Ернұр Дәуенов. Руханиятқа тың тыныс

ТЕАТР
4468

Өзге аймақтардағыдай, Павлодар облысында да карантин жағдайы әр саланың дамуына өз «түзетулерін» енгізгені белгілі. Алайда ол жүйелі жұмысқа кедергі бола алмайды. Мысалы, Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті саласында ауқымды жоспарлар жасалып, табысты жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, ауыл клубтарының жаңа моделі құрылып, музейлер модернизациядан өтеді. Театрларды да «төңкеріс» күтіп тұр. Облысымыздың мәдениеті саласындағы осы және өзге де жаңашылдықтарға кеңінен тоқталсақ.

Ернұр Дәуенов

«Кітапхана – коммуникация орталығы»

Қазіргі таңда кітапхана рухани азық ордасы ғана емес, заманауи қызметтерді ұсынатын орталыққа айналуы тиіс. Ауылдық кітапханалар базасында коворкинг орталықтар ашылды. Бірақ бұл әлі де аздық етеді. Ендігі кезекте, онда адамдардың барлық өмірлік талаптарына жауап беретін «Коммуникация орталығын» құру туралы мәселе тұр. Яғни, кітапханалар қызмет көрсетудің кең спектрлі заманауи модульдік орталығына айналуы тиіс. Бұл ретте, аталған мекемелер қызмет ауқымын кеңейтуі қажет. Онда келесідей бағыттар қамтылады:

- Кітапхана және ақпараттық ресурстар орталығы;

- Ауыл тұрғындарын Е-gov.kz порталында жұмыс істеуге үйрететін және электронды мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін орын;

- Ардагерлер кеңесінің алаңы. Яғни жергілікті ардагерлер кеңесінің билік органдарымен, депутаттармен, тұрғындармен, азаматтардың басқа санаттарымен кездесетін орны;

- Жергілікті билік органдары үшін тұрғындармен, кәсіпкерлермен кездесу өткізетін, ақпараттық сүйемелдеу жасайтын диалог алаңы;

- Коворкинг-орталық (білім орталығы).

«Кітапхана - коммуникация орталығы» жобасы кітапхана қызметін ілгерілетуге мүмкіндік беретін бастама деп білеміз.

«Ауыл клубы 4.0»

Ауылдық мәдениет үйлерінің жұмысына талдау жасалған болатын. Нәтижесінде клуб мекемелерінде халықтың бос уақытын қамту бойынша жұмыстар нашар жүргізілгені анықталды. Көптеген клубтар тек мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шараларды өткізумен ғана шектелуде. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ауыл клубтарының жаңа моделін құрып, олардың жұмысын трансформациялауды қолға алдық.

Павлодар облысының қалалары мен аудандары әкімдіктерінің алдына клубтардың құрылымын 4 бағытта өзгерту міндеті қойылды. Біріншіден, халық үшін жаңа үйірмелер ашу, екіншіден, қызығушылық бойынша жаңа клубтар құру, үшіншіден, жаңа шығармашылық ұжымдар құру және төртіншіден, ауылдың мәдени өміріне тұрғындарды жаппай тарту бойынша жаңа жобаларды іске қосу.

Бұдан бөлек, «Ауыл клубы 4.0.» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ондағы мақсат - ауылдың кез келген тұрғыны өзі бастамашыл болып, мәдени шараларға атсалысуына жағдай жасау, ауыл азаматтарының мәдениет, өнерге деген құлшынысын арттыру және оларды жасына қарамай елді мекеннің мәдени өміріне жаппай жұмылдыру. Осы арқылы ауыл клубтары мен мәдениет үйлерінің жұмысына жаңа серпіліс беру көзделген. Қазірдің өзінде әр өңірде жобаның мақсаты айқындалып қана қоймай, табысты жүзеге асырыла бастады. 

