Жер асты қазба байлықтары

Рефераттар
1027

Кен байлықтары. Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан Жер шарындағы бай аймақтардың бірі. Минералдық шикізат қорлары Қазақстанның ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қуатты минералдық шикізат базасының қазіргі жай -күиі республиканы шетелдердің кен қазбаларына тәуелділіктен толық арылтып, Қазақстанның дүниежүзілік рынокқа минералдық шикізат қорлары мен оның өңделген өнімдерін шығаруына мүмкіндік берді.Минералдық шикізат ресурстары еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Бірінші топқа: негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін және экономикалық- саяси мәні бар стратегиялық кен байлықтары жатады: мұнай , газ, көмір, уран, хромит кен орындары. Екінші топқа: негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанның индустриялық бет-бейнесінің негізі болып табылатын маңызды кен байлықтары құрайды: темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және алтын кен орындары. Үшінші топқа: ішкі және сыртқы рыноктарда жоғары сұранымға ие қалайы, күміс,фосфор, барит кен орындары кіреді. Кен байлықтардың барланған қоры негізінде ондаған мұнай-газ және кентас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, олар 70-тен аса әр түрлі минералдық шикізат түрлерін өндіреді және өңдейді. 
Мұнай мен газ. Қазақстанда 200-дей мұнай және газ кен орындары анықталып  барланған, оның ішінде 102 мұнай, 29 мұнай – конденсат, 30 мұнай-газ-конденсат, 6 мұнай-газ, 11 газ- конденсат, 19 газ кен орындары бар. Барланған мұнайдың алынатын қоры  2,2 млрд. т, газ- 2,5 трлн/ м , конденсат- 0,7 млрд. м. Қазақстанда мұнайдың болжамдық қорлары 20-25 млрд. т деп бағаланады. Мұнай мен газдың барланған қорының  негізгі бөлігі  Каспий маңы мұнайлы-газды аймағында шоғырланған. Мұнда 122 кен орыны ашылған, оларда республикадағы көмірсутек қорының 80%-ы(1,3 млрд. т мұнай , 700 млн. т шамасында конденсат, 1,7 млрд. м бос және 577 млрд. м сұйытылған газ) шоғырланған. Бұл жерде мұнай мен газдың Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты айрықша кен орындары бар , олардың жиынтық үлесі  мұнай мен  газ өндірісінің жалпы балансында 30% - дан асады. Оңтүстік Маңғыстау мен Солтүстік Үстірт- Бозащы       аймағындағы ең ірі кен орындар -Өзен,; Жетібай, Қаражанбас , Солтүстік Бозашы. Мұндағы мұнайдың барланған қоры 700 млн. т, конденсат- 1,4 млн. м құрайды. Жалпы республикалық бұл аймақтағы көмірсутек өндірісінің үлесі 50% шамасына тең. Мұнайдың өнеркәсіптік мол қоры  Оңтүстік Торғай мұнайлы – газды алабында анықталған (Құмкөл, Майбұлақ, Ащысай, Арысқұм, т. б. Кен орындары). Бұл жерде жиынтық болжамдық қоры 400 млн. т шамасындағы  11 кен орыны барланған . Олардың ең ірісі – Құмкөл кен орыны (1990 жылдан мұнай өндіріле бастады). Бұл аймақтың мұнай өндірісіндегі үлесі 10% шамасында.
