Заманауи хореографиядағы ең әсерлі балеттердің бірі – Иржи Килианның «Кіші өлім» б...
«ЕНЕЛЕР МЕН КЕЛІНДЕР». ӘРТІСТЕР ПРЕМЬЕРАҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?
Қойылым аты: «Енелер мен келіндер»
Театр: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Пьеса авторы: Сұлтанәлі Балғабаев
Қоюшы режиссер: Ержан Қауланов
Премьера: 16 маусым, 2018 жыл
Жанр: комедия
Ұзақтығы: 1 сағ 20 минут
Рөлдерде: Риза (1-інші ене): Роза Әшірбекова;
Айнагүл (2-інші ене, 1-інші келін): Айгүл Иманбаева;
Тұрсынбай: Қуаныш Тұрдалин;
Нұржайна: Аида Жантілеуова;
Алмат: Ерден Жақсыбек;
Ақмарал: Динара Нұрболат;
Күйеу бала: Дархан Манақов;
Шал: Ербол Идирисов.
Қойылым туралы: Қазақтың келіні қандай болуы керегінен хабары аз ауылдың баласы дәстүрді сақтаған жерден қыз алады. Алған келіндері Нұржайна әнші еді. Сүйіктісі Алматпен бірге ансамбль құрып, ән айтатын. Құдалыққа өзі бара алмай келінін жіберген Риза әжей немере келіні туралы жағымсыз әңгіме есітеді. Қысқа киіп, кіндігін ашып сахнаға шығатын қызды көрмей жатып-ақ жақтырмай қалады. Ал келесі күні басында ақ орамалы, етегі тобығына жеткен көйлегі бар, ата-енесіне иіліп сәлем беріп тұратын келіншекті көргенде, талып қала жаздайды. Келінді көрейік деп кіргендер «ойбай, мынауың кім?» деп атып шығады. Енелер армандайтын ибалы келін бір отбасыға, бүтін бір ауылға әсер ете ала ма? Қойылым «қазіргі күнгі енелер мен келіндер қандай?», «ата-ене қандай келінді армандайды?» деген сауалдарға жауап береді.
«МАҚСАТЫМЫЗ – КӨРЕРМЕНГЕ ЕНЕ МЕН КЕЛІННІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНАН МАҒЛҰМАТ БЕРУ»
Мектепте белсенді оқушылардың бірі болдық. Тіпті әр мектепшілік, аудандық, облыстық іс-шара бізсіз өтпейтін десек мақтанғанымыз емес. Екіге дейін сабақ оқимыз дағы, үйімізге барып тамағымызды асығыс-үсігіс ішіп, «түстен кейінгіге» арналған киімімізді апыл-ғұпыл кие салып, шаңқай түсте мектепке қайта тартатынбыз. Күн деген шақшиып тұр. Мектеп екі шақырым жерде. Оған апаратын тас жолға жетем дегенше жиырма минуттан артық жаяу жүресің. Егер бірде-бір мәшине жолай алып кетпесе, сонша жерге терлеп-тепшіп жаяулата жетесің. Уәделескен уақытта сыныптастармен акт залына жиналған соң, сценариін өзіміз жазған скетч, хор, ән-биімізге дайындықты бастайтынбыз. Дайындығымыз жақсы шығып, ауызбіршілгіміз жарасып жатса ішімізден «шіркін, осы еңбегімізді біреу келіп көрсе ғой! Әп, бәрекелді!» деп бір мақтап кетсе ғой» деп арқағар іздеп тұратынбыз. Сахнаға алып шыққанда барып көріп, бала болған соң кем тұстарымызды байқамаған болып, сәтті шыққан жерді бастырмалата сөйлейтін ұстаздарымызға көбірек құлақ тосамыз. Өзге оқушылар «мыналарың былай шығып қалыпты» деп мінесе, «қалай дайындалғанымызды білмейді ғой» деп ызаланатынбыз. Театрдағы қойылым да солай. Алдымызға қойылымның қалай келгенін білмейміз. Мен де білмеймін. Спектаклдің репетициясына ешқашан қатысып көрмеппін. Не де болса 92-маусымның соңғы пермеьераларының дайындығына үлгерейік дедім. Әкемтеатрдың бұл маусымдағы премьерасы «Сүйінбаймен» бітіпті де, Ғ.Мүсірепов атындағы театрға хабарластық. Жолымыз болып, «Енелер мен келіндердің» дайындығына, онда да ертең премьера дейтін соңғы репетициясына үлгеріппіз. Соңғысының ертеңгі күннен айырмашылығы бола қоймас десек те бардық. Режиссердің дайындық бітіп жатқанда да қойылымның кей тұстарын өзгертіп жіберетінін көрдік. Қойылым туралы режиссер айтып берсін.
