Жаңылтпаштың поэтикасы
Қазақ Мемлекеттік Қыздар
педагогикалық университеті
филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасының
Аға оқытушысы Т. Дәуітұлы
Жаңылтпаш - әдебиеттің өзге жанрлары тәрізді өз бастауын халық ауыз әдебиетінің алтын кенінен алғандығы белгілі, сондықтан авторлық туындыларға айналғанның өзінде олардың халық даналығы, халық болмысы, салт-санасы айқын сезіліп тұрады.
Сан ғасырлар сынынан өтіп, халық кәдесіне жараған сөз маржандары мен даналық дәндері саналатын жаңылтпаш, біріншіден, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, ата кәсібінен, екіншіден халық даналығынан сыр шертеді. Сонымен қатар, кейбір жаңылтпаштар балаларды этнографиялық ұғымдармен таныстырады. Осы жаңылтпаштардағы мән-мағына баланы ойландырары сөзсіз. Ал ең бастысы, жаңылтпаш бала тілін жаттықтырып, тілін ұстартады. Бала әр сөзге мән беріп, оны дұрыс дыбыстап, үндестік заңдарын сақтай дұрыс сөйлеуге үйренеді. Бұл сөз жоқ бүлдіршіннің ойлау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына игі ықпалын тигізеді. Осындай «синкретті» жаңылтпаштар баланы тәрбиелеуде айрықша үлес қосады.
Жаңылтпаштардың қайсысын алсақ та, әрбіреуінің астарында терең мағына, астарлы сөздер жатады. Кішкене кезінен бастап-ақ бала қиын сөздермен әріптерден қорықпай өз күші мен ақылына сенеді. Сол арқылы бала қиындықтан қорықпай, өзіне берілген тапсырманы толық орындап шығады және де оған дағдыланады. Атап айтқанда жаңылтпаштар бала тілін жаттықтыратын, оларға эстетикалық тәрбие беретін, ана тілінің қайнарынан еркін сусындауға үйрететін тілдік жаттығулар тәрізді. Тілдегі дыбыс үндестігі, ілгерінді, кейінді ықпал заңдылықтарын үйретуде жаңылтпаштарды айтқызудың пайдалы екендігі ешбір күмән туғызбайды. «Қазақ тіліндегі сөздердің ара жігінің жымдасып, тұтасып, үндесіп кететіндігін, қатаңдардың алдындағы дыбыстардың ыңғайына қарай ұяңданып немесе керісінше ауысатындығын кішкене кезден интуитивті деңгейде түсінген бала, мектепте де қазақ тілін, оның ережелерін жетік меңгереді» – дейді филолог, ғалым Ә. Жәкім.
Жаңылтпаштар бала тілімен қатар бала зейінін, аңғарымпаздық қабілеті мен дұрыс әрі нақты сөйлеуін дамыта түседі. Жаңылтпаштар өлең жолдарымен келуіне қарамастан образды, айшықты. Олар да үндестік, буын сәйкестігі сақталған. Мұның сыры – бейнелі ауыстырумен келуінде.
Жаңылтпаш мазмұнында халық өмірінің түрлі қырларын танытатын тәрбиелік – танымдылық мәселелер сөз болып, балаларды тағылымдық өнегеге үйрететін тәлімдік сөздер жиі кездеседі.
– Тары деші?
– Жем.
– Дәрі деші?
– Ем.
– Неге олай дейсің, ей?
– «Р» деу оңай дейсің бе?
немесе:
Бауда ара бар,
Ара барда бал бар.
Жейсіңдер, балалар,
Қайда кетер, бар, бар, –
деген жаңылтпашты балалар тез жаттап, дұрыс айта алады.
Жаңылтпаштардың буын саны әрқилы бола береді. Бәрінде де ұйқас пен ұқсас сөздер қайталанады. Осындай өлең өрнегіндегі көркемдігі келіскен жаңылтпаш мысалдарын көптеп табамыз.
Біреулер жер басып жүр,
Біреулер “мөр” басып жүр,
Біреулер кері басып жүр,
Біреуді құр тер басып жүр.
* * *
Оны даттап, таптап, қақтап,
Өзін ақтап, нақтап, мақтап,
Басқадан мін таппақ қаптап.
* * *
Тақпақ жатта,
Жатқа жатта.
* * *
Беріп тай, лақты,
Алдым тайлақты.
Беріп тайлақты,
Алдым тай, лақты.
Осындай жаңылтпаштарды балалар тез зерделеп, жаттыққан да айту қиынға түспейді. Негізінде жаңылтпаш шумақтарында қатып қалған тәртіп жоқ. Кейде екі-үш жолды қысқа қайырмамен айтылса, енді бірде төрт немесе бес, тіпті көбірек кездесетіні де бой көрсетеді.