Көмір. Қазақстанда тас және қоңыр көмірдің мол қорлары бар. Республикада 200-ге жуық көмір кен орыны барланған. Қазақстан көмірінің жалпы геологиялық қоры 164,4 млрд.т, шамасында бағаланады, оның ішінде :  тас көмір 17,6 млрд. т. қоңыр көмір 92,8 млрд. т. Барланған қорлар 60 млрд. т шамасында, баланстан тыс қорлар 19,3 млрд. т. Олардың 63%-ы тас көмір (оның кокстеленетіні 17%). 37% - қоңыр көмір. Республикадағы ең ірі көмірлі алаптар Орталық Қазақстанда орналасқан (Қарағанды, Екібастұз, Майкөбен ). Ірі кен орындары – Шұбаркөл ( қоры 2,2 млрд .т), Борлы (0,5 млрд), Самара (1,3 млрд. т ), сондай –ақ, Теңіз-Қоржынкөл көмір алабы(шамамен2,7 млрд. т). Торғай энергетика қоңыр көмір алабының қоры 52 млрд. т. оның барланғаны 7 млрд. т . Оңтүстік Қазақстанда Іле және Төменгі Іле қоңыр көмір алаптары орналасқан. Іле алабының геологиялық қорлары 14,8 млрд. т-ға бағаланады. Барланған қоры 0,9 млрд . т. төмангі Іле алабының геологиялық қоры 9,9 млрд. т. оның 3 млрд т-сы барланған Шығыс Қазақстанда Қаражыра  (Юбелейное) (қоры 1,5 млрд.т ), Кендірлік (1,6 млрд. т.барланғаны 250 млн.т ) кен орындары белгілі. Кендірлікте көмірден басқа жанғыш тақтатастар бар . Оның жалпы қоры 4 млрд. т. барланғаны 20,3 млн. т. Қазақстанның батысындағы ең ірісі- Мамыт қоңыр көмір кен орны. Жалпы геологиялық қоры -1,5 млрд. т. оның 0,6 млрд. т-сы барланған. 
Қазақстан Республикасының бүкіл дерліктей аумағын қара металл кендірінің алып кентастық аймағы ретінде қарастыруға болады. Мұнда оның бүкіл әлемге белгілі арлық генетикалық және өндірістік, оның ішінде бірегей түрлері кездеседі. Қазақстанда қара металл кентастарының 1000-нан аса кен орындары мен кен білінімдері анықталған. Темір, хром, марганец пен титан кентастарының кен орындары игерілуде Балансқа алынғаны 17 кен орны, баланстан тыс 11 кен орны бар. Темір кентасының жиынтық қоры 17 млрд. т. Оның 93% мөлшері бес  ірі кен орында:Қашар , Сарыбай, Соколов, Әйет, Лисаковта шоғырланған. Бұл кен орындарының барлығы Солтүстік Қазақстанда ( Торғай ойысының солтүстік – батыс бөлігінде) орналасқан. Орталық Қазақстанда пайдалынып келе жатқан Батыс Қаражал , Үшқатын мен Кентөбе кен орындарының барланған қоры 300 млн. т-дан асады. Оңтүстік Қазақстанда Иірсу ( қоры 327,7 млн. т ) мен Абайыл ( 28,3 млн. т ) кен орындары барланған. Батыс Қазақстанда  ( Солтүстік- Шығыс Арал маңы ) ең ірісі – баланстан тыс оолитті қошқыл теміртас кентасты Көкбұлақ кен орны  ( 1,9 млрд. т ) , сонымен қатар титан-магнитті кентастарының болжамдық қоры 1 млрд. т болатын Великов кен орны бар. Қазақстан хромит кентасының қоры бойынша әлемде 2- орында. Балансқа алынғаны 21 кен орны ( шамамен 230 млн. т ). Қорлардың барлығы Кемпірсай кенді ауданында ( Мұғалжар тауында ) шоғырланған. Аса ірі хромит кен орындарының қатарына Алмас- Жемчужина кен орны жатады (қоры 100 млн .т –дан асады). Бұл алапта кобальт – никель кенінің де бай қоры бар. Қазақстанда марганец кентастарының баланстық қоры 400 млн. т-дан асады. Болжамдық қорлары 850-900 млн. т. деп бағаланады. Қорлар негізінен (99%) Орталық Қазақстаның Атасу кенді ауданында шоғырланған (Батыс Қаражал ,  Үшқатын, үлкен Қытай Қамыс кен орындары ). Қаратау, Байқоңыр, Кіндіктас, Жетісу Алатауындағы көмір-кремнийлі тақтатас қабаттарында орналасқан ванадий кендері мен батыс және Солтүстік Қазақстандағы , жердің беткі қабаттарында жатқан титан кендерінің де маңызы аса зор. 

