Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» атты ІІІ халықаралы...
Аян Қажыбай. Барысы едің барластың
«Тұранның билері бар Тарағайдай,
Сол биден Темір туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір,
Жарқ етіп өте шыққан найжағайдай!»
МАҒЖАН
Адамзат тарихында әлжиһанды найзаның ұшы, білектің күшіне тәуелді етуге ұмтылған ұлы қолбасшылар саусақпен санарлық. Сол санаттың қатарында көшпелі түрік жұртының Барлас тармағынан тараған Темір Тарағайұлы да талассыз тұрғандығын әлем мойындап болған.
Осыдан 685 жыл бұрын, яғни мұсылман жыл санауының 736 хиджрасы, шағбаның 25 жұлдызында Шахрисябз қаласының маңындағы шағын қыстақта Тарағай бектің отбасында Темір дүниеге келген. Бұл біздің жыл санауымыздың 1336 жылдың 9 сәуіріне тұспа тұс келеді. Болашақ ұлы қолбасшының әкесі Тарағай туралы дерек аса көп сақталмаса да Темір есімі аталған тұста оның іс-әрекеттері, Моғолстанның ел билеген біліктілерімен тығыз байланыста болған бедел иесі екендігі елес беріп қалып отырады. Не десек те Тарағай өз дәуірінің ат жалын тартып мінген беделді бегі, аузына ел қараған сөзінің уәлісі бар би болғандығы талас тудырмайды.
Он жасынан соғыс ойынына ден қойып тәжірибелі атабектерден (тәрбиеші, ұстаз) тәлім алған Темірдің әлемдік айқас сахнасына шыққанға дейінгі жиырма – жиырма бес жылы тарихта өз ізін қалдыра қоймаған. Оның басты себебін Ақсақ Темірдің ел билеп тұрған тұста өзін қоршаған жылнамашыларға өз ғұмырнамасын ағынан жарылып айта қоймағандығынан деуге саяды. Өйткені төңірегіне жасынан жаужүрек қол жинап керуен шауып, ел тонаумен өткен есерлі күндер ұлы қолбасшы үшін болашақ жойқын жорықтарға барар болмашы баспалдақ іспетті болғандығы сөзсіз еді.
Ұлы Шыңғысханның ат тұяғы талмай жеткен тұстардың бәрін де табаны астына илеп салған жойқын шабуылдары саябырсып, өзі күні бүгінге құпиясы ашылмаған жағдаятта өмірден өтті. Артында қалған балалары нақ көкбөрі Шыңғыстай келелі көсемдік таныта алмады. Біріне бірі ашкөздікпен алара қарасып, әкеден қалған жарты әлемнің билік тізгінін жеке алғысы келіп қилы қақтығыстарға, баласы әкесін, інісі ағасын құрбандыққа шалып жіберген жөйттік жосықтарға жол ашты. Сондай бір тұста Шағатай ұлысының ханы Қазанбек өлтірілді де Моғолстан, Мауараннахр болып екіге бөлініп кетті. Бұл екі хандықтың қара қуырдақты қанды қасап қырқысына әкелді. Өзара талас тартысқа түскен Шыңғысхан ұрпақтарының бұл әрекеттерін жергілікті әмірлер (эмирлер) жіті пайдаланды. Ұрыс тіленіп тұрған Темір де өзінің шағын да болса шар болаттай қолымен бірде Моғолстан, енді бірде Мауараннахр жағына шығып ұстараның жүзіндей төңкеріліп түсіп отырды.
Моғолстанды Тоғұлық Темір хан болып биледі де Мауараннахрдың билігі түрік әмірі Қазағанның қолында болды.
1358 жылы Қазаған Тоғұлық Темірдің жіберген жансызының қолынан қаза тапты да бір жылға созылған соғыста Қазағанның орнын басқан баласы Абдолла да опат болды. Сөйтіп Мауараннахр бірнеше әмірдің қолында жыртыстай бөлшектеніп, тарап барып өмір сүруін тоқтатты. Осы тұста Темір хажы Барлас әмірдің қол астында жүр еді. Тоғұлық бұл әмірлікті басып алғанда Темір онымен тіл табысып Моғолстан хандығы жағына шығып кетті. Тоғұлық тегеуірінділігін жазбай таныса керек, оған Шахрисябз түмендігін басқаруды тапсырды. Сөйтіп Темір Тарағайұлы жиырма бес жасында Барлас тайпасының басшысы болып шыға келді.
