Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері

Фотосуретті автор ұсынған

ТАНЫМ
1009

Сөз басы

Патша өкіметінің арнайы тапсырмасымен 1803-1804 жылдары Ырғыз өңіріне орыс офицері Я.П. Гавердовский әдейі келеді. Сонда ол осы сапарында Әлім Қаракөбек би мен оның туысы Боранбай баяндап берген 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиыны турасындағы деректерді, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының оңтүстік-батыс жағындағы шоқының тарихын «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деп аталатын жол-сапар күнделігіне енгізген. 

Осы еңбекте есімі «Буканбай» деп орысша бұрмаланып түзілген Бөгенбайды кейбіреулердің Табын Бөкенбайға айналдырып, өз жандарынан шығарған өтіріктерін жапсырып, даурығып жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болды. Ақиқатында бұлардың бір-біріне еш қатысы жоқтығын, бөлек адамдар екенін нақты бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, бірнеше зерттеу еңбек жаздық (Қараңыз:  Кәртен Б. Шоқы кімге тиесілі: Бөкенбай батырға ма, әлде Бөгенбай биге ме?// «Қазақ әдебиеті» газеті, 30. 04. 2021 жыл, 23-бет; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны// «Ақиқат» журналы, №10, 2022 жыл. 62-68 беттер). Бұған байланысты басқа да авторлардың мақалалары басылымдарда жария көрді. Алайда «бөкенбайшылдар» айтылған сындардың, келтірілген дәлелдердің бір де біреуін жоққа шығаратын уәждерін ұсына алмады.

Исмурзиннің тал қармап тұрып сондағы айтқан сөзі               

Еш амалы қалмаған «бөкенбайшыл» топ ақыр соңында 2024 жылы қыркүйектің 19-ында Алматыда жиналыпты. Бұған бұрмаланған шындықты қорғап жүрген бірен-саран өлкетанушылар да, тарихшылар да қатысқан. Бұлардың айтқан дәлелдерін қарсы жақ теріске шығар алмаған. Куәлік қылатындары баяғы сол танбастан өжектеген өтірік сөздері дейді. Жиында «бөкенбайшыл» топтың бір мүшесі, оралдық Ж. Исмурзин деген аса белсенділік танытыпты. «Өзгелердікі бос сөз, мен архивпен жұмыс істедім, бәрін білемін, кәсіби тарихшымын» деп кеудесін соғып, екілене сөйлеген. 

Бас қосуда түзілген «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми кеңес хаттамасына» Б. Алдоңғаровтың, А. Мухамбетуллиннің, ғалымдар Д. Әбеновтың, А.Жұмаділовтың дәлелді пікірлері «бөкенбайшылдардың» өтіріктеріне қайшы келетін болғасын енгізілмеген, тек бұрмалаушы жақтың теріс сөздері ғана келтірілген. 

Осы хаттамаға түсірілген әлгі Исмурзин дегеннің уәжінде былай делінген: «Бөкенбай шоқысы мен Қарақұм құрылтайына қатысты басты архивтік дереккөз саналатын Я.П. Гавердовский жазбаларына тиянақты зер салып, ондағы мәліметтермен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдің қорларында сақталған құжаттармен өзара салыстыра қарағанда оның Бөкенбай Қарабатырұлының тұлғасына қатысты екендігі анықталады. Тіпті Я.П. Гавердовскийдің 1804 жылы жазған «Журналында» Бөкенбай биге «Имя сего знаменитого богатыря известно и в Оренбургской исории по его приверженности к России» деген түсініктеме берілген. Мұның өзі Я.П. Гавердовскийдің алғашқы нұсқасы 1759 жылы жарық көрген П.И. Рычковтың «История Оренбургская» еңбегін пайдаланғанын көрсетеді. ...бұл арқылы Я.П. Гавердовский Ырғыз ауданындағы шоқының табын Бөкенбай батырға тиесілі деген қорытындыға келген».      

Бұл – «Суға кеткен тал қармайдының» кері. Исмурзиннің бұрмалап отырғанын дәлелдеп көрсетейік. 

Я.П. Гавердовский 1803 жылы тамыз айының 22-інде былай деп таңбалаған: «В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли, Буканбай (Имя сего знаменитого богатыря известно и в Оренбургской истории по его приверженности к России) (астын сыздық.-Б.К.), бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского». Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).

Ал Исмурзин «айғақ» қып отырған П.И. Рычковтың «История Оренбургская» атты кітабында былай делінген: «И тако во оное собраніе призванъ был онъ, Тевкелевъ, нарочно одинъ, коему тутъ, силными и безъ всякаго страха чипенными отъ него представленіями, помогательствомъ же ханскимъ и одного знатнейщего киргиз-кайсацкаго старшины Букенбая батыря, так посчастливилось, что все противной партіи противу его, ханскихъ, и букенбаевыхъ представленій не только спроить не могли и безгласны учинились, по и большая часть изъ того собранія купно съ ханомъ и съ поманутымъ киргиз-кайсацкимъ знатнейшимъ старшиною Букенбаемъ ея и.в. присягу въ верности учинили и ханъ на томъ основался, чтобъ сына своего ко двору ея и.в. послать» (Қараңыз: Рычков П.И. Исторія Оренбурская (1730-1750). Изданіе Оренбургскаго Губернскаго Статистическаго Комитета. Оренбургъ. Типо-литографія Ив.Ив. Мировицкаго. 1896. Стр. 6).

Куә боп отырмыз, П.И. Рычков «История Оренбургская» деп аталатын кітабында 1730 жылдардағы бодандық мәселесіне байланысты оқиғаларды һәм осыған тікелей қатысы бар Табын Бөкенбай туралы баяндаған. Ал Я.П. Гавердовскийдің жазғаны – 18-ғасырдың бас кезінде қалмақтармен шайқаста өліп, шоқыға жерленген «Буканбай» (Бөгенбай) хақында. Сонда сүйегі топыраққа айналған «Буканбай» (Бөгенбай) Рычковтың кітабында айтылатын 1730-1742 жылдар аралығындағы оқиғалар ортасында жүрген тірі Табын Бөкенбайға қалайша айналып шыға келген?!     

