Үстіміздегі жылдың 17 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Алматы Мемлекетт...
Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры
Өңіріміздегі ұлттық өнеріміздің қара шаңырағы яғни Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының шымылдығы осыдан 18 жыл бұрын яғни 2000 жылы 14 қыркүйекте ашылды. Бұл айтулы оқиғаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Алғашқы қойылымда аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Абылайхан» пьесасы жұртшылық назарына ұсынылды.
Сол кездері театр көтеруге белгілі өнер тарланы, талантты бас режиссер Жамбылбек Есенбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаhарбану Есенғұлова және мәдениет қайраткері Қайыпберген Есенғұловтар өздерінің елеулі үлестерін қосты.
Ерлі-зайыпты Қайыпберген және Шаhарбану Есенғұловтар кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың қолдауымен Мәскеудегі М.Щепкин атындағы театр училищесін бітірген, нағыз кәсіби өнер адамдары.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, актриса, мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Балтабаева да өнер ұжымының мақтаныштары. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қабдул-Мәжит Иманов және басқа да көптеген актерлер театрдың абыройын асқақтатып келеді.
Сол өнер ордасы есігін көрермендерге айқара ашатын жылы бір топ дарынды жастар Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын аяқтап келген болатын. Олар да бұл күндері шеберліктері шыңдалып, ұжымымыздың айтулы актерлеріне айналды. Басқа да қаншама майталмандарымыз бар. Олардың бәрінің аты-жөндерін бір мақалада баяндап беру мүмкін емес.
2012 жылы 12 қаңтарда театр жаңа заманауи ғимаратқа көшті. Бұл әрине, облыс басшыларының тікелей қамқорлық жасауының арқасында жүзеге асты.
Сыртқы келбеті сонадайдан көз тартатын ғимарат еліміздегі өзге әріптестеріміз қызығатын киелі орынға айналды. Онда актерлердің алаңсыз қызмет істеуіне барлық жағдайлар жасалған.
Қостанай шаһарының қақ ортасында орналасқан өнер ордасына жыл он екі ай көрермен суша ағылады. Жаңа жыл, Наурыз секілді және басқа да еліміз үшін маңызды мерекелерде балаларға арналып, ертегілер мен танымдық-тағылымдық жағы мол қойылымдар да ұсынылып жатады.
Қазақ драма театрының бас көрермендер залы 250 адамға лайықталған. Сонымен қатар бізде екi зал, сыйлы қонақтар залы, декорациялар жасау бойынша цех, сонымен бiрге қосалқы бөлмелер бар.
Осы арада бір ерекше мақтанышпен айтып өтер жай, 2012 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірге іс сапармен келгенде екінші рет театрда болып ұжыммен жүздесті. Мемлекет басшысы «Хан Кене» спектаклінен үзінді көріп, өзінің жылы лебізін білдірді.
Театр шығармашылық ұжым болып табылады. Өнер ордасының бас режиссері, Қазақстан Республикасының халық әртісі — Ерсайын
Төлеубай есімі күллі елімізге танымал тұлға. Ол әрдайым жастарға сенім артып отырады. Әрбір актердің қарым-қабілетіне қарай рөлдер береді.
Ал бас суретшіміз –Маралбек Нұрмақанов өз саласын жетік білетін білікті маман. Ол шығармашылық ізденісі үшін Қостанай облысы меценаттар клубының «Ең үздік сценография» номинациясы бойынша сыйлығына ие болды.
Жоғарыда баяндап өткендей, ғұмырлары кейінгі жастарға өнеге әрі тәлімгерлігімен баршаның көңілінен шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаhарбану Есенғұлова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, Мәдениет қайраткерлері — Кайыпберген Есенғұлов, Шара Мүсілова, Кабдул-Мәжит Иманов, Зәмзәгүл Бегайдарова, Айбол Шәкіржановтар жылдан-жылға жаңашылдығымен көзге түсіп келеді.
Сондай-ақ әңгіменің орайы келгенде театрымыз жас актерлермен де үнемі толығып отыратындығын айтып өткенім абзал. Соңғы жылдары Алматыдан арнайы колледждерді тәмәмдаған түлектер арамызға қосылып, шеберлік қырларын қазірдің өзінде танытып үлгірді.
Тәжірибелі әртістер театрымызыдың бетке тұтар дарын иелері. Олардың әрқайсысының талант деңгейі талғампаз қостанайлық бауырларымызға жақсы таныс.
Театрдың көрермендерді тартуы қойылатын драмалық туындыларға яғни репертуарға да байланысты. Бұл орайда да тындырылып жатқан игі істер аз емес. Өткен жылдарда республикамыздың үлкен қалаларында тұратын және жергілікті авторлардың бірнеше шығармалары жұртшылық назарына ұсынылды.
Өнер ұжымының маңдай алды актерлерінің қатарында Қонысбек Бегайдаровтың орны бөлек. Ол ердің жасы 60-қа толып, соған орай есте қаларлықтай кеш ұйымдастырылды.
Өнер шебері осы күнге дейін 70-тен астам рольдi сомдады. Кезінде оған қазақтың тұңғыш режиссері Асқар Тоқпановтың өзі ақ батасын берген.
Сонымен қатар актриса, Қазақстанға белгілі әртіс Шаhарбану Есенғұлованы бұл күндері кім білмейді. Ол кісі ана рольдерін шеберлік шыңына көтеріп, өзінің қайталанбас тұлға екендігін дәлелдеді.
Қабдул-Мәжит Иманов та театрымыздағы тұлғалардың бірі. Сонымен қатар Шара Мүсілова, Ақдәмен Досанова, Зәмзәгүл Бегайдарова, Мейрам Жапаров, ерлі-зайыпты Айбол және Ажар Шәкіржановтар, Әлімхан Мырзахан және басқа да актерлердің өзі орындары бар. Олардың бәрінің де аттарын атап, түстерін түстеп шығу мүмкін емес.
Репертуардағы драмалық туындылардың тақырып аясы да өте кең. Кезінде жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлы тұлғалардың өнегелі ғұмырларынан хабардар ету мақсатында қаншама туындылар іріктеліп алынды.
Солардың бәрін мысалға алмағанның өзінде, бірқатарына шолу жасап өтелік. Осы орайда көрермендердің таным көкжиегін нығайтқан спектакльдердің қатарына тарихи тақырыпқа жазылған «Хан Кене» ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин туралы «Дала шамшырағы», Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов хақында — «Ер Сұлтан», Шоқан Уәлиханов жөнінде – «Шоқанның шері», Міржақып Дулатов жайында «Міржақып», халқымыздың сүйікті перзенттері Мариям Хәкімжанова және Ілияс Омаровтың өмірі туралы «Мариям, Ілияс» секілді спектакльдер жұртшылық назарын аударды.
Алдағы жұмыс жоспарлары да ауқымды. Ең бастысы әртістеріміз шығармашылық ізденіс үстінде. Олардың алдағы уақытта да биік асуларды бағындыра беретіндігіне өз басым шүбә келтірмеймін.
Мәдина Маусымбаева
Ілияс Омаров атындағы
облыстық қазақ драма театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі