Сан алуан көріністер, атақты музыканттар, мазмұнды бағдарлама – мұның бәрі де 12-27 сәуір арал...
Есмұхан Обаев: Театр дегеніміз – адамтану
Жасампаз шығармашылық иесі, режиссер, театр қайраткері, профессор Есмұхан Обаевты 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, "Мәдениет порталы" әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежановамен сұхбатын оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
Есмұхан Обаев - қоғамдық-әлеуметтік үні өткір, адами-имани мәселелерді қозғау деңгейі жоғары; өз арманына және өнердің, адамды жасампаздыққа бастайтын құдыретіне сенімді, өз жолына сенімді романтик - саналы ғұмыры бойы атақты италиялық режиссер, қайраткер Джордж Стрелердің формуласы бойынша қисындағанда, «адамдар үшін театр» жасап келе жатқан режиссер. Мұндай суреткермен әңгімелесу, сұхбат жасау қашанда қызғылықты. Көрнекті режиссер, Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев бүгінде М.Әуезов атындағы театр директорының кеңесшісі, театр Көркемдік кеңесінің мүшесі, ақылман аға, ұстаз.
- Қадірлі Есаға, өзіңізбен осыдан он шақты жыл бұрын үлкен бір сұхбат жасаған едік. Сізбен сұхбаттасу қашанда қызық, тұнып тұрған тарихсыз, нұрлы өнеріңіз, қашанда жан сергектігіңіз айналаңыз, кәсіби ортаңызға ғана емес, қалың көрермендеріңізге де сүйікті етеді.
Сіз шығармашылық пен басшылықты қатар ұстаған өнер иесісіз. Мәдениет саласында үлкен қызметтерде болдыңыз. Театрларды басқардыңыз, ректор, Мәдениет министрінің орынбасары қызметтерін атқардыңыз. М.Әуезов театрында көптеген жыл директор, Көркемдік жетекші болдыңыз. Қазақ кәсіби театр режиссурасы аға буынының көрнекті өкілі және қазіргі таңда сол буынның арамыздағы бірден бір өкілі де өзіңіз.
Қазақ театр режиссурасы үлкен плеяда. Олардың барлығы дерлік керемет әріптестеріңіз, достарыңыз болды, көпшілігі осы М.Әуезов театрында қызмет етті. Сондықтан да бүгінгі әңгімемізді осы плеядадан бастасақ.
- Үлкен рахмет. Енді сіздің кіріспе сөзіңізді айтқанда ойлағаным, сіз осы театрды бес саусағыңыздай білесіз. Бірімізді-біріміз мақтағанымыз емес, мен туралы кітап жазған адамсыз. Бір мен туралы ғана емес, осы театрдың көптеген актерлері, режиссерлері туралы жазған адамсыз. Сондықтан да әңгімеміз білетін адамдар жайында, көзбен көріп, қолмен ұстаған адамдар жайында өрбісе деймін. Енді қарасаңыз, мен осыны білгендей, «Бәрі-бәрі есімде» деген кітап жазып, ол баспадан жарық көрді. Сонда алғысөзімде: «кеше өзім көргендер, сезгендерім, зерттегендерім, өміріме мұрат етіп қалдырған адамдарым, мені М.Әуезов театрына сүйреп әкеп, қолығыма пьеса берген Нұрмұхан ағамнан бастап өнердегі достарым туралы» деп айтқан екем. Содан бері, міне, биыл алпыс жылдан аса жұмыс жасаймын.
Режиссура енді менің бағым ба, сорым ба, әйтеуір режиссураға келіп кіргенімде 22 жастағы жігітпін. Мен дипломдық жұмысым «Ваня ағайда» ойнап, мені актер жасаймыз деп М.Әуезов театрына Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов шақырып, содан бері тағдыр бұйырып осында келе жатқан жайымыз бар.
Қазақ режиссурасы дамыған режиссура, қазақ режиссурасы - дүние әлем таныған режиссура. Солардың ең басы осы қара шаңырақта жұмыс жасаған Жұмат Шаниннен бастап Асқар Тоқпанов дейтін ұлы ұстазымыз. Содан кейін үлкен режиссер Бәйтен Омаров. Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов туралы сөз бөлек. Одан беріде Райымбек Сейтметов, Шапай Зұлқашев, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Маман Байсеркенов, мына алдыңызда отырған пақыр мен де солардың ішіне кіремін.
- Бір сөзбен айтқанда, «алпысыншы жылғылар» буыны десеңізші.
- Ия. Сол кез осылардың бір көсілген кезі, бәйге басын бермей, бірінен бірі озып тұрған кезі. Бұл ретте Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетовті ерекше бөлектеп айтатынымыз – осы театрға отыз жыл бас режиссер болған. Біздің тарихта бір театрды отыз жыл басқарған Әзекеңнен басқа ешкім жоқ. Ол кісінің ізденімпаздығы, режиссурадағы ауқымы, дүниетанымы, сахналық кеңістікті игеруі ерекше.
Есімдері аталғандардың әрқайсысына бір кітап арнаса артық емес. «Бәрі-бәрі есімде...» кітабымда Бәйтен туралы да, Әзағаң да, солардың ішінде күні кеше дүниеден өткен Маман туралы да бар. Сол кезде үкімет пен партия қазақ режиссурасы дамысын деп қолға алып, ел-елден, ауыл-ауылдан іздеп жүріп, талантты деген балаларды алып келіп оқытқан. Оқуға жиырма төрт бала түстік, содан жетеуміз ғана бітірдік. Ал, осы жетеуден қазір мен ғана қалдым. Осы театрға қызмет етіп, құрмет тұтып, үлкен бір мешітке, үлкен бір әлемге кіргендей күнде сыйынып, кіріп-шығып жүргенімнен шығар.
Ұлттық режиссура туралы қонақтап-қонақтап, түйіп-түйіп айтар болсам, Асекең, Асқар Тоқпановтың режиссурасы педагогикалық режиссура, ол ұлттық режиссураға жақын, қазақы дүниені жақсы білетін, ұлттық материалды жақсы білетін режиссер. «Абайды» тұңғыш рет қойған режиссер. Оның есімі ұлттық театр тарихында, басқасын айтпағанда, осы спектаклімен-ақ қалды. «Абайды» спектакль етіп шығарды, оны қою тарихын кітап етіп шығарды. Қаллеки, Қалибек Қуанышбаев екеуі Мұхаң, Мұхтар Әуезовпен бірігіп жұмыс жасаған бұл спектакль қазақ режиссурасында бір бетке ұстар дүние болды. Соны қазір теледидардан қарап отырсаңыз, қазір басқаша қояр ма еді дейсің, қазір, мүмкін «Абайды» басқаша қою керек шығар. Асекеңнің Абайы, Бәйтеннің Абайы, Әзекеңнің Абайы, Маманның Абайы, мына пақырыңыз Обаевтың Абайы. Өткен жылы Абайдың 175 жылдығына республика театрларында Абай туралы көп қойылым шықты. Біздің М.Әуезов театрында жас режиссерлеріміз Ж.Жұманбай «Қара» және А.Оспанбаева «Абайдың жұмбағы» спектакльдерінде хакім Абай әлемін өз танымдарынша зерделеді. Әр режиссер өзінің Абайын көреді ғой. Мысалы, менікі ол енді ақын жанды ән құмар, қызу қанды шығармашылық адамы. Әзекенің Ыдырыс ағам ойнаған Абайы, білесіз, батыр Абай болатын. Олар керемет Абайлар, олады қайталау мүмкін емес шығар. Ал, қазіргі Абай шешімі басқа, бүгінгінің адамдарымен, бүгінгі қауыммен бірге жүрген Абай, әттеген-айы көп Абай, тағысын тағылар. Әуезов театры тұрғанда, қазақ барда сахнадағы Абай жасай береді. Абайдың болмысы, Абайдың мұңы-зары ол бізге кітап, Құран.
- Сіз қара шаңырақ театрда сахналаған «Абайды», жеке пікірімде, фундаментальды, іргелі спектакль деп есептеймін. Ондай «Абайды» қою үшін режиссерге үлкен тәжірибе, үлкен білім, мықты ұлттық құнар керек. Сіздің сол спектакльді көрген сайын кең шалқар дала, кеңістіктегі Абай, айналасындағы елі, Абайға жасалып жатқан қиянаттар, ұлы ақынның халқына деген жанашырлығы, махаббаты, өзінше жол көрсеткен озық ойлылығы, парасаты көрініс береді. Абайдың айналасы, шәкірттері, елдің ұлы ақынға сүйіспеншілігі, Абай әндерінің кереметі, халықтығы танылады. Қойылымыңызда бүкіл дала Абай әндерімен тыныстап тұрады. Абайдың композиторлығы, Абай әндерін халықтың сүйіп айтатыны жақсы ашылады... Осының бәрі ашық та жасырын тартыстармен, үлкен бір эпикалық қалыпта көз алдымызға келеді. «Абай жолы» эпопеясы «қазақтың 19-ғасырдағы өмірінің энциклопедиясы» деп бекер айтылмаса керек. Спектакльден сол кездегі қазақтың өмірін, сол ортадағы Абай өмірін көріп шыққандай боласыз. Сіз «Абайды» Семей театрында, өзге де театрларда қойдыңыз. Өкінішке қарай, ол спектакльдеріңізді объективті себептерге байланысты көре алмадық. Ал, енді осы кейінгі қойылымыңызға дайындалғанда, іштей дайындалғанда нендей сезімде болдыңыз?
- Ең алдымен қорқыныш сезімі болды. Абайды қоюға себеп болған дүние – мен Абай ауылында, Семейде жиырма жыл тұрдым. Семей театрында жиырма жыл бас режиссер болдым. Сонда жылына жоқ дегенде Абай зиратына бір рет барған шығармын. Абай музейінің түбінде тұрдым. «Абайды» жазған ұлы Мұхтар Әуезовті көрген-араласқан Қайым Мұхаметханов сияқты адамдармен, Абайды жазған Шәкәрімнің балаларымен, Асхат, Абай музейін басқарған Төкен Ибрагимов ағаларымызбен араластым. Төкен Алматыдан Асқарды, сіздің жұбайыңызды айтамын, шақырып алып бір күн-бір түн бойы Абайды сөз ететін. Кейде «ол сөзді Абай олай айтқан жоқ, былай айтқан» десіп, өзара айтысып та қалатын.
- Ия, Асекең Семейге Абайдың 140 жылдық мерейтойына барған сапарында Абайдың өмірін, әңгімесін жақсы білетін қарттармен кездескенін ерекше айтып отыратын. Төкен досын «Абайдың шырақшысы» деуші еді.
- Төкен Абай музейін ұзақ жыл басқарды ғой. Абай қорық-мұражайының қалыптасуына көп қызмет жасады. Абай зиратын жаңалап күмбездеп салған кезде мен Мәдениет министрінің орынбасары едім, бүткіл шығармашылық жағын басқардым. Ол туралы жақсы бір кітап та шықты.
- Сонда қай жағынан да дайын болдыңыз ғой.
- Ия. Іштей қай жағынан да дайын болдым. Содан кейін Абайды ойнайтын актерлер болуы керек еді. Мен біздің театрдан сондай екі-үш жігітті көрдім. Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалды – үшеуі де Абайды ойнауға келіп тұрған актерлер. Оның алдында Әзекең осы театрға мен басшылыққа келген жылы «Абайдың» өз вариантын қойды. Ол кезде Астана театрын басқарады. Екі театрдың арасында жүріп қойылған дүние болды да, өзі айтты: «әй, идиот, ана жерін қос, мына жерін қос» дейтін. Мен ол кісінің ассистенті сияқты болдым. Ол жерде Әзекеңнің де ықпалы бар, содан кейін осы театр актерлерінің де ықпалы бар. Мен армандаған Абайды ойнайтын осы театрда алты-жеті актер бар, бұл үлкен байлық қой. Олардың мұратынан шыға білу, содан кейін көпшілік сахнасында отырған әрбір адамның тағдыры. Өмірі, атмосферасы, мұңы, арманы. Ел аңсап тұрған Абай мелодиясы. Осының бәрі Абайға баруға ниеттендірді. Құдай қолдады деуге болады. Сонымен ол «Абай» сахнада биыл он үшінші жыл жүріп жатыр. Екі орындаушының екеуі де өз орнында. Кеше дүние салып кеткен апаларымыз еске түседі, ағаларымыз, бауырларымыз...
- Бұл «Абай» кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды ғой. Алмай қалғаны өкінішті, әрине.
- Ой, біз алмаймыз ғой (күледі-ӘБ). Мен өзі Мемлекеттік сыйлыққа алты рет ұсынылған адаммын. «Індетті» айтсаңшы, «Індетті»! Ә.Тарази пьесасы бойынша Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойған спектаклім.
- Шынында да Мемлекеттік сыйлықты актер алып, драматург пен режиссердің алмай қалғаны қызық болды. Ондай оқиғалар өмірде кездеседі енді... Ендігі сауалым - актер таңдау тәжірибеңізге байланысты. Сіз актерлер табиғатын өте жақсы білетіндіктен болуы керек, рольге актерлерді дәл таңдайсыз. Мысалы, Абай роліне Ерлан мен Азаматты жақсы таңдадыңыз. Екеуі мүлдем екі бөлек.
- Екеуі екі Абай.
- Ия, болмысы бір болғанмен темпераменті екі түрлі Абай және бұл заңды да. Дей тұрғанда кей көрермен Азаматтың Абайын қабылдамаған кездері де болды, тым жас десті. Ол да Абайдың бір қыры, Абай қашанда жаны сергек тұлға болған ғой. Актерлерді рольге дәл таңдайтыныңыз туралы жоғарыда айттым. Сонда сіз, ең алдымен, неге назар аударасыз?
- Спектакль бастамас бұрын жиырма рет жазып, жиырма рет сызып, бәленбай түндер ұйықтамай, бәленбай күндер уайымдап, қамығып жүріп, әйтеуір, бір тоқтайсың. Өйткені, әйтеуір бір бастау керек қой. Мен өзі сондай адаммын, күйем бе, жанам ба, қорқамын, бір жағынан. Сонда әлгі адамдардың бір репетицияда кішкентай бір қылт еткен ерекшелігін көрсем, «оп» деп ұстап алам да, болды деймін. Осы деймін. Ия, Азаматты Абайды ойнауға жас дегендей пікірлер болды.
