СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙБұл жөнінде "жаңалық" ашып жатудың керегі шамалы. "Миф" пен &qu...
ҚАЗАҚ ТАУЛАРЫНЫҢ ИЕСІ КІМ?
Тарих оқулығына үңілсек, ежелгі көк түріктердің де, жалпы ортағасырлық түркі тілді тайпалардың да Тәңір, Жер-Су және Ұмай-енеден басқа қасиетті тауларға деген сиыну мен тағзым ету (тау культі) жөн-жосығының болғандығын білер едік. Осы тағзым етудің сарқыншағы қазақ арасында, алтай қазақтары сенімінде өткен ғасырдың ортасына дейін де сақталған көрінеді. Ыдуқ баш − «Қасиетті тау» немесе бүгінгіше − «Қайырхан тау» халықтың демеуші рухы болған, ал көк түрік қағандары қасиетті Өтүкен тауларын өздерінің жебеуші рухы деп білген. Осындай сенімнің іздерін Балқантау, Тескентау сияқты атаулардан да аңғаруға болар. Сонымен, өткен заманда әр таудың иесі болған, ол халықтың рухани тірегі болған, ал бүгіндері ше? Расында да, осы бүгінгі қазақ жеріндегі таулардың ұшар басының иесі бар ма? Осындай сауалдың қойылуы сырт көзге күлкілі де көрінетін шығар, өйткені мынадай қиыншылығы көп заманда осыдан да басқа маңызды нәрселердің жеткілікті екендігі анық қой. Дегенмен, осы тау шындарына қатысты соңғы кездерде айтылып жүрген бірлі-жарым әңгімелер айтылған сауалды қоюды қажет еткізетін сияқты. Жуықта ақпарат көздері арқылы 1979-88 жылдары Ауғанстан жерінде «интернационалдық борышын» өтеген жауынгер ардагерлердің ұйымы өздерінің, яғни «ауғандық» ардагерлердің құрметіне арнап, Іле Алатауының «аты жоқ» бір шыңын «Черный тюльпан» деп атау мәселесін көтергенін естіп білдік. Оған назар аудармай-ақ қоюға болар еді, тек осыдан бір-екі жыл бұрын дәл осындай «ат беру» шарасы болғаны есімізге түсті. Нақ осындай шараны осыдан бірер жыл бұрынғы өткен Парламент сайлауы алдында қазақстандық бір партия жүзеге асырған болатын, яғни Іле Алатауының бір «есімсіз биігіне» өз партиясының атын (қателеспесек, «Азаматтық партия» болуы керек) беріп жіберген болатын. Не деген мәрттік, кеңдік десеңізші! Сонда қалай, кім көрінген таудың басына арнайы альпинистік топты шығарса болды, сол тауды қалай болса, солай атау хұқына ие болғаны ма?
Қазақ тауларының басқа ел (Кеңес Одағы) үшін тағы бір басқа елде (Ауғанстанда) соғысқан «ауғандықтардың» да, ат төбеліндей азғантай саяси топты біріктіретін саяси партияның да мүдделеріне қатысы қандай? Мәселе біздің «ауғандықтарға» қатысты көзқарасымызда емес, өздерінің тарихи болмысын атап өткісі келсе, тәңірі жарылқасын, бірақ қазақ жеріндегі бір таудың басы «аты жоқ» екен деп «жиендік» жасауға бола ма?
Сөйтіп жүргенде «Жас Алаштың» тамыз айының біріндегі нөмірінде жарық көрген Нұртөре Жүсіптің «Мұқағали шыңы неге жоқ?» деген мақаласы жарық көрді, мұнда автор атақты ақынның есімімен тау шыңын атау туралы ұсыныс жасапты, ден қоярлық ұсыныс, дегенмен осы ұсыныстың нақты ақын мерейтойынан басқа да жалпы қазақ үшін маңызы бар мәселені қозғайтындығын айтуымыз керек, ол − қазақ тауларына, жалпы географиялық нысандарға ат беру, бұрынғы атауларын өзгертудің қисындық тұжырымдамасын жасау мәселесі. Ал тарихи құжаттарда «Теңри тағ», ресми әдебиетте «Тянь-Шань» деп аталып, бүгінгі қазақ тіліне анда-санда болса да «Аспан тау» деп қазақшаланып жүрген үлкен тау жүйесінің қазақстандық бөлігіндегі (негізінен, Іле, Жоңғар, Теріскей Алатаулар) тау шыңдары мен мұздықтарының қалай аталғанына назар аударып көрелікші. Тек азғана бөлігінің ғана байырғы қазақы атауларын сақтағанын аңғардық, яғни Қарасай, Қорымдық, Жаңа мұздық, Жарсай мұздығы, Лепсі, Қыземшек, Қызылауыз, Хан Тәңірі, Саурықсай, Сүтбұлақ, Тоғызақ, Жаңғырық шыңдары мен мұздықтары — міне, «қазақылары» осы ғана. Бұлардан басқа кеңес дәуірі кезінде тау басына «есім болу» хұқына ие болған қазақ саны бар болғаны жетеу-ақ(!). Жамбыл, Мәметова, Абай, Алтынсарин, Амангелді, Сәтбаев, Уәлиханов шыңдары мен мұздықтары. Ал қалғандары ше? Басым көпшілігі қазаққа да, Қазақстанға да қатысы жоқ адамдардың есімдері.
