Бүгін бәрінен ұят кетті. Ал қазақ тәрбиесіндегі ұят институты бүгіндері „ұятмэн„ болды....
Қазақтар мен жапондар
«Шетелдіктерге, әсіресе ТМД-лықтарға, бөтен елді түсінгеннен қабылдамай тастау оңай. Себебі, Жапонияда өтірік айтуға болмайды, уәде беріп тұрып - орындамау деген жоқ, кешкі 21-00 ден кейін шуламайды, қоқысты көрінген жерге тастамайды, көшеде түкірмейді. Бұл елде ешкім қарыз бермейді. Өз өмірі үшін өзі жауапты болып үйренген».
Достарыма да қарыз бермеймін
- 12 жыл бұрын курстас қызыма үйлендім. Екеуміз Қытайда бірге оқыдық. Жапон қызы Айко Тани, - деп әңгімесін бастады бұрын Талғар қаласында тұрған Әбдіғали Әди. – Ара-тұра ұрыс-керіс, айырылысып кетіп жүрсек те, бір-бірімізді енді ғана түсіне бастадық. Бастапқы кезде екеумізге де өте қиын болды. Мен бөтен елдің әдет-ғұрпын көріп мәдени шок алсам, ол менің кейбір әдеттеріме қарап шошыды. Мен Қазақстандағы достарыма қарыз бергенді жақсы көретінмін. Ал жапондар туған әке-шешесіне де қарыз бермейтін ел. Мен бір жыл түгіл ертеңімнің жоспарын құра алмайтынмын. «Үнемдеу» деген сөз мен үшін жат еді – қалтама азын-аулақ тиын-тебен түссе, дереу жұмсағым келіп тұратын. Ол осы қылықтарымды түсінбейтін. «Жасың болса – 25-те, ал сен не өміріңді, не ақшаңды басқара алмайсың деп ұрысатын. Біздің елде бала екеш бала да бұлай жасамайды» дейтін. Шынында да солай екен. Қазір менің балаларым жартылай қазақ, жартылай жапон. Олар арнайы күнделікке бүгін жұмсаған шығынын тізіп отырады.
Қазақстанда тойымызды жасап, Жапон еліне бір тиынсыз келдік. Пәтер жалдау үшін бірнеше жерде жұмыс істеуге тура келді. Қазақстандағы туыстарыма қоңырау шаламын (ақша салып жіберсін дейін деп) дегеніме әйелім кәдімгідей тыйым салатын. Қазір ешкімге қарыз бермеу әдет болды. «Не деген сараң едің, бірге өспеп пе едік?» - дейді достарым. Мен оларға азын-аулақ ақша бере аламын, қайтармай-ақ қой деймін, бірақ қарыз сұрамаңдар деп төтесінен жауап қайтарамын.
Баяғыда, жаңадан үйленген кезімізде әйелімнен: «егер досым қиын жағдайға тап болып, оған ақша керек болса, мен не істеуім керек?» деп сұрадым. Ол маған кішкене балаға түсіндіргендей тәптіштеп айтты: «Егер ол ересек, санасы сау адам болса, неге сондай күнге деп ақша жинап қоймады? Бұл - біріншіден.
Екіншіден, неге сақтандыру жасатпаған?». Сосын жапондық сабырын түгесіп, өз өміріне бұлай жауапсыздықпен тек қазақтар қарайды деді. «Сендер өз өмірлерің үшін жауапкершілікті ылғи туыстар мен достарыңа қалдырады екенсіңдер» - деді ол.
Жапондық түсінік бойынша, әр адам өз қиындығын өзі жеңуі керек. Егер біреуге салмақ салса, бұнысы жөн емес. Мен мұны Жапонияда он жылдан аса тұрғаннан кейін барып түсіне бастадым. Әйелім қиналса да мені түсіне бастады. Тіпті кейбір қазақы қылықтарымды жұқтырды.
- Мысалы?
- Мысалы, бұрын тек күнтізбемен өмір сүретін. Бүкіл отбасы сағат 21-00 ұйықтауы тиіс еді. Қазір ол 21-30 ғана ұйықтайды. Себебі, мен жатар алдында қазақы әдетіме басып, кофе не шай ішкім кеп, әйелімді шақырамын. Ол келіседі! Мен оған қара шай ішуді үйреттім. Соңғы кезде осы жаман әдетпен күресіп жүр. Бірақ қолынан келер емес. Ал мен үшін жатарда шай ішу – үлкен ғұрып.
