ТАЛАНТЫ МЕН ІСКЕРЛІГІ ҮНДЕСКЕН

ТЕАТР
2797

қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы  
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ туралы бірер сөз

Қандай да актер туралы алғашқы әсерің оның өзің көрген алғашқы ролінен туындайтыны бар. Тұңғышбай Жаманқұловты М.Әуезов театрының сахнасынан алғаш рет А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымында» (аударған Ә.Кекілбаев, реж.Ә.Мәмбетов) Астров ролінде көрдім. Сосын М.Булгаковтың Мольер туралы «Жендеттер» қойылымында. А.Сүлейменовтің ғажайып аудармасында режиссер В.Мажурин қойған атақты спектакльде ол Күн-король-Людовиг XIY еді. Мольер ролін Н.Жантөрин орындады. Өте қатты әсер алған спектакльдерім. Бұл, жобасы, 80-жылдардың орта және соңғы шенінде еді. Әсіресе, үстіне аппақ киім киіп, кеудесінде көлденең салынған қып-қызыл жолағы бар «Күн-король» сахна биігінен сыздана, мысқылмен  сөйлеп тұрғаны әлі көз алдымда.

Көп ұзамай тәуелсіздік келді. Қазақ қоғамында тарихи әділеттілікті орнатуға ұмтылыс, өзінің шынайы тарихымен қауышу, ұлттық идеалдардың алға шығуы белең алды. Тарихи тақырыптың театр сахналарында да алдыңғы кезекке шығуы заңды құбылыс еді. «Күн-патшадан» кейін де актер Жаманқұловты негізінен патшалар мен хандардың бейнесінде көріппін. 1992-жылы А.Әмірқұлов «Қазақфильм» киностудиясында түсірген «Отырардың күйреуі» атты екі сериялы фильмінде атақты Қайыр ханды сомдады, осы ролі үшін Республика Мемлекеттік сыйлығын алды. Тап осы жылы театрда режиссер Ә.Рахимов сахналаған «Өттің, дүние!..» (Н.Әбуталиев) спектакліндегі Әбілқайыр ханды орындаған актерге Республика халық артисі құрметті атағы берілді. Бұдан кейін бұл сипатты рольдері Софоклдың «Эдип патшасында» Эдип патша (аударған Х.Ерғалиев, реж.Ә.Мәмбетов), М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері» (реж.М.Байсеркенов) мен Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» (реж.Б.Атабаев) драмаларында Абылай хан, т.б. болып жалғасты. Көрнекті актердің режиссурада бақ сынай бастағаны да осы кезең. Т.Жаманұловтың бүгінгі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік курсының дипломдық спектаклі болған «Турандот ханшайым» (К.Гоцци, ауд.М.Ахмет-төре, М.Сахатов) сәтті шығып, 1994-жылы Ә.Мәмбетовтің ұсынысымен М.Әуезов театрының репертуарынан орын алды, италиялық «дель-арте» жанрында қойылып, театр мамандары мен қалың көрерменнен жоғары баға алып, кезінде үлкен резонанс жасаған  бұл комедия актер Т.Жаманқұловтың режиссурадағы ақжолтайы болды. Шәкірттері Дулыға, Ерлан, Асылбек, Дария, Шынар, сәл кейініректе Гүлшат академиялық театрдың актерлік тобына алынды. Жоғарыда біз атағаннан өзге де көптеген сүбелі рольдері, қойылымдары бар актер туралы көрнекті театртанушылар Б.Құндақбаев, А.Қадыров, Ә.Сығай, кейінгі толқын жастар да жазды, жазып келеді. Ал, біз оның қайраткерлігі және өмірлік бірер оқиға туралы азды-кем сөз қозғамақпыз.

* * *  

Актер Тұңғышбай Жаманқұловпен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызметте жүргенде таныстым. Газеттің сын бөлімінен өнер бөлімі меңгерушілігіне ауысып келісімен «Қазіргі қазақ театры» атты арнайы айдар ашып, жүйелі түрде сахна өнерінің жай-күйін кеңірек сөз ете бастадық.  Республикалық, облыстық театрлар мәселелері де көтерілген сол дискуссияға сергектік танытып, өткір үн қосқандардың бірі актер Т.Жаманқұлов еді. Газет бетіне жарияланған мақаласынан кейін редакцияға театрдың партия ұйымынан хат келгені де есімде. 