«Енелер мен келіндер» спектаклі Қазақстанның халық артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Роза Әшірбекованың 80 жасқа, сахналық шығармашылығына 60 жыл толу мерейтойы кешіне орай қойылды. Риза әжей мен Айнагүлді С.Балғабаев арнайы Роза Әшірбекова мен Айгүл Иманбаеваның образына лайықтап жазып шыққан екен. Оны бізге режиссер Ержан Қауланов айтты:
– Біз ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайында баяндаймыз. Бұрын келін түскенде алғашқы ай ененің қолында тұрса, кейін үлкен үйдің жанынана киіз үй тігіп, енші берген. Ал қазір қара шаңыраққа түскен келін сол үйде қалады. Ата-ене қайтқан соң, сарайдың кілті қолына тиеді. Ол уақытта жас келін тұрмысқа шықпас бұрын жеңгелеріне қарап, барған жерінде өзін қалай ұстау керегін білетін. Қазір қалай? Жастар шаңырақ көтеруді ұйғарған соң, екі үй танысады. Тойдың қамын ойлайды. Шақырылатын адам саны, екі жақтың алыс-берісі танысқанда, кейін телефон арқылы шешіледі. Жігіт жақ қызды алғаш рет танысуда көрсе, кейін тойда бір-ақ көреді. Ұзатумен үйіне алып кеткен соң барып ене мен келіннің өмірі басталады. Ене кей жерде үндемей қоя салуды, келін үлкенді сыйлап, иіліп сәлем беруді білмесе, арасында түсініспеушілік пайда болып, қырғи-қабақ өмір басталады. «Еденді сыпыра салмады», «сиырды сауа қоймады», «ерте тұрып шәй бермеді» деген әңгіме кетеді. Одан келін құрбыларына қайыненесін жамандайды. Қарап отырсақ, қазір психологиялық көмек беру орталықтары көп. Алайда келін мен енеге қолдау көрсететін орталық жоқ екен. Біздің қойылымды да сондай орталықтың бірі деп қарау керек шығар. Мақсатымыз – көрерменге ене мен келіннің қарым-қатынасынан мағлұмат беру. Ата-ене қандай келінді армандайтынын көрсетпекпіз. Қойылымға келген ене мен келін өздеріне күлсе дейміз. Екі ай дайындалдық. Бас-аяғы жеті актер ойнайды. Кейде сыншылар сахнадағы майда нәрсеге де тиісе береді, – деп осы тұста режиссер аздап ренішін айтып қалды. Меніңше, майда-шүйдеге дейін мінейтін адамдар бар болғаны өзін көрсеткісі келеді. Ал журналистер ше? Журналистер қойылым жайында мақала жазар болса режиссердің пікірін қосады. Ержан Қауланов кей әріптестеріміз тіпті театрдың вахтасына қоңырау шалып: «Пәленше есімді режиссерді шақырып жіберіңізші, материалға пікір ала салайық деген едік», – дейді екен. Мұндай әңгіме де айтылды.
Осы кезде актер Қуаныш Тұрдалин кіріп қалды. Ержан Қауланов «читка» дегеннің не екенін түсіндіріп бастаған. Қуаныш аға сөзін жалғап әкетті:
– «Читка» жиырма күн не бір ай жүреді. Пьесамен танысып, талдап, әркім образдары туралы не ойлайтынын, қойылым барысында сахнаның қай жағынан шығатынына дейін ойластырамыз. Рөліңді көшіріп, екінші парағын бос қалдырып отырасың. Ол жерге іс-әрекеті бар сөз болса оны қалай айтатыныңды, басқа кейіпкер сөйлеп жатқанда не істейтініңді жазып аласың. Читкадан соң рөліңді толықтай миға сыйғызасың. Ендігі кезек сахнаға дайындық. Ары қарай режиссердің қойылымды декорациямен, жарықпен көретіні бар. Сахнаға шықпас бұрын кейіпкеріңді іште пісіріп жүресің. Көшеде кетіп бара жатып образыңа сай келетін адамды көріп қалсаң соңына түсіп аласың. Оның қалай жүргеніне, басқалараға қалай қарағаны мен сөйлегеніне дейін бақылайсың. Үйге келген соң айнаның алдына тұрып алып, бәрін қайталап үйренесің.
