсаң жібермейді» деген сөйлемдердегі аспан, көк деген синонимдік қатардың құрамындағы аспан сөзі, жер шары, жер жүзі деген синонимдік қатардағы жер шары тіркесі көбінесе ғылыми стильде қолданылады.
Михнатқа салып бақтың тәніңді.
Халық үшін тек бәйгі қып жаныңды.
(«Жұмыскерлерге»)
немесе
«Болыс, тілмаш, манап болған
Бұрын жұртқа мәлімдер.» - деген мысалдардағы халық, жұрт дегендер синонимдер көбіне поэтикалық стильде қолданылады да, көтеріңкі баяндалады. Тілдегі барлық синонимдік қатардың құрамындағы мәндес сөздердің әр қайсысы белгілі бір жанрда, стильде қолданылуға икемделеді.
Кейбір синонимдерге енетін сөздердің сапа мен белгілі білдіру дәрежесінде бір-бірімен айырмашылықтары болады. Мысалы, әуес дегеннен гөрі құмар, құмар дегеннен гөрі құштар дегеннің сандық, сапалық дәрежесі күштірек. Ал құштар дегеннен гөрі іңкәр, іңкәр дегеннен гөрі ынтық, ынтымақ дегендердің сындық, сапалық дәрежесі әлдеқайда күшті. Аталған синонимдес сөздердің сапа мен белгіні білдіру дәрежесі бірінен-біріне үдеп, бірінен-бірі асып түсіп отырады. Бұл тәрізді синонимдік қатардың құрамындағы эмоциональдық бояуы қалың, экспресивті қызметі күшті сыңарлар (сөздер) көбінесе көтеріңкі поэтикалық стильде қолданылады.
Кейбір синонимдік қатарларды құрастырушы сыңарлар (сөздер) бір-бірінен қолданылу шеңбері, сөздермен тіркесу қабілеті жағынан ажыратылады. Белгілі бір синонимдік қатарды құрастырушы сыңарлардың кейбіреулері көптеген сөздермен тіркесе береді де, қолданылу шеңбері кең болады, керісінше қайсыбіреулерінің сөздермен тіркесу қабілеті кем болады, тек белгілі бір сөздермен ғана тіркеседі. Сәкен Сейфуллин шығармаларында кездесетін қарт деген сөз бен кәрі деген сөз өз ара мәндес, синонимдес сөздер болғанымен екеуінің қолданылу шеңбері, жұмсалу өрісі бірдей емес. Қарт деген адам немесе кісі деген сөздермен тіркеседі де басқа сөздермен мүлдем тіркеспейді. Керісінше кәрі деген сөз көптеген сөздермен тіркесіп жұмсала беріледі. Мысалы, кәрі деген сөзді жоғарыда аталған адам, кісі деген сөздермен де тіркестіріп (кәрі адам, кәрі кісі) атауға, сондай-ақ жылқы, қой деген сөздермен де тіркестіріп (кәрі жылқы, кәрі қой) атай беруге болады. Бірақ қарт деген сөзді кәрі деген сөзбен синоним бола тұрсада, жылқы, қой деген сөздермен тіркесіп айтуға болмайды. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Ананың хаты» өлеңінде:
Ойла, енді кім мені күтті
Қартайдым, кем саулығым
деп келтірген.
Жалпы синонимдес болып келетіндер жеке сөздер ғана емес, сонымен бірге тұрақты сөз тіркестері де өз ара бір-бірімен синонимдес болып келе береді. Мысалы, сағы сыну, тауы шағылу, қанаты қайрылу деген тұрақты тіркестері мағыналары бір-біріне жуық, өз ара синонимдес сөз тіркестері болып табылады. Сондай-ақ тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай дегендер «ашық», «айқын» деген мағынада бір-бірімен синоним болса, көзді ашып жұмғанша, қас пен көздің арасында, қас қаққанша деген сөз тіркестері «лезде, өте жылдам» деген мағынада бір-бірімен синоним бола алады.