Бұдан кейінгі жылдарда Темір үшін тынымсыз күрес кезеңдері болды. Қара танымайтын Темір табиғат бойына сіңірген сырларды жіті қабылдап, жете игергендігі сондай, кез келген тұйықтан жол тауып шыға алатын, әсіресе кез келген сәттің қолайлы тұсын жыға танып, орайлас ғамал-әрекет ететін көрегендігімен көзге түсті. 1362 жылы талай таласты кезеңдерден сүрінбей өткен ол Кеш әміршісі болды. Төғұлық осы жылы кісі қолынан опат болды да оның тағына мирасқоры Илия қожа отырды. Осы сәтте ара салмақты аңғара білген Темір Мауараннахрдің билеушісі Хұсейнмен одақтасып Моғолстанмен ашық күреске шықты. Төрт жылға созылған қанды шайқас Хұсейін мен Темірдің пайдасына шешілді. Сөйтіп Моғолстан хандығы күйреп, тізе бүкті. Осы шайқастардың бірінде Темір оң қолынан жараланып екі саусағынан айрылды, жебе қадалған оң аяғы ақсаған қаһарлы Темірге келе-келе түрікше – «ақсақ» немесе парсыша – «ленг» деген лақап ат қосылды. Осылайша қаһарлы Темір – Ақсақ Темір немесе Темірлан (ленг) деген атпен тарихқа енді (1941 жылы атақты антрополог Герасимов Ақсақ Темірдің Гур-Эмир мовзолейіндегі табытын ашып, бас сүйегінен портрет жасағанда ұршық сүйегінің жамбасқа жабыса біткендігін, саусақтарының қатты жарақат алғандығын анықтаған болатын).
Дара билікке ұмтылған Темір мен Хұсейін арасындағы айқас Моғолстан мен Маураннахрды өз табандарының астына илеп салғаннан кейін басталған еді.
1369 жылы Темірдің іштей ірітіп, бірнеше қолбасшыларын сатып алып өзіне қарату арқылы жүргізген күресі Балқыға барып тығылған Хұсейіннің жеңілісімен, өзінің дарға тартылуымен аяқталды. Сөйтіп Темір өзінің жүргізген икемді саясаты, жаужүрек табандылығы арқасында Мауараннахрдай үлкен де іргелі мемлекеттің дара билеушілігіне қол жеткізді. Көптеген әмірліктерге өзіне берілген сенімді адамдарды тағайындап, қолбасшыларды мол тарту-таралғымен бүтіндей өзіне қаратып алды.
Былай да, діни де оқуы жоқ қара танымайтын Темір замана ағымын терең сезінген сергектігімен, діни күшке көрсеткен шексіз құрметпен Шағатай мемлекетінің басында отырғандардың алауыздығын сәтті пайдалану арқылы ірі де іргелі мемлекетке билік құрды. Бірақ сол дәуірдің қатал дәстүрін бұзбады, хандық лауазымға тек чингизидтер ұрпағы ғана ие болу керектігін сақтай отырып өзін ешқашан ханмын деп жарияламады, бар боланы эмирмін деді, сөйтіп оның Әмір Темір атануы да осы саясатты берік ұстнауынан еді. Оның үстіне өзі дарға тарттырған Хұсейіннің жесірін алды, ал ол жесір ұлы хан Қазанбектің қызы болатын. Хан қызымен төсек бөліскен Темір ендігі жерде «гурхан» деген атқа ие болды. «Гурханыңыз» «ханның күйеу баласы» деген болса, Темір бұл атақты өзінің зор құрметпен бағалайтындығын әрі мақтан ететіндігін сол тұстың тарихшылары жиі еске салады. Тоқтамыс ханға қарсы аттанғанда Бетпақ даламен өтіп бара жатып алтын Шоқы тауының етегіне аялдаған Темір арабша және түрікше: «793 жылдың шағба айында (1391 жылдың сәуір айы) Тұранның сұлтаны әрі ұлы Әмір Гурхан Темір-бек Тоқтамыс ханға қарсы аттанған 200 мың қолмен осы арада аялдаған» деген сөздерді тасқа ойдырып қалдырған. Осы арада да ол өзінің ұлы әмірші, сұлтандығымен қоса гурхан екендігін еске салады.
