Мемлекеттік қуыршақ театры балаларға базарлық ұсынбақ!

ТЕАТР
2199

МЕМЛЕКЕТТІК ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ 

«1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ» МЕРЕКЕСІНДЕ БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ ҰСЫНБАҚ!

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің болашақ тізгінін ұстар азаматтары. Әлемдік бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің ортақ мүддеміз. Осы ретте Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры түрлі қойылымдары арқылы кішкентай бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді дәріптей отырып, жас буынның қалыптасуына қалтқысыз жұмыс жасауда.    

Өнер ордасы балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын асыға күтетін басты мерекелерінің бірі – 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «МЕН БАҚЫТТЫ БАЛАМЫН!» атты мерекелік бағдарлама мен әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық акциясын ұйымдастырады. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың санасына мейірімділік, сүйіспеншілік ұғымдарын қалыптастыру. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, жасөспірімдерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу. 

Аталмыш шарада балалар назарына театрдың үлкен және кіші залдарында (сағат 11:00, 12:30, 14:00, 18:30) «Қуыршақ думан» (авт. әрі реж. С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) концерттік қойылымы мен әуезді ән, әсерлі бидің аясында көрерменін қойылымның кейіпкеріне айналдыратын «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт.М.Дългачева, реж.К.Андреева) спектакльдерінің көрсетілімінен тыс театр фойесінде бірнеше жылдық тарихы бар қуыршақтардан көрме ұйымдастырылып, кеш соңы театр артистерінің қатысуымен мерекелік бағдарламаға ұласып, қазақтың ұлттық ойындары (алтыбақан тебу, арқан тартыс, асық, білектесу, т.б.) ойнатылып, серіктестердің қолдауымен балаларға сыйлықтар таратылмақ.   

Қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласынының балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш мерекені бірге тойлауға шақырады!

 

madeniportal.kz

 

 

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...