МЕН СОРЛЫЛЫҚҚА КӨНБЕЙМІН!Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық мәдениетке деген немқұрайлығы, ас...
Тереңнен терген қымбат сөз
Адам неге жалаңаш жүрмейді? Себебі, ол суықтан, күн мен желдің өтінен қорқады. Киініп жүргенде қастығы жоқ нәрсе – жалаңашыңда жау болып тиеді. Сол сияқты Жан да қорғанышты қалайды. Елдің көңілін табу мүмкін емес. Және оған міндетті де емессің. Әркімнің өзіне тән көзқарасы, ұстанымы болуы тиіс. Соған ғана сүйеніп, қоғамдық қатынастарға араласасың. Соның арқасында өзің туралы көпшіліктің пікірі туындайды. Мысы немесе пысы басым деген ұғым бар. Табиғаттың өзі қалаған жартасындай мызғымас мінез бен әрекет жолың салынып, сонымен тайсақсыз өмір кешесің. Бұл тұлғаға айналу деген сөз.
Ал біз көбіне-көп төңірегімізге селсоқ, үстірт немесе жеңілтек қараймыз. Біз көзалдымызға көрінген, қолымызға ілінген нәрсені ғана аңғарамыз да формасына қарай пікір тудырып жатамыз. Ары қарай астарына үңілу деген қаперге де келмейді. Бәрін қолма-қол, пышақ үстінде шешуге тырысамыз. Содан барып жаңылыс жолға ұрынып, жалғандыққа бой алдырамыз. Егер шынтуайтына келсек, біздің шешуге тырысқан мәселеміз – мәңгілік сұраққа жауап іздеу еді. Соны түсінбегендіктен жалаң өмір кешіп, жалтаң тірлік жасап, жалқау мінезді мінеміз.
Күллі тіршілік иесі өзінің жансақтау қабылетінен әлі күнге жаңылған жоқ. Қатерді сезе білу керек. Қауып тасыған өзен, қопарылған тау сияқты келе бермейді. Ол көз үйреніп, етің өліп кеткен күнделікті тірліктің әншейін ғана әсері секілді тиюі мүмкін. Танысыңның мұңы, әріптестерінің түгесілмейтін қыңқыл-арызы, сол тәрізді негативке толы ақпараттар бірте-бірте жүрек түкпіріңе жинала береді де бір күні ернеуінен асады. Бұндай жағдайға қалай тап болғаныңды өзің де өзге де білмес. Оның алдында бойкүйездік, болдыру тіпті өмірден шаршау сияқты синдромдар меңдейді. Сені шаршатып жүрген өмір емес – өзгелердің күйкілігі мен өзіңнің жан ашықтығың екенін түсінбейсің. Ол үшін не істеу керек екені де беймәлім. Сұрағы көп, жауабы жоқ мәңгірген тұңғиыққа тап боласың. Бәрін сілкіп тастап, ұмыт деу оңай. Тек бір ғана нәрсені білген жөн. Бұл – сенің өзің ұйымдастырған әлемің екенін. Егер үй салып, ол саған ұнамаса, қайта бұзып, қалауыңша жасауға болады ғой. Сол сынды іші түнек пен түтінге толы, тұншықтырған жасанды әлемді тас-талқан етуге бел буу керек. Оған көмектесетін білімің, білігің, таным көзіңнің ашықтығы, жасаған ісіңді дәлелдей білетін жауаптылығың, ең соңында әр сәті жаңа құбылыс әкелетін мына өмірде барлығың. Өмірді көріп, ести алатын қабылетіміз тұрғанда өз жаныңа туыс әлемге көшу керек. Ал позитив болған жерде депрессия, сенімсіздік тағысын тағы жағымсыздықтар кіріп-шыққан көршідей ғана көрінеді...
Гүлмира Әжіханова