Жемістер жайлы
Анар
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Plantae
Бөлімі: Magnoliophyta
Тобы: Magnoliopsida
Кіші тобы: Rosidae
Тұқымдасы: Lythraceae
Кіші тұқымдасы: Punicoideae,Graham, Thorne & Reveal
Тегі: Punica
- Species
-Punica granatum L.
-Punica protopunica Balf.
Анар — анар тұқымдасына жататын ағаш немесе бұта тәрізді субтропикалық өсімдік. Кейбір деректер бойынша отаны – Парсы елі болып саналады.
Күз - бірқатар жемістер пісетін кез. Соның бірі – анар. Анар көпшілік ойлағандай жеміс емес, ол - жидек. Ескіден халық данышпандары анар жемісінің пайдалылығын анықтаған. Әуелгі баста Пәкістан мен Ауған елдерінде өскен жидек бірте-бірте Еуропаға келіп, Италия, Португалия, Исландия елдерінде жаңа сұрыптары пайда болған. Қиыр Шығыс халқы бұл жидекті «Жеміс-жидектердің патшасы» деп атайды. Тіпті, анардың түбі патша тәжіне ұқсағандықтан, солай атап кеткен деген аңыз бар.
Латын тілінен аударғанда «granatus» «дәнді дақыл» деген мағына береді. Анардың бірнеше сұрыпы бар. Ол оның қабығының түсіне байланысты анықталады. Қатты қызыл, қызғылт, алқызыл түсіне қарап оның тәтті я қышқыл екенін анықтауға болады. Қабығы тегіс, құрғақ әрі қатты болса, жидек әбден пісіп жетілген.
Таралу аймағы.
I. Жабайы анар- Кавказда, Орта және Кіші Азияда, Ауғанстан мен Үндістанда кездеседі.
II. Кәдімгі анар (Punica granatum)- Орталық Азия жемістерінің ішінде көп өсірілетін дақыл.
III. Оңтүстік Қазақстанда- анардың қызғылт Гюлоща, Бала-мюрсаль, Қазеке анар, Қызыл анар, т.б. сорттары өсіріледі.
Қазіргі кезде мәдени түрі тропикалық және субтропикалық аймақтарда таралған. Иран, Ауғанстан, Крым, Югославия, Италия, Испания, Португалия, Франция, Армения, Азербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия мемлекеттерінде анар өсіру өндіріске қойылған. Сондай-ақ, анар Қазақстанның жылы аймақтарында да кездеседі.
Сипаттама Анар ағашының биіктігі 5-6 м. Бұтақтары тікенекті. Жапырағы жылтыр, гүлі түтікшелі келген сары-қызыл түсті. Жемісінің пішіні домалақ, қабығы қатты, түсі сары түстен қызғылтқа дейін құбылмалы. Салмағы 200-ден 1000 г-ға дейін, шырынды, көп тұқымды. Тұқым өзара жемістің ішінде жеке «қоршаулар» арқылы 6-12 бөлімшеге ажыратылып тұрады. Әр тұқымның сыртында нәрлі, мөлдір, қышқылтым-тәтті шырын болады. Анар жаз кезінде күн көзінің тік түсуін өте жақсы көреді. Кейде тіпті күн сәулесі жетіспей қалса, гүлдемей қояды. Құрғақшылыққа төзімді, суыққа төзімсіз келеді. Бақта қатар аралығы 4 × 2 м немесе 4 × 3 м етіп отырғызылады. Отырғызылғаннан кейін 3—4 жылда жеміс бере бастайды. Анар тұқымынан және өсімді (вегетативті) тәсілмен, ал қолда отырғызылатын сорттары, көбінесе, сүректелген қалемше немесе ұластыру арқылы көбейеді. Орта есеппен әр ағаштан 25—30 кг өнім алынады. Ағаштары жемісті 30-50 жылға дейін береді. Кейбір анар 300 жылға дейін өседі. 100г анарда –66 ккал энергия бар
Жемісінің химиялық құрамы . Анар жемісі қантқа, таннинге, С дәруменіне, өзектерге, органикалық қышқылдарға, азотқа, фитонцидке, минералды заттарға және кальций, магний, натрийге микроэлементтеріне бай. Жемісінің салмағы 200-ден 1000 г-ға дейін, дөңгелек (диаметрі — 8—10 см), шырынды, көп тұқымды, сыртында қатты қабығы бар. Жемісінің шырынында 80—90% су, 8—12% қант, 0.5—5 % түрлі қышқылдар, 3—4% көмірсу. Анар жидегінің құрамында А,В,С,Е дәрумендері мен калий, йод, темір, кремний, кальций сияқты минералды заттар бар. Ал анар шырынында шарап немесе көк шәйға қарағанда антиоксиданттардың мөлшері өте көп.