«Ауыл клубы 4.0.» жобасын жүзеге асыру үшін нақты 7 бағыт ұсынылуда. Олар: «Домбыраны ұлықта», «Қолөнер – зор өнер», «Таңғажайып ауылым», «Ауыл кеші көңілді», «Мәдениет еріктілері», «Ауыл туралы кино», «Dancing». Әр бағыттың өз мақсаты бар. Мысалы, домбыра үйірмелерінің жұмысын жандандырып, әрбір үйдің төрінде ұлттық аспабымыздың ілулі тұруын қамтамасыз ету, жастар қауымын қолөнерге баулу, өз ауылдарынан шыққан белгілі тұлғаларды танып-білу, насихаттау арқылы  отансүйгіштікке тәрбиелеу, олар жайлы бейнефильмдер түсіру, ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты фотокөрме ұйымдастыру, жергілікті жерлерде мәдени шараларды ұйымдастыруға еріктілер тобын жасақтау сияқты көптеген маңызды жұмыстар қамтылған. Ең бастысы, әрбір ауыл клубы жоғарыда аталған 7 бағыттың орындалуын және оған ауыл тұрғындарының кем дегенде 70-80 пайызының жұмылдырылуын қамтамасыз етуі тиіс. 

«Жүйелі жаңғыру» жолында

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық идеологияның таптырмас бағдары мен негізгі өзегіне айналып отыр. Бұл ретте, мәдениет мекемелерінің арасында жыл сайын қолға алынатын сан шараның ішінен сараланып шыққан ауқымды, нақты, нәтижелі жобаларға ерекше екпін қойдық. Атап айтсақ, «Ертіс Promenade», «Жасын» жобалары, «Дала фольклорының мың жылы» этнографиялық экспедициясы, «Ауыл 4.0» жобасы бар. Бұдан бөлек, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театры «Ұлылардың ұлағаты» атты танымдық бағыттағы квест ойынын, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасы «QR кітапхана», «Ертістің Павлодар өңірінің әдеби картасы», «Есімдер шоқжұлдызы», «Павлодар - Қазақстанның индустриялды жүрегі», «Баспаның цифрлық банкі», «С.Торайғыровтың виртуалды энциоклопедиясы», «Шекарадағы кездесу» сияқты жобалар ұсынды. Сонымен қатар, «Абаймен серуендеу», «Кітап оқу марафоны», «Дәстүрлерді дәріптейміз», «30 тәулікте 30 кітап», «Бір ел бір кітап - 2020» жобалары іске асырылуда.

Облыстық мәдениет мекемелері карантин жағдайында да қарап отырған жоқ. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі «Менің сүйікті ақыным» атты мобильдік поэзия жобасын жүзеге асыруда. Шафер музей-үйімен «Қазақстанның алтын дауысы» ерлер вокалы дискісі жарыққа шығарылды.

 «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» арнайы жобасы шеңберінде ағымдағы жылы латын қаріпі негізіндегі қазақ тілі курстарында барлық санаттағы 105 азамат оқытылды. Арнайы «Тіл керуені» жобасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар Брайль жүйесіне негізделген қазақ тілі курстарын меңгерді.

Алдағы уақытта Баянауыл ауданының киелі орындарын танымал ету және насихаттау мақсатында «Баянауылдың табиғатына қарай» атты фотожобасы іске асырылады. Атақты жерлесіміз, әнші, композитор Майра Шамсутдинованың шығармашылығын насихаттауда «Ән еркесі» атты музыкалық марафоны өткізіледі.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы халық шығармашылығын, дәстүрлі ән жанрын дамыту, дәстүрлі әншілерді айқындау, қазақ шығармашылық мұрасын дәріптеу мақсатында «Дәстүрлі ән өнері» жобасын жүзеге асырмақ.

Облыстық «Шаңырақ» орталығымен «Ауылымның алты ауызы» атты облыстық өнер көші ұйымдастырылады. Бұл жоба көне әндерді, эпос-жырларды, дастандарды жатқа айтатын ауыл қариялары мен қолөнер шеберлерінің қатысуымен өткізіледі. Шафердің музей-үйі фонотекасынан «Халық әуендері» циклы бойынша ұлттық музыкасының дискілерін шығару жұмыстары жүргізілуде.

Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі «Ұлы даланың тарих керуені» атты электронды фотоальбомын дайындауда.

Театрлар «төңкерісі»

Биыл Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театры өзінің 30-шы театр маусымына, ал А.П.Чехов атындағы облыстық драма театры 75-ші театр маусымына аяқ басты. 

Мәдениетімізді дамыту мақсатында аталған театрлар өзге өңірлерден бөлек, аудандарға гастрольдік сапарларын жиілетті. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театры Қарағанды, Теміртау қалаларында, облысымыздағы Екібастұз қаласында, Аққулы, Успен және Май аудандарында, А.П. Чехов атындағы облыстық драма театры Успен және Павлодар аудандарында гастрольдік сапарлармен болды. Сонымен қатар, қыркүйек айында өңірімізге Алматы қаласынан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық драма театры гастрольдік сапармен келген болатын.

Биылғы маусым республикалық және халықаралық фестивальдарға қатысуымен ерекшелінеді. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театры Семей қаласында өткен Ә.Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестиваліне қатысып, қойылым режиссері Жангелді Садықов «Үміт» номинациясымен марапатталса, Ақтау қаласында өткен Ә. Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған «ABISH ALEMI» І халықаралық фестивалінде театр ұжымы лауреат атанды. 

Мерейтойлық театр маусымы ерекше премьераларға да толы болды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық театрымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай М. Әуезовтың «Ерте ояндым, ойландым» трагедиясы, А.Ихсанның өзгеше бағыттағы «The last MAMONT» фантазиясы, У. Шекспирдің «Король Лир» моноспектаклі, А.П. Чехов атындағы облыстық драма театрында А. Роның «Всё сначала» лирикалық комедиясы, М. Митуаның «Рамки приличий» француз комедиясы, В. Сергиенконың «Странная приемная» фантазиясы көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, жаңа театр маусымында қазақ театры Ш.Айтматовтың «Жамиля» драмасын, облыстық А.П. Чехов атындағы театры В. Астафьевтың «Лики Победы» қойылымдарының премьераларын өткізуді жоспарлауда.

2020 жылы Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театрының 30 жылдығы және А.П. Чехов атындағы облыстық драма театрының 75 жылдығы аталып өтіледі. Қазіргі күні мерейтойлық іс-шараларды өткізуге жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 

Жаңа маусым жаңа белестерге толы болып, көрермендерді талай қызық туындылармен қуантатынына сенімдіміз.

Абай мен Әл-Фараби мұрасы

Павлодар облысы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, оған 200-ден астам мәдени-көпшілік және танымдық шаралар енгізілді. 

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы 5 негізгі бағыттар бойынша аталып өтілуде. Қазақстанның және облыстың үздік абайтанушыларының лекция-концерт форматында халықпен кездесуі ұйымдастырылуда, Абай шығармашылығын визуализациялау, театрландыру, Абайдың мерейтойын ғылыми танымдық сүйемелдеу көзделген. 

Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театры Мұхтар Әуезовтың «Ерте ояндым, ойландым» драмасының премьерасымен жыл бойы аймақтың қалалары мен аудандарына гастрольдік сапарларға шығады. 

Белгілі абайтанушы Даниал Әсеновтың қатысуымен «Абай ауылға келді» жобасының жалғасуы жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс мектептерінің барлық сыныптарында жыл бойы Абай шығармашылығын зерделеу бойынша арнайы сабақтар жүргізіледі. Облыстық көркемсурет музейінде «Ақынмен серуендеу» кескіндеме, графика, мүсін көрмесі сондай-ақ, атақты ғалым, философ, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойына орай, «Әл-Фараби мұрасына» атты графика көрмесі ұйымдастырылды.

 «ERTIS» мультимедиялық музейінде Абайдың әдеби-мемориалдық музейінен әкелінген ерекше жәдігерлері қойылып, қала тұрғындары мен қонақтарына көрме ұсынылды. Облыстық «Шаңырақ» орталығымен «Дана Абайы, дара Абайы қазақтың» облыстық әдеби-танымдық, мәдени шарасы ұйымдастырылды. 

