Қайта тірілу үшін өлу

ТЕАТР
1521

Заманауи хореографиядағы ең әсерлі балеттердің бірі – Иржи Килианның «Кіші өлім» балетінің премьерасы үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Балет бестселлері елордалық театр сүйер қауымды қызықтырып, таңғалдырды. Батыл, жаңашыл қойылым 13-14 мамырда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында таныстырылды. 


Моцарттың кемеңгер музыкасына «Кіші өлім» және «Алты би» егіз балеттері ақыры қайта қосылды. Былтыр театр репертуары «Алты би» көңілді спектаклімен толыққан еді.  Мерейтойлық маусымда труппа И.Килианның тағы бір жауһары – «Кіші өлімді» қолға алды. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова елордалық көпшілікке Килианның 90-ыншы жылдардағы шығармашылығымен, атап айтқанда «ақ-қара» балеттер топтамасымен танысуды ұсынды. Бұл кезеңде атақты хореографта айрықша стиль қалыптасты, соның нәтижесінде И.Килианды философ-балетмейстер деп атай бастады.


«Кіші өлім» – танымал классика санатына енген санаулы заманауи балеттердің бірі, ол ерекше әрі қызықты хореографиялық шешімдерге, әсерлерге толы және сюрреализм мен абстракция мәнерінде жасалған. Спектакльдің осындай еркіндікпен жасалғаны сонша, оған көрермендердің ықыласына бөлену жазылды, елордадағы екі күндік премьера осыны дәлелдеді. 

Барлық әртістер Иржи Килианның ассистенті – Стефан Жеромский қойған міндеттерді керемет атқарып шыққанын атап өтуіміз керек. Олар күрделі хореографияны оған тән нәзік үйлесімділікпен және сезімді білдірудің керемет шынайылығымен дәлме-дәл жүзеге асырды. Және де бұл балет үшін ең маңыздысы – шебердің биге қосқан қимыл еркіндігін әртістер жеткізе білді. 

Қазақстандық труппа өмір мен қарым-қатынастар жайлы балетке бүкіл жан-тәндерімен енді, олар көтеріңкі және жайдары көңіл күйден бастап, құштарлыққа дейін түрлі сезімдерді бастан кешірді. 

Әлбетте, труппаның ерлер құрамының жоғары кәсібилігін атап өтпеуге болмайды. Әртістер бір мезгілде бидегі серіктесін рапираларға ауыстырды. Олардың семсерлерді асқан ептілікпен қолданғаны, қиын әрі еліктіріп әкететін трюктерді керемет паш еткені сонша, көрермендер бір сәтке опера театрында емес, семсерлесу сайысында отырғандай күй кешті. Балет көрерменнің назарын бірден өзіне аудартып, бір мезгілде сезім ырғағымен үйлескен қимылдардың мінсіз дәлдігімен қызықтырды. Айта кететін бір жайт, осының барлығы сахнада музыкасыз жүріп жатты.

Кенет Моцарттың теңдессіз мелодиясы шырқалды. Жаппай композициялар залда отырғандарға білінбестен алты адажиоға бөлінді. Бұл адажиолар бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленіп тұрды. Бір қимылдан екіншісіне өтетін сәтті сценограф Юст Бигелар үлкен жамылғы түрінде бейнелеген. Жамылғы толқындай тербелгенде сахнаны түгелдей жауып тұрды, ал ол алынып тасталғанда әртістердің жаңа жұптары пайда болды.

№1 дуэтті әр күндері Евгений Рыбкин Камила Ормановамен және Гүлназ Жанаевамен бірге әсерлі орындады. Екінші дуэттің әртістері – София Әділханова, Руслан Қанағат, Бақытгүл Испанова мен Ислам Қайыпбай дененің таңғаларлық пластикасын паш етті. Күрделі үшінші дуэтті орындау театрдың прималарына сеніп тапсырылды, онда Әйгерім Бекетаева Данияр Жұматаевпен, Шұғыла Әдепхан Арман Уразовпен жұп болып биледі. Әртістер шебер өнер көрсетті десек, артық айтпаспыз. 

Тамаша жұлдызды солистердің тағы бір жұбы – Мәдина Өнербаева бидегі серігі Серік Нақыспековпен төртінші дуэтті ұсынды. Олар әр қимылды салыстыра тексеріп, биге ессіз құштарлықтарын салды, содан заманауи хореография одан сайын айшықты бола түсті. Анастасия Заклинская, Ғалымжан Нұрмұхамет, Мөлдір Шәкімова, Диас Құрманғазы сахнаға бесінші дуэтте шықты. Әртістердің классикалық дайындықтары жақсы, сондықтан жаңа стильге ауысу оларға қиындық туғызбады. Оның үстіне, олардың кейбіреуі бұрындары Килианның хореографиясымен жұмыс істеген. Ал қорытынды алтыншы дуэтті Еркежан Жүнісова, Жәнібек Ахмедиев, Әсел Шайкенова және Олжас Тарланов тамаша орындап шықты. 

Орындаудың күрделі саналуына спектакльдің айрықша музыкалылығы себеп. Мұнда бишінің денесі әрбір нотаға елең етуі қажет болды. Әртіс қимылды бір секундқа да кешіктірмеуі тиіс еді. Әрбір дуэт нақты бір музыкалық үзіндіге қойылды, олардың біреуі қысқа, біреуі ұзын, десе де сызықтардың таңғалдыратын дәлдігіне, әртістердің өз денелерін басқаруына баса назар аударылған. Хореограф музыканы айна-қатесіз түсінген, соның нәтижесінде ерекше қимылдар пайда болған.

Балериналар қатысқан жарқын көріністер де баршаны таңғалдырды. Қыздар сахнаға дөңгелекпен қозғалатын салтанатты қара көйлектермен шықты, десе де бұл фижмалар бишілердің негізгі костюмі емес, ол тек негізгі костюмдер болған дене түстес корсеттерін жауып тұрды. Солистер дөңгелекті көйлектерде әдемі қозғалғаны сонша, би өзіндік медитативтілікке ие болып, әлдебір затқа тәуелділікті жоғалтқандай болды. Моцарттың уақытпен шектелмеген музыкасына шебер салынған пластика тілі арқылы Килиан көрерменмен өнердің мәңгі өшпейтіні жайында сөйлесті. 

«Астана Опера» Симфониялық оркестрін басқаратын жас қоюшы дирижер Элмар Бөрібаев көпшілікке композитор музыкалық-оркестрлік материалға салған әрбір нотаның терең философиялық мәнін жеткізуге көмектескендей болды. Оркестр терең әрі таза үн шығарды, маэстро мен музыканттар биіктен көрінді, пианист Долорес Үмбетәлиева да жеке фортепиано партиясын тамаша орындап шықты. 

Бір сөзбен айтқанда, ұжым түгелдей Моцарттың философиясы мен Иржи Килианның балет эстетикасына бағытталған шығармашылықтың еркін әлемінде шарықтады. Жұртшылықтың ыстық ықыласы ғана әртістерді шынайы өмірге қайта әкелді, олар көрермендердің «Бәрекелді!» деген дауыстарына жымия жауап қайтарудан және иілуден шаршаған жоқ.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...