Құрметті қазақстандықтар, отандастар!Ардақты ағайын!Қадірлі әріптестерім,«Нұр Отан» парт...
Ж.Аймауытұлының С.Торыайғырұлының дүниеден өткен кезінде жазғаны
СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРҰЛЫ
Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Кереку (Павлодар) уезі Ақбеттау (бұл күнде Шідерті) болысының қазағы. Ол 1893 (жылқы) жылы октябрьдің (ескіше) 15-інде Омбыға қарайтын көшен Қарауыл Шабар (Шаншар деген нағашыларының ауылында туады. С. Махмұтұлының руы) Сүйіндік, Сүйіндік ішінде Айдабол. Сұлтанмахмұт тың шежіресі мынау:
Мейрам
Қуандық, Сүйіндік, Бергендік, Шегендік...
Оразгелді, Сұғыншы,
Мәлік, Шуманақ
Құлболды, Жанболды, Орманшы
Айдабол, Күлік, Ақбура, Түлпар...
Жанғозы, Тайкелтір, Малғазы...
Төлебай...
Едіге, Ел аман, Мал келді
Шоң, Торайғыр
Әдет, Кенебай
Бекет, Дүржан, Ыбрай
Шоқпыт (1927 жылы 68-де)
Сұлтанмахмұт .
Сұлтанмахмұт тың туған әкесі Шоқпыт қазақ кезінде бір бұйығы кедей адам. Бірақ адамшылық көзімен қарағанда, әкесі де айтқанынан қайтпайтын, ... * бет.
*...– оқылмады
Қайратты, қулық-сұмдықты білмейтін ақпейіл, қанша кедейшілік, жоқшылық көрсе де, кісіден дәме қылмайтын — сұңқар табиғатты, барын кісіден аямайтын – жомарт адам. Осы күні Шоқпыт 75 жаста, хат біледі.
Сұлтанмахмұт тың нағашы тегі — қарауыл Шабар, Шаншар ауылдары. Бұл тұқыммен бұрыннан сүйек шатыс болған. Шоқпыттық анасын Шабардың Қанапия деген баласы алған. Кейін Шоқпыт сол апа, жездесінің қолында жылқысын бағып жүргенде, сүйек жаңғыртпақ болып, апа, жездесі Шаншар баласы Шадайдың қызын айттырып әперген. Бір жасында Махмұттың анасы өліп, жетім қалады, ұлы анасы Мұнтай бәйбіше бауырына алады. Қақ-соқпен, ойынмен әуесі жоқ, мең-зең монтайған момақан Махмұт туған шешесінің мекіренген мейірімін көре алмады. Бала күнінде Махмұт өте аңқау болады. Өгіз бұзаулап жатыр десе, нанады. Махмұт жанынан салқам болады, киімін қайда болса, сонда тастап кетеді. Өгей шешесі Махмұттың салқамдығына кейіп ұрысқанда, Махмұт көзі жаудырап, ішінен тынып, мелшиіп тұрады екен.
Сондай жуас, сондай сүйкімді бала Махмұттың жүрегіне бала жасынан шер байланады. Бір жағынан жетімдік шері, бір жағынан бай нағашыларының сән-салтанаты, әкесінің оларға жылқышы, атарман-шабарман болып жүргені, құрбы-құрдастарынан кемдігі, осының бәрі бала Махмұтты ойландырады, толғандырады.
Қайнында тұрып, азын-аулақ ораза ашар жинап алған соң, әкесі туған жеріне – Баян тауына көшіп келіп, күл төгеді. Ол кезде Махмұт 5-6 жасар бала. Содан кейінгі Махмұттың өскен жері Баянауыл тауының қойнауы болады.
Баян тауы — «Қозы Көрпештің» Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз күз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыңсың қарағай, ақ қайың барқын, мойыл; қиядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ; шөккен алыптай асқар Баянның он қолтығында айнадай жарқылдаған Сабынды көл, сол қолтығында түндей түнерген Шойынды көл, жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса көк орай шалғын, көк балауса жасыл жапырақ, гүл, жеміс, тау іші ың-жың аң, бұта толған жыршы құс, міне сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді.
Сұлтанмахмұт 6 жасар, інісі — Бәшен 5 жасар кезінде әкесінен оқып, «еже» таниды. Содан кейін әкесі кейде өз үйінде жеке молда ұстап, кейде ел арасындағы молдаларға беріп, балаларын оқудан үзбейді. 12-13 жасқа келгенде Махмұт Мұқан молдадан оқиды. Мұқан молда араб, парсы, икейлерін (................. ...)* қазақшаға айналдырып, елең қылатын, біреуді мақтап, біреуді жамандап өлең шығаратын «арқасы» бар адам болды. Молдасына еліктеп, 13 жасар Махмұт та сықақ өлең жаза бастайды. (Бала күндегі өлеңдері жиналмай, жоғалып кеткен).