– «Читка» кезінде актерге рөл ұнамауы мүмкін, – деп қосылды Ержан Қауланов. – Ойнайтын рөлі бай ма, кедей ме, жақсы ма, жаман ба, дәрігер ме, мент пе? Бәрін талдай келе рөлді қабылдай бастайды. Өзін сол рөлмен елестетіп көреді. Бір күні ойнағаны көңілінен шығып, масайрап қалса, келесі репетицияда әттең-айы басым болады. Бір-екі ай актер құбылыста, ізденіс үстінде болады.
– Режиссер таңдаған актер рөлге сәйкес келмесе деген сұрақ бар, – дейді Қуаныш Тұрдалин. – Ол режиссердің емес, актердің қатесі. Актер бәріне дайын болуы қажет. Рөлді алып шыға алмаса, ол несіне актер?Мәселен, менен Ромео шықпауы мүмкін. Бірақ егер режиссер Ромео боласың десе, мен дайынмын.
ПРЕМЬЕРА АЛДЫНДАҒЫ СОҢҒЫ РЕПЕТИЦИЯ
Репетиция кешкі бесте басталды. Сахна дайын. Актерлер сахналық костюмін киіп алыпты. Көшенің ана басына ұзатылған үйдің ерке қызы Ақмаралды сомдайтын Динара Нұрболат жүр. Аяғында шұлықсыз галош, көк шалбар, үстінде жасыл футболкасы бар. Бұрымы беліне дейін. Екі шетінен өріп алыпты. Қолын қалтасына салып алып, аяғын екі жаққа лақтырып келе жатыр. Фотоаппаратымды сайлап, орындыққа отыра бергенім сол еді сахнаға жер-көкті басына көтеріп айқалап шықты. Шошып кеттім. Мені көрді де кілт тоқтап: «Здравствуйте!» – деді. «Сәлеметсіз бе?», – деп мен де амандастым. «Е-е, қазақ екен». Күліп жібердім. Шашымның түсі қара болмағанға өзге ұлт екен деп ойлап қалған болуы керек. Оның үстіне актрисаның бала сияқты ештеңе жасырмайтынын қызықтадым. Музыка қоюшы әлде жарық беруші әріптесімен әңгімелесіп отырған. Дайындық басталар сәт жақындап, әртістер залға жинала бастағанда Динара олармен сәлемдескендей болып тағы айқайлады. Ішімнен «мына актрисаны бәрі еркелетеді-ау» деп күліп қоям. Сөйтсем, қойылымдағы шолжаң Ақмаралдың рөліне дайындалып жүр екен. Оны кейін білдік. Бір кезде көк шыбығын сүйретіп Роза Әшірбекова келді. Сірә, Риза әжей үйін бір щыбықпен «ұстайтын» қатал болуы керек. Ақ орамалын тартып, жылтыр көйлегін киіп Айгүл Иманбаева да жетті. Оған етегі жер сүзген Нұржайна келіннің рөліндегі Аида Жантілеуова ілесті.
1-2-3, ал кеттік! Қуаныш Тұрдалин мас адамның рөлін ылғи жақсы алып шығады. Бұл жолы да қақпаны сатырлатып, аяғын қалай басуды ұмытып қалған кісіше әндетіп кіріп келді. Екі күн бұрын құдалық болған. Бір күн пойызда жүріп Алматыға жеткені осы. Ұзағынан тойлатып жүр. Алдымен ожаумен шелектен су ішіп алды. Ішкен адамның соңынан асай-мүсейлерін әйелі көтеріп жүруші еді. Сәлден соң бар жүкті, құдағилар жапқан китін арқалап әйелі Айнагүл жетті. Екеуі де көңілді. «Шудың бойында» әніне шаңды аспанға көтеріп билеп жатқандары сол еді көк шыбығын сүйретіп үйден енесі атып шықты. Шошып кеткен екеуі соғысардай болып, тауық-қазды шулатып тауықкөпеге зып берді. Риза әжейдің қолындағы шыбықтың жұмсалуы маған кейде артық болып көрінді. Репетиция соңында талқылау жүргенде режиссер де «шыбықты көп көрсетпейік» деді. Бірақ онысын Роза апай да Айгүл Иманбаева да қолдай қоймады. «Шыбық – кемпірдің тұмары. Алып шығайық», – деді Роза апай. «Бұрын әжемнің ұзын шыбығы қолынан түспейтін. Бұзықтық жасап қойсаң не артық сөз сөйлей қалсаң, қайдан екені белгісіз сарт ете қалатын», – деді А.Иманбаева. Алайда қойылым барысында Роза апай бәрібір режиссердің айтқанын ескеріп, шыбықты сілтегеннен гөрі артқа айқастырған қолына көбірек ұстады.