Исмурзин анық-қанығын айыра алмай «дәлелге» ұсынып, жалаулатып жүрген «Имя сего знаменитого богатыря известно и в Оренбургской истории по его приверженности к России» деген түсініктеме кейін қосылған. Қолжазбамен танысқан сол кездегі ғалымдардың бірі тарапынан немесе баспаға дайындау кезінде. Сондықтан 1730 жылдары бодандықты қабылдауда айрықша қызмет атқарған Табын Бөкенбай мен  XVIII ғасырдың бас кезінде қалмақтармен қақтығыста опат болып, шоқыға жерленген «Буканбайдың» (Бөгенбайдың) өзара еш байланысы жоқ. Исмурзиннің осыны ажыратуға өресі жетпепті.

Ырғыз өңіріне аяқ баспаған, Гавердовскийдің жазбасын әр тұсынан шала-шарпы бір шолып, орта жолдан ғұламасынып, жөнсіз килігіп жүрген Исмурзиннің «Мұның өзі Я.П. Гавердовскийдің алғашқы нұсқасы 1759 жылы жарық көрген П.И. Рычковтың «История Оренбургская» еңбегін пайдаланғанын көрсетеді. ...бұл арқылы Я.П. Гавердовский Ырғыз ауданындағы шоқының табын Бөкенбай батырға тиесілі деген қорытындыға келген» деп бұрмалауы – ғылымға жат әдепсіздік!  

«Бөкенбайшылдар» тайқып, айналып өтетін, үнемі нәтижесіз қалдыра беретін мына сұрақ-сауалымызды өзін тарихтың білгірі санайтын Исмурзиннің де назарына ұсынайық.

Ресей империясының архивтік дерегінде: « ...мая 28 - числа 1742 года  Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...» (астын сыздық. – Б.К.), – деп түзілген (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53).

Түрікпендермен болған осы қақтығыста опат болған Табын Бөкенбайдың денесі қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясына әкелініп, жерленген. Ұрпақтары басына белгі орнатқан.

Енді Я.П. Гавердовскийдің мәліметін келтірейік, ол бүй дейді: «Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке…» (астын сыздық. – Б.К.) – деп таңбалаған (Қараңыз: Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского». Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495). 

Мәлімет екі түрлі. Сонда Табын Бөкенбай батыр қалмақтармен шайқаста қаза тапқан ба, әлде түрікпендермен қақтығыста өлген бе? Ақиқатқа түбегейлі жету үшін осының бірін таңдау керек! 

Егер Гавердовскийдің дерегі қабылданса, оның: «Буканбай бий... погребен на том же маяке…» деген сөзіне біржолата тоқтап, қалың Табын, ұрпақтары, ырғыздықтар Бөкенбай батыр қалмақтармен шайқаста қаза болды, Шектілердің мекеніндегі өзі қарауыл қылған шоқыға жерленді деп нақты қорытындыға келу керек. Онда архив қопарған білгіш тарихшы Исмурзин, т.б. осыны негіз қылып, халық жырларында, Ресей империясы архивінде «түрікпендердің қолынан өлді» деп сақталған мәліметтердің жалғандығын айтып, ел-жұрт адаса бермес үшін оларға бұдан былай қолдануға тыйым салуы тиіс.

Ал Ресей империясы архивіндегі дерек таңдалса, Табын Бөкенбай расында түрікпендермен қақтығыста өлді, мүрдесі Байғанин ауданы территориясында жерленген, Ырғыз жақтағы таудың атауы Шекті Бөгенбай биге тиесілі деп мойындап, надандықпен өршіген өнбес дауды доғарғандары жөн. 

Мәліметтерін Исмурзин бұрмалап жүрген Қаракөбек би – тарихи тұлға! 

Исмурзин «Алтай батыр және оның заманы» (2003) деген тарихты өз қалауынша бұрмалаған «зерттеу» кітабында «Кіші жүзге келген поручик Я.П. Гавердовскийге  қазақ ақсақалдары қалмақ ойранын әңгімелеген кезде...», «Осыған орай Кіші жүз қазақтарынан ауызша естіген мәліметтерін қағазға түсірген орыс поручигі...» дейді. Гавердовскийге дерек берушінінің есім-сойын атап, заманында беделді, есімі кең жайылған тұлға еді демейді, оны Кіші жүздегі көп қазақтың бірі немесе ру ішіндегі жәй ақсақал ретінде көрсеткісі келеді. Сондағы ойы – қарапайым ауыл адамы 1710 жылы Қаракесек жиыны мен шоқыға қатысты айтқан деректерінде «Табын Бөкенбай қалмақтармен шайқаста өлді деп жаңсақтасқан» деу сияқты. Елді соған сендіргісі келеді. Мұндай құйтырқылықты бұрында басқа бір «бөкенбайшылдан» естіп, байқап ек.

Ырғыз өңіріндегі сапарын қағазға түзген Я.П. Гавердовский «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» атты еңбегінде өзінің экспедициясына жол көрсетушілердің бірі жайында мынадай мәліметті де таңбалап қалдырған: «Бий Каракубек – главный старшина дюрткаринского рода, тархан, почитаемый в целой орде; он был уважаем и на линии...». 

Қаракөбек тек Гавердовскийдің еңбегінде ғана аталмаған, басқа да архивтік құжатта есімі кездеседі. Өз заманында салмақты тұлғаның бірі болғаны айқын аңдалады (Қараңыз: ЦГА РК. Ф. И-4. Оп. 1. Д. 496. Л. 58-59). Сөзімізді әлі де айғақтай түсейік.