Содан кейін Махмұт Баяң қаласында медресе ашып, бала жинап жататын Әбдірахман молдадан (ел «күйеу Мағзұм» деп атайтын) оқиды. Махмұт молданың өз үйінде тұрады. Сабақтан босағанда, Мағзұм Махмұтқа шай қайнаттырып, отын жарғызып, су әкелгізіп, малын күттіріп, малай қып алады. Сол кезде-ақ Махмұт қожа-молдалардың өтірік «әулие» болып, ел сауғаның жақтырмай, сөгіп өлең жазады, ол өлеңдерін молда көріп қойып, ұрсады, жек көре бастайды. Күйеу Мағзұмның бір әйелмен оқиғасы туралы Мәшһүр Жүсіп мазақтап өлең шығарып, елге таратып, масқара қылады, Мәшһүрге қарсы өлең шығаруға Мағзұмда дәрмен болмайды, Мәшһүрден кегін қалай аларын білмейді. Ол болыс Сүйіндік ортасында медресе ашып, дәріс айтып, «мақаммен» елді аузына қаратып, Шорман ауылына арқа сүйеген атақты, беделді Мағзұмның масқара болып отырғаны ма? Мағзұмның ақ дегені алғыс, қара дегені – қарғыс емес пе? Мағзұм кәріне мінеді: «өлең жазу — шариғат жүзінде арам» деп, пәтуа жариялайды. Өлең жазсаң, теріс батамды берем («бәтуға қылам») деп Махмұтты қорқытады. Молдасына ден қойған Сұлтанмахмұт барлық өлеңдерін отқа өртеп, қайтып қалам ұстамайтын болады. Бірақ Мағзұмнан үш жыл оқып, Махмұт шығып кетеді. Себебі: Ол күнде Шорман тұқымының балалары да Баянда жатып, Мағзұмнан оқитын. Бір күні Махмұт Шорман ауылының балаларымен бақас таластырып, бақастың аяғы керіске айналады. Жуан ауылдың балалары шағыстырады. Молда Махмұтты жатқызып қойып, дүре соғады. Неһәннан тұщы етіне ащы таяқ батқан соң, Махмұт шығып кетеді.
*Сөз оқылмады
Қандай бейнет шексе де, жолында қандай бөгет тұрса да, беттеген мақсатына жетпей тынбайтын, Махмұтта мінез бар. Махмұт тақуа болады. Тұла бойы толған тұмар, мойнында — тәспі, дұғалық, аузында – зікір, күн шықпай оқығаны — намаз, заулатқаны — «жасын»; ол дәретсіз жер баспайды; «қари» болам деп, Құранның 13 парасына дейін жаттап алады, сырлас жолдастарына: «күллі денем зікір айтқандай болады», – деп жүреді.
Сөйтіп жүргенде, Махмұттың 19 жасқа келген кезінде (1914 жылы) Троицкіден жаңа тәртіппен оқып келген Нұрғали деген молданы Айман ауылы ұстап, Махмұт осы молдадан сабақ алады. Нұрғали – жаңа түрдің молдасы. «Тәржіман» газетін алдырып тұрады, ноғайша «пән» кітаптарын оқытады. Махмұт жаңа түрде газет, кітап оқып, жағрафия, жаратылыс, тарих сияқты пәндерден сабақ алып, дүниенің, заманның жайымен таныс болады; пікірі ашылып, ақыл ауданы кеңейе бастайды. Енді ел молдасынан оқып оңбайтынына көзі әбден жетеді, мәдениетті шет жерге барып оқуға көңілі кетеді. Надандық ұясы ескі молда мен дін оқуы екенін біліп, дұғалықты, бойтұмарды сыпырып, отқа жағып, елді қараңғыға сүйреген қожа-молда, ишандармен жауласып, жамандап өлең шығара бастайды. Молданың өкшесі қисық десе, тамұққа кетем деп қорқатын, қара халық Махмұттың қожа молданы нәлеттегеніне «иманы» түршігіп, Махмұтты «қияли», «жынды» деп қауесет қылады. Жұрттың сөзін Махмұт құлағына да қыстырмайды, қожа - молданың айыбын айтудан, тілдеуден таймайды. Надан елдің ішінде надан қожа, молдамен айтысып, өмірі босқа өтіп бара жатқанын бір ойлап, шетке барып оқиын десе, қаражаты жоқтығын екі ойлап, бір өз басының емес, бүкіл қазақ шәкіртінің халына қайғырып, 1912 жылы «Зарландым» деген әңгімені жазады. Біздің қолымызға түскен сөздерде Махмұттың тұңғыш әңгімесі осы. Содан былай Махмұт өлең жазуға бет түзейді.
Ендігі Махмұттың ынта-көңілі: құнарлы білім табуда, тапқан білімін халыққа жаюда болады да жүреді. Ол кездегі қазақ шәкірттерінің көбінесе оқу іздеп баратын жері – Троицкі мен Уфа қаласы. Ұстазы Нұрғали Троицкіден оқып келген адам. Троицкі маңында қазақ елі барлығын, жаз елге шығып бала оқытып, қаражат жинап, қыс медреседе оқуға болатындығын Махмұт молдасынан сұрап, қанады. Білім сәулесіне талпынған Махмұтқа Троицкі шәрі (шаһары — А. А.) білім ордасындай көрініп, ұйықтаса түсінен, оянса есінен кетпейді.
Одан-бұдан жинастырған 8 сомдай қаражатпен, мал алуға Қызылжардан келген Қарауылдардың арбасына ілесіп, 1912 жылы 9 сентябрьде туған жерге хош айтысып, оқу іздеп, жол шегеді. Ай жүріп, Омбыға жетеді. Әркімнен сұрастырып, ат арбаны тауып алады. Бұрын жол кермеген қазақтың салқам-салқам баласы жолда киімнен, кітаптан жұрдай болып, әрең дегенде Троицк шәріне жетеді.
Троицкіде біраз сандалып жүріп, аяғында Махмұт «Яуышев» медресесіне кіреді. Сол медреседе оқып жүргенде, көзіне көзгелдек (траком) ауруы пайда болып, жазылғанша келмейтін болып, медреседен шығып қалады. Таныс адамы жоқ, қаражаты кем, әрі кезі ауру, дәрігерге қарата алмай, жүдеп-жадайды. Оның үстіне сол кезден-ақ өкпесі дертке шалдығып, жөтел пайда болады. Ол жөтел нағашысында жатып ауырғаннан қалған сарқыншақ екенін, Троицкіден Нұрғалиға жазған хатында айтады. Ауырып, тарығып, жүдеп жатқанда Қабибулла Лекерұлы деген Баянауылдық, шәкірт дәрігерге апарып жәрдем етеді; дәрігер көзін сылып, жарты айдан кейін тәуір болады. Бірақ медресеге қайта кіруге қаражаты болмайды. Зарыққан соң, қаражат сұрап үйіне хат салады. Әкесі, ағайындары 60 сомдай ақша жібереді.
