Ерлан Рысқали: «Құрметті ағайын, баршаңызды сабырға шақырамын» – #КүшімізБірлікте

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2247

Көшіміздің басында тұрған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңынан еріп, сол кісіні қолдап, мейлінше ынтымақпен жүруіміз керек деп айтқым келеді. Мұндай пікірді танымал дәртүрлі әнші Ерлан Рысқали «Мәдениет порталы тілшісіне телефон арқылы білдірді. Пікірдің толық нұсқасы төмендегідей:

Ең алдымен «жалпыұлттық аза тұту күні» еліміздің тұнығын лайлап, тұтастығына сызат түсірген содырлармен шайқаста жан берген бауырымды Алла алдынан жарылқасын дегім келеді. Артында қалған ұрпақтарына амандық берсін. 

Айналдырған үш-төрт күннің ішінде бейбіт заманға ештеңенің жетпейтініне көзіміз жетіп жатыр. Сондықтан, қазірлі ағайын, ұлт болып, ел тәуелсіздігінің баянды болуын, ертеңіміздің жарқын болуын қаласақ, біз осы жұмылған жұдырықтай бірлігімізден айрылмауымыз керек. Сондай-ақ, көшіміздің басында тұрған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңынан еріп, сол кісіні қолдап, мейлінше ынтымақпен жүруіміз керек деп айтқым келеді. 

Қаңқу сөздер мен өтірік өсек-аяңдар, анықталмаған жалған мағлұматтар таралып жатыр. Осының бәріне ой көзімен қарап, ақылдың елегінен өткізіп, қабырғамызбен кеңесіп барып, өзімізге қабылдағанымыз абзал. Көрінген дүниенің барлығына илана бермей, оның ақ-қарасын ажыратып сараптауымыз ләзім. Барлығын «жеті рет өлшеп бір рет кесуіміз керек», құрметті ағайын. Қалай болғанда да бір адамдай жұмылып елдің ертеңі үшін еңбек етсек оның нәтижесі де орасан зор болмақ. 

Біздің Президентіміз тізгінді қолға алғалы бері «Еститін үкімет» құрамыз деп айтып келеді. Сол еститін үкімет біртіндеп құрып келе жатыр. Оны көріп, оқып жүрміз. Елдің ішінде болып жатқан талай мәселелердің де шешімін тапқанына куәміз. Тіпті осы сәттің өзінде де ол кісінің елдің ертеңі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, барын салып еңбек етіп жатқанын көріп отырмыз.

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қазақта аталы сөз бар. Біз жан-жақтағы осынау кең байтақ жерімізді, байтақ даламызды сақтап қаламыз десек, бізге ынтымақ, тыныштық, бейбіт заман керек. Сондықтан, құрметті ағайын, баршаңызды сабырға, бірлік пен ынтымаққа шақырамын. 

Кезінде үлкен ақсақалдарымыз бата бергенде Алладан медет сұрап, Алланың алдында өзінің құл екенін мойындап, ең соңында былай деп қорытындылаушы еді:

Ел аман болсын,

Жер аман болсын,

Жұмыр жердің бетінде 

мекен еткен қазақтың 

төрі аман болсын!

Мен де аталарымыздың осы бір сөзімен айтар ойымды түйіндегім келеді. 

Ерлан Рысқали,

дәстүрлі әнші

author

Ерлан Рысқали

ӘНШІ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...