Дәрілік мақсатта қолданылуы
Қиыр Шығыс халқы «адам баласы күніне бір шиша анар шырынын ішсе, ешуақытта обыр ауруына шалдықпайды» деген нанымды ұстанған. Уақыт өте келе, анардың зиянды ісікке төтеп беретін күші бар екенін ғалымдар дәлелдеген.Анардың қабағынан таспа құрт түсіретін дәрілік препарат дайындалады, тамырынан бояулық зат алынады, сондай-ақ тұмау, күйік, іш құрылысы ауруларында пайдаланылады. Шырынын (құрамында танин болуына байланысты) және жемісінің қабығын медицина асқазанның жұмысы бұзылғанда, ал кепкен бұтақтары мен діңінің қабығын ішек құртына қарсы дәрі ретінде қолданады Жемістің құрамындағы заттар адам ағзасына өте пайдалы. Қанның құрамында темір аз болса және адам сүйектері сынғанда тез бітіп кету үшін анарды жеу керек. Асқазан қабынуына және терінің күйгеніне анар жемісінің қабығы жақсы көмектеседі (қайнатылған түрде). Анардың қабығы қайнатылған кезде бөлінетін заттар имунитетті нығайтады.
Анардың емге дәру қасиеті
Анар құрамындағы С дәрумені ағзаны сыртқы орта әсерінен қорғайды. Ауыз қуысы, тері, тамақ, тіс, инфекциялық аурулардың алдын алады. Салқын күндері тұмау мен суық тиюден сақтайды. Анар адам ағзасындағы кез келген дерттен айығуға жол ашады. Қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін арттырып, иммунитетті күшейтеді.Анар жидегі немесе оның шырыны, әсіресе, мектеп оқушылары мен сынақ тапсырғалы жатқан студенттерге аса пайдалы. Оның құрамындағы минералды заттар мен жеміс-жидек қанты ми жұмысын жақсартып, ойлау қабілетін арттырады.Гастрит, асқазан жарасы т.с.с түрлі асқазан ауруларымен зардап шегетін жандардың анар шырынын қайнаған сумен араластырып, пайдаланғаны жөн. Себебі, шырын құрамындағы әр түрлі қышқылдар асқазан ауруларын асқындырып алуы мүмкін.
Күнделікті қолданыста
- Шарапқа және тағамға тұздық ретінде қосылады
-Анар шырыны — бағалы және диеталық тағам. Бірдей мөлшерде анар қосып қайнатылған шырыннан (гренадин) кисель, мусс дайындауға болады. Әбден қайнатылған, қойытылған анар шырыны түрлі тағамдарға дәмдеуіш ретінде пайдаланылады, бұл көбінесе кавказ кухнясына тән; тағамға жағымды қышқылтым дәм береді, . Анардан шырын, шарап, салқын сусындар дайындалады. Анарды күнделікті тағамға, салаттарға қосып пайдаланады.
Қолдануға болмайды
Асқазаны ауыратындар, асқазан сөлінің қышқылы жоғары, гастритпен ауыратындар, сондай-ақ энтероколитцен ауырғанда анардың ащы сорттарын пайдалануға болмайды
Анар шырыны жайлы
Анар шырыны асқазан, бүйрек, бауыр, өт, диабет, анемия, қан тамыр аурулары асқынған кезде көмекке келеді. Сондай-ақ, анар шырынын физикалық, лазерлік, химиялық терапия мен радиациялық сәулелер қабылдағаннан кейін ішкен жөн. Себебі, анар шырыны емнен кейін ағзада қалып қойған зиянды қалдықтардың көзін жояды.Диетолог мамандар күніне үш мәрте анар шырынына 1 ас қасық бал қосып ішуге кеңес береді. Бұл ем атеросклероз, анемия, жүрек ауруларының алдын алып, иммунитетті күшейтеді. Алайда, ағзасында қышқыл мөлшері шамадан көп жандарға анар шырынын пайдалануға мүлдем болмайды.