Қылқиып бала арықтады,
Шалдығып шал арықтады.
Көздері аларып тағы ...
Қорада мал арықтады.
* * *
Қорқақ торпақ,
Торпақ қорқақ, –
осы сияқты екі немесе көп жолды болып та келе береді.
Бұл жаңылтпаштардың бір ерекшелігі – оны шығарушылар мен айтушылардың ақындық дарыны мен қабілет-қарымына да байланысты.
Осындай жаңылтпаштар балалардан ең алдымен ұқыптылықты, зерделілікті талап етеді. Айтылған жаңылтпаштар көмегімен балалар әрбір сөз бен әріптің мағынасын түсінеді. Бір дыбыстың жуан, жіңішке нұсқаларының өзі сөз мағынасын ажыратуда шешуші рөл атқаратындығы жаңылтпаш барысында аңғарылады. Балалардың тіл ұстартуда, әрбір әріпті дұрыс айтуда жаңылтпаштарды көбірек айтқызудың маңызы зор.
«Ауызша сөздің құрылыс - жүйесі барынша қарапайым, тұжырымды, түсінікті болса, оны тыңдаушы шапшаң қабылдап, жүрекке ұялатады.
Ауызша сөздің артықшылығы – әрбір сөз, сөз тіркесі, сөйлем өзгеше үн – дыбысқа, үйлесім – келісімге ие болып және бұлар оймен, сезіммен, ерекше лебізбен айтылып, мән-мағынасы күшейіп, көркейіп қанаттанады», – дейді әдебиетші ғалым С. Негимов.
Көк орманға құстар құштар,
Көп орманға қыстар құстар, –
деген жаңылтпаштағы дыбыс үндестігі, ілгерінді, кейінді ықпал заңдылықтарын үйретуде осы тәрізді жаңылтпаштарды айтқызудың пайдалы екендігі белгілі. Осы тәрізді жаңылтпаштар бала тілімен қатар оның зейінін, дыбыстарды айтуға деген қабілетін дамыта түседі.
Ұзақ
Ұзаққа ұшты,
Ұзақ
Тұзаққа түсті.
Бұл жаңылтпаштағы омонимдерді қолдану арқылы ойнақы, тартымды болуы балалардың ұзақ деген құс аты мен ара қашықтықты білуі тәрбиелікке тәрбиелейді.
Дыбыстық қайталаулар жаңылтпаштар мәтінін де көркемдеп, жаңа көркемдік ізденістерін ашады. Мысалы, халық жаңылтпаштарындағы:
Сыздық судан сүлік сүзді,
Сыздықтың сүлік салмасын үзді.
Салмадан сүлік шығып сытылып,
Суға түсіп, сумаңдап жүзді.
немесе:
Шалабай шыли шалағай,
Шалағай шыли Шалабай.
Шақша басы шарадай
Шаладай шала Шалабай.
Ал, М. Әлімбаев шығармашылығындағы жаңылтпаштар:
Қырғи қызыл етті
Қылғи - қылғи,
Құнығып алды.
Қырғи қылғи - қылғи,
Құмығып алды.
болмаса:
Шорағай шоршып кетті,
Шорабай шошып кетті.
Шорағай қорқақ па,
Шорабай шорқақ па?
Бұл жаңылтпаштардағы с,ш,қ дыбыстарының қайталануы (аллитерация) жаңылтпаштың әуенділігін күшейткен. Мұндай жаңылтпаштар балалардың жаттап айтуына қолайлы. Сонымен бірге жаңылтпаштардағы әзіл балаларды еріксіз езу тартқызары сөзсіз. Жоғарыдағы жаңылтпаштар ұқсас синтаксистік құрылымдарға құрылған. Олар (ұқсас құрылымдар) бір жағынан, баланы шатастырмай, мәтінді есінде сақтау үшін, екінші жағынан, бала зейінін ұқсас құрылымдардағы өзгешеліктерге аудару үшін қолданылған. Дауыссыз дыбыстардың үндесуі жаңылтпашта өте әсерлі берілген.
Кейбір жаңылтпаштарда дыбыстық қайталаулар үшін толық мағыналы сөздермен қатар, айтылмақ оймен ұштасып, суреттелетін құбылысты бейнелеп, немесе, оған еліктеп көрсететін еліктеу сөздер қолданылады:
Бұлғын құрғыр бұлдыр-бұлдыр бұраңдайды,
Құрғыр бұлғын
Бұлдыр-бұлдыр бұраңдайды.
