М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 2023 жылдың 4, 7 және 25 сәуір күндері жа...
Лязиза Керімқұлқызы: «Фархад Молдағали сахналаған «Қарагөздің» өрнегі өзгешелеу»
Қарагөз-Сырым, Қарагөз-Нарша… Махаббат атаулыға қатыгез Дала заңы мен махаббат үшін күрескен Дала перзенттері. Бір уыс қазақты аман сақтап қалу үшін қатал болуы тиіс көне мен еркіндікті аңсаған жастық шақ. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі» қазақ театрларының інжу-маржанына айналған классикалық туынды. Неше буын актер бұл пьесада шеберлігін шыңдаса, көрермен бұл туындымен бірге есейіп жүр. Жалындаған жастық шақта Қарагөз бен Сырымды жақтасаң, ес кіргенде Қарагөзді сынап Наршаның сезіміне бас иесің.
Дегенмен, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында режиссер Ф.Молдағали сахналаған «Қарагөздің» өрнегі өзгешелеу болды. Классикалық туынды классикалық үлгіде безендірілген сахнада емес, минималистік стильдегі кеңістікте қойылды. Сюжеттің ширыққан сәттерін музыка мен жарық әрлей түсті. Кейіпкерлердің киім үлгісі де көп нәрсені аңғартты. Қойылымның тілін символикалық тіл деуге әбден болады.
Қып-қызыл камзол киген Қарагөздің әжесі Мөржан – салмақты, көпті көрген көнекөз емес, зілді, сұсты бейне. Қатал, тым қатал. Тарих қойнауынан қайта бой көтеріп бүгінгі бізге қол бұлғап тұрған отарлаушының тап өзіндей. Шырылдаған Қарагөзге жанашыр емес, өгей шеше іспеттес. Мына қызыл жамылған кемпір құрсауына алмай тынбас -ау дейсің. Көз қарасы қандай жаман еді?! Қармағына ілінсең аямайды. Қарагөздің жеңгесі Ақбаламен арпалысып оның түбіне жетіп тынды. Иә, дала перзенті Ақбаланы, Қарагөз-Көзжақсысының арманына қанат бітіруге ұмсынған Ақбаланы қызыл камзолды кейіпкер ақыры байлап-матап алдына сап айдап әкетті. Еркіндік пен сезім үшін арпалысқан Ақбаланың жанталасын режиссер әдемі жеткізген.
Нарша! Құшағындағы Қарагөздің тұншыққанын сезбейтін Нарша. Сүйіктісін жұбатқысы келетін Нарша. Отарлаушының да бір жақсылығы екі қасіретпен пара-пар келмеп пе еді?!
Жүріс-тұрысымен де, киім үлгісімен де еркіндіктің жыршысы болған Сырым. Қайсысының дауысы қазақтың санасына түрткі болар екен?
Қойылымда кейіпкерлердің бейнесі монументалды образға айналған. Қара ормандай болған қазақ бейнесін қара жамылған екеуден көрдім.
Қарагөздің қасіреті – бүтін бір елдің қасіреті. Бүгін мен махаббат үшін аласұрған Қарагөзді емес, Қарагөздің образы арқылы еркіндік үшін жанұшырған елдің қайғы-мұңын көрдім. Айналасы түгел жабылып Қарагөздің басына қызыл түсті сәукелені кигізгендегі Қарагөздің күресі, шырылы, шарасыздығы...
Бір сәт, дәл қазір көрермен залында Мұхаң - ұлы Әуезов отырса қандай күй кешер еді деген ой келді. Өз заманында талай нәрсені ашық жаза алмай тұншыққан ұлы жазушы өнерлі ұрпағына ризашылығын білдірер ме еді?..
Туындыда автордың бір де бір сөзі өзгермегенімен әр көрініс жаңа қырынан сөйлеп тұр, зарлы саз жүректі тіліп тұр. Ел мен жерден айырылу ұғымын аңғартатын зар заман ақыны Шортанбай Қанайұлының «Еділді алды, елді алды, Енді алмаған нең қалды?» әні қойылымның өзегі болған.
Қазанның алтысы күні сахнаға шыққан актерлік құрам да ерекше шабытпен ойнады. Ызаға булыққан Наршаның үнсіз айқайы, Қарагөздің арпалысы, қызыл камзолдағы кемпірдің озбырлығы (Қарагөздің әжесі Мөржан деуге аузым бармайды, әжелердің қаталдығының астарында мейірім тұрмаушы ма еді, мен мейірім көрмедім?) сенімді шықты. Қарагөздің жаңа ортада (жаңа қоғам, жат қоғамда?) аяғын баса алмай тәлтіректеген аянышты сәті сондай шынайы. Ақыры қисық қоғамда түзу жүріп кете алмады, Қарагөз! Хореография, актерлік ойында органика, үйлесім бар. Бүгінгі актерлік құрамға браво! Режиссер Ф. Молдағали бастаған шығармашылық топқа мың алғыс! Дегенмен актерлік ойынға баға беру үшін қойылымды бір рет көру аздық ететіні түсінікті ғой. Бұл тек ең алғашқы әсер.
Әрине, қойылымнан бірі ескі ғұрып пен жаңашылдықтың тартысын көрсе, енді бірі екі ғашықтың баянсыз тағдырын көреді. Режиссердің ойын дөп басып білу де көрерменге міндет емес. Туындысын қалың көрерменге ұсынған режиссер де оған иелік ете алмасы аян. Қойылым көрерменнің құзырына өтті. Өнердің де қасиеті осыда. Ал ғасырдан – ғасырға көрерменіне жетіп жатқан ұлы Әуезов сөзінің құдіреті оның өміршеңдігінде болса керек. Жылдар өткен сайын заңғар жазушының сөзін аршып түбіне терең бойлай білген өнерлі жастардың асыл мұрадан талай рухани азық алары анық.
Қойылымды тамашалаған мен үшін махаббаттың, еркіндіктің, мұңның символы болған Қарагөз бодандыққа кіріп бара жатқан көшпенді елдің символына айналып кете барды. Қызыл сәукелені лақтырып тастаған Қарагөз қасіретке душар болды. Бәлкім, өз жеріңде өгейдің күнін кешкенше жынды болу ұтымдырақ шығар!? Дегенмен, ғасырға жуық салтанат құрған ол дәуірде талай жақсы жынданып та кеткен жоқ па еді?..
Лязиза Керімқұлқызы, журналист