«Светлые думы» қойылымынан көрініс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын...
Дина Жұмабаева: «Театр – бизнес емес, театр – өмір алаңы»
Республикамыздағы театр өнерінде болмысы өзгеге ұқсамайтын, жаны жұмбақ әйел режиссерлардың саны саусақпен санарлық. Салмағы ауыр мамандықты меңгеріп, киелі сахна арқылы көрерменге ой салатын көркем шығармаларды сахналап жүрген Дина Жұмабаеваның есімі бүгінде өнер сүйер қауымға жіті таныс. Суреткердің өнер алаңына аттаған алғашқы қадамы, әр қойылымы, ондағы ізденісі мен жанкештілігі кімді де болса қызықтыратыны анық.
- Дина ханым, қайырлы күн! Еліміздегі театр кеңістігінде соңғы толқындағы жас режиссерлар арасында өзіндік қолтаңбаңызды қалыптастырып, есіміңіз шетелдік театр қайраткерлеріне де жіті таныс екені анық. Әр қойылымыңыз – Сіздің сахнадағы төлқұжатыңыз. Жалпы, өнер жолын таңдауға не әсер етті?
- Өнерге келем деп бала кезімнен армандаған емеспін. Заңгер немесе прокурор болуды қаладым. Тоғызыншы сыныптан кейін колледждің ағылшын тіліне тапсырдым, өкінішке қарай үш балл жетпей түсе алмадым. Мектептен кейін қайтадан мектепке барғым келмей, қайтсем де оқуға түсуім керек деген мақсат болды. Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы өнер колледжі сол жылы «Актерлік өнер» мамандығына оқуға қабылдап жатқан тұғын. Ресей азаматы, белгілі театр режиссері Иосиф Александровичпен сөйлесе келе, максималистік жастық жалынмен актерлікке оқуға тапсырдым. Төрт жыл бойы жан-жақты шыңдап, бірінші курстан Станиславскийдің сегіз томын оқытқан ұстазымыздың арқасында менің драматургия мен театр әлеміне деген қызығушылығым артты. Төртінші курста емтихан тапсырып болғасын, ұстазым: «...актерлік өнер – ауыр жол, сахна фактураны, зор талантты талап етеді. Сен режиссерлық бағытта оқуға қалай қарайсың? Биыл Астанадағы өнер университетінде Юрий Ханинга-Бекназар шеберханасына талапкерлер қабылдап жатыр, соған барсаңшы» деген ұсыныс жасады. Актерлік дипломымды алмастан, сол жаққа жол тарттым. Алғаш барысымен Юрий Иванович маған қарап: «Дина, режиссура – әйел адам еңбек ететін мамандық емес, мүмкін ойланып, басқа мамандық таңдарсыз» деді. Мен болсам: «...жоқ, оқимын!» деп тұрып алдым. Ол кезде маған шындықты айтып жатқанын қайдан білейін (күлді). Осылайша, мен режиссураға 2006 жылы саналы түрде келдім. Режиссура – расымен әйел адамның мамандығы емес, себебі театр залына кіре сала сен нәзіктігіңді жоғалтуың тиіс, сахнадағы тепе-теңдікті сақтай отырып, ер адаммен ер адамша, әйелмен әйел адамның тілінде сөйлесуге тура келеді. 2011 жылы аталмыш мамандықты тәмамдап, өз қалауыммен Қарағанды қаласындағы драма театрына жұмысқа орналастым. Бұл саладан бірнеше рет кетемін деп оқталсам да, өз уысынан жібермеді. Тағдырыма жазылған мамандығым болар, қазір еш өкініш жоқ. Мен үшін театрдың негізін қалайтын басты құрамдас бөлігінің бірі – махаббат. Театрға деген махаббат. Сол махаббаттың күшімен көркемдік деңгейі жоғары қойылымдар дүниеге келеді. Өмірдің шындығын көрсететін орда болғандықтан, мұнда өтірікке орын жоқ. Мен театрды жақсы көремін...
- Кәсіби маман ретінде алғаш сахналаған туындыңыз?
- Кез-келген жас режиссердың алғашқы сатысы ертегі сахналаудан басталатынындай, мен де көрерменге «Қар патшайымы» ертегісін ұсындым. Кассалық қойылымға айналып, өзінің тұрақты көрерменін қалыптастырды. Бұл менің алғашқы кішкентай ғана жетістігім еді.
Аталмыш театрда үш жыл қызмет атқардым. Салмақты қойылымдарымды «Кармен» туындысынан бастадым. Кейін, «Лир патша», «Қыз Жібек» шығармалары сахналанды. Жаратылысым әйел заты болғасын, актрисалардың ішкі әлемі, толғанысы өте қызықтырады. Шығармадағы кейіпкер табиғатына сай актрисаны түйсігім бірден сезеді. Сахналап жүрген шығармаларымның басым бөлігі қоғамдағы әйелдің бейнесін ашуға негізделеді.
Жалпы, мен кез-келген ортада бірінші актерлік құрамды зерттеймін. Актер табиғаты, болмысы мен мінезіне көп мән бере келе, сахналайтын шығарманы таңдаймын. Үш жылдық еңбек өтелімінен кейін, Ақтаудағы Н.Жантөрин драма театрына шақырту алдым. Ол жақта екі жыл қызмет еттім. Дәл осы театрдан кейін өзімнің белгілі бір театрда ғана жұмыс жасай алмайтынымды түсіндім. Мен еркін суретшімін. Маған ұжымды ауыстырып отырған ұнайды. Бір режиссер, бір артиспен жұмыс жасайтын өнер адамында ешқашан өсу болмайды.
- Сіз еліміздегі көптеген театр ұжымдарымен жұмыс жасадыңыз. Маманның кәсіби тұрғыдан шыңдалуына таптырмайтын тәжірибе. Сіздіңше Қазақстанда театр өнері иелеріне қаншалықты жағдай жасалынып, мүмкіндіктер берілуде?
- Жағдай жаман емес. Жұмыс жасаймын деген театрға барлық мүмкіндікті қарастыруға болады. Бұл жерде театрлардың алға қойған мақсаты мен қандай ұстанымда екенін аңғарғанымыз жөн. Жеке басының жарнамасы үшін һәм шығармашылық үшін жұмыс жасайтын театрлар бар. Театрда қызмет атқаратын әр қызметкердің театрға деген қарым-қатынасы өте маңызды. Оған табыс көзі ретінде қарамау керек. Театр – бизнес емес, театр – өмір алаңы. Еліміздегі әр театрдың өзіне тән формасы, режиссерлік стилі бар. Десе де, өз басым жаны жоқ, сахнада мәтін оқудан көрермен алдында шеберлік сағатын өткізетін ұжымдарды қабылдай алмаймын.
Қойылған қойылымның сахнада шынайы өмір сүруі артистке тікелей байланысты. Еліміздегі театр артистерінің ішінен Нұркен Өтеуілов, Дина Заитова, Жанар Мақашева, Олжас Жақыпбектің жұмыстарын, жауапкершіліктерін, сахнадағы жанкешті өмірлерін ерекше атар едім. Халық артисі Тілектес Мейрамовты атамау мүмкін емес. Интеллект. Сенің ойыңды, пікіріңді жарты жолдан түсініп тұрады. Қанша жерден жұлдыз болса да, қарапайым адам екенін еш ұмытпайды. Режиссерға өз кейіпкерінің табиғатын ашу жолында екі жүз түрлі ұсыныс жасауы мүмкін, сен тек соның ішінен таңдаулысын қалдырасың. «Ал, не істейміз?» деп, алдыңа келіп тұрмайды. Сондай-ақ, Қуандық Қыстықбаев пен Дәурен Серғазиннің де еңбектері еленерлік. Бірақ Дәурен болмысын толық ашатын рөлді әлі сахналамады. Мен Гамлет-Дәуренді көргім келеді. Уақыты өтіп бара жатыр.
- Театрларға не жетіспейді? Әлде артық тұстарымыз басым ба?
- Біз «ұлттық театр», «ұлттық өнер» деп көп жағдайда өнер ордаларымызды музейге айналдырып жібердік. Экспонаттар көп.
Театрларға өзара алмасу тәжірибесі керек. Режиссер, актер, суретші, бутафор... Сахнаны, ұжымды алмастырып отыру қажет. Сонда өсу болады. Республикадағы театрлардың ішінен «мен» деген артистердің басын қосып, спектакль қойғым келеді. Және сол құрам елдің атынан халықаралық театр фестивальдеріне жіберілуі тиіс. Әйтпесе, бізде театрлар әрбір жерге барып қатысып, өз араларында ғана қуанады. Біреу білсе, екіншісі хабарсыз. Бізде жеке меншік театрлар көптеп ашылуы тиіс. Сол кезде ғана шығармашылық тұрғыдан бәсекелестік пайда болады, сапа содан туады.
- Әңгіменің ағысын Қуыршақ театрындағы қойылымдарыңызға бұрсақ. Драмалық театрларға қызмет етіп жүрген Динаның Қуыршақ театрына келуіне не түрткі болды? Қуыршақтар әлемі несімен баурады?
- Біріншіден, театр директоры Талғат Есеналиев мырзадан ұсыныс түсті. Күтпеген ұсыныс. Өзіндік сүрлеуі бар театрдың бұл саласын қаншалықты түсінемін немесе мені, менің пайымдарымды қуыршақтар әлемі қалай қабылдар екен деген қорқыныш басым болды. Бұл қорқынышты жеңуде театр басшысы мен ұжым көп көмектесті. Десе де, аттаған жаңа қадамды зерттей келе, Қуыршақ театрының шексіз театр екенін, адамды өзіне баурап алатын ерекше тартылысы бар екенін түсіндім. Жұмыс жасай келе, кей кездері маған адам жеткізе алмайтын адамның жанын, жалғыздығын, қиындығын, қуанышын қуыршақ дөп жеткізетіндей сезім туындайды.
- Бүгінде Қуыршақ театры репертуарында үш бірдей классикалық қойылымдарыңыз бар. Театралдар арасында үлкен резонанс та тудырды. Киелі сахнада Шекспир, Айтматовтың кейіпкерлеріне ерекше тыныс сыйлап, қуыршақ кейпінде жан бітірдіңіз. Көңіліңіз толды ма?
- Қуыршақ театрының репертуарындағы қойылымдарымды бірнеше театрлардың синтезі дер едім. Тірі план мен қуыршақтар араласқан. Өзіңіз жоғарыда атап өткендей, мұндағы классикалық шығармаларға өзгеше үн бітті. Осы күнге дейінгі жұмыстарымның ешқайсысына 100% көңілім толған емес. Бірақ, менің шығармашылығымда жаңа ізденіс, жаңа сенім пайда болды. Тек қуыршақтардың қатысуымен қойылым сахналағым келеді. Ол қуыршақтардың қолынан келеді де. Бұл жердегі басты мәселе – сол қуыршаққа жан бітіретін қуыршақ жүргізушінің потенциалы мен кәсібилігінің жоғары болуында. Себебі, кей артистер қолындағы қуыршаққа жай реквизит ретінде қарауы мүмкін, одан ешқандай ғажайыпты күтудің қажеті шамалы. Екінші артист қуыршақ екеуінің арасында көзге көрінбейтін байланысты орнатып, өзара үйлесім табады. Міне, сол кезде ғана қуыршаққа жан бітеді. Қазіргі театр репертуарындағы қойылымдар бірнеше рет театр фестивальдеріне қатысып, халықаралық сарапшылар талдауына ұсынылды. Сахнада өмір сүріп жатыр, көрермені қалыптасқан. Демек, көрерменге жеткізгім келген ойым, шығарманы сахналаудағы жеке көзқарасым өз үдесінен шыққаны деп есептеймін.
- Сынды әркім әртүрлі қабылдайды. Сын арқылы кейбіреулер бой түзеп биікке талпынса, енді бірінің жігері құм болып жатады. Сізге бұл құбылыс қалай әсер етеді?
- Жеке тұлғаларды талдайтын емес, талдау жасайтын, сындарлы сынды қолдаймын. Бұрындары сынды қабылдай алмайтынмын, бірақ «Ана-Жер Ананы» көргеннен кейінгі ресей сыншыларының спектакльді және режиссерлық шешімдерді, форманы талдағанда рахаттана тыңдап, үлкен сабақ алдым, қателіктерімді байқадым, көп дүние түйдім. Өз-өзіммен жұмыс жасай бастадым. Қазақстанда өткен бір театр фестивалінде осы қойылымнан кейін сыншылар бізді Сәбира Майқанова ойынымен салыстырып, қуыршақтарды ағашқа теңегенде, менде резонанстық сын пайда болды. Осыдан кейін біздегі режиссерларға отандық сыншылардың пікірі қаншалықты қажет деген ой да туады. Қазіргі көрген дүниені талдаудың орнына өткенмен салыстырып кетеді. Менен, менің замандастарымнан әрдайым цирк трюктерін күтеді, бірақ театрдың ең алдымен тірі ағза екенін ұмытпағанымыз абзал.
- «Театр – тәрбие құралы» деген оймен қаншалықты келісесіз? Сіз үшін өнер мұраты не?
- Театр – өмір сүруге үйретпейді. Театр – өмір туралы, адамның тағдыры, бейбітшілік, соғыс туралы ойлауға итермелейтін мекен. Театр саясатпен айналыспауы керек. Ол үшін шенеуніктер жеткілікті.
- Театрдың шығармашылық әл-ауқатын республикалық, әлемдік ареналарда кеңінен насихаттауда театр менеджментінің, яғни театр менеджері, басқаша айтсақ, театр директорының алатын орны зор. Осы тұста елімізде бұл бағытты басқарушыларға көңіліңіз тола ма? Ақсап немесе асып жатқан тұсымыз неде?
- Менің ойымша, бізде театр менеджменті толық қалыптаспаған. Себебі, кәсіби мамандарды бағаламау басым. Менеджмент – шығармашылық мамандық болғандықтан, оны иегіріп кететіндер саусақпен санарлық. Кез-келген адам бұл саланы оңай көргенімен, ішкі саясаты мықты жігерді, нық шешімді, жан-жақтылықты талап етеді. Мен үшін еліміздегі театрлар арасында жақсы менеджердің үлгісі – Қуыршақ театрының директоры Талғат Қамқабайұлы Есеналиев.
- Сіз театр режиссерлары арасында өте тәуекелшіл, ізденімпаз жандардың бірісіз. Біз білмейтін өзгеше қандай қырларыңыз бар?
Саяхаттауды және жалғыздықты жақсы көремін. Мен елде болған кезде үнемі ауылға қарай асығып тұрамын. Ауыл адамдарын, өзара сөйлегендерін, әрекеттерін бақылағанды ұнатамын. Себебі, оларда қалалықтарға қарағанда шынайылық басым. Кейде танымайтын бөтен станцияға немесе ауылдарға барып, онда бірнеше күн тұрақтайтын сәттерім де болады.
- Қызмет жолындағы мақсатыңыз?
- Театр режиссеры ретінде Ресейдің театр және кино артисі Чулпан Хаматоваға арнайы спектакль қойғым келеді. Жалпы, мақсатым – режиссурада елу жасқа дейін қызмет атқарып, өз қолтаңбамды қалдыру. Өз биігіме жетіп, толғанымды сезгесін, сыйлы күйімде саладан уақытылы кету.
- Дина ханым, сіздің көп жерде сұхбат бермейтініңізді ескере отырып, десе де арнайы уақыт тауып, ерекше әлеміңізге сапар шектіргеніңізге алғыс білдіремін!
Сұхбаттасқан: ГҮЛІМ КӨПБАЙҚЫЗЫ