Сол медреседе оқып жүргенде әлеумет жұмысына кірісе бастайды. Елге жазған хатында: «Қазақ» газеті шығатын болғанын, кейбір шәкірттер шекпеніне дейін сатып, жарна салғанын, өзі де екі сом бергенін, сол жақтан да қаржы жинап жіберу керектігін жазады.
1912-13 жылдардың қысында Махмұт Яуышев медресесінде оқып шығады. Мұсылман медресесінде білім алмайтынын сезіп, көңілі орысша оқуға кетеді. Бірақ Махмұттың жасы 20-ға келіп қалған, үлкенсініп орыс үшкелдері алмайды. Махмұт орыс тілін білмейді. Жалдап оқуға қаражат жоқ. Махмұт тағы дағдарып сандалады.
Көңілім неге жасисың?
Миым, неге ашыйсың?
Ой түбіне жете алмай,
Жүректі тырнап қасисың.
Көзім, неге таласын,
Үмітсіз қарап барасың.
Түтінің жоқ, отын жоқ
Тұншығып кеудем жанасың... —
деп зарланады.
Махмұтқа орысша оқу керек. Оған қаражат жоқ. Кісіден жәрдем сұрауға ол арланады. Қыс орысша оқуға, қаражат жинап алам деп, жаз Троицкі маңындағы елге бала оқытуға шығады. Ол елде тұрғанда (азғыншы) сықақ өлең, жазғаны болмаса, қаламға айналмай уақытының көбін кітап қарастырумен; бала оқытумен өткізді. «Ауырмай, есімнен жаңылғаным» деген әңгіме сол елде көрген оқиғалардан жазылған болу керек. Күзге жақын тағы Троицкі қаласына келеді. Ондағы қазақ оқығандарымен таныс болады. Мұхаметжан Сералыұлы Махмұттың қаламға орайы, пікірі жігерлі жас екенін біліп «Айқап» журналына хатшылыққа алады. Сөйтіп, 1913-14 жылдың қысын «Айқап» қызметіне береді.
Махмұт «Айқапта» көп тұра алмай, шығып кетеді. Өйткені Сералыұлымен мінезі үйлеспейді. Бұл туралы хатында: «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруға кісі бетіне қарамадым. Махмұт кейбір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым», – дейді. «Айқапта» тұрғанда желденіп көтерілгеніне артынан өзі қатты өкінеді. «Айқапта» тұрған минуттерде бүкіл қаланы өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлан қарағанда, ақымақтық болмаса көтерілетін не бар еді? — дейді соңғы хаттарында. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары», «Ән» жайынан жазған сөздеріне сыртқы әсерге жеңілгендіктен, қолымнан келмейтін әдебиет сынауға кірістім; осы күні өз сыныма өзім ұяламын», — деуші еді артынан. Өзі олай десе де ол кезде өлеңнің қайткенде өнер болатынын тілді таза сақтап, бөгде тілді араластырмау керектігін айту маңызсыз да емес еді.
Сол кезде «Тентектің жиған шоқпары», «Тамшы» сөздерді жазып, бастыруға Троицкідегі Шеркесев деген бір ноғайға береді. Бұл өлеңдерінен дерек жоқ. «Қазақ әкімдерінің тұрмысынан үш перделі театр кітабын жазып бітірдім» деген күнделік кітапшада сөз бар; ол пьесаның де кімде кеткені белгісіз. Со жылы «Қамар сұлу» деген роман жазып, Мұхаметжан Сералыұлына бастыруға берген. (Мұхаметжанға бергеннен хабар жоқ, біздің қолымызға өзінің қолжазбасы түсті; кей жерлері болмаса түгел). Сөйтіп, Махмұттың алғашқы көбірек жазған уақыты «Айқапта» тұрған жыл екен.
«Айқаптан» шыққан соң Махмұтты Жиһанша Сейдалин қолына алып «Заман» деген журнал шығармақ, Махмұтты шығартушы қылмақ болады, бірақ «Заман» шықпайды. Жиһаншада тұрғанда Махмұт өмірі өзге жолға түседі; ол өмірін өзі былай жазады: «Енді Махмұт жігітшілік базарына түсіп кетті. Онда да саудасы жақсы жүріп, арғы шетіне барып тоқырады. Тағы Махмұт ақ жағалы, тыртима әмірге (әмірде) де қызықты. Құдайдың берген біртүрлі таланты оған да араласты. Жамандық дегенде «кампаннан»1тұрмысында да болды. «Ресторан»2, «құлып» (клуб), тағы кім.
«Кулиган»3тұрмысына дейін барды. Жақсылық дегенде «ентелегенттік»4, «жорналыстық»5билік, жұртты аузына қаратушылық, әкімдер, «юристер»6тұрмысына дейін болды. Жақсылық, жамандық өміріне түгел араласқанда Махмұт неден кемдік көрді? Неден бармағын тістеді? Неден жүзі қызарды? Егер оқыған болса, сол араласқан өмірлерінің бәрін қолында ойнататынын сезді...»
