Бай тілдің байлығын неге көрсете алмаймыз?

ТАНЫМ
3691

Қазақ тілі қандай бай тіл болса да көптеген сөздерге балама іздемей, жаттан келген сөздерді жиі қолдану абырой әкелмейді. Осыған орай салалық терминология бойынша өзімнің ұсыныстарымды көп назарына ұсынғым келеді.

Ақылбек  ШаяхметТүрік тілі мен қазақ тілінің түбі бір, ежелгі түркі тілдес тілдер есебіндегі көнелігі және өзара туыстығы дау туғызбайды. Бір ғажабы, түріктер динозаврды денезор деп атайды екен. Денесі зор жануар деген ұғымды білдіріп тұрған осы сөз біздің ата-бабамыз сонау көне ғасырларда, тіпті динозаврлар өмір сүрген тұста болған деген батыл болжам жасауға негіз береді.Пілді піл, мамонтты зіл деген қазақтар енді динозаврды да шет тілден енген кірме сөз есебінде қолданбай, денезор деп атаса жарасып-ақ тұрған жоқ па?! Штампты түріктер істаңба деп атайды. Біз бұл сөзді мөртабан деп жазып жүрміз. Зер сала қарасақ, түрік тіліндегі баламасы ұғымды. Сондай-ақ шаңырақ көтеретін бақанды түріктер министр деген сөздің баламасы ретінде қолданса, қазақтарға да олардан үлгі алуға болар еді. Қазақта «алты бақан ала ауыз» деген тіркес бар ғой. Оның түпкі мағынасы бақан – басшы, ел тірегі дегенді білдірсе керек. Келешекте тіл мамандары екі халыққа ортақ ұқсас тілдерді түбегейлі зерттеуі қажет секілді. 

Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз. Қазақта «топ ете қалды, топ ете түсті» деге тіркес ежелден бар. Осы сөйлемдердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар. Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт – қамал қиратқыш тасатардың тобы екенін кейін білдім.

«Көркіне жұртты қаратқан

Сарайдың зәулім басты аты –

Қақпадан шыға оқ атқан

Топ ете қалған Топқапы» – деген жыр жолдарын да сол жолы жазып едім.

Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты шығармасының «Тынымсыз майдан» деп аталатын үшінші кітабында тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайында жан-жақты баяндап: «Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес, арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы, әрі алысырақ ұшады» – деп атап көрсеткен.

Сөз зергері Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы күні» деп аталған өлеңде (Алматы: «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе корректордан кеткен қате көзге ұрып тұр. Бұл арада әңгіме доп емес, топ туралы екені бесенеден белгілі. Зеңбіректен топ, яғни, снаряд атылады. Доп ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ секілді түсті деген мағына жатыр.

Ал орыстың «водитель» сөзін біз жүргізуші деп алып жүрміз. Түрік тілінде – тізгінші. Қандай көлікті жүргізсе де, жүргізушіден көрі тізгіншінің мағынасы терең.

Қазіргі бауырсақ деп аударып алып, атап жүрген орыс ертегісі «Колобок». Негізгі мағынасы қолы боқ дегенді білдіреді. (Мұрат Аджидің «Қыпшақтар» кітабында). Бауырсақ деу көңілге қонбайды, нанға да, тілге де обал. Сондықтан балалардың басын қатырмай, нанға обал жасамай, оны жұмыршақ деп алу керек.

Құқық (право) терминология комиссиясы бекітсе де, ауызға ауыр, құлаққа жағымсыз естіледі. Дұрысы: құқ, хақ. Қазақ құқылымын, хақым бар деп сөйлемей ме?

Егеменнің баламасы – тәуелсіз, еркін деген мағына тұрғанда, көп адамға түсініксіз сөзді қолданудың қажеті не? Еге деген түбір ана тілімізде басқа мағынаны да білдіреді. Бұған біресе, егеменді, біресе егемен болып жүрген «Егемен Қазақстан» газетіндегі әріптестер ренжи қоймас деген ойдамын.

Шат деген сөздің қуаныштан басқа да баламасы бар. Сондықтан да шатхана шатқаяқтап тұрған термин. 

Ресторанды мейрамхана, гостиницаны мейманхана деп қолданып жүрміз. Біздің ойымызша, гостиница – қонақүй. Бұрын осылай қолданылып келген. Оған басқа баламаның қажеті бар ма? Негізінде араб тіліндегі хана сөзі де үй деген мағынаны білдіреді.

Шахматты кезінде Ғабит Мүсірепов ханқамау деп атағаны белгілі. Олай болса ханқамаудың ойын кезіндегі атауларын да неге қазақша атамасқа?! Мысалы: король – хан, ферзь – уөзір, ладья – жүзбасы, офицер – онбасы, пешка – сарбаз. Рокировка – ханқорғау. Шах – қамадым. Мат – құладың.

 Медицина Әбу Синаның (Авиценна) Синаның медеті (Лечения Сины) деген сөз екенін бұрын жазғанымыз бар. Ата-бабамыз ауырған кісіге «медет бер!» деп тегін айтпаған шығар. Медицина – медет-сина


Медицинская сестраны (медсестра) медбике деп тәржімалааудың реті бар ма? Орыс тілінде сестра милосердия деген тіркес те бар. Қазақ тіліне жүгінсек, медсестра – медбике, сестра милосердия – мейірбике.