Демек, синоним сөздер – кез келген тілдің қаншалықты дамығандығын, оның оралымдылығын көрсететін сөз байлығының құнарлы бір саласы болып табылады. Сонымен қатар олар әр халықтың ұлттық ерекшелігін де танытады. Сөз логикалық дәлдігімен, ойлаған ойдың реңктерін өз бояуымен нақтылы көрсете алса ғана мәнерлілік сипатқа ие болады. Мазмұн мен мақсатқа сайма-сай лайықтап алынған сөздер ғана мәнерлі сөз деп танылады. Сөз де қиюластырып қалаған кірпіш сияқты шеберлікті керек етеді. Шешен де шебер сөйлеудің бір ұшы – тілдегі синонимдерді қыбын тауып орнымен үйлестіріп жұмсай білуде. Сөйлеуші мен жазушыға да синонимдердің реңктерін айқын ажыратып, тап бастырып дәл қолдана білу қажет. Ана тілінің синонимдер байлығын еркін білу – өз ойыңды соншалықты дәлме-дәл етіп жеткізе алу деген сөз. Әрбір ой халық тілінен сұрыптап алған сөздер арқылы жүзеге асады. Бүгінгі қазақ тілінен неше алуан стильдік мүмкіншіліктің бәрін де кездестіруге болады. Соның барлығы да бай синонимдердің қызметі арқылы көрінеді. Қазіргі кезде тіліміздегі синонимдер мән-мағынасы мен қолдану аясына қарай сала-салаға бөлініп, саралана бастады. Бірақ бүтіндей бір-бірінен жігі ажырап бітті деп айту әзірге қиын. Бұларды стильдік салаға жіктеп бөлу әлі де болашаққа қалдырылып отыр. Қазақ тілінің синонимдері саны мен көлемі жағынан да, синонимдік қатарлардың молшылығы жағынан да өте бай. Бір ұғымды білдіру үшін кейде 20 – 30 синоним сөз қолданыла береді. Синонимдердің қолданылу өрісі өте кең, сөйлегенде, жазғанда белгілі бір ойды сегіз саққа жүгіртіп, тілді соншалықты оралымды етеді. Әр адамның ойлаған нысаналы мақсатына, көңіл күй, көзқарасының әуеніне қарай айтайын деген сөзін, пікірін басқа кісілерге нақтылы, дәл әрі көркем етіп жеткізуде синонимдердің атқаратын қызметі соншама үлкен. Кімде-кім мәндес сөздердің нәзік мағыналық ерекшеліктерін дұрыс аңғарып, керекті жерінде лайықтап қолдана білген болса, ондай адамның сөйлеген сөзі, жазған еңбегі соншама мәнерлі де тартымды болмақ. Қаламы төселген, тілге шебер кісілердің жазғандары әрқашан өте тартымды, әрі көркем болып келуінің негізгі тетігі олардың тілдік материалдарды орынды, асқан шеберлікпен пайдалана білуінен деп ойлауға болады.
Сонымен сөздің мағыналық жақтан дамуы қосымша жаңа мағыналарға ие болуы синонимдік қатарлардың жасалуына әсер етеді. Осыдан көп мағыналы сөздер мен синонимдердің қарым-қатынасы, өз ара байланысы келіп туады. Көп мағыналы сөз әр мағынасында әр түрлі синонимдік қатарға еніп, синоним сөздердің шеңберін кеңейтіп отырады. Мысалы әр мағынада жұмсалатын бет деген сөз бір мағынасындағы жүз, дидар деген сөздермен синонимдес болса, екінші бір мағынасында беткей, төскей дегендермен синонимдес болады. Мысалы: Мал сонау бетте жайылып жүр, мал сонау беткейде, төскейде жайылып жүр. Енді бір мағынасында бағыт, бет алыс дегендермен синонимдес болып келеді. Мысалы: осы бетің дұрыс – осы бағытың дұрыс деген мағынада. Сондай-ақ, тура деген көп мағыналы сөз бір мағынасыннда дұрыс, жөн, түзу деген сөздермен синоним болса, екінші мағынасында тік сөзімен, үшінші мағынасында шақ, дәл сөздерімен синоним бола алады.