Бірақ Махмұт бұл тұрмысқа әдейіленіп кетпеді: атынын басын тез бұрып алды. Ел-жұртына қызмет ету – мойнындағы борыш екенін естен шығармай, оған жету үшін білім керек екенін ойлап, орысша оқуға бел байлап 1914 жылдың жазына туған еліне қайтады. Сол жолы азырақ жөтел пайда болып келеді. Әйтсе де Махмұттың бойы сергек, көңілі көтеріңкі, ойлаған мақсатына жетуге, жолында тау тұрса да, омырауымен соққандай жалындаған от болып қайтады. Тұран елі өзін таныр, қаражат жинап беріп, оқуға жіберер деп, зор үмітпен келсе де, ол үміті акталмайды; надан ел Махмұтты танымайды; садақа, зекетін бермек болып, бай ағайындары бала оқыттырады. Махмұт елдегі жастарды оятпақ, көзін ашпақ болып, шәрлі жерден көргенін істеп, «Шоң серіктігі» деп ат қойып, ағарту ұйымын ашады. Бірақ ол ұйымнан да берекелі іс шықпайды; ұйымға қаржы жиналмайды. Елдегі жолдастары бай жерлерге баруын, жәрдем жинауын мәслихат қылады. Солардың тілімен Махмұт Шорман ауылына да барады. Бұл жерде Махмұттың Шорман ауылына барғандағы дәптеріне жазған сөзін кіргізейік:
«1914 жылы, 7 жолдаспен өзімді: «қазақшылық» айнасында көру үшін бардым. Жолдағы елде менің көлеңкемді сыртымнан естіп, бадырайтып көрсетпеген ел жоқ. Іздеп барған Садуақас барған жерден мені түссіз буа сөйледі. Мен ауыл онікі және үміт болған соң, қанша жауап қайырмай, ұтқызыңқырап отырдым. Жанаспайтын ауыл екен деп, елдегі жайшылық қалпымды бұзбадым. Бәлкім одан көрі ілтипатсыз отырдым. Білдім, ол мінездерімнің ішінен жалғызын жақтырған жоқ, бояма қалыпта жылтырады. Жүрерде осы бойымша аттансам, қалпе деп ойлар және боялып алданбағандығымды білдірейін деп:
Шоң — Шорман едік,
Бір-бірімізге қорған едік,
Шоңның, Торайғырдың жапырақтары
Бұтағына келіп қонған едік.
Онымызға қарай, Сіз де «кім келіп,
Кім кетпеген ауыл едік»,
Деп, бауырлығыңды білдірмей,
Арқаңның жауырлығын білдірдің.
Шоң, Шорманға бастамасаң да
Ілтипатыңнан тастамағаныңа — Рахмет! —
1кампан–серіктестік
2ресторан – ресторан
3кулиган – бұзықтық
4ентелегент – зиялы
5жорналист –жазушы
«хош!» деп, қолын ұстап, амандасып жүре бердім, жолдастарым құрметтеді деп былай шыққан соң мақтасып, сөйлескенде, менің жаным ауру, жайым жайсыз еді. Мұнан былай:
Малға басым имеске,
Рия тонын кимеске,
Кісінің құрметін сүймеске,
Өз ісіме тимеске,
Кісі тіліне ермеске,
«Қазақшылдыққа» еңбеске,
Аштан өлсем, адамға
Намысымды бермеске
Май тамызса тілінен,
Еш адамға сенбеске,
Өз ақылымнан басқаға көнбеске,
Кәміл уәде етілді».
Сол барғанда Садуақас, әкесі Мұса мырзадан қалған шенді-шекпен, жанат ішік, күміс белбеу, алтын, күміс кеселерін көрсетіп, мақтаныш қылғанын жақтырмай «Бір адамға» деген өлеңді жазып кетеді.
Алыстан аңсап, зор үмітпен келген елден күш-көмек тұрсын, жылы сөз де есіте алмай, Махмұттың тауы шағылады: «Менің трагедиямның» басталуы 1914 жылдың мартынан былай еді. Сөне мойығанымды көріп: Қой, Құдай ісі деп, қазақша қарап, көніп отыр, Ағайын-туған елімнің, жерімнің көру қуатын мені тұрмыс жұрнасынан арашаламас па екен? — деп келіп едім. Жығылған үстіне жұдырықтаудан басқаны сахара маған көрсеткен жоқ. «Серіктес» деген ермек тауып алып, не сөнбей, не қоймай, шала бықсып жүре беруші едім... Көзін жаңа ашып келе жатқан жастарымыздың көңілі қаяуланбасын деп, білдірмей, жігерлене беруші едік... Шорман ауылына бару, бықсыған шаланы күлге көму секілді болды. Күз болды. Кісінің әрбір жанды, жансыздардың қабағы сол күздің суық бұлтымен бір түстес еді. Не . . . * Жасырын бір ызғар қысушы еді.
Ақыры оңбады... Елге істейтін жастардың ісіне кеселі тиер деп, ішкі пікірім ішімде, разы болған кісі секілдендім. Ол сасық миыммен алдадым деп ойлады... «Жақсы ит өлімтігін көрсетпес» деп еді. Ертістің суына жетіп елейін деп, басымды алып қаштым», — деп жазады. «Ол сасық миыммен алдадым деп ойлады» дегені бала оқытқан жері ақысын бермей қалған болуы керек. Қатты айтайын десе, шатақ шығарамын деп, бір жағынан жалпы жастар атына кемшілік келе ме деп — тайсалады, айтпайын десе, қиянатты көріп шыдай алмайды, әрі өзі оқудан қалып барады, оның үстіне елді надан деп аяйды.
