Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы атанған к...
«Жастар» театрында «Ханзада» (Hamlet) спектаклінің премьерасы өтеді
У.Шекспир
«ГАМЛЕТ»
/ трагедия/
Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ
«Гамлет» – ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің әлем бойынша ең көп сахналанған шығармаларының бірі. Туындыда адам жанының сан түрлі мінезі ашылады.
Трагедияның басты кейіпкері — корольдің жалғыз ұлы шаһзада Гамлет. Әкесі қастандықпен өлтірілгеннен соң көп ұзамай, анасының тақты иемденген Клавдийге тұрмысқа шығуы Гамлетті шексіз жан азабына душар етеді. Оның көзіне бүкіл дүние «қараңғы, тұңғиық, мазмұнсыз көрінеді». Әкесін өлтірген өз туысы Клавдий екендігін (әке аруағы арқылы) білген соң, Гамлеттің қайғысы күшейе түседі. Інінің ағаны өлтіріп, оның тағын, бақытын иемденуі сияқты ауыр қылмысқа шыдау мүмкін емес қой. Сол үшін Гамлет Клавдийдің жиіркенішті келбетін, опасыздығын әшкерелеу, одан кек алу өз мойнына түскендігін сезінеді. Тосыннан болған мұндай қорқынышты оқиғалар, оны әділетсіздіктер мен зұлымдықтар дүниесіне қарсы күреске шақырады. Ол ұзақ уақыт өзімен, өзіндегі қарама-қарсы, күрделі ойлармен, түсініктермен арпалысады.
«Өлсем бе, қалсам ба? Ендігі сауал екіұдай...» деп аласұрған Гамлет жанының бұл күйі бүгін де өз көкейкестілігін кеміткен жоқ. Керісінше, адамзат өркениет биігіне бойлаған сайын адамның өзіне, қоғами қайшылықтарға қатысты қояр сауалы да көбейіп келеді. Жастар театры сахнасында тұсауы кесілетін айтулы классика Гамлет басындағы қайшылыққа толы күйді жаңа заман көзқарасы негізінде сараптайды. Сол арқылы күллі адамзаттық мәселелерді сөз етеді. Қойылымның көрерменін ойлантар орайлы, ойлы тұстары мол.