2.1 Өлеңдеріндегі әр түрлі жолмен пайда болған синонимдер.
Заттар мен құбылыстардың бірден көзге түсуін байқала қоймайтын айрықша белгілері мен қасиеттерін бірте-бірте ашып, оларды атау үшін және мағыналардың нәзік реңкін ажыратып айту үшін, тілде жаңа сөздер жасалып отырады да, тілдің бүтіндей сөздік құрамы даму күйінде болады. Ал туынды жаңа сөздер сөз тудырудың әр түрлі тәсілдері арқылы пайда болып отырады. Сөз тудырудың түрлі-түрлі тәсілдері арқылы сөздік құрамның даму барысында синонимдер де жасалады.
Мысалы,
1. Кеш. Ымырт. Таудың іші ... жазғытұры,
Құлпырды шыққан оралып ойы, қыры.
(«Жазғытұры»)
2. Жазбен келген құстар жүр
Шаттанып жырлап сұңқылдап
(«Жаңа жыл»)
деген мысалдардағы жазбен, жазғытұрым сөздері сөз тудырушы тәсілі арқылы пайда болып, туынды түбірлері өз ара мәндес, синонимдес сөздер болып табылады. Бұл сөздердің түбірлері жаз бен жаз деген сөздер түбір қалпында бір-бірімен синоним бола алмайды. Туынды жаңа сөздердің жасалу барысында пайда болған синонимдерге мынадай сөздерді жатқызуға болады: жайылым - өріс; олқылық – кемшілік; тірек – таяныш – сүйеніш; кездесу – жолығу – ұшырасу; сабырлы – салмақты; бостандық – азаттық – еркіндік және т. б. сөздер. Мұндай сөздер Сәкен Сейфуллин шығармаларында көптеп кездеседі.
Әдеби тіл лексикасының диалек сөздердің есесінен толығуы нәтижесінде де синонимдер жасалады. Мысалы: леген – шылапшын; тақия – кепеш; сіріңке – шырпы – оттық және т. б.
Тілде белгілі бір стилистикалық қызметте жұмсалатын эвфемизмдер басқа бір сөздермен немесе сөз тіркестерімен мәндес келіп, синонидер жасалады. Мысалы, өтірік айту дегеннің орнына кейде жұмсарып, қосып айту дейміз. Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінде эвфемизмдердің қатысуымен жасалған синонимдердің қатарына жатқызуға болады: мастық – қызулық; ұрлық – қорлық жасамау, ала жібін аттамау; өлді – қайтыс болды – дүниеден өтті – дүние салды т. б. Осы синонимдік қатарлардың әрқайсысының соңғы сыңарлары – эвфемизмдер.
Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасындағы:
Айна көлге жылап ақты
Аппақ төстен қызыл қан,
«Хош, жаным!» деп қанат қақты –
Үзілді тез шыбын жаны деп өлді деген сөзді үзілді тез шыбын жаны деп синониммен беріп отыр.
Сол поэмада:
Аққу көрді ойда жоқты
Бір пәленің келгенін
Ғашығының ұшып оққа
Жау қолында өлгенін!
Ақын қайта – қайта бір сөзді қайталай бермей әр түрлі синонимдік қатарларды пайдаланған.
Белгілі бір тілдік лексикасы басқа тілдерден енген сөздермен де толығып, байып отырады. Кейде басқа тілдерден енген сөздер сол тілдің байырғы сөздерімен мәндес келіп, соның нәтижесінде синонимдер жасалады. Мысалы, қазақ тіліндегі шекер – қант; одеколон – иіс су, турба – мұржа, доктор – дәрігер, күршек – ілгек; мөшек – қап-қапшық, сіріңке – шырны деген синонимдердіңі әрқайсысының алдыңғы сыңарлары орыс тілінен енген сөздер. Ал дидар – бет – жүз; табиғат – жаратылыс; құрмет – сый; тағам – ас; есім – ат; мұғалім – оқытушы; дәреже – атақ; рақмет – алғыс; мейман – қонақ; қораз – әтеш деген синонимдік қатарлардың алдыңғы сыңарлары араб және иран тілдерінен енген.