Қаракөбек – Хиуада билік құрған Қайып ханның туған құдасы. Қолдағы дереккөздерде оның ұлы Шерғазы сұлтан XVIII ғасырдың аяқ тұсы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ-орыс қатынасында елшілік деңгейде қызмет атқарған тұлға делінеді. Би қызын оған 1798 жылы ұзатқан. Ол заманда хан тегін жермен құда болмайды. 

Зерттеуші ғалымдар:«...Қаракөбек Кіші жүздегі Әлімұлдарының Төртқарасынан еді. Би, әрі орыс үкіметі таныған Қаракөбек Қосбайұлы Сырым бастаған ұлт-азаттық күресте белді рөл атқарды», – деген мәліметтер береді. (Қараңыз: Қапизұлы Ә. Ахметова Ұ. Шерғазы Қайыпұлын білеміз бе?// Қазақ тарихы. 2010 жыл, №2, 11-13 беттер). 

Исмурзин, т.б. қорашсынып, деректерін бұрмалап жүрген тархан Қаракөбек би – міне, осындай да осындай болған адам!

Қаракөбек би 18-ғасырдың бас кезінде, 1727-1730 жылдары дүниеге келген деп шамалаймыз, қалай болғанда да жобасы соған соғып тұр. 1710 жылы Қарақұмда өткен жиынның оқиғасына куә болғандардың бірсыпырасы бұл ес білген кезде әлі бар. Оларды көргені анық. Демек, Гавердовскийге берген мәліметтері оның солардан тікелей естіп, білгені екені де еш даусыз, талассыз – ақиқат! Олай болса, «бөкенбайшылдардың» «Гавердовский не деректі берушілер Табын Бөкенбай батырды қалмақтармен шайқаста өлді, қазіргі Ырғыз ауданы территориясындағы шоқыға жерленді деп жаңсақтасқан» деулері –  еш дәйегі жоқ бөстекі сөз!

Айтпағымыз, жоқ жерде дауды тудырып жүрген «бөкенбайшылдарды» тыңдасақ 1710 жылы Қаракесек жиынына қатысқан және Ырғыздың оңтүстік-батысында Шектілердің мекеніндегі шоқыға қатысты оқиғаны жақсы білетін замандас адамдардан тікелей естіген нақты деректерді кейінге баяндап кеткен, ескі дәуірдің куәгері, еңселі тұлға Қаракөбек бидің сөзіне емес, екі ғасырдан соң, күні кеше 80-жылдары туған, тарихшылығы шалағай Исмурзиннің шындықты таптап, бұрмалаған өтіріктеріне сенуіміз керек екен. Тарих соның айтқандарымен түзілуі тиіс екен. Бұл – бүгінгі күннің шектен шыққан сорақылығы, «қазақы» шалағай тарих ғылымының жеткен деңгейі!  

Исмурзиннің ойдан шығарған «1723 жылғы құрылтайы» жайында 

Исмурзин «Алтай батыр және оның заманы» дейтін әлгі «зерттеу» кітабында «қазақтар 1723 жылы да құрылтай өткізді» деген қисынсыз долбарын да тарихқа енгізбекке біраз әрекеттенген. Бұған да тоқталып өтейік. Өз өтірігін растау үшін А.И. Левшиннің мына сөздерін былай деп қазақшаға бұрмалап аударып, куәлікке тартады: «...Төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, ортақ келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Бүкілодақтық (?) құрылтайда (?) алға ұмтылып, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қазақ жерінен ығыстырып шығару шешілді. Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы дәріптелді. Әбілқайыр хан басқолбасшы (?) болып сайланды, елдің дәстүрі бойынша құрбандыққа шалынған ақ боз ат болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды» (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023.82-бет).   

Бұдан соң Исмурзин осыны тірек қып, «қазақтар 1723 жылы да құрылтай өткізді» деген өзінің күлкілі долбарына былай деп көшеді: «Я.П. Гавердовский дерегін қайталуына қарағанда А.И. Левшин мәліметі де сол жазбадан алынғаны анық. Бірақ оқиға барысын 1723 жылғы шабуылмен байланыстырып, сол уақыт аясында қарастырады. Соған қарағанда зерттеуші ол құрылтайдың 1710 жылғы кеңеске қатысы жоқтығын аңғарған... Олай болса, қалмаққа қарсы күш біріктіруді шешкен ұлы құрылтай 1723 жылы жазда Қарақұмда өткен» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023.82-84 беттер). 

Левшиннің кітабынан алып, Исмурзин көлбеңдетіп жүрген осы «деректің» нұсқасын келтірейік, былай делінген онда: «Галдан Черен не мог быть равнодушным свидетелем гибели древних неприятелей своего народа, не мог не отплатить им беспокойств и обид, от них претерпенных предками его в течение с лишком ста лет и потому не только нанес киргиз-казакам в то время несколько сильных ударов, но и отнял у них в 1723 году столицу ханов их Туркестан, Ташкент и Сайрам (астын сыздық.-Б.К.), ...Отчаяние убеждало их в необходимости возвратить себе прежние жилища, а бедствия внушали средства к достижению сей цели. Опасность примирила внутренние междоусобия, возродила общее согласие и направила всех к одному предмету. В собрании целого народа положено двинуться вперед, напасть на общих врагов и вытеснить их из древних земель киргиз-казакских. Общее предприятие тотчас освящено клятвою в верности друг другу. Хан Абульхайр избран главным предводителем, и белый конь, принесенный по обычаю народному в жертву, был принят залогом будущего успеха» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М. К. Козыбаева).— Алматы, «Санат», 1996. Стр. 167-168).