Есіңізде болсын!
-Тамақ ауырған кезде анар қабығы көмекке келеді. Анар қабығын үккіштен өткізіп, оған қайнаған ыстық су құйыңыз. 10 минуттан кейін тұндырып, күніне 2-3 ас қасықтан үш мәрте ішіңіз.
-Ангина кезінде тамағыңызды анар шырынымен шайқаңыз. Бұл емді стоматит ауруында да қолдануға болады (тек қышқыл анардың дәндерін пайдаланбаңыз).
-Ыстығыңыз көтеріліп, қан қысымыңыз төмендегенде не жоғарылағанда бір стақан анар шырынын ішіңіз. Араға 1,5-2 сағат уақыт салып, емді қайталаңыз.
-Анар ағашының жапырақтары да пайдалы. Жапырақтарды кептіріп, кейін қайнатып шәй түрінде пайдалануға болады.
-Анар шырыны қатты қышқыл болмауы керек. Қышқыл шырын тіс эмалінің құрылымына кері әсерін тигізеді.
Пайдалы және тиімді
Анар косметика саласында аса кең таралған. Ол теріні бос радикалдардың әсерінен қорғайды, теріні қалпына келтіру процестерін белсенділендіреді, оны қоректендіреді және жандандырады. Сондай-ақ коллаген мен эластиннің синтезделуіне мүмкіндік туғызады, бұл әжім қыртыстарының жазылуына, терінің тығыздығы мен созылымдылығын ұлғайтады
Өмірдің, денсаулықтың және махаббаттың жемісі
Ерте уақыттан бастап, анар жемісі өмірді ұзартады, қартаюды болдырмайды, жүректі нығайтады және табиғи афродизиак ретінде эротикалық сезімдерді күшейтеді. Анар шырыны жүрек және қан айналымы ауруларымен күреседі, қан қысымын төмендетеді және қартаю процестерін тежейді. Бос радикалдарға қарсы жақсы әрекет етеді, көк шайға немесе қызыл шарапқа қарағанда, құрамында үш есе көп антиоксиданттар болады.
Гренадин (анар шырыны)
Спиртті ішімдіктердің компоненті ретінде жиі пайдаланылады, себебі өзінің салмағына байланысты, гренадин стаканның түбінде тұнады, бұл қызықты көп түсті коктейльдерді дайындауға мүмкіндік береді
Алмұрт
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Plantae
Бөлімі: Magnoliophyta
Тұқымдасы: Rosaceae
Кіші тұқымдасы: Maloideae
Тегі: Алмұрт
Алмұрт (Pyrus) —
Раушангүлділер тұқымдасының бір туысы, жеміс ағашы. Дүние жүзінде 60-қа жуық түрі белгілі. Мұның 18 түрі бар. Алмұрт көбінесе үлкен ағаш, кейде ұзын бұта болып өседі. Алмұрттың 5 000-нан астам сорты бар, олардың бұрынғы КСРО-да 130 сорты өседі, Олар ауа райы қоңыржай және субтропикалық аймақтарда өседі. Қазақстанда кәдімгі алмұрт немесе орман алмұрты (Р.communіs), Регель алмұрты (Р.regelіі), құлжа алмұрты немесе кеш пісетін алмұрт (P.serotіna) деген түрлері бар. Алмұрт көп күтімді қажет етпейді, жылу сүйгіш, суыққа төзімсіз ағаш. Биіктігі 10-12 м болады. Бұтақ шоғырының аумағы жалпақ, пирамида тәрізді. Жапырағы жұмыртқа пішінді, түксіз, жылтыр. Гүлі ақ, қызғылт, сарғыш, кейде қызыл түсті, гүлтабақшасына шоғырланған. Жемісі — сары, жасыл не қызғылт түсті сопақша келеді. Салм. 20-300 гр-дай. Алмұрт отырғызылғаннан кейін 4-5 жылда жеміс бере бастайды, 40-50 жылдай өседі. Мәдени сорттарын ұластыру арқылы өсіреді. Қазақстанда 14 сорты аудандастырылған, оның Орман аруы, Талғар аруы, хош иісті Алмұрт, деген сорттары кең тараған. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында өсіріледі. Өсімдік зиянкестеріне төзімді, көбіне ауруға шалдықпайды. Алмұрт – бағалы ағаш, гүлінен аралар бал жинайды.
