Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Мақалад...
«Кіші» ПАГАНИНИ (құрмет эссе)
Фотосурет ашық дереккөзден
Оны мен өренжі кезінде ұшыратқам-ды. Тұңғыш рет көруім де сол. Орта бойлы нығыз дені қара торы бозбала. Қолтығына қысқан баянын барқыратып келе жатқаны есімде. Өзімнен сәл үлкендігі бар 1953 жылғы төл, шамалы ғана аға. Алайда замандас едік. Ол кезде қыздардың бәрі тұңғыш «Сағыныш» әнімен атағы аспандаған музыкант бозбалаға үйірсек. Қараторының қара бұйралау шашына сәйкес сезілетін итальяндық әлемді таңғалдырған бір сазгер болған. Өзі сол табыттан оянған шайтан скрипкашы Никколо Паганини (Niccolò Paganini)-дің бейне сүгіретіне ұйқастау киінген.
Оның қалтасы да қалыңдау болса керек білемін... Қанша дегенмен беделді жандармның баласы, тіптен өз тұсында әйгілі дәулескер күйші болған әкесінің ізбасары ғой. Әкесінен домбыра мен мондолиді, өзге ұстаздарынан гитараны үйренген. Әкесі Сақай Қарсыұлы атақты күйші, «Күй керуені» кітабы жарық көрген өнерқұмар зиялы, анасы Базархан Қалтабайқызы театрда тамаша әнші болған.
Көше бойындағы бір сәкіге пышақтың қырындай сымына «кір жұқпасын» байқады да: бөксесімен ептеп жартылай жайғасты да керенау кейіпен аспанға қараған.
Тәкәппарлау ма!? «ВТ» деген бір сирек сәнді шылымды езуіне қияс іліп, бір көзін сығырайтып отырып бір тамаша әуенге басар еді аңыратып. Мұмкін шекті аспаптарға арналған бір керім сонетаның жаңаша түрі ме кім білсін!? Дүр-дүр, шың-шың еткен шырмауық сазды боздатып барып дар еткізіп көкала баянның көп қатпар бетін қайыра жапқанда иіліп сәлем берген едік. Сүйріктей жұмсақ саусағының ұшын да ғана қимаған бізге...
– Салаумәликүм!
Ол кезде осы аңыз музыкант «әліксәлем» деді ме, әлде емеруін етті ме, нақты есімде жоқ әйтеуір оң қолымен барылдақ баянның барлық түймелерін түгелдей тырналап отырған-ды. Тіптен ерініндегі шылымның тұқылын өткен ХVII ғасырдағы патшаның текті ханзадаларындай жөтіркеніп, тістеніп тұрып үшкіл туфілінің табанымен таптап барып алдындағы бізге бетін бұрғаны есімде. Еркелік пен кежірлігі қатар ұштасқан «каприз»-дің соншама бұлдайтыны жоқ... Оны желіктірген құдыретті қайталанбас музыкалық саз әуені. Бірақ та, қатты толқып тыңдайтыны қазақтың қара домбырасы және ғаламның ғаламаты – Никколо Паганинидің – «Каприс №24» деген ғарыши әуені болса керек...
Сақай Құрмет деген жетпісінші жылдар ширегіндегі 16 жасар жеткіншек сазгердің өспірімдер арасында хит бола бастағаны да осы кезеңі. Құрметтің өзін-өзі әуенге әуес етуі, әсіре құмартуға жегілуі, жетуі де мінеки. Өнер мектебінің өрен өренжісі кезінен ішкі құлшынысы сезімі адреналины өзін біртүрлі музыка дыбысына қарай алып қашқан секілді... Өзін өзі танып, өзін ұмытуы да (trauma), әуезге өлердей ғашық болған сәті де сол тәңірі берген таңғайып уақыты. Ардагүлден де бұрын ғашық болғаны – музыка әлемі оның.
Түйсігінің түгел әуезге тәуелді болған инстинктісінің шын тірілген шағы, тітіркенген құмарлығының оянған сол бірегей «құтырынған» әуен ғұмыры тұр осы аралықта. Біздің білуімізше құдыретті сазгер Құрмет егіл де тегіл есі кете берілді осынау өнерге. Оның натурасы табиғи нысаны тек ғана – үн нотаны сүюге бағышталды, бағынды, арналды. Барлық күш-қуатын, уақытын түк қоймай сарқығаны саз әлемінде өзіне тән өнімді шоппинг (shopping) өргені өте анық көрінеді. Құрмет өзі өрескел қазақы «каприз» де бәзбірелерше рудың содырларынан алыстау жүретін «кірпияз» жан.
Моңғолия қазақ жастарының арасында атышулы кумирі һәм Сақай Құрмет деген саз ғұмырдың егесі яки олар үшін: "кіші" Паганини еді. Кәдімгі музыкадағы еркіндіктің, тәуелсіз өнердің жетегінде жүрген бозбала болашақта 300 астам әннің ақиесі боламын деп ойламаған да болар!? «Нені аңсайтынын» да Ұлы Мұқағали сөзімен ұсынған жасөспірімдердің сыңғыр да сиқырлы бір әні – оның өмірлік «күміс қоңырауы» болды да. Батыста екстремум деген уақапты ұғым бар. Осы қасиет Құрмет сазгерді түбеселікті иемденген. Тәукелге бел бууы, өз дегенімен, өзінің ішкі тәртібімен жүруі, кейде өзгені де онша мойындай қоймауы, қырыстығы да қырағылығы баршылық дейік. Орыстардың байырғы лепесі бойынша: нағыз – «крайние» талант. Бұны бұлай бағалауымызда: оны құдай қосқан жары Ардагүл Мұстафақызының отбасылық тәртібі мен оның қысқан уысынан шығып кетеді дегеніміз емес. Құрметтің құрметке лайық болған сәттері, түген орындарға ие болғаны, үкіленгені, үлкенді кішілі марапаттары да көп шығар.
Ол кәрі Көкшенің өңірінде XVIII ғ.қазақтың он сегізінші ханы Абылайдың алтын таққа отырған аялы ұйығы, оның шөбересі Аққанбұрлық мен Әуликөлдің әндігері Көкше окурігінің аға сұлтаны Шыңғыстың бел баласы ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың табан ізі қалған дарқан дала, қазақтың Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, үкілі Ыбырайлардың жүрген жер жәннәтіне көшіп келгелі де бірсыпыра істер тындырған. Серілер мен жекей бұлаң әндігерлер жүрген ән даланың руһы және Сарыарқаның сайын мұнарлы түземі Сақайдың баласын ән сазынан айырмаған. Құрмет Сақай, ақын Баман Құрманханұлының сөзіне қарт Көкшенің ұран вальсін де жазды!
Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында (1974-1979) оқыған. Моңғолия Өнер мектебінің түлегі «Сүхбаатар атындағы» шәкіртақының иегері тұнып тұрған өнер егесі Құрмет Сақайұлы.
Сұраған Рахметұлы