Сол кездері Тұқаң сыйлас ағам, көрнекті кинорежиссер, жазушы Сәкең, Сатыбалды Нарымбетовтің «Түкпірден келген күйеу» фильміне түсті, оның алдында «Күзгі бұралаң жол» бар. Достық көңілден болуы керек, Тұқаң Сатыбалды ағаның үлкен ұлы Асқар-Мұхиттың үйлену тойын басқарды. Рухани інісі, адал шәкірті Сатыбалды мен Ізтөленің қуанышына ортақтасып, тойдың жақсы өтуіне барынша ат салысқан Асекең (Асқар Сүлейменов) екеуміз барған сол тойға әдебиет және киноәлемінен көп адам қатысты. Өзіндік бір шармы  бар Тұқаңның көпшілікті иіріп, үйіріп алатын талантын, сөзге шешендігін сол жолы көрдім. Той керемет өтті, Сәкең мен Ізтөле де, Асекең де ырза. Той соңында шамалы конфуз болды. Тұқаңның киімілгішке тапсырылған, сәннің ең соңғы үлгісі деуге болатын, естуімде, Америка сапарында алған мықты күртесі табылмай қалды. Қыс мезгілі, желтоқсан айының соңы еді. Той иелері әбігер, сол күрте ақыры табылмады ғой деймін. Шамасы, біреу киіп кеткен. 

90-жылдар қарсаңында Асекең, Асқар Сүлейменов М.Әуезов театры әдебиет бөліміне сол кездегі Көркемдік жетекші Асанәлі аға Әшімовтің шақыртуымен екінші рет барды. Ас-ағамен дос-жолдастығы өз алдына, Асекең Тұқаңның актерлік талантын, ізденгіштігін сыйлайтын. М.Әуезов театрында өзінің идеясымен қойылған «Таңғы жаңғырықтағы» (М.Әуезов, сахналық нұсқа Қ.Ысқақ, реж.Б.Омаров) Жарасбай роліндегі А.Әшімов пен Бақтығұл - Т.Жаманқұлов ойын өрнектеріне ырзашылығы сезілетін. Ал, орайы келгенде айтуға тиіспін - Асекең алдын-ала ұзақ дайындалып, 1991-жылдың соңына қарай синопсисін Республика Мәдениет министрлігіне тапсырып, 92-нің ақпанынан «Мінәжат» («Муһаммед») атты драма-диалогын жаза бастағанда: «бұл менің соңғы драма-диалогым болады. М.Әуезов театрында қойылса, Муһаммедті міндетті түрде Тұңғышбай, Ғ.Мүсірепов театрында қойылар болса Досхан (Жолжақсынов) орындайды» деп отырушы еді. Ал, қызымыздың есімін Әсмә деп өзі қойған Асекең «Әсмә – Муһаммедтің замандасы, өзі көрнекті ақын болған» деп қосып қоятын. Сол бір күрделі де қарбалас кездері  «Муһаммед пайғамбарды сахнаға шығарасыз ба әлде тек дауысы ғана естіле ме?»- деп сұрап үлгермеппін. Ең үлкен өкініш – драма-диалогын аяқтай алмай, ойламаған жерден дүние кешті. Сол кезде Асекең туралы жүрек шымырлатар азасөз жазғандардың бірі Тұқаң еді. («Жас қазақ» апталығының арнайы санына шыққан ол реквием-эссе 1998-жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Парасат падишасы» жинағына енгізілді.) Ал, Асекеңсіз өмірімде көпке дейін қолыма қалам ұстай алмаған менің жазған алғашқы мақалам – актер Т.Жаманқұлов Қайыр хан ролімен жарқыраған «Отырардың күйреуі» фильмі туралы еді...  

* * *

1993-жылы, көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің шақыруымен М.Әуезов театрының әдебиет бөлімінің меңгерушілігіне келдім. Көркемдік жетекші «Қазақ әдебиетіндегі» жұмысыммен бірге атқарсам» деген өтінішімді құп алды. Сонымен қызу жұмыс басталды.  Арада бір жарым жылдай уақыт өткенде театр басшылығы ауысты, директорлыққа Тұңғышбай Жаманқұлов келді. 