Сіз қараңыз, спектакльде өте арманшыл Абай, өте ширақ Абай. Жаңа айттық қой, екеуі мүлдем екі бөлек Абай дедік. Ерлан бөлекшелеу, Ерланның Абайы - ұлттық бояуы көптеу кейіпкер. Дала парасаты, көп айтып, көп тыңдап отырады. Ал, Азаматтың Абайы көп айтпайды, кесіп тастайды, арманшыл, шешімді тез қабылдайды. «Абай мойнын неге бұлай бұрды?» деуге бола ма? Қайым ағам айтатын: Абай таңертең тұрғанда неге көңіл-күйі болмады, келген адамға неге мойнын бұрмады? Демек, Абайды әбден зерттеп алмай, Абайдың ішкі әлеміне ғашық болмай, Абайды армандамай қоюға болмайды. Мысалы, біздің спектакльде бір-ақ жерде бір өлеңінің өзінде Абай кетіп бара жатқанда залда тым-тырыс... Абай «...бар, қарағым, бар, арыл», деп шығып кетеді. Сол жері үшін ғана, сол сәті үшін ғана бүткіл «Абай» спектаклін қоюға болады. Содан кейін Абайдың айтып жүргенінің бәрі бүгінгі күн ғой. Абай: «Алда жаңа заман келеді, жаңа заңдар туады. Мен ол күндерді көрмеспін. Көрмесем де, сәлем деңдер, сәлем деңдер соларға!» деп кеткен адам ғой. Қазір қара сөзін оқыған сайын ол кісіні тереңдетіп, біздегіден де ары қарай тереңдетіп алып кету керек деп ойлаймын. Абаймен қарым-қатынас жасау, ол кісінің жанында тұра білу, айтатын сөз таба білудің өзі бақыт. Өйткені бүгінгі күнге дейін спектакль «біссіміллә» деп бастап, «біссімілләмен» аяқталады. Соны бүгінгі жастар терең ұқса деймін. Мен солардың көздеріне қарап, ой ұшқынын іздеп жүремін. Абайдың мұңы-зары жетті ме екен мына актерге деп...
- Есаға, сіз мана өзіңіз айтқан, 2011 жылы шыққан «Есмұхан Обаев» атты кітапта, алдыңғы жылғы «Бәрі-бәрі есімде» жинағыңызда шығармашылығыңыз, оның ішінде «Абай» спектакліңіз де бірталай сөз болады. Сіз шығармашылық жолыңызда жүзден аса спектакль қойдыңыз.
- Алпыс жылда аз жұмыс емес.
- Әрине. Бағамдап қарағанда, сіз негізінен сүйекті тақырыптарға көп барасыз. Айталық, классикалық шығармалар, тарихи тақырыптар, аса өзекті әлеуметтік тақырыптар... Сонда сіз халықтың жанына жақын дүниелерді алады екенсіз. Жас кезіңізде экспериментке қаншалықты барғаныңызды білмедім, ол кезді көре алмадық.
- О, жас кезімізде небір экспериментке бардық қой. Ол кезде сіздер дүниеге келмеген боларсыздар.
- Ол кезде тым жас болған шығармыз. Сонда осындай іргелі тақырыптарға баруға сізді не итермелейді? Мысалы, Республикалық балалар мен жасөспірімдер, Семей облыстық театрларында көп қойылым шығардыңыз. Абай атындағы опера-балет, кезіндегі К.Байсейітова атындағы опера, қазіргі Астана опера театрында опералар сахналадыңыз. Болса-болмаса М.Әуезов театрында, сондай-ақ жақын шетел театрларында да мазмұнды қойылымдарыңыз аз емес.
- Жалпы өзі театр дегеніміз адам зерттеу процесімен айналысады, дедік қой. Адамның болмысы, қуанышы, қайғысы, зар-мұңы, жақсылығы, иттігі, тағысын тағылар. Сондықтан да адами тақырыптарға мен көп барамын. Мысал үшін қарасаңыз, Гогольдің «Ревизоры» нағыз адами тақырып. Немесе Төленнің (Әбдіков) пьесасы «Ардагерлер» сұмдық адами тақырып. Исраил Сапарбайдың «Қыз мұңы» үлкен тақырып қой - генералдың тағдыры мен Желтоқсанға қатысқан суретшінің тағдыры. Содан кейін қырғыз драматургы Б.Жакиевтің драмасы «Жүрейік жүрек ауыртпай». Қартайғанда қараусыз қалып, Қарттар үйін паналауға мәжбүр болған жандардың тағдыры туралы осы театр алғашы болып мәселе көтерген. Осындай-осындай дүниелер мені қызықтырады. Қойған дүниелерімде менің өзімді танытатындай, өзіңді-өзің танитындай жайттарға тап боласың, сонымен ауырасың, соны сағынасың..