Елден күдер үзген соң, «Ертістің суына жетіп өлейін» деп, Махмұт Семей кетеді. Семейдің оқыған, көзі ашық азаматтары көмектесер, оқытар деп үміт етіп келеді. Бірақ ол ойы тағы болмайды. «Семейде қорғалауға бұта тапқызбады». Оны таныған «қара таяқ» халқының қабырғалары қанша қайысқанмен, мені кеңітіп жіберуге шамалары келмеді. Неге десең, олардың өзі арқандаулы... «Қотаңқарағайға кеткенім: ызаға шыдамадым, ең шыны — күн көру үшін, қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жарайтын болды. Семей қанша айтқанмен, қалалы, сынды жер ғой, арасында кем көрініп жүргенше, парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладым» деп жазады. Орыс үшкеліне түсуге білімі жетпейді, жалдап оқуға қаражаты болмайды. Қайтерін білмей, сандалып жүргенде, Өскемен уезінің қазағы Әбдікәрім Ережепұлы деген кісімен кездесіп, бала оқытуға соған еріп кетеді.
*Оқылмады
Білімге жан-тәнімен сусаған Махмұттың жолын жоқшылық байлап, өнер, білімнен алыс, қараңғы Алтай тауының түкпірінде қалғанына:
Тұңғиық, түпсіз ашулы,
Асау теңіз толқыған.
Бойымды топырақ басулы,
Жүре алмаймын, жол тұман.
Теңізден қайтып өтермін,
Түссем батып кетермін.
Алдымдағы өлімнен
Міндім қайық көз жұмып,
Адастым қазір жөнімнен,
Қайғым да әм сынық.
Айырылдым және күректен,
Тек жан шықпай "жүректен... —
деп, назаланып зарланады. Зарланбай қайтсын? Алтай елі ескі қазақ қалпы, қаймағы бұзылмаған, мейлінше шикі надан,. . . . . * ел. «Жалғыз Әбдікәрім ауылы болмаса, бір күн жиіркенбей кісі шыдарлық емес» деп жазады. Әбдікәрім заман ыңғайына түсігі, екі класты орысша-қазақша үшкел ашып, балаларын орысша оқытады. Махмұт сол школдың үшетелінен орысша оқымақ болады. Бірақ онда барған соң, Махмұттың көзі тағы ауырып, көпке дейін, оқуға да, оқытуға да жарай алмайды. Көзін емдетіп тәуір болған соң Махмұт айына 7 сом төлеп, үшетелден сабақ оқиды, әрі езі оқытады. Орыс тілін үйренуге осынша талаптанса да, қиынырақ соғады. «Қатып кеткен күнелі тілді сәби баланың шолжаңына келтіру онша жеңілге соғатын емес. Бірақ талабымның талқандамайтын нәрсесі жоқтығына сеніп, іс қылып жатырмын», — дейді.
Көзі жазылып, оқуға кіре бастаған соң бір жағынан күтімі де жақсы болған соң, Махмұт көтеріледі. Ескі қазақ тұрмысының тұнық оқиғаларынан дерек жинап, роман жазуға кіріседі. Роман жазуға түрткі болған: сол кезде «Қазақ» газетінде Мамановтар романға бәйге тігеді. Бәйгеден Махмұт та дәмеленіп «Әжібай болыс» немесе «Кім жазықты?» деген романды өлеңмен жазбақ болады. Бірақ ол романын Әбдікәрімде тұрғанда жаза алмайды, өйткені Махмұт қағаз жүзіндегі роман емес, өмір жүзіндегі шын романға душар болады.
«Тұманды күні тұңғиық, түпсіз асау теңізде сынық қайық мініп, күрегінен айырылып» жаны әрең шықпай, қара таласқан ақынның қолына:
Алтайдан бір тал, білмеймін,
Түсті не қып қолыма?
Кез қылды ма Құдайым
Ажалсыздың жолына?
Талдан ұйып қармалап,
Судан шықтым «аллалап...» –
дейтін талы жолығады. Сол – тал жолыққан соң, ақынның «өлген кеуде, өшкен талантына жан кіре бастайды». Ол «тал» кім десеңіз, «Ай десе – аузы, күн десе – көзі бар» дегендей даланын бір еркесі еді. Ол кім десеңіз – Әбдікәрімнің Бағила атты сұлу қызы еді. Албырт
*Оқылмады
ақынның асау жүрегі ауруға (аруға шығар — Қ. Е.) тұтқын болады. Жас жүректің жанғанын қыз да ұғады, жалынды жасқа оның да көңілі ауды. Аумай қайтсын, әкесі берген күйеуін ол сүймейді. Бірақ Махмұт секілді тамақ асырап қаңғып жүрген салт атты, сабау қамшылы кедейге Әбдікәрім сынды айбынды адамның қызынан да аспандағы бұлт жуық еді. Бұлт жуық екенін албырт жүрек білгізе ме? Махмұт ойға шырмалады, алып қашу қолынан келмеді. Көмекші жоқ, қызды қимайды, сүйеді. Махмұт сандалады, дағдарады. Ақырында жүрек сырын жасыруға шыдай алмайды, өзінше жол табады: қыз бен екеуі бірін-бірі сүйетіндігін тура әке-шешесіне айтады. Үйткені Махмұт сенгіш, өзгенің жүрегін де өзімдікіндей деп ойлайды, үйткені ол аңқау, қулық-сұмдықты білмейді; қызы Махмұтты сүйгенін білсе, әкесі маңдайынан сипамайтынын шамаламаған. Сүйтіп, Махмұт қыздан тез айрылып қалуға өзі себеп болады. Әлгі сөзді есіткен соң, әкесі қызын тезірек ұзатып жібереді. Бұл соққы Махмұттың жанына бұрынғыдан да жаман батады. Ол қызға құмар болғанын Қапиз мұғалім былай жазады:
«1915 жылғы марттың бас кезінде Зайсандағы қазақ мектебі мұғалімдерінің бөлмесіне бір жас жігіт кіріп келді. Амандасқаннан кейін, аты-жөнімізді сұрап біраз отырған соң, мұғалім Біләл Бейсенбайұлына қарап: «Үйі Бағиланы ұзатып жіберді ғой», – деді. Біләлмен бұрын таныс та емес. Тек Әбдікәрім үйінде Біләл бұрын бір жаз тұрды деп, сырттан естіген екен», – дейді.