Жоңғар Алатауы | Ауыстыруға болатын есімдер |
Марков мұздығы. К.М.Марков − орыс- кеңес географы | Күлтегін |
Конституция мұздығы. Идеологиялық сипатты атау | Білге қаған |
Короленко мұздығы. В.Г.Короленко-орыс жазушысы | Төнүкөк |
Хейердал мұздығы. Т.Хейердал − норвег географы, саяхатшы | Оғыз хан |
Некрасов мұздығы. Н.Некрасов − орыс жазушысы | Қорқыт |
Обручев мұздығы. Обручев − орыс-кеңес геологы, жазушысы | Мүде тәңірқұт |
Безсонов мұздығы, шыңы. Л.И.Безсонов − орыс-кеңес геологы | Қобыланды |
Берг мұздығы. Л.С.Берг − орыс географы. | Алпамыс |
Аболин мұздығы | Ер Қосай |
Іле Алатауы | |
Григорьев мұздығы. Григорьев – орыс - кеңес географы | Ер Көкше |
Қазақ ССР-нің 30 жылдығы атындағы мұздық, идеологиялық сипатты атау | Қамбар |
Гагарин шыңы. Орыс ғарышкері | Алау |
Жас гвардияшылар шыңы. Идеологиялық сипатты атау | Абат |
Кошевой шыңы. Батыр-комсомол | Асан қайғы |
Дмитриев мұздығы | Жиренше |
Городецкий мұздығы | Әз Жәнібек |
Сапожников мұздығы | Қасым хан |
Колесник мұздығы. С.В.Колесник − орыс- кеңес географы | Махмұт Қашғари |
Кассин мұздығы. Н.Г.Кассин - орыс-кеңес геологы | әл-Фараби |
Шокальский мұздығы. Шокальский − орыс-кеңес мұхиттанушысы | Майқы би |
Теріскей Алатау | |
Симонов мұздығы. Н.В.Симонов − қазақстандық географ | Афрасиаб − Ер Тұңға |
Бұл аспантаулық шыңдар мен мұздықтардың толық емес тізімі ғана.
Олардың белгілі бір ортада еңбектері, істері елеулі, маңызды болған да шығар, тек оларды сөздің тура мағынасында «төбемізге шығаруға» бола ма? Miнe, мәселе қайда жатыр? Таулардың басы көбінесе саяхатшылар мен географтар атымен аталады, ол түсінікті де (дегенмен олардың да қазақ жеріне қатысы шамалы), ал орыс жазушылары − В.Г.Короленконың, Н.Некрасовтың тау басында жүруін, қазаққа қатысы жоқ Олег Кошевой мен «жас гвардияшылардың» Қазақстан жеріндегі шың аттарына айналуын қалай түсіндіруге болады?
Қазақ тауларының, биік шыңдарының аттарының болмауы ең алдымен таудың атын тергеп, тікелей атамаудан келіп қалыптасқан ғой, сондықтан «қазақ өз жерінің тауына ат бермеген екен» немесе «Қазақстанда қазақшылығы мол альпинист шықпады екен деп, тау басына шыққан кез келген «көлденең көк атты» бөгде ұлт, бөгде ел альпинистеріне тау шыңына ат беру құқын беруді барып тұрған сорақылық деп атауға болады.
Мұқағалиға бір шың атын бергенде, оның атымен Хан Тәңірі іргесіндегі тағы бір шың — қазақы атты «Байынқол» шыңын емес, қаптаған орыс фамилиялы таулардың бірін қайтадан атаған жөн шығар. Сонымен бірге замандас адамдардың біреуіне осындай ат беру, «неге Мұқағалиға бергенде мынаған да бермеске деген» дәстүрлі рушылдық психологияға негізделген ұсыныстар жарысы басталып кететіндігін де естен шығармаған жөн. Асылы, тауды қасиетті деген екенбіз, олай болса оның есімдері де ешкім қарсы дау айта алмайтын қасиетті есімдермен қойылуы тиіс. Мәселен, «Алатаулардағы» шыңдар мен мұздықтар, жоталар атуларын түгелдей қазақы-түркі бағзы тарихи (Атилла, Томирис, Анахарсис, Күлтегін, Шыңғыс, Жошы, Бейбарыс, М.Қашғари, т.б.) және мифоэпикалық (Алпамыс, Қобыланды, Оғыз хан, Қорқыт, Манас, Абат, Асан қайғы, т.б.) қадірлі тұлғалардың, яғни кейінгі ғасырлардағы рушылдық пен жүзшілдік күнкіл, қызғаныш тудыруы ықтимал есімдерден емес, таулардың өзіндей тым көне заманның нейтрал тұлғалардың аттарына ауыстырған жөн сияқты. Келтірілген орыс атауларының орнына қойылар түркі-қазақтық ықтимал есімдерді келтіре кеттік, мәселе таулардың дәл солай аталуында емес, белгілі бір қисынды ой мен реттің болуында. Тіпті бұл істе көршілес қырғыз, тәжік сияқты көршілермен бірлесе отырып, бүкіл Памир-Алай-Тянь-Шань тау жүйесіндегі орыс-кеңес атауларынан құтылғанның артықтығы жоқ.
«Жас Алаш» газеті, 2000 жыл, 7 қыркүйек