Ж. Исмурзиннің 1723 жылы «құрылтай» болды деп қоймастан өзеуреп, сүйеніп жүрген тірегі – осы. Анығында А. Левшин   «...и потому не только нанес киргиз-казакам в то время несколько сильных ударов, но и отнял у них в 1723 году столицу ханов их Туркестан, Ташкент и Сайрам» деген мәліметті артиллерия капитаны И. Унковскийдің 1722-1724 жылдардағы жол сапар күнделігінен алған. Сілтемесін көрсетпеген. Бұл дерек – 1723 жылы жоңғар қонтайшысының ставкасы Ургада жүргенде естіп, орыс офицерінің қағазға түсірген уақыты. Осыны тарихшылар қате пайымдап, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын 1723 жылға теліп жіберген. Мұны нақты мәліметтермен жан-жақты ашып, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы, 1723 жылы емес, 1722 жылы болған!» деген атаумен республикалық «Түркістан» газетінің 2023 жылы қазан айында жарық көрген 42-ші санында жарияланбыз-ды.

1803-1804 жылдары  Қаракесек жиыны жайындағы Қаракөбек бидің баяндауындағы мәліметтерді Я.П. Гавердовский қағазға былай деп түсірген: «По окончании присяги совершалось общее богомоление, и разделено было жертвенное брашно, приготовленного из белого коня. Они хотели чрез сие ознаменовать непоколебимость союза. Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем» (астын сыздық.-Б.К.)  (Қараңыз: Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского». Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).    

Қаракөбек бидің осы дерегін А. Левшин сілтемесіз Унковскийдің дерегінен соң іле былай деп келтіреді: «Въ собраніи целаго народа положено двинуться в передъ, напасть на общихъ враговъ, и вытенить ихъ изъ древнихъ земель Киргиз-Казакскихъ. Общее предпріятіе тотчасъ освящено клятвою въ верности другъ другу; Ханъ Абул-хайръ избранъ главнымъ предводителемъ, и белый конь, принесенный по обычаю народному в жертву, былъ принятъ зологомъ будущаго успеха» (астын сыздық.-Б.К.).

«Ханъ Абул-хайръ избранъ главнымъ предводителемъ» деп бұрмаланған сөйлемдердің өзі-ақ Гавердовскийдің еңбегін оның үстірт қана шолып өткенін анық аңғартып тұр.  

Қысқасы, А. Левшин Унковский мен Гавердовсийдің жазбаларындағы өзара бөлек деректерді бір оқиға деп асығыс пайымдап, бір-біріне қосып, бұрмалап баяндаған. Исмурзиннің «1723 жылы да құрылтай болған» деп ғұламасынып ашқан «жаңалығы» – осы. Мұның дәйексіз бөстекі сөз екенін нақты дәлелдермен көрсетіп өттік. 

Мынаны да біле жүрген жөн, А. Левшин өзінің үш томдығында Ресей империясының архивінде сақтаулы тұрған, өзінен бұрынғы «Книга Большему чертежу или древняя карта» (1627) аталтын еңбектегі, сондай-ақ, Унковскийдің (1722-1723), Палластың (1768-1774), Рычковтың (1771), Гавердовскийдің (1803-1804), Мейендорфтың (1820-1821), тағы басқалардың жазбаларындағы деректерді емін-еркін пайдаланған. Бұл – аталған адамдардың кітаптарын А. Левшин түзген томдармен бастан аяқ салыстырып, мұқият сүзіп шыққанда көз жеткізген бұлтартпас шындық.

Vostlit.info сайтында жарияланған «Рукописное наследие поручика Я. П. Гавердовского по истории, географии и этнографии Казахской степи» атты мақаласында Есмурзин пір тұтатын И. Ерофеева да ап-анық қып былай деп айтып кеткен:«Несмотря на то, что его монография не была опубликована, благодаря изданию Г. И. Спасским небольших отрывков из нее в журнале «Сибирский вестник» она стала известна в 20-х гг. XIX в. (ч. 3. Спб., 1823., с. 43-60) крупному российскому исследователю истории и этнографии казахов А. И. Левшину (1797-1879), который основательно использовал оригинальные материалы Я. П. Гавердовского во многих разделах своего трехтомного труда «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» (ч. 1-3. Спб., 1823.), но согласно еще неизжитой тогда архаичной традиции в российской историографии – без конкретных ссылок на авторство своего полузабытого предшественника» (астын сыздық.-Б.К.).  

Демек, Левшиннің еңбектері өзінен бұрынғы жазбалардан құралған. Мұның ішінде Гавердовскийдің де «Күнделігі» бар. Бұған әлгінде нақты куәлік беріп өттік.

Исмурзинде «тың жаңалық ашып, бәрін таңғалдырған білгір зерттеуші атансам» деген ой басым болған тәрізді, сол тәтті қиял оның ойлануына ерік бермеген. Зерделі, шоң тарихшы болу үшін әуелі қолданылатын деректердің түбін жан-жақты саралап, тексеріп алуы керек еді. Өйтпеген. Унковский мен Гавердовскийдің мәліметтерін Левшиннің еш себепсіз, дәлелсіз, сілтемесіз бір-біріне қосып жалғай салған ұғынықсыз тұсын жалаулатып, өз долбарымен «1723 жылы да құрылтай» болған деп тұжырымдап, беталды лаққан.

Қарақұм жиынындағы сөздің иесі – Табын Бөкенбай емес, Шекті Бөгенбай!                      

Исмурзин «Алтай батыр және оның заманы» деген «зерттеу» кітабында 1710 жылғы Қарақұмда жиынында айтылған сөздерді Табын Бөкенбайға таңып, былай дейді: «Ел тағдыры таразыға тартылған тұста Бөкенбай батырдың жалынды сөзі жиналған жұртшылықтың жігерін жанып, ар-намысын оятты» (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023.84-85 беттер). Мұның да ақ-қарасына жетейік. 

