«Ахтанов алаңы» форумының маңыздылығы

ТЕАТР
607

Үстіміздегі жылдың күзінде Ақтөбе қаласында Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына арналған театр форумы болып өтті. Театрдың көркемдік жетекшісі Мейрам Хабибуллиннің айтуынша, бұл форумның идеясы жеті жыл бұрын басшылыққа ұсынылған екен. Алайда ұлттық театр мен мәдениет төңірегіндегі осындай пайдалы жобаларды жүзеге асыру үшін белгілі бір жылдарды немесе уақытты күтудің қажеті жоқ секілді. Пайдалы деп отырғанымыздың ішіне көптеген дүниелер кіреді.

Соның бірі – форумның ұйымдастырылу аймағы. Қала сыртында, театр ғимаратынан тыс, табиғат аясында орналасқан аймақты нағыз өнер адамдарына керекті жер деп айта аламыз. Бұл екіншіден әртүрлі бағыттағы (режиссура, актерлік шеберлік, сценография, хореография, грим, жарық беру) мамандардың өз шеберліктерін шыңдауға септігін тигізді. Бізге әсер еткен үшінші жағдай – әр бағытта шеберлік сыныптарын өткізетін шеберлерді ұтымды таңдалуы болды. Мәселен, режиссура саласы бойынша Әлібек Өмірбекұлы, актерлік шеберліктен Гүлназ Балпейісова, сценография бойынша Лилия Хисматуллина, хореографиядан Анна Цой, гримнен (бетті әрлеу) Аягүл Шалғымбаева, жарық беруден Арсений Макаровтар жалпы саны алпысқа жуық қатысушыларға өте маңызды тақырыптарда дәрістер өткізді. Осы орайда әр саланың мамандары аталмыш форумнан өзіне қажетті ақпараттарға қол жеткізді деп ойлаймыз. Дегенмен аталмыш бағыттардың ішіне театрымыздағы ақсап тұрған саланың бірі – драматургияны да енгізген дұрыс болар еді деген ойымыз бар.

Ал, енді осы шеберлердің қатысушылармен жұмыс жасау тәсіліне келетін болсақ, Ә. Өмірбекұлы арнайы режиссерлік білімі жоқ алайда осы мамандыққа ұмтылған жас актерлерді даярлады. Жұмыс барысында кәсіби маман өзінің пьесаны оқудан премьераға дейінгі аралықтағы шығармашылық үрдісінің ерекшеліктерімен және дайындалу жүйесімен бөлісті. Әрине форум болып өткен төрт күннің ішінде қатысушыларды режиссерлікке үйрете алмайтыны анық. Осыны Ә. Өмірбекұлы алдын ала ескерте отырып, ең алдымен әрқайсысының қарым-қабілетін анықтау мақсатында түрлі тапсырмалар орындатты. Пьесаны қалай оқудың, онымен қалай дұрыс жұмыс жасаудың және сахнада оқиға құрудың сырларын үйретті. Режиссер тәжірибе мен теорияны қатар айта жүріп, форумдағы өзінің жұмысын А.П. Чеховтың «Шағала» пьесасының негізінде «Треплевтің спектаклі: Чайка» атты қойылыммен аяқтады. 

Сондай-ақ, актерлік шеберлік бойынша Г. Балпейісова түрлі тренингтер арқылы актерлердің ойлау жүйесін және сахналық серіктестерімен қарым-қатынасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарды. Актердің денесі оның басты құралы екенін ескерте отырып, дене мен мида байланыс орнатудың түрлі әдістерін үйретті. Режиссердің тәжірибе мен теориядан тыс көруге тиісті спектакльдердің тізімін ұсынуының өзі қатысушылар үшін маңызды деп ойлаймыз. Күн сайын болашақ актерлердің ашық аспан астында кәсіби маман ұсынған қойылымдарды көгілдір экран арқылы тамашалап отыруы да олардың қызығушылығын арттырған әдіс болды. Форумның соңында қатысушылар өздері қолданған тәсілдердің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік алды.  

Хореография бөлімінде драмалық шығармаларға би қоюдың әдістерімен бөліскен А. Цой болса, сахнада көркем іс-қимылдар арқылы түрлі ойларды, оқиғаларды жеткізуге болатынын нақты дәлелдермен түсіндірді. Осы мамандықтың жүйесіне, талабына сай келетін, септігін тигізетін жаттығулардың сырын түсіндіре отырып, форумның нәтижесін «Body as an archive» атты перформанспен аяқтады. Ал, грим бөлімінде А. Шалғымбаева спектакль үшін гримнің қаншалықты маңызды екенін және қойылымның сценографиясымен үйлесетін түстерді таңдау керек екенін түсіндірді. Және барынша шынайы болу мақсатында қандай материалдарды пайдаланудың сырларымен бөлісті. Алдымен теорияны қолға алып, кейін тәжірибе арқылы қатысушылардың шеберліктерін шыңдауына көмектесті. Болашақ грим мамандары форум нәтижесін төрт күн аясында өздері даярлаған көркем бейнелердің көрсетілімімен тәмамдады. Дегенмен осы тұста уақыт жағынан ұтылған сәттердің болғанын жасырмаймыз. Әсіресе, гримді қолданып көру үшін модельдерді іздеп табу қиынға соқты. Мұны келесі  форумда қайталанбас үшін айтып отырмыз. 

Форум аясында сценография мен жарық беру бөлімдері бірлесе отырып жұмыс атқарды. Себебі, екі саланың шеберлері Л. Хисматуллина мен А. Макаровтың әдістері бойынша спектакль сценографиясы үшін сахнадағы жарықтың маңызы өте зор. Кәсіби мамандар теориялық сабақтарын әр бағыт бойынша жеке-дара өткізуге мүмкіндік алған. Десек те, тәжірибеге келгенде жарық беру мамандарына қиынға соқты.  А. Макаровқа өз әріптестеріне түсіндіру үшін театр ғимаратына баруға тура келді. Форумның ұйымдастырушылары осы жағдайды келесіде ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз. Ал, сценографтар бұл уақытта өздеріне тапсырылған А.Н. Островскийдің «Найзағай» пьесасы бойынша қойылатын спектакльдің сахналық жобасын дайындап жатты. Яғни, әр суретші өз трактовкасына сәйкес қойылым сценографиясының сызбасын жасап шығаруға тиіс. Осы жерде жарық берушілер жұмысының сценографтың идеясына орай орындалатынын білдік. Форум нәтижесінде үш макеттің көрсетілімі болды. Жарық берушілер өз жұмыстарының қорытындысын презентация арқылы қорғап шықты.

Қорыта айтқанда, осы төрт күн ішінде әр қатысушыда шығармашылық шабыт оянып, әр сағаты көркем ізденістерге толы болды. Біздің ойымыздағы «театр» деген ұғымның бұған дейін таныс емес, таңсық әрі қызықты мәліметтермен толыққанына қуаныштымыз. Форум өзінің оң нәтижесін белгілі бір атаулы күндерде емес, жалпы алдағы уақытта беруі мүмкін. Ең бастысы, жас мамандарға осындай шығармашылық шабыт сыйлайтын жобаның ғұмыры ұзақ болатынына сенімдіміз.

Ақерке САДУ,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, 3 курс студенті


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...