Бағила кеткен соң, Әбдікәрім үйіндегі өмір Махмұтқа өмір болмайды, бір қазақпен ілесіп, Зайсанға кетеді. Зайсанда Мәуліт Шалиудденов деген ноғайдікінде екі айдай жатады. Сол жатқанда «Әжібай болыс», немесе «Кім жазықты» деген романын өлеңмен жазып бітіреді де «Қазақ» газеті басқармасына бәйгеге жібереді («Қазаққа» жібергені жоғалып кеткен; Мұндағы әңгіменің көшіріп алғанынан қалған жерлері түгел емес). Әрі ауасы нашар, жайсыз үй, әрі Бағиланың күйігі, әрі жайсыз тамақ оның үстіне сарғайып қағаз жазу себепті Махмұттың қаны азайып, жүдеп, жөтел күшейеді, денсаулығын төмендетіп алады.
Қайғы шерін қаламымен ағытып көңілі біраз сейілген соң, Махмұт тағы тіршілік қамына кіріседі. Тағы оқу іздейді. 1915 жылғы Зайсандағы июль жәрмеңкесінде Біләл мұғалім Қыдырмолда деген кісімен таныстырып, Махмұт бала оқытуға Тарбағатай тауындағы Терісайдың болысына шығып кетеді. Бір жаз, бір қыс Құрбан қажының ауылында тұрады.
Тарбағатай тауының таза ауасына, сұлу қымызына жүзген соң Махмұттың денсаулығы азырақ түзеледі; көңілі де көтеріледі, жаздай қаражатты молайтып, қыс оқуға барамын деген үміті де күшейеді. Қыс оқуға жете алмайды. Болыстың үшкелінің үшетелінен жалдап оқитын болады. Декабрьде жазған хатында үшкелде 30 баланы мұсылманша оқытқаным үшін, айға бала басы бір сомнан белгілеп, ай сайын старшындары арқылы жиып беретін қылды. Үшкел басқару, бала оқыту, орысша оқу, әйтеуір уақытым бос өтпейді. Сондықтан былтырғыдан гөрі өмірім маңызды (серезный) болуға айналды деп, көңілім тәуір, қайдан білейін: «жарлының аузы аққа...» басқа қитың кез келіп қалып жүрмес, әлі сираттан өткенше көп қой...» — дейді.
Айтқандай «Жарлының, аузы аққа тиетін жылы жыл мынадай болып Тарбағатайдан не түрмен қайтқаным езіңе белгілі ғой» – деген хаты (1916 жылы 15 ноябрьде) сол қорқынышын расқа шығарады. «Жыл мынадай» дегені белгілі, майдан жеріне жігіт алатын жарлық. «Байтал түгіл бас қайғы» азамат басына күн туып, Сұлтанмахмұт тұрған Тарбағатай елдері Қытай жеріне ауа бастайды. «Елден жиған малдарын ауған елде кетті» деп Қыдырмолда еңбек ақысын жеңді бермей қалады. Азы сегіз жүз, әйтпесе мың соммен қайтам деп жүрген Махмұт Терісайықтан 220 соммен қайтады. Оның үстіне Сұлтанмахмұт тың жасы да жұмысқа баруға дәл келіп, бас қамын іздеу керек болады. Ел аласапыран болып, Қытайға босып жатқанда, Махмұт август басында Семейге келеді.
Сұлтанмахмұт Семейдің семинариясына кірем деп, талаптанады, Нұрғали Құлжанұлы жәрдем көрсетпек болады. Бірақ оқу басталмай келіп қалады да, Семейде жата алмай еліне барып келуге кетеді. Келсе, ел әбігер, жігіттерді көгендей тізіп алғалы жатыр. Сұлтанмахмұт та, жалғыз інісі Бәшен де майданға кетпекші. Кәрі әкесін уатып, қайтсе де біріміз қаламыз деп, үшкел сағаламақ болып, қайта Семейге келеді. Бірақ орыс тіліне кемдіктен семинарияға түсе алмайды, жалдап оқуға бір жағынан ақшасы жетпейді, бір жағынан онымен де жаны қалмайтын болады. Сонымен Махмұт дағдарып, аяғында Томға кетеді.
Томға келген соң Махмұт профессорға көрініп, «30 сом шығып қылып, ауру себепті» қара жұмысқа бармайтын болып, Томдағы студенттердің курсіне кіреді; айына 8 сом төлеп курсте оқып, орта мектепке түсуге даярланады. Оқуға қатты шұғылданып кіріссе де, әрлі-берлі жүрісінен қаражатын азайтып алып, қыстың қара басынан ашаршылыққа айналады. Томда тұрғандағы қал-жайын Махмұттың өзіне сөйлетейік:
«...Жұмасына екі ғана «әбет» етем (ет татамын), құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. «Киномотограф» вечерлерге бір мәрте де болсын, барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным: ала қағаздың беті. Әбубәкірден басқа бір тиыным ақмақтық жолға кеткен тоқ. Он хат жаздым. Әбубәкірден әлі бір жауап жоқ. Мына шошқалыққа не жаның шыдар? Өз обалым өзіме. Мен оған, шәкірттік басынан кешкен деп, жұрттың бәрін сендей көріп сендім. «Қазаққа» бұл турада жаздым. Не өнеді? 25 сомды артымнан жіберіп болған соң үйдің кезіндегі бір зәру жұмысына қалдырып едім... Неше хат жаздым, хабар жоқ. Әкем менен малын не аясын? Бірақ ел болып қорқып, атты алады, малды жинайды деп, қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын... халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем, бірақ көңілім оқуда болмақ...».
