Елбасы мақаласы отандық тарихшылармен қатар жазушыларға да біраз жауапкершілік жүктейді.Өйткені онда...
Қазақтың 50-ден аса табақ тарту дәстүрі болған - Этнограф
Қазақ халқының қонақ күтуі бұрынғы заманнан келе жатқан жақсы бір үрдісі. Бүгінде қонаққа келген шетелдіктер қазақтардың осы қырын ерекше атап өтіп жатады. Тengrinews.kz тілшісі этнограф Болат Бопаймен сұхбаттасып, қонақтың түрлері, әр қонаққа тартылатын табақ түрлері және табақ дұрыс тартылмаған жағдайда қандай айыптар салынатыны жайлы білді.
"Дастарқанда дәм тұрса, үйде мән тұрады"
Қазақтың ұлы тарихында ықылым заманнан бері қарай ата-бабаларымыз, аналарымыз дастарқан мәзірін ерекше ұстаған. Ас сыйлау мәзірі қазақта ерекше мәдениетке және ерекше дәстүрге құрылған. Қонақ күту деген қазақтың ең маңдайалды, ең мықты ұстанған тәртіп-тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлерінің бірі.
Аналарымыз дастарқанын жайған. Қазақта мақал бар - "Дастарқаның кең болсын, пиғылың оған тең болсын", "Дастарқанында дәм тұрса, үйде мән тұрады" деп қараған. Әрқашан дастарқанның дәнсіз қалуын жақсы ырымға баламаған. Сондықтан дастарқанның молшылығы - байлықтың, бірліктің, жақсылықтың, тоқшылықтың және тыныштықтың белгісі. "Ас жегеннің аузы жұмсақ" деп қараған.
Табақ түрлері
"Құдайы қонақ", "арнайы қонақ", "қыдырма қонақ", "қылғыма қонақ", "сый қонақ" деп қонақтардың өзін әртүрлі мазмұны мен жағдайына қарай, үлкен-кішілігіне қарай, ер-әйеліне қарай қонақтарды да бөліп сыйға сый, құрметпен, дәстүрмен, тәртіппен ұстанған.
Сол қонақтарына тартатын табақтың өзінде қазақта өте көп. Табақтардың түр-түрлері бар. Мәселен, қазақта "бас табақ", "орта табақ", "аяқ табақ", "жай табақ", "қос табақ", "сый табақ", "күйеу табақ", "келін табақ", "жезде табақ", "жеңге табақ", "құда табақ", "құдағи табақ", "бала табақ", "қыз табақ", "құрдас табақ", "қонақ табақ", "жау табақ", "кежім табақ", "беташар табақ", "шашу табақ", "сірге табақ", "сын табақ", "қыр табақ", "абысын табақ", "сіргежияр табақ", "табалдырық табақ", "тілашар табақ", "төре табақ", "төрткүл табақ", "сыралқы табақ", "сырласу табақ", "табысу табақ", "айырылысу табақ", "таңсық табақ", "жерік табақ", "тау табақ", "қарын табақ", "қарымжы табақ", "шеге табақ", "асар табақ", "серт табақ" деген қырық-елудің үстінде қазақтың бұрынғы уақыттарда табақ тарту дәстүрі болған.
Табақтардың шығу тегі
Осы табақтарға ат қоюдың өзінде де үлкен мән, зор мағына, өмірлік үлкен сипат бар. Адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастар бар. Сыйластық, құрметтеу, сыйлау, бірін-бірі күту, ас тарту - үлкен мәзір. Осының барлығын айтылып отырған түрлерді, салттарды, береке-бірліктерді, аралықтағы туыстық қарым-қатынастарды, құдалықтарды, алыс-жақындарды, барлығын тартатын табағына байлап отырып сіңірген. Әр табаққа тартатын кәделі жіліктер, әртүрлі дәстүрлер, ырымдар, баталар осы табаққа байлап қойған.
Сондықтан, қарап отырсақ қазіргі заманда барлығы бір әйтеуір ет тартады да, қайсысы "төре табақ" қайсысы "бас табақ", қайсысы "орта табақ" қайсысы "аяқ табақ" екені белгісіз, әйтеуір бас салынса болды, сосын "бас табаққа" жамбас салынса болды, үлкендердің алдына баратын табақтардың барлығы - "бас табақ", жастардың ортасына тартылған орта табақ болып жүр.
Бұрынғы заманда бір соғым сойғанда, оның ең майлы, ең жайлы, ең кәделі, ең етті, ең жұмсағын мынау "құдайы қонақтікі", мынау "арнайы қонақтікі", мынау "қыдырма қонақтікі", мынау "сый қонақтікі", мынау "құданың кәдесі", мынау "құдағидың сыбағасы", мынау "ұлдың шыжығы", мынау "қыздың қазысы", мынау "күйеудің сыбағасы" мынау "келіннің, жезденің ..." - деп бүтін бір қыстық соғымды басқаларға сый-сыбаға ретінде сақтап, табақ-табаққа бөліп, мынау "бас табақтың еті", мынау "орта табақтың еті - деп соны дәмдеп, тұздап, кептіріп, сүрлеп қоятын. Міне қазақтың береке бірлігі сонда.