Неге дәрі-дәрмек берушіні дәрігер демей, емдеген шипагерді дәрігер дейміз. Ал сол орыс емшіні лекарь (лечит деген түбірден), дәрігерді врач (түбірі врать – өтірік айту болуы мүмкін) деп атайды. Біздің тілімізде де дәрігер деген сөз орнын тауып тұрмаған секілді. Больница – аурухана, поликлиника – емхана, аптека – дәріхана болса, дәрігер дегеніміз фармацевт емес пе? Ал врач – шипагер. Лекарь – емші.Костоправ – сынықшы.Санитар – тазалаушы. Операция – ота. Хирург – оташы. Скальпель – отапышақ. Пациент – сырқат. Больной – науқас.

Кейінгі уақытта ауыл деген аттан айырылып, жерімізді селолар мен поселкелер, станциялар жайлап алды. Торқалы тойда жақсы тілек айта алмайтын, топырақты өлім болса, көңіл де білдіре алмайтын мәңгүрттердің қаптап кетуінің бір ұшығы дәстүрі берік, өнегесі мол ауылдың тозуында жатқан секілді. Орыстың село, поселке деген сөзінің түп тамыры мекен дегенді білдіреді. Ал станция деген сөздің қазақша баламасы бекет емес пе?! Ендеше елді мекендерімізді ана тілінде атаудың мезгілі жетті. 

Қала мен шаһар, кент сөздерін де дұрыс қолдана алмай келеміз. Менің ойымша, тұрғындары жүз мыңнан асқан үлкен қалалар ғана қала атына лайық, ал тұрғыны елу мыңнан асқан шағын қалаларды шаһар десе жарасымды. Халқы отыз-қырық мың шамасындағы кейбір аудан орталықтарын кент десе де болады. «Рабочий поселок» дегенге жұмысшылар кенті деген атау сұранып-ақ тұр. 

Сондай-ақ квартал деген сөзді туыстас башқұрт халқы айтқандай орам деп атауға әбден болады.Сонымен:

Поселок – мекен

Рабочий поселок – кент

Город – қала (халқы 100 мыңнан асса) 

Городок – шаһар (халқы 100 мыңға жетпесе)

Квартал – орам 

Селолық округ – ауылдық аймақ 

Село – ауыл

Станция – бекет

Микрорайон – шағын аудан ( мөлтек емес)

Деревня – қоңыс

Населенный пункт – елді мекен

Динозавр – денезор 

Медицина – медет-сина

Медсестра – (медбике емес) медетбике

Сестра милосердия – мейірбике

Врач – шипагер

Лекарь – емші

Фармацевт – дәрігер

Костоправ – сынықшы

Санитар – тазалаушы 

Операция – ота 

Хирург – оташы

Скальпель – отапышақ

Пациент – сырқат 

Больной – науқас

Колобок – жұмыршақ (бауырсақ емес)

Галстук – мойынбау 

Платье – көйлек 

Сорочка – жейде

Плащ – жадағай

Халат – желең

Ветровка – желбегей

Мышка (компьютерге байланысты) – жүгермек

Дед Мороз – Аязшал (Қаңбақ шал секілді) Аяз ата емес.

Снежинка – ақша қар

Снегурочка – Қарша қыз (Ақшақар емес)

Снежная королева – Қарлы ханым 

Снежный городок – Қарқала (немесе Аққала) 

Снеговик – Қарбала

Снежный человек – Қарадам 

Ледовый городок – Мұзқала

Каток – мұзайдын

Коньки – сырғытпа

Клюшка – доптаяқ

Сквер – гүлзар

Простыня – ақжайма

Пододеяльник – көрпеқап (көрпетыс емес)

Наволочка – жастықтыс (жастыққап емес)

Футбол – аяқдоп

Волейбол – қосқолдоп

Баскетбол – қақпақыл

Ручной мяч – қолдоп 

Шахмат – ханқамау (Ғабит Мүсірепов баламасы)

Лидер – топжарған

Душ – сусебер

Пулемет – оқсебер

Снаряд – топ 

Линза – көзәйнек

Очки – көзілдірік

Печать – мөр

Штамп – істаңба

Гостиница – қонақүй (мейманхана емес)

Ресторан – мейрамхана

Кафе – дәмхана (шатхана емес)

Закуска – тіскебасар

Субсидия – көмекқаржы

Касса –  ақшасандық

Брифинг – топжиын

Редактор – түгендеуші (сарапшы)

Корректор – қате түзетуші

Автор – басие

Дистанционное обучение – қашықтан оқыту (қашықтықтан оқыту емес)

Кезінде музей мұражай, архив мұрағат деп сәтті аударылған болатын. Олардан неге ат-тонымызды ала қаштық?

Ойласар жайлар көп. Айта берсек, сөз көп. Мен тек өз ойымды ортаға салып отырмын. Кеңесіп пішкен тон келте болмас.

Ақылбек  Шаяхмет,

жазушы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

author

Ақылбек Шаяхмет

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...