Әйеліме әсер еткенімнің тағы бір белгісі, ол жоспарсыз сауда жасайтын болды. Жапонияда әр отбасы айлық шығынын қойындәптеріне түртіп қояды. Бір айда жұмсаған ақшасына әйелі есепші бастығының алдында есеп бергендей айдың соңында ерінің алдында есеп береді. Мен әйеліме толық сенемін. Бірақ әр кезде оның есебін толық тексеріп шығамын. Сонда келесі айда не алатынымды есептеймін. Мәселен, екі жылдан кейін көлік алатын болып шешсек, онда бүгіннен бастап үнемдеу керек. Жапондарда бұлай жасау қалыпты дүние. Қазақтарда ше? Әкеме қоңырау шаламын, ініме айтам, достарыма хабарлаймын – қарызға ақша бер деймін. Жоқ десе – несие аламын.
Санамен жапондықтарды түсіну мүмкін емес
- Жапондар банктен ақша сұрағанды ұнатпайды. Банктің пайызы төмен болса да сөйтеді: пәтер алу үшін шамамен – 0,03 пайыздан бастап 0,08 пайыз жылдық пайыз төлейді, үй алу үшін – одан гөрі көбірек, дегенмен 0,1 пайызға жетпейді. Көлік алу үшін – 0,3 жылдық пайыз бекітілген. Бұл сандар қазақтар үшін тәтті түс көргендей, ал жапондар үшін банк – тонаушы іспетті.
Олар бәрін өз ақшасына сатып алғанды ұнатады. Сол үшін үнемдеу керек деп есептейді. Әрбір жапонның шотында ақша бар. Құдай басқа салмасын, егер обырмен ауырып қалып, ақша таппай қалу деген оларда болмайды. Айтпақшы, бұл елде обырмен ауыратындар саны өте көп.
Емделу өте қымбат екенін білетіндіктен, жапондар дәл осы дерттен өзін сақтандырып қояды, оған қоса ақша жинайды. Жағдай қаншалықты ауыр болса да, «мына балаға ақша жинайық, құтқарып қалайық» деп Жапонияда әлеуметтік желіге жар салу ешкімнің санасына кіріп шықпас еді. Ондай әпендіге: «Есің дұрыс па? Бұған дейін қайда жүргенсің? Жинаған ақшаң қайда? Неге кездейсоқ жағдайдан сақтандыру жасатпадың?» дер еді. Жапондар қолын жайып, қайыр сұрау дегеннің не екенін мүлде түсінбейді.
Аздап тақырыптан ауытқиын. Бірде келіншегім екеуміз Қытайда оқып жүргенде, аяғы жоқ бомж қыр соңымыздан қалмай қойды. Қолында майда тиыны бар екенін білетінмін. Бірақ оның жүрегі дір етпеді. Қайыршығы бір тиын да бермеді. Мен оны сөгіп едім: «Мына байғұстан тиыныңды аяп қалдың ба? Ол ақшаға бәрібір ештеңе ала алмайсың ғой» деп. Ол маған не деп жауап бергенін білесіз бе? «Біріншіден, мен мемлекет емеспін; екіншіден, мен бұл елдің азаматы емеспін. Жапонияда бірде бір мүгедек қайыр сұрап, көшеде тентіреп жүрмейді. Олардың ем-домына, оңалтуына мен салық төлеп отырған мемлекет жауапты».
«Ал, мейлі, мүгедектерді мемлекет бақсын, сонда сендерде аштан қалып, нан сұрап жейтін кедей адам жоқ па?» дедім. Менің қызым иығын қиқаң еткізді: «Бар». «Оларға да көмектеспейсіңдер ме?» Осы кезде ол түсіндіре бастады: «Жапон еліндегі бомждар – міндетті түрде дымы жоқ кедей адам дегенді білдірмейді, олардың көпшілігінің есеп-шотында қыруар қаражат бар, олар қоғамнан шаршаған кезде дүниені тәрк етіп, безіп кетеді, өзіне қаңғыбастың өмірін таңдайды».