- Әлдебір үндестік болады ғой.
- Ия, ішкі үндестік. Мысалы, жаңа Республикалық балалар мен жасөспірімдер театрын айттыңыз. Менің режиссуралық жұмыстарымның ішіндегі ең бір іргелілері, айшықты мезеттерім сол театрда өтті. Сәбит Мұқановтың өзінің үш пьесасын қойыппын. «Ботагөзді» қойдым, «Мөлдір махаббатты» қойдым, сосын «Қашқар қызын» қойдым. Бір Сәбеңнің өзінен. Айтпақшы, «Сұлушашты» қойдым. М.Әуезов театрында Т.Ахтановтың «Боранын» сахналадым.
- «Боран» өз кезінде үлкен талқыға түсіпті. Ол кез үшін тақырыбы шетіндеу болғанға ұқсайды. Бас кейіпкер Қоспан соғыста тұтқынға түскен, елге оралған соңғы қиын тағдыры туралы шығарма ғой.
- Мақтан емес, жақсы спектакль болып шықты. Қоспанды Ыдырыс, әйелі Жаңылды Фарида ойнады. Олардың да жас кездері. Сосын, айталық, Ғ.Мүсірепов театрында 90-жылдары қойған «Індет» спектаклімде көтерілетін мәселе қандай!.. Менің қойған әр спектаклім осындай. Осындай болмаса несіне қоямыз. Саусақты көрсетіп күлдіретін дүниенің керегі жоқ. Мен өзім өмірде комедиялық адаммын. Бірақ, сол комедияларымның барлығы трагедияға айналып тұрады. Сондықтан да адамның ойындағы парыз бен қарызды өтеу үшін қою керек шығар спектакльдерді. Сосын актерлерге арнап қоясың. Театрдың бары да, нары да актер ғой. Менің бағыма кешегі Қалтай ағаммен, кешегі Тахауимен араластым, кешегі Асқар, тағы басқалармен жақсы шығармашылық қарым-қатынаста болдым.
- Осыны айтайын деп отыр едім, сіздердің буын, сіздің өзіңіз қазақ драматургиясының рухани айналымға түсуіне, өте үлкен резонанс алуына қатты әсер еттіңіздер. Өйткені замандас, қатарлас, шығармашылық серіктес болдыңыздар. Ол драматургия төрт аяғынан тең басып, тайпалып тұрған жоқ. Бірақ сіздер жұмыс жасадыңыздар. Осы орайлардан келгенде бүгінгі жастарға не айтар едіңіз?
- Жас драматургтарға ма?
- Жас режиссерлерге. Олар халықаралық фестивальдарға шыққысы келеді, сондықтан да көбіне шетелдік драматургияға жүгінетіндері бар. Оларды түсінуге болады, дегенмен де мықтап ойлағанда, төл драматургияны қоюдың, қатарластарымен шығу, бірге өсудің жөні бөлек емес пе? Аға буын ретінде, ұстаз ретінде не айтар едіңіз? Қазір өзі жастарда әртүрлі бағыттағы ізденістер көп. Оның бәрі көрерменге қызық.
Осы ретте Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетовпен бір әңгіме еске түседі. Әзекеңмен бірнеше сұхбат жасадым. Қазір ойласам, көрнекті режиссермен кезінде шығармашылық лабораториясы туралы көп әңгімелесуім, кітап жасауым керек еді. Ол кезде тіршілік қамы, жұмыс дегендей, уақыт та болмады. Қазір соған өкінемін. Әзекең спектакльдерін театртанушылық тұрғыдан талдаған бір бөлек те, өз аузынан әр спектаклі туралы, шығармашылық лабораториясын есту мүлдем басқа әлем ғой... Бір әңгімемізде сол кездегі жас режиссерлердің ізденістері туралы сұрағанымда көрнекті режиссер: «Әлия, художественные поиски все это прекрасно (орысша сөйлейтін еді ғой), бірақ, олар ірі, күрделі тақырыптарға баруы керек. Студиялық жұмыстардан кету керек» дегенді айтып еді. Сіз жас режиссерлерге нендей тілек айтар едіңіз?
- Маған режиссурадан сабақ беріңіз деп баяғыдан айтқан. Келіспедім. Міне, отыз жылдай болды, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік топтарға сабақ беремін. Актер дайындағанды жақсы көремін.