Сәкен Сейфуллин шығармаларында ауызекі сөйлеу тілі көптеп кездеседі. Ауызекі сөйлеу тілі жазба тілмен салыстырғанда еркіндікке көп жол береді. Сөздің мән-мағынасы көп екшеліп сұрыптала бермейді. Сондықтан бір тілдің алдындағы сөздердің неше алуан түрі, варианттары мұнда жапатармағай жарысып қолданыла береді. Мәселен, біреумен-біреу жүздесе қалғанда жас жағынан біреуі үлкен, екіншісі кіші болса, қазақта алдымен кішісі үлкенге «ассалаумағалайкум» деп сәлем береді. Кейде амансыз ба, сәлеметсіз бе, есенсіз бе, жақсымысыз? Деп те сұрайды. Сәлемдесіп болған соң жасы үлкен кісі дені – қарның сау ма, армай – ашпай жүрсің бе, ауыл аймағың аман ба, үй – ішің аман ба, бала – шағаң аман ба, мал – жан, қора – қопсың аман ба, хал – ауқалың жақсы ма? дейді. Егер бір жақтан жол жүріп келсе ат – көлігің (кейде ат - ылауың) аман ба? деп те сұрайды.
Жазба тілде мұның бәрі топталып келе бермейді. Көп болса бір-екеу-ақ (сәлеметсіз бе мен үй іші аман ба?) айтылады. Сөйлеу тілі жазба тілге қарағанда лексикалық жағынан синонимге әлде қайда бай келетіндігін осының өзінен де аңғаруға болады. Сөйлеу тілінде әдеби тілдің лексикалы да айтыла береді. Бірақ сөйлеу тілінде әдеби тілдің айтылатын сөздердің көпшілігі әдеби тілге енбейді.
Сөздік құрамдағы сөздердің барлығы да тілге керекті құрылыс материалдары деп есептеледі. «Ағаш, тас, кірпіш, балшықтарды қалай болса солай құрастырып үйе салса, үй болмайды, тек үйіншік болады. Үй болу үшін қиынын тауып қалап, байлауын тауып ұстау керек.» Сол тәрізді тілдегі әрбір сөздің әсіресе, бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің қолдану жүйесін нақтылы білмей тұрып, тәуір еңбек жазуға болмайды. Сөз логикалық дәлме-дәлдігімен, ойдың қызметті реңкін дұрыс көрсетуімен мәнерлілік сипатқа ие болады. Мәнерлі сөз дегеніміз – мазмұн мен мақсатқа, сөйлеу жағдайына сайма – сай құрылған сөз. Мақсатты ой мен толық қабысып келген сөз ғана әрқашан әртүрлі де тартымды болып ұсынылады. Белгілі жағдайда ойды тек жеткізіп, жай хабарлап қана қоймай, оқиғаны тыңдаушының көз алдына елестетерліктей жан бітіріп, сезіміне әсер етеді. Бір оқиғаны көрген екі адамның баяндауы тыңдаушыға екі түрлі әсер қалдыруы мүмкін. Біреуі болған оқиғаны жандандырып, жұртшылықты қызықтырып күлдірсе, я ұйытса, екіншісі бір адам жай сұрқай сұлық сөзбен қызық оқиғаның қадірлі мәнін келтіріп алатындығына ешқандай тыңдауға болмайды.
Синонимдер – тілдің байлығын, оның шексіз орамдылығы мен дамығандығын көрсететін көрсеткіш деп бекерге айтылмаған. Мысалы: «Әрбір болмашы дыбысқа, әрбір қылт еткен қараға екі көзі жалт – жұлт етіп, селеңдеп қарайды» («Айша») деген сөйлемде аттың қимылын әр түрлі синонимдер мен шебер суреттеген.