Түсті металдар. Қазақстанда түсті металдар шикізатының ірі базасы қалыптасқан. Олардың ішінде жетекші орынды мырыш, қорғасын және мыс кендері алады. Бұл металдардың республикадағы қоры бойынша тиісінше әлемде бірінші, екінші және үшінші орын алады Олар Қазақстан түсті металлургиясы базалық кәсіп орындарының  ( Жезқазған, Балқаш, Ертіс мыс, Шымкент, Риддер, Өскемен қорғасын мен мырыш, Павлодар алюминий қорыту зовоттары) шикізат көзі болып табылады. Қазақстан әлемдегі ірі мыс өндіруші елдердің бірі . Республика аумағында мыс кентасының профирлі, мысты құмтас, колчеданды, скарындық мысты-цеолитті, мысты- никельді , т.б. кен орындарының көптеген түрлері белгілі . Мыс кентасының ірі кен орындарына Жезқазған,Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы, Жаман-Айбат, Бозшакөл, Көксай, Қасқырмыс, Нұрқазған (Самара), т. б. жатады. Жекелеген кен орындарының (жезқазған мыс кені, Жаманайбат мыс кені), мыс қоры 10 млн. т-дан асады.
Қорғасын мен мырыштың 100-ден аса кен орындары анықталып, 58-і балансқа алынған. Олардың негізгі қоры Шығыс Қазақстанда (Кенді Алтай) және  Орталық Қазақстанда шоғырланған , сондац-ақ, Оңтүстік Қазақстанда да (Қаратау) кездеседі. Қазір қорғасын мен мырыштың 30-ға жуық кен орындары игерілуде. Алюминий шикізаты ретінде ең көп таралғаны –боксит. Қазақстанда бокситттің қоры көп. Анықталған 200 кен орны мен кен білінімдерінің ( есепке алынғаны ) 50-ден астамы платформалық типті. Олардың ішіндегі ірілері: Краснооктябррь Белинское, Тауынсор, Шығыс Әйет, Арқалық кен орындар. Бұлардың барлығы Торғай ойысында орналасып, Батыс Торғай, Шығыс Торғай (Амангелді) және Орталық Торғай бокситті Аудандарын құрайды. Қазаұстан сирек металдарға бай өлке. Молибден қоры жөнінен республика әлемде төртінші. Азия елдері арасында бірінші орын алады. Молибден кен орындары негізінен штокверктік (профилік ) типті. Қазақстан КСРО- дағы жоғары сапалы тантал концентраты мен ниобийдің негізгі өндірушісі болды. Тантал бойынша өнеркәсіпті шикізат базасы төрт кен орында шоғырланды: Бәкен, Белогор,Юбелейное және Жоғарғы баймырза. Кен орындарының барлығы Қалба жотасында орналасқан. Солтүстік Қазақстанда ірі Сырымбет пен Донецк қалайы кен орындарының ашылуы қалайы шикізат базасына айтарлықтай ұлғайтты. Оған дейін ілеспе қалайының 5 кен орны балансқа алынған болатын,  негізгілері кешенді сирек металл кентасты Қалайытапқан ( жалпы қордың 70% -ға жуығы ) , Қараоба, Бәкен, Юбилейное және Ахметкин кен орындары.
Вольфрам қоры жөнінен Қазақстан әлемде 1-орын алады. Вольфрам қорының 53%- дан астамы 16 кен орнында шоғырланған, оның 12-сі баланстық. Вольфрам кенінің басым типтері- кварц- желілі- греизенді және штокверкті, оларға Қараоба, Ақшатау, Жоғарғы Қайрақты, Бұғыты, т.б. кен орындары жатады. Вольфрамға бай кентастар скарндық- грейзендік кен орындарында  ( Солтүстік Қатпар, Баян) немесе олардың мүжілген қатпарларында (Көктіңкөлі) кездеседі. Вольфрамның 16 кен орны есепке алынған. Оның 85%-на жуығы штокврк кендері (Шығыс Қайрақты, Бұғыты, Көктіңкөлі, Қараоба, т.б.), ондағы вольфрам триоксидінің мөлшері 0,12-0,19%. Негізгі қорлар 6 ірі және аса ірі: Жоғарғы Қайрақты, Бұғыты, Қараоба (штокверг) , Солтүстік Қатпар, Көктіңкөлі, Баян, Ақсоран кенорындарында шоғырланған.
