Джорджо де Кирико. Ұлы метафизикМетафизиканың анықтамасы Аристотель ғылымдарды үш үлкен бөлімге...
«...Ұстаз оралды ма?..» (Әбунасыр баба туралы кезекті ой)
Ол кісі жайынан аз айтылды ма, көп айтылды ма? Аз жазылды ма, көп жазылды ма? Шамасы, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, өз топырағымыздан шыққан осынау ерекше дарын иесі жайынан молынан сөз қозғап, қайта-қайта оралып отырғанымыз анық. Шамамызға қарап тырысып-ақ бақтық – атап айтуға тұрарлық іс-шаралар атқарылды, оны жоққа шығару әбестік! Әркез ол жайынан әңгіме қозғаған ғалымдар мен тарихшыларымыз ғұлама бабаның 70-ке тарта тіл білгенін, артында 200-ге жуық трактаттар қалдырғанын талай-талай шегеледі. Демек, үздік полиглот, теңдессіз ғалым-философ! Ғалым-тарихшылар оның Фарабта туып-өскенін, ал Фараб Отырар шахарының ескі аты болғанын, осы топырақтан түлеп ұшқаны даусыз ақиқат екенін де дәлелдеп бақты.
Демек, Әбунасыр, сөз жоқ, біздің бабамыз, жерлесіміз, кез-келген данагөй-оқымыстылармен тайтаса алар тұғыры биік ғұламамыз. Туған жылы ше? Көп деректер 870 деп көрсетеді. Тіпті осы жылды нығырлап отырып, 1975 жылы оның 1100 жылдық мерейтойы Алматыда ғана емес, сонымен қабат Мәскеуде, Бағдатта да аталып өткенін білеміз. Енді қай жылы туған еді деп көңілге қайталап дүдамал сеуіп, сырғақтап-бұлғақтауға жол жоқ, сірә! Келер жылы Әбунасыр Әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл! Жә, осынау қысқа ғана ойсалар жазбаны не үшін жазып отырмыз?
Өткен ғасырдың 70-жылдарында талантты қаламгеріміз Ә.Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» деген шағын тарихи роман жазып, руханият әлемін дүр сілкіндіріп еді. ( Әрине, бұл жерде бұған дейін де Әбунасыр жайлы оқылымды туынды жазған Д.Досжан, А.Машани, т.б. кісілер еңбегін аттап өтіп отырғамыз жоқ, олар жайлы да алдағы көлемді мақаламызда тоқтала жатармыз). Ол кезде студент едік, кітаптан кітап қоймай оқитын шақ, роман қолға тигенде көппен бірге біз де аса шаттанып-қуанғанбыз. Көп ғасыр ұмыт қалған Ғұламаның көркем шығарма кейіпкеріне айналғанына сене алмай, таң-тамаша болғанбыз. Енді міне, арада елу жылдай уақыт өтіп барады екен. Туған топырағымыз көне Отырарға жақын болғандықтан да, біз де қарап жатпай, ғұлама баба жарық дүние есігін ашқан жерге жыл аралатпай соғып отырып, тарихи деректерге көміле жүріп,
«Отырардың жусаны» деген әңгіме, «Ғұлама ғұмыр» деген драма жазыппыз. (Бұл пьеса Мәдениет министрлігінің жабық бәйгесінде жүлде алды). Одан қала берді әлдебір киногерлер фильм жасайтын ойымыз бар деп қолқалаған соң, 100 беттік кинороман да туғызыппыз – алайда сол киногерлер ізім-қайым, кинороманның әзірге жолы болып тұрған жоқ! Ашығына көшсек, осы жазбаны жазудағы ниетіміз – өз шығармашылығымызды тізбелеп –насихаттау емес, Әбунасырда не жұмысы бар, ал өзі не бітіріп жүр екен деген қыстырма сауал туындап жатса, алдын-ала жауап ретінде амалсыз қыстыра кеттік - кешегі
Әнуар ағамыз көсіле толғаған роман еске түсіп, кеудеге кермек сауал өзінен-өзі кептеле кеткені ғой. Қолымызды кеудемізге қойып тұрып сөйлейікші – Ұстаз өз Отанына шынымен де оралды ма? Оралта алдық па? Оралғаны рас болса, оның алтынға бергісіз асыл жазбалары – трактаттарының қаншасын тауып, өз тілімізде сөйлетіппіз? Әлде... тапқанымыздан таппағанымыз көп пе?
Олай болса, Ұстаз оралды деуге хақылымыз ба, бүгінгі ұрпақ?!.
Жолтай Әлмашұлы