Химиялық құрамы
Жемісінің құрамында 80-84,3% су, 10-13% қант, глюкоза, фруктоза, сахароза, 0,1-0,6% қышқыл, илік және 0,4% азотты заттар, В, С витаминдері, каротин болады. Одан тосап, шарап т.б. сусындар дайындалады. Алмұрттың негізгі зиянкестері мен аурулары — бүрге шіркейі, Алмұрт биті, Алмұрт көк көбелегі, тазқотыр т,б
Қолданылуы
Алмұрт ағашының жемісі – өте пайдалы, әрі тәтті. Алмұрт қантқа, органикалық қышқылдарға, ферменттерге, өзектерге, илік, азотты және пектинді заттарға, С, В1, Р, РР дәрумендеріне, каротинге, сонымен қатар йод, калий, мырыш, магний, кремний, темір, флавоноидтарға бай. Емдік мақсатта жаңа піскен немесе кептірілген жемісін және жапырақтарын пайдаланады. Алмұрттың құрамындағы арбутин деген антибиотик микробтарды жояды. Пісірілген алмұртты қатты жөтелгенде, деміккенде және өкпе туберкулезіне ем ретінде қолданады. Кептірілген алмұрттан жасалған қайнатпаны қызба ауруы кезінде, несеп жүргізіп бүйректегі тасты шығаруға, іш ауруына, қант диабетіне, өт айдауға пайдаланады. Алмұрт жемісінен шырын, тосап, компот, джем, қақ жасалады. Тамақ, кондитер өнеркәсібінде қолданады.
Алмұрт жеп шаршағанды басуға, мазасыздық пен ұйқысыздықтан арылуға болады. Медицина мамандары кеңседе отырып жұмыс істейтіндерге шаршаңқылық, торығу, ұйқысыздық пен жүйке жүйесінің бұзылуының алдын алу үшін алмұрт жеуді ұсынады.
Диетологтар алмұрттың құрамындағы дәрумендердің молдығынан асқорыту жүйесінің жұмысын белсенді жүргізетінін айтады. Алмұрт ағзаны тазалайды, терінің өңін жақсартады, сонымен қатар табиғи күш беруші болып табылады.
Күнделікті екі алмұртты ашқарында немесе тамақтан соң жарты сағат өткеннен кейін жеп жүрсе, адам өзін сергек сезінеді.
Алмұрт – суық тию, өкпе және қан тамыр аурулары кезінде таптырмайтын ем. Жүйке жүйесі және ас қорыту жұмысын жақсартады. Алмұрттың бірқатар сорттары йодқа бай. Сондықтан алмұртты йод тапшылығына душар болған жандар күнделікті пайдаланғаны жөн.
Бүгінде емдік қасиетке бай алмұрт ағашының жапырақтары мен дәнін кейбір дәрілерге қосады. Кепкен алмұрт жемісімен қант диабеті, бауыр, бүйрек, өт, жүрек және инфекциялық ауруларын емдейді.
Алмұртты көп мөлшерде аяғы ауыр келіншектер, емізетін аналар және балалардың пайдаланғаны жөн. Себебі, жеміс құрамындағы калий сүйек, тырнақ, шаш өсімін жақсартып, қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін көбейтеді. Ал артық салмақтан арылғысы келетін жандар күніне 3 стакан алмұрт шырынын (не кепкен жемістерден қайнатылған компот) ішкені абзал.
Есіңізде болсын!
Піспеген алмұртты ешуақытта пайдаланбаңыз.
Қарт адамдарға қатты әрі қышқыл алмұрт сорттарын пайдалануға болмайды. Себебі, оны асқазан ұзақ қорытады (есесіне өзге ішкі ағза мүшелеріне зақым келеді).