- Кеше осы сұхбатымызға дайындалып отырғанда: «осы Есаға неге режиссурадан курс алмайды екен?» деп ойладым. Мысалы, кезіндегі Ә.Мәмбетовтің курсы, М.Байсеркеновтың курсы, Ж.Хаджиевтің курсы, сондай-ақ Ә.Рахимовтың, Н.Жақыпбайдың, А.Маемировтың курсы дегендей... Режиссурадан сіз дәріс оқымағанда кім оқиды?! Неге бас тарттыңыз?
- Қорқамын. Жауапкершілік деген бар ғой. Олардан ойдағыдай режиссер шықпаса ұяттан өлемін ғой. Кезінде Маманға айттым, сен режиссурадан бер, мен актерлік топтарға берейін, дедім.
Ал, қазір бізде режиссураны әлі де күшейте түсу керек. Режиссерлердің бәрін Академияда дайындап жатырмыз. Оларды Мәскеуде немесе өзге шетелдерде дайындау керек. Режиссура өзі біздің мемлекет үшін жас мамандық. Сондықтан да режиссураға, мысалы, Германияның немесе басқа да елдердің режиссурасын, небір экспериментальды театрларды көріп барып келсе. Бізде, қазір, айталық, біреуі таяғымен режиссер болып ойнайды, біреуі жүрісімен, енді біреуі характерімен дегендей. Жуырда кино саласындағы бір балалар өз-өздерін жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр. Бәлен жерде жүлде алдық, түген жерде лауреат болдым, дейді. Сонда әлгі драматургиясына қарасаңыз, бір бетін оқығаннан кейін жауып қоя салуға болады. Бұлардың драматургтары жоқ. Мысалы, біздің кезімізде ұлы драматургтар жүрді. Өзіңмен сұхбат құрып отырғаннан кейін айтқаным емес, шыны сол –Асқар Сүлейменовтің драматургиясындай драматургия қайда? Ол кезде, мысалы, Асқардың ағасы Қалихан Ысқақтыкіндей драматургия қайда? Оралхандыкіндей, Баққожа, Дулат, Төлен, Нұрландардыкіндей драматургия қайда? Айта берсек көп. Олар бізді сүйреді.
- Сіздермен бірге өсті ғой. Бір-біріңізді толықтырып, алып шықтыңыздар.
- Ия, бір-бірімізді толықтырдық. Біздер ол кезде фестивальдар емес, лабораториялар өткізетінбіз. Солардың көбінің пьесалары, шіркін-ай, бүгіндері де сахналарда жүріп жатса дейсің. Өзімізде, мына көрші Қырғыз елінде де қойылып жатыр, дегенмен де....
Бүгінгі жас режиссерлерде драматург жоқ. Драматург жастар бар. Мен өзі жастарды жақсы көремін, солардың жолы болса, қасында жүріп, айғайлап-қиулап ат қосуға дайынмын. Бірақ, сол кісілер, менің түсінігімде бір қызығы – тереңдемейді. Қазір мені жұмыс үстелімде оншақты пьеса жатыр, шетінен оқудамын. Солардың ішінде алдыңғы жылы менімен спектакль қойған драматург бала бар ғой
- Қолғанатты айтасыз ба, Қолғанат Мұрат...
- Ия. Қолғанат. Еңбеққор, талантты бала. Содан драматург шығады, оған нақ сенемін. Бірақ, оның жанында қамшылап отыратын, бағыттап отыратын адам керек.
- Режиссер деген стратег болса, мысалы, ол пьесаның ішіндегі перспективасын көретін, көрген соң автормен жұмыс жасай алатын болса. Меніңше, ең бастысы - перспективаны көре білу.
- Режиссура деген судың ішіндегі у ғой, бұрқыратып қайнатып тұратын. Қазір бізде біраз жас режиссерлер бар, осы театрда, Жасөспірімдер театрында, басқа театрларда да қойып жатыр. Режиссерлер бар, бірақ олар ұлттық болмысы қуатты, жанды ауыртатын, приступ беретін дүниелерге көбірек баруы керек.
- Жастарға рухани тәжірибе жетісіңкіремейтін болар...
- Тәжірибе де жетпеуі мүмкін. Мектеп те болмауы мүмкін. Оларды біз басқа жақтарға жіберіп оқытып, басқа елдердің, ең болмағанда орыстың режиссурасына енгізіп байқауымыз керек. Бүгінгі балалардың барлығы өзімізде бітірген. Олардың ішінде Жанат Хаджиевтен, Маманнан оқығандар бар. Кейін Әубәкірден, Асхаттан оқығандар бар. Олардың ішінде де мамандыққа енді-енді ілесе бастағандар бар. Сіз мана бір, керемет бір сөз айттыңыз - «фестивальдік режиссура» дедіңіз.
- Олай дейтінім -соңғы кезеңдерде мақсатты түрде фестивальдар үшін қою тенденциясы белең алған сияқты. Және көп ретте фестивальдар деңгейіне қарамастан, әйтеуір фестивальға қатысты, жүлде алды деген дақпырты басымдау.