Бүгінде қай табақ түрлері бар
Қазіргі заманмен салыстырғанда, бір жылқы - 2 мың АҚШ доллары болса, экономика ақша деген сөз, былай қарағанда кептіріп сататын босла тауарды одан ары қымбатқа өткізуге болады. Бірақ қазақ соны өздері жемей, қонақ келгенше дайындап қойған астарын басқаларға сақтап отырған. Содан-ақ өздері қақпыштарын жеп, қалғандарының барлығын өзгеге, сыртқа беретін болған. Осының өзі дәмді дәнекер еткен қазақ халқының ұлы дәстүрінің береке бірлігінің нәтижесі. Осы береке-бірліктің нәтижесінде осыншалықты көп дастарқанындағы бір ғана ет тартудың қырық түрлі түрі бар. Табақ тарту деген - керемет терең ұғым. Керемет зор береке. Бірліктің, тірліктің жарастықтың, жақсылықтың, ұлағаттылықтың, ұлылықтың нышаны. Осының барлығы отбасындағы ошақ қасындағы жалғасып жатқан ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты ұғымдар. Тәрбиенің негізгі бастау көзі осы. Әрқашан дәмді дәнекер деген, қасына көшіп келген көршісіне де ерулік табағын апарады.
Қазақтың мәдениеті, ас ішу мәдениеті, ас сыйлау мәдениеті, дастарқан ұстау мәдениетінен бұрынғы аналарымыздың өте керемет болғандығын білуге болады. Ол табақтарды әшейін түрлендіріп, қызық үшін тартып отырған жоқ, сол тағамдардың сақталып қалуы үшін, сол сый-сыбаға ұғымдарының жойылып кетпеуі үшін, сол береке-бірліктің бұзылып кетпеуі үшін осыншалықты табақтарға ат қойып, осының өзін ұлттың үлкен меншікті брендіне, кодына айналдырған. Табақ тартуда керемет жарастық бар, бірлік пен береке бар.
Ал енді "Бас табаққа" не кіреді? Қойдың басы, жамбасы, кәрі жілігі, белдемесі кіреді. Қосымша жауырыны мен асық жілігін қосады. Бірақ әуелі "бас табақ" болуы үшін байлар бүтін бір қойдың етін асып бірақ тартатын болған.
Бұл жерде біз біліп алатын бір жайт, ірі қара мал болсын, ұсақ мал болсын, төрт түлік малдың ішінде қой мен ешкі бір түлік, қалған үшер қара үш тілік, барлығы төрт түлік деп аталады. Сонда төрт түлік малдың әр қайсын сойған кезде, бауыздаған кезде көңіл бөлетін нәрселер: малдың денесінде 2 мәкрүһ (бүйрек пен бауыры), тоғыз харам (қаны, безі, жынысы, қуығы сол сияқты тағы да) бар делінген. Сол үшін табаққа салған кезде, ет піскен кезде, құданың алдына, қонақтың алдына үлкен болсын, кіші болсын, ер болсын, әйел болсын алдына тартылған еттің ішінен без шығып қалмауы керек. Без шығатын болса, бұрынғылар тоғыз ірі қара, тоғыз тіркеу айдатып, айып қоятын болған.
Табақтың үстіне басты қойған кезде - маңдайын тіліп қояды, ол тіліп қоятын себебі крест белгісі деп жатады, бірақ олай емес ол негізінде қосу белгісі. Басты жеке жемеген. Басты жеке жейтін болса, жеке қаламыз деп есептеген. Соғым сойғанда, өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, ел-жұртын шақыртып, ақ батамен сойған. Әлгі қосу белгісін қою себебі осыдан шыққан, басымыз қосылып жүрсін дегенді білдіреді. Ол шаңырақтағы күлдіреуіштің белгісі. Сондықтан бастың орны - үлкен болады. "Бас табақта" тұрады. "Орта табақта" бас болмаса да, жамбас, асық жілік, ортан жілік, жауырын, белдемелер болады. "Аяқ табақ" деген - ортан жілік, асық жілік, төс тартылады. Негізінен күйеу балаға төс пен асық жілік беріледі. Үлкендерге - бас пен кәрі жілік жамбас тартылады. Қазы-қарта, жал-жая дейді.
Табақ дұрыс тартылмаған жағдайда қандай айып тағылады?