Жапон елінде ешкім аш қалып жатқан жоқ. Бірақ ереже, қағидасы, түрлі шарттылықтардан аяқ алып жүргісіз. Шетелдіктерге араласып кету қиын. Әсіресе, біз сияқты еркін өмірді сүйетін қазақтарға. Бұл басқа мемлекет қана емес, бұл басқа Ғалам. Оларда бәрі басқаша. Сондықтан Жапонияда білім алған қазақтардың көбі онда қалғысы келмейді. Мұнда үш-төрт жыл оқыған қазақтар өздерін жапонтанушы сезініп қалады. Шын мәнінде олай емес. Кейде тәп-тәуір білсе, көбісі жапон тілін меңгере алмайды. Бірақ екі баланың әкесі атанып, мұнда он жылдан аса өмір сүрсем де Жапонияны әлі күнге дейін мен де толық түсінбеймін.
Қазақ пен еркіндік
Біз үшін қалыпты дүние саналатын нәрсе жапондықтар үшін шектен шығу болады екен.
- Бұл елде тек әке-шешеңнің үйіне қонуға, кейбір кезде туыстардікіне қонуға болады. Қарындасым Токиоға оқуға түскенде біздікіне жиі келетін. Ескертпейтін. Бұларда ондай мүлде жоқ.
Екі-үш апта бұрын айтып қояды да, сосын қонаққа келеді. Сөйтіп, менің қарындасым үйге келеді. Әйелім жұмыстан келіп есікті ашса, қарындасым асүйге қожайындық жасап, шай ішіп отырады. Біздікілер жақтырмаған кейіп танытып, ойлағанын айта салар еді. Келіншегім нағыз жапондар секілді, дым білдірмейді. Керісінше, қуанған қалып танытады. Қарындасым түк сезбей қалды. Жапондақ көңіл күйін керемет жасырып ұстайды. Бет-жүзіне қарап түк те түсіне алмайсың.
- Өзіңіз, не әйеліңіз отбасы құрғандарыңызға өкінген сәттер болды ма?
- Меніңше, ол бір рет өкінді. Себебі болды... Қалай нақтырақ түсіндірсем екен... Біздің Қазақстанда өткен тойымыз кезінде. Кәдімгі қазақтың тойы, қамсыз, түсініксіз, мас қонақтары көп, ертесі түскен ақшасы қайда кеткені белгісіз. Менің келіншегім менің және оның өміріндегі ең мәнді күнді қалай осылайша санасыздықпен өткізуге болатынын түсінбеді. Бәрі ол ойлағандай романтикалық ауанда өтпеді. Қазір ғой, өмірінің үштен бірін қазақпен өткізгеннен соң Айко неше түрлі кездейсоқтыққа дайын боп қалды. Бірақ ол кезде қазақтар ақшаны ғана емес, кез келген ұйымдастыру жұмыстарына сондай жауапсыз екенін білмеген еді. Әйелім өкініші туралы дауыстап айтқан емес. Сол түні өкінгенін айтпас та. Себебі, ол өзі біліп таңдау жасады. Ол, біздер қазақтар ғой, бәрін орта жолда тастай саламыз. Ал жапондарда таңдауды өзің жасасаң, онда жауапкершілікті де өзің мойныңмен көтересің.
- Оның қазаққа күйеуге шыққанына өкінгенін қалай білдіңіз? Ол кезде қазақтардың тік сөйлейтін мінезін көріп үлгермеді ғой?
- Сол түні ол жылады. Оның неге жылағанын мен анық түсіндім.
- Ал сіз өкіндіңіз бе?
- Шын айтайын ба? Жапониядағы алғашқы жылы қатты күйзелдім. Өз өміріме де түкіргім келді. Ештеңе ұнамады. Жұмыс қиын болды. Бөтен ел жақпады. Әйелім сабырға шақырды.
Қолдау көрсетті. Ал мен оның не қалағанын түсінбедім. Үйге кеткім келді. Екі түрлі бір сұмдық тәртібі бар Жапон елін жек көрдім.
Кейіннен ТМД елдерінен келген әр адамның басынан өтетін қиындық екенін білдім. Бұл елді білмей тұрып жамандайтындарды жақсы түсінемін. «Неге мен еркін қазақ бола тұра олардың ережесіне мойынсұнуым керек? Ет қызумен берілген уәдені неге орындауым керек?» - дейтінмін әйеліме.
- «Онда уәде берме».
- «Мен абайсызда ұмытып қалдым ғой. Сосын орындар едім ғой».