Ол бір өте қиын да күрделі кезең еді – еліміздегі экономикалық қиындықтар сахна өнеріне әсер етсе, аяқ астынан басшылықтың ауысуы ұжымға да оңай болмаған сыңайлы. Жас басшының алдында жаңа міндеттер тұрды. Әділетін айту керек, жаңаға қашанда жаны ашық, ұйымдастырушылық, іскерлік қабылеті мол, жақсыны тез қолдағыш Т. Жаманқұлов рухани сергек басшы болды. Бұл тұста мен өз қызметіме қатыстылардың біреріне ғана тоқталып өткім келеді. Уақытпен аяқты тең басуға ұмтылған басшы, бағамдауымда, ең алдымен, жаңа репертуар түзу,  күнкөріс қамымен кеткен көрерменді театр залына қайтарудың жаңа әдістерін қарастыра бастады. Атап айтқанда, театрдың репертуарлық саясатын мықтау жолында «Драматургтар лабораториясын» құрды. Оның құрамына өмірлік те, драма жанрындағы да тәжірибесі мол Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ және Сатыбалды Нарымбетовті шақырды. Шамалауымда, Әкім және Қалихан ағаларға белгілі бір мөлшерде қаламақы төлеп тұрды ғой деймін. Бұл үш суреткер театр Көркемдік кеңесінің мүшесі болды. Болат Атабаев екеуміздің ұсынысымызбен Кеңес мүшелігіне талантты ақын, мәдениеттанушы Әуезхан Қодар да енді. Мұның өзі шығармашылық жұмыс аясын кеңейтуге, жаңа идеялардың туындауына ықпал етті. Міндетті спектакльдермен қоса шамалы бюджетпен, сондай-ақ демеушілік қаржыға да бір маусымда жеті-сегіз, тіпті кейде он жаңа қойылым шыққан жылдар болды. Репертуарға соны дүниелер - тарихи және бүгінгі күннің жаңа да көркем шығармалары алынып, көркемдік-эстетикалық бағыттағы небір ізденістер жүрді. «Абылайханның ақырғы күндері» (автор, реж.М.Байсеркенов), «Абылай хан» (Ә.Кекілбаев), «Үкілі Ыбырай» (Ш.Хұсайынов), «Кебенек киген арулар» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ), «Мәңгілік бала-бейне» (Р.Мұқанова, реж.Б.Атабаев), «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев-Ә.Тарази), «Құбылыс» (Ф.Кафка,ауд.Е.Әмірхан-Аманша), «Қуыршақ үй» (Г.Ибсен, ауд.Қ.Ысқақ, реж.Қ.Сүгірбеков),  «Қилы заман» ( М.Әуезов, Н.Оразалин), «Штат қысқарту», «Кек» (А.Сүлейменов), «Тойдан қайтқан қазақтар» (С.Балғабаев, реж.Ә.Рахимов). «Еділ қаған» (Е.Замятин, ауд.Ә.Бөпежанова,реж.Ю.Коненкин), «Қабыл – Адам ата перзенті» (авт. реж.К.Ашир, ауд.А.Мейірханұлы), тағы басқа... Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. 

90-жылдар ортасы, театр залдары бостау. Күнкөріс қамымен кеткен көрерменді театрға оралту оңай емес. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін театрда арнайы «Көрермен» агенттігі құрылып, қызу жұмысқа кірісті. Көркем де қызғылықты қойылымдар ұсынумен қатар қоғам назарын сахнаға аударудың бір жолы ретінде 1995 жылдан «Театр көктемі» атауымен театрдың жаңа қойылымдарының фестивалін өткізу қолға алынды. Керемет ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген басшылық демеушілер тапты.  Мұндай мерекені ұжым да, көрермен де әбден сағынған екен - алғашқы фестиваль мықты өтті, театр залы көрерменге толды. БАҚ пен ЭБАҚ беттерінде қатты насихатталды. Ол бір ерекше рухани қуаныш әкелген күндер еді. Фестивальдің негізінен театртанушылар, сондай-ақ драматург, режиссер, актер, қоюшы-суретші және министрлік өкілінен тұратын Қазылар алқасының талқылаулары да қызғылықты. Тұқаң жаңашыл, рухани сергек басшы болғанын айтып өттім. Оның кезінде мен қатысқан соңғы, 1998-жылғы фестиваль есімде. Сарапшылыққа театр мамандарының жаңа легі Татьяна Наурызбаева, Сәния Қабдиева, Еркін Жуасбек, Асылбек Ихсанмен қатар философ-мәдениеттанушылар Альмира Наурызбаева, Нұрлан ... , сондай-ақ сол кездің өзінде-ақ қоғамдық ойдың көшбастары болған Әмірхан Балқыбек, Дидар Амантай сынды талантты жастарды да  шақырдық. Жаңа қойылымдарды талдаудың аясын кеңейтіп, пәлсапалық және эстетикалық кең аспектіде қарастырып, көркем спектакльді «оқу» нұсқаларын молайтқан сол талдаулар өте ерекше болды, қатысушыларға бірталай ой тастады.  Ал, ұжымға да, көрерменге де серпін берген бұл фестиваль, содан бері атауы екі рет өзгергенімен жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. 