Жол-сапар күнделігінде Я.П. Гавердовскийдің өз қолымен түзіп кеткен 1710 жылғы Қаракесек жиыны жайындағы мәліметтерді қаз-қалпында ұсынайық, онда бүй деген: «В 1710 г. некоторые старейшины и начальники семейств из числа тех родов, которые располагались в песках Каракумах, собрались для совету, дабы употребить все усилия к единодушной защите друг друга до последней капли крови...  Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают (Бұл жерде Әлім Қаракөбек би мен оның туысы Боранбайды айтып отыр.-Б.К.), что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей (астын сыздық.-Б.К.). Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!» (Қараңыз: Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского». Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).   

Ұғынықты бола түсу үшін бұл сөйлемдердің мына тұсының аудармасын да бере кетейік, мағынасы былай: «...Дұшпандарымыздан кек қайтарамыз, қарумен өлеміз! Дәрменсіздік көрсете алмаймыз талауға түскен жұртымызды, тұтқынға алынған бала-шағамызды көріп отырып. Қыпшақ даласының жауынгерлері қорқақ па еді?! Сақалыма әлі ақ түспеген-ді мына қолымды жауларымның қанына бояғанда (астын сыздық.-Б.К.). Енді айуан мінезділердің озбырлығына бейжай қарауымыз керек пе?! Жарау аттар әлі де аз емес, қорамсақ жебелерден  босаған жоқ!»

Гавердовскийдің жол-сапар күнделігінде «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп таңбаланған осы сөзді айтқан кім, соның анығына жетейік. Бір рудың төңірегінен аса алмай қалған білім-танымы кембағал біреулер мұны да Табын Бөкенбайға жапсырып, сол айтты деп қылғынып жүр.  

Профессор З. Байдосов ел ішінен жазып алған Табын Бөкенбай батыр туралы жырда мынадай мәліметтер айтылады:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Бөкенбай сынды батырым,

Алты мүшел толтырып,

Қалың да жәуміт ішінде,

Қапыда қаза болған-ды» (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 43-44 беттер).

Жырда «батыр 73 жасында қаза болды» деп куәлік берілген. Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде сақталған дерек те «Бөкенбай 1742 жылы мамыр айында түрікпендердің қолынан қаза болды» деп нақтылап, жырдағы мәліметтің шындығын қуаттай түседі (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53).

Енді бір деректерде 1667 жылы туып, 75 жасында шаһид кешкені айтылады (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе қаласы, С.Т. Жанәділов баспаханасы, 343-бет). 

Сонда осыларды негізге алып, есептегенде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынында «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтылған сөздің иесі – қырық бірдегі немесе қырық үштегі Табын Бөкенбай емес, алпыстың төңірегіндегі Шекті Бөгенбай батыр екені анық боп тұр!       

1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек (Әлім-Шөмен) жиынында елді рухтандырып, бірлікке шақырғанда «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтқан сөзінен Бөгенбайдың жасы сол кезде 60-тың шамасында деп топшылаймыз. Шектілердің, оның ішінде Тілеу мен Қабақтың арасында сақталып жеткен деректе «қалмақтармен болған шайқасқа батырдың баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан» делінеді. Сонда ұлының жасы 40-тың төңірегінде, немересінің де ат жалын тартып, азамат болған кезі, 20-ның ояқ, бұяғында. Шайқас 1717 жылдар шамасында өтіп, Бөгенбай алпыстың орта маңынан өте қаза тапқан сияқты. Нақты дерек болмағандықтан әрі не бері сәл-сәл ғана ауытқуымыз мүмкін, бірақ шамамыз – дұрыс.  

Айтқандай, «архив қопарған» Исмурзин «Алтай батыр және оның заманы» деген  «зерттеу» еңбегінде: «Құрылтайға (1710 жылғы-Б.К.) қатысқан атақты ел игілері қатарында Алтай батыр да бар еді», – деп те соғып жіберген (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 85-бет).

Бір қызығы, Исмурзин «1710 жылы Қарақұмдағы құрылтайда сөйлеген Табын Бөкенбай, осы жиынға Алтай батыр да қатысты» дейді де біраздан соң бұл пікірінен айнып:«...ел жадында сақталып, сол арқылы XIX ғасырдың басында Я.П. Гавердовскийдің, кейін XX ғасырдың басында Ә.А. Диваевтың жазбаларына түскен деректер 1723 жылғы Қарақұм құрылтайына қатысты еді», – деп 1710 жылғы жиынды  теріске шығарады (Қараңыз: Исмурзин Ж.А. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 84-бет). Ал түсініп көр!

Исмурзиннің «Құрылтайға қатысқан атақты ел игілері қатарында Алтай батыр да бар еді» дегені де – өзінің ойдан қосқан өтіріктерінің бірі.

Сын мақаламызда келтірілген бұл нақты дәлелдердің қай-қайсысы да – Исмурзиннің жауапсыздығын, білім деңгейінің тым төмендігін айғақтап тұр!

1710 жылғы жиын – қоңсылас қазақ рулары өткізген шағын бас қосу

Я.П. Гавердовскийдің еңбегіндегі Қаракөбек бидің берген мәліметтерін бұрмалаудың басында тұрғандар: Л. Мейер (Киргизская степь Оренбургскаго ведомства.1865), Н. Аполлова. (Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века. 1948), В. Моисеев (Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIIIвв). 1991). И. Ерофеева (Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. 1999), т.б. Мұны бұдан бұрынғы сын мақалаларымызда егжей-тегжейлі баяндағанбыз (Қараңыз: Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны// «Ақиқат» журналы, №10, 2022 жыл. 62-68 беттер; Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар. Zhasalash.kz сайты).