Мәнерлі сөз әрдайым сөзге әсер ететін бейнелі образды көркем сөздерден ғана құралмайды. Кей ретте мұндай сөздердің түсінікке бөгет жасап, ойды соншама қиындатып жіберетін кезі болады. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, кей адам сөйлеп тұрып, сөздің сыртқы сұлулығына тым бой ұрып, ішкі мағыналық мәнділігін дойып алады. Сондықтан адамның ақылына ғана емес, сезіміне де күшті ықпал жасайтын тілдік мүмкіншіліктердің емін-еркін жете меңгеруге болады.
2.2 С. Сейфуллиннің шығармаларындағы синонимдердің
пайдалану тәсілі.
Сәкен Сейфуллин көркем шығармада кейіпкердің сан қилы образын жасау үшін синонимдерді неше түрлі тәсілмен пайдаланады.
Атап айтқанда:
1. Алдыңғы сөйлемде немесе қатар тұрған текстте бір рет пайдаланып кеткен сөзі қайталап қолданбау арқылы шығармаға ерекше стильдік мән беру үшін қолданылады: Мәселен:
а) заттық синонимдердің алмасып келуі:
Өң жоқ, түс жоқ, кепкен, солған, арыған
Тәндеріңді жастан темір қарыған
Жанды жанмен асыраған қаһарман
Қарны тойған күн болмаған – жараған.
(«Жұмыскерлерге»)
Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар
Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын.
Меймандос, берекелі елдері бар.
(«Біздің жақта»)
ә) Сындық синонимдердің кездесіп келуі:
Кербезсің маңғызданған, сұлу терек!
Орандық желбіреген жасыл желек.
Тұрасың ырғатылып тәкаббарсың
Басқа ағаш көрінбейді саған сирек.
(«Сұлу терек»)
«Балқыған, көктегі шыжыған қызыл күн өткір алтын шұғыласын көктем жерге шашыратып, бүркіп ойнап тұрғандай» («Жер қазғандар»)
б) Етістік синонимдердің алмасып қолданылуы:
Жөндеп жатыр Әлиман
Сынық ердің желдігін
Сатай өңдеп шабады
Ағаш арба белдігін
(«С. Сейфуллин»)
Бір сөзді шығармада қайталап қолдана беру сөйлер сөзді бір өңкейлендіріп, жұтаң тарттырады, кедейлендіреді. Кезектестіріп, қолданылатын синоним сөздер қалай болса солай ауыстырылмайды. Шығарма жазып, сөйлем құрау үстінде әрбір жазушы сөздердің мән-мағыналарына терең үңіліп, үйлесіміне қарай салмақтайды. Сәкен Сейфуллин өзінің мақсаты ойына ең сай келеді-ау деген қолайлы сөзді таңдап алады. Әр түрлі дыбысталатын сөздерді алмастыру арқылы жазушылар сөйлер сөзді түрлендіреді, ойын анықтайды, көріктендіреді.
2. Синонимдерді қолданудың екінші мақсаты белгілі бір ұғымды түрлі белгілерімен жан-жақтан сипаттап көрсету үшін жұмсалады. Сондықтан мәндес сөздер мағына жағынан ыңғайласып та, қарсы қойылып та, салыстырылып та айтыла береді.
Мысалы:
Жасыл шөбің
Жұмсақ көгің
Жібек емей немене?
(«С. Сейфуллин»)
Сен еңбекші
Ел ағасы
Ең құрметті
Бел ағасы
Қазақстан
Төрағасы –
Бас кеңеске ағасың
(«Бірінші лек» өлеңінен)
Синонимдерді қолданылудың бірінші тәсілі мен екінші тәсілі мақсатты жағынан ғана болмаса, бір контексте келіп, алма-кезек ауысып тұруы жағынан ұқсастығы бірдей деуге болады.