Жаманқұлов директорлыққа күрделі экономикалық және қоғам үлкен өзгерістерге кірген  кезеңде келгенін жоғарыда айтып өттік. Осы күрделі кезеңде үлкен сыннан өткен академиялық театр  қоғам алдындағы өз миссиясын орындау, ең бастысы көркемдік-эстетикалық ізденістер тұрғысынан елеулі жетістіктерге жетті. Ал, бұл  жолда  басшылық жолы даңғыл еді деу қиын. Директордың тәуелсіздік, еркіндік энергиясымен уақыты келген приоритеттерге басымдық беруге барынша ұмтылуы, айталық, дәстүрлі кеңестік театр жүйесін белгілі бір деңгейде нарықтық жүйеге ұластыру жолындағы қарекеттері кей тұстарда конфликт тудырғаны жасырын емес. Мұның объективті және біраз субъективті адами факторлары баршылық. Объективті себептердің бірі - енгізбек кей жаңалықтар уақытынан ертелеу болған сияқты. Жалпы ол кезеңге жан-жақты сараптама жасау біздің міндет емес, бәріне уақыт төреші... 


Көрнекті актер, режиссер, өнертанушы, ұстаз, үлкен өнер қайраткері деңгейіне көтерілген Т.Жаманқұловтың Республика Театр қайраткерлері одағының төрағасы қызметінде атқарған және атқарып келе жатқан жұмыстары аз емес. Бюджеттен қаржы алмайтын ұйымның жұмысы негізінен демеушілер қолдауымен жүретіні белгілі. Мәселен, фестивальдар, оның ішінде жас режиссерлердің «Дебют» фестивалі, сценографтар көрмелері, облыстық театрларға консультациялық көмектер, шеберлік кластары,  «Театр» журналын шығару, жыл сайын «Еңлікгүл» сыйлығын беру, т.б. көптеген шараларға демеуші табуда, сахна өнерінің көкейкесті мәселелерін қоғамда да, жоғарғы билік алдында да өткір көтеруде төрағаның өнерге деген үлкен махаббаты, тұлғалық беделі, іскерлігі, күш-қажыры елеулі роль атқарады. Шағын лебіз-мақаламның соңында бүгінде мерейлі жасына абыроймен, лайықты жетіп отырған үлкен тұлға Тұқаң –Тұңышбай Жаманқұловқа өмірлік-өнерлік мол қуаныштар, шығармашылық табыстар тілеймін.     


Әлия Бөпежанова, сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Алматы, 08.10.2023


М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 2023 жылдың 7-12 қарашасы аралығында Қазақстан Республикасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жасқа толуына орай өнер майталманының өзі ойнаған және режиссерлығымен қойылған спектакльдер апталығы өтеді.

Сүйікті көрермен, Сіздерді:

7 қараша – «ҚАРА» драмасы;
8 қараша – «АРШЫН МАЛ АЛАН» мюзиклі;
9 қараша – «АЙ МЕН АЙША» драмасы;
10 қараша – «ТОМИРИС» трагедиясы;
11 қараша – «ҚАЗАҚТАР» тарихи драмасы;
12 қараша – «АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АҚЫРҒЫ КҮНДЕРІ» драмасына шақырамыз!

Сондай-ақ театрымыздың Мұражай бөлімінің ұйымдастыруымен Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жылдығына арналған көрме ұсынылады. Билеттерді театр сайтынан /auezovtheatre.kz/, театр кассасынан немесе тикетон сайтынан ала аласыздар.
ҰЛТТЫҚ ТЕАТРДЫҢ СҮБЕЛІ ҚОЙЫЛЫМДАРЫ МЕН КЕРЕМЕТ МЕРЕЙТОЙЛЫ КЕШТЕРІН ӨТКІЗІП АЛМАҢЫЗ!



author

Әл-Тарази Тұңғышбай

ӘНШІ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...