1 сәуір – қандай күн?

СӨЗДІҢ АТАСЫ
4117

1 сәуір – Күлкі күні бүкілхалықтық бейресми мереке. Басқа мерекелерден айырмашылығы сол, шығу тарихы белгісіз. 1 сәуір  Халықаралық құстар күні. Иран Республикасы Республика күнін атап өтеді. Қазақстан халқы геолог мамандардың кәсіби мерекесін атап өтсе, дәл осы күні жыл сайын Стамбулда қызғалдақтар фестивальі мерекеленеді.

 

1 сәуір – Күлкі күні. Бұл күн әзіл - қалжыңға толы сонымен қоса өзгелерді алдау күні деп есептеледі. Бұл күні алданғаны үшін ешкім қабақ шытпайды.

Италияда бұл күнді «Ақымақтар» күні, Англияда «Көңілді алдаушылар күні», Шотландияда «Көкек күні», Жапонияда «Қуыршақтар күні», АҚШ - та «Ақымақтар күні» деп аталады екен.

Бұл мереке әлемдегі бірде-бір елдің діни немесе тарихи дәстүрімен байланысы жоқ. Баяғыда күнтізбе бойынша 1 сәуір күні ерекше күн болды ма, болмады ма бізге беймәлім?

Болжам бойынша бұл мерекенің тарихы көне заманнан бастау алады, ертеде тойланатын көктем мерекесімен байланысты болуы мүмкін делінеді.

Ежелгі гректер ерте көктемде Күлкі құдайының құрметіне арнап құрбан шалып, әдемі ән-күй шырқап, би билеп көңіл көтеріп, ерекше тойлайтын болған.

Ежелгі Грек жазбаларында адам міндетті түрде көңіл көтеріп, күлуі қажет деп есептейді. Күлкі адамды емдейді және жағымсыз қасиеттерден тазартады деп түсінген. Бұны «рухани тазару»(катарсис) яғни күлкі арқылы тазару деп атаған.

Қысқа әзілдер мен сықақ өлең, өткір тілмен жазылған қысқа сөйлемдер ең алғаш осы кезеңде пайда болған делінеді. Әзіл әңгімелер алғашында қабір тастарында жазылған, сонан соң әдеби шығарма болып енген.

Қазіргі кезде 1 сәуір күні ешкім демалмайды, бір - біріне сыйлық ұсынып, мерекелік дастарқан жайылмайды. Тек ел бір - бірімен қалжыңдасып, көңіл көтереді.

Кейбір деректерде бұл күнді тойлау Францияда бастау алған деседі. Ежелгі римдіктер де ақпанның он жетісінде «ақымақтар мерекесін» атап өткен. Шығыс Үндістанда наурыздың отыз бірінде «қалжыңдау салты» ежелден етек алған екен.

 

Бірде таңертең Петербор тұрғындары әдетте өрт шыққанда ұрылатын қатты дабылдың даусынан оянады. Әбігерге түскен халық өрт ошағын көре алмайды. Сөйтсе, бұл әзілкештердің ойыны екен. Әзілкештердің бұл әрекеті сәуірдің біріне тап келді. Сол кезден бастап, бұл ойын халық қолдауына ие болды.

Күлкі күнінің аталуы мен ерекшелігіне келер болсақ, Франция, Англия, Америкада бұл – ақымақтар күні, Испанияда – дөкірлер, Үндістанда – тоқылдақ, Жапонияда – қуыршақтар, Шотландияда тепкі күні деп аталады екен. Бұл күні әркім таныстарының арқасына сездірмей «мені теп» деген жазу іледі де, оны сырттай күлкіге айналдырады. Бірақ атаулар әртүрлі болғанымен, бұл күн күлкі күні болып саналған соң, бұл күнгі қалжыңға ешкім ренжімейді. 1 сәуір ресми мереке емес. Бұл күні ешкім демалмайды, бір-біріне сыйлық ұсынып, мерекелік дастарқан жайылмайды. Тек ел бір-бірімен қалжыңдасып, көңіл көтеріп, күлкіге қарық болады.

Әзіл-қалжыңға қашанда теріс қарамайтын қазақ халқы да бұл күнді ескерусіз қалдырмаған. Қыстың қыспағын, ерте көктемнің алай-дүлей мінезін қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні бір-бірінің көңілін қалжыңмен көтеруге тырысады.

1 сәуір  Халықаралық құстар күні

Халықаралық құстар күні 1906 жылы Құстарды қорғау бойынша конвецияның бекітілуінен кейін атап өтіле бастады. Құстардың барлық түрін жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу осы конвенцияның негізгі қағидаларына жатады.

Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға; аң аулаудың белгілі бір түрлеріне тыйым салуға немесе шектеу қоюға; құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталған.

Құстар – табиғат, өмір көркі. Халық шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, қас сұлуын аққуға, ез жігітін жапалаққа теңеген. Ертеде байлар мен патшалар, хандар бұлбұлды бағында сайратып, тотыны үйінде ұстаған, аққуды көлінде жүздіртіп, сұңқарды қолына қондырған. Құс барлық пен байлықтың, әсемдік пен сұлулықтың белгісі болған.

Табиғаттың қысқы ұйқыдан оянуын танытатын көктем хабаршысы Құстар Күні мерекесі кей деректер бойынша алғаш рет қауымдық мереке болып 1894 жылы АҚШ-да өткізілді. Бұл мейрам қарқынды түрде газет басылымдарынан жарық көріп, АҚШ-ның басқа да штаттарына, Еуропаға да жетті.

Бүгін сондай-ақ Иран Республикасы ұлттық мейрам – Республика күнін атап өтуде. 1979 бүкілхалықтық референдумның нәтижесі бойынша Аятолла Хомейни Иранды Ислам Республикаcы деп жариялады. Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, батысында Түркия, Иракпен, шығысында Ауғанстан және Пәкістанмен  шектеседі. Солтүстігінде – Каспий теңізі, оңтүстігінде – Парсы және Оман шығанақтары. Астанасы – Теһран қаласы. Ресми тілі – парсы тілі. Мемлекеттік діні – ислам дінінің шиит тармағы. Ақша бірлігі – риал. Елді президент басқарады және ол төрт жылға сайланып, Министрлер Кабинетін де басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы – бір палаталы парламент.

Иран 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Елде шет ел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1978-1979 жылдары халықтың үкіметіне қарсы жаппай бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шиит дінбасылары басқарды. 1979 жылғы ақпанның 11-інде болған революция нәтижесінде шаһ үкіметі құлап, сәуірдің 1-нен бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-ында орнатылды.

Геолог күні – жыл сайын сәуірдің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен белгіленген.

Сондай-ақ жыл сайын 1 сәуірде Стамбулда қызғалдақтар фестивальі (Istanbul Lale Festivali) өтеді.


Әлемге әйгілі қанық түскен боялған гүлдер мерекесі Түркияға ағылатын мыңдаған туристердің қызығушылығын оята білді. Болмысы өзгеше мереке бір айға жалғасады. Жыл сайын сәуір айында Стамбул көрікті гүлдер мекеніне айналып, әлемдегі қызғалдақтар астанасы атанады. Қала көшелеріне миллиондаған қызғалдақтар отырғызылады.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...