Әр табақтың өз орны бар, әр табақтың сыйы бар, әр табақтың кәдесі бар, кәделі жілігі бар. Кәделі жіліктің біреу салынбай қалса, біреуі кем болып қалса бұрынғы билер, шешендер, ұлы аналар мен аталар, білімдар, көсем адамдар алдына келген табаққа тоймаймыз деп отырған жоқ, сол дәстүр сақталмай қалады деп, айып қояды. Бәленбай жілігі жоқ қой, бәленбай қосымшасы жоқ қой, бастың маңдайы тілінбепті ғой, болмаса мына жері анадай, ана жері мынадай деп ең кемінде жамбастың шұңқырын төмен қаратып тартып қойыпсың деген сияқты сын айтылады.
Баяғы бала кезімізде Қамария деген әжеміз болған. Әрбір тойға барған кезде ол кісі тартылған табақтарға мін тағып кетеді екен. Содан кейін бір тойда жақсы дайындалса керек, әжеміз үндемей кетіп бара жатса, бір пысықай жігіт "Қамария апа, осы жолы үндемей кетіп бара жатсыз, табағымыз дұрыс тартылды ма" дегенде, "Жамбастың шұңқырын төмен қаратып тартып тұрғандарыңа мақтанып тұрсыңдар ма?" деген екен. Сол ұқсаған ол жерде етті, жілікті табақтың шетіне не ортасына қою, қонаққа басты қаратып қою сияқты ұлағатты тәртіп жасақталған. Бұл тәртіпті сақтау деген, ұлттың мінезін, дәстүрін жоймай, жоғалтпау үшін сондай ереже болған. Табақ дегеннің түрлері осындай өте көп.
Мысалы "кежім табақ" деген табақ бар. Бұл да ұмытылып кеткен табақтардың қатарына жатады. 1848 жылы Абайдың әкесі Құнанбай Абақ керей еліне барғанда Шәку би үлкен табақ тартқан. Табақ тартқан кезде бір қойдың етін бірақ тартып, төсін бұзбай тартқан. Шұбаталы, бір силы ғасырында бір тартылатын табақ деген. Бұл табақ міне, 170 жыл өтсе де тартылмай келе жатқан табақтың біреуі.
Әр жілік, әр кәде жілігіне байланысты өзі сөйлеп тұрады
"Жезде табақ" деген де кәде бар. Онда жездеміз ортан жіліктей болсын деп, ортан жілік тартады. Жауырынды болсын деп жауырын қосып тартады. Арқалы болсын деп арқа қосып тартады. Содан кейін батасын береді. Батадан кейін қасында қосымшалары жүреді. Жездесінен алатын көрімдігі бар, жездесіне беретін сыйы бар. Сыйсыз, кәдесіз ешуақытта қазақ табақ тартып көрмеген. Қазіргі жағдайда біздің көп дәстүрлеріміз ұмыт болып бара жатыр.
"Бала табақ" деген - тәтті тағам, шапан, ойыншықтар болады. "Қыз табақ" - қыз балаға сырға қояды. "Құрдас табақ" дегенде кереметтей сырластық болады. Құрдастар бір-біріне сый жасайды. Табақтары бірге жүріп отырады. Айтылатын баталары, сөздері болады. "Қос табақ" деген батырларға, балуандарға, шешендерге, көсемдерге, құда-құдағиларға, үлкен адамдарды құрметтеп сыйлап көрсеткендей "қос табақты" қатар тартады, оны "үстеме табақ" деп те айтып жатады. Үстеме деп етте салып отырады. "Тілашар табақ" деген бар. Балаларды оқуға бергенде, алғаш тілі шыққанда, тартылатын табақ. Малдың тілін қойып, тілін жегізеді. Оның да тарту дәстүрі бар. Айта берсе роман жазып шығуға болады.
"Төрткүл табақ" деген ұмытылған табақ түрі бар. Төрт түліктің әр малдың етінен (Қойдан, ешкіден, сиырдан, ешкіден және жылқыдан) жілік қойып тартады. "Сыралқы табақ" деген де керемет табақ. Ұмытылған табақтардың бірі. Сырласу үшін тартылатын табақтың түрі. Қонақтың алдына таңдай қойып қояды, қонақ болса бірден "е-е-е, мынау сыралқы табақ екен ғой" деп түсінеді. Құда түсу кезінде болсын, басқа да жағдайларда болсын тартылатын табақтың түрі.
"Табысу табақ" - көп жыл бойы көріспей қалған, болмаса өкпе-реніш болған кезде табысу табағын тартады. "Айырылысу табақ" деген - алысқа кетіп бара жатқанда айырылысып қазан асатын табақтың түрі. "Таңсық табақ" деген бар ерлер не әйелдердің аңсап, көксеп жегісі келгенде сол асты асып, тартылған табақты айтады. "Жерік табақ" деген босанатын әйелге тартылатын табақтың түрі.
Суреттері: Евгений Волковтікі