Мұнда айтылған Әбубәкір Қарқараланың бір қаратаяғы Тарбағатайдан қайтарда Махмұттан 70 сом қарыз сұрап, бергелі тұрғанда Қапиз мұғалім түгел бергізбей, қарызға 30 сом береді. Со қарызын Әбубәкір першіл зарықтырып, бермейді. Сұлтанмахмұт қаражаттан тарығып, Зайсандағы таныстарына қолхат жіберіп, қарызға ақша сұрайды. Жалғыз-ақ Қапиз мұғалім 15 сом қарыз береді; өзге жерден жәрдем келмейді. Сол тұрмыстың нашарлығынан Махмұт қыс ортасына жетпей (ескіше 22 декабрьде) тыйтығы құрып, науқасқа шалдығып, оқуға жарамай қалады. Сонда да Махмұт кітап қараудан үзілмейді. Әбубәкірдегі қарызын алып, Қапиздің жәрдемі, тағы әлдекімдердің көмегімен үйтіп-бүйтіп, 16-17 жылдың қысын сонымен өткізеді. Оқудан өзгеге бұрылмайды, ешнәрсе жаза алмайды.
Фезраль төнкерісі болғанда «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы иттік», елге қызмет қыламын деп, Махмұт 10 мартта Семейге келеді. Семейде қазақ жұмысын басқаруға 15 кісілік облыс комитеті сайланады. Комитетке бір мүше болып, Махмұт кіші хатшы есебінде қызметке кіріседі. Махмұт өлер-тірілерін ойламай, қызметті қызу істейді, қатардан, топтан қалмайды, күні-түні кеңес қағаз жұмысынан босамайды, елдегі жолдастарына хат та жазып жатады. «Алаш ұраны», «Таныстыру» деген өлеңдер жазып тұрады. Сол дүрмекпен, қызумен жүріп, Махмұт науқасын мүлдем асқындырып, шыңына жеткізіп алғанын білмей қалады, етінен айрылып, жағы суалып, көзі үңірейіп, күркілдеп жөтелуге айналады. Науқасы зілді боп бара жатқан соң, жазды күні қымыз ішуге өз еліне барады.
Елде жүргенде Махмұт бойын күтіп, тағы тыныш жата алмайды, елдегі неше түрлі қиянат, жолсыз істермен күреседі. Елде елегізіп тұра алмайды. Октябрьге қарсы тағы да салып, Семей келеді. Семейде газет қызметіне кірісіп, бір жағынан оқуын оқи бастайды. Елге, қымызға барса да, науқасынан оңала алмайды. 4-октябрьде жазған хатында: «Сырқатым бар. Мен тіріде адамшылығыма міндетті істемекпін; жеткізбесе мен жазалы емеспін», – дейді. Қызметке, оқуға қанша алас ұрып, талпынса да, сырқаты жібермейді. «Ертең, 18 октябрьде Томға жүретін болдым. Бар үміттерімді қанша жимасам да, өзімді сауға есептеп, алдасам да, болмады. Жас жанымды, қызулы жүрегімді, топырақ астына төсеуден қорғау жұмысына кірісу ғана қалды. Барған соң бір профессордың айтқанын қылмақпын. Қандай жай болады? Құлақ түріп тұра көр... Өлім деген шіркін қорқытатын...» деп, науқасы жанына батқандығын білдіреді. Том дәрігерлері де оқуға да, іске де жарамайсың, елде бос жүріп, бойыңды күт деп, қайырады. Томнан қайтқан соң, Семей азаматтары бойын күтуге тобықты Медеудікіне жібереді. Қыс бойы бие сауғызып, қымыз беріп, Медеу қандай күтсе де, еңбегі жанбайды, оңалып кете алмайды. Елде жатса да Махмұт газетке өлең, хабар жазып жатады. «Неге жасимын», «Жас жүрек» деген өлеңдері сол кезде жазылады. 1918 жылы апрель айында Семейге келіп, дәрігерге көрініп, науқасының оңалмасына көзі жеткен соң, өлсем топырағым туған жерімнен бұйырсын деп, өз еліне — Баян тауына қайтады.
Бұл жолғы келгенде, Махмұттың кім екенін ел таниды; оның ұлы қаламынан, Семей азаматтарына беделінен жуандар, жауыздар ығысады, шылаулар, кем-кетік оны арқа – таяныш қылады. Махмұт күркілдеп, булығып отырып, нашардың дауын даулап, ақылын айтып, жөн сілтеуден қажымайды. Сот-сайлау секілді елдің іргелі жұмыстары да Махмұтсыз шешілмейтін болады. Махмұттың турашылдығынан, әділдігінен арамзалар қаймығады. Ол кезде Махмұттың білімі де молаяды, пікірі де шынығады. Махмұт Томнан, Семейден кітапты көп оқып, терең мәнді кітаптарды елде жатса да оқудан босамайды. Орысша оқуы аз болса да, жарытылысына біткен зейіні, қайраты, талабымен орыс әдебиетін әбден түсініп оқиын болады. Герцен, Кропаткин, Бакунин, Толстой, Каутский, Плеханов тәрізді социалшыл, анархияшыл білімдандардың кітаптарын көп оқиды. Соларды оқып, білімі тереңдеп, пікірі орныққаннан кейін тар ауданды ұлтшылдық пікірден шығып, адам баласының бақытты өмір сүруін көксеп, «Кедей», «Адасқан өмірді» жазуға кіріседі. Махмұт бұрынғы қызу бетінен қайтып, қазақтың жақсы-жаман мінездерін білім кезімен қарап, сынап, қазақ өмірін зерттеп үйренеді, қазақтың ел болу, болмау нышандарын, себептерін тексереді. Бітіре алмай кеткен, «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» осы пікірін білдіру мақсатымен басталған еді. Қазақтың мақтаулы жақсы деген сыпаттарын дала ақынына, жаман жақтарын қала ақынының аузына салып, ақырында мәдениетті қалаға даланы жеңгізбек еді. Бірақ соңғы кезде жазғандарында, науқастың салдары жеңгендіктен көңілі бірде асқақтап, бірде төмендеп, күш пен әлсіздік, үміт пен күдік, ұлтшылдық пен адамшылдық араласып, аяғын үмітсіздікке, әлімге, көрге сарқатындық бар еді. Әлде құрт ауру жеңген адамның ой жүйесі сондай бола ма, әлде дұрыс ойлап, қорытқаны-ақ сол ма, әйтеуір соңғы жазғандары оқушыға ауыр әсер қалдыруы ғажап емес. Ол арасын сыншылар тексерер, біздің мақсұт: қай шығармасын қандай жағдайда жазғанын көрсету.