Алдағы уақытта Павлодар қаласында Абайға ескерткіш орнатылады. Сондай-ақ, облыс бойынша Абай есімі берілген елді мекендерде, көшелер мен нысандарда аббаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 

Басты іс-шара Павлодар қаласының төменгі жағажайында «Абайдың өшпес әндері» облыстық фестивалінің ұйымдастырылуымен өтеді. Фестивальда Абайдың ең танымал әндері орындалады деп күтілуде.

Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойына арналған 100-ге жуық әртүрлі іс-шаралар, сынып сағаттары, ашық сабақтар, көрмелер, әдеби кештер мен сабақтар, байқаулар мен дәрістер өткізілуде. 

 «Әл Фарабидің музыка әлемі» атты республикалық байқауын ұйымдастыру, білім беру мекемелерінде домбыра сыныптарын және математика кабинеттерінде экспозициялар ашу жоспарланған. «Заманауи білім беру саласындағы Әл Фарабидің мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Коронавирус індетінен мерейтойды атап өтудің облыстық жоспары қайта қарастырылды. Іс-шаралардың бір бөлігі әлеуметтік желілер мен медиа ресурстарда онлайн режимде өтеді, бір бөлігі ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылды.

Музейлердің модернизациясы

Облыстың тарихи-мәдени мұрасын сақтап, дамыту бойынша 6 облыстық, 3 аудандық музейлер жұмыс істейді. Онда жыл басынан бері 874 экскурсия, 614 дәріс, 142 көрме ұйымдастырылды. Музейлер қоры 372 жаңа жәдігермен толықты. 

Қазіргі кезде музейге келушілердің санын арттыруға бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында «Музейдегі түн», «Музейдегі туған күн» жобаларын атап өтуге болады. Сондай-ақ «Мектептердегі мұражайлар» акциясы, «Музейге бару» атты челленджі, «Ата баба дәстүрлері – ұрпаққа өнеге» атты балаларға арналған жоба, «Өнердің шыңына қарай» халықаралық жобасы, «Атыңызды тарихта қалдырыңыз», Инстаграмм желісінде есте қаларлық күндерге орай байқаулар ұйымдастыру және әр айдың үшінші сенбісі «Бүкіл отбасымен музейге бару» акциясы өткізілуде.

Павлодар қаласында 2019 жылы желтоқсан айында «Ertis» мультимедиялық музейі ашылған болатын. Музейдің бірегейлігі археологиялық және табиғи экспонаттардың заманауи мультимедиялық технологиялармен үйлесім тауып, real-book кітабымен, ақпараттық touch-тақтамен, қазіргі заманғы инсталляциялармен жабдықталғанында болып отыр.

Ескерткіштер «елі»

Павлодар облысы бойынша бүгінгі күні мемлекеттік қорғаудағы 283 ескерткіш тіркелген. Оның ішінде 3-уі республикалық маңызы бар ескерткіш санатына жатады. 

Жекелей атап өтсек, 199-археология ескерткіштері, 61 – қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, 20 - тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Павлодар қаласында 53 сәулет және тарихи ескерткіш тіркелген. Олардың басым бөлігі тарихи ғимараттар. 

Тәуелсіздік жылдары облыс орталығында Қаныш Сәтбаевқа, Қалижан Бекхожинге, Баян-батырға, Малайсары-батырға, Шоқан Уәлихановқа және Григорий Потанинге, Жүсіпбек Аймауытовқа, Баянауыл ауданында Шәкен Аймановқа және Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп Көпеевке ескерткіштер және Павлодар қаласында Зейін Шашкин мен Майра Шамсутдиноваға мүсіндер орнатылды.

Сонымен, қатар, Павлодар облысының аумағында 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алуға арналған 214 ескерткіш бар, оның ішінде: 172 - обелиск, 14 - ескерткіш, 19 - монумент, 8 – мүсін, және 1- танк тіркелген. Жыл сайын облыстың қалалары мен аудандарында ескерткіштердің іргелес аумағын жинау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалыпқа келтіріледі. 

