Мақсат Халық: Жаңа Қазақстан ұлттық идеология негізінде жүзеге асырылуы керек

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2626

Мақсат Халық, экономист, "Progente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі

Қаңтар оқиғасы елімізде орын алған ең қиын, ең күрделі жағдай. Сол қаралы күндері ел алдына шыққан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім. Біз жұмыла отырып, Қазақстан тарихындағы осы сын сағатты бірге еңсереміз. Осы жағдай әлеуметтің бүкпесіз бет-бейнесін көрсетіп, шынайы хал-ахуалынан хабардар етті» деп үрейленген халыққа демеу болды. 

Бүгінгі күнге дейін сөз жүзінде бәрі тамаша деп есеп берілгенмен, қарапайым халықтың күнкөрісі нашар екенін, азаматтардың төлем қабілеттілігі төмендеп, кедей санаттағы халықтың саны артқанын айғақтады. Сондықтан жыл басында орын алған қақтығысты қарызға белшесінен батып, табысы ештеңеге жетпеген соң тығырыққа тірелген халықтың билікке қарсылығы деп білемін. Маңғыстаудағы ағайындардан бастап, барлық қалаларда орын алған халықтың бас көтеруі, үн қатуы осыны айғақтатады. Қымбатшылықтың қамытын киген, тұрмысы төмендеген жұрттың бір күнде бір-бірін қолдап, қарсылық танытуы осыны дәлелдейді. 

Қаңтардың қаралы күндері артта қалды. Билік халықтың талап-тілегіне сай қадамдар жасауды бастады. Мемлекет басшысының өзі бас болып қолға алған жұмыстарда ел тілегі, көпшіліктің ұсыныс-пікірі ескерілуде. Бүгінде ел тынышталды. Бірақ біз осы оқиғаға әділ баға беріп, кемшіліктерді жоюға, ел наразылығының алдын алуға үйренуіміз керек. Жаңа үкімет халықтың табысын арттыру бойынша жұмыс жүргізуі керек. Экономист маман ретінде айтарым, біздегі ең төменгі күнкөріс шегі дұрыс есептелмеген. Шын мәнінде отыз алты мың теңге тіршілік етуге жетпейді. Соған орай, әлемдегі жағдайларға қарап, бұл сома жаңа бағытта есептелуі керек. Менің пайымымша, ең төменгі күнкөріс шегі кемінде жетпіс мың теңге болуы қажет. Соған орай жетпіс мың теңгеден кем табысы бар азаматтарды кедей санатына қосып, оларға әлеуметтік көмек көрсетілсе құба-құп. Бізде ең төменгі орташа медиандық жалақы жүз елу жеті мың тенге болыпты, оның тең жартысы жетпіс сегіз мың бес жүз теңге. Яғни елімізде ең төменгі жалақы алпыс мың емес, кемі сексен мың теңге болуы керек. Болмашы айлық үшін көше сыпырып, еден жуып, күзетші болып жүргендер кем дегенде жүз мың, жүз жиырма мың теңгеден аса жалақы алғаны дұрыс деп есептеймін. Ал мұғалім, дәрігер, әлеумет пен мәдениет саласында тер төгіп жүрген азаматтардың жалақысының өскенін құптаймын. 

Әрине, ел сенім артып отырған жаңа Үкімет бірден барша саланың айлығын көтереді, күнкөріс көзін ұлғайтады деуге болмас. Ол мүмкін де емес. Бірақ осы істі жоспарлы түрде жүзеге асырса халықтың көңілінен шығады, ел еңсесін тіктейді депойлаймын. 

Қаңтар оқиғасы іштен шыққан жаулардың бар екенін де көрсетті. Сонымен бірге жалпы қорғаныс шебінің дұрыс ұйымдастырылмағанын, әскеріміздің ішкі, сыртқы жауларға тойтарыс беруге дайын еместігін аңғартты. Бұл жағдайлардың бәріне болашақта көңіл аударған жөн. 

Ең алдымен не істеу керек? Әрине ең бірінші әлеуметтік теңдік орнату керек. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық барынша жақындатылуы қажет. Салықтық жүйеге де үлкен өзгеріс жасау маңызды. Билік мұның барлығын бірден жасай алмаса да, салықтық жеңілдіктер жасауға қауқарлы, әсіресе, әлеуметтік осал топтардағы азаматтарды салықтан босата алады. Сондай-ақ жалақысы жүз мың теңгеден аз азаматтардан жеке табыс салығын алмаған жөн деп есептеймін. Ал енді одан жоғарғы жалақы алатын азаматтардан он пайыз алып, табысы миллионнан асатын азаматтардан он бес-жиырма пайыз жеке табыс салығы алынса деген пікірдемін. Байлық салығы деген мәселе бар, ол да алдағы уақытта көтерілуі керек. Меніңше, осындай мәселелер арқылы әлеуметтік теңдікті орнатуға болады. 

Одан бөлек цифрлық ақша мәселесі, ақшаның айналым мөлдірлігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күресу, көлеңкелі экономикамен күресу де өте маңызды дүниелер. Егер осы мәселелер шешілетін болса, халықта сенім, үміт пайда болады. Жаңа Қазақстан деп аталып жатқан қазіргі ұсыныс, меніңше керек деп ойлаймын. Біз шын мәнінде жаңа Қазақстанға қадам басуымыз керек. Оның аты ғана жаңа Қазақстан болмай, заты да соған сай болса нұр үстіне нұр. 

Жаңа Қазақстан дегенде бірінші әлеуметтік мәселе, екінші экономикалық жағдай жасау, шағын және үлкен бизнестердің көркеюіне қолдау көрсету, сол арқылы экономиканы қарқындату басты меже болуы тиіс. Экономика өскен сайын халықтың табысы артуы керек. Жаңа Қазақстан деген кезде ұлттық идеологияны да қаперден шығармағанымыз абзал. Бүгінде дінмен байланысты болсын, ұлтымызбен байланысты болсын, өзге ұлттармен қарым-қатынас жағынан болсын, ұлттық идеологияның ақсап тұратыны байқалады. Жаңа Қазақстан бұл жалпы қазақтың ұлттық идеологиясының негізінде жүзеге асырылуы керек. Кезіндегі Алаш арыстарының құрған идеясын темірқазық етіп жаңа қадамдар жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана біздің азаматтарда билікке, елдің болашағына деген сенім пайда болады. Сенімі бар адам ел игілігіне қызмет жасайды.

Мақсат Халық,

экономист, Progente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...