Абай атындағы Қазақтың ұлттық опера және балет театрының (ҚазҰОБТ) «Галерея ARTE» кеңі...
Талғат Есеналиев: Театр – жан әлемін емдейтін киелі орын
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Талғат Есеналиевпен сұхбат.
Қайырлы күн, Талғат мырза! Мүсірепов театрының 77-ші маусымының жемісті өткені көпшілікке мәлім. Ал, қыркүйек айында 78-ші маусымның екінші күнінен бастап Халықаралық театр фестиваліне аттандыңыздар. Театр тынысы туралы айта отырсаңыз.
Қайырлы күн! Ұжым биыл екінші жыл жаңа маусымын қыркүйектің 7-ші жұлдызында ашты. Театрымыз екі жыл көлемінде шілде айында жұмыс жасап, тамыз айында еңбек демалысында болып, көрерменді көп күттірмей, қыркүйек айында қайта қауышуда. Өнер ошағы балалар мен жасөспірімдер театры болғандықтан, маусымды жас жеткіншектерге арналған қойылыммен ашуды жөн көрдік. 78-ші маусымның алғашқы күнінде таяуда ғана тұсауы кесілген «Кішкентай ханзаданың оралуы» қойылымы көпшілік назарына ұсынылып, кешке «Құлагер» қойылымымен жалғасын тапты. Маусымның ең алғашқы фестиваліне қатысу мақсатында шығармашылық топ Белорусь елінің Брест қаласындағы «БЕЛАЯ ВЕЖА» театр фестиваліне аттанды. Европа елінде «Оян, қалыңдық» (авт.:Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева) қойылымен бақ сынаған артистер шетелдік сарапшылардың көзіне түсіп, қалың көпшіліктің ықыласына бөленді. Сөзіме дәлел, театрымыздың талантты актрисасы Динара Нұрболаттың Ажал рөлі үшін «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесін иеленуі. Араға аз уақыт салып, Қарағанды қаласында өткен II РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «СЫН – ШЫН БОЛСЫН» фестивалінде «Бернарда Альбаның үйі» (авт.:Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева) қойылымын сахналады. 2023 жылдың 11-ші маусымында премьерасы өткен қойылым алғаш рет Республикалық фестивальде отандық үздік қойылымдар арасынан топты жарып, ГРАН-ПРИ жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, театрымыздың актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тынышкүл Сұлтанбердиева Понсия рөлі үшін «Екінші пландағы үздік актриса» жүлдесіне лайық деп танылды. Қос жетістік ұжымның ортақ еңбегінің жемісі деп білеміз.
Арқаның төрінен жүлдемен оралған артистер қыркүйек айының 28-ші жұлдызында көршілес қырғыз еліне аттанды. Дүбірлі додаларда қатарластарынан оқ бойы озық болып, шабысына көз ілестірмеген «Құлагер» (авт.: І.Жансүгіров, реж.: Ф.Молдағали) қойылымы Қырғыз республикасының Бішкек қаласында өткен «ART-ORDO – 2023» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНДЕ сынға түсті. «Құлагер» - soundrama жанрымен әлемдік деңгейдегі бәйге алаңдарына шығып, жоғары кәсіби мамандардың көзайымына айналған қойылым. Әлемнің жүйріктері бір-бірімен жарысқан өнер додасында қойылым «Сахналық жаңашылдығы үшін» арнайы сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, қойылымды сахналауда түрлі аспаптармен қойылымға өзгеше бояу берген «SteppeSons» тобы «Ең үздік музыкалық көркемдеу» жүлдесін жеңіп алып, театрымыздың аға буын артисі, ҚР еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қарабалин «Құлагер» қойылымындағы Күреңбай рөлімен «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» марапатын иеленді. Түркия, Белорусь, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан және тағы да басқа елдер қатысқан өнер додасында еліміздің атын асқақтатып, мерейін тасытқан театр ұжымы үшін бұл сәт тарихи күн болып қалары сөзсіз. Көрерменнің ақ тілегі мен шексіз пейілінің арқасында алдағы уақытта биік белестерді бағындырамыз деп сенеміз. «Бернарда Альбаның үйі» қойылымы Талдықорған қаласында өткен «BIKEN» I Халықаралық театр фестиваліне де қатысты. Жетісудың жерінде ерекше өнер көрсеткені үшін театрымыздың талантты актрисасы қойылымдағы Ангустиас атты кейіпкерді бейнелеп, ең үздік шеберлігі үшін марапатталып, «Бикеннің ізбасары» жүлдесін жеңіп алды. Ал, қойылым екінші мәрте үздік екенін дәлелдеп, Халықаралық театрлардың ең үздік қойылымдары арасында ГРАН-ПРИ жүлдесін жеңіп алды.
Дүбірлі додаларда дүлдүл атанып, театрдың ғана емес, еліміздің атын асқақтатқан шығармашылық топтан бөлек, театр артистері «Сезім сапары» атты спектакль-турмен Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына сапарға аттанды. «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымымен Қазақстанның барлық қалаларын аралауды мақсат тұтқан гастрольдің ерекшелігі –театр өзінің қорындағы қаражатымен өзге өңірлерге барып өнер көрсетіп, облыстық көрерменмен байланыс орнатып, театрға қосымша табыс көзін қарастыруда. Қуантатыны сол, билеттерді сату бойынша біраз уақыт бұрыңғыдай театрдың ұйымдастырушылары мекемелермен жұмыс жасап, келісім-шартқа отырмайды, яғни бірізділікпен сатылмайды. Билеттер тек онлайн түрде қолжетімді. Осы орайда, әрбір сеанстың аншлаг болып, көрерменнің сұранысы күннен-күнге артуы театрдың жеткен тағы бір жетістігі деп айтар едім.