Гавердовскийдің еңбегіндегі мәліметтерге атүсті қараған бұл тарихшылар 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынын тым әсірелеп «Қазақ ордасының тағдырын шешуде аса маңызды орын алды, жоңғар шапқыншылығына қарсы үш жүзді біріктірді» деп бағалады, дәйексіз тұжырымдар жасады. Ойдан деректер қосып жамады. «Буканбай» деп таңбаланған Бөгенбайды әуелі де Қанжығалы Бөгембай деді. Беріректе пайда болған «бөкенбайшыл» топ Табын Бөкенбай деп даурықты. Енді сол жалған деректерін тарихта орнықтырмаққа жанұшырып, небір сорақылықтарға барып жүр.   

Ақиқатында Гавердовскийдің жазған оқиғасы – қоңсылас қазақ руларының азғантай бөлігі өткізген Арал айналасындағы бас қосуы туралы һәм Қаракесек бірлестігі (Әлім-Шөмен) тұрақты жайлайтын Ырғыз, Елек, Ұлы Борсық құмы, Қарақұм өңірлері мен Байұлы, Жетірудың бір бөлігі көшіп-қонатын Жем, Сағыз төңірегіне келіп, мал-жанға шабуылдап тұратын Еділ бойының не Білеуті өзені маңайын біршама уақыт қоныс қылған барымташы қалмақтармен батыс аймағының шағын ауданында өткен қақтығыстар жайында-тұғын. Мұны да Zhasalash.kz сайтында «1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар» деген атаумен жарияланған зерттеу мақаламызда жан-жақты талдап, ашып көрсеткенбіз-ді. Қалаған уақытта оқып, танысуға толық мүмкіндік бар.   

Нақты құжаттарға сүйеніп, Жоңғар хандығының тарихына байланысты жағдаяттың бәріне егжей-тегжейлі тоқтаған, сонымен бірге өзге жұрттармен қарым-қатынастарын да баяндаған  И. Я. Златкиннің «История Джунгарского ханства (1635-1758)» (Москва, 1983);

Н. Н. Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков. (Часть I. XVII и XVIII века)» (Астрахань, 1926); Н. Н. Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков. (Часть II. XVIII век)» (Астрахань, 1927); В. М. Бакуниннің «Описание калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев (сочинение 1761 года)» (Элиста, 1995); Н.Я. Бичуриннің «Историческое обозрение ойратов или калмыков с XV столетия до настоящего времени. 2-е» (Элиста, 1991); А.М. Поздневтің «Въ исторія зюнгарскихъ калмыковъ» (С-Петербургъ, 1887) атты еңбектерінде, сан мәрте ақтарып, сүзіп шыққан басқа да бірнеше ондаған дереккөзде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиыны жөнінде, сонан кейін болды дейтін қалмақ-қазақ шайқасы туралы тым құрыса бір ауыз мәлімет жоқ. Мүлде елеусіз қалдырған. Атамайды. Мұрағат деректерінде және жоқ. Мұның өзі аталмыш бас қосудың, анықтап айтқанда, Қаракесек жиыны (құрылтай емес!) тұтас Қазақ Ордасы мен Жоңғар хандығы үшін саяси жағынан елеулі оқиға ролін атқармағанын көрсетеді (астын сыздық.-Б.К.).

Шынында да 1710 жылғы жиынның қоңсылас қазақ рулары өткізген шағын ғана бас қосу екенін тархан Қаракөбек бидің аузынан 1803-1804 жылдары жазылып алынған мына дерек те бұлтартпастан былай деп бекітіп тұр:«К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского». Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495).

 Моңғолдың «құрылтай» сөзінің қазақтың тарихына, тіліне еш қатысы жоқ!

Архив қопардым деп өзін білгір санап, басқаларды қорашынсынып жүрген Исмурзин өзінің «Алтай батыр және оның заманы» делінетін «зерттеу» кітабында қазақ тарихына, тіліне қатысты ескілікті қолжазбаларда, мұрағат құжаттарында мүлде ұшыраспайтын «құрылтай» сөзін еш себепсіз жиі қолданған. 

Анығында «құрылтай» – моңғол (жоңғар-қалмақ немесе еділ-қалмақ) сөзі. Мұны да Есмурзиннің, тағы басқалардың көздеріне шұқып тұрып, бұтарлап көрсетейік. Біле жүрсін. Мағыналары былай: «Хурал – құрыл, жиналыс», «хурал (діни) – жұма-намаз», «хуралда-х. I. – құрылдау, құрыл істеу, жиналыс істеп тарау», «хуралда-х. II. – құралу, жиналу, топтану, үйілу, молаю, қорлану» (Қараңыз: Базылхан Б. Монгол-казах толь. Өлгий, 1984. 629-бет).      

«Құрылтай» сөзінің тілімізге моңғолдың бұдан басқа да мына сөздерінен икемделіп енуі әбден мүмкін екенін одан әрі дәлелдей түсейік: «хуульда-х – заңшыласу, заңды бетке ұстау, заң-заң деу, заң деп тапжылмау, заң деп қатып қалу; заңмен айбарлану, заңмен айбатсу, заңмен сұстану», «хуультай – заңды, заңы бар», «хүртээлтэй – (нәрсеге, іс-әрекетке) кіріскіш, қатысқыш, кірісуге икемді, қатысуға икемді» (Қараңыз: Базылхан Б. Монгол-казах толь. Өлгий, 1984. 635, 644-беттер).

Моңғолдың біз куәлік қып отырған «хурал», «хуралда-х», «хуульда-х», «хуультай», «хүртээлтэй» сөздерінің жалпы мағынасы «бас қосу жиыны», «заң мәжілісі» дегенге саяды. 

«Құрылтай» атауы орыс тіліне де енген бір кездері. Татарлардан. Мағынасы былай түсіндіріледі: «Курилтай (тат.). Народное собраніе, на коемъ решались важнейшія дела, касавшіяся целаго государства» (Қараңыз: Словарь иностранныхъ словъ, вошедшихъ въ составъ русскаго языка. Составленъ под редакціею А.Н. Чудинова. С-Петербургъ. Изданіе книгопродавца В.И. Губинскаго. 1894. Стр. 441).