1918 жылдың жазында өз еліндегі Мәлике деген қызға Махмұттың көңілі кетеді. Махмұт бір кетсе, қатты кетеді. Мәликені жан-тәнімен сүйеді. Мәликені алса ауруы жазылатындай көреді. Мәлике жаңа оқып жүрген, қарақат көз, жұғымды, жас өспірім қыз. Әкесі кедей адам. Бірақ ол қызды Махмұттық жақын жолдастары да аламын деп, көңіл етеді. Олар малды, Махмұт кедей, олар сау, Махмұт ауру, олар жасағалы отыр, Махмұт өлгелі отыр. Махмұт қатты күйінеді, қынжылады, жолдастарына өлердегі сөзін айтып, Мәликені алып беріңдер деп жалынады. Мәликені оқытып жүрген, оның әкесін білетін Шерниязданға жазған хатында: «...Мен оны (М... ні) жаным-тәніммен сүйемін. Онсыз – дүние – қабыр. Тағдырым, жаным сенің қолында. Не жан бер тірілт, не өлтір, шала-жансар қылма мені! Сенін қолыңнан келіп түр. Не десең, сол болуға бір жасымда өлген апамның сүтімен ант етемін», –деп жазады. Жолдастары Махмұтты аяйды, Мәликені айттырады. Махмұт шаттанады, қуанышын қойнына сыйғыза алмайды. Семейдегі жолдастарына: «Біздің Мәлике, шырағым періште, Семейге алып барам. Біздің Мәликенің түрі — сендер менің үйімнен шықпайтындық, тапқан-таянғандарыңды маған беретіндік», — деп жазады. Махмұт Мәликесін көргенде мәз болады. Соңын қаралдысын көрсе, өмірі өмір сияқтанады. Ол қазақша күйеу болып, иба қылуды білмейді; «Мәлеке жанды» көрем деп, тал-түсте ата- енесінін үйіне кіріп барады. Мәлике ауылдас ағайындарының қызы. Махмұт ауылына ерке, ата-енесі ұялып, үйден шығып кетеді, Махмұт бас салып Мәликесін сүйеді. Бірақ Мәликесін ала алмайды. Тілегіне жете алмайды.
1919 жылдың аяғында Сібірде Колчак үкіметі құлап, қызылдар Керекуге келді дегенді естіп, ауырып жатқан ақын: «Жолдастарға жолығым» деп, қыс ішінде ат жалдап, 200 шақырым қалаға салт барады. «Аласапыран заманда жазым боп оққа ұшырарсың»,— деп жақын адамдар тоқтау айтса да: «Бұл жолдан өлсем, арманым жоқ» деп, тілдерін алмайды. Керекеуде қызыл әскердің бастығы Жигарев деген кісіге жолығып, қуанышын білдіріп, кедейлер үкіметіне құтты болсын айтады. Жигарев Сұлтанмахмұт тын кім екенін, жай-күйін сұрап, кеңес үкіметінің жолын еліңе түсіндір деп, қызмет тапсырады. Елге сайлаушы (инструктор) шыққанда, үш-төрт болыс елдің сайлауына Махмұтты бірге ала жүреді. Үкімет жолын елге түсіндіріп, сөйлеймін деп, комитетке кедейшіл, дұрыс адамды сайлатам деп, ел аралап жүріп суық тиіп, зорланып қалады. Ақбеттау жуандары: Махмұт — «бұзылған», «жынды» деп, жамандаса да, сайлаушы болыстық комитетке мүше қып сайлап кетеді. Кедейлер Кеңес жолына түсінбей, Махмұттың тілін алмай, жуандардың соңына еріп кетеді. «Ревкомға сайлауда, бұл жақтағы жуандар Николай заманынан кем ұмтылған жоқ. Сайлау басында кедейлер бір ауыздан: «Торайғыровтың керегі жоқ», — деді. «Міне жеткізем деп жүрген кедейіңнің оянғаны» деп жазады. Әйтсе де елдің дау-шары, тобы Махмұтты үйде жатқызбайды. Жаман үй, сасық ауада түтін жұтып, бітпес дауда жүргенде, науқасы бұрынғыдан жаман күшейіп, меңдеп қалады. 20-жылдың апрель аяғында Махмұт жүруге жарамай, төсек тартып жатып қалады. Сол жатқаннан қайтып тұра алмайды.
«Тым болмаса екі жыл тұрмадым: іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деп, арман етеді. Ең болмаса «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмадым» деп, арман етеді. Ең болмаса «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмағаны да өкініш болады. Сүйтіп, күрт жайлаған кеудесін қалың қайғы, ауыр арман кернеген, ет жүрек жас ақын жадыраған жаздың нұр төгілген сұлу күнінде жарық дүниеге хош айтады. Ол күн 1920 жылдың (жаңаша) 21-інші май күні еді.