Асыл металдар. Қазақстан алтын кені бар ежелгі өлкелердің бірі саналады. Ол алтынның нақтыланған қоры брйынша әлем елдерінің бірінші ондығына , ал өндірісі бойынша – үшінші ондығына кіреді. Оның баланстық қоры 196 кен орнында (126-сы түпкі жыныстарда, 47 кешенді, 23 кенқайрандық ) есептелген. Алтын өндіретін ірі кен орындары: Солтүстік және Орталық Қазақстанда- Жолымбет алтын кені, Бестөбе алтын кені, Ақсу алтын кені, Ақбейіт алтын кені; Батыс Қазақстанда- Юбилейное; Шығыс Қазақстанда – Бақыршық алтын кені, Суздаль, т.б. Оңтүстік Қазақстанда- Ақбақай алтын кені. Өнеркәсіптік игерулерге Көкшетау ауданындағы аса ірі Вастльков кен орны даярланған. Қазақстанда негізгі алтын көздерінің бірі Кенді Алтайдағы колчедан- полиметалл кен орындары: Риддер –Сокол, Тишин, Малеев, Грехов,. Алтын сондай-ақ, мысты-порфирлі  Бозшакөл, Самара, Ақтоғай мыс кені, Айдарлы мыс-колчеданды Аралшың, Лиманды, колчедан-полиметалды Абыз, Майқайың, Миөзек, Құсмұрын, Ақбастау, скарындық мыс кентасты Саяқ тобының кен орындарында бар.Ондаған түпкі және кенқайрандық алтын кен орындары консервацияланған  (Бақыршық, Жітіқара, Жарқұлақ, Ақжал, Балажал, Олимпиялық, Кеңгір, Миялы, Құлынжол, т.б.) немесе жете барланбаған ( Васильев, Орлов, Прогресс, Сувенир, Алтынсай, Бақтай, Далабай, Гагарин, Шоқпар, Кепкен, Восток 5, Комаров 1, Қаншыңғыс т.б.)
Қазақстанда күміс ертеден өндіріледі. Оныөндіру колемі бойынша республика Азия елдері ішінде 1- орын алады. Оны полиметалл кентасын кешенді өңдеу кезінде бөліп алады.
Қазақстан аумағында 100-ден астам уран кен орны барланған. Аумақтық белгісі бойынша және геотектоникалық көзқарас тұрғысынан кен орындары уран кен орындары бар он өлке мен аудандарға бөлінеді. Олар: Солтүстік Қазақстан (50-ге жуық кен орны бар), Шу-Іле- Кіндіктас- балқаш жағалауы (8) және Шу – Бетпақдала (6)өлкелері, Шу-Сарысу және сырдария өлкелерін біріктіретін Қаратау мегаөлкесі (20), Жоңғар-Кетпен (6) және Каспий Жағалауы (4) өлкелері, Ұлытау (3), Шыңғыс-Тарбағата (1) және Мұғалжар- Арал жағалауы (2) аудандары.
Бейметалл кен байлықтарының барланған және әлеуметтік қоры мол. Республика аумағында бейкентасты шикізаттың 2000-нан аса барланған кен орындары бар, оның 1200-і құрылыс материалдарының кен орындары. Республикада шипалы балшықтың 30-дан астам кен орны тіркелген. Олардың көпшілігі Қазақстанның батысы мен солтүстігінде орналасқан.

Жүктеп алу
628 рет жүктелген
46.00 кб файл салмағы