Өзінің сауатсыздығына қарамастан Темір тоқығаны мол, тарихтың терең қойнауына бойлап бара алатын білімдарлығымен, аса қатал әрі кеңпейіл жомарттығымен қоса бірсыпыра тілде сөйлей алатын ірі дипломат адам еді. Темірдің сарайында болған ірі тарихшы Ибн Халдун Темірдің білімпаздығына, зерек зерделілігіне таң қала жаздады. Шахмат ойынын жете меңгерген алымдылығына сан рет куә болғандығын еске салады.
Сансыз жорықтарында он сан әсем қалаларды жермен жексен етіп жыртқызып орнына арпа ектірсе, өзі астана санаған Самарқанд қаласын сан қиырдан алдыртқан қисапсыз шеберлер мен құлдарының білек күшімен ғаламат ғимараттар тұрғызды, ақ күмбезді, көк күмбезді сарайлар салғызып, нелер тамылжыған бақтар отырғызды. Самарқанд Темірдің билеп тұрған тұсында ғаламат сұлу келбетімен, он сан бағымен, қорғасын және қыш құбырларымен, сәнді де сәулетті асыл таспен апталған сарай, мавзолейлерімен жатжұрттықты таңқалдырған еді. Шыңғыс ханның от оранған ізінен кейін қайра бой көтеген Самарқанд шын мәнісінде Темірдің табанды еңбегімен екінші рет өмірге келді дейтініміз де содан.
Әмір Темірдің өмірлік кредосы оның: «екі патшаның қасында әлем кеңістігі түкке де тұрмайды» деген сөзімен өлшенеді. Ол сондықтан да ат үстінен түспеген, түн қатып түсі қашқан қанды жорықтардың басында тұрды, «Шыңғыс хан менің ұстазым. Бірақ алымды шәкірт ұстазынан да әрі асуы керек» дегенді жиі қайталайтын ұлы қолбасшы шын мәнісінде жорық үшін жаралған, жаратылысы бөлек Барластан туған барыс еді.
Мауараннахрды түбегейлі билеп алғаннан кейінгі отыз бес жылдың отыз бес күнінде бел шешіп еркін отырмаған ол өз иелігінің шеңберін барынша кеңейтіп, кеңістік аясын он сан мемлекеттің тізе бүккен жұртын жерімен қоса алып, одан әрі ұлғайта берген жеңістен жеңіске жетіп отырған Темірдің он сан түменді күшінің табаны астында Моғолстан мен Тоқтамыстың Ордасы, Ауғанстан мен Үнді, Мысыр мен Бағдат Халифты, Сирия мен Кіші Азия қан құсып, шаңға бөгіп жатты. Алты бақан алауыздықпен алысып жатқан орыс княздіктерінің де біразын талқандап, шығыста Темір бар екендігін естеріне әлсін-әлі салып отырды.
Академик В.В.Бартольд Ақсақ Темір империясының найзаның ұшы, білектің күшімен бағындырылғандығын елестете келіп европалықтардың төбе шашын тік тұрғызар, тобығынан қан кешкен ұлы қаһан Шыңғыстың өзін шошындырар қаталдықпен тізе бүктіргендігін көне тарих қойнауынан сыр етіп жеткізген. Исфизар қаласын басып алған соң 2000 кісіні тірідей бірінің үстіне бірін үйіп, үстін балшықпен бастырып, содан мұнара орнату. Сивасты басып алған соң 4000 кісіні тірідей жерге көму туралы бұйрығын орындаған адамдар болды дегенге сендіру де қиын. Делиді басып алғанда ешбір қаруы жоқ 100 мың үнді халқы қырылды. Исфаһан мен Бағдат, Дамаск мен Себзеварда жүздеген мың адам қырғынға ұшырады. Орта Азияны Темір он сегіз жыл бойы қарудың күшімен ұстап тұрды. 1388 жылы бес рет жорық жасап Үргеніш қаласын талқандады. Қазақ, Дешті, Қыпшақ, Жетісу бойына дүркін-дүркін шабуыл жасап тұрды.
Орыс еліне өзінің әлі де үстемдігін жүргізіп тұрған ұлы Тоқтамыс ханның өзі де Тұраннан шыққан Темірмен тіресемін деп тұралап барып тоз-тозы шықты. Өз қандасы, түрік елінің билеушісі Баязит Темірдің тегеурініне төтеп бере алмай екі жылдың ішінде тізе бүкті.
Темір ұлан-байтақ мемлекеттерді өз иелігінде ұстап тұру үшін қарудың күшімен бірге ақыл, парасатын жұмсады. Әсіресе пайғамбар ұрпағы сейдтердің, шейхтердің, дәруіштердің тәңірмен тілдескен тылсым сырларына ден қойды. Соғыс тактикасында шейіттер мен сүнниттердің ислам дініндегі ара-салмағын ажырата отырып, қарсы әрекеттерді шебер пайдаланды. Мәселен, самарқандық шейх аль-Ислами, шейх Шамсидден, шейх Зейнидден, Меккеден келген сейід Береке, Ақсақ Темірдің рухани жетекшілері болды. Ал Ахмет Яссауиді пір тұтқаны сондай көне Түркістандағы әулиенің қабірі үстіне күні бүгінге дейін көз жауын алар, Түрік дүниесінің көне де қасиетті орны шейх Ахмет Яссауи мовзолейін тұрғызды. Өзі өмірден өтерде пайғамбардың ұрпағы Берекемен қатар жерлеуді өсиет етті. Темірдің артындағы ұлы архитектуралық мұралары, Гур-Эмир, Ақ Сарай, Яссауи мазары, Самарқанд пен Шахрисябз қалаларындағы он сан ғимараттар еді.
Әмір Темір ендігі жерде ұлы Қытай қамалын көктей өтіп, осынау тылсым сырға тұнып жатқан аса бай елді жаулап алуды мақсат етті. Қалың қолмен Отырардан аттанғалы тұрғанда 1405 жылдың ақпан айында Отырар қаласында дүниеден өтті. Кейбір тарихшылардың айтуына қарағанда әлжаҺанды табаны астына бүктеп салғысы келген Барластан туған Барыс – Әмір Темірді баяу тарайтын умен сылап отырып өлтірген деген де жорамал бар. Бірін-бірі тақ билігі үшін құрбандыққа салып отырған аса қатал дәуірдің көкжал бөрісі түріктен шығандап шыққан Темірдің чингизидтер әулетіне көзге біткен сүйел болғандығы даусыз еді. Ендеше шексіз билікке ие болған Темірден құтылудың бірден бір жолы жымысқылықпен сырттан ажал дайындау еді дегенге қалай сенбессің. Сөйтіп отыз бес жыл әлемді Ақсақ Темір атымен қалтыратқан ұлы қолбасшы жетпіске қараған шағында өмірден өтті. Артында алапат аймақтарға иек артқан он сан мемлекеттер қалды. Бірақ Темірдің темірдей тегеурінді тәртібі мен сұңғыла саясатын одан әрі жалғастырып әкетер ұрпағы жоқ еді. Екі ұлы ЖаҺангер мен Омар әкесінің көзі тірісінде бөліп берген ұлыстарын зорға билей алып отырған болатын.
Темір өлісімен Тұранның ұлы мемлекеті өзара қырқыстың бодауына байланып, тез арада тоз-тозы шықты. Ұлы Темірдің атақты немересі Ұлықбек өзара қырқыстың құрбаны болды. Шығыс әлемінің жарық жұлдызы, ұлы астроном, математик ғалым атасы жүргізген жойқын жорықтың жаңғырығындай бақталастың өтеуінде өмірден өтті.
Темір соғыс өнерін ұстазы Шыңғыс ханнан да үздік жетілдірген ұлы реформатор болды. Бетпе бет келген қолдардың ұрасына өзгерістер әкелді. Тосыннан шабуылдау, жау тылына өтіп кетіп желке тұстан соққы беру, қос қанаттан қысып келіп ұрыс салу, жау күшін ішке өткізіп алып қос қапталдан шабуылдау сияқты тәсілдер Темірдің ұрыс тактикасындағы жаңашылдығы еді.