- Енді осыған келейік. Театр да, режиссер да спектакльді фестиваль үшін қоймауы, фестивальдік спектакль деген болмауы керек. Фестивальға не үшін қояды? «Пәленбай Пәленбаевич марапатталады» деген бір жапырақ қағаз алып келу үшін бе? Ол не үшін керек. Керісінше, ол жерге барғанда өзің лаборатория жаса. Мысалы, грузиндердің режиссерлерінің қасына бар да отыр, тәжірибе жинақта. Біздің, жаңа айтқан Маман бар, басқалары бар, жақсы буын болып қалыптасуымыз -- біз Мәскеуде, үш жылдай оқып, үлкен режиссерлердің мектебінен өттік. Ол үлкен мектеп. Мысалы, мен Кедровтың, Гончаровтың репетицияларында болған адаммын. Құдай-ау, сақтай гөр, сонда бізге МХАТтың актері, режиссері Олег Николаевич Ефремов әзіл-шыны аралас: «Слушай, казахи почему-то очень старательны. С вас не казахскую, а мировую режиссуру надо делать» дейтін.
- Сонда қазіргі режиссерлерді базалық білім алу үшін мемлекеттік бір бағдарламамен бе - бұрынғыдай, екі жылға оқуға жіберіп отыру қажеттілігі бар ғой.
- «Болашақ» бағдарламасы бар емес пе, соған неге бармайды жастар? Ол бағдарламамен тек экономистер, қаржыгерлер, менеджерлер оқуы шарт емес. Режиссерлер де «Болашақпен» оқысын, көрсін барып. Мүмкін оларға қазіргі сабақ беріп жүрген адамдарының мүлдем қажеті жоқ шығар. Барып көрсін сол жақтың режиссурасын. Мысалы, Мольердің театрына барып отырсын, бір ай отырсын, екі ай отырсын.
Бұл шаруаны біз кезінде қолға алғанбыз. Режиссерлер өз алдына, актерлік топтар да Мәскеуден оқыды. Мысалы, Саяттар (Мерекеұлы), Айдостар (Бектемір) Мәскеуден бітірген. Енді жалғасын табуы үшін режиссерлердің өз тарапынан ұмтылыстар керек. «Болашақ» бағдарламасы - үлкен мүмкіндік.
- Бүгінгі режиссураға байланысты тағы бір сауал қойсам деймін. Жалпы режиссураға қарасаңыз, театрда болсын, кинода болсын – асқан бір қатыгездікті көресіз. Жастардың бәрінде демейін, біразында соншалықты бір қатыгездік бар. Сахнада не экранда кейіпкерлер бір-бірін аямай ұрып-соғып, лақтырып, қанға малып жүреді. Тіпті базбір спектакльдерде қан судай шашылады... шок терапиясын жасағысы келе ме... Жастар әр қиырдан ізденеді, экспериментке баратын шығар-ақ, дегенмен де мұның себептері неде деп ойлайсыз? Жаңағы өзіңіздің әңгімеңізден шығады, сол бір үлкен мектептің әрі қарай жалғасын таппай қалуынан емес пе?
- Мектеп, дәстүр жалғастығы деген үлкен ұғым. Режиссерге терең дүниетаным, ауқым керек. Жастар мұндай кезеңнен өтуі керек шығар. Жалпы жастарға үлкен психологиялық мектеп керек... Шындық мектебі керек. Қазір актерлік ойындар деңгейінің төмендеп бара жатуы да режиссерлерге байланысты. Актер режиссерлермен жұмыс жасамағаннан кейін, режиссер бір актердің ішін ашпағаннан кейін ол не болады... Бір спектакльде бір актер бір эпизодта тұрып көріне алады. Біздің театрда болған актер, кейін кетіп қалды ғой. «Қаңғырған саяқ! Төгермін қаныңды!» дегенді қалай айтады! Осы бір сөзді айту үшін сол институт бітірді. Енді адам болып, енді ашылайын деген кезде кино дейді, басқа дейді, кетеді де қалады. Қазір біздің театрда сондай ашылатын адам көп.
- Актер дегенде тағы бір айтпағым – тұлғалыққа байланысты.
Мысалы, фестивальдарға барғанда спектакльдер талданады ғой. Өзіңізбен талай фестивальде бірге болдық. Сонда бір қызығы – біраз актерлер, бізге анау-мынау ой-толғамдардың қажеті жоқ, роліміз, образды қалай жасағанымыз туралы сөз керек, деген сыңай танытады. Осы сипаттас пікірді СҚО облыстық театрының бір жетекші актрисасы ЭБАҚқа берген бір сұхбатында да айтыпты.
