Қарагөз-Сырым, Қарагөз-Нарша… Махаббат атаулыға қатыгез Дала заңы мен махаббат үшін күреске...
Әлемдік жұлдыздар елордада өнер көрсетеді
Португалиялық опера әншісі Сюзана Гашпар, сондай-ақ қазақстандық және әлемдік опера сахнасының жұлдыздары Мария Мудряк пен Медет Чотабаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуын мерекелеу аясындағы Гала-концертте өнер көрсетеді. Бірегей бағдарлама «Астана Опера» сахнасында 2 ақпанда таныстырылады. Дирижер тұғырында – атақты маэстро Абзал Мұхитдин.
Медет Чотабаев
Еуропалық Одақ Елшісі Кестутис Янкаускас 30 жылда Қазақстан мен ЕО әртүрлі салаларда үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өтіп, елдер арасындағы байланыстарды нығайтуда адамдардың өзара қатынастарының маңыздылығына, мұнда мәдени шаралардың зор рөл атқаратынына назар аударды: «Дәл осы себептен біз бұл айтулы күнді ЕО елдері мен Қазақстан мәдениетін біріктіретін концертпен атап өтеміз деп шештік».
Мария Мудряк
Лондондағы Корольдік опера сахнасында белсенді өнер көрсетіп, жеке концерттермен бүкіл Еуропа, сондай-ақ Малайзия мен Мексика бойынша гастрольдеп жүрген Сюзана Гашпар үшін бұл Қазақстанға алғашқы сапары болмақ. Әншінің опералық репертуары ауқымды, алайда «Богема» операсындағы Мими, «Махаббат сусынындағы» Джаннетта, «Сиқырлы флейтадағы» Папагена, «Фигароның үйлену тойындағы» Барбарина, «Травиатадағы» Виолетта, «Мадам Баттерфляйдағы» Чио-Чио-сан, Массненің аттас шығармасындағы Манон партиялары ең танымалдары саналады.
Сюзана Гашпар – өз ісінің хас шебері, ол Лиссабон музыкалық консерваториясында (Португалия) вокал мен фортепианода ойнауды меңгерген, кейін ән айтудан білімін Гилдхолл музыка және драма мектебінде (Ұлыбритания), сондай-ақ Корольдік опера театрының қолдауымен Ұлттық опера студиясында жалғастырды.
Ол Қазақстан мен еліміздің керемет әншілері туралы көп естіген, алайда Мария Мудрякпен және Медет Чотабаевпен әлемдік сахналарда бірге өнер көрсетудің сәті түспепті. Өз кезегінде «Астана Опера» театры мен қазақстандық өнерді шетелде таныстырып жүрген отандық жұлдыздар да әріптестері жайлы жылы лебіздерін білдірді.
– Ұлттық және батыс еуропалық репертуардан шығармаларды керемет сопранолар – бұрыннан әріптесім Мария Мудрякпен және Сюзана Гашпармен бірге орындау мен үшін үлкен қуаныш болмақ, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы орденінің кавалері Медет Чотабаев
Былтыр Қазақстан мен Италияның мәдени қатынастарының елшісі атанған Мария Мудряк осынау ауқымды шараны өткізуде зор маңыздылықты көреді.
– Бұл концерттің ерекшелігі – «Астана Опера» сахнасында Қазақстан мен Еуропа әртістерінің бірге өнер көрсетуі. Гала-операда итальян, француз және неміс классикасынан анағұрлым «мерекелік» туындыларды орындаймын деп шештім. Сондай-ақ концерт аясында Португалиядан тамаша сопрано Сюзана Гашпар қазақстандық көпшілікке өз бағдарламасын таныстырады, бұл әншімен театр сахнасында танысатыныма өте қуаныштымын. Және де, әлбетте, біз керемет әріптесім Медет Чотабаевпен бірге дуэт орындаймыз. Концерт біздің қадірлі маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен өтеді. Керемет музыканың мерекелік кеші қымбатты көрермендерімізді қуантады деген үміттемін, – деп қорытындылады Мария Мудряк.
Мазмұнды Гала бағдарламасына А.Жұбановтың «Айттым сәлем, Қаламқас», Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», португал әні секілді жарқын нөмірлер енді. «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілхановтың орындауында А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» туындысынан жеке нөмір шырқалады, И.С.Бахтың «Менуэт пен әзіл» шығармасын флейталар тобының концертмейстері Алексей Косырев таныстырады. Руслан Баймурзиннің домбырада оркестрге қосылып орындайтын Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі бағдарламаның сәнін келтіреді.