Нәзік перизаттар өздерінің балеттік жолдарын бастауда

ТЕАТР
1222

14 мамырда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Астана Опера» балалар балет студиясы тәрбиеленушілерінің жыл сайынғы концерті өтеді. Дарынды жас әртістер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  тамаша хореограф әрі ұстаз Ғалия Бөрібаеваның жетекшілігімен «Гүлдер вальсі» концерттік бағдарламасында ең жарқын нөмірлерді таныстыруға дайындалуда. 


Елордалық театрдың балалар балет студиясы өз жұмысын 2014 жылы бастаған болатын. Осы уақыт ішінде ол  шығармашылықпен айналысатын көптеген дарынды балалардың ең сүйікті орнына айналды. 

– Балет – өте күрделі академиялық өнер. Біздің студиямызға аптасына екі рет келетін балалар классикалық бимен айналысады. Бәлкім, келешекте олар түрлі мамандық иелері атанатын шығар, алайда олардың «Астана Операда» білім алып жүргені, театр сахнасында өнер көрсететіні олар үшін – үлкен жетістік. Балалардың барлығы өте дарынды, олармен жұмыс істеген қызықты. Алда болатын концертте қыздар танымал классикалық балеттерден өз мүмкіндіктеріне бейімделген вариацияларды билейді. Барлығы 16 нөмірді таныстыруды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 11 вариацияны қыздар жеке-жеке билесе, қалғанын бірге орындайды, – деді балет студиясының жетекшісі Ғалия Бөрібаева. 


Бағдарламаға П.Чайковский, Л.Минкус, А.Адан, Э.Дельдевез секілді басқа да атақты композиторлардың музыкасына хореографиялық нөмірлер енді. Концерт қатысушылары қатты қобалжуда, сондықтан дайындық барысында әрбір қимылды мұқият жаттауда. Сонымен, К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Адель Қыпшақбай, Аяулым Дәулет, Адель Мамбетова, Зере Сұлтан, Мона Утегенова, Дария Қайрат, Жансая Кемеңгер, Саида Ғарифулла, Амира Талғат, Ағия Байқоңыр, Шамсия Ибрагим, Зара Жолдасбай және тағы басқалары өнер көрсетеді. Жас әртістер театр әкімшілігі атынан алғыс хаттарға ие болады деп күтілуде. 


Биыл театр дирекциясының шешімімен балалар балет студиясы үшін костюмдер тігілгенін атап өтуіміз қажет. Соның нәтижесінде қыздар сахнаға гүлдей құлпырып шығады. Осы ретте «Астана Опера» тігін цехының шеберлері Айгүл Рыспаева мен Күлзейнет Медеубаева, Гауһар Укасова едәуір еңбектенді, олар костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова салған үлгілер бойынша кішкентай балериналарға арнап классикалық балет пачкаларын жасап шығарды. 

Концерт қоюшысы Ғалия Бөрібаеваның тілегі бойынша түрлі балеттік бейнелерді көрсету қажет болған. Костюмдер бір-біріне мүлде ұқсамайды:  «Жизель», «Қызыл телпек», «Шехеразада» және тағы басқалары костюмерлік цехте «Астана Опера» тігіншілерінің арқасында пайда болды, олар қойылған тапсырманы екі айда орындады. 

– Қыздар сахнада шынайы жарқырауы үшін ең әдемі маталарды таңдадық: көйлектерді тастармен және өрнектермен безендірдік. Ең бастысы, жасау барысында балет көйлегінің барлық стандарттары сақталды. Театр солистеріне арнап костюмдерді қалай тіксек, балалардікін де сондай технологиямен жасадық. Біздің әртістер тура сондай сахналық киімдерді киеді, тек балаларға арналған костюмдердің өлшемдері кішкентай, – деді тігін цехының меңгерушісі Фатима Сатыбалдина.  Айта кету керек, театр костюмдерін кез келген ателье тіге алмайды, сондықтан балаларына алғаш рет «Астана Операның» тігін цехында костюм тігетінін естігенде ата-аналар қатты қуанды. 

Театр балаларды өнерге баулуға көп көңіл бөлуде. Жыл сайын оның сахнасында балет студиясы мен балалар хорының шәкірттері өнер көрсетеді, театрлық  қолөнер студиясы тәрбиеленушілерінің салған суреттері мен қолдан жасаған бұйымдарының көрмесі өтеді. «Астана Опера» өскелең ұрпаққа әрдайым қолдау көрсетіп, жас дарындардың  армандарына қанат бітіреді.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...