Сонда сауал туады: егер сіз кәсіби актер болсаңыз – фестивальда «кім қалай айтады деп, роліме не дер екен?» - деп жалтақтауыңыздың не орны бар? Егер өзіңізге сенімді болмасаңыз – фестивальға неге келесіз?.. Фестиваль сіздің рольді қалай жасағаныңызды талдап-тәптіштейтін жер емес қой.
Жеке пікірімде, әсіресе, фестивальдік талдаулар, кім қалай ойнады туралы емес, спектакльден туатын мағыналар туралы болуы керек. Қойылымның қоғамға әсері, ол не айтқысы келді, қандай интерпретация жасап отыр, мысалы, сіздің «Абайыңыз» немесе басқа да қойылымдарыңыз көрерменге не ой тудырады, не береді? Спектакльдің қоюшы-режиссер, сценограф, актерлер ойыны өрнектейтін қоғамдық-әлеуметтік, психологиялық, философиялық контекстері қандай? Мұндай талдаулар мейлінше қызғылықты. Болашақ актерлермен осы мәселелер сөз бола ма?
- Әрине сөз болады. Театр сырласу орны ғой. Актер жан-жақты, ізденімпаз болуы керек. Мысалы, өздері қойып, өздері ойнайтындай. Данияр Базарқұлов мысал үшін. Горькийдің «Шыңырауын» қойды. Міне, режиссер. Жуырда Түркістан театрының көркемдік басшылығына шақырылды. Содан кейін үлкен ізденістегі Жұлдызбек Жұманбай, Фархад Молдағалилар әр театрларда қызғылықты спектакльдер қойып жүр. Басқа да жас режиссерлер бар ғой. Біразының оқу бітіргеніне де жеті-сегіз жыл болып қалды. Енді осылар қазір өзара бірігіп, бір тақырыпты немесе үлкен бір пьесаны талдап дегендей басы қосылуы керек. Біздер бұрын режиссерлер, драматургтар бірге жүретінбіз. Бүгінгі жастар бір шығармашылық лаборатория жасап, бірге жүріп-тұрса жарасар еді.
- Мұндай ұмтылыстар бар. Мысалы, жас драматургтар мен режиссерлер «Өзгеріс» шығармашылық алаңына шыға бастады. Соның бір көрінісі - талантты жас жазушы-драматург Ә.Рахаттың біздің театрдың жас драматургтарға арнап, 2015 жылы өткізген «Жаңа көзқарас» байқауында жеңімпаз атанып, өкінішке қарай, объективті-субъективті себептерге байланысты қойылмай қалған «Туған күніңмен, Анашым!» драмасын осы алаңда режиссер Ф.Молдағалидің сахналауы. Енді сұхбатымыздың соңғы сауалы – алдағы шығармашылық жоспарларыңыз туралы не айтасыз?
- Келелі жасқа келсе де адамның көңілі қартаймайды. Шығармашылық жоспарлар баршылық. Замандас драматургтармен шығармашылық серіктестігім туралы өзің жақсы айттың. Енді шығармашылығы көңіліме қонатын жас драматургтармен жұмыс жасап көрсем деймін. Ең кейінгі спектаклім, білесіз, «Анна Каренина». Ал, қазір менің қолымда жақсы бір комедия бар. Осыны «бастаймын, бастаймын» деп, басшыдан басшы ауысып, орайы бір келмей жүрген еді. Бүгінде театрымыздың директоры Еркін Жуасбек өзі профессионал адам, өзі театртанушы. Осы театрда қызмет еткен, өзімен отыз жыл бірге жұмыс жасадық. Бір жағынан шәкіртім, бір жағынан директорымыз. Жақсы бір жұмыстар басталды. Ол комедия «Қазақша ашылып сайрау» деп аталады, авторы белгілі жазушы-драматург Серік Асылбеков. Оның бізде «Империядағы кеш» драмасы жүріп жатыр ғой, қандай жақсы тақырып, режиссері өзіміздің Алма Кәкішева, жақсы дүние.
- Бір қызығы «Империядағы кеш» - кезінде Мәдениет министрлігінің дәстүрлі республикалық байқауынан өтпей қалған пьеса. Біздің театрда бағы жанды.
- Ал, «Қазақша ашылып сайрау» сол байқауда жүлдегер атанған пьеса. Кейіпкерлері - үш ер адам, үш әйел. Бұл рольдерге іштей актерлерді де таңдап қойдым. Алла қуат берсе, осы комедияны сахналасам деймін.
- Қызғылықты сұхбатыңыға көп рахмет, Есаға. Жақсы күндерде сахнадан жаңа спектакльдеріңізді көрейік. Арамызда осылай ұстаз болып, сергектігіңізбен үлгі болып, ортамызды толтырып жүріңіз. Сізге үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.
Сұхбаттасқан
Әлия БӨПЕЖАНОВА
Алматы
23 маусым, 2021