Атап өтерлігі, соңғы жылдары «Әулиекөл» кешені, «Алтын төбе», археологиялық мекендері зерттеліп, «Қимақ қағанаты», «Қалмаққырған» және Торайғыр қорғанында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Биыл жыл соңына дейін Павлодар қаласында Абай Құнанбаевтың, Естай Беркімбаевтың және Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевтың ескерткіштерін орнату жоспарлануда.

Жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Біз шығармашылық қауымның да жағдайын естен шығармауымыз керек. Олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы ретте, биыл Павлодар облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 22 мәдениет мекемесі түрлі деңгейдегі жөндеуден өткізіледі. Тиісті мемлекеттік конкурстар сәтті өткізіліп, мердігерлер анықталды. Бүгінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қолдауымен қазынадан 1 млрд. 792 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Жоғарыда аталған нысандардың қатарында 7 іргелі мәдениет мекемесі бар. Ол – қос облыстық театр, облыстық «Шаңырақ» мәдениет сарайы, облыстық көркемсурет музейі, Павлодардың Естай атындағы қалалық мәдениет сарайы, Екібастұз қаласының «Өнер» мәдениет сарайы, балалар кітапханасы.

Бірқатар нысандар көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар аса маңызды.

Жөндеу жұмыстарына жан-жақты бақылау орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстарға қоғам өкілдерін көптеп тарттық. Атап айтсақ, «Ертіс - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, жемқорлыққа қарсы мониторинг тобы жұмылдырылған. Олардың құрамында құзырлы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар бар. 

Мәдени коммуникация

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен «Ertis madenieti» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты - интернет пайдаланушыларға Павлодар өңірінің мәдениетін кеңінен насихаттау. Осы мақсатта облыс тұрғындары үшін Instagram желісінің @ertis_madenieti парақшасында қызықты да, пайдалы кейстер жарияланады. Мұнда күн сайын жазылушылар саны артуда. Қазіргі таңда парақшаға 17,5 мыңнан астап қолданушы тіркелді. 

Мәдениет саласы телевизия желісі үшін «контент фабрикасы» болып табылады. Облыс мәдениет мекемелерімен жергілікті телеарналармен жұмыс тығыз жүргізілуде. Атап айтсақ, облыстық «Шаңырақ» орталығымен Павлодар қаласындағы орта мектеп оқушылары арасындағы телевизиялық «Жасын» зияткерлік жобасы іске асырылады. «Ertis promenade» жобасынан мемлекеттік мерекелер кезінде облыс телеарналарымен тікелей эфирлер жүргізіледі. Сондай-ақ, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның өткен концерттері облыс телеарналарында көрсетіледі.

Бүгінде облыстың барлық мәдениет мекемелері қашықтықтан жұмыс режиміне ауыстырылғаны белгілі. Онлайн режимінде өтетін барлық іс-шаралар негізінен Instagram, Facebook желілері арқылы ұйымдастырылуда. Әлеуметтік желілер мен медиа ресурстарда әртүрлі солистердің концерттері, көрмелер, әртүрлі саладағы мамандардың дәрістері мен тікелей эфирлері, челендждер, байқаулар және басқа да түрлі форматтағы іс-шаралар өтуде.

Архивтік контент, яғни шығармашылық ұжымдардың концерттері мен спектакльдер сияқты іс-шаралар облыстық филармония мен екі облыстық театрлардың YouTube арналарында қолжетімді.

Жалпы, біз карантин кезінде үй жағдайында бос уақытты және халықтың пайдалы уақытын ұйымдастыруға тырысудамыз.

Сондай-ақ, басқармамен ұлттық дәстүр мен тілді насихаттау мақсатында облысымыздағы «Қағандық» және «Жебе» қоғамдық бірлестіктермен тығыз жұмыс жүргізілуде. 

Ернұр ДӘУЕНОВ,
Павлодар облысының мәдениет, 
тілдерді дамыту және архив ісі 
басқармасының басшысы.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...