Таяуда театр репертуарынан қандай қойылымдар қатарын көре аламыз?
Театрда жаңа қойылымның дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда жас режиссерлер арасында ерекше көзге түсіп, үлкен ізденіс үстінде жүрген режиссер – Мейрам Хабибуллин театр артистерімен жұмыс жасауда. Қарымды қаламгер Д.Исабековтың «Әпке» шығармасын қараша айының соңында сахналау жоспарға алынып отыр. Сонымен қатар, театрдың көркемдік жетекшісі, қазақтың ғана емес, түркі әлемінің үздік режиссері Фархад Молдағали А.Чеховтың «Апалы сіңлілі үшеу» шығармасының сахналайтын болады. Спектакльдің алғашқы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Желтоқсан айында жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынамыз. Ал, кішкентай көрермен үшін жаңа жыл қарсаңында балалар мен жасөспірімдер үшін театр репертуары тағы бір қойылыммен толығады.
Сіздің кәсіби театр менеджері екеніңізді білеміз. Шетелдік театрлармен шығармашылық байланыстасыз. Халықаралық театр менеджментінің тәжірибелерін қаншалықты өзіңіздің басқару практикаңызда қолданып келесіз?
Менің түсінігімде әр театрдың өзіндік ерекшелігі, өзгеге ұқсамайтын шығармашылық өзгешелігі болады. Мәселен, шетелдік театрлардағы тәжірибені өзімізде толықтай қолдана алмаймыз. Бізге керегін алып, өз елімізде өзгеше өрнектеуге болады. Әр театрдың бағыт-бағдары бөлек болғандықтан, қалыптасқан жағдайға байланысты басқару жүйесін енгізу керек деп ойлаймын.
ХХІ ғасыр – цифрлық медиа мен жаңа медиа мүмкіндіктер ғасыры. Театр өнерінің дамуына, дәріптелуіне театрдың маркетинг, қоғаммен байланыс, жарнама бөлімдерінің үлесі қаншалықты деп есептейсіз?
Шығармашылық құрам мен көрермен арасында байланыс орнатып, алтын көпір болған театрдың – маркетинг және көрерменмен байланыс бөлімі. Қазір әлеуметтік желінің, жарнаманың дамыған заманы. Театрдың бұл бөлімінде кәсіби тұрғыда білім алған білікті мамандар жұмыс жасайды. Театр артистерінің сапалы жұмысын көрерменге көрсету, театр өнерінің озық үлгілерін дәріптеуде бұл мамандардың үлесі зор.
Мүсірепов театры жыл басында «Сезім сапары» спектакль-турын бастап, көпшіліктің көркем өнерге деген қызығушылығын арттырды. Турдың ізін «Болмаған балалық шақ» қойылымы жалғап жатыр екен. Жалпы, театрдың гастрольге шығуының қаншалықты маңызы бар?
Жалпы, шалғайда жатқан аймақтардағы көрерменнің ықыласы өте жоғары. Әлеуметтік желі арқылы алыс-жақын аймақтан сан түрлі толассыз хаттардың келуі, өз аумағына асыға, жарыса шақыруы көрерменнің саф өнерге деген құрметі мен шексіз сұранысын көрсетеді. Театр артистері де шалғай аймақтағы көрерменмен қауышып, өнерін көрсетуге әрдайым асық. Театр тек қойылымдарды ғана сахналап қоймай, бағана атап өткен маркетинг бөлімі көрермен және артистер арасында байланыс орнатып, фан кездесулер ұйымдастырады. Мәселен, артистер көрерменмен кездесіп, еркін сырласа алады, көрермен сүйікті артисіне көкейіндегі сұрағын қоя алады. Сонымен қатар, құрметті де қадірлі көрермен үшін театрдан арнайы жасалынған қойылымдарға қатысты түрлі ашық хаттар қолжетімді болады. Сахнадағы кейіпкермен өмірде жүздесіп, ашық хатқа тілек жаздырып, естелік суретке түсу әр көрермен үшін ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз.
Бүгінде Мүсірепов театры өз көрермені қалыптасқан танымал театр. Театрдың трендке айналуы үшін қандай жұмыстар жасалуы қажет?
Театрда шығармашылық топтың бүгінгі күні халыққа яғни, көрерменнің көңілінен шығатын дүние көп болуы керек. Менің түсінігімде, театр – адамның жан-дүниесінің қозғайтын, жай-күйіне әсер ететін киелі орын. Әр қойылымдағы кейіпкер бір-біріне ұқсамайтын ерекше болғаны сияқты, біздің театрға келетін көрермен де әр түрлі. Көрерменнің жанына жақын, санасына рухани азық болтын өнерді ұсыну – біздің мақсатымыз. «Театр – көрерменді тәрбиелейтін орын емес», - деген пікірмен келіспеймін. Театр – адамның жан дүниесін емдейтін, жанына азық, дертіне шипа болатын қасиетті мекен деп білемін.
Сұхбатыңызға рақмет, ұжымға сәттілік серік болсын деген тілектеміз!
Рақмет!
madeniportal.kz