Ақшаға қатысты да солай боп тұрды. Ол Қытайдағы оқуын бітіргенше, оның алма дегеніне қарамастан ата-енемнен ақша алып, қайтармай қойған кездерім болды. Сосын берем деп. Олар мен туралы не ойлайтыны маған бәрібір еді. Мен қатты қайғырдым! «Неге жапон қызға үйлендім? – деп шашымды жұлған кездерім болды. – Не үшін мұнда келдім? Ет жеп, қарын тоқтығымды неге ойламадым? Несие алып, орта есепті қазақ құсап өмір сүре бермедім бе екен? Тромбоцит, не холестериннен 56 жасымда өле қалар ем. Өлсем де үйімді, Қазақстанымда өлер ем ғой!»
Оған қоса анам уайымдай бастады. «Не боп қалды, балам? Құрысыншы сол, Жапондары, үйге қайт. Айко Қазақстанға келмесе, таста оны! Қазақ қыз тауып береміз. Тағы да үйленерсің». Отбасылық өміріме тықыр таянды. Бірінші жылдың қиямет қайымынан өттім. Феникс құсап күлден қайтып жаралдым.
Бұл елге қалай үйреністім? Қарапайым ереже бар: бұл елді қабылдау үшін түсінуге тырысу керек. Түсінсең, жақсы көріп кетесің. Алайда, шетелдіктердің 99%, әсіресе ТМД елдерінен келгендер бұл елді қабылдамайды. Соның кесірінен түсіне алмай кетеді. Мұнда келеді, тұрады, барлық жақсылығын көреді, тұтынады, сосын жамандайды. Неге? Себебі, Жапонияда өтірік айтуға болмайды, уәде беріп тұрып - орындамау деген жоқ, кешкі 21-00 ден кейін шуламайды, қоқысты көрінген жерге тастамайды, көшеде түкірмейді. Бұл елде ешкім қарыз бермейді. Өз өмірі үшін өзі жауапты болып үйренген.
Отаның туралы ертерек ойлан
- Отанға қайтып кетуден не айнытты?
- Мақсат! Мақсатым ешқашан өзгерген емес. Кей адамдар мені Жапонияға эмиграциялау үшін әдейі жапон қызға үйленіп, жақсы өмір қуып кетті деп ойлайды. Шын мәнінде бұл елде бәрі соншалықты тамаша емес. Әрине, әйелімнің отанында бәрі адамдар үшін жасалған. Заңдары сағат сияқты тықылдап тұр. Пара алмайды. Бірақ үш адамның жұмысын істемесең, аш қаласың. Менің мақсатым басқа.
Мен бұл елде мәңгілікке қалғым келмейді. Қолымнан келгенше әр нәрсені үйренгім келеді. Сосын сол жапондық жақсы үрдісті, тәжірибені Қазақстанға енгізсем. Менің бірінші тәжірибем – Қаскелең түбіндегі бөдене фермасы болды. Екінші жобам жобалау барысында. Бірінші жобам орындалмай қалды. Бірақ бізде Қазақстанда бизнес қалай жасалады? Серіктестер басында қуана келіседі де, ақырында әркім өз көрпесін өзіне тарта бастайды. Сөйтіп, бизнес тумай жатып, тұншығады. Жеке өмірімнен алынған тәжірибе. Бұдан былай бәрін бастан-аяқ өзім жасаймын деп шештім. Қазір капитал жинап жатырмын.
Жұрттың бәрі мен жапон боп кетті деп ойлайды. Олай емес. Сол баяғы қазақпын. Алайда егер екі азаматтық алу құқығы болса, жапондардікін де алар едім. Мұндай ой ттек менде ғана емес, әйелімде де бар. Әрине, ол үшін Қазақстан – денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру бойынша сұмдық көріністер, бірақ оның ойынша, балалар тарихи отанын біліп өсуі керек. Балалар жыл сайын барып, Қазақстанда бір-екі апта тұрады. Бірақ бұл аз. Кем дегенде бір жыл тұруы керек. Өз балаларым, Қанат пен Нүрияға қазақылықты сіңіргім келеді. Ана тілімде сөйлеймін. Олар жапонша сөйлесе, түсінбеген қалып танытамын. Мен жоқта әйелім оларға қазақша ән, күй қосып береді. Солар үшін Жапонияға анамды алдыртып отырам. Немерелерімен ана тілінде сөйлесіп, түсініссін деймін.
Бәлкім, бұл әңгіме біреуге сабақ болар. Кім білсін, менің айтқанымды тәкәппарлық деп түсінетіндер де табылып қалар.