қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ туралы бірер сөзҚандай да актер туралы ал...
Бақытжан Қаюов: «Қуыршақ театры артистері жансызға жан бітірмейді»
«Адал жүріп адал тұр». Абай атамыздың осы бір сөзі бүгінгі сұхбат жүргізетін артистің болмысына дәл келетіндей. Өнер өлкесіндегі өз ісіне мығым, саласында шебер. Шығыс өңірінде дүниеге келген талант иесі өзінің жан-жақтылығымен, жайсаң мінезімен әріптестеріне сыйлы. Ортасына қадірлі. Тарихы терең театрдың бүгінгі тынысы көңіл қуантарлық қарқында болса, ондағы шығармашылық иелерінің әрқайсысы да осы тыныстың кең алынуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Солардың бірі, бүлдіршіндерімізге арналған «Қызыл телпек» қойылымында – қасқыр, «Тоба» - ата, «Каштанка» - Жорж мырза, «Айко мен Страшко» - қарт құтан, ересектерге арналған «Медея» спектаклінде - Креонт, сонымен бірге «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымында шебер өнер көрсетіп жүрген, Мемлекеттік Қуыршақ театрының артисі Қаюов Бақытжан Шадиярбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Қайырлы күн, Бақытжан мырза! Әңгімемізді өнер өлкесіне бұрмас бұрын ел ағасы ретіндегі көзқарасыңыздан бастасақ. Азамат ретінде ұлттың қандай жетістігі қуантады, қай кемшілігі жаныңызды ауыртады?
– Қайырлы күн! Әрине, біріншіден халқымыздың қонақжайлығы, жеті атаға дейін қыз алыспайтын тектілігі қуантады. Ал, жетістігі ретінде өнер мен спорт саласындағы кәсіби додаларда әлемді мойындатып жатқан дүлдүлдерімізді айтуға болады. Соның бәрі көңілге қуаныш ұялатады. Тұтас қазақ өнерінің жетістігі деп қарастырсақ Димаш Құдайберген атты дарын иесін айтсақ болады. Әні арқылы ұлтты танытып, қуаныштан көзге жас келердей биіктерді бағындырып келеді. Осындай талантты жастарымыздың бағы мен бабы қатар шаба берсе деген тілектеміз. Дегенмен, «әттеген-ай» дейтін сәттер болады. Ол, қоғамның қай саласында болмасын кездесетін жемқорлық мәселесі. Міне, осы індет жойылса халық басқа бір кезеңде өмір сүреді деп ойлаймын.
– Қазақ театр өнері өзінің белгілі бір деңгейіне жетті деп ойлайсыз ба?
– Театр өнері де өзінің бағытынан жаңылмай жаңашылдыққа ұмытылып келеді. Әр ғасырдың өзіне лайық театрлары болады деп ойлаймын. Бүгінде Халықаралық деңгейдегі театр фестивальдеріне барып, төл өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп жүрген өнер ұжымдары аз емес. Солардың бірі, Мемлекеттік қуыршақ театры деп айтар едім. Былтырғы маусымда қазақстандық екі театр фестивалін қоспағанда бес мемлекетке барып қазақ қуыршақ өнерін дәріптеп келді. Шетелдік мамандар да спектакльдерге жоғары бағасын беріп, қазақ қуыршақ өнерінің болашағына зор сеніммен қарайтындарын жеткізді.
– Сіздің ойыңызша, қуыршақ театрының миссиясы қандай?
– Қуыршақ театрының ең бірінші миссиясы – жақсылыққа жол көрсету. Балғын бүлдіршіндердің бағытын қалыптастыру. Қуыршақ өнерінің сан-қилы мүмкіндігін пайдалана отырып, кішкентай көрермендерімізге де, ересектерге де ерекше әсер сыйлау. Жақсылыққа жаны құмар, ертегілер әлемін сезінгісі келетін әрбір көрермен үшін есігіміз ашық.
– Оқырмандарға ұсынатын үш кітап?
– Әлем әдебиетінде ғана емес, ұлттық шығармаларымызды оқып, тереңіне үңілсек нағыз жауhар туындылар бар. Ізденіске ден қойған адам үшін кез-келген кітап өзінше азық деп білемін. Біріншіден, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуды ұсынамын. Ш.Айтматов – «Қош бол, Гүлсары» және С.Жүнісовтың «Ақан сері» романын оқуға кеңес беремін.
– Қуыршақ театры артистерін даярлайтын ұстаз болу ойыңызда бар ма?
– «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, талапты, талантты жастарды тәрбиелеп шығару мүмкіндігі туса бас тартпас едім.
– «Тәні ауырғандар емханаға, ал жаны ауырған театрға барады» дейді. Көрермендеріңізді емдейсіздер. Ал, артистердің жанын кім емдейді?
– Шынында, күрделі өнер саласында жүргендердің жаны нәзік болып келеді. Соған қарамастан, көрерменін қуанту үшін сахнада әрдайым өзін ұмытып, барын салады. Кейде, соның бәрінен демалу үшін жанға жайлы ән, кітап, табиғат, арман-қиял арқылы өз жанын өзі ғана емдейді.
– «Қуыршақ театры артистері жансызға жан бітіреді» деген тіркес айтылады. Мұндай тіркесті қолдану қаншалықты дұрыс?
– Қуыршаққа жан бітірмейді. Егер олай болса, қуыршақтар біз жоқ жерде де сөйлеген болар еді. Кез-келген теңеу, тіркес қолданғанда мейлінше мағынасына үңіліп айтқан жөн деп ойлаймын. Біз тек қуыршақтарды көркем ойнату арқылы балаларға әдемі көңіл-күй сыйлаймыз. Олардың жақсылыққа, мейірімділікке үйренуі үшін барымызды саламыз. Біз қуыршақ жүргізушілеріміз деп айтсақ болатын шығар. Бастысы, бала көрермендеріміз кейіпкерлер арқылы жақсылықты үйренсе, қиялы қарыштап, ізгілікке құмартса бұл біздің негізгі мақсатымыздың орындалғаны.
– Әдемі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бейбіт Әлкеева, театртанушы