АИДА ЖАНТІЛЕУОВА РӨЛДЕРІНЕН ШАРШАҒАН БА?
Ерден Жақсыбек Нұржайнаның күйеуін ойнайды. Бірақ біздің ойымызша ол екеуін жұптау дұрыс болмапты. Сахнадағы Алмат Нұржайнаның күйеуі емес, ақылын тыңдар ерке інісіне көп ұқсайды. Көрермен ретінде оларды жас жұбайлар деп қабылдай алмадық. Ал Аида Жантілеуованың сахнадағы рөлдеріне соңғы кезде пікір көбейіп тұр. Әрине, көрермен тарапынан. Қойылым арасындағы антракт кезінде не театрдан шығыр залда әңгімелеп бара жатады. Біреуі актрисаны «бір рөлдің образынан шыға алмай жүр, бірсарынды ойнап кетті» дейді. Екіншісі «Аиданың бұрынғы образдары қайда кеткен?» деп қостап қояды. Премьераның ертеңіне театрға «Қызыл орамалды шынарымды» көруге бардық. Оған осымен тоғызыншы рет келіп жатқан көрермен «актриса бұл рөлден шаршаған ба?» деп қалды. Аида онда басты кейіпкер Әсел рөлінде. Қойылымға барған сайын көрермен актриса ұмытып кеткен сөздерді ішінен қайталап отыратын болыпты. Бірнеше жылдан соң күйеуін көргенде қолынан тасыр етіп түсетін тәрелкесінің бар-жоғын ұмытып кетті. Ішімізен «тәрелкеңді түсіріп алсаңшы» деп қоямыз. Тәрелкесі есіне түскенін байқағандаймыз. Бірақ ұмытып кеткен әрекетті ендігі жасаудың ретін таппай тұр. Бір кезде тәрелке сүлгісімен қосылып жерге түсті, әйтеуір. Ол қателігі қойылымға жаңа келген адамға байқалмай қалды. Алдыңғы ойнағандарында Әселдің «енді бәрі кеш» дегеніне жүрегіміз шым ете қалған. Шынында енді ештеңе өзгермейтінін, сүйгенінен мәңгі айырылғанын сезініп едік. Көзіміздегі жасты зорға іркіп қалғанбыз. Бұл барғанымызда Әселдің күйеуіне ызаланып, кінәлап қайттық. Ал ашу деген келеді де кетеді. Айтайын дегенім, өз басым екі күндегі екі қойылымда бір образды көріп қайттым.
Дайындыққа оралайық. Шолжаң Ақмарал рөліндегі Нұржайна репетиция кезінде өзін жақсы көрсеткендей болды. Сценарийден ауытқымады. Бірақ маған оның образы зал көрерменге лық толған премьерада ашылғандай көрінді. Бұл жолы өзі айтпақшы «күлдіремінге тырысып, сыртқа салмай» образды ішке алып, шын күлдірді. Премьерадан соң көзі қуанып тұрған Динараға жүгіріп бардым.
– Комедия жанры қиын ғой.Халыққа өте ме, өтпей ме дейсің. Бірақ Роза апай мен Айгүл апайлар «міне, сахнаға шығамыз» деген уақытқа дейін үйретіп, көмектесті. Тетарға келгеніме екі жыл. Негізі драма жанрындағы рөлдерде ойнайтынмын. «Енелер мен келіндер» – алғашқы комедиям. Таңғаларлығы дайындық кезінде режиссер маған ескертпе айтпады. Неге олай екенін білмей жүрдім. Әйтпесе, екі ай дайындалдық. «Басқа бағытқа кетіп барам ба?» – деп уайымдадым. Болмаған соң өзім сұрап алдым. Әйтеуір, бағытым дұрыс екен. Тек рөлімді «ішке салуым керегін» айтты. «Әттеген-айларым» бар. Сахнаға шыға-шыға олар да азаяр деп үміттенем, – деді Ақмаралды алып шыққан Динара Нұрболат.