3. Белгілі бір ұғымды толық әр тұстан қамтып сипаттап көрсету үшін мәндес сөздердің бір сыңары жеткіліксіз болады да, екі, кейде үш – төртеуін топтап қатарма – қатар, бірінен соң бірін қолданылады. Мысалы:
а) Заттық синонимдердің екеуінің қатар келуі: қос, күркелерде және арбадан істеген көлеңке панашық жатақтарда төселген ескі, кір-кір текемет, сырмақ, алаша киіз жұрнақтары, сілемдері жатыр.
(С. Сейфуллин)
Сөйлейді кептер барлық сыр зарлығын,
Сұңқардың жомарттығын, мырзалығын
Кез болып, қара орманда достық қылып
Үшерге жан-тәнімен ырзалығын.
(С.Сейфуллин)
ә) Заттық синонимдердің үшеуінің қатар қолдануы. Мысалы:
Сүп-сүйір бейне найза шың, құз, биік
Төбесі кейде тұрар бұлтқа тиіп
Қарасаң етегінен шың басына
Тақияң жерге түсер тұрған киіп
(С. Сейфуллин)
б) Сындық синонимдердің екеуінің қатар келуі:
Бұл жазғандар малы кемді
Қорлағандар теңсінбей,
Жуас, малын еңбекшіні
Құл қылғандар менсінбейді.
(С. Сейфуллин)
в) етістік синонимдердің екеуінің қатар келуі: Айша мүдіріп, кібіртіктеп қалды. Тәжім етіп, сәлем ет Үлкен үйге кірерде
(С. Сейфуллин)
г) Басқа сөз таптарындағы синонимдердің қатарма-қатар келуі:
Қысқарт, тарт тіліңді, бұл күніңді көпсінбесең! Бір бұрышында сиыр жапасы, енді бір шетінде жылқы тезегі, ақыр жатыр. Соған қарағанда албар іші иесіз емес, демек, ендеше бұл үйге біткен тұяқ қазір жайылымда болды.
Қатар қолданылған синонимдер тобы біб-біріне ерекше мән беріп, бірінің мағынасын екіншісі, екіншісі үшіншісін толықтырып тұрады. Біріндегі кемшілік мағыналық, көркемдік реңктер басқаларынан көрініс табады.
«Сүйтіп, зарлап жылап, қашып жүріп, ақыры ол байғұс дордақ Ахметтен құтылады ғой. Байғұс өзін ұстап берген төркініне қашады. Төркіні жаны ашыса әуелде оны бармаймын деп отырғанда жылатып, зарлатып, ұстап малға сатып жібермес еді ғой» дейді Айша ішінен. («Айша») Бұл жерде зарлап, жылап деген сөздер бір-біріне синоним ретінде қолданылған.
немесе
«....Бұл байғұстардың алдыңғы тұрмыстары қандай болар екен?.. Сәлиенің бақытына оның айттырған күйеуі әйтеуір тәуір жігіт сияқты. Мүсілиманың әлі айттырған күйеуі жоқ. Бибажарды айттырып отырған Дүйсембайдың баласы да Бибажарға тең емес, бір қортық көрінеді, бұл күрсінбегенде қайтсін», - деді ішінен. («Айша») Бұл мысалда да жігіт пен бала деген сөздер синоним болып келеді. Яғни Сәкен Сейфуллин шығармаларының ішінде синонимдер жиі кездесіп отырады.
Оқу – білім қазығы,
Адамның азығы.
Оқу – өмірдің сәні,
Тіршіліктің шамы.
Сауатсыз надан –
Қор болған адам. («Оқу»)
Бұл мысалда біз оқу, білім, сауат деген сөздерді кездестіреміз. Яғни бұл сөздерді оқыған, білімді, сауатты деп көрсетсек бір-біріне синоним сөздер болады.