Осыған ұқсас мысалдар Ә. Табылдиев жаңылтпашында да кездеседі:
Былдыр-былдыр бүлдіршін,
Білгір бұл бір бүлдіршін,
Бұл бір білгір бүлдіршін,
Білгірлігін білдірсін.
Адамға баласынан жақын, баласынан артық ешнәрсе болмаған. Сондықтан халық ең алғаш өзінің жақсы ойын, тәтті қиялын өлең етіп, ән етіп баласына арнаған. Баланы жұбату, ойнату, тілін дамыту, тәрбиелеу, оның алдына неше алуан тілек-мақсаттар қою өлеңмен, жырмен, көркемсөзбен айтылған.
Дыбыстық қайталаулар жаңылтпаш мәтінін көркемдеп, тартымды етеді.
Жинап едім жыңғылды,
Жиғанымды кім білді?
Жиғанымды жыңғылды,
Жанбай досым шын білді, –
деген жаңылтпаштағы «Ж» дыбысының қайталануы (аллитерация) мәтіннің жалпы әуезділігін, саздылығын арттырумен қатар, белгілі дәрежеде ойнақылық дарытып тұр. Жаңылтпаш мәтінінде «б» дыбысты сөздерді қолдану – бала тілін тұтықтырмау үшін алынатын тәсіл.
Жаңылтпашта мағынасы бір-біріне қарама-қарсы антоним сөздерді ұтымды қолдану мол ұшырасады.
Мысалы:
Ақшамда жаққаның
Көк шам ба?
Ақ шам ба?
Мейлің қайсысын жақсаң да!
* * *
Бұл сайда
Кәрі ағашта бар,
Жас ағашта бар,
Кесіп алсаң
Шоң ағашта бар,
Ат ағашта бар.
* * *
Қара ешкінің мүйізі,
Ақ ешкінің мүйізі.
Айбақ-сайбақ көрінер,
Бар ешкінің мүйізі.
* * *
Қара қарға,
Ала қарға
Қонып отыр,
Жаға талға.
* * *
Қара бояу да,
Ақ бояу да бар менде.
Қара бояу ақ бояудан кем бе?
* * *
Тұз – мұздай,
Мұз - тұздай екен.
Кейде жаңылтпашта дыбыстық қайталаулар үшін толық мағыналы сөздермен қатар, айтылмақ оймен ұштасып, суреттелетін құбылысты бейнелеп, немесе оған еліктеп көрсететін еліктеу сөздер қолданылады.
Енесі:
– еріншексің , – деді
Еріншексің деген соң,
Әлгі еріншек деген келіншек
Одан сайын шегіншектеді, –
деген суретті тіркеспен өрілген. Осылай суреттеу арқылы балалардың көз алдына көркем сурет келеді. Ал, енесі, еріншек, келіншек деген сөздерді дыбыстық қайталаулар жаңылтпашты әуенді әрі тартымды ете түседі.
Қазақтың жаңылтпаштары, өзінің құрылысы, сөз саптасы жағынан көбінесе өлең түрінде келеді, ұйқасым, ырғақты сақтап отырады. Мұнымен қатар, жаңылтпаштарда да дыбыс үндестігі, дыбыс қайталаушылық көп кездеседі. Жаңылтпаштағы ойындық элемент те үлкен қозғаушы күш. Балалардың жаңылтпашты қарапайымнан бастап, күрделіге қарай бірте-бірте игеретіні анық. Жаңылтпаштың балаларды қызықтырғыш қасиеті – ең алдымен олардың білуге, үйренуге деген ынтасын қанағаттандыруында жатыр.
Жаңылтпаштарда айтылатын негізгі ойды мейлінше дәл, айқын беретін сөздер таңдап - талғап алынады. Жаңылтпаштың әр сөзінің мәнділігіне, мағынасының дәлдігіне және сөздердің өзара үндесіп, үйлесіп келуіне үлкен мән беріледі. Әсіресе қазақтың жаңылтпаштарының көбі өлең сөзден құралған десек артық айтқандық болмас. Жаңылтпаштың әсерлі болуы айтылу мәнеріне, дауыс ырғағына да байланысты. Онда ұйқастан гөрі дыбыс ойнату басым болып келеді. Жаңылтпаш жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын құрылымдық бітімі әр алуан болады. Жаңылтпаштарда қатып қалған тәртіп жоқ.
Демек, жаңылтпаштың жасалу, суреттеудегі әдіс-тәсілі басқа жанрларға қарағанда басқалау екендігін аңғару қиынға соқпайды. Жаңылтпаштың ырғақтық - ұйқастық құрылымы сан түрлі өрнектеледі. Жаңылтпаш жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жағынан шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені аңғартады.