Алмұрттан дәм татқан соң, су ішуге, ыстық тамақпен ауқаттануға болмайды. Сондықтан да алмұртты ауқаттан соң, пайдаланыңыз.
Алмұртты аш қарынға жеуге болмайды. Оны түскі ас мәзіріне қосқан жөн.
Алмұрттың пайда болуы
Алмұрт ағашы әуелі Ежелгі Қытай жеріндегі Кунь-Лунь тауында пайда болған. Қытай халқы алмұрт «ұзақ ғұмыр мен үлкен махаббаттың нышаны» деп есептеген. Алмұрт ағашының діңгегі қатты, тамырлары терең және ол жүз жыл жасайды. Мереке күндері олар бір-біріне піскен жеміс немесе алмұрт ағашының бұтақтарын сыйға тартқан. Сондай-ақ, ертеде алмұрт «нәзік жеміс» деп атаған. Себебі, ол пішіні жағынан әйел затының сыртқы келбетіне ұқсас келеді.
Ежелгі Грекияда алмұрт сый-құрмет белгісі болған. Гректер алмұрт жемісін «Құдайлар асы» деп атаған. Себебі, алмұрт ағашы биік әрі бұтақтарын кең жайған.
Алмұрт тек махаббат, нәзіктік, сыйластық белгісі ғана емес, денсаулық нышаны да болған. Ертеде алмұрт ағашының жапырақтарымен дене жарақаттарын таңған, ал жаңа жемістен жас босанған келіншектерге «күш жинасын» деп дәм таттырған. Уақыт өте келе алмұрт жемісін ғалымдар тереңірек зерттеп, оның құпиясын аша білген.
Ерекше түрі
Жаушян ауданының аққырау алмұрты Қытайдың Хыбей өлкесінің ерекше өнімі, тарихы ұзақ, оның тарихы 2000 жылдың ар жағына кетеді. Сонау Чин, Хан династияларынан бастап ордаға тарту-таралғы қатарында таңдалып отырған. Жаушян ауданының аққырау алмұртының піскен кезіндегі еті кіршіксіз, қыраудай аппақ немесе таңғы шықтай мөлдір болғандықтан Жаужоудың аққырау алмұрты аталып кеткен. Аққырау алмұртының «үлкендігі жұдырықтай, тәттілігі балдай, морттығы су жаңғағындай» деп мақталады. Ірі, домалақ, қабығы жұқа, еті қалың, түсі әдемі, нәрі мол, хош иісті, тәтті дәмді бұл алмұрттың жемістері әлемге Жаужоу көпірімен бірге әйгіленген. Әдеттегі дара жемісінің салмағы 400 грамм төңірегінде, ал, ең үлкені 1900 грамм тартады. Қант құрамы 12%-14%, ең жоғары болғанда 16,5 % болады. Аққырау алмұртының кенеулігі мол, құрамында органикалық қышқыл, ақуыз, минералдық зат және дәрумендер бар. Жемісін балғын кезде жеуден сыртынан, онан алмұрт мейізін, сықпасын, сірнесін, консервысын, тосабын, шарабын жасауға болады. Мұның бәрі де денсаулыққа пайдалы тағамдар есептеледі. Дәрі-дәрмекке қосса, дене сұйықтығының бөлінуін молайтатын, тамақ жібітетін, ыстықты, уытты қайтаратын, қақырық түсіріп, жөтел басатын, т.б. емдік өнімдері бар.
Миң дниастиясы тұсындағы Ли Шыжынның «Дәрілік өсімдіктер тізімі» деген кітабында: «Аққырау алмұрты мөлдір, қышқылтым келеді, көңілді орнықтыру, өкпені жұмсарту, несеп айдау, ауырғанды басу, қабынуды қайтару, күйік жарасына жұқалап таңса іріңдетпеу» сықылды өнімдері бар» - деп жазылған. Қазіргі дәрігерліктің зерттеуінше, аққырау алмұрты дене сұйықтығының бөлінуін молайтады, шөлді басады, тәбетті ашып, ас сіңіреді, қақырық түсіреді, жел-құзды айдайды, мастықтан сергітеді, жараның уытын қайтарады, т.б.қасиеті бар.