Қорытынды
1955 жылдардан кейінгі уақыттарда жалғыз қазақ тілінде ғана емес, көптеген түркі тілдерінде де синоним мәселесі шұғыл қолға алынып, алғаш зерттеу жұмыстарын көрді. Соның нәтижесінде бүкіл тюркологияда бұл мәселе жөнінде алғаш ізденістер мен талпыныстар басталды. Синонимика мәселесі қай тілде де болмасын өзіндік ұлттың құбылыс деп есептеледі. Сондықтан да әрбір түркі тілдерінің өкілдері соңғы кезде бұған айырықша ден қойып, әсіресе өзді - өзінің тілдеріндегі синонимдік сөздігін жасаумен қауырт шұғылдануда. Солардың алғаш бастамасы ретінде қазақ тілінде, татар тілінде, өзбек тілінде, башқұрт тілінде шағын «Синонимдер сөздіктері» жарық көрді. Бұлар негізгі үлкен жұмыстардың алғаш бастамалары ғана деп түсіну керек. Үлкен синонимдер сөздігін жасау жеке авторлардың кез келгенінің қолынан келе бермейді, көбінесе авторлар коллективінің күшімен ғана жүзеге асады. Мұны біз орыс халқының мол тәжірибелерінен айқын байқаймыз.
Синонимика мәселесі жалпы тіл білімінде өте ерте кезден бастап зерттеле бастағанымен, әлі күнге теориялық жағынан нақтыланып, бір жүйеге салынбаған. Соның салдарынан барлық тілдерде синонимге берілген тұжырымды жүйеленген анықтама да болмай келеді. Біз осындай дау-шарлардың барлығын бірдей ортаға сала отырып, қазақ тілінің материалы негізінде «синонимдер дегеніміз — әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер» деген анықтама ұсынып отырмыз.
Бұл анықтама қолға жиналған синонимдерді өз ара саралап жіктеп оларға қойылған негізінен үш түрлі айырып-белгілерге (синонимдердің сыртқы тұлғалық ерекшеліктері, ішкі мағыналық бірлестігі және олардың лексика-грамматикалық бірлігі) сүйене отырып берілді.
Синонимдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздердің саны аз да (кемі екі сөз), көп те (20—30) бола береді. Бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің топтарын синонимдік қатар немесе ұя деп атайды. Синонимдік қатар сөздердің жалпы мағыналың бірлігіне қарай топтастырылады. Ол үшін, ең алдымен, доминант (тірек немесе таяныш сөз) таңдалынып алынады да, қалған мәндес сөздер сол тірек сөздің төңірегіне топтастырылады. Доминант етіп алынған сөз бір қатардағы сөздерді мағына жағынан топтастыруға ғана ұйтқы болып қоймайды, сонымен қатар оларды белгілі ал-фавиттік жүйеге келтіруге де жетекші қызмет атқарып тұрады. Сондықтан осындай тірек сөздерді іріктеп бөліп шығару үшін қалай болса солай, кез келген сөздерді ала бермей, бір қатардағы сөздерді өз ара саралап бөліп, солардың ең таңдаулыларын сұрыптап ала білу керек, Доминант сөздер мынадай белгілері арқылы танылады: а) мағына жағынан дәл болу керек; ә) стильдік мәні жағынан ең жиі қолданылатын бейтарап сөз болуға тиіс; б) доминант сөз бір қатардагы басқа сөздерге мағына жағынан негіз боларлықтай болу керек; в) көп мағыналы емес, көбінесе жеке (дара) мағыналы болып келгені тиімді; г) неологизм мен көнерген сөз қатар келгенде, доминантқа жаңа сөз алынуы керек; д) жалпы халықтық сөз бен диалектизм қатар келгенде, әрдайым әдеби варианты доминант болып алынады; е) қазақтың төл сөзі мен термин сөз жұптасып келгенде, әр сөздің әдеби тілдегі басымдылығына қарай кейде олай, кейде былай шешіле береді; ж) жеке сөз бен фразалың тіркестер қатарласып келгенде, доминантқа көбінесе жеке сөз алынады т. б.
Синонимдер бір ғана затты емес, бір ғана ұғымды білдіретін сөздер деген тұжырымға сүйене отырып, мүмкіндігінше қазақ тіліндегі синонимдердің логикалың шегін ажыратуға тырыстық.