Қалмақтардың башқұрт-татарлармен көрші көшіп-қонып жүргені де, олардың өзара бірде тату, бірде қату болғаны да тарихтан белгілі. «Құрылтайдың» бұл халықтың тіліне ену себебі осы жағдайдан.

«Құрылтай» сөзі орыс тілінде ертеректегі тарихи жағдайларға байланысты тек ішінара қолданылған сияқты. Олардың мемлекеттік үлкен жиындарды «съезд» деп атағаны тарихтан мәлім. «Курилтай» делінетін бас қосулар өткізгені жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. 

Қазақ жұртына ескіден жетіп, кең тараған «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз бар. Бұл жөнінде Шәкерім Құдайбердіұлы: «Есім ханнан соң Жаһангір хан болды. Оны қазақ «Салқам Жәңгір» дейді. Одан соң баласы Әз Тәуке хан болды. «Есімханның ескі жолы» деген жолдан кем қалған бітім жолдарды түзеткен осы еді, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол, бітім сол еді», – дейді (Қараңыз: Құдайбердіұлы Ш.К. Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі. 2-ші бас. толық. – Астана: «Алтын кітап», 2007. 49-бет).

Арғы-бергі тарихты біршама білген Шәкерім Құдайбердіұлы «Күлтөбенің басында күнде құрылтай» деп неге түзіп кетпеген?!                  

Шәкерім қажы сөзінің дұрыстығын Н.К. Гродековтің мына дерегі де толық растап бекітіп тұр, ол былай депті: «Ханъ Тауке собралъ на уроч. Культюбе (въ Сыръ-дарьинской области) семь біев, въ числе которыхъ был знаменитый бій Туле Алимбековъ, и эти біи соединили старые обычаи ханов Касыма и Ишима («Қасымханнынг каска жол» – чистая дорога хана Касыма, «Исымханнынг иски джол» – древняя дорога Ишима) въ новые обычаи, называемые джеты джарга... Біи Султанъ и Халбій знаютъ, что все три орды ежегодно собирались для совещаній (маслагат) (астын сыздық.-Б.К.), на холме Мартубе (въ горахъ около Сайрама). Предметами совещаній служили вопросы о томъ, где зимоват, где летовать, как достигнуть спокойствія (буйтсек тынчыймыз) и как воевать» (Қараңыз: Гродековъ Н.К. Киргизы и каракиргизы Сыръ-дарьинской области. Том первый. Юридическій бытъ. Ташкентъ. Типо-Литографія С.И. Лахтина, Романовская ул., соб. домъ. 1889. Стр. 24-25).

Бізден гөрі Тәуке хан заманына бір табан жақын XIX ғасырдың қазақтары Н. Гродековке «үш орда жыл сайын құрылтайға жиналған» демеген. «Мәслихатқа жиналған» депті. Естігендерін «Қасымханнынг каска жол», «Исымханнынг иски джол», «буйтсек тынчыймыз», «маслагат» деп қағазға таңбалағанда, «құрылтай» сөзі Гродековтің түзуіне қиынға соғып па?! Мәліметті берген бағзыдағы қазақтар сөздік қорында болса айтар еді, ол оны да солай жазып алары анық-тын.        

«Құрылтай» атауы Қазақ ордасы жұртының қолданысында бұрын болмаған. Тарихшылардың не филологтардың бірі орыстардың не татарлардың ертеректе шыққан еңбектерінен, сөздіктерінен алып, тілімізге беріректе қосқан. Әйтпесе осы кезге шейін баспадан жарық көрген қазақтың том-том түсіндірме, этимологиялық сөздіктерінде, халық өлең-жырларында, тағы басқа да еңбектерде жұртымыздың «құрылтай» атауын қолданғаны турасында деректер түзіліп қалған болар еді. 

Гавердовскийдің жазбасында да ұшыраспайды. Керісінше, «съезд» деп таңбалаған. Исмурзин куәлік қып жүрген Левшинде де кездеспейді. Мың ақтарып, жүз төңкерсе де. 

Сонда архив қотарған білгір Исмурзин өзінің «зерттеуіне» моңғолдың сөзі «құрылтайды» қандай дерекке сүйеніп енгізіп отыр?! 

Әбілқайыр, Нұралы хандардың оң тізесін басқан би, Асанқайғы үрдісін жалғастырушы көреген, ойшыл, ірі қоғам қайраткері Шекті Мөңке Тілеуұлының (1675-1756) «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын-алқа, кеңес» атты күйлері бар. Жеткізуші – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында ғұмыр кешкен дәулескер домбырашы Аманғали Иманмағзомұлы (1884-1974) есімді қария. Аталған шығармаларды одан жерлесі, Қазақстанның халық артисі, профессор Тұяқберді Шәмелов үйренген. Ол меңгерген сол күйлерді нотаға түсірген, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің репетуарына енгіздірген. 

Мөңке би – Әз-Тәуке заманын көрген куәгер. Одан кейінгі бұлғақтың да бел ортасында жүрген тарихи тұлға. Оның шығарған «Жиын-алқа, кеңес» күйі – сол аласапыран дәуірлерде ел-жұртты аман сақтап қалу үшін би-сұлтандардың, батырлардың, шешендердің алқа жиын құрып, ауық-ауық бас қосқандарын бейнелеген шығарма. Ондағы ырғақ пен сарын, екпін, қағыс қуаты қым-ғуыт заман елесін береді. Ескі күндерде елдік мәселелер талқыланып шешілетін бас қосуларды қазақ жұртының «құрылтай» деп атамағанын XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында ғұмыр кешкен осы Мөңке бидің өз күйін «Жиын-алқа, кеңес» деп атауынан-ақ пайымдауға болады. 

