Ата-тек тарату

САЛТ-ДӘСТҮР
7857

Қазақта "Жеті ата, жеті ұрпақ" деген қасиетті ұғым бар. Жеті ата - өзінен жоғарғы жеті буын аталарды білдірсе, жеті ұрпақ - өзінен төменгі жеті буын ұрпақты білдіреді.Жеті атаға дейінгілер жақын туыстар, 7-14-ші атаға дейінгілер ағайындар, 14-21-ші атаға дейінгілер жамағайындар болып аталады.

Қазір жеті атаны әртүрлі нұсқада жазып жүр. Әке, ата, баба, арғы ата, түп ата, тек ата. Кейбір басылымдарда жеті атаны өзінен жоғары үш ата, өзінен төменгі үш ұрпаққа өзін қосып жетіге толтырып жүр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Бұл жеті буын ұрпақты білдіреді.

Ал, жеті ұрпақты бала, немере, шөбере, шөпшек, немене деп жазады. Жетіге толтырмайды. Немене деген атау тіпті үйлесімсіз.

Ал, арғы ата, түп ата деген атаулар жеті атаның ішіндегі аталардың атаулары емес. Арғы аталар деген жетінші атадан бұрынғы 14-ші атаға дейінгілердің атауы және 14-ші ата түп ата болады. Ал, 14-тен жоғарғы аталар арғы бабалар деп аталып, 21-ші атаны тұқиян дейді. Бұның дәлелі Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме шейін" деген кітабы болмақ. Ол өз кітабында ата-тегін 21-ші атаға дейін тектеген. Тұқиян деген сөздің өзі алыстан, ту-қияннан деген мағына береді ғой.

Бұрынғы бабаларымыз ата-тек атауларын мәнді, мағыналы қарапайым атаулармен атаған. Бұған әке, ата, баба деген үш буын ұрпақты таңдап, бұлардың үлкенінің алдына ҰЛЫ деген ұлықтау, құрметтеу мағынасындағы атауды қосып, жеті атаны әке, ұлы әке, ата, ұлы ата, баба, ұлы баба, тек ата деп атаған. Сонда өзінен жоғары жеті атаға толып тұр. Өзі атаға да, ұрпаққа да кіріспейді. Өзінің атасын ұлы әке дейтін үрдіс осы күнге дейін сақталған. Тек ата деген текті ауыстыруға байланысты айтылған. Рудан сүйек тарайтыны осының дәлелі.

Ал, жеті ұрпақты бала, немере, шөбере, шөпшек, жүрежат, туажат, жекжат, жұрағат деп таратқан. Бұл да өзінен төмен жеті ұрпаққа толып, сегізінші ұрпақ жұрағат болып, қан жақындығынан толық алыстағанын білдіреді. Бұл генетикалық жағынан алыстағанын меңзеген, әйтпесе туыстық қатынас жағынан алыстағанын көрсетпейді. Руы бір болса туыс деп есептейді. Сонда бабаларымыз генетиканы жақсы білгені ғой. Өйткені, бесінші ұрпақтан бастап қан жақындығы алыстап, жүре келе жат (жүрежат), алтыншы ұрпақ туа сала жат (туажат), жетінші ұрпақ шекжат (жегжат) делініп, туыстық пен жаттықтың шегі дегенді меңзеп атаған. (шекжат дыбыстық өзгеріске ұшырап жегжат болған). Жеті атаға дейін қыз алысуға болмайды деген қазақ пәлсапасының мәні де осында жатыр. Бұны ұрпақ атаулары арқылы бекемдеп, мызғымастай етіп берген. Міне, дана халық деп осыны айт. Сонда бұл жегжаттар, жұрағаттар ғана басқа жегжат, жұрағат болатын ұрпақтармен құдаласуға болатынын білдіреді. Құда жегжат деген сөз де осыдан шыққан.

Сонымен, қорыта айтқанда бұрынғы бабаларымыздың ұстанымын жаңғыртып, ата-тегімізді бірізді атаулармен атасақ деймін. Олай болса ата-тегімізді: 1. әке. 2.ұлы әке. 3. ата. 4. Ұлы ата. 

5. баба. 6. ұлы баба. 7. тек ата. Жеті ұрпақты:

1. бала. 2. немере. 3. шөбере. 4. шөпшек. 5. жүрежат. 6. туажат. 7. Жегжат. 8. жұрағат деп қалыптастырсақ...

Біздің пайымдауымыз осылай, қалай қабылдайсыздар.

Мекеш Тәліп

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...