Рухани жаңғыру және өңірлік әдебиет

РУХАНИЯТ
2604

Ұлы ойшыл Сократтың «Адам жан дүниесімен бай» деген тамаша сөзі бар. Қазақ халқының данасы Абай Құнанбайұлы өзінің жиырма жетінші қара сөзін арнаған Сократтың осы бір сөзі қанша ғасыр өтсе де әлем халықтары үшін өз құндылығын жоймақ емес. Ал, осыдан келіп «адам жан дүниесін қайтіп байытпақ керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Әрине жан дүниенің байлығы оқу мен ілімде, кітапта. Он сегіз мың ғаламды жаратқанда Құдай Тағала жер бетін мекендеген тіршілік иелерінің ішінде адам баласын сана биігіне көтеріп қоюы – бізге деген шексіз рахымы шығар бәлкім. 

Алты құрлық пен төрт мұхитты мекендеген «екіаяқтылар» есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылған уақыт көшімен болашаққа беттеп барады. Әлбетте ғасырлар қойнауында әрбір ұлт пен ұлыс тіршілік үшін күресін тоқтатқан емес. Иә, тоқтатқандар да бар. Қартаймайтын уақыт қана. Оған тарихтағы пайда болған, гүлденген сосын құрыған қаншама алып империялар мен патшалықтар куә. Сондықтан да әр халық өз маңдайына бұйырған тағдыр талайының өзгелерден бақыттырақ, ғұмырының ұзағырақ болуы үшін жандәрмен жанталас үстінде. Қай ұлттың өркениетке, ғылымға, әдебиет пен мәдениетке қосар үлесі неғұрлым басым болса, сол ұлт соғұрлым уақыт кеңістігінде өмір сүру құқығына ие.

Өркениет демекші түркі халықтарының яғни көшпенділердің өркениетке бергені аз емес. Біз әлемді бетбұрысқа әкелген халықпыз деп мақтануға толық қақылымыз. Өзге халықтар жапырақ байлап жүргенде металл қорытып алтыннан сауыт киген, қаншама мемлекеттердің территориялық картасының өзгеруіне ықпал еткен жылқы баласына алғаш тоқым салған көшпенді жұрттың десі басымырақ екені айдан анық. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей уақыт доңғалағы үздіксіз айналыс үстінде. Көшпенділер атының тұяғы бармаған жер, баспаған тау жоқ. Күні кеше дүниені дүбірлеткен Сақ, Ғұн, Көк Түріктердің ұрпағын Құдай Тағала аз сынаған жоқ – бастыны идірген, тізеліні бүктірген заманды да, және дәл солай алтын басының иілген, тізесінің бүгілген тұсы да аз емес. Құдайдың оң көзі түсті ме, батыр бабалардың әруағы жебеді ме қалай болғанда да бағымыз бар ұл екенбіз – әлем сахнасына «Қазақстан» деген жаңа атпен, жаңа мемлекет боп қайта шықтық! Тәубә!

Ендігі міндет – Көк Аспанның өзінен жыртып алған алты құлаш қасиетті Көк байрағымызды биіктен түсірмеу! Ал, осы міндетті жүзеге асыру үшін не істемек керек?!

Ол үшін – Қазақ жаңғыру керек. Қазақ өз бойындағы масыл қасиеттерін жойып, асыл қасиеттерін жаңғырту керек, Ұлт болып тіршілік ету уақытын мәңгілікпен ұштастыру қажет!

Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің 2018 жылғы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында «Ұлттық салт дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген еді. Сайып келгенде Елбасының «Бірінші – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екінші – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген сөзін тағы кесе көлденең тартамыз. 

Араға жыл салып жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасымыз бөлім-бөлімге бөліп, көп дүниені соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетті. Енді оны жүзеге асыра алмаса қазақтың өзіне сын. Әлем Аристотельден кейін «Екінші Ұстаз» деп баға берген, ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабиды дүниеге әкелген Қазақ халқының әлем алдында айтары да, көрсетері де, үлгі бола аларлық тұстары да көп әрине. Бай фольклоры 100 томнан асып жығылатын қазақтан өзге халық жоқ-ау сірә. Осыдан аз ғана уақыт бұрын мемлекеттің қолдауымен жинақталып оқырманымен қауышқан «Бабалар сөзі» дәлел. Әлі де зерттелмей, жинақталмай жатқан асылдарымыз қаншама. Елбасы мақаласында: «Фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет» деген болатын. 

Осы тұрғыдан келгенде әдебиет пен мәдениетті дамыту, жандандыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өзіміздің Ақмола облысында атқарылған бірқатар шаруларға тоқтала кеткен артық болмас. Сал-серілердің алтын бесігі болған Көкше өңірі әдебиет пен өнерден құр алақан болған емес. «Рухани жаңғыру» аясында, «Сал-серілер» сериясымен жазушы Жабал Ерғаливтің құрастыруымен күні кеше сол сал-серілердің бастауында тұрған – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сынды тұлғалар жеке-жеке кітап болып жарық көруде. Жабал Ерғалиевтің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі атқарған қыруар еңбегі жайлы жазылған «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты еңбегі бір төбе! Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен қазақ әдебиетінің алтын қорындағы шоқтығы биік шығармалардың бірі – Сәкен сері Жүнісовтың «Аманай мен Заманай» кітабы ағылшын тіліне аударылып шетелдік оқырмандарына жол тартты. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің он бір томдық шығармалар жинағы мен батыр туралы жазылған «Қазақтың оқжетпесі» мақтануға лайық кітаптар. Биылғы 2019 жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялады. Жыл соңына таяу Көкшетаулық жеті жас ақынның жеті кітабы жарық көріп, жоғары деңгейде ұйымдастырылған «Жетеудің хаты» атты шығармашылық кеш өтті. Кешке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәлеттің келуі де біздің жастарға артқан сеніміміздің ақтала бастағанының көрінісі іспеттес. Тағы бір қуаныштысы – Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақмола облыстық жастар театрының» құрылып жатқандығы. Бұл еңбектің жемісін жуық арада көреміз деген сеніміміз мол. «Жастар жылы» осы жастардың жаңа белестерді бағындырып, халыққа жаңа тың дүниелерді ұсынатын жыл болса екен деп тілейміз. 

Қазақтың біртуар перзенті, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген сөзі бар еді. Бұдан асырып айту мүмкін емес те шығар. Ұлы Даланың төсінде туған біздің ұлттың ұлы болмауға қақысы жоқ, осыны естен шығармайық, Қазақ!

Қуаныш Оспан,

Көкшетау қаласы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...