Алқа – қыз-келіншектердің мойнына тағатын сәндік әшекей екені кім-кімге де белгілі. Бұрынғы қазақ даласында өткен үлкен жиындарда адамдар осы бұйымның пішіні іспетті шеңбер құрып отыратын болған. Талассыз жайт, сондай бас қосуларға талай қатысқан Мөңке бидің күйінің атауын «Жиын-алқа, кеңес» деуі содан. Пікірімізді әлі де нақтылап, аша түсейік.                                           

Академик Р. Сыздықова былай дейді: «Махамбет ақында:

Алқалаған жер болса,

Азамат басы құралса... 

Алқалай келген кеңесте

Дем құрыған күн болған...

Алқалы кеңес құрған күн – деген өлең жолдары бар...

Алқалау сөзінің түбірі – алқа. Алқа-ның қазіргі мағынасы 1) «жиын, топ», 2) «коллегия» (ҚТТС, 1974, I, 224). Бұл – арабтың хәлқа сөзі, мағынасы – «дөңгелек», одан барып «адамдар тобы» деген ауыспалы мәнде қолданылған. Сірә, бұл сөз түркі тілдеріне өте ертеде енген болу керек... Жоғарыдағы Махамбет өлеңіндегі алқалау сөзі кеңесу, ақылдасу үшін жиналатын жиынға қатысты тұста айтылған. Ал қазақ қоғамында (әрине, өзге жұрттарда да) кеңесу, ақылдасу үшін алқа-қотан отыру,  яғни дөңгелек құрып айнала отыру дәстүрі болған. Бұдан барып алқалау сөзі «кеңесу, топ болып отырып ақылдасу үшін жиналу, бас қосу» деген ауыспалы мағынаға да ие болғаны байқалады» (Қараңыз: Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді (Сөздердің қолдану тарихынан), 2-басылуы. – Алматы, «Санат», 1994. 39, 40-бет).

Я.П. Гавердовскийдің «Киргизцы рассказывают, что он (Бөгенбай.-Б.К.) среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, (астын сыздық.-Б.К.) говорил в исступлении...» деп келтірген дерегі де 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынының сипатын алқа-қотан пішінде болғанын толық бекітіп тұр.

Ж. Исмурзиннің, тағы басқалардың «съезд» сөзінің аудармасына қазақтың ертеден тілдік қорында келе жатқан «алқалы кеңес» не «алқа жиын», «алқа құру», «мәслихат» сөздерін алмай, қолданысымызда бұрын болмаған діні, ділі бөлек моңғолдың «құрылтай» (хуралда-х, хуульда-х, хуультай, хүртээлтэй) атауына еш дәлел-айғақсыз тас кенеше жабысулары, оны тарихқа енгізбекке тыраштанулары – білім мен танымның таяздығынан!

Сөздің түйіні 

Ұсынар дәлелдері болмай амалдары құрыған «бөкенбайшыл» топ енді әріден ойластырылған «шоқыға қазба жұмыстарын жүргізу керек» деген әңгіме көтеріп, құйтырқылыққа көшкен сыңайлы.  

Қайта еске сала  кетейік, Табын Бөкенбай батырдың 1742 жылы түрікпендердің қолынан қаза болғаны, денесінің Байғанин ауданы территориясында жерленгені, қабіріне ұрпақтарының кейін белгі орнатқаны – күллі облыс жұртына мәлім жайт. Олай болса, оған еш қатысы жоқ шоқыда қазу жұмыстарын жүрізу нендей қажеттіліктен туа қалды?!

Біздіңше, ойлары – ол жерде сүйек жоқ деп не табылған мүрдені Шекті Бөгенбайдың ұрпақтарына қатыссыз қып шығару сияқты. Сөйтіп Гавердовскийдің не Қаракөбек бидің жаңсақтасқанын – «дәлелдеу». Өстіп 1710 жылғы Қарақұм жиынында айтылған сөзді, таудың атауын Табын Бөкенбайға «тиесілі ету» шамасы. (Елімізде кең етек алған қаржы мәселесіне қатысты құйтырқылықтың да исі шығады).  

Табын Бөкенбай туралы «Баһадүр батыр Бөкенбай» (мақалалар топтамасы, 2011), «Ту ұстаған батыр Бөкенбай» (Ө. Есмырзаұлы, 2017), «Ар-намыстың Ақтаңгері Қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы» (И.Ерофеева, қазақша аудармасы, 2018) деп аталатын кітаптар жарық көрді. Энциклопедияларға енгізілді. Басылым беттерінде бұлардан кейін де қаншама мақалалар жарияланды. Бәрінде де Я.П. Гавердовскийдің еңбегінде баяндалған 1710 жылғы Қарақұм жиыны өрескел бұрмаланған. Авторлар Табын Бөкенбайдың батырлығын өзгелерден артық қыламыз деген ниетпен әсірелеп, ойдан құраған қисынсыз жайттарды еш ойланбастан жапсыра берген. Бұлардың қатарына енді міне, «архив қопарған» Исмурзиннің «Алтай батыр және оның заманы» (2023) деген «зерттеуі» кеп қосылды.

«Бөкенбайшыл» топтың осы кезге дейін қисынды уәждерге, бұлтартпас айғақтарға тоқтамауының себебі бар: оларды шындықты мойындасақ елге күлкі боламыз, абыройсыздықта қаламыз деген жалған намыс жібермейді. Өршеленіп, құйтырқы әрекеттерге көшіп, ақиқатты қабылдамаулары – осыдан. Бәтуалы сөзін айтып, бейбастақтықты тоқтататын аузында тобасы бар ақсақал да жоқ қазір. Керісінше бұл өтірікті құптамаса.

Мұның бәрі – қазақтың бойындағы бұрынғы ақиқатқа мойынұсынатын  парасаттылықтың, көшеліліктің мүлде жоғалуынан. Иманнан айырудан.  

Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы.

 

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...