Енді әрі ене, әрі келін Айнагүлдің рөліндегі Айгүл Иманбаеваға тоқталайық. Репетицияда басы артық адам мен ғана болдым. Дайындық аяқталған соң өз араларында талқылай бастады. Сонда Айгүл ханым: «Сырттан пікір білген қызық қой. Сізге қойылым қалай? Күлдіңіз бе өзі?» – деп сұрады. Қойылым күлдіре алды, әрине. Бұл сауалынан актрисаның көрерменнің пікіріне мұқият екенін байқадым. Роза апаймен 15 жылдан бері «партнер» екен. Оны премьерада растады. Роза апай қоюды ұмытып кеткен сауалдарға өзі «жауап беріп» жүрді. Бірге барған әпкеме Қуаныш Тұрдалиннің рөлді алып шығуы ұнапты. Өмірде де сондай адам екен деп қалдым дейді. Тіпті «ертең премьера» деген соңғы дайындықта да қойылым өзгере береді екен. Бұл жолы халыққа сәлем берудің бірнеше түрі ұсынылды. Сәлем беруде Қуаныш Тұрдалиннің идеясы таусылмайды. Айналдырған жеті актердің қайдан шығатынын ойлап жатып сөйлеп жатыр. Біреуі үйден, екіншісі тауықкөпеден шығатын болып, оны бір көрдік. Сосын режиссер «қақпадан шығып көріңдерші» деп, ақыры соңғысы бекітілді. Сәлем беруді жаңа түскен келінінен үйренген екінші ене Айнагүл халыққа шымкенттің келіндерінше де, батысша да сәлем берді. Ондай «фишкалар» әдетте өтімді. Әсіресе, «Жайдарман» сияқты қысқа қойылымдар қарайтын жастар ондайды ұмытпайды. Бір-біріне әзілдеп қайталап та жүреді. Соңғы дайындық болғандықтан да болар режиссер әртістерге артық ескертпе жасамады. Аиданы мақтады. Бүгінгі ойыны қатты ұнапты. «Қойылым бүгінге дейін менікі болса, ертеңнен бастап сіздердікі», – деп Ержан Қауланов репетицияның аяқталғанын айтты. Ертең премьера түстен кейін төртте. Бірақ әртістер сағат бірде грим бөлмесінде отыратын болып келісті.
Премьераны балконнан тамашаладық. Репетицияға қатысқан соң ба, халық күлсе екен, әртістер күлдіре алса екен деп жанкүйер болып отырдым. Қойылым аяқталған соң Роза Әшірбекқызының мерей тойына арналған хаттар мен құттықтау легі басталды. Соңында туған жері Көкше өңірі жапқан камзолын шешпеген қалпы актриса ризашылығын білдіріп, сөз сөйледі:
– Адамның бақытты күндері көп қой. Алайда бүгінгі күн ерекше әсер етіп отыр. Ұжымыма мың да бір рақмет айтамын. Менің ұжымым еш театрдың адамдарына ұқсамайтын талантты жастардан тұрады. Әрқайсысы тойымды өткізуге атсалысты. Үлкенді сыйлау – көргендіктің белгісі. Әмина Өмірзақова, Самал Бектасова, Байділда Қалтаев, Қасым Жәкібаев сынды театрдың алғашқы актерлері о дүниелік болып кетті. Мен Құдайға шүкір деймін! Сахнадағы 60 жылым жетелеп шығарған әртіс аға-әпкелерімнің арқасы еді.
Роза Әшірбекқызы «Әдемі келіншекті», «Қыз Жібекті» жазған Сұлтаналы Балғараевты қасына шақырып алып, алғысын білдіруді ұмытпады. Микрофон тиген соң драматург та бір-екі ауыз сөз айтты:
– Осы пьесаны жазам деп жүргеніме 20 жыл болды. Роза апамыз сексенге келгенде қарызымнан құтылып жатырмын. Көп жасаңыз, апай!
Роза апамыз сексен жастамын деп тұрған жоқ. Ән қосылған соң сахнаға шыққан барлық артистермен жеке-жеке шыр айналып билеп шықты. Әсіресе, жастар жағымен әзілі жарасатынын байқап қалдық. Роза Әшірбекованың театрдағы ғұмырын, сексенге дейінгі өмірі туралы сұқбатты келесі материалда ұсынамыз. Ал сіздер 21 маусым «Енелер мен келіндердің» екінші пермьерасына барыңыздар.
Таңшоплан ТӨЛЕГЕН
Фото авторға тиесілі