Темірдің ұрыс тактикасы мен стратегиясының сол тұстағы қолбасшылардан озық тұрғандығын 1395 жылы ұлы қолбасшыны көзі көрген Қап тауында Терек өзенінің бойында Тоқтамыс қолымен соғысқанына куә болған генуялық дипломат Франческо Аларо жан-жақты суреттей жазған. Ол Ақсақ Темірдің айтуымен жазылған «Соғыс жарғысымен» танысқан. Жарғы үш бөлімнен тұрған. Бірінші бөлімде 12 мың қолы бар әскердің соғыс тактикасы жазылса, екінші бөлімде 40 мың, үшінші бөлімде 100 мың қолдың ұрыс тәсілдері ежіктей жазылған және ол соғыс барысында бұлжытпай орындалып отырған. 100 мың қолға дейін он басы, жүз басы, мың басы, түмен басы бірлесе қимыл көрсетсе, жүз мың қолдан асқан алапат айқасқа тікелей басшылықты Темір өз қолына алған. Ал Темірдің қолы 200 мыңнан кеміп көрмегендігі белгілі.
Темір әскерінің басты туы, әр қосыннан бөлек, жеті құлаш қызыл, сары ту болған. Ұрыс барысында ту желкілдей желбіреп сарбаздарды жігерге жетелеп, жеңістерге жол ашып отырған. Тудың жығылуын жеңіліс не шегініске балаған Темір отыз бес жылғы жойқын жорықтарында бір де бір рет өз туын жығып көрмеген.
Тоқтамыспен ұрыста дұшпандар жағының ту ұстаушысын алтынмен сатып алып, ұрыстың қызған тұсында туды жығып, Тоқтамыс қолы ту жығылды деп бытырап қашып, жеңісті өз қолдарынан беріп алғандығын, кейіннен қолға түскен ту ұстаушының басын алдырып, оны Темір өз қолының алдыңғы легінде найзаға қадап алып жүргендігін Франческо Аларо тәіптіштей суреттеген. Өз ханыңа опасыздық жасағанды Темір сатқындар қатарында санап, басын алдырған. Бұл қаталдық болса да әділ шешім еді. Темір әскерінің басты ұраны «Алға ақбар!» болатын. Сандаған ұлыс өкілдерінің басын біріктірген Темір бір ғана ұран астына топтастырып, ислам дінінің құдіреттілігін, оның жойқын жасампаздығын әлемге танытты. «Пайғамбар ілімін мойындамағандарды жазалауға барамын» деген басты бағыт ұстады. «Мен пайғамбардың заңын бұзған халықты жазалауға барамын» деген қағиданы темір шегедей қадай айтумен бірге, сонсын ақтық демі сарқылғанша берік сақтады, сол жолда 40 жыл ғұмырын ат жалында өткерді.
Елден ерекше жасана киіну, сарбаздарынан бөлек жайлы орын іздеп, дәм татуды білмеген Темір соғыс жолындағы тар жол, тайғақ кешулерді бірдей бөлісті. Қолға түскен байлықты әркімнің үлесті еңбегіне қарай бөліп беруде де қара қылды қақ жарған әділ болды. Қолының жымысқылығы бар сұғанақтарды төгілген қанына, ерен ерлігіне қарамастан топ алдында басын алып отырды. Бұл алапат әскер ортасында, барлық деңгейдегі басшылар арасында темірдей тәртіп орнатады.
Темірді қаншалықты қатал дегенмен әділдігі, ашуын ақылға жеңдірген тамаша тапқырлығы, өзім дегенге шексіз берілген адалдығы, қолбасшыларына, әр жауынгерге деген жомарттығы аңызға айналған. Үндістан жорығында шекарадан өтерде әр жауынгерге бір-бір тастан қалдырып, кері қайтарда бір-бір тастан алып өту бұйрығы өлгендерге деген құрмет көрсетудің Темірге ғана қатысты философиялық үлгісі ретінде бағаланады.
Не десек те Тұран жұртының түркі тектестер арасынан көк жебедей жарып шыққан Тарағай ұлы Темір Шыңғыс ұрпақтарының дәуірлеп тұрған тұсында тайсалмай қол бастап шығуы, сөйтіп ұлы империя құруға дейінгі ұлан асу, айтулы жорықтармен күн кешкен Әмір Темір көреген адамзат тарихында өзінің жиһангер қолбасшылығымен өз орны, тарихта теңдесі санаулы ұлы тұлғасымен дараланып қалары ақиқат.
madeniportal.kz