1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықар...
Айзат Қадыралиева. Бес бойдаққа бір той
Сәл қол босай қалса Ару Алматыны бетке алатын әдетіміз бар. Сол әдетімізге салып өнердің астанасы әсем қалаға тағы да бардық. Тарихы мен мәдениетінен мол мәлімет беретін қалаға келіп тұрып қалай театрға табан тіремейсің. Бұл жолы М.Әуезов атындағы театрға соғып, жазушы-драматург Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» пьесасы бойынша сахналанған қойылымын көру бұйырыпты. Бұл спектакльді бұрынырақта талай көргенбіз, талай күлгенбіз. Сондықтан, Қырманбай қария және оның балалары жөнінде өрбитін комедияның қайта оралғанына жалпы қуандық. Ал жалқыға келер болсақ, әрине трагедиялық тағдыр оңай емес, әйтсе де, комедия жанрын аша түсу одан да қиынырақ екенін түсіндік.
Негізі, шығарманың өзі - ұл-қыздарының тұрмыс-тіршілігіне алаңдап жүретін әкелерін қайтсе де үйлендірмекке әлек болған әрекеттері оқырмандарын езу тартқызады. Ал сахнаға жол тартқан сол кейіпкерлер әжептеуір көмескіленіп қалған. Қырманбай қарияның шақшасының жерде жатқанын көрген сәтінен бастап комедия сипаты аңғарылады. Яғни, сол шақшаны кім тастағанын анықтау жолында - балаларының мінездерінің алуан түрлі екенін көрсетер тұсы осы көріністен басталуы тиіс. Ал сахнадағы Барбол мен Нарболдың, Күйкетай мен Шүйкетайдың мінездерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Барбол (Б.Манжігіт) «жұмыс, жұмыстан кейін жиналыс» деп жиі айтатын сөзін бірде таңқалып, бірде ашуланып әр ситуацияға қарай ойната түссе, басқа бауырларына қарғанда интелект жағын қарастырса кейіпкер салмақтылығы арта түсер ме еді. Кенже інісінің шарбақтың алдына сындырып кеткен дәретін сиырдан көріп, тез өте шығады. Қарап, баға беру жоқ.
Нарбол (Ж.Толғанбай) ағасына қарағанда батыл, еркін болу керек. Ол жастықтың лебінде, махаббаттың буында жүрген жігіт болғандықтан, актерге ширақтық, бет әлпетіндегі ойнақылық жетіспеді.
Кешке келетін Марат (Р.Бекет) пен Кико (Қ.Нәбиолла) екеуінің сүйіктілерін көргісі келетін романтикалық көңіл-күйлері, бір көріп қалудағы құмарлық тұстарын әлі де ұлғайта түсу керек. Қарияны алдайтын кездегі Кико-Қайраттың әрекетіне айтар бір тілек, өзінің құдай екеніне қарияны шын иландыратындай кең тыныспен, жоғары пафоспен, асқақ үнмен айта түссе дұрыс болар еді. Не дегенмен, басқа кейіпке ауысқанда сәл болса да өзгешелік болуы керек қой.
Бұл спектакльде Қырманбай бейнесі үлкен жүк көтеріп тұрғаны түсінікті жағдай. Дәл осы кейіпкерден кем түспейтін, күлкілі жайттерді жалғастырып жүретін үйдің кенжесі Жарбол бар. Бірақ актер Е.Тұрыс Жарболдың жасына қарай әкесіне, апа-ағаларына деген еркелігі, тентектігі жетпей жатқан тәрізді. Әкесімен шашка ойнауы, сабаққа барғысы келмейтіні, өйткені көйлегінің, портфелінің үлкендігін айтып шала бүленетіні, Гүлбарам әженің кәмпит берген сайын қайта-қайта «әже» деп сөмкесіне үңіле түсуі, тағы сол сияқты толып жатқан мезеттерді дер кезінде құбылту жағынан тапшы. Кезінде осы рөлді ойнаған Ж.Маханов қазіргі ойнап жүрген актердің жасынан үлкен болса да, баланың бейнесін айнытпай салатынына әр көрген сайын таңғалатынбыз. Сондықтан актер Е.Тұрыс – осы жауапты рөлге жүктелген соң, онда кенже Жарболдың дауыс ырғағына, бет әлпетінің өзгеруіне, дене бітімінің жағдайы мен жүріс-тұрысына икемделуі керек. Әлі де оның кейіпкердің жандүниесіне терең бойлап, тер төге түсуін қалар едік.
Қойылымның ортасында шығып, оқиғаны өрбіте түсетін кейіпкер бар, ол – Гүлбарам. Актриса Г.Тұтованың орындауы кейіпкердің жасына келіп тұрған жоқ. Гүлбарамның әркеттерін актриса өзінің бүгінгі жасына салып жүр. Сөзіне, қимылына, биіне қарап, «замандасым» деп сөйлейтін Қырманбайдың егделік кезеңіне сай келіп тұр деп кім ойлайды. Сахнадағы сөйлеу екпініне, ширақ қозғалысына қарап, сондай әйел бес баласы бар қарияға қарайды дегенге де сену қиын екен? Қысқасы, Жарболдың «әже» деп атайтындай әжеге тән қасиеттері жоқ.
Қырманбай бейнесін Б.Тұрыс алдында да тым тәуір шығарған, бұл жолы да былай жаман емес. «Былай» дейтін себебіміз, алдыңғыдай жемісті болуына жас актерлердің сахналық тәжірибелері жетпей жатты. Дегенмен, кей жерінде әсірелеу басым болса да, актер бұл рөлімен көрушіні күлкі әсеріне бөлегені рас.
Жалпы, спектакльдің өн бойына қан жүгіртіп отырған актер көзге түспеді. Қанша байқап жүрміз, кейіпкер жан дүниесін терең меңгеруден Әуезов театрының актерлері қатты ақсайды екен. Сыртқы қабатын ғана қалқан етіп жүрген сахнагерлер көркем ойлау қабілетінен қалып жүр. Кезінде дәл осылай жүрген бұл қойылымды, басқа қолтаңбамен көреміз бе деп біз ойлап едік. Сөйтсек, режиссер (Ә.Рахымов) сол нұсқасын қайта ұсынуды жөн санапты. Жарайды, мизансценаларын өзгертпесе де, шұғыл басталар комедиялық әрекеттерді бәсеңсітпей, кейіпкер жанын ұшқындата отыруына сеп болу керек еді. Режиссердің талабы осы ғана ма, әлде актерлердің шабыт-қиялы шалықтай алмады ма, әйтеуір кейіпкер бойынан тапқан күлкілі сипаттар аз болды. Көлденең көзге көріне бермейтін нәзік штрихтарды табу, детальдерді ойнату, әдеттерді өз кейіпкер бойына табиғи үйлестіру жағынан ерекшелену кем. Бәрі бір-біріне ұқсайды.
Жан-жағыма қарасам, көрермендер күліп отыр. Сол күліп отырғандарды көрген актерлердің де көңілдері тоқ. Өтіп жатыр, керемет ойнап жатырмыз деумен мәз. Қазір қай театрды алсақ та, «қытықтап» күлдіруден бес аспап болып алды, бәрі. Сұқ саусағын көрсетсе де, ышқырын көтерсе де күле беретіндерге қарап, мына ой сап ете қалады екен, «көрерменнің деңгейі түсті ме әлде деңгейін түсіріп